#АнкаракүнделігіТаңдаулы

ОЙТҰМАРДАН БОЙТҰМАРҒА!..

#Анкаракүнделігі

 

Бүгін бір нәрсені анық түсіндім. Таңғы ритуалдарымнан кейін жазу үстеліме отырмасам тісін жумаған кісідей өзімді ыңғайсыз, кінәлі сезінеді екем. Ойыңда жүрген қаншама дүниенің ең болмаса бірін қағазға түсір деген ішкі өктем дауыс желкемнен сүйреп әкеп отырғызды. Бар өмірім жазумен байланысты, атым да Жаз деп тұр деп қоймайсың, ал, жаз дейді. Онсыз да көп жазам, кітабым бар деп қарсыласқаныма көнбейді. Олай болса жазудың пайдасы туралы толғайын, түртіп алыңыз.

Жазу  адамның ойын суреттейтін жалғыз құрал. Біз сөйлегенде қанша сөзімізді «корректировка» жасап айтамыз. Ал жазуда оқысын, оқып қояды-ау деп емес, өзім үшін деп жазыңыз. Мұндайда күнделік көп көмекке келеді. Қысылмай ішіңіздегіні түгел ақтара аласыз. Сол арқылы өмір бойы қатып қалған шер-шемен де, шедевр де жазылады. Көрдіңіз бе, жалпы ойымда осы дүниелер болғанымен, мен де дәл осы сөйлемдерді жазатынымды білгем жоқ. Яғни бұл жазу деген Құдайдан берілген нығмет. Құдаймен диалогқа жазу арқылы түскенде кез келген мәселеңіздің түйіні қалай шешілгенін өзіңіз де білмей қаласыз. Ішіңіздегі сан сауалға жауапты да өзіңіз табасыз. Оны уақыт өз нәтижесімен алдыңызға тосқанда ах ұрмаңыз) Ол әу бастағы еңбектенгеніңіздің айқын көрінісі деп ұғыңыз. Менікі құрғақ мораль емес. Өмірдің өзінен алынған тәжірибе.

«Жазғым ақ келеді, бірақ Сіз секілді әдемі жаза алмаймын» дегенді мың рет естіген шығармын. Әдемі жазуды ойламаңыз. Ішіңізде не бар соны жазыңыз. Әдемі жазу деген соңынан, тәжірибе арқылы, күнделікті машықтану арқылы келетін дүние екенін ұмытпаңыз. Біреуді көшірмеңіз, қайталамаңыз. Ұқсауға да барыңызды салмаңыз. Себебі, Сіз Құдайдың жаратқан дара пендесі екеніңізді ұмытпағайсыз.  Өз жолыңызды, өз соқпағыңызды табуға әлі де мүмкіндігіңіз бар. Жазу ол тұнып тұрған еңбек.

Біз неге жазамыз? Оның мәні неде?

Ең бірінші сұлулыққа жету үшін жазамыз. Жазу белгілі бір мағынада өлмес құндылықтарға апаратын жол. Жазу – бұл өмір тынысы. Жазу – тыныс алуға тең келетін құндылық. Жазу – махаббаттың ең үлкені. Бұл баланы дүниеге әкелу сияқты дүние…

Өмірде әр адамның құндылықтарға қатысты өлшемі әртүрлі. Бірдей болуы міндетті емес, бұл менің өлшемім! Өз әлеміңізде, өз өлшеміңізбен гармонияда ғұмыр кешу деген…

Гүлжаз ҚАРЫБЕК

19 қазан 2021 жыл.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button