ТаңдаулыТүркі жұртында

Нәзира дастан

Көңіл күнделігі

Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ,

Бас редактор.

Нәзира-дастан нақыштары

Низамидің назы мен Эмренің сазы

 

Бурсадан келгелі өзіммен өзім томаға-тұйық ой үстінде жүріп алдым. Жазайын десем, қаламым жүрмейді. Түнеукүні көрген концерттің «Құлақтан кіріп, бойды алған»  ғажайып ләззатты әсерін сана-түйсігім мен тұла бойыма сіңіргім келгендей ме қалай, өзі…

Қарашаның жиырмасынан жиырма біріне қараған түні иләһи түс көрдім. Жүніс Әміре мен Йассауи. Көз алдымда басына сәлде оранған қос қария…

«Заманында екеуі хат алысқан екен» деп қоям. Қазіргі принтерден қағаздың шыққанындай тастың арасынан төте жазумен қағаз шығып жатқанын көріп, аң-таңмын. Өң мен түстің арасында жатып, «түсімді Пайғамбар жорысын, бұл ұлы тұлғалардың дәргейі ұрпағыма дарысын» деп бет сипадым…

«Сөз асыл талай ғайып сыр ашатын,

Әлеммен сыры жұмбақ сырласатын.

Бүгін бардың ертең-ақ бәрі өшер,

Сөз ғана мәңгі жасап, майдан кешер!

Бақ солар, жібек шіріп, күмбез құлар,

Бәрі-бәрі желге кетер, тек сөз қалар». НИЗАМИ (Аударған Қ.Бекқожин).

Оянсам, таң сібірлеп атып келеді екен… «Әулиелі Бурсадан алған әсеріңді, түркі бірлігін хатқа таспала» дегені ме, не түс болды бұл…  (Халық арасында «Бурсада бала сиетін жер жоқ» деген сөз бар екен…)

Іле-шала бір жарым жыл бұрын түркі баласының асыл топырағы Түркістанда көрген түсімді есіме алдым. Түсімде ғажап іс көрдім. Көп адамның ортасындамын. Бұрқыратып әдемі, шырын жырлар оқылып жатыр. «Пәленшенің, Түгеншенің Нәзира дастаны» деп қояды.

Бір кезде мен оқыдым. Ол да қою, шырын өлең екен деймін. Жаныңды ерекше бір ләззатқа бөлейді. Ұзақ көрген түсім болды. Рахаттанып ояндым. Тілімде нәзира дастан…

«Нәзира» деген сөз – «өлеңсөз» деген мағына береді екен-ау, деп ойладым. Ақын қыз Нәзира Бердалының атын қойған ата-анасы немесе ата-әжесі бұл туралы білген боп тұр ғой. «Оның ақын болуы тегін емес» деп, екі күн ой құшағында жүрдім…

Көрген түсім – ойымнан кетер емес. Не айтқысы келді, Жаратқан Ием? Нені меңзейді?

Әлгі түсімді аузы дуалы қарияға жорытқанымда былай деді: «Керемет келісті түс екен. «Нәзира дәстүрі» деп – бұрынғы ата-бабаларымыздың мағынасын сақтай отырып, сөздерін заманауи қалыпқа салып айтатын жырлары. «Қызым, өзің жыр жазатын болсаң, осы Нәзира дастанды жазып көру керек» деген аян-ескерту. Дәл кәзіргі заманда өте керекті дүние. Шығарып жатқан журналыңыз – назирагөйліктің таза үлгісі. Өйткені, қаншама адамдардың көкірегін рухани құндылыққа толтырып жатыр. Назира дастан жазып шықсаң – жүректерге жетейін деп тұр. Әзірге бұйырғаны – жаңағы көрген рухани түсің...»

 

Алма Қыраубаева апайымыздың шәкірті, филолог Айсұлу Қасымбек  әпкеме де  жорытқанымда бүй деген еді.

«Біздің бәріміз өзімізден бұрынғыны қайта жаңғыртатын нәзирашылдармыз ғой….

Нәзирашылдық – өмірді тани білудің бір бағамы, бір қыры… Оны жазуға бел байлаудың өзі – адамның креативтілік яғни шығармашылық ойлауының жоғарылау, даму, ойтүйін жасай білу ерекшеліктерінің көрсеткіші.

Нәзирашылдық, біздің тілімізбен айтқанда  – поэзия жанрындағы интерпретация,  бұрын айтылған дүниені өзіндік ойымен, түсінік және осылай болғаны жөн деген нұсқасымен жеткізу, өзіндік стилімен беру.

Алайда нәзирашылдық ешқашан  көшірмешілік боп есептелген емес, себебі жазған адам өз қырын танытады, өз ойын тыңнан береді, атақты туындының өзіндік нұсқасын ұсынады. Қыз Жібектің, Қозы Көрпеш‑Баян сұлудың түрлі нұсқалары бар сияқты да…

Түс көрудің, түс жорудың өз жөні, өз әдебі бар. Түсті жорыт, ал өзің жорыған күнде жақсыға жоры деген қағида да бар. Ал онда қолыңды жай, жору да батаның бір түрі.

Я,бисмилла, Ұлық Алла!

Есіміңді айтып жайған қолға

Қызыр пайғамбар назарын түсір,

Ниетін қыздың еселеп қолда!

Тегінде барға – текті түс бердің,

Елеп бір айтар есті сөз бердің…

Сөз дегеніңіз – періште құсы,

Киесін көрер епті көз бергін!

Нәзирашылдық – нәмі бөлек нән,

Ол – сенім, білім… ойшылдыққа тән.

Бір ойды көрсең, онын тудырып,

Онын жүз қылып, ой жимаққа ‑ қам.

Нәзирашылдық –тарамды арна,

Бір ойдан тарар жүз ойды қарма.

Бір сөзде жатса – ой ойдың дәні,

Түрлі ойда жатар – мың жылдық салма.

Өзіңнің ойың – бал‑шырын еңбек,

Айтылғанды екшеп, қолдану өңдеп.

Журналың сенің – ойлар ордасы,

Сөздің зауыты, еңбегің өнбек.

Білмедім деме –  білдірер Өзі,

Білетін, Гүлжаз, келген ғой кезі.

Беретін кезде – берген де Өзі.

Нәзирашылдық – идея көзі.

Қасиет деген кезінде келер,

Жабықсаң Алла дауасын себер.

«Сарасөз» ‑ мінбер…

Қасқайып тұрып,

Өмір‑сұраққа – Жауабың берер!

Сөздің өнері – ғажайып кие,

Бұйдасы бөлек  нар текті түйе.

Түсің – қазына: ойдың көшінде,

Керуенбасысың – тізгінге ие.

 

Сөзге жығылған патша мен шенді,

Сөз теңестірген артық пен кемді.

Алладан пәрмен түсіңде келді,

Сенің қолыңда – ұқсату енді.

 

Маған айтқаның – жоруға құқық,

Тұма түсіңде ой жатыр тұнып.

Таратып қарап, тізбегін санап,

Жорыдым сүзіп, жауһарын іліп….

Ал оразада айтылған соң, ораза айттың соңғы күнінде жоруымды айттым, талдадым, түбіне үңілдім….Сүзгенім де, сызғаным да осы.

Осы жеті ой түйінмен жору жасадым, сөз қадірін білетін жан ретінде енді осы ойларды дамытып дара өзіңе бастау көздер етіп, ісіңді дамыта бер!

Бүгін туған күні болған Алма апайымның адами, ізгі, іскер қасиеттері дарысын саған, ісің өрлесін!Алла қолдасын, Қызыр‑Ілияс серігің болсын!

 

Айсұлу апайың, 26.05.2020 жыл.

 

Содан келіп, нәзира-дәстүрін өкшелей іздеп, шығыс шайырларының қалың тобына күмп бердім. Сөйтсем, түркі әдебиетіндегі осы қисса-дастан жанры шығыс жерінде кең таралған нәзира дәстүрімен тікелей байланысты екен. Нәзира дәстүрі туралы талай шығыстанушы ғалымдар құнды пікірлер айтыпты. Әрқайсысы «нәзира» терминіне әр түрлі атау бергенімен, түптеп келгенде, барлығы да «нәзира» сөзінің – «жауап» деген мағына беретіндігіне тоқтайды.

Нәзира, нәзирагөйлік (араб тілінен – жауап, ұқсату мағынасында) – Шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан әдеби үрдіс. Бір ақынның жырын кейінірек басқа бір әріптес шайырдың қайта шиыршықтата жырлауы немесе алғашқыға – соңғысының «жауап» қатуы ғой. Бұл жерде, әлбетте, түпнұсқа, бастапқы туындының оқиғалар желісі, кейіпкерлері, өлең ырғағы, ұйқасы, көркемдеу құралдары мейлінше еркін пайдаланылады.

Нәзирагөйлік дәстүрі – қазақ поэзиясында да дамыды. Қасиетті Құран желілерінен, көне аңыздардан, «Мың бір түн», «Шахнама», «Тотынама», «Жүсіп-Зылиха»,  «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын» т.с.с. ізгі іздерімен қағаз бетіне түскен дастан-қиссалар қазақ әдебиетінде жеткілікті. Ортағасырлық шығыс маржандарынан тамыр алған Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны қазақтың өлең өнеріндегі нәзиралық үлгінің дара сипаты.

Бір қызығы, нәзира дәстүрімен жазылған шығармаларды зерттеу барысында, әсіресе Түркия елінің Н.Банарлы, А.Инан, Ф.Көпрүлузаде, А.Рефик секілді ірі ғалымдары мол үлес қосыпты.

Тарихы терең нәзира дәстүрі – араб тілінде үрдіс ретінде үдере тарап, кейін парсы әдебиетінде қайта жаңғырыпты. Қисса-дастандар орта ғасырда ғашықтық, батырлық һәм діни шығармалардың жазылуына түрткі болды. XIII-XIV ғасырда көне қыпшақ тілінде жазылған түркі әдебиетіндегі қиссаның тамаша үлгілері Сайф Сараидің «Гүлстаны», Әлидің «Қисса Жүсібі», Құтыбтың «Хұсрау-Шырыны», Хұсам Кәтибтің «Жұм-жұмасы» және, Рабғұзидің қиссалары дүр сілкіндірді.

Ал, Алтын Орда дәуірінде көркем әдебиет екі түрмен өріле дамыған: біріншіден, аударма-нәзиралық шығармалар қатарына «Хұсрау-Шырын», «Гүлстан», «Қисас-үл әнбия», «Нахжүл Фарадис», «Қисса Жүсіп», «Жұм-жұма» енсе; екіншіден, Мухаббат-нама» – тың тума әдебиет үлгісі саналды.

Әзірбайжан халқының ұлық ақыны Низами Гәнжауи ХІ ғасырда өзінің атақты «Хұсрау мен Шырын» поэмасын жазды, нәзира дәстүрімен жырлаған шоқтығы биік – «Хұсрау-Шырын» дастанының орны айрықша. Арада үш ғасыр өткенде (ХІV ғасыр) Дешті Қыпшақ даласында қыпшақ ақыны Құтыбтың «Хұсрау-Шырын» дастаны жазылды. Ал, өзбек ақыны Науаидың өзімізге етене таныс өмірге жақындатылған нұсқасы «Фархад-Шырын» аталып, өзгешерек құралды.

Низами Гәнжауиге ғашықтық поэма жазу туралы ұсыныс түсіп, ақын ежелгі Иранның тарихи деректемелер іздеуге кіріскенде,  назарына өзінің жарына деген адал махаббатын өлімімен дәлелдеген  сұлу Шырын түседі. Кейбіреулердің болжамынша, Шырын образы – Низамидің сүйікті жары, қыпшақ қызы Афактың бейнесі болуы әбден мүмкін. Фирдоусидің «Шахнамасындағы» арнайы бөлімде де шырайлы Шырын бейнесі бар.

Әлем әдебиетінде әйел бейнесінің кең тараған түрлерінің бірі – ғашық жардың образы. Ақжүніс, Гүлбаршын, Ләйлі – сұлулықтың символы ғана емес, ақыл-парасаттың да үлгісі.

«Хұсрау-Шырын» дастанындағы Шырынның тарихи тұлғалық бейнесі ғаламат. Енді Хұсраудың бірнеше әйелге үйленгенімен, ешбірін Шырын секілді құлай сүймеуі – шайырдың төл тағдырымен астасып жатыр. Фирдоуси нұсқасында Шырын берген удан Мариям қайтыс болады, ал, Низами бұл жағдайға «Шырын ондай опасыздыққа баратын жан емес» деп, үзілді-кесілді қарсы шығады.

Хұсрау бейнесі – дастандағы ең күрделі образ. Батылдығы, адамгершілігі, сұлулығы бір басына жетіп-артылатын Хұсрау – менмендіктің қақпанына шырмалғандай көрінеді. Тіпті, ерлік істерді де ол – ақыл-парасаты мол Шырынның нұсқауымен орындайды. Шырынның ықпалымен Хұсрау әділ билеушіге айналады. Хұсрау бейнесі екіге бөлінеді: бірі – махаббатқа опасыз, ойын-сауыққа құмар; екіншісі – елге қайырымды, әділ билеуші.

Хұсрау бейнесі – махаббатты жырлағанымен, нағыз ғашық жанның күйзелісі емес, тереңінде тазалығы кем, эгоистік сезім жатыр. Хұсраудың жеңісі – оның рухани күйреуінің көрінісі ғана…

 

*** *** ***

 

Низами Гәнжауиден «Ескi шөңгелердi қопарып тастамасаң, жас өскiн өспейдi» деген өсиет сөз қалыпты. Не деген шындық түйін!

Соңғы кезде мен ән тыңдамайтын болғам. Кішкентайымнан ыңылдап, домбыра шертіп өскен баламын ғой. Таза дауыс емес, әбден өңделген фонограмма әсер етуден қалған. Бір мен ғана емес, жалпы ел ығыр болды білем, жасандылықтан. Елден ала келген домбырамды анда санда өзім шертіп, мауқымды басамын, қазір…

Құдайдың шеберлігінде шек бар ма: Қырғызстанда туылып, Түркістанда өскен, Түркиеге білім-тәжірибе тіртінектеуге келген өзім туралы көп ойланам. Жаратқан Ием мені «түркіге ортақ тұлға, ел анасы болсын деген шығар» деп толғанып жүргем. «Міне, олай болса, саған мүмкіндік» деп, Бурсаға жол түсті…

 

*** *** ***

 

Қазақтың қадірлі перзенті Дүйсен Қасейінов тізгінін ұстаған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2021 жылды «Низамидің 880 жылдығы», «Юнус Эмренің 700 жылдығы» деп жариялап, мерейтойларын жылдың басынан бері түрлі іс-шаралармен атап өтіп келеді. Соның бірегейі – өзім тікелей ат басын тіреген шалқыма шара-концерттер легі деп түсіндім…

Низамидің нақышты назын айтып, Әміренің әсерлі сазы туралы ұмыту – қиянат болар еді.

«Көкіректі кеңдей қылып кермедім,

Көр ауқатқа «көмілем» деп келмедім.

Құдіретті Құдай менен дос болып,

Көңілдерді көтеруге келгенмін», – деп, бес күн тірліктегі тұғырын сайлап алған түріктің тарпаң ақыны, ежелден қазақ баласы Жүніс Әміре (Yunus Emre, Юнус Эмре) атаған аса алып шайырдың аты әлемді аралап кеткен…

Ылғи исламдық ақиқатты жырлап өткен Юнус Эмре – негізінде Алла мен адам сүйіспеншілігі жатқан сопылық идеяның болмысында туған ақын. Барлық сопылар сияқты Юнус та «Алла ғана жалғыз шынайы болмыс иесі» деген тұрғыдан ой қозғайды. Алла, иләһи махаббат, болмыс, жоқтық, өмір мен өлім сынды тақырыптарды көп қаужаған Әміре болмыс пен тіршілікті, өлім мен махаббатты, өмір мен ғаламды сопылық сүйіспеншілік көзқарасы бойынша жырлайды.

 «Ғаламдағы барлық тіршілік пен болмыс иелеріне сүйіспеншілікпен, махаббатпен қарау керек» деген тұжырыммен өлең өрген Жүніс Әміре Анадолыдағы Қожа Ахмет Иасауи жолын қуған сопылық мектептің негізін қалаған түрік ақыны.  Кейбір ескі қолжазбаларда оның хижра бойынша 720 ж. 82 жасында қайтыс болғандығы туралы ақбар қалған. Бұл деректерді оның өз шығармалары да («Насихаттар кітабы») растайды. Түркияның әртүрлі аймақтарында Жүніс Әміреге арналып кұлпытастар қойылып, мазарлар салынған.

«Жаратылыс және жалпы жәндіктерді Құдай жаратқандығы үшін сүйем», деп жар салып, «жер шарындағы бүкіл адамзатқа бірдей мәміле жасаймын» деген қарапайым дәруіш Жүніс Әміре Европадағы «гуманизм» ағымы басталған дәуірден екі ғасыр бұрын өмір сүріп, жеті жүз жыл бұрынғы тұңғиық тұрмыстың тереңінде қалған адамзатты адасудан жарыққа шығаруға бар күш-қайратын салған әлемдік деңгейдегі аса ірі ақын…

Сондықтан, шығыс шайырларының тұңғиық құпиясына ден қойып, жырлары мен саздарының ләззатына балқыған мен «нағыз музыканың құдіретін осы жолы түсіндім» деп ауыз толтырып айта аламын. Ұлы музыканың, музыканттардың әлемін түсіну – Миғраж сапарына жетелегендей еді…

Тиісті жеріме концерттен бір күн барғанымның пайдасы тиді. Кешкі асты музыканттармен бірге ішіп, сұқбат бастап та кеттім. Алматыдан келген композитор, жылы жүзді Хабибулла Сетеков ағамның жанына жайғастым. Таныса келе: «Ой, айналайын, қырғыздың қызысың, қазақша білесің, өзбекше түсінесің, орысша, түрікше білесің. Міне, ғажап!» – деп, арқамнан қаққанда, демімді ішіме тарттым. Иә, Халықаралық журналистикаға ауыз сала бастағанымды өмір көрген ағам, айтпай ақ түсінді…

Эдирнеде, Текирдакта өткен концерттер туралы айтып отырып, ағамыз «Юнус Эмре бабамыз» деген шығарма жазғанынынан хабардар етті.

– Қылқобызда Ақерке Тәжібаева сүйемелдейді. Солистер Назым Сағынтай мен Таир Тажигулов орындайды, – деп, өнерпаздармен де таныстырып өтті.

Әңгіме арасында «Әттең, осы концертті Еуропада көрсете алсақ қой» деді. «Еуропалықтар бізді «әлі атта шауып жүр» деп менсінбей, «үшінші сорттағы адамдар» деп қарайды ғой» – деп, қалды…

Күндіз-түні тыным таппай, осынау орасан шараларға ұйытқы болып, жүзеге асырып, жүгіріп жүрген Дүйсен Қорабайұлына өз тарапынан: «Жүз емес, жүз елу жыл жасасын!» – деп, ағынан жарылып, алғыс жаудырды. Әумин!

Алпамса кеуделі, тенор дауысты  қырғыз ағам Айбек Саралаев Юнус Эмренің бүкіл түрік жұрты жатқа шырқайтын «Аskin Aldi Benden Beni» әнін орындайды екен…

Әзербайжанның мақтанышы, әнші Илхом Назаровпен де шүйіркелесудің сәті түсті…

 

 Сәруардың нұры.

 

(…Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуі, әзербайжанның кануны, қазақтың қылқобызы, қырғыздың комузы, түріктің сыбызғысы, өзбектің найы кештің сәнін кіргізді. Әр елдің аспабында өзінше үн, мінез бар. Оны саңырау болмасаң түсінбеу, сезінбеу мүмкін емес…

Адам сәпиге берілген үн ше? Тенор, сопрано, контр-тенор, пиано… Адам мен аспабтың  үні қоса  шыққанда тау тас егіліп жылайтындай, аққан су, құтырған жел тоқтап қалатындай. Ұшқан құс, жүгірген аң елітіп тыңдап тұратындай…

Ұлы музыканың дәргейімен Пайғамбардан кейін Миғражға көтерілген үмбеті бола қалсам… (Мұндай сөйлем қолданғаным үшін кешірім сұраймын) Алланың нағыз хабибі Мұхаммед секілді жеті қат көкке көтерілгенде, Жаратушының дидарына қауыша қалсам, сауалдарымды жаңбырша жаудырармын:

Жаратқан Аллам, бұл музыкалық аспаптарды жаратудағы мақсатың не?..

Адам сәпиге неге түрлі үн бердің?..

Музыканы неге адам рухын емдейтін еттің?..

Бұл сапардың дәл маған нәсіп болғанының хикметі не?

«Саған дүкен етіп, қаламды бекер дарытқам жоқ. Адамзаттың ынтымағы, бірлігі туралы қаузай түссе дедім… Музыканың құдіретін өзіңе ұқсаған өлең сүйетін, аспап шертетін адам қалың бұқараға жеткізбесе – кім жеткізеді?…»)

 

***

 

…Қазақстан Ұлттық арнасының Түркиядағы тілшісі Айдос ағам екеуміз Бурса сапарын мағыналы еткіміз келіп, 1399 жылы салынған ұлы жәми мешітіне бас сұқтық. Дәретімізді алып, кәлима айтып, екі бас намазға жығылдық. Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айттық. «Бас амандығымызбен қоса, түркі халықтарын ынтымағынан айырма» деп дұға еттік!

Бурсаның жібегінен беторамал алдық. Мәшһүр кестане (kestane) тәттісін «үйдегілерге базарлық» деп, «чөнтөгүмүзгө» ырғыттық. Бурса-кебаптан да дәм таттық. Тұз дәм тартса, пенде бейшара қайда жүрмейді десеңізші…

Концерттен соң, сәті түсіп, тамақ үстінде Дүйсен ағамнан: «Аға, әр жоба сіздің іштен шыққан перзентіңіз секілді ғой, қандай сезімдесіз?» деп сұрадым. Жылы жүзді ағам, жымиып қана: «Бұл концертке жеті, сегіз ай дайындалдық. Егер осынша уақыт дайындалмасақ, мұндай жоғары деңгейдегі концерт өтпес еді» деді.

Сөздің расы да, осы…

 

…Музыканың жаным мен тәнімді емдегені – анық. Қайтар жолда жүрегім айнып, көлікті тоқтатуға тура келді… Үлкендердің «кесел кетті» дегені осы болар, бәлкім, кім білсін…

Көңілдің өсуінен сақта, Жаббар Ием! Саған деген ықыласым суыған емес, ықыласымнан танырсың…

Әлі талай сапарды нәсіп ететініңді сезем…

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдемі әсер, пайымды пікірлер

 

Чинара Хейдарова, Әзербайжан, солист:Түркінің ірі тұлғалары Низами Гянджауи мен Юнус Эмре туралы кеңірек насихаттап, терең шаралар өткізгеніміз – өте орынды. Низами – өте ұлықты пәлсапашы. Оған ұқсаған шайырлар мың жылда бір туылады. Әркімнің өз орны, өз ғажабы, өз биіктігі бар. TÜRKSOY Халықаралық түркі мәдениеті ынтымақтастығы ұйымы – менің екінші үйім, ыстық отаным; ол ұйымдастырған гастрольдер мен концерттерге он жылдан астам уақыт қатысып жүрмін,  әрдайым құшақ жая қарсы алады.

Айбек Саралаев, Қырғызстан, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі: – Түркі халықтарының классиктеріне арналған концерттермен көптеген қалаларды араладым. Ірі тұлғалардың мерейтойын түркі халықтарының бірігіп тойлап жатқаны – зор қуаныш сыйлайды. Өзім орындаған Юнус Эмренің танымал шығармасы көптің көңілінен шықты. Репертуарыма түркі халықтарына белгілі белді шығарманың қосылғанына разымын.

Назым Сағынтай, Қазақстан, солист: – ТҮРКСОЙ ұйымымен бұған дейін Жапония, Кипр, Испания мемлекеттеріне бардым. Бұл күндерді ешқашан ұмытпаймын.

Алибек Абдурахманов, Өзбекстан, Өзбекстанның Ұлттық-симфониялық оркестрінің бас дирижеры:Түрік оркестрлерімен және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркменстан елдерінің үздік керемет солистерімен бірге жұмыс жасап, концерт қою – үлкен мәртебе. Бұл – ТҮРКСОЙ ұйымының аса ауқымды да абыройлы жобасы болды.

Рашад Маммадов, Әзербайжан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:Әзербайжанның ұлы ақыны Низами Гянджеуи (туылғанына 800 жыл) мен түріктің алып шайыры Юнус Эмренің (өмірден қөткеніне 700 жыл) құрметіне арнап, ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен Түркияның Бурса қаласында ұйымдастырылып, бізді 1000 жылға артқа қайтарып, есімізге салған өте ғажап концертке түрік әлемнің түкпір-түкпірінен (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Әзербайжан) ең мықты, танымал деген композиторлар мен орындаушылар қатысып, Бурса қаласының оркестрі сүйемелдеп, ортақ тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді бір арнаға құйды. Түркі халықтарының ынтымақ-бірлігі арта берсін!

Ақерке Тәжібаева, Қазақстан, солист: – Қылқобызшы ретінде халқымыздың рухани жансерігіне айналған қылқобызды насихаттаумен қатар, Юнус Эмре мен Низамиді еске алуға арналған дүбірлі тойларда көптеген туыс елдердің өнер майталмандарымен тәжірибе алмастық. Мен Низамидың сөздеріне жазылған Әзірбайжан әнін орындап, Хабибулла Сетеков ағамыздың Юнус Эмреге арналған әнінің тұсауын кестік. Бұл концертте түркі халықтарының өзара достығы нығайып, бауырлық байланысы бекемделе түсті.

Ильхам Назаров, Әзербайжан, Әзербайжанның еңбек сіңірген әртісі, Әзербайжанның алғашқы контртеноры, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Әлем бойынша (Францияда, Англияда, Италияда т.б.) ең мықты вокал мұғалімі: – Түрксойдың іс-шараларының барлығы өте жоғары деңгейде өтеді. Мен Түрксойдың фестивальдерінде өте көп қатысамын. Қазақстанға өткен «Voise of Astana» байқауында Т.Мұхамеджановтың «Менің қалам» әнін орындап, лауреат атандым. Түрік халықтарының бірлігіне үлесім тиіп жатқаны үшін бақыттымын!

Хабибулла Сетеков, Қазақстан, композитор: – Юнус Эмренің шығармаларын композиторлар өңдеп, симфониялық оркестр сүйемелдегенде, жаңаша сипатқа ие болды. Юнус Эмреге арналған менің жаңа әнімнің тұсауы кесілді. Түркі халықтарының өздеріне тән таңғажайып аспаптарын тыңдап, көңіл-күйіміз ерекше көтерілді. Бұл бастаманы әрі қарай дамыта түсу керек. Осынау орасан шаруаларды ілкімді ұйымдастырып, дүниежүзіне түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін танытуда шексіз жұмыстар атқарып жүрген TÜRKSOY Халықаралық түркі мәдениеті ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке айрықша алғысымыз мол. Егер Еуропада өнер көрсетсек, түркі халықтарының мәдениеті танылып қана қоймай, Еуропаның ойы да мүлдем оңды бағытқа өзгеретін еді.

Хатидже Зейналова, Әзербайжан, композитор: – Германиядан арнайы келдім. Низамиді жаным сүйеді, оның шығармаларына арналған менің туындыларым көп. Юнус Эмреге де арнап туындылар жаздым. Симфониялық оркестрмен концерт беру бақыты – күнде бұйыра бермейді. ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлына шын ниетіммен үлкен алғыс айтамын.

 

 

ТүркістанТүркия.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button