Қалам-ЖүрекТаңдаулы

«Уәзір ұлымды уәжсіз мазаламаймын…»

Ефлатун НИМЕТЗАДЕ,

Анқара Ғази университетінің профессоры.

 

Қыпшақ дегеніміз – асқақ рух,

түркілердің текті рухы!

Түркия мен Қазақстан туыстығы – тұтас,

бауырластығы – мәңгілік

 

ANYQTAMA: Анқара Ғази университетінің профессоры Ефлатун Ниметзаденің 2011 жылы жазда Қазақстанға барған сапарынан оралғаннан кейін Түркияда бір газетте ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, белгілі мемлекет қайраткері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Қасейіновтың анасы Күләй апамыз туралы жазған мақаласы жарияланды.

Ефлатун мырзаның мақаласы маған қатты әсер етті. Өмірімде көрісіп-жүздеспесм де мақала арқылы Күләй ананы етене танығандай болдым. Анамыздың төл ұлтына, өз отанына деген сүйіспеншілігі, дүниетанымы, батылдығы, іскерлігі, даналығы тәнті етті. Күләй ананың ішкі жан-дүниесін терең үңіле білген ғалым, қаламының қарымы күшті Ефлатун мырзаның түрік оқырмандары нәр алған жанға жылы мақаласынан Күләй ананың туған халқы, қазақ оқырмандарының да алар тәлім-өнегесі көп деген оймен түрік тілінен қазақ тіліне аудардым.

 

Әбдіуақап ҚАРА,

шоқайтанушы ғалым,

Ыстамбұл.

 

Қала мен ана

 Қарағанды облысы – Қазақстанның солтүстік шығысындағы аймақ. Айналасы ұлы таулармен шектелсе де, аракідік көгалды аймақтар да ұшырасады. Кеншілдер қаласын әлемге әйгілі еткен – теңдесі жоқ алып темір болат өндірісі. Совет дәуірінде Қарағанды темір өндірісінде ең маңызды өңір есептелетін. Бүгін де маңызын жоймаған.

Қазіргі кезде әлемдегі ықпалды ел басшыларының арасында жетекші орын алатын Түркі әлемінің айбынды перзенті, әлемдік дипломатияның көрнекті тұлғасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев он алты жасында жұмысшы ретінде еңбек жолын Қарағанды темір өндірісінде бастаған болатын.

Қазір қалаға жаңа заманауи ғимараттар, концерт залдары көрік беріп, екі немесе үш қабатты тұрғын үйлер, мұнтаздай таза көшелері, жасыл ағаштар, алуан түрлі гүлдер әсем келбетімен көздің жауын алады.

Қарағанды қаласы маған табиғи қарапайымдылығымен ұнады. Қала тұрғындары инабатты, жүздері ашық-жарқын, қонақжай, бұрыннан таныс мекенді еске салады. Ірі қалалардың сұрқия қылықтарымен ластанбай, бұрынғы ата-баба салттарын сақтай алған жаймашуақ қалалықтар өзімнің туған ауылымды еріксіз еске түсірді.

«Ауыл» десе, кім-кімнің де санасына аяулы анасы түсіп, жүрегі езіліп шыға келеді. Қарағанды қаласында егде бір әжеміз өмір сүріп келеді. Ол сексеннің сеңгіріне әлдеқашан шыққан мейірімді, қарапайым кейуана. Ұлы да, қызы да бар. Солай бола тұра, жалғыз өмір сүргенді қалайды. Өйткені, қаршадай кезінде өзі дәп осы шаңыраққа жас келін болып түскен. Кейуана төл тағдырында талай қызықты естеліктер бар бұл бес бөлмелі үйді күн сайын жинап, терезе-есіктерін тазалайды.

Ғұмырында қаншама ауыртпалықтарды арқалап, алапат қиыншылықтарды кешкен аса биязы, сөзі салмақты, көзі мейірімге толы, ардақты да абыройлы, беделді де белсенді анамыздын есімі – Күләй.

Жүрегінің жылуы жанарынан нұр болып сепкен Күләй анамыздың болмыс-бітімі мен жүріс-тұрысы айрықша бір жігерлілікке шақырып тұратындай көрінеді…

 

Шыңда өскен дара ағаш

 Сексен сегіз жасында жалғыз, бір өзі, өзімен өзі ғана қалу – әсте оңай емес. Қысы қатты әрі қатал өңірдің суығының өзі аласапыран.

Күләй ана көбіне өзімен өзі сөйлеседі, өлең айтады, бөлмелердегі естеліктерімен өмір сүреді. Қыстың көзі қырауда, қақаған қатқақ боранда азық-түлік жеткізіп алудың өзі әжептеуір әуре-сарсаңға салады.

Алдымен жұбайы Қарабай соғыстан қатпай қалады. Кейінірек өрімдей ұлы Нұрлан сырқаттанып, кенет көз жазады…

Тар жол, тайғақ кешумен шыңдалған адал жар, аяулы ана бүгінде ешкімге қол жайып, жәрдем күтпейді. Құдайдың рақымына разы: ешкімге наразы емес, тұрмыс-тіршілігін түзеп, бұйыртқанын ішіп-жеп, келешекке күле қарайды.

Әрдайым ашылып-ақтарылмаса да, кейбір көңілді күндері Күләй ана шешіле сөйлеп, шер тарқатады: «Жұбайым Қарабай менен бұрын бірнеше рет үйленіп-ажыраған. Әйтеуір, ессіз ғашық болдым, жүрегімнің иесі болды. Мен текті де ауқатты отбасының қызы едім, әке-шешем қараға баруыма ұлықсат етпеді. Алайда, Қарабай мені өте жақсы көруші еді. Ақырында, екеуіміз қашып үйлендік. Оңай болған жоқ, ә дегенде, Алтайға орналастық, кейінірек Қарағандыға келдік. Қарабай – шыншыл, абыройлы азамат еді. Әскери адам болатын. Өмірін адал өткізді, дүниеден ертерек озды. Мен Құдайға да, өз өміріме де ризамын. Адам баласы отбасын құрып, отау тігіп, перзент өсіруге тиіс. Балаларын ар-намысты, отаншыл, абыройлы етіп тәрбиелеуі керек. Адал және турашыл адамның жолы әрдайым ашық болады. Туған ел мен жердің, ошақ пен отанның болашағы – жастарға аманат!»

Шыңда өскен дара ағашқа ұқсап, жалғыз өмір сүргені үшін Күләй анамыздың төл тағдырына шағымданғанын ешкім, ешқашан естімепті…

Мінеки, шүкірлік пен сабырдың үлгісі осындай болады…

 

«Уәзір ұлымды уәжсіз мазаламаймын…»

Күләй ананың құдды менің шешем секілді сөйлеген сөздері, іс-әрекеттері, мол мейірімі – туған анамды еске түсірді. Бір ғана айырмашылығы – менің анамның көздері нашар көретін де, Күләй ана көзілдіріксіз кітап оқитын. Сексеннің сеңгірін көрген кейуаналар, әдетте, ақырын сөйлеп, аз қимылдаса, Күләй ана ширақ қозғалып, тез сөйлеуден ләззат алатын.

Тағдырының толқымалы соқпақтарында әбден құрыштай шыңдалған Күләй ана адалдыққа берік, екіжүзділікке, өтірікке қарсы қатал болды. Әрбір сөзін егжей-тегжейлі, нақтылы саралап, тура да толық жауап бергенде, жан-дүниесінің сырын ақтарады.

«…Қайбір жылы жиенім лицейді үздік бітірді. Заң бойынша, зерек балалар университетке жоғары баллмен түсе алатын еді, бірақ, жиенімді университетке қабылдамады. Мәселенің анық-қанығын білмек ниетпен, жалғыз өзім Алматыға жол тарттым. Білім және ғылым министрлігі сыртқы есігінің алдынан ұстап, ішіне кіргізбеді. Қаншама қанша ағымнан жарылып айтып, түсіндіруге тырыссам да, күзетші табалдырықтан аттатпады. Қаным қызып, ашуландым да былай дедім: «Қарағым, менің балам да министр болды, дегенмен, оның есігі халыққа әрқашанда ашық еді. Әрбір адам кабинетіне кіре алатын. Енді мен дереу Елбасына барамын да бүгінгі Білім және ғылым министрінің атына шағымданамын. Барлығыңды да шағымдаймын» деп, қаламымды алып, министрдің аты-жөнін жаза бастадым. Осы кезде бір әйел баласы пайда болып, мені министрлік ғимаратына кіргізді.

Ұлымның бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов болғанын естіген білім саласының басшысы мені шұғыл қабылдап: «Дүйсен Қарабайұлы менің жолдасым, өте беделді министр болатын. Балаңыз өте шыншыл, сезімтал, турашыл адам. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Осыншама алыс жолға неге әуре болдыңыз? Ол кісі маған қоңырау шалғанда, жеткілікті болар еді…» – деді.

Мен былай дедім: «Шырағым, жиенімнің білімінің көрсеткіш-балдары «өте жақсы», үздік, жоғарғы дәрежеде. Осы үшін араға таныс салудың қажеті жоқ. Білім қуып, ақ арманының қанатына мінген жас адамның университетке қабылданбауының нақты да дәлелді себептерін өз ауызыңыздан естісем деп келдім…»

Министр құжаттарыма қарап, жиенімді университетке қабылдады, құжаттарымды қайтарып, мені сыпайылықпен ғимараттың есігіне дейін шығарып салды…

Мен осылайша өзімнің құқымды қорғадым. Әркім өзінің хақ құқығын өзі қорғауы тиіс. Ең дұрысы да, осы.

Өз ұлымды бостан-босқа неге мазалайын? Министр дегенің – қазақша уәзір. Мені уәзір ұлымды уәжсіз ешқашан мазаламаймын. Бұл оқиғаны ұлық ұлым арада көп уақыт өткеннен кейін естіді…»

Осы кезде жанымызда біздің әңгімемізді мұқият тыңдап отырған Дүйсен мырза күліп жіберді. Барлығымыз қосылып, жатырай күлдік.

Мен әрбір сауалды қоярдың алдында Күләй ананың жібектей жұмсақ, менің туған шешемнің аяулы алақанын еске түсіретін жып-жылы қолдарын сүйіп отырдым…

 

Тақуалық табиғаты

Күләй ана Қарағандыдағы үйінің барлық бөлмелерін маған бір-бірлеп көрсетіп-таныстырды. Анасының көздеріне сағынышпен қарап, ішкі жан-дүниесінің асау сезімдері бұлқынған Дүйсен досымның көздері жасаурап, бөлмелерді бізбен бірге аралады. Жуынатын бөлмесі мен әжетханасына дейін қыздың жиған жүгіндей жинақы,  мұнтаздай таза, мұқият күтімді.

Күләй ана қолындағы асатаяғына таянып тұрып:  «Тазалықты өзім қадағалаймын және жасаймын. Жөндеу жұмыстарын Дүйсен балам жүргізіп берді…» деді

Бөлмелердің біреуінің пердесінің артында түрлі-түсті маталарға оралған көйлектерді көріп: «Бұлар не?» – деп сұрап едім, апамыз: «Ескі көйлектерім, жаңалары да бар. Киюге уақытым болмайды. Дүйсен үнемі алып келеді. Мен осы дүниеден қайтқаннан кейін туысқандарға, жағдайы нашар тұратындарға таратылады…» дегені…

«…мен дүниеден қайтқаннан кейін таратылады», деген сөздер ішімді өртеп жіберіп: «Неге қазір бермейсіз?» деппін.

«Қазір болмайды. «Әдет-ғұрып осындай, тек өмірден қайтқан соң ғана таратылады», – деп шешеімді сөйледі.

Күләй ана жүзі күлімдеп, түйіншектердің бірін ашып, жап-жаңа көйлектердің біреуін маған ұсынды. Мен киіп көріп едім, алыстан қарап тұрды да: «Алып кет, сенікі болсын, саған өте жарасып тұр» деді.

Мұндағы пальтолар, тері киімдер, су жаңа ішіктер, тіпті, біреуден емес, бірнеше данадан…

Асатаяғына таянып, көрші бөлмеге ақырын өтіп бара жатқан кейуананың бейнесі менің есіме Айтматовтың «Гүлсары»-сын түсірді…

 

Терең – батырады…

«Қойма» деп аталған бөлмеде қыс үшін барлық дайындықтар жасалған: алуан түрлі азық-түліктер, жеміс-жидектер, көптеген сусындар. Алып мейрамхананың азық қоймасына ұқсайды.

Апаммен сөзіміз жалғасып жатыр…

– Аймақтың аязы – алапат, қысы – қатал дейді ғой…

– Қатты болғанда қандай! Өте қатты. Минус қырық, қырық бес болады.

– Сонда сіз жалғыз өзіңіз сыртқа шыға бересіз бе?

– Әрине, нанымды өзім аламын. Бүкіл қажетті нәрселерді өзім істеймін, жалғыз өзім. Шықпасам, өліп қаламын…

– Неге Қазақстанда туу көрсеткіші төмен: халық санының аздығынан ба, әлде, табиғаттың қаталдығынан ба?

Екеуі де ұрпақ жалғастыруға кедергі емес. Тек, әлеуметтік теңсіздік пен әлсіздік – жастардың жолын жабады, жігерін жасытады. Әйтпесе, ақымақтар ғана көп бала тумайды. Әр қазақ отбасында алты-сегіз перзент болуы керек. Осыны үкімет ойлап-толғап, жобалап-жоспарлауы керек. Ұлым Дүйсеннің қызы Динара немеремнің төрт перзенті бар. Халықты, отанды ойлау керек, әрбір әйел көп балалы болуы керек. Біз түркілер көбейуге тиіспіз. Өйткені, тарихта бізді көп қырған… Әсіресе, біздер қыпшақтарға қиянат көп жасалды. Алтай – біздің отанымыз, сонда туып өстік. Енді ол жақта көп адам қалған жоқ. Бізді қырып жойып, жерімізі тартып алды…

Қазаққа көбеюді ойлауы керек, Үкімет қазақты көбейтуге күш салуға тиіс, Аталарымыз: «Көп – қорқытады, терең – батырады» деген, көпшілікті күшеншек жау ала алмайды…»

Күләй ана осылайша күрделі мәселеге тоқталып, толық жауабын екшелеп берді.

 

Ақ дастархандағы түркі туралы дәріс

Қабырғадағы көптеген суреттерге көз сүрінеді: бұл үйге кімдер келмеді дейсіз: Ельцин, Путин, Назарбаев, шетелдік атақты өнер және мемлекет қайраткерлері…. Әзербайжан жұртының аса атақты әншісі әрі мемлекеттік қайраткері Полат Бұлбұлоғлы, министрлер, мемлекет басшылары, басқалар…

Анамыздың қонақ бөлмесінде керемет дастархан әізленіпті. Дастарханда не жоқ дейсіз: қара және қызыл уылдырық; еттің түр-түрі, нешетүрлі тағамдар, сиыр, жылқы, қозы етінен жасалған тағамдармен бірге түрлі тәтті тағамдар

Қою сүтті шәйдің үстінде шешеміз шешіле түсті…

– Күләй апа, қыпшақтардың қилы тағдырын әр тарихшы әрқалай айтады…

– «Қыпшақ дегеніміз – асқақ рух, түркілердің текті рухы! Біздің түркілердің түгелінің рухты болатыны, сондықтан!

Білімі небәрі екі сынып оқыса да, мүйізі қарағадай ірі ғалымның білігін жинаған, білімді, қисынды, дәлелді, дәйекті мәліметтерімен шегелеген шешеміз тағы да: «Рухы таза, шынайы пейілді қазақ ұлтшыл болу керек және жер бетіндегі барлық түркілерді сүюге тиіс. Қазақ, өзбек, қырғыз, татар, түркмен, әзірбайжан т.б. бәріміз түркіміз: түркіні алалайтын адам – шын түркі емес. Түркілер тарихта ешқашан бірін-бірі алаламаған. Тегіміз – мықты, әдет-ғұрыптарымыз бірдей. Дініміз – бір, қанымыз – бір. Кітабымыз бен пайғамбарымыз – бір. Тәңірі бір, түркі баласы да – бірге болуы керек. Балаларымызға саналы, дұрыс тәрбие беруіміз керек»

 

Отан мен ана – егіз…

Өзім көптеген елдерді араладым, көптеген адамдармен, түбі бір бауырлармен, аналармен, аталармен кездестім, сөйлестім, жаздым. Бірақ, Күләй ана өзгеше болды, менің әлемімде. Абырой және қуаныш бұлағы – Күләй анаға тағзым етіп, алдында тізе бүгіп, қолынан, маңдайынан сүю – аз…

Отан және ұлттық сезімді сезінбегендер үшін, барлығымыз үшін Күләй ана – толыққанды академия іспетті. Оның әрбір сөзін жазып, ойларын, нақыл сөздерін, пікірлерін кітап етіп шығару керек. Бұл кітап, бәлкім, Хемингуэйдің «Шал және теңіз» атты кітабындай құнды болады…

Бүгіннің өзінде Күләй ананың рухы тым алыстан: «Әлемдегі ең ықпалды халық түркілер. Түбі бір түркілер әдет-ғұрыптарымызды, дәстүрлерімізді, тарихымызды, бір-бірімізді қорғауға міндеттіміз. Біз біріккіміз келеді, бірақ, әлем бізге қарсы тұр. Бірігуімізге мүмкіншілік бермейді. Әлем әлі де біздерден сескенеді, олар біз «барлық әлемге билік жүргізеді, деп қорқады. Демек, біз мықтымыз, қолымыздан іс келеді. Түркілерде қаруы күш пен намыс. Біз әділ ұлтпыз, көршілерімізбен дос және бауырласпыз. Қаншама жылдар бойы біз орыстармен қатар тұрып келеміз. Тәңірі бәрімізге өмір сүру құқығын бірдей берген. Бірақ, кейбіреулер күш қолданады, кіші халықтарды езеді. Тәңірі мұны кешірмейді. Бәріміз де бір күні өлеміз… Әлемде түркілердей екінші бір әділетті ұлт жоқ…»

*** *** ***

…Қиыр Сібір шөлдерінде сирек кездесетін бір анар ағашы бар. Жазда – ыстыққа, қыста – қатты аязға арқасын керіп-төзіп, өмір сүреді…

«Жыл сайын келіп қайтамын» деп, кейуанаға уәде бердім. Тәтті шырынды, кермек-қисынды сөздерін бойыма сіңіріп, әрбір сөзін қағазға түсіремін…

…Тәңірі жар болсын, Күләй ана! Сен өмір сүр, сөйтіп біздер де сенен рухани күш пен қуат алайық! Өнеге сіңірген рухыңызды үлгі тұтайық!

Сен – тек қазақтардың анасы емессің, сенің бойында күллі түркілердің рухы болғандықтан, барлық түркілердің де анасысың! Рухында отандық жалын, ішінде отандық махаббат болған сен – адамдарға, адамзатқа нұр шашасың! «Отанға намыспен, абыроймен қызмет етейік», дейсің…

Әттең, әрбіріміз сен секілді батыл, төзімді, қайратты, шыншыл бола алсақ… Ұлтымызды сен тәрізді терең сүйе алсақ…

Құрметтеп қолыңнан сүйемін, Күләй ана…

 

Түрік тілінен аударған Әбдіуақап ҚАРА

Осы айдарда

Back to top button