ТаңдаулыТүркі жұртында

ТҮРКІ ТІЛІНІҢ ТӘЖІ

Ердоған еліндегі ерен жыр

 

«…Болаттан соққан қылышпын,

Алтындатқан сабымды!»

 

Текті Тұран топырағының  шаңын, Ұлы Дала жусанының жұпар иісін, Алтын Орда билігінің орасан рухын, қос дарияның дархан суын – түркі тілінің тәжі – айтыс қана қанын ағызып суреттеп, жанын салып жіліктеп бере алады…

Көз ашып, тіл шыққан көнеден қалыптасып, түркінің арман-мұңы мен мұрат-мүддесін мүдірмей жеткізіп, кідірмей көкжиекке сүйреген айтыс – сөз бен жыр, өлең мен өнер жарысы ғана емес, түркі жүрегінің мыңжылдық мөлдір мұратының саңлақ сайысы.

Түнеукүні Түркияның астанасы Анкара қаласындағы «Қорқыт ата» мәдени орталығында айтулы айтыс өнерін түбі бір түркі халықтарына тереңірек таныстыру мақсатында халықаралық ақындар айтысы додасының шымылдығы ашылды.

Қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түрік ақындары бел шеше қатысқан аламан айтыстың ашылу рәсімінде Анкара қаласындағы Этимесгут ауданының әкімі Энвер Демирел: «Ежелгі ата-бабамыздан жалғасқан асыл мұра, бекзат өнеріміздің біздің ауданымызда, құтхана шаңырамымызда туын тіккендігін – ырысты ырым, бірлікті бастамаға балаймын. Текті тамырымыз тереңінен нәр алып, жауһар жапырағын жайған Тұран кіндігіндегі түркі туыстарымыздың ерен еркіндік, біржола бостандық, тағдырлы тәуелсіздігін тартып алған отызжылдық мерейтойлары – біздің де төл тойымыз, байрақты жеңісіміз! Ширек ғасырдан астам уақыт ширақ қимылдап, түтіні түзу ұшқан түркі баласының мәдениеті мен әдебиетін жақындастыра түсуге бар-күш-қуатын сарқа жұмсаған беделі биік ТҮРКСОЙ ұйымының «Қорқыт ата» мәдени орталығында ұйымдастырған айтысы – қаламыз бен еліміздің өміріндегі елеулі оқиға, айтулы шара болып қалады» – деді, ағынан жарылып.

Табан астында ойын өріп, ұйқасын ұқсатып, тосыннан түрен салатын; торқалы топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын халықтық дәстүрлі өнердің өрісті түрі айтыс – Анкара шаһарының айбынды тұрғындары мен құтты қонақтарының жомарт көңілдерін желпіді. Осынау айтулы мәдени іс-шараның өткізілуіне тікелей мұрындық болған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза да шынайы қуаныш, толқынды тебіренісін жасырып қала алмады: «Баяғыда Сүйінбай сүлейдің қайсар Қатағанға:

«…Болаттан соққан қылышпын,

Алтындатқан сабымды!» деп айтатыны секілді бүгін түркі бауырымыздың төрі – асқақ Анкарада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркиядан 12 ақыны басын қосып, әрбірі өзінің аяулы анасының тілінде айтыстың көрігін қыздырды. Айтыстың аламаны һәм жасампаз жобамыз арқылы қазіргі түркі халықтарының тілдері әртүрлі болғанымен, бауырлардың бір-бірін емін-еркін түсініп, емен-жарқын тілдесе алатындығын айқын дәлелдедік. Түбі бір түркі халықтарына ортақ оза шапқан айтыс өнерінің дүркіреп өтуіне жан-жақты қолдау көрсеткен түрік тарапына ризашылығымды білдіре отырып, құдай қаласа, бұл мәдени бастамамыздың келесі жылдары да жалғасын табатындығын айтқым келеді».

Бірін-бірі тығырыққа қамап, сәтті сүріндіру үшін өмір құбылыстарын жұмбақтап таратып; жөпелдемеде жөнді жауап, мәнді дәлел айтуға мұрсат бермей; танымы терең тосын сұрауларымен нөсерше төпелеген сөзге – жүйрік, ойға – жылдам, білімге – білгір, ұйқасқа – ұста әр жұптағы қосарлы қос ақын – түркі түбінің шерлі шежіресін, тарамыс тарихын, жаһандағы жер жайы мен этнографиялық ерекшеліктерін еркін біліп, ерен жырлағанда – жиналған жамағаттың делебесі қозып, рухы атойлады.

