ГүлжазымТаңдаулы

«Әй, дүние-ай» Б.Нұржекеұлы

Бексұлтан Нұржекеұлы менің ең сүйікті жазушым. «Қазақтың Мопассаны» дейді оны оқырман. Махаббат жыршысы. Ең алғаш оқушы кезімде «Ерлі-зайыптылар» романы арқылы танысқам. Шығармаларында әйелдің тағдыры арқылы тұтас дәуірді бейнелейтіні ұнайды. Әйел жанының арашашысы секілді. Сезімтал қаламгер. «Ананың айтқан сөзін емес, айтпаған сөзін санаңмен, рухыңмен түсінуге тырыс» – дейді, ойлы оқырманына. Кітап қолыма былтыр тисе де кеше ғана бастап бүгін аяқтадым. Кітапқа қолым бір жетсе ашқарақтанып оқып тастайтыным бар. Ол әрине бір деммен оқуға итермелейтін қаламының құдіреті.

Роман мені әбден жылатты. Жазушы бұл шығарманы «қан сиіп» отырып жазған шығар-ау деген де ойға келдім. Жазушылық азап. Қазақтың басындағы осынша трагедияны көрсетіп жазу үшін жүрек те, білім де, жүйке де керек екенін жұлын жүйкеммен сезіндім-ау.

1916-1991 жылдар аралығындағы қазақтың қасіретін бір Шәйінің болмысы арқылы аша түскен. Қынадай қырылған қазақтың сұрауы жоқ па дейсің. Орыс ойына келген озбыр саясатын бүгінге дейін жүргізіп келе жатқанына зығырданың қайнайды. Ех, жүрегім, шыдас бермей, кеудемді кере туладың ғой…

…Жанымды тебіренткен кейіпкерлердің бірі әнші Қапез Байғабылұлы! Қайран Қапез! Қазақтың жастары идеал тұтса жарасатын жарқын тұлғасы. Тұп тұнық ойларың қандай еді. Саясат туралы айтқандары тіпті есеңгіретіп тастады… «Саясат – не өтірік емес, не шын да емес, сағымға оранған сиқыр нәрсе. Саясаттың түбін саясаткерлердің өзі де түсінбеуі мүмкін. Өйткені оның нәтижесі неше ғасырлардан соң белгілі боп жатады» …жүз жыл бұрын айтқан әңгімесі әлі де өзекті. Әр қазақ баласының білімді болғанын қалады. Репрессияның құрбаны болған есіл ер… Қапездің образы тамаша ашылған. Өзіңе қатысты көкіректе арман туды…

Ех, кейде қазақ өзіне өзі сор. Бірлік көрсету керек жерде қос атар мылтықтың оғындай бытырай жөнеледі. Өз жақсысын өзі сатады. Көре алмайды. Надандықтың пердесін түрем дегенге болысудың орнына жауласады… Әттең!

Жүзік жеңгей! Айналайын-ай, қыз балдарымыздың өзіңдей жанашыр, жүрекжұтқан, ақылы да, айласы да жететін жеңгелері болса аналары онша алаңдамас едік-ау. «Қазақ ұлдың тағдырына онша қам жей бермейді, өйткені ол өз ағдырын өз ішінде өткізеді. Ал қыздың тағдырын ақ сақалды атасынан бастап асық ойнаған баласына дейін уайымдайды. Өйткені оның бақыты сырт ел, жат босағаға байланысты» деуің қандай әсерлі сөз… Дала мектебі тәрбиелеген өзіңдей жеңгелерге біздер қазір зәруміз…

Тазабек! Жазушымен тілдесетін күн туса прототипін сұрағым келеді. Нағыз тұлға. Турашыл, бастамашыл азамат. Текті. Сырға берік. Махаббатқа адал. Білімге құштар. Азаматқа лайық деген қасиеттің бәрі де табылады бойынан. Ар-ұятына сүйеніп іс қылған қайран ЕР, өмір жолың неткен бұралаң еді… «Біз жарты ақылымызды қатынға қосып қойған халықпыз» дегенің қандай ұтымды сөз. Елім деген ер туса, оны қабатын иттің қоса туатыны ай…

Кобзев. «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» деген сөздің қадірін арттырған адам. Ақылды, адал, еңбекқор, мейірбан. Шығарманың соңына дейін сені бір сатқындық жасап қоймаса екен деп тілеуіңді тілегенім ше…

Авторға респект. Тарихи романда келтірілген көптеген факт архивтен алынған. Бес ай шаң жұтып, көзі көрмей қалғанша деректерді ақтарып барып жазған екен. Мұндай асылымыздың қадірін білу, шығармасын оқу, талдау, қаламгерлік шеберлігін үйрену, үлгі тұту – келер ұрпаққа артылған міндет. Біз сол үдеден шыға алсақ игі… Әй, дүние ай… Нобельге ұсынам. Бірақ мені кім тыңдар дейсіз?!)

P.S: Шығарманы оқып біткен соң «Қапездің қоштасуын» Алашұлы тобының орындауында тыңдауым сол екен, солқылдай жөнелдім…

⠀Әзәзілге сендің бе?

Айтқанына көндің бе?

Халқым деген Қапезді

Жау деп ұстап бердің бе?

(Қ.Б)

Гүлжаз ҚАРЫБЕК

Осы айдарда

Back to top button