
Айдар Сейдәзім Бастарбекұлы 1980 жылы 26 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Ақжол ауылында туылған. 1987 жылы сол ауылдағы Ж. Жабаев атындағы мектептің табалдырығын аттайды. 1995 жылы 9 –шы сыныпты бітіріп, Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №123 мектеп –гимназиясын 1997 жылы бітіріп шығады. 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің жанынан құрылған «Әдеби шығармашылық» арнайы тобының студенті атанады. 1999 жылы отбасылық жағдайына байланысты академиялық демалыс алып, 2001 жылы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің филология факультетіне ауысады. 2003 жылы аталған оқу ордасын бітіріп шығып, алғашқы еңбек жолын 2003 жылы «Ақиқат-Истина» республикалық газетінде тілші, 2004 жылы «Замана» газетінде тілші, «Тылсым дүние» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарған. 2005 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ОҚО филиалы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында редактор, аға редактор, апталық шолушы, диктор қызметінде 2010 жылға дейідін еңбек етеді. 2010-2013 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, жауапты хатшының орынбасары, ҚР Президентінің баспасөз қызметінде яғни Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеген. 2013 жылы «31 канал» Инфорумбюро жаңалықтар қызметінің Астана қаласындағы қосының редакторы, Парламенттегі тілшісі боп еңбек етеді. 2014-2016 жылдары «Астана» журналында бөлім меңгерушісі, «Жаңа астана» журналының бас редакторы, 2016-20017 жылдары «Атакент» АҚ президентінің кеңесшісі әрі баспасөз қызметінің жетекшісі, «Ақ Ниет» қайырымдылық қорының атқарушы директоры боп жұмыс істеген.
2017-2018 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінде, 2018-2020 жылдар аралығында Мақтарал ауданы әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы, Жетісай ауданы әкімінің кеңесшісі, баспасөз қызметінің жетекшісі қызметтерін абыройымен атқара білді. 2020 жылы «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің директоры орынбасары, 2020 жылдан бүгінге дейін Түркістан олыстық Рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің жетекшісі болып еңбек етіп келеді.
Ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан олыстық Рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің басшысы. Журналист, Елбасының Алғыс хатымен, «Халық алғысы» төс белгісінің иегері, «Жапырақ ғұмыр» жыр жинағының авторы, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Отбасылы 2 қыз, 1 баланың әкесі.
Түркістанға тартуым
Құшағымен гүл құшқан,
Шайырын кеп жыр қысқан.
Тотыдайын таранып,
Түрлен, түле, Түркістан!
Сән бер барша маңайға,
Шуақ шашып арайла!
Тарихыңмен тым терең,
Таңдай қаққыз талайға.
Талай заман қаһарын,
Көрдің езгі, отарын.
Бейбіт күнгі ендігі,
Жаса,жайна, шаһарым.
Құлпыр, жайна күнде өзің,
Өйткені бұл гүл кезің.
Кесенең тұр көрікті,
Күн аймалар күмбезін.
Қандай ыстық от төсің,
Саған лайық жоқ та есім.
Тұранымның тұмары,
Сен Алашқа Меккесің.
Атың айға жетеді,
Зулап жылдар өтеді.
Айнал жердік жұмаққа,
Мейірімнің мекені.
Қалай жатқа қиясың,
Құшағыма-ақ сиясың.
Аялайық ағайын,
Ынтымақтың ұясын.
***
ЖҰБАТУ
Мұңаймашы өтінем мұңаймашы,
Шындықтың да бүгінде кір айнасы.
Өзімізді өзіміз жұбатамыз,
Ұмытудың осы-ау деп бір айласы.
Жыламашы, жылама, жыламашы,
Көзіңнің таусылмайды бұла жасы.
Бақыт сұрап, сорға тап болдым деме,
Тізерлеме қанекей, тұра салшы.
Басшы қалқам, баса ғой өксігіңді,
Есіңе алма, мүлде алма ескі күнді.
Деп жүргенде бақытым кешігулі,
Бір бақытсыз жан қағар есігіңді.
Жыламашы өтінем жылай көрме,
Құлағаның биіктен ұнайды елге.
Өткенге қарай берме өкінішпен,
Еңсеңді тіктеп берер Құдай демде.
Егілмеші өтінем егілмеші,
Осымен тоқтап қалмас өмір көші.
Санаңнан жаман ойды қуып таста,
Көңілсіздің күдік қой көңілдесі.
Болды енді, қоя қойғын жылауығым,
Жеңілдеттің қайғыңның бір ауығын.
Әлі-ақ бәрі рас айтам ұмытылар,
Бұлт астынан шыққандай бұла күнің.
***
Мұңнан моншақ жасадым сырдан сырға.
Жегізейін қалқам-ау, жырдан құрма.
Бұйырмасың белгілі болса дағы,
Ғашық болып барамын жылдан жылға.
Ынтық болып барамын күннен күнге,
Көбелектей қонатын гүлден гүлге.
Естелік қып санаңа сақтап мені,
Жүр екенсің жадырап кіммен бірге?
***
Жылама өкініп,
Қарғыс айтпа жекіріп.
«Сүйем» деу – рас,
«Күйем» деу – өтірік.
Бақыт – асқақ арман,
Бағың – қалың орман.
Жүрек сөзі – шындық,
Жылы сөздер – жалған.
«Болшы» дейді мендік,
Танытады кеңдік.
Бір көргеннен сені,
Шын сүю де – ерлік.
Жоғалғанда сенім,
Таусылады демің.
Айырылу оңай,
Ал ұмыту – өлім.
***
КҮНШІЛДІКТІ ҚОЯЙЫҚ, МІНШІЛДІКТІ ЖОЯЙЫҚ!
Мойындашы, мойын ұсын, бұл шындық, –
Сені анаң туған жоқ қой міншіл ғып.
Қызғаныштан қыжыл ойнап бойыңда,
Сонда сенде пайда болған Күншілдік.
Күншілдікпен өткен күнің құрысын,
Содан сенің өнбей жүр-ау бір ісің.
Күншілдікті жеңген күні бойыңнан,
Міншілдікті жеңген күні – Ұлысың!
Ақылға сал, бір нәрсені нық түсін!
Жаман ойлар түбі сені жықты шын.
Күшпен емес, айла да емес, ақылмен,
Адалдықпен, адамдықпен Мықтысың!
Туың болсын тік көтерер тек шындық,
Шындық – мұхит, тәуекел ет, кет сүңгіп.
Ізгі адамға айналасың оп-оңай,
Бойыңдағы жойылғанда кекшілдік.
Ғұмыр кешіп, жан берісіп, жан алып,
Жүректерді шұрық тесік жара ғып.
Не ұтасың кектенгеннен өзгеге?
Кешірімді бола білсең – Даналық!
Бұл фәниден талай- талай күй ұқтық,
Сөз шығындап, өсекке еріп «үйіттік».
«Артық кеттім, айып менен, кешір» деп,
Мойындаудың өзі қандай – Биіктік!
Бірі ұқпайды, түсінемін, бірі ұғып,
Күндер ұзап кеткендей боп жылымық.
Жан адамға зияныңды тигізбей,
Өмір сүру , ғұмыр кешу ірілік!
***
КӨКТЕМНЕН ҮЙРЕН!
Көктем, көктем, көктегім кеп,
Көктем гүлдер көкте гүлдеп.
Көкек жыры дертті жазды,
Көктем жұпар өкпені үрлеп.
Көктем, көктем – құстар жыры,
Ғашықтардың құштарлығы.
Қыр мен сайда еріп жатыр,
Қыс – құданың iштарлығы.
Көктем, көктем – бұлбұл әні,
Күн шапағы шұғылалы.
Күн батарда сағым қызыл,
Түнгі оттардай құбылады.
Көктем, көктем, тырна жолы,
Қыстың қалды қырда жоны.
Үйір қойып жылқышы жүр,
Қайнаған көп қыста соры.
Көктем, көктем, жиде гүлі,
Сирек самсар сирень бүрі.
Құлпыр, жайна, қайғыны ұмыт,
Сен көктемнен үйрен мұны.
***
Адыраспан
Қазаққа қасиеті мен қадірі асқан,
Ғасырдан ғасырларға арып- ашқан,
Көктемде Қараспанда көктейтұғын,
Исіңді шын сағындым адыраспан.
Тартқанда адырнасын дала -күйші,
Басыңды құбылаға қарап иші.
Адыраспан аңқытып, бүркіп тұрған,
Тәп-тәтті танау жарып барады исі.
Бойы балқып сай -сала бусануда,
Күн нұры алданады қу- сағымға.
Дерменені дәруіш етсем деп ем,
Жанға дауа табылар жусаныңда.
Дем салып дала – емші делебеме,
Саф ауа еңсемді кеп демегенде.
Жақсылықтың жазира жаршысындай,
Ілініп тұр әнекей керегеде.
***
Жанарыңда сыр тұрды жасырынып,
Жасырынып мөлтілдеп асыл үміт.
Танытар деп елеңдеп жылы шырай,
Үміт көзден білініп тұрысын-ай…
Жылы сөзден тұр жаның дәмеленіп,
Ынтықтықтың жүректе дәнегі өніп.
Тіл ұшында тұрғандай сөзің бұғып,
Мені ойлайсың қалдырып өзіңді ұмыт.
Діріл қағып тұрғаны-ай дененің де,
Сонша ұялып қарындас керегі не?
Сүйеді деп тұрғандай қасың ымдап,
Неге ойнап тұрмыз біз жасырынбақ?
Ар мен ұят, тәрбие айыпшы анық,
Тарқайықшы бар сырды жайып салып.
***
ДОСЫМА
Жүргенде тіршілікті қиын десіп,
Досым-ау сенің бүгін күйің нешік?
Қу дүние жүйкеңді жұқартты ма,
Су қамыт барады ма, иық кесіп?
Досың болып кетті ме, қамығу тек,
Жүргенде балашаға қамын күйттеп.
Жан таппай шаршағанда жаныңды ұғар,
Балағыңды қармай ма қалың ит кеп?
Басымыздан бұл жалған барады ауып,
Барады ауып жән- тәнді жарадар ғып.
Жар таба алмай жүргенде құлап өлер,
Дұшпан жүр бірде шалып, жала жауып.
Бәрінен досым, айтшы, жалықтың ба,
Жалықтың ба, айдала қалып құмда.
Бар қиындық сәтімен ұмытылар,
Мәңгі дос бола алмайды қамыт құлға.
Жүретін қиындыққа жанбыз шыдап,
О фәниде деп жатар нағыз сынақ.
Кел досым, сырласайық, шер тарқатып,
Жүрем дейсің қашаңғы жалғызсырап.
***
Күзгі суреттер
Жауын жауып тұр себелеп,
Қолында қыздың қолшатыр.
Ұшып жүр соңғы көбелек,
Айнаға ұқсап жол жатыр.
Саябақ қара ормандай,
Шамдарын жақты шоқтатып.
Үсті басы малмаңдай,
Жігіт тұр такси тоқтатып.
Аға жүр ертіп күшігін,
Балажан еді әй, неткен!
Құшақтап марғау мысығын,
Әже тұр қарап әйнектен.
Ешкімге алаңдамаған,
Үлгеріп мінді шаққа қыз,
Қозғалды аялдамадан,
Ыңрана сары автобус.
Сатырлап үсті шатырдың,
Арнасын тауып су кетті.
Аялдамада отырдым,
Өлеңмен салып суретті.
***
Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем.
Ғашықтықтың бойдағы ізгісімен.
Жапырақтай үмітім үзіледі,
Түңілгендей кейіпте жүз кісіден.
Күзді ұнатам,
Жо, жо, жоқ, сізді ұнатам,
«Көңіл – деме – үмітін үзді, Ботам»
Жақсы көрем жанымнан сенесің бе?
Сенің кейпің – әдемі, күз, құла -таң,
Күзді күттім,
Жо, жо, жоқ, сізді күттім,
Ынтығыппын, соншалық үздігіппін.
Жаңбырлы кеште біздер жолығайық,
Иісіне елітіп ізгіліктің.
Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем…
***
Алып шықпашы қолшатырыңды
Ләйлі -Мәжнүн боп зарығайықшы,
Қозы- Баян боп сағынайықшы.
Жасымды саған көрсете алмаймын,
Жауын жауғанда жолығайықшы.
Жылы лебізге құлақ тұнғанда,
Шешімді естіп жылап тынғанда.
Басыңды менің кеудеме қоймашы,
Жүрегім өксіп жылап тұрғанда.
Көзіңе жастың моншағы тұңды,
Неге үзесің сонша үмітімді.
Жауын жауғанда жылап алайын,
Алып шықпашы қолшатырыңды.
***
Жүрегім сыздады
Жүрегім сыздады,
Кейіпі – күз бағы.
Мендегі сағыныш,
Көңіл-күй қыздағы.
Күздей күреңмін,
Бұлттай түнердім.
Жапырақ кейіптес,
Жүректе кілең мұң.
Жаныма мұң үйір,
Жүрекке жыр үйір.
Арқада адасқан,
Мен едім киік ұл.
Далада ызғырық,
Бақта жүр қыз күліп.
Жайдары жазымды,
Алдым мен күз қылып.
Жоғалма, өтінем,
Мендегі ізгілік!
***
Күзгі кездесу
Күзгі бақ, ізгі уақ,
Кешқұрым, ескі мұң.
Ескі мін – кешіктім,
Кешірім есіттім.
Күзгі бақ. Серуен,
Келемін сенімен.
Керемет күй біздің,
Бетіңнен сүйгіздің.
Мінгендей ұшаққа,
Қысылдың құшақта.
Тежемей сезімді.
Сүйем деп өзіңді.
Қатулы қабағың,
Күттім мен жауабын.
Жымиып күлдің де,
Жауабын білдің бе?
Дегендей үн қаттың,
«Келістім, қымбаттым»
Күзгі бақ, ізгі уақ,
Қоштастық біз бірақ.
Жапырақ үзілді,
Жасырып ізіңді.
Шығарып салдым мен,
Күз тектес қызымды.
***
Күзгі бақтағы көрініс
Сезем зулап, зымырап күз өтерін,
Жүректің төрін жаулап түз етерін.
Самарқау саябақта жігітжан жел,
Көтеруге құмар-ақ қыз етегін.
Былтырғыдан өзгеше биылғы күз,
Тағат таппай күтеміз сыйыңды біз.
Сары түстен күртеше киіп алған,
Құшағында жігіттің иілді қыз.
Жыл айналып келгенге шүкір қылған,
Көкбелді сарғайтыпты тықыр-құдаң.
Салпы етек сап-сары жапырақтар,
Жанталасып қашып жүр сыпырғыдан.
***
Күзгі жұбату
Абай бағы жаңбырлы, бұйығы күз,
Бардай бойда жан білмес күйігіңіз.
Себелеген жаңбырдан тоңғандайын,
Селк-селк етті неліктен иығыңыз?
Сары күз келді ескі салып ізге,
Саяқ қыз қалап отыр жаныңыз не?
Кербездеу мінезі бар күрең өңді,
Мен сізді ұқсатамын сары күзге.
Кафенің би алаңы сазын үзді,
Жапыраққа ақтарып назыңызды
Күрең күзде сезініп жалғыздықты,
Әлде қимай жүрсіз бе, жазыңызды?
Мына отырыс жараспас кешқұрымғы,
Жылап бақыт таппаған еш бұрымды.
Аспан жылай бастады, сен жылама,
Басам деп сенің ішкі өксігіңді.
***
Қайыңға
Жалғыз қайың, жалғыз қайың,
Тартпағайсың жалғыз уайым.
Көктемеде тым сұлусың,
Тал бойыңа салғызбай мін.
Жалғыз қайың, дара қайың,
Мәпелейін, аялайын.
Жабыққанда жалғыз барып,
Көлеңкеңді саялайын.
Аспандағы айымыз бір,
Шаршатты ма, уайым құрғыр.
Жалғызбын деп жабырқама,
Жалғыз қайың, жайымыз бір.
***
Таңғы шық
Бұ фәнидiң у мен зарын мәңгi iшiп,
Қайғы –мұңның запыранын сан құсып.
Шаршағанда саған тартқым келедi,
Таңғы шық.
Бар маңайым жатқан шақта тартысып,
Тізелеймін тіршілікте талықсып.
Өлгім келген кездерде мен ар құшып,
Саған тартқым келеді
Күн көзіне күмістенген Таңғы шық.
Жалыққанда зарыққанда жалғаннан,
Бас тартамын талғамнан һәм арманнан.
Кейде менің көз жасымнан аумайсың,
Сәттерімде тамып түсер қорланған.
Ей, Таңғы шық, Таңғы шық,
Жүрегімде пайда болды зәрлі ұшық.
Саған тартып таза ғана қалыппен,
Кетсең екем ғарыш жаққа мәңгі ұшып.
Таңғы шық …
***
Кәрістің қызы
Есiмде әлі Арыстың күзi,
Тым жылы қызбен таныстым жүзi.
Қап қара көзi, сүттей ажары,
Қайда екен сол бiр кәрістің қызы?
Тамсанғам сонда ғажап екен деп,
Сендей сұлулар аз- ақ екен деп.
Уақыт сұрадым қырындамақ боп,
Арыста туған қазақ екен деп.
Жұрттар ескерттi: » Кәрiстiң қызы,
Ата жұрты тым алыстың қызы».
«Үйленгiш болсаң, Қоңыраттан ал!»,-
дедi де ата- анам тағы да ұрысты.
Ұнаған маған биязы екенiң,
Әкең ауылда пияз егетiн.
Өзге ұлттан әйел алғанның,
Ескерттi ауыл сыйы аз екенiн.
Тиынға айналды ғашықтық құны,
Сезімнің суыққа шалт үскен гүлi.
Әкең жиналып көштi «Камазбен»,
Қол бұлғап қалдым қар түскен күнi.
Қайда жүр екен кәрicтiң қызы?..
***
Ғашықтық
Мен сізді сүйемін сыртыңыздан,
Айырдыңыз қалқатай, ырқымыздан.
Жасы үлкен деп шекеден қарамашы,
Әлі аса қоймадық қырқымыздан.
Жүремін сыртыңыздан иеленіп,
Иеленіп, жүрегім сүйеді өліп.
Қасарыспай қабыл ал, ұсынысты,
Қайтайық тауға барып шие теріп.
Мен сізді ұнатамын білмейді ешкім,
Білмеген соң мазақ қып күлмейді ешкім.
Мың рет аңсай беріп шаршағанша,
Келеді өзіңізбен бір тілдескім.
Мен сізді жақсы көрем ерекше тым,
Сезімім сіз дегенде бөлекше тым.
Кеше түнде түсімде кездесіппіз,
Күзгі бақ, тек екеуміз, ерекше түн.
Мен сізді сүйемін сыртыңыздан,
Хабардармын туған жер, жұртыңыздан.
Сіздегі келбет, ажар, жұмсақ мінез,
Айырып тастады ғой ырқымыздан.
…
Сүйгенінен айрылған көп,
Жүрек жыртық ұшықты ойдан.
Сенің у-дан айырмаң жоқ,
Мен байқамай ішіп қойған.
Шипасы еш жайылған жоқ,
Түн – тәуіпке емдеткен мен.
Сенің дерттен айырмаң жоқ,
Жан дүниемді дендеп біткен.
…
Алладан кейінгі Тәңірім
Сөзі – бал, мейрімді, жаны – асыл,
Бауыршыл, мейірбан, балашыл.
Ғаламда ғазиз жан таппадым,
Өзіңдей жанашыр.
Анашым жаны – асыл.
Даладай кең неткен пейілің,
Көзіңде бар шуақ, мейірім.
Алаң ғып, елең ғып, өзіңді,
Ренжіткен күндерге кейідім.
Күттірген түндерге кейідім.
Алладан кейінгі Тәңірім,
Әр сөзің, тілегің – әмірің.
Ақ сүтің -зәмзәм ед мен ішкен,
Бойыма сіңдірген тағылым.
Түндерде сен едің періштем,
Жыр арнап жолдады тағы ұлың.
Қабыл ал,
Алладан кейінгі Тәңірім.
…
Жүрек дертін не істейміз?
Аспан астын паналаймыз екеуміз,
Жанымыздан аумай қалған екен күз.
Шын ұнатып, ғашық болып тұрсақ та,
Ай мен күндей алшақтайды екенбіз.
Аспан астын мекендейміз, пендеміз.
Сезім де жоқ, лебіз де жоқ енді егіз.
Тақ сандардай тасжүрек боп өтерміз,
Жұп боп өмір сүре алмаймыз жерде біз.
Күнәларды кеше алмаймыз, кешпейміз,
Ғашықтарға гүл де алып леспейміз.
О, дүниелік сынақтарды қоя тұр,
Айтшы қалқам, жүрек дертін не істейміз?
***
Керексің
Сөзіңмен жаз дертімді, емде мені,
Сені қалап тұр көңіл көк дөнені.
Бақытым болмадың деп кінәлама,
Бақытты ете алмайды бөгде мені.
Жаны нәзік көрініп алғашқыда,
Бөгде мені түсіне алсам сірә.
Сезімімді секемшіл еткенімен,
Жүрегімді алмайды алмастыра.
Сендей сүйе алмайды бөгде мені,
Арды биік ұстайсың, төрде өлеңді.
Көзді арбаған сұлулар түкке тұрмас,
Өміріме өзіңсің ең керегі.
…
Қарт Каспий
Каспийде көктемде,
Ұмтылып көк белге.
Бетке алып Иранды,
Аққулар қайтатын бар ғұрып.
Тағдыры өктем бе,
Әмірі көктен бе?
Ақ көбік толқындар,
Өледі жарды ұрып.
Тырналар тыраулап,
Толқындар мың аунап.
Балықшы қимылсыз,
Отыр-ау мұң аулап.
Шағала шарқ ұрып,
Самала алқынып.
Тулайды қарт Каспий,
Қалардай сарқылып.
Жағада тұрдым мен,
Кеудемде жалқы үміт.
…
Самалмен сырласу
Түспейді мұңлы күйге кім,
Жалғызбын жүдеу үйдемін.
Терезем ашық айқара,
Самал жел кеткін, кірмегін.
Үйдемін нендей күйдемін,
Самал жел кеткін кірмегін.
Мазам жоқ бүгін ренжіме,
Кездеспей кетті сүйгенім.
Тимегің маған тимегін,
Қиналдым быт-шыт күйредім.
Көңілсізбін бүгін мен,
Келіп тұр жалғыз билегім.
Самал жел кеткің, тимегің.
***
Қалалық қызға хат
Құйрыққа тиген шыбықтың ұшын,
Алғаш сезінгем жігіттігім үшін.
Сені қалаға ерте қайтарды,
Ауыл баласын ұмыттыру үшін.
Суретке қарап сүйем жүзіңді,
Ми ашып, ойлау жүйем бұзылды.
Атпен қуалап өлтіре жаздады атаң;
Саған бермеймін деп жиен қызымды.
«Неге ұнаттың?» деген сұрақ бола ма?
Еңіреп кіргем жылап қораға.
Жұбатып әжем: «Сол жиен қызы,
іздеп кеп тиер шұнақ балама».
Бұл сөзі әжемнің қуат бола ма?
Іздеп барғым келді жылап қалаға.
Атаң мен әжең қалай үйленген,
Бір-бірін сонда ұнатпаған ба?
Атаң жүр әлі ептеп күпініп,
Таяғын жемей кеткем құтылып.
Атаң мен әжеңе қызық болсыншы,
Үйленіп алайық мектеп бітіріп.
Түнгі ауыл
Ай туды қауын тілік шалқалаған,
Шашпа бұлт айдың жүзін қалқалаған.
Құс жолы тағдыр жолым сияқтанып,
Тапшанда жатып алып арқаланам.
Жұлдыз біткен төгілген моншақтардай,
Жеті жұлдыз сипаты қолшоқпардай.
Қара бешпет брилиант түн мызғып алды,
Тыншығанда талдырмаш заржақ торғай.
Әнге бөлеп ауылдың айналасын,
Бақа-шаян жарғақты «шайқағасын»,-
Кәрі төбет ескі әнді бастап беріп,
Тапшан асты тыңдап тұр тайталасын.
Сонда да шегірткенің бағы басым,
Шерлі әніне елітіп ақ ұрасың.
Таңға дейін шырқайды өнерпаздар,
Ауылдың сахнасын сағынасың.
Ауыл кеші
Қара тал көлеңкеге иық беріп,
Сездірді кештің коңыр тақағанын.
Бір күннің қайғы-мұңын жиып- теріп,
Батып бара жатыр әне тапанан- күн.
Күй кешкендей сезінді дала бөтен,
Аптап ыстық тасалап бауға барды.
Түс қайта шайқас қылған ала бөтен,
Қызыл шырай ауылды жаулап алды.
Бұлдыр сағым кезіп жүр күрең белді,
Кешкі ауылды кеткендей ызың билеп.
Жүрекке зіл, кешке керім рең берді,
Көрші қыз киіп шыққан қызыл көйлек.
Махаббаттың сезіліп лебі беттен,
Көйлегімді дегендей мақтаса екен.
Көрші қызды керемет керім еткен,
Күлше күн бүгін мүлде батпаса екен.
Сенесің бе?
Сенесің бе, әр күнім егес,
Жауады жаңбырым да кеш.
Бұрымды бұйырмай кеткен,
Ол менің тағдырым емес.
Сен менің бұйырмас бағым,
Бір сен деп иілді аспаным.
Мен кештеу байқадым жаным,
Өмірдің күйі қашқанын.
Сен менің қасіретімсің,
Жаралған ғашық ету үшін.
Мен бейбақ пақыр екенмін,
Жаралған жасып өту үшін.
Жылап тұрмын
Жанымды жылатты мұң,
Жағдайды келер дейсің сұрап кімім?
Сезімімді секемшіл дейтін қыздар,
Деуші едім махаббатқа тұрақтымын.
Мен бүгін жылап тұрмын.
Несіне қоя бердің сұрақ күнім?
Алданған құрдастарға күліп жүр ем,
Көзімді мөлдір жасқа бұлаттырдың.
Мен бүгін құлап тұрдым,
Шорт сынып кеткенім жоқ бірақ күнім.
Сені ұмыту екен ғой өмір заңы,
Жүректің әміріне құлақ түрдім.
Мен бүгін жылап тындым,
Жауабын таба алмастан сұрақтың мың.
Баянсыз һәм бұлыңғыр бақытымды,
Қызығына қимадым бір-ақ түннің.
Жанымды жылатты мұң,
Жүрегімнің жұлдым да құрақ-гүлін.
Өкініштен өзегім өртенсе де,
Сен өтпегей фәниден жылап күнім.
…
Тұнық қыз
Бақ пен сорды алады кім айырып?
Демігеді дегбірсіз мінәйі үміт.
Бойыңа ұя салған ұяңдықты,
Жасырып тұра алмады шынайылық.
Неге сонша ұялдың қылықты қыз?,
Қылықты қыз, жүректі жылыттыңыз.
«Мен сізді шын сүйгенмін» дедің дағы,
Жүрегіме кеттің ғой тығып бігіз.
Жатқа оқып жыладың өлеңімді,
Тіл байланып білмедім не дерімді.
Көздің жасын сүрттің де салфеткаға,
Сонда жазып кетіпсің дерегіңді.
Сұлу қыздың мен үшін мұңы құнды,
Сөзден ғана қабылдап жылуыңды.
Бақытты бол, өзгемен қылықты қыз,
Лайлай алмайды екенмін тұнығыңды.
…