ТаңдаулыТүркі жұртында

Инара ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ: «Базар –  мәдениеттің бір бөлшегі»

 

 Сіз үшін базар ұғымы нені білдіреді? Кәсіпкерлік пе, әлде басқа да құндылықтары бар ма?

 Базар ұғымы мен үшін қарапайым сауда жасау орнынан күрделірек деп айтсам болады. 2010 жылы отбасы жағдайымен Түркістан қаласына көшіп келген соң, әкемнің «Қуаныш» сауда орнын  трансформациядан өткізуге ниеттеніп жүргенін түсіндім. Осы жолда менің шетелде, отандық жоғары оқу орындарындағы ғылыми тәжірибемді пайдаланғысы келетінін жеткізді. Сол уақыттан бастап жұртшылықтың ұғымында қалыптасқан базар туралы стеротиптерге басқаша қарау керектігін түсіндім. Ізденістерімді бастап кеттім. Қандай да ір шетелге іссапармен барсам, сол елдің сауда орталықтарын аралап, тарихын жазып алуға тырыстым. Базар – сауда-саттық, тауар айналым орны, экономикалық көрсеткіш ғана емес, сол елдің мәдениетінің бір бөлшегі екеніне көз жеткіздім. Әлемде өте танымал дейтін 7 базар бар, түгел көрмесем де көбімен таныстым.

 Хан-Эль-Халили базары, Каир Хан-Эль-Халили — Африка құрлығындағы ең үлкен базар. Көне көшелер бойын жағалай созылған сауда қатарлары, сөрелерге сықита толтырылған дәстүрлі-тарихи бұйымдар, ығы-жығы халық — бәрі де Каирдің бүгінгі әрі жүз жыл бұрынғы көрінісі. Портобелло базары – Лондондағы Портобелло-роад көшесі бойында бұл базардың жайылып келе жатқанына 300 жылдан асты. Ең жаңа өнертабыс та, ең көне жәдігер де осыннан табылатын. Үш ғасыр бұрын да солай еді, қазір де солай. Сент-Уан базары –  Париж көшелерінде тек сәнді бутиктер мен сауда үйлері ғана емес, қарақұрым халық құжынап жататын қан базар да бар. Бүкіл әлемде жайма базарлардың ашылуына бастау болған — дәл осы сауда нүктесі екен. Бір кездері бұл жерде қатарынан 12 базар орналасыпты. Кейіннен барлығы біріктіріліп, үш мыңға жуық дүкені бар алып қан базарға айналады. Бұл базардан да қазіргі өндірісте бар бұйымдардан бөлек, жоғары құндылыққа ие антикварлық жәдігерлерді де көптеп табуға болады. Эль Растро базары- Мадридте тынығып жүрсіз, жолдаманың аяқталар күні жақын, ал сіз әлі шопингпен өзіңізді еркелетіп, елде қалған туыстарға кәдесый алып үлгермедіңіз бе? Ендеше, атышулы жексенбілік Эль Растро базарына жол тартыңыз. Мұнда көптеген атышулы брендтік өнімдердің арзан бағадағы көшірмелерін таба аласыз. Әлбетте, егер түпнұсқасын аламын десеңіз, басқа бағытқа қарай жүруге тиіссіз. Ал егер әмияныңыз жұқалтаңдық жырын айтып тұрса, керегіңізді осыннан іздеуге тура келеді. Мұндағы сауда нүктелерінің сөрелерінде көшірме бұйымдардан бөлек, Марокко мен Үндістаннан әкелінген заттар да сіресіп тұрады. Сонымен қатар, өзіндік атмосфераға ие антиквариаттар да, әлбетте. Арпордағы түнгі базар, ГОА Арпор қаласының көшелері әр сенбінің кешінде қызылды-жасылды түрге еніп, түрленіп шыға келеді. Бұл кеш — жергілікті тұрғындар мен сырттан келген саяхатшылардың «түнгі жорыққа» шығатын шағы. Неге десеңіз, басқа күндері моп-момақан болатын көшелердің бойы у-шуға толы базарға айналады. Нағыз үнді шайы, дәмдеуіштер, дәстүрлі киімдер, төмен бағадағы кілемдер, кашемирден тігілген киімдер, күміс әшекейлер көздің жауын алады. Онымен қоймай, алыс-жақын шетелдік суретшілер мен дизайнерлер де сенбінің кешінде бұйымдарын буып-түйіп осында келеді. Базар — сауда орны ғана емес, көңіл көтеруге де таптырмайтын жер.

Гранд базар – Ыстамбұл базарлардың ұлттық құндылық ретінде бағалануы, назар аударарлық орынға айналуы — сирек кездесетін жағдай. Дәл осы жағдай Түркияның Ыстамбұл қаласында орын алған. Аталған елдің ғана емес, әлемнің ең ірі әрі ең көне жабық базары 61 көше аумағын қамтып жатыр. Ондағы дүкендер саны 3 мыңнан асып жығылады. Нағыз бір қала ішіндегі қала дерсің. Қан базардың тарихы Византия империясы кезеңінен бастау алады. Үлкендігі сонша, кез келгеннің адасып кетуі оп-оңай. Бір қызығы, жаныңа не керектің бәрі табылатын базарда адасқандарға ақылы түрде жол көрсетушілер қызметі қалыптасқан. Чатучак базары, Бангкок Чатучак — әлемдегі ең алып базарлардың бірі, шопоголиктер үшін жұмақпен тең орын. Жарияға жар салып шақыратын Тайланд жәрмеңкелері, орталықта орналасқан кәдесыйлар дүкені барлық заттарын осы базардан артынып-тартынып апарады. Содан соң қалталы туристерге қымбат бағамен сатады.

 

Қарап отырсаңыздар барлық мемлекетте бұрынғы жабайы саудадан базарға, базардан сауда орталықтарына айналған трансформациялық өзгерістердің артында өз елінің тарихына, ұлттық құндылықтарына деген үлкен құрмет тұрғанын көресіз.

Мен «Қуаныш» сауда орталығынының тарихын зерттеуге осылай келдім.

Архив деректерін ақтаруға көштім, әр дерек тапқан сайын  Түркістан тарихына деген құрметім арта түсті. Танымал археолог Марат Тұяқбаев ағамызбен таныстығым біраз ойларымды жүйелеуге көмек берді. Өте терең білім иесі тарих қойнауындағы әр тастың, құмның өзін сөйлете алатын білімділігіне тәнтімін.  Базар ұғымы осыдан 3000 жыл бұрын пайда болып, қала тіршілігінің маңызды бөлігін құрағанын,  Көне Грецияда, Римде, Ежелгі Мысырда болсын базар сауда ғана емес, мереке мен тарихи сәттердің куәсі болар кеңістік ретінде халық пен билік арасында атқарушы қызмет атқарғанын білдім.

«Базар», «рынок» сөздерінің этимологиясында да осы түсінік тұр. Ағылшын, неміс тілдеріндегі  «ring» сөзі «дөңгелек», «алаң» деген, ал  «базар» парсы тілінде abā + zār- қайырымдылық шара деген мағына береді, сондай-ақ «Мың бір түн» хикаясы арқылы бүкіл әлемге тарады.

Түркі жұртының түп қазығы саналатын Түркістан шаһарында қандай базарлар болған? 

Түркістан – тоғыз жолдың торабында орналасқан көне шаһар. Орта ғасырларда қала қайнаған сауда-саттық ордасына айналған. Мұнда Таки, Шарсу және Шим деп аталатын шығыстық үлгідегі базарлар жұмыс істеген. Тарихшылардың айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойындағы қалаға жылына мыңдаған сауда керуендері келіп, кетіп жатқан.  Орта ғасырларда, одан кейінігі Қазақ хандығы дәуірде, тіпті, кешегі XIX ғасырда да қала көшелерінің барлығы базар ретінде пайдаланылған. Жолдың ені 5 метр болса, екі жағындағы үйлердің алдында бастырма болған. Соның астында сауда орындары мен шайханалар, шаштараздар мен шеберханалар жұмыс істеп, саудагерлер сауданың көрігін қыздырған. Шаһарда негізгі базар үшеу болған екен.

«Таки»  базары   керуен сарай сияқты. Күмбезді керуен сарайы да, базары да ішінде, өте үлкен. «Ким» мен «Шарсу» базары бір-біріне өте ұқсас келеді.Түркістан Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, мұнда дүниенің түкпір-түкпірінен керуендер келген. Оған киелі шаһардағы көне Күлтөбе, Яссы шаһарларына жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған ескі бұйымдар мен көне жәдігерлер дәлелдігін археолог ғалымдар анықтады. Бір қызығы,  қазба жұмыстарын жүргізген кезде  ыдыс-аяқтар табылған. Солардың ішінде мысалы, Пәкістан, Түркияның ыдыс-аяқтары,  Қытайдың фарфоры, қоладан жасаған айналары  кездеседі. Үндістанның керамикасы табылғанымен, өте майда. Ал Ресейдің керамикасы бүтін күйінде сақталған. Одан кейінгі замандарда да Түркістанда сауда-саттық дамып, базарлар салынған екен.

Қазір базарлардың сыртқы келбеті ғана емес, ішкі  қызметі де өзгерген.

Қазіргі  «Қуаныш» сауда орталығы  да жаңа заман базары үлгісі ғана емес, өзінің тарихы бар кеңістік. ХХ ғасырда Отан соғысы аяқталып, ел бейбіт тіршілікке көшкен 1948 жылдан бастап қызмет еткені архив деректерімен дәйектелген. Атауы мен қызметі қоғамдық-саяси жағдайларға қарай өзгерсе де,  елді жұмыспен қамтып, тұтынушы қажетін өтеу миссиясын орындап келеді. Колхоз базарынан заманауи нарыққа көшу үрдісі арасында Расул Исетов пен  Әбдіғаппар Шәймерденов сияқты танымал тұлғалар халыққа  қызмет көрсету үлгісін жаңа белеске шығарды. Кеңестік кезең мен Тәуелсіз Қазақстан тарихының қиын тұстарында елдің таршылық көрмей табыс табуына біздің орталық ұжымы жағдай жасап отырды. Байтақ еліміздің батысы мен шығысына тауар алмасу, сауда –саттық орталығы бола алған «Қуаныш» сауда орталығы кезінде республикаға танымал орын болды. Арзан әрі көтерме сауда жасауға ыңғайлы нарық кімге болсын тиімді.

Қазіргі көптеген танымал кәсіпкерлер өздерінің алғашқы капиталдарын да осы жерде  жасауға мүмкіндік алды, әлі де жалғастыруда.

Сауда орталығында негізінен икемді баға қолданылып,   халықтың сұранысы мен олардың сатып алу қабілетіне қарай қалыптасады. Осы үрдісті «Қуаныш» сауда орталығының негізгі ерекшелігі етіп,  Ә. Шаймерденов  халықтың қалтасына икемді нарық  үлгісін көрсете алды. Бұл  дәстүрді  тұлға дүниеден өтсе де, ізін жалғаушылар сақтап келеміз.

 

«Базар—мәдениеттің бір бөлшегі» деп жақсы айттыңыз. Осы ойыңызды таратып айтыңызшы…

Мен өз жұмыс орныма жауапкершілікпен қарауды әкемнен үйрендім. Біздің отбасы үшін «Қуаныш» сауда орны табыс көзі ғана деп қарау үрдісі басты жолға қойылмаған. Жоғарыда айтқанымдай, өзіндік тарихы бар, Түркістанның экономикалық көрсеткіші деңгейіндегі халықтың жұмыс көзі саналатын орталықтың қаламыздың мәдениетіне де өз үлесі барын әрбір тұрғын жақсы біледі. Бүгінгі облыс орталығы болған, түлеген Түркістанымыздың осы бейнесіне жеткенге дейін «Қуаныш» сауда орталығы халықтың бір-бірімен сұхбатқа түсу, сауда жасамаса да, жаңалықтарымен бөлісу, жастардың кездесу, танысу орны бола алғанын осындағы кәсіпкерлер, қала тұрғындары жиі еске алып отырады. Зейнетке шыққан үлкен кісілеріміз, үй шаруасындағы ханымдар күніне бір рет базарға соғып, әңгіме-дүкен құрып, отбасы қажеттіліктерін жоспарлап, келін түсіру, қыз ұзатумен байланысты рәсімдердегі қажеттіліктерін өтеу үшін нарық бағасын зерттеуге деп келіп жатады. Мен бұл жердегі 30 жылдан аса уақыт қызмет ететін жандарды білемін. Үнемі өзім арнайы барып, ақыл-кеңестерін алып тұрамын. Сонда байқағаным: өз кәсібін соншалықты терең білетіндері. Халықпен байланыс жасауда қарым-қатынастың мәдениетін игергені, тұтынушыға қызмет ету жауапкершілігін сезінетіні, түрлі көңіл-күйдегі жандармен тек тауарын өткізу үшін ғана емес, сұқбаттасып, қолдарын келгенінше көмек ұсынып отыратындықтарын білдім. Қиындыққа ұшыраса бір-біріне қолдау көрсетіп, адамгершілік мен мәдениет үлгісін көрсетіп жататын қамқорлықтарына қуанып отырамыз. Базар туралы қасаң қағидаларды осы кісілер арқылы жоюға болатынын түсіндім. Небір жоғары білімді жандар оқытушылық, ұстаздық қызметтерін тастап, экономикалық қиындықтар кезінде сауда жасауға келіп, қазір ірі кәсіпкерлер қатарында. Демек, базар- табыс көзі ғана емес, мәдениетіміздің көрсеткіші, тұтынушылардың да деңгейін анықтайтын қарым-қатынас алаңы деп білемін. Сыпайы, әдепті коммуникация осы орында айқындалады. Кәсіпкер мен тұтынушы диалогы – біздің мәдениетіміздің үлгісі екені анық. Біздің сауда орталығымыз қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де қызықтырады, олар базар аралау арқылы еліміздің мәдениетімен: тамақтану, киім кию, қарым-қатынас жасау, естелік кәдесыйларымен танысуға, сатып алуға келеді екен. Түркістан мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қарайтын осындай сауатты көзқарас  базар туралы бір жақты пікірлерді  жойып, жаңа сапаға көшуімізге негіз болды. Қазір «Қуаныш» сауда орталығының 75 жылдық тарихын көрсететін архив деректерінен тұратын мұражай жасақтау ісін жолға қойдық. Ол тұтынушы үшін де, мұндағы кәсіпкерлер үшін де қажет дүние. Өз әулеттерінің тарихын көзбен көру мүмкіндігі мәдени құндылықтарымыз үшін аса қажет.

 Базардағы кәсіпкерлер өмірін  еңбек адамдарының жетістігі деп бағалап, оларды насихаттауды жолға қойғансыз. Осы туралы айтып бересіз бе?

 Иә, біз үшін «Қуаныш» сауда орталығындағы әрбір кәсіпкердің өзіндік орны бар. Олардың тағдыры, өмір жолы, қуаныш-сүйініші отбасы мен қатар, өздері жұмыс атқаратын  сауда орнында өтіп жатыр. Олар – біздің ұжымның ең басты құндылығы. Жұмыстарына асыға келіп, еткен еңбектерінің рахатын көруі үшін біздің әкімшілік тарапынан да қолдау барын сезінуі өте маңызды. Сондықтан өз еңбектерімен жетістікке жеткен,  айналасына айтары мен көрсетері бар жандардың тағлымынан өзгелер де сабақ алуын қалаймыз. Мысалы: 20-30 жылдан бері сауда жасау тәжірибесі бар кәсіпкерлер мен жаңа заманауи коммуникацияны меңгерген жастармен сөйлесу бір ғанибет. «Базар» – орта білімнен артық оқымаған жандар қызмет ететін орын емес, өмір мектебінен өткен, кәсіпкерлік тәжірибесі мен қарым-қатынас жасау шеберлігін игерген талантты жандардың еңбек етер мекені екенін түсінсе дейміз. Қазір әлемде  тенденциялар өзгергенін кәсіпкерліктің шыңына жеткен қарапайым, жоғары білімі де болмаған әйгілі тұлғалар дәлелдеуде. Демек, біз де адал еңбек ететін жандарды насихаттап, адамдардың еңбеккке деген көзқарасын өзгертуге өзімізше үлес қоса аламыз. Қарапайым, әрі дұрыс өмір сүру» хэштегімен ондай кәсіпкерлерді әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танылуын жолға қойып отырмыз.

  «Қарапайым, әрі дұрыс өмір сүру» концепциясын қолдап, оны өмірде қолданып жүрген жансыз. Ол идеяға қалай келдіңіз?

 Адамның әр күні сәттіліктен тұрмайтыны іспетті, кейде сол сәтсіздіктердің тағлымы мол. Түсінгенге бар даналық тағдырдың тосынын өмірдің өзіндей қабылдай алуымызда ғой.

Ал соны түсінуге кейде шынайылық, бірде таным жетпей жатады.

Адамтану ғылымында өзіме өте ұнайтын, жаныма жағымды «қарапайым, әрі дұрыс өмір сүру» деген ұғым бар.  Ол туралы тұңғыш рет   Практикалық психология Университетінің ректоры, психология ғылымдарының докторы, кәсіби психолог – Н. И. Козловтан естідім. Бір кездері мен де ғалымның бірнеше тренингтеріне қатысу бақытына ие болғам. Ол кісінің осылай аталатын: «Қарапайым әрі дұрыс өмір сүру немесе қуаныш, мағына және нәтижені қалай ұштастыруға болады» деген еңбегі бар. Ойлау жүйемізді  қарапайымдылық қалыптарға бағыттайын бұл дүниетаным адамдар әлемінің қыр-сырларына жетелейді. Айналаңнан ізгілік нәрін іздейтін, сондайлық  тұлға тапсаң, тағдырынан  ғибрат ұсынар ғылым бұл.

 «Қарапайым әрі дұрыс өмір сүру» ұғымына лайық бір жан болса, ол  – үш жыл бұрын дүниеден озған әкем  Әбдіғаппар Шәймерденов дер едім.  

Автор Н.И. Козлов: «Өмір тек тиімділікпен ғана өлшенбейді, қарапайым әрі дұрыс өмір сүру ұғымы – терең мәнге ие. Адам ғұмырын шынайы, тағдырға төзімді де сенімді сүре алғанда ғана оны қарапайым деп атауға болады.»  дейді.

 

Менің әкем  осылай өмір сүре алған жан. Ол шынында да,  қуаныш, мағына мен нәтиже үштігін өз бойынан өткізіп, қызмет жолына ұштастыра алды. Өзі отыз жылдай тиімді басқарған,  туындысы деуге тұрарлық  «Қуаныш» сауда орталығы бұл күндері де  Түркістан жұртына жұмыла қызмет етуде. Адамдарға қуаныш сыйлау ол үшін өмірінің шам шырағындай еді. «Неге «Қуаныш»?» деп сұрағанда: «Кәсіпкерлер қуана  халыққа қызметін ұсынып,  одан пайдасын көрсе, ал базарға келген тұтынушылар әр тиімді саудадан қуанышпен қайтса» деп жауап беретін.

 

 Егер сіз дұрыс өмір сүру – көп еңбекті қажет ететін, қызығы аз,  қиын, әрі іш пыстырарлық іс деп ойласаңыз – қателесесіз. Мүмкін, сіз дұрыс өмір сүру – кіл міндеттеу мен қатаң тәртіп деп ойларсыз. Мүлде олай емес, өзіңді  бойыңда жоқ нәрсеге мәжбүрлеу – қайта бұрыс жолға түсу. Қарапайым ғұмыр кешу риясыз, шаттыққа толы әрі тиімді болуы тиіс. Әкем әрқашан өзінің шынайылығымен ерекшеленетін: айналасынан сұлулықты сезініп, оған тамсана алатын; әрбір жаңашылдыққа  баладай таңырқайтын; өзгенің қайғысын жүрегінен өткізетін; ашуға бой алдырса, өте сұсты болатын (бұл кезі өте сирек, бірақ жөнімен,  солай етуіне себеп болған жандарға оңай емес еді).

Ал, қуанғанда соншалықты жарқын,  маңайын  түгел  сол шуаққа бөлейтін.  Періште пейіл балалар мен менің әкем ғана осылай жасай алатындай  еді-ау…

 

Жұмысты қатаң тәртіп пен жүйелілікте атқаратын, ісін жанындай сүйетін. Адалдық пен әдептілік, еңбекқорлық пен мейірім – әке ғұмырының ең маңызды құндылықтары деп білемін.

Қазір  жанымызда болмаса да, жадымызда жатталған естеліктерімен өз қолдауын сезіндіріп жатқандай. Әке рухына құрмет ретінде біз өз балаларымызға оның ғажайып ғаламын мұра етіп қалдыру – парызымыз деп білеміз…

 

Жаныңыз пейіштің төрінде болғай, әкешім.  Сіз мәңгілік бізбен біргесіз …

 Отбасы құндылықтары, әке аманатының сіздің өміріңіздегі орны?..

 Мен ең алдымен, қалай өмір сүруді, қызмет етуді, жақындармызға қамқор болуды, денсаулығымызды күтуді өздері үлгі болып, жолдарын көрсете алғаны үшін ата-анамызға деген ризашылығым мен алғысымды білдіргім келеді.  Әрине, бұл өз өмірі мен тағдыр жолынан алған сабақтарын берік негіз етіп бере алған ұстанымдарын бізге, немерелеріне аманаттаған құндылықтары деп қабылдаймыз.  Ол құндылықтар: бір-бірімізге деген құрмет, махаббат, сыйластық, жетістікке адал жолмен жету, үнемі, өмір бойы білімге, ізденіске ұмтылу, имандылық және жанашырлық деп білемін.

 Сіздің өмір сүру ұстанымдарыңызды білсек…

 Менің өмірлік ұстанымдарымды былайша жүйелесем дұрыс болатын сияқты:

– Ерінбей еңбек еткен жан ғана жетістікке жетеді.

-Ұрпақ сабақтастығы, отбасылық құндылықтар – ғұмырымның ең маңызды өлшемдері.

– Шыншылдық, тазалық, шынайылық, әдептілік және мейірім.

– Мүмкін емес нәрсе, шешімі жоқ жағдай болмайды.

– Өз ұрпағыңа мақтанышпен айта алтындай, оларға үлгі бола алатындай іс-әрекеттер жасау.

 

Әңгімелескен Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button