Түркия топырағында қазақ жырының дауылпазы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы да аталып өткендігін тіліне тиек еткен Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы: «Ғасырлар қойнауында көшпелі елдің қызық-қуанышын тең бөліскен айтыс – халқымыздың саналуан ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру тәрізді т.б. дәстүрлі думандарында жүйрік ат, білекті палуандармен бірге той қызығы мен мәртебесін көтере түскен дала театры іспеттес. Мақсаты – айқын, шарты – шымыр, талабы – терең өнеріміз – ұлттың үні мен халықтың көкейіндегі өзекті күрмеулердің түйінін шешуші. Қазақтың құрметі жоғары айтысы – әлемдегі теңдессіз құбылысы.

Айтыс – түгел түркіні тебірентіп-рухтандыратын өзгеше өнер, шындық шыңы. Түркі әлемінде һәм Анадолы жерінде тұңғыш рет айтыс өнерін дәріптеуге алғашқы қадам жасалып, түркінің төрт баласының басын қосқан айтыс өтті. Басты тақырып, негізгі нысан – түркі баласының тарихы мен танымы, бірлігі мен ынтымағы, бақыты мен бейбітшілігі. Демек, болашақта Анадолы жерінде аз-кем көмескі тартқан айтыс – қайта жаңғыратын болады. Анадолыда да айтыскерлер бар. Бүгінгі мәдени әрі жігерлі шаруа – алдымыздағы қараша айында 6 елдің президенттері бас қосатын Түркі Кеңесінің саммитіне лайықты шашу секілді болды» – деген дәргейлі сөздерімен айтулы додаға ат басын тіреген азулы ақындар Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов және Бекарыс Нұриманның намыстарын қайрай түсті.

Алаш арқаланып, түркі тебіренген аламан бәйгеге қырғыздан Азамат Болғонбаев пен Асылбек Маратов, әзербайжаннан Рамин Гараев, өзбектен Бахтиор Артиков, түріктен Темел Тураби, Мұстафа Айдын, Яшар Демироғлы қосылып, қызықтың көркін қыздыра түсті.

Алдын-ала құпия таңдалып-тартылған жеребе бойынша, тойдың шымылдығын Рамин Гараев пен Яшар Демироғлы ашты.

Артынша Асылбек Маратов пен Бахтиор Артиков, Бекарыс Нұриман мен Мұстафа Айдын, Мұхтар Ниязов пен Бекарыс Шойбеков, Әсем Ережеқызы мен Темел Тураби, Айбек Қалиев пен Азамат Болғонбаев сөз-сәйгүліктерінің үзеңгісін қағыстырып-шағылыстырды.

Дүбірлі додада қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан тілдері естілді. Қырғыз бен өзбек ақындарының сайысы екі тілде қатар өрбіді. Қазақ қызы Әсем Ережеқызы мен түрік жігіті Темел Тураби айтысты таза түрік тілінде тамылжытты.

Айтыс шымылдығы жамылып жатқан тебіреністі сәттерде демі асқынып, ентігі басылып үлгермеген тұлпар-ақындармен екі ауыз тілге келуге тырыстық…

Қырғыз ақыны Азамат Болғонбаев: «ТҮРКСОЙ-дың демеушілігімен түркі тілдес елдер ақындарының айтысы, әсіресе, әзербайжан, өзбек, түрік ақындарының сөз қағыстыруы – ерекше әсерге бөледі. Негізі, айтыстың көркін қыздырып, ажарын ашу үшін бауырластарымыз қазақ пен қырғыздан тереңірек үйренсе, еш ұтылмас еді» – деді.

Бауырының ойын сабақтаған екінші бір қырғыз жампозы Асылбек Маратов игілікті шара, ізгі әркетке шын қуанып, сүйінші сұрап: «Анкара айтысының ақиқаты – түбі бір, танымы ортақ түркі халықтарына – ортақ тілдің керегі жоқ. Егер ақындарымыз жиі жолығып, ашық айтысып тұрса, бір-бірінің тілін емін-еркін түсінетін деңгейге сөзсіз жетеді» – деді.

Түркістанның жалы түкті тұлпары Бекарыс Шойбеков те түк іркілмей, ірі турап, ілімді сөз айтты: «Есте жоқ ескі заманда түркі мен арабтар шешен сөзге шымыр, көсем ойға кемел болған деседі. Ал, бүгінгі айтыстың айдынында қазақ пен қырғыз еркін мамырлап жүр. Түбі бір, тілі туыс ақындардың бір-бірін түсінісуі – тәлім мен тәжірибе арқылы түзеледі. Түрік тіліне жетік қазақ ақындары Әсем Ережеқызы мен Бекарыс Нұриман түрік ақындармен өткізген әдемі айтысы – баршамызға үлгі, өрісті өнеге. Бірақ, бұл – біржақты болмауға тиіс. Түрік бауырларымыз қазақша түсініп, икемделе білсе, мұның өзі айтыстың өрісі кеңейе түспек. Болашақта бәріміздің тіл үйреніп, сөз жаттап, жаңаға ұмтылғанымыз лазым».

 

БІР КҮН БҰРЫН…

 

Ағаның ақ дастарханы

 

Ақындар айтыстан бір күн бұрын «Мәдени мұра» музейінде жастармен кездесу өткізді. Музейде салт-дәстүр мен көне мәдениет туралы толғамды ақбар алған құдайы қонақтар мен Түркияның жас ғалымдары, түркологтар мен студенттер түркі әлеміндегі айтыс өнері туралы кеңінен пікірлер тыңдап, ақындар арнау жырларын төкті.

Басқосу соңында сонау 1991 жылы Хаджитепе университетінің шақырумен Пекин университетінен Анкараға арнайы келген, бүгінде Билкент университетінде «Көне түрік және қазақ тілінен» сабақ беретін профессор Зейнеш Смайыл өзінің «Отау» дәмханасында ақындар мен студент-жастарға арнап дастархан жайды.

Ақындар мен студенттер емен-жарқын әңгімелесіп, ән-жырдан шашу шашып, елден жырақта жүрген қандас бауырларымыздың туған жеріне деген сағыныш-мауқынын басқандай болған сәттерде қазақтың атышулы айтыскері Шынболат Ділдебайдың:

«Сөйле тілім, алаңдама, тартынба,

Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!

Қалай ғана «өмір сүрдім» дей алам,

Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?!» – сырлы жолдарын есіме алдым…

 

Төрт тарпаңның толғамы

 

Аламан айтыс, дүбірлі дода алдында тұяғы топырақ шашқан тұлпарлармен қысқа да нұсқа ой бөлісудің сәті түсті…

 

Әсем Ережеқызы, Қазақстан.

– Әсем, түрік тіліне жетіктігіңізге түрік бауырларымыздың өздері таңдай қақты. Қыз бен жігіттің арасындағы айтыстың шебер үлгісін көрсеттіңіз. Негізі, түрік тілінде өлең құрау қаншалықты қиын?

Әсем Ережеқызы: «Түрік тілін мен Қазақстанда үйренгенмін. Әрине, бөтен тілде өлең құрау жеңіл емес, бірақ, жатпай-тұрмай үйреніп, машықтануға тура келеді. Қытай індеті қысып, амалсыз төрт қабырғаға тығылған кезімізде түркі ғалымдары бір өлең жазып беруімді өтінді. «Көктемімді ұрладың» деген өлең қатты ұнап, содан кейін ақындар Дәулеткерей Кәпұлы, Толқын Қабылша, Әлібек Шегебейдың өлеңін аудартып алды. Шарасыз қамалып үйде жатқанымда ақырын өлең шығара бастап, осы айтысқа келдім.

Халық алдына шығу – қашанда қобалжытады, оның үстіне, бұрын-соңды түрікше айтысып көрмегенмін. Бүгін бірінші рет қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түрік халықтары бас қосты. Әсіресе, өзбек пен әзірбайжан ақындарының қызықты қырлары мен ерекше саздары қатты қызықтырды: біреуі әндетіп айтса, біреуі жырлатып шырқады.

Айтыс – түркі халықтарына ежелден тән болғандықтан, фольклортанушы ғалымдар айтыс өнерін дамыту туралы жиірек конференциялар ұйымдастырып жүр. Мәдени мұрамыздың мазмұнына, лексикасына, сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда болғанын топшылауға болады.

Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы және қараша жұрттың ойындағы, көңіліндегі, жан түкпіріндегі шындықты дөп басқан ақын – қай заманда да қазақ қоғамында ақын болып танылып, абырой-құрметке ие болған. Сондықтан, айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де – өмір шындығы».

 

 

– Азамат, төселіп қалған, соқпағын салған ақынсыз, дайындығыңыз қалай?

Азамат Болғонбаев, Қырғызстан: – «Меніңше, айтысты ғаламға танытқан – қырғыз бен қазақ. Қай ғасырда да, әсіресе, XXI ғасырда ең мықты айтыстар қазақ пен қырғыздың арасында өткен. Жұрт көпшілік алдында сөз сайысына түскен екі ақынның жеңіске жету жолындағы тапқырлықтары мен алғырлықтарына куә болып, солардың біреуінің намысын жыртып, тілеуін тілейтін жанкүйеріне айналады.

Бүгін қазақ пен қырғызға қатар құрметті, айрықша танымал қазақ айтыскері Айбек Қалиевпен айтысатындықтан, тыңдарманын рухани байытатын мықты айтыс болатындығына сенемін. Бүтіндей түркі халықтары қатысып жатқан түрік дүниесінің аламан айтысының жауапкершілігі де жоғары. Талапай тартысқа түскен өнер сынасуда жастық көңіл-күй де, бет қаратпас қайсарлық та, жыршылық мәнер де – аса маңызды. Манас бабамның марқасқа рухы қолдасын!»

 

Бақтияр Артыков, Өзбекстан: – «Анкараның төрінде туысқан жұрттардың ата-бабасынан қалған асыл өнері қайта жанданып, тәмәм түркілер түгел ұлықтаған үлкен мейрамның байрағы желбіреді. Алла нәсіп етсе, әділетті аңсаған, шыншылдықты таңдаған жүрекпен адамгершілік тұнып, парасаттылық құрған ардақты түркілердің болмыс-бітімін тілге тиектеп, мақтан ететін боламыз. Қан тамған қылышын сүйреткен бейбастақ сойқан заманның көмейін қорғасын құйып, ақ жол, тура соқпақ туралы майын тамызып жырлаймыз. Басты парыз – түркі баласының татулығы!»

 

Айбек Қалиев, Қазақстан: – «Айтыс – заманға бейімделгіш өнер болғандықтан, ғасырлар аралап, өшпей келе жатыр. Өшкеніміздің жанып, көшкеніміздің жаңғыруына септігіміз тисе, қазақтың мұңы, қоғамның дерті, заманның қиындығы азаяр еді. Айтыскер – жаттанды сөз, құр ділмарлықпен емес, өлең өрнегін терең түрлендіру арқылы шындықты шыңғыртып айтса, қазақтың санасының жаңғыруына екпінді ықпал ете алады.

Мәдени шараларда 2 сағаттан артық отыра алмайтын қазақ пен қырғыз – ақиқатты арқау еткен айтыс кезінде бір жерде 6 сағат тапжылмай отырады. Айтыс өнерінің құдіреті де осында. Бүгінгі айтыс – қазақ пен қырғыз шеберлік сабағынан дәріс беріп, түбі бір түркі халықтарының арасында айтыстың дамуына ықпал етуге тиіс.

 

*** *** ***

 

Түркі баласының ғазиз басы қосылып, елдің ынтымағы мен жердің күншуағы үшін құбылаға бетін түзеп, ақжарма тілек айтып, дәргейлі дұға қылған күнгейлі күндерді қимай тұрып, шындықтың шаңын шығарып, ақиқаттың жонынан таспа тілген Қашаған жыраудың:

«…Мұхаммед бізден не көрді:

«Үмметім» деп қайғырған,

Тілегін бізге аударып,

Аяулы жаннан айрылған.

Құбыланың оңында,

Жасыл туы қолында,

Көзінен қанды жас ағып,

Мүбәрәк саған қайрылған?!.» – деп, еңіреп-езілгені еріксіз есімізге түсіп, тұла бой, бұла ойымыз тәубеге тоқтап, бет сипадық…

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

Анкара қаласы,

Түркия.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button