Алаш тағылымыТаңдаулы

«Ахметтану» ғылымы Анадолыда дәріптелді

Анкарада «Қазақ тілінің бетбұрыс кезеңі» атты Халықаралық ғылыми конференция алаш арысы «Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек» деген қанатты сөз қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына сәйкес шымылдығын ашты.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Түркияның Түрік тілі мекемесінің бастамасымен ұйымдастырылған Анадолыдағы басқосуда мейлінше жаңашыл, барынша байыпты реформатор ғалымның өнеге толы өмір жолы ардақталып, болашақ ұрпақ үшін аянбай еткен қызметі лайықты дәріптелді.

Түркиядағы қазақ елшісі Абзал Сапарбекұлы бастаған қауымның ішінде ғалымдар, түркологтар, студент жастардың қарасы қалың болды. ТҮРКСОЙ ұйымының шақыруымен Қазақстаннан Амантай Шәріп пен Анар Фазылжан, Түркиядан Гүлжанат Құрманғали, Қырғызстаннан Мэрим Колбаева, Әзірбайжаннан Эльчин Ибрахим, Өзбекстаннан Эргаш Абдувалитов секілді түркі әлеміне белгілі ғалымдар арнайы келді.

««Балам» деген жұрт болмаса – «жұртым» дейтін бала қайдан шықсын!»» деген дана сөздің иесі «Ахметтану ғылымының» даму дәргейі туралы сөз қозғалды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ғылыми институтының директоры Анар Фазылжан:

«Қазақстан биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атайды. Байтұрсынұлының мұрасын зерттеу өте белсенді жүруде. Оның мұрасын тек қана тіл мамандары ғана емес, әдебиеттанушы, филолог, тарихшы ғалымдар ғана емес педагог психологтар, саясаткерлер, әлеуметтанушылар да қызығушылықпен қарап зерттеп жатыр. Себебі Байтұрсынұлының өзінің тұлғасы өте сан қырлы. Мұндай тұлғалар бір ғана ұлттың тарихында ғана емес, адамзат тарихында саусақпен санарлық. Мұндай тұлғалардың ерекше қасиеті сонда өзінің ұлтын жайбарақат «камфортта» жатқан ойсыз ұлтын тұлғалардың арқасында жоғарғы деңгейге көтеріледі. Ахмет Байтұрсынұлы осыны түсінген, қазақтың маңдайына біткен тұлға. Баяндамамда біздің зертеуіміздің нәтижесінде белгілі болған жиырма төрт қырын атап көрсеттім. Анықтамаған қанша қыры бар. Менің ойымша әлемдік деңгейде қандай тұлғалармен ұқсас? Бірақ теңестіруге келмейді. Мысалы Махат Магандиді, Михаил Ломоносовты айтуға болады. Ломоносовпен ұқсастығы неде? Ол орыстың грамматикасын жазды. Орыс тілін, ғылымын академиялық жолмен ұйымдастырды. Ол мықты химик те, физик те болды. Неге ол орыстың грамматикасын жазды? Ол сонда бүй деді: Орыстың тілі халоптың тілі емес, орыстың тілі ғылымның қиын қалтарыстарын жеткізе алатын тіл. Сондықтан біз оның ең алдымен грамматикасын реттеп алуымыз керек деді. Міне соның арқасында қазір ғылымда «руский феномен» деген термин бар. Оның мәнісі мынады: Егер сол кезде Ломоносов бірінші болып грамматиканы жазып, тілді ғылымға икемдемесе онда орыстар тұңғыш болып ғарышқа ұшпас еді дейді. Ал біздің феноменіміз Байтұрсынұлының феномені. Бүгінгі күні тәуелсіздігімізді алып, әр қазақтың санасында ұлтым, отаным, елім деген концептілер, ұғымдар, түсініктер болатын болса, Қазақстан қандай да бір жетістікке жетіп жатса оның барлығы кезінде Ахмет Байтұрсынұлының қыр баласының сауатын ашып, жасаған әліппесінің, әлибиінің, тіл құралының арқасы.

Байтұрсынұлының мұрасын зерттеуде әттеген айлар әлі бар, жетіп жатыр. Біз сол үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты «Ахметтану» бөлімін аштық. Біреулер ойлайды «Ахметтану» бөлімінде тіс қаққан өмір бойы Ахметтің мұрасын зерттеген ғалымдар отыр деп. Иә, ондай ғалымдар қажет, ондай ғалымдар бар. Бірақ біздің бөлімде жастар. Біздің ойымызша Ахметтану әрбір ұрпақтың міндеті болуы керек. Сондықтан біздің бөлімде жас ғалымдар еңбектеніп жатыр. Оның мұрасын жан жақты, әсіресе тіл танымдық мұрасын заманауи әлемдік лингвистикаларының озық теориялары тұрғысынан қарауымыз керек. Бір қызығы бүгінгі күні заманауи теория деп жүргеніміздің барлығы болмаса да көбі Байтұрсынұлының зерттеулерінде берілген. Бірақ ол кісі өз еңбектерін терминдермен, ғылыми ортаға арнап жазбаған. Ол кісінің көксеген арманы халқының сауатын ашу. Сондықтан да оның практикалық мәнде еңбектерінің астарында керемет дүниелер, теориялар жатыр. Бір ғана мысал: «фонема теориясы» деген лингвистикада теория бар. Ол кезіндегі атом теориясының базасында жасалды. Жаратылыстану ғылымында Европада дүниенің ең кішкентай  бөлінбейтін бөлшегін іздеу идея күшті болды. Сол идея жаратылыстану ғылымында бірінші қалыптасты. Содан кейін барып, гуманитарлық және тіл зерттеулеріне көшті. Ал бізде керісінше ұлттық тіл білімі қалыптасты. Тілдің ең кішкентай бірлігі ретінде санадағы дыбыс бірліктерін анықтады. Бір қызығы осы санадағы дыбыс бірліктерін анықтаған зерттеулері Ресей ғылымындағы фонема теориясы қалыптасқан уақыттан әлдеқайда бұрын болған. Қазір біз мысалы «фонема теориясы» дегенді ресей ғалымдарынан оқып үйреніп жүрміз, ал Байтұрсынұлы бұл мәселені одан он, он бес жыл бұрын жан жақты зерттеп, өзінің тіл құралында анық көрсеткен тұғын. Егер сол кезде қоғам дамыған болса, қазақ баласы сауатты болса Байтұрсынұлы теориялық зерттеулер жазып, аты әлемге жайылған атақты ғалым болар еді…»

Түркияның Түрік тілі мекемесінің басшысы Гүрер Гүлсевен  былай деді: «Қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртының ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының екі өсиеті есімде мәңгілік қалды, біріншісі, «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» дейді; екіншісі, «Пайғамбарымыз Мұхаммедті, исламды жұрты ұрып-соқты, тілімен балағаттады. Ол бәріне де шыдады, жеңді. Шыдам мен сабыр ең күшті қару» дейді. Неткен ғажайып сөздер десеңші! Ахмет Байтұрсынұлы – шыдам мен сабырдың ұстазы. Алда жоспар көп. Ахмет Байтұрсынұлы отанынан тыс ең көп Анадолыда зерттелген. Тіпті, түрік тілінде Алаш ардақтысы жайлы диссертациялар қорғалып, кітаптар жарық көрген».

ТҮРКСОЙ-дың штаб пәтерінде өткен шара барысында  Серікбай Оспанұлының «Ұлт ұстазы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Көпшілік қауымға арналған жинақта Алаштың арда азаматының өмірі мен шығармашылығы, әріптес- достары мен жақындарының мақалалары топтастырылған.

Қазақтың айтыскер ақын қызы Әсем Ережеқызының ұлт ұстазына қос тілде арнауынын кейін Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов: «Ахмет Байтұрсыновтың танымаған тілі де, түсінбеген ғылымы да аз. «Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ», «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегеннен бастап, «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!», «ілімдіден не пайда – білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда – қайырымы қайтпаса» дейтін ақиқатқа дейін аршып кеткен» деп, ғылыми конференция қатысушыларына алғыс айтып, лайықты белсенді қауымды арнайы марапаттады.

Рас-ау, қазақтың баласы мен даласын, қаламы мен қаласын қазыналы қиялымен әспеттеп өткен ұлтымыздың ұлықты ұстазы, таутұлғалы тәлімгері Ахмет Байтұрсынұлы:

«Мен өлсем де өлемін жөнімменен,

Тәннен басқа немді алар өлім менен?!

Өлген күні апарып тығары – гөр,

Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.

Тән көмілер, көмілмес еткем ісім,

Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,

Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін!» – дегені дәл келіп, сүйікті ұлты һәм сүйкімді жұрты – ерен еркіндік пен баянды бостандықтың арайлы таңында ғұмыр кешіп жатыр…

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

ТҮРКИЯ.

Осы айдарда

Back to top button