ТаңдаулыТүркі жұртында

ӨНЕР БАҒАЛАСА – ҚҰНДЫ!

 

Дүние сырға толы. Оған есті адам үңіле түсетіні айдан анық, күннен жарық. Жалпы өз басым театрды өте жақсы көрем, қадір тұтамын.  Райымбек Сейтметов ашқан театр арқылы сол тұстағы мен секілді талай студент «қыздың көз жасындай мөлдір өнермен» (Ғ.Мүсірепов) таныстық әрі табыстық қой, шүкір! Содан бері біргеміз. Кеше бірақ кейідім. Бәлкім күйіндім деген дұрыс шығар. Театрға я қойылымға емес. Көрерменге һәм азды-көпті ұсынушыларға.

Қысқасы кеше Түркістан музыкалық драма театрында «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектакльдің премьерасы болды.  Авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург-жазушы Ермек Аманшаев. Қоюшы-режиссеры  ресейлік К.Семенов, композиторы – Х.Шаңғалиев,  көркемдік жетекшісі – А. Көпбасарова.

Сонымен менің бойымда пайда болған күйініш – өнерді бағалаудан қалып барамыз  ба деген қорқыныш еді. Қазір қит етсе, менталитетімізге сай емес деп дабыл қағамыз. Асылында әлемдік өнер атаулысы, шедеврлер менталитеттер шеңберінде тумайды! Өйткені ӨНЕРДЕ ШЕКАРА ЖОҚ!  Шынымды айтсам, қойылымнан соң Әш-ағаңдай ойлы, есті пікір айтатын адамды іздедім.  Сөз алғандар арасында жарыған  жауап болмады.

Олай дейтінім қазақ сахнасында  жаңа жанр (пластикалық балет)  қойылып жатса, оны аздап түсіндіруге тура келеді. ( мысалы, шетелдіктер Р.Рымбаеваның орындауындағы «Атамекен» әнін тілін түсінбесе де жылы қабылдады. Себебі музыканы түсінді  + оларды Семей полигоны қасіретінен хабардар болды) Ал бізде  көрермен  ашық сөз бен ойынға үйренген. «Көзбен көріп, ішпен білу» түйсігі қалыптаспаған. Кеше 70% көрермен қойылымды жете түсінбеген күйі кетті. Оларға пластикалық балетті қабылдау қиынға соқты. Сыр тартқан көрермендердің жауабын қаз қалпында беріп көрсем: «Мәселен, Еуропа халқы домбыраны түсінбей жатса, ол оның өнерді түсінбеуі емес, менталитетіне сай болмауы. Ең болмаса қойылымды, автор идеясын сөзбен дұрыстап түсіндіруі керек еді» деді.

Енді қараңыз, түсіндіретін болса, оның несі өнер!? (әлде Президент жолдауы ма) Ал жалпы жаңа жанрдың құндылығы, рухани-көркемдік эстетикалық тұсы туралы пікір айтпады десе – келісем!  Менің де айтпағым осы.

Балет– ойды қозғалыс, дене қимылы арқылы көрсететін би өнері. Италияда пайда болған бидің бұл түрін Еуропа елдеріне жылдам тараған. Шығыс елдеріне XX ғасырда жеткен. Өзге елдің топырағында туған балет өнері қазақ халқының танымына сәйкес  келмейді деп жатады. Үзілді-кесілді олай деуге болмас. Мысалы, 1938 жылы «Қалқаман-Мамыр» туындысымен тұсауы кесілген қазақ балеті талайларды тәнті еткен-ді. Одан бөлек Мәскеуді аяғынан тік тұрғызып қол соқтырған бүлдіршін бишілер – кейіннен  бүгінгі Болат Аюханов, Заур Райбаев сияқты аңыз тұлғаларға айналмап па еді!? ( осы ретте айта кетейін, балетке бір де бір қазақ баласын бермей қойғанда мектеп басшылары балаларды Алматыда жетімдер үйінен жинаған. Қайтеді енді. Солардың көбі кейін Халық әртісі атанды) Президент аттай қалап Питерден алдырып, Астанадағы хореографиялық академияның тізгінін ұстатқан Алтынай Асылмұратова ше? Бар-жоғы 20 жасында еңбек сіңірген әртіс, 40 жасында Халық әртісі атанды. Ресейдің! Жер әлем оны «Жизель» деп таниды. (Ал соны 7 жасында Алматыда «биге дым икемі жоқ» деп жылы шығарып салған өзіміздікілер).

Осы ма бұл өнер біздің қанымызда жоғы?! Мұндайда «бүйткен менталитетіңнің…» дегің келеді.

 

Хош! Жақында шығатын кітабымның кейіпкері … Жыл сайