Қалам-ЖүрекТаңдаулы

Сырым да сен, мұңым да сен, Мұқашым!

Ақын деген тұңғиықтың тереңі...

Лашын ӘЗІМЖАНОВА,

Мұқағали ақынның зайыбы

 

Мұқағали туралы жазуды көптен-ақ ойлап, ұзақ толғап жүрсем де, ә дегенде, бірден батылым жетпеді. Қалай жазу керек, неден бастау керек екендігі – маған тым тылсым жұмбақтай көрінді. Мұның бәрі – бұрын-соңды қолыма қалам ұстап, марқасқа Мұқам жайында жауапты дүние жазбағандықтан, төрттаған төселмегендіктің әсері болса керек.

Алғашқы ойым: әңгімені Мұқағалидың балдәурен балалық шағынан бастағым келген еді: бірақ, балалық шағы кейде жоқ, кейде тоқ жағдайда өтті. Тұрмысы орташа ғана отбасының сүйенер жалғыз тірегі – отағасы, әкесі майданға кеткен. Мұқағали да – бүкіл қазақ ауылдарындағы соғыстың ауыр мұң-мұқтажын көріп, ерте ержеткен жастардың бірі ғой. Ал, көз алдымда өткен ақындық өмірін, қуанышын, ренішін жазу қолымнан келе ме? Мұқағали көзі тірісінде: «Жаз, жаз, қолыңнан бірдеңе келеді» – дегенде тыңдатпаған қайран мінез, енді кішіреюге, қайтсең де еңбектенуге, қиналуға әкеп соғып тұр. Кейбір тілектестер: «Мұқаңның өмірін жазыңыз, оның сырын сізден артық білетін ешкім жоқ жазыңыз» – деп қолқалап жүр. Жазу керек екенін, жазуға міндетті екенімді өзім де түсінетін сияқтымын. Ақыры, ақиық ақын жайлы отбасылық сырларды қалың оқырманға бір жеткізсем деген мақсат жетегіне жегілдім.

 

*** **** ****

 

1949 жылдың наурызында кейбір қиындықтарға қарамастан екеуміз үй болып, шаңырақ көтердік. Мен Мұқағалидың тәуекелге бел байлаған азаматтығына, ақылына тәнті болам. Бұл – өте ауыр, жоқшылық, сағыныш жылдары болатын. Алғашқы үйленген жылдары біздің ауылда – Шибұтта (қазіргі Нарынқол ауданы, Киров атындағы колхоз) тұрдық. Ол – ауылсоветтің хатшысы, мен – сегізжылдық мектептің тіл мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Қолымызда әжеміз – Тиын, енем – Нағиман, екі қайным – Тоқтарбай, Көрпеш бар. Апамыз соғыс жылдарында күнкөріс қамымен тау-таста қаңғып қой да баққан, сиыр да сауған, егін де жинаған, әйтеуір, көрмеген бейнеті қалмаған. Балалар аш-жалаңаш, кәрі әжесімен ауылда қалып, өлместің қамын істеген. Осы отбасы жиналып, бір үйде ошарлы жан болдық…

Бір күні мектеп директоры апам екеумізге мектепті жөндеу жұмысын тапсырды. Ертесіне жұмысқа кірісіп кеттік. Мектептің іші-сыртын ақтайтын Мұқағали екеуміз. Апамыз біз ақтаған кластардың еденін жуады. Балалар су тасиды. Мұқағали кезекті класты жөндеуді ақтай жүріп, бізге әртүрлі әңгіме айтып, күлдіріп, көңілдендіріп қояды. Сондай әңгіменің бірі есімде қалыпты.

Ауылда кейбір дыбыстарға тілі келмейтін Нүрсәли деген ағамыз болды. Өзі өте момын адам. Әйелінің аты – Раушан. Пысық, кеуделілеу әйел. Бір күні Раушан жұмыстан келсе, күйеуі тапа-тал түсте ұйықтап жатыпты. Сиырды бұзау еміп қойған. Қой-ешкір қорадан шығып кеткен. Жас балалар көрінбейді. Раушан бұған қатты ашуланады. Айқайлап, күйеуінің жанына жетіп келгенде, жуас еркек шошып оянып, бетін басып алыпты. Ұрып жібере ме десе керек.

– Ей, Расан жетеді-ай! Сандалма-ей, Расан! – деп шалбарының ышқырын бір қолымен ұстап, үй ішінде қашып жүр дейді. Күлмеске күлетін біз бұған жұмысты қойып, жатып кеп жырқылдаймыз. Сөйтіп, күліп-ойнап жүріп, екі жетіде мектептің іші-сыртын ақтап бітірдік.

Мұқағали екеуміз де қоғамдық жұмыстарға белсене араластық, екеуміз де үгітшіміз. Мен сабақ беріп, дәптер тексеріп, класс жетекшілікке қоса, педсоветтерде баяндама жасап, көркемөнерпаздар үйірмесін басқарамын және қабырға газетін шығасам; Мұқағали көбіне малшылар арасын аралайды. Әйтеуір, шаршау жоқ: бәріне де үлгереміз. Екеу болған соң, жүк те жеңіл. Өмірдің мәні де, сәні де – мөлдір сезім, ыстық махаббат екен: төңірегің толған қуаныш пен бақыт!

Оның үстіне, ақкөңіл, жайдарлы, мінезінің ашықтығынан Мұқағали қайын жұртына да аса сыйлы болды. Ата-анам Мұқағалидың өмірді түсіне білетініне риза болатын еді. Әкем де, шешем де күйеубаласын ұнатты. Мұқаң да оларды жанындай жақсы көрді. Әкем – бүкіл ауылдың ақылшысы еді. Шешем – барын ел аузына тосатын қолы ашық кісі болды. Апам: «Ләсима, (ата-анам қойған есімім, кейін еркелетіп «Лашын «деп атап кеткен) еркекшора, ерке мінезіңді таста, Мұқағалиды сыйла. Еркек деген табынушы тәңірің болады, қалқам. Ажырайып алдына шықпа, бедірейіп бетіне қарама. «Ағаш – айғайға құламайды» соны ұғын», – деп, жиі ақылын айтатын…

Соғыс, жоқшылық, тапшылық – халықты жүдетті, бірақ, Мұқаң иі түскен адамдарды бірдемде тірілтіп жіберетін. Ол ауылдастарымен тату тіл табыса білді. Бірде Мұқағалиды Шодияр деген туысқанымыз қонаққа шақырып, көп кешікпей Мұқағали қонақтан келіп, қолындағы ораулы түйіншегін үстел үстіне қойып, өзі төрге шығып отырды.

Мен: «Мұқағали, атамыз сенен басқа кімдерді шақырыпты?» – деп сұрап едім, ол өзіне өзі дән риза кейіппен былай деді: «Еһе, қонақта болған төрт еркекпіз. Екеуі – соқыр Ғали, екеуі – жынды Ғали, сонда төрт Ғалимыз, – деп күлді де, әрі қарай түсіндіре жөнелді: «Екі соқыр Ғали» дегенімнің біреуі Мысығали (Шодияр атамның үлкен баласы, бір кезі шешек ауруынан майып болған), екіншісі – Әлімғали (Мысығалидың баласы, бір көзі қылилау болғандықтан, құрбылары мұқатып, өзінше «ат» берген). Енді «екі жынды Ғали» дегенімнің біреуі – Асқарғали (Асқарғали деген ағамыз соғыстан контузия алып келген, тоқтамай долырып сөйлей беретін). Ал, ең соңғы «жынды Ғали» міне – алдыңда отыр, перизадам, – деп газеттегі ораулы етті біздің алдымызға қойды.

Мұқаңның осылай ойламаған жерден сөз тапқыштығы сүйсінтетін.

Тағы бір есімде қалғаны: кезекті сайлау науқанында газет шығаруға дайындалып, Мұқағалиға «Пионерлік сәлем» деген атпен мынадай өлең жаздырып алдым.

Шын болаттай шыныққан жас шағынан,

Ләззат алып, білімнің асқарынан.

Сәлем сізге, ата-ана – сайлаушылар,

Бақытты өскен Отанның жастарынан!

 

Қарсы алайық сайлауды шын қызыға,

Әйгілі етіп, әлемнің шың-құзына.

Бір кісідей берейік даусымызды,

Халық сүйген Отанның ұл-қызына!

…Кейінірек Мұқағалидың ауылы – Қарасазға көшіп бардық. Біздің ауылда тұңғышымыз Ләззат деген қыз бала дүниеге келген еді, кенет суық тиіп ауырып, алты айлығында шентінеп кетті. Мұқаң қатты қайғырып, түнде кітап оқып, менен басқа ешкімге көрсетпей, өлең жазады. Сосын, Мұқағали Алматыға алғаш шет тілдер институтына (неміс тілі факультеті) түскен оқуын жалғастыру үшін кетті. Жиі хат жазып тұрды.

Мұқағалидан хат келген күн мен үшін үлкен куаныш. Бір хатындағы:

Кім келіп, кім кетпеген көне өмірге,

Түсінгін ой-шұңқырын көре біл де.

Тағдырыңа қайтесін қарғыс айтпа,

Мойында, шыдап баққын көн өмірге! – деген жолдар «шыдай тұр» дегендей, мені қатты толқытты. Менің қабағыма қарап, жүрегі жұмсақ, дұшпанын да ренжіткісі келмейтін өлшеусіз көңілі ақ, әділетсүйгіш Нағиман апам да жайланып қалды..

Ауылда тұрғанда Мұқағали ақын Тоқаш Бердияровты үйге жиі ертіп келетін. Екеуі поэзия туралы кең пікірлер айтысатын дос болды. Мен жалынды ақын, адал азамат саналатын Тоқаңды Мұқағалидың көңілі үшін сыйладым. Бірде: «Тоқа, сөзіңді екі етпейтін шын дос таптың, іс жүзінде де адал дос болсаң етті», – деп тура айтып, ренжісіп те қалған кезіміз болды…

Мұқағали Алматыда радиода қызмет істеп жүргенде, ертең ертемен: «Алматыдан сөйлеп тұрмыз! – деген дауысын естігенде, бір жадырап қалатынбыз. Мұқағалидың дауыс ырғағына, ашық та айқын мәнеріне, өлең оқығандағы күмбірлеген қоңыраудай даусына таңданып, сүйсіне тыңдаймыз…

Қабілеті қарымды, таланты теңіздей Мұқағалидың бұрқыратып жазған өлеңдері өрттей ыстық, дарыны дауылды, ал, мінез-құлқы өте күрделі еді. Мысалы, жоғарғы оқу орнының бір оқытушысымен келіспей қалса, оқуды дереу тастап кетіп қалатын.

