Қоғам және бізТаңдаулы

Бетбұрыс

(С.Қирабайұлы туралы үзік сыр)

1990 жылдың қоңыр күзі. «Социалистік Қазақстан» газетінен басшыммен жараспай қызметтен шығып қалдым. Ендігі ойым жазушылыққа ден қою. «Алматы ақшамы» газетінде «Адасқандар» ақиқаты» аталатын роман жайлы  жазылған лабораториялық хикаятым 12 номерге жалғаса жарияланып, жағымды мақтаулар есітіп масайрап жүрген шағым. «Ой, мынауың көркем шығармаға бергісіз», «Роман жайында повесть жазған сыншыны кім көрген? Мынауың жаңалық…» Бір қызығы қазақ әдеби сынында «жаңалық» жасап жүрген пақырыңыз қызметсіз…

Алдымдағы ақ телефон шар ете түсті. Көтердім. Шиқылдаңқырап шығатын шыңылтыр үн. Аз-кем амандықтан соң:

  • Құлбек сен, бізге М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер

институтына қызметке келуге қалайсың?

  • Жоқ, Сераға бармаймын.
  • Е, неге?
  • Роман жазсам деп…

–  Сәбит Мұқановтан  жақсылық көріп өскен ұрпақпыз. «Алматы ақшамы»

газетінде жарияланып жатқан дүниеңмен кандидаттық диссертация қорғатпаймын ба?

  • Рахмет аға, ана Сейсенбі, Бейсенбі сияқты кандидат болғанымша,

көркем шығарма жазайын. Қоқан, Хиуа хандығының қазаққа қысымы туралы тарихи роман жазуға жиналып жүрмін. Ғалым болмаймын, Сераға!

  • Жарайды онда, өзің біл.

Арада екі-үш күн өткен. Тыстан кірген бетім. Баян сөйлей қарсы алды.

  • Серік ағай телефондады. Сені қызметке шақырған екен. «Бармаймын.

Жазушы боламын»-деп кергіпсің ғой… Әйел емес пе? Сыздықтатты… Серік ағай: «Ана Құлбекке түсіндірсейші, қарағым. Жазушының күні күн болмаймын деп тұр емес пе?! Бізге келсін. Диссертация қорғап алсын. Романын жаза берсін.Уақыттан қыспаймын»-деді. Үлкен басымен телефондап қызметке шақырып отыр. Абзалы аяғыңмен барып жолығып қайтқаның. Берген қызметі ұнаса – істерсің, ұнамаса – жағдайыңды түсіндіріп айтсайшы…

Іле қарағай иісі кеппеген су жаңа  «Өтебай Тұрманжанов»  аталатын

кітабымды қолтығыма қыстым да Академияға тарттым. Абырой болғанда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директоры  орнында екен. Сұраумен қарсы алды:

  • Сенің роман жазуыңа аптаның қанша күні керек?
  • Алты күні… (Қызметке келмеудің амалы.)
  • Онда сейсенбі күні түске дейін қызметке кел, аптаның қалған алты

жарым күнінде романыңды жаза бер. Оған дейін «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған «Адасқандар» ақиқатын» машинкаға бастырып маған әкеліп таста…

Осы екі арада хатшысы кіріп келді.Хатшысына бұрылған Серік ағамның айтқаны: «Бақыт мына Құлбекке «Қазіргі қазақ әдебиеті» бөліміне ғылыми қызметкерлікке бұйрық дайында. Сейіт орнында ма? Маған кірсінші…» Өзі маған қарап сөйлеп отыр. Іле-шала институттың ғалым-хатшысы Сейіт Қасқабасов келіп кірді. Ғалым-хатшыға  айтқаны: «Сейіт мына Құлбекті қызметке қабылдадық. Қарсы емессің бе? Қарсы болмасаң, бір-екі күнде диссертациясын бастырып әкеледі. Бір данасын мен санаторийге ала кетейін. Бір данасын Сен алып , таныс, советке дайында…»

…Түс көргендей болып мен отырмын. Алғыс айтып, қызметтен бас тартамын деп келген басым. Санаулы уақыт ішінде Ғылым академиясының білдей қызметкеріне айналып шыға келдім..«Ғылыми қызметкер…»

Ертеңіне директорға қайта кіріп «Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының творчестволық тарихы» аталатын кандидаттық диссертацияны арнайы жазуға зорға рұқсат алып шықтым.

Жыл, жыл-жарым уақыт ішінде шикілі-пісілі жазылған еңбекпен кандидаттық диссертация қорғадым-ау. Ертеңіне Мәскеуге құжат дайындау үшін кіргенім. «Құлбек, докторлық тақырыбын «Сәбит Мұқановтың жазушылық лабораториясы» атасақ қайтеді?»-дейді… Бір бақытты басыма сыйғыза алмай тұрғанда аяулы ұстаз бақытқа бастайтын екінші қақапаны ашып қойып қарап тұр…

Бас-аяғы үш-төрт жыл беделінде академик Серік Қирабайұлы жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертация қорғадық.  Әрине,  бірден ғалым болдым деп отырған мен жоқ. О, ол басқа дүние! Әрдәйім-әрдәйім ойланамын. Егер деймін-ау, сол жолы аяулы ұстаз Серік Қирабайұлы мені қинаңқырап ғылым жолына жетелей жөнелмесе, ғылым жасау өз алдына, күнкөрісімнің өзі мүшкіл болғалы тұр екен-ау… Балалық, жастықпен кісі қадірін біле бермейді екенбіз. Сол күн менің өмірімдегі  қайырлы бетбұрыс болған екен-ау-деймін толғанып. Қалған ғұмырдың бәрі әдебиет әдебінде – ғылым әлемінде өтіп келеді… Сол күндерге қиял қыдыртып қарсам қазақ әдебиетінің нар тұлғасы, 90 аталатын эверестке ту тіккен Серік Қирабайұлына қарызым шаш етектен екен!

Қазақ әдеби сынымен бірге жасап еселей-еселей еңбек берумен  келе жатқан Серік Қирабайұлынан есепсіз жақсылық көрген шәкірті бір мен емен. Республика ішінде, тысында жүз қаралы шәкірті бар ғылымға, сынға баулыған. Олардың әдебиетке көзқарасы әртекті. Ал, Серік Смайылұлына деген көзқарасы біртекті! Өз басым ойлайды: «Егер Серік Смайылұлы  жүрегіндегі қамқорлық болмаса сыншы Құлбек Ергөбек болар бәлкім, бірақ филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек болмас еді сірә дә! Әй, әлгі ұзын қарасыны жүзге барып қалған шәкірттің бәрінің де бір дауыспен айтары осы сөз болуы керек!

Құлбек ЕРГӨБЕК.

 

Осы айдарда

Back to top button