Алматыдағы Мұқағалиды сағынып жазған менің күнделігімді Мұқаң оқып (1954 ж.) қойып:

Сен де өмірден көп жағдайды өткіздің.

Бізге бақыт әкелер-ау тек бір күн.

«Жүрегімді жылытар да жұбатар,

Үміт етер тентегім бар» деп білгін.

 

Мейлі ғасыр, айлар өтсін, жыл өтсін,

Тек өмірім сеніменен бір өтсін.

Сен – байлығым, сен – бақытым, сен – досым,

Сен – тірегім, сен –  кеудемде жүрексің! – деп деген сөздер жазыпты…

Өлеңмен ғашықтық хаттар екеуміз үйленгенше жазылып тұрды. Әттең, сақтай алмадым… Жүрекжарды сөздерін радиода дикторлық қызметте жүргенде былай (орысша) жазды:

«Прошу, не обвиняй меня?!

Умоляю, забудь все, что я творил?!

Прости, моя любимая!

Мой самый близкий жизненный друг!

Может быть, я запачкал твою любовь, но уважение к тебе сохраняется до конца моей жизни! Верь, дорогая! Это истина.

«Так мало пройдено пути,

Так много сделано ошибок» (С. Есенин).

…Өзім Мұқағалиды «дүниені терең түсінген, кездескен қиындықтарды өз басымен, өз білімімен қорытқан, қиыншылықты жеңе білген данышпан адам» деп білемін. Ол қандай ауыр халде жүрсе де, балаларын, отбасын ұмытқан жоқ. Кашанда Қарасазына, өз ошағына оралып отырды. Мұның өзі шын махаббаттың белгісі.

Жолашылық жол, тасымал өмір өзін әбден қажытқан Мұқаң кейін ауылдағы сегіз жылдық мектепке орыс тілі пәнінің мұғалімі болып орналасты. Ол оқушының психологиясын, көңіл-күйін жақсы білетін, оларды өзіне магниттей тарта білетін, әртүрлі әдістерді жетік пайдаланатын білікті, жалынды мұғалім болды. Қатардағы мұғалім болумен шектелген жоқ, көп оқыды. Атақты ақын, жазушылардың шығармаларын шұқшия зерттеді. Өлең жазды. Ақындықтың кілті де, түйіні де, өрістеуі де Алматыда өтіп жатқандықтан, осында жетуге асығып тұратын…

Мұқаң: «Жақсы жазу үшін жақсы білім керек, менің көп оқып, жан-жақты жетілгенім жөн. Менің тіл құдіретіне түйсінуім, сөз құдіретіне сүйсінуім әжемнің әлдиінен, анамның ақ сүтінен, халқымның ертегі-дастандарынан дарыған. Енді құдай берген тырнақтай талантымды байыту ол үшін жатпай-тұрмай оқу керек!» – дейтін.

Өзі жазудан, оқудан қолы босай қалған кездері қара суға барып, балық аулап келуді, біруақ аңға шығып, тау-тасты кезіп қайтуды, шахмат ойнауды қатты ұнататын. Кейін балалар есейген кезде ойнауға ешкім табылмағанда ұлдары Айбар және Жұлдызбен ойнайтын.

Мұқағали қолжазбаларына өте ұқыпты қарап, жеті сайын жазғаңдарын тексеріп, жарыққа шыққанын – бір бөлек, шықпағанын –  бір бөлек, айы мен күніне қарай реттеп отыратын. Кейде жазғандарын жыртып, қақ айырьш тастаған сәттері де болған.

Көңілді кездерінде дәмді тамақ ішуді жек көрмейтін. «Аш еркек арыстаннан да айбарлы, сенің алдымен тамағың әзір болсын!» – дейтін. Үлкен шығармалар жазуға отырғанда, тамақты да, басқаны да ұмытып кететін. Әлсін-әлсін шақырып, дастарқан басына әрең келтіретінмін.

Мұқағалидың ақындық арманына жетуі үшін 1962 жылы жазда Алматыға көшіп келдік. Қала – қайнап жатқан, шешуі жоқ, жұмбағы көп үлкен өмір екен. «Әкім – бір ұлттыкі, ақын – бар жұрттыкі» деп, кір жуытқың келмейді, бірақ, адам баласының өмірі тым қысқа екен, екі үзеңгіні теңестіре алмай-ақ кеттік…

Алматыда жетінші линияда (Апамыз, төрт баламыз, екеуміз, барлығы – жеті адамбыз) пәтер жалдап тұрдық. Қысылып-қымтырылып азаптанған екі жыл өткенде, құдайдың бізге әзірлеген қасіреті барын білдік. 1962-жылы қазанның аяғында он бір жарым жастағы (алтыншы класс оқып жүрген) қызым Майгүл жол апатына түсті. Бұл қайғы көпе-көрнеу мектептің алыстығынан әрі ауыл баласына қаладағы көшеде жүру тәртібін жете түсіндірмеуінен болса керек…

«Бас ауырса, барша дене сыздайды» дегендей, «партиялық жарнаны уақытында төлемегені» үшін Мұқағалиды партиядан шығарып, «Социалистік Қазақстан» газетіндегі жұмысынан босатты. Қызымыздың қазасы, тұрмыстың тоқпақтары – бізді қатты есеңгіретіп, ес жия алмай қалдық. Ақын жаны – айрықша нәзік, өте сезімтал ғой, бәріміз Мұқаңды терең уайымға жібермей, қаумалап, қайрат беруге тырыстық…

1964-жылы Мұқағалидың «Ильич» поэмасы жұп-жұқа кітап болып шықты. Жазушылар Одағы ас үйі екі отбасына ортақ – үш бөлмелі пәтер берді. Сосын, екі жыл, үш жылда жұқа-жұқа кітаптары шығып тұрды. Мұқаң санатқа енбесе де, санның ішінде бар сықылды еді…

Ең өкініштісі, Мұқағали –  қырық бес жастың ішінде, еңбегіне тиісті бағасын ала алмай, балға болып соға алмай, төс болып тосылып қана дүниеден өтті.

Турасы, тамаша талантын қызғанушылық, көре алмаушылық, менсінбеушілік, жерлестік, рушылдық – Мұқаңды ащы судың жәрдеміне жүгінуге еріксіз мәжбүр етті. Мемлекеттік сыйлыққа бірнеше мәрте ұсынылып, жеме-жемге келгенде жолы кесілді. Редакциялар жөнсіз жұлмалап «түзеп», қор қылатын болғасын, Мұқағали көзі тірісінде өлеңдерін «қатал» тексеруден өткізіп, көбін ешқайда ұсынбай жүрді.

1970 жылы жазылған «Райымбек, Райымбек» деген поэмасын «тексерулерден» қорқып, өзі тірі кезінде кітаптарға ұсынбай, тек 1981 жылы ғана «Лениншіл жас» газетіне басылды.

«Өмір-өзен» кітабына енген «Жан азасы» жырындағы «Жетімдер үні» бөлімін редакторлар бертінгі уақытта тағы жұлып тастады.

Мұқағали өмір сүрген аз ғана ғұмырының ішінде ұланғайыр жыр жазып, халқына қисапсыз рухани байлық мол мұра қалдырды. Дүниеден өткеннен кейін оның жарық көрмеген, басылмаған өлеңдері бірнеше жинақ болып, баспадан шықты. Қазір кейбір жырларын оқысаң, алдағы өмірді болжағандай дәл келтіргеніне таңданасың. Әлі де жарық көрмеген өлеңдері бар…

1969 жылы 14 маусымда Мұқағалидың біздің басымыздағы ащы шындықты баяндаған бір топ өлеңдері «Қазақ әдебиетінде» жарияланып, Жазушылар Одағы дереу секретариатын шақырып (Бірінші секретары Ә.Шәріпов), өлеңдерді талқыға салды. «М.Мақатаевтың өлеңдері – күңгірт, көмескі, жұмбақ пессимизмнен тұрады, күйректілік сарында жазылған» деп, ақынның басын көтертпей тастады. Жан-жақтан ши жүгірту, аяусыз жаншу, тынымсыз түрткілеу – Мұқағалиды қатты жүдетіп жіберді. Бұл – осындай оспадар жағдайдың біреуі ғана…

Дәлелі де, мағынасы да жоқ мазасыз тартыстар – Мұқаңның денсаулығын бұзып, ауруханаға жиі түсетін болды. Оның жаратылысынан тік мінезі – талайларға жақпады. Солақай басшысымақтардың рухани мешелдігі, кертартпалығы, отбасының ауыр жағдайлары – тепсе темір үзетін тау тұлғалы жігіттің денсаулығын біржола шайқап жіберді.

Оның үстіне, «Жығылған үстіне – жұдырық» болып, 1969 жылы Мұқаңның әзірлеп қойған бір кітапқа жетерлік жыр дәптерлері, прозалық шығармалары, әдеби сындары, газет қиындылары портфеліндеүшті-күйліқолды болып, жоғалып кетті. Бұл өлеңдер қайта табылмады, күні бүгінге дейін одан еш дерек жоқ…

Мұқаш туралы ойлағанда, менің көз алдыма екі түрлі Мұқағали келеді: біріншісі – күн шуақты, жайдары мінез, күлімдеп, жүзінен нұр шашып тұрған, үстіне тау құласа да көтере беретін қайсар тұлға; екіншісі – азуын қайрап, атылуға әзір тұрған айбарлы арыстандай қаһарлы кескін. Ол кезде жүзіне тура қарай алмайсың. Ақырын жүріп, аңдап сөйлеп, жымиып жылы сөйлейсің…

Мұқағалидың әрқалай мінезі бар еді, соның ішінде, әпенділік қылықтары да кездесіп қалатын. Жаз айының бір кешінде Мұқағали үйге келді де (Панфилов көшесіндеміз) шешініп, жуынып жатып қалды. Біраз уақыт өткен соң тамақ жасап: «Балаларымен ас ішсін» деп, жатын бөлмеге кірсем, ояу екен маған былай деді: «Лашын, бері кел, қолыңа қағаз, қалам ал да жаз! Ертең кеш болады! Бұл – өз атыңнан түйгенің, менікі емес… Мен – Лашын Әзімжанқызы. Мұқағали Мақатаевтың заңды әйелі, некеміз қиылған. 1949 жылдың 30 наурызында қосылғамыз. Бірімізді-біріміз сүйіп қосылдық. Ешкімнің жең ұшын, жылуын керек еткеміз жоқ. Менің ерім – Мұқағали Мақатаев адамдығы да, ақымақтығы да мол кісі еді. Оның бәрін құдай алдында кешіремін. Ей, жаңадан қосылған жарықтарым, біріңе-бірің тіл тигізу – бақытсыздықтың басы. Сол үшін біріңді-бірің алдама. Алдасаң – бәрібір көзіңе көрінеді. Өміріңде «анау сезбейді» деп бірдеңе істей көрме. Ол – бәрібір ашылады

Кешегі өткен ер Мұқағалидың ақымақтығын бір поезд тартып жүре алмайтын. Дархандығы сонша, қалтасына екі сом түссе, арақ сатып алсам ба екен, ат сатып алсам ба екен деп бүкіл Алматыны сүзіп шығатын, қалтасыңдағы екі-ақ сом екенінде жұмысы болмайтын, бейбақтың. Арамдығы жоқ ақымақтығы сондай, өзі ішіп жүрген арақтың да бағасын білмей бұл дүниеден өтті. Әлгі біздің үйдегі балалардың әкесі. Заманында арманына жетпеген кісі еді. Әй, бір есек, хайуан еді. Хайуандығы сондай, өзін-өзі сыйламай өтті. Оның ауырмайтын жері жоқ, он түрлі ауруы болушы еді, байғұстың…»

Сәл ойланып қалған Мұқаң: «Осы жазбаны бір жерге тығып қой», – деді. Мен қағазды жазу үстелінің тартпасына салып, төсекке қарасам, сол екі ортада ұйықтап кетіпті. Бұл хатты 1973 жылдың 28 сәуірінде жаздырған екен…

Бірді айтып, бірге кете бердім, негізі, Мұқаңа қысастық үнемі, үздіксіз жасалды. Мысалы, бірде академиядан кісі келіп, Қазақ Кеңес энциклопедиясы үшін Мұқаңның суретін, өмірбаянын жазып алып кетті. 1975 жылы 7 том шықты. Бұл уақытта Мұқағалидың сүйекті шығармаларының бәрі басылып, жарыққа шығып, халыққа танылған дарынды ақын атанған еді. Бірақ, әлгі энциклопедия Мұқағалидың суретін бермей, кітаптарының тізімін ғана тізіп қойыпты. Мұнда Мұқағалиға қасақана тарлық жасалғаны айқын көрініп тұрды…

 

*** *** ***

 

1974-75-жылдары Мұқағали жиі ауырып, емханаға түсіп жүрді. Сәл айыға бастаса қолына қаламын алып, өлең жазуға кірісіп кетеді. Күніне кейде сегіз өлеңге дейін жазып тастайды екен.

Мүмкін, өмірінің қысқарып келе жатқанын, әр сағаты есепте екенін білді ме екен, сонда марқұм: «Мен өлең жазумен, өлең оқумен ауруымды емдеймін. Өлеңге кіріскенде барлық ауруды ұмытқандай болам. Құдайым қолыма қалам ұстауға шамамды келтірсе, өлең өз-өзінен нөсерлеп төгіліп жатады. Өлеңді аурулар тынышталып, ұйқыға кеткен соң, асханаға барып жазам. Менің кабинетім – аурулардың асханасы,» – дейтін.

Өзіңді-өзің күштей бермесеңші, дем ал, алдымен науқасыңнан айық, өлең қайда қашар дейсің, – деймін мен…

1975 жылдың аяғында қыс бастала Мұқағали тағы емханаға жатты. Үлкен баламыз Жұлдыз екеуміз жұмыстан кейін (мен №9 мектеп-интернатта істедім) тамақ алып емханаға бардық (Амангелді, Космонавтар жәнеКомсомол көшелерінің қиылыс-ортасында).

Нардай Мұқағали жүдеп-арықтап, шүйкедей азып бара жатты, көздерінің еті сарғыш тартып, шүңірейе түскен. Жүзіне көзім түсіп, байқамай қалып, күрсініп жібердім де, артынша дереу басқа сөзге бұрған болдым. Мұқаң да сезіп қалып Жұлдызға: «Келгенің дұрыс болды, енді Гурьевке бармай-ақ қой, осы жерден бір жұмыс табармыз, еш уайымдама!» – деп, баласының басынан сипады.

Ертесіне Жұлдыз екеуміз Мұқаңа тағы келгенімізде, үстел үстіндегі ашық жатқан өлең дәптерінен «Күрсінбеші» деген өлеңді көзім шалып қалды. Осы өлеңде мені қалай шебер суреттегеніне таңдандым. Таңдап қосылған жарымның менің қадірімді біліп, еңбегімді бағалап, айтар сөзін дәл тапуып, өзіме арнап өлең жазғаны үшін «мен бақыттымын» деген мақтаныш сезіміне марқайдым. Өлеңді оқығанда, төбем көкке жетті…

 

*** **** ****

 

1973 жылы Мұқағали Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында оқыды. Бірақ, оқуын бітірмей, балалары мен Алматысын сағынып, қайтып оралды. Тургеневтің: «Ресей – менсіз күн көрер, ал, Ресейсіз – менің күнім қараң» – дегені секілді, Мұқаң туған жерін – оқу-тоқудан әрқашан жоғары қойды. Әлде, кім біледі, өмірінің соңғы сәті тақалып келе жатқанын сезіп, ата жұртының қасында, өз отының басында бір күн де болса да бірге болайын деді ме екен…

Қайда сапар шексе де, әбігерге түсіп, сүйікті Алматысына қайта жетуге асығып-үсігіп жүретін. Өмірден ерте өтетінін белгісіз бір түйсікпен немесе ғажайып бір белгімен сезді ме (кейбір өлеңдерінен оқисыз), кей-кейде: «Мен елу жылдық тойымды көре алмаймын. Балаларыңа бас бол, мені жоқтатпа, сен өзің кеткенше азық болатын дүние жазып кеттім. Соған ие бол! Қысылмассың! Өзіңе-өзің мықты бол», – деп қоятыны бар еді.

Кезінде мән бермеген бұл сөздер менің есімді тез жиғызды. Мұқаңның айтқаны айдай келді: қазір жаққаным Мұқағалидың – оты, намазымда – аты.

 

*** **** ****

 

«Бала» дегенде, Мұқаңың жан-дүниесі бөлек еді. «Таңертең балабақшаға жылатып-еңіретіп әкеле жатқан кішкентайларды көргенде, не істерімді білмей, ілгері басқан аяғым кері кетіп, жүргім келмей қалады. Соларды көрген сайын сәті келсе, балдырғандар өмірінен алынған «Таңғы ұйқының тәттісі-ай!» деген дастан жазуға дайындалып жүрмін», – деп отыратын.

Кейде дастанының жоспарын да, қалай жазатындығын да айтып қоятын. Амал қанша, ойын орындай алмай кетті…

Бала ұстауға да, күтуге де өте шебер еді, Мұқаң. Майгүлді қырқынан шығарып, Мұқағали, Майгүл үшеуміз сырттай оқуға келдік. Мен оқудан келгенше Мұқағали оның тамағын беріп, жөргектерін құрғатып, ұйықтатып тастайды. Шолпанымыз туған соң да мен бір жылдан кейін мектепке кеттім. Сонда өзі үйге бас болып, балаларға көмектесіп, менің жоқтығымды білдірмеді. Сол кезде қайнымның әйелі қатты ауру болып, енем ауылға кеткен еді…

Мұқағали қандай қиындықта да, балапандарының көңілін қалдырмауға тырысты. Орынды жерінде талап қоя біліп: «Ей, бәтшағар, қазақ тілін дұрыс сөйле, көпшіл бол! «Неше өлең жаздың» деме, «Қалай жұмыс істедіңіз, әке?» – деп сұра. Өмірде әр нәрсенің өз заңы бар, соны бұзбауға тырыс», – деп, өз басынан кешкен қателерін балалары қайталамаса екен деуші еді…

Жасыратыны жоқ, біздің Айбарымыз тентектеу болды. Қазақ мектебінде оқитын оның Миша деген досы бар еді. Бір күні кешке балаларым: «Бір орыс қызы келіп, «Айбар сағатымды жоғалтты, соны тауьш беріңдер» деп кетті», – деді.

Ертеңін әлгі қыз тағы келді. Әкесі алдын-ала Айбардың сағатты қалай жоғалтқанын сұрап білген. Сағат иесінен Мұқаң: «Сағатың қалай жоғалды?» – деп сұрағанда, ол: «Інім «Маған сағат өте керек боп тұр, Миша деген досымыз екеуміз сырғанаққа баратын едік» – деді. Мен ініме сағатты бердім. Көп кешікпей қайтып келген інім сағатты досы Мишаға тастап кетіпті. Содан мектепте сағатты Миша Айбар сұрап алады да, класта мұғалімдерден қорқып тақпай, үзілісте партаның астына тығып қояды. Қоңыраудан кейін келіп қараса, сағат жоқ. Миша екеуі де іздеп таппайды. Сөйтіп, сағатымды Айбар жоғалтты, ақысын төлеңіздер, егер төлемесеңіздер директорға барамын, – деді.

Мұқағали: «Қызым, сағатың қанша тұрады? – деп сұрап еді: «Отыз сом», – деп жауап берген қызға Мұқаң:

«Қызым, сен ініңнің көңілін қалдырғың келмей, сағатыңды сеніп бердің. Ал, інің досының көңілін қимай, Мишаға берді. Миша болса, Айбар досының көңілін жықпады. Айбар сағатты жоғалтып алды. Қарағым, сағаттың жоғалуына басты себепкер – өзіңсің. Мына үш бала – саған көмекші айыпкерлер. Сондықтан, сағаттың құнын төртеуіне бөлу керек, бірақ, өзіңді бұл төлемнен шығарып тастаймыз. Себебі, біріншіден, ініңе жаның ашыды, екіншіден, ертең мектеп есігін ашып, ұстаздық жолын бастайын деп тұр екенсің мұндай игілікті істі – төлемнен бастауға болмайды. Келешегіңе дақ болар. Сос себепті, отыз сомды – үш жігітке тең бөлген – әділдік болады» – деп, қызға он сом беріп: «Ендігі жиырма сомды екі баладан өндіріп ал қарағым, осы шешімге риза бол!» – деді де, кабинетіне кіріп кетті.

Қапелімде әлгі қыз дағдарып тұрып қалып, рақметін айтып шығып кетті. Міне, Мұқаңның ұстаздық тәлімінің, әділдігінің арқасында дау-дамайдан осылайша оңай құтылдық.

 

*** **** ****

 

Мұқағали өлең жазарда үстелінің таза болуын, қойған заттарының орын-орнында тұруын, балалардың тыныштық сақтауын қалайтын. Ештеңеге алаң болмай, емін-еркін жазуға кірісіп кетуді жақсы көрді. Арнасынан асып төгілген шабыттан өлең-жырдың қайсысын бастарын білмей, қалың ойға көміліп отыратын…

Мұқағали ақын – үлкен ойдың адамы. Ол күрделі жұмыс бастарда алдын-ала көп дайындық жүргізетін, жан-жақты зерттейтін. Қажетті әзірліктен соң, ісіне батыл кірісіп кетеді. Айналадағының бәрін ұмытады. Жазып біткен соң ғана «Жоспар орындалды!» – деп бір бой жазып, масайрап, көңілденіп қалады.

Сондай бір кезде мінезі жылдам Алмагүл деген үлкен қызым: «Қанша өлең жаздың?», – деп қалды. Мұқағали аз-кем ойланып: «Қызым, мен тоқыма станогі емеспін ғой, шабыттың шапқанынша жаздым» – деді.

Мұқағалидың кез келген өлеңі әсем-әдемі, тілі жатық. Бір сөзі де, бір ұйқасы да шашау шықпай орын-орнында тізіліп, нөсерлеп, төгіліп тұрады. Адам баласының шыңырауда жатқан ойын, тұлабойындағы нешеме әдемі сезімдеріме қозғайды, дәл басады.

Қартқа да, жасқа да, шопанға да, ғалымға да түсінікті, тұнып тұрған әуезге (музыка) қалың шомылған өлеңдер тыңдаушысын лезде бауарап алады. Мұқағали поэзиясының ерен де ерекше саналатыны, сондықтан.

Өзім әдебиетті жастайымнан сүйіп өстім. Кітап оқуға кұмарлығымды Мұқаң ашты. Ол педагогикалық еңбектерді, әдебиеттерді де көп оқитын. Мен ауылда жиырма жыл, қалада он жеті жыл мұғалім болып жұмыс істегенімде, Мұқағали менің жұмыстарыма білімімен де, ақылымен де орасан жәрдемін тигізді. Әсіресе, ашық сабақ өткізерде, тәрбие сағатында, класты безендіргенде, жиналыстарда баяндама жасағанда, тіпті ,кейбір күрделі сабақтарға жоспар жасағанда да міндетті түрде Мұқаңмен ақылдасып отырдым.

Үйдегі қолтаңба жазылған кітаптар – бір кебеже! Оқып отырсаң, бірінен бірі өтеді. Ерекше бір сөз өнері көрмесіне кірген сияқты боласың. Осы ақындардың бәрі Мақатаевтың жүрегінің дарқандығына, өлеңінің үнді, құдіреттілігіне, кеңдігіне, талантының биіктігіне, өзінің жеке басының адалдығына, азаматтығына бас иеді. Мұқағали поэзиясына шебер аудармашы мен терең талдайтын әділ сыншы керек.

 

*** **** ****

 

Мұқаң үнемі үй жиһаздарын ауыстырып қоюды жақсы көретін. Көп жиһазымыз да жоқ. Мен мектепке жұмысқа кетсем, Мұқаң балаларға үстелдерді сүрткізіп, орындарын ауыстырып қойыпты.

Бірде осындай ауыстырудан кейін бір жолдастың әйелі келіп: «Жиһаз алғансыңдар ма? – деп жан-жағына қарап, тңданып тұрып қалды.

– Жоға, бұл – Мұқағалидың жалыққанда істейтін бір спорттық жаттығуы ғой, – деп шынын айттым…

Көңіл-күйі сәйкес келсе, Мұқаң көл-дария болып, кейде палау басатын да, «Бұхар палауы», «Наманған палауы» деп атайтын. Палаудың пісуі көңілдегідей шықпаса, оның кемшіліктерін сөзінің дәмділігімен, мінезінің жайдарлығымен толтырып жіберетін. Қалай пісірілсе де, жемеске әбдің жоқ.

Анда-санда балаларына да, басқаларға да көрсетпей, насыбай ататын. Оны өзі алмайды, базардан мен алып келемін…

Аяқ-табақ сылдырлай қалса, құдай кешірсін, аракідік ашумен тегіс тиісіп, тілің тиіп кетіп, түгел сыбағасын үлестіруге тура келеді.

Бір ренжігенімде: «Ей, құдайда нең бар, мені-ақ ірей бер, жаратушыға тіліңді тигізбе!» – деп, кесіп тастады.

Ауылда бейіт басына барып, таныс-туыстардың зиратына дереу дұғасын оқитын.

 

*** **** ****

 

1970 жылы жазда Мұқаш қатты ауырса да, Жазушылар одағына жұмысқа барып жүрді. Жұмекен Нәжімеденов екеуі бірге жұмыс істейтін еді, ол кісіден: «Мұқағали ауырып жүр, жұмыста қалай шыдап отырады?» – деп сұрағанымда: «Кешке дейін ешкіммен сөйлеспейді, өз ойымен отырады» – деді.

Үйде де көп үндемейді. Жұмыстан келген соң тамаққа да қарамайды, ештеңе жазбайдыда , оқымайды да: Бір үндеместік шаққа көштік. Өзім үй-ішіне білдірмей, іштей қорқып жүрдім.

Бір күні Мұқаң ерте жатып қалған еді. Балаларға тамақ беріп, жатқызып, жатын бөлмеге кірсем, ұйықтап жатыр. Түн жарымында ол айқайлап, шошып оянды. Мен ұшып тұрып, жарықты жақтым. Өзі сұп-сұр, терлеп кеткен. Ояна салып, аят оқыды. Сосын: «Қатты ұйқтап кетіппін. Жаныма аққа оранған біреу келді де: «Балаларыңның біреуін құрбандыққа бер, оларыңды қимасаң, өзің жүр!» деп сілкілеп жатыр. Содан шошып ояндым, Нақа. Қорқыш тұрмын!» – деді өңі қашып, не істерін білмей, дағдарған қалпыппен отырып қалды. Бәріміз шошып, үрпиісіп қалдық. Сөйлерге дәрмен жоқ. Тек, үйдегі Мұқаңның анасы: «Сабыр ет, Мұқағалиым, Мұқашым, балаларың жас қой, «құрбандық» десе мен-ақ барайын, жасым келді, қарағым. Сенің де, балаларыңның да садағасы болсам арманым жоқ!» – деп жылап жіберді. Мен де жыладым. Мұқаң да өзін-өзі тоқтата алмай босап кетті…

Осылайша ауырып кезінің бірінде маған: «Қағаз алып, айтқанымды жазып қой», дегесін жанына кеп отырдым.

Оңға қара, солға қара, бәрібір,

Бұл фәнидің, жын фәнидің – бәрі кір!

Мүлде жаңа жан-жағың,

Жақсылығын таңдағын,

Жамандығын алмағын!

 

Ғылым да бар, дін де бар,

Қоқыс та бар, гүл де бар.

Адам-ата өлмесін,

Ақырзаман келмесін.

Қол қусырып Құдайға,

Ғылым мен дін бірге бар! – деп өлең шумақтарын төгіп-төгіп жіберді. Жазуға әрең үлгердім. «Осы өлеңдерді менің дәптерлеріме араластырмай, басқа бір жерге мұқият тығып қой», – деді. Кейінірек бұл өлеңді өзі қайта жазды.

Мұқағали – Жазушылар одағын «Өз үйі – өлең төсегіндей», өзінің жылы ұясындай, жығылса сүйейтін, қысылса көмектесетін – алдындағы ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді. Бүгінге дейін өз басым – Жазушылар одағын Мұқағалидай жан-тәнімен емірене сүйетін адамды кездестіргем жоқ. Мұқашым: «Одағым, Одағым!» – деп, өтті өмірден.

Тіпті, ауруханада өмірінің ақырғы сағаттарында әбден арыған, сөйлеуге шамасы жоқ, кірпігі әрең қимылдап, ажал сәтін күтіп жатқан Мұқағали соңғы күшін жиып, әзерге тілге келіп: «Лашын, такси әкел, Одаққа барайық. Балаларым жас еді, бітпеген жұмыстарым бар еді…» – деп сыбырлады, құлағыма…

Ертесіне түн ауғанда көзінен жас сорғалап қиналып жатып, қазақтың қара өлеңінің қарағайы жалғаннан бақиға мәңгі аттанды…

Өлеңінің өрісті тілі – қарашаның қазыналы тіліндей аса бай Мұқағали халқына піріндей сеніп:

«Әрине суық қайғы, суық қайғы,

Көңілін халқың бірақ суытпайды.

Егерде халық өзін ұмытпаса,

Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды.

 

Қайырымсыз қағазға елің бас ұрмайды,

Саған деген сағыныш басылмайды.

Табытыңды жасырса, жер жасырар,

Ал, уақыт, өзіңді жасырмайды!» – деп, көзі тірі күнінде алтын әріппен жазып кетті.

 

*** **** ****

 

Мұқаңнан төрт перзент бар: екеуі – ұл, екеуі – қыз. Тұңғышы Жұлдыз –прокуратура тергеушісі, Айбар – құрылысшы, Алмагүл – кітапханашы, Шолпан – шетел тілінің мұғалімі. Мұқаңның артында қалған тұяқтары өмірден қағажу көрмей, дені-бастары сау-саламат жүрсе екен, деп тілеймін, құдайдан!

Мұқағали өзінің тума таланты, дардай дарыны, асқақ ақындығы, еселі еңбегінің арқасында ешкімге кіріптар да болған жоқ, ешкім оны құлата да алған жоқ. Қайта жыл өткен сайын Мақатаев шығармашылығы әр қырынан жарқырай танылуда. Мұқағалидың орасан таланты мен ұлан-ғайыр еңбегі әлі өзінің әділ бағасын алған жоқ. Бұл бақыт – болашақтың еншісінде! Қазақ халқы аман тұрғанда, Мұқағали атаусыз қалмайды. Міне, солай…

Осы айдарда

Back to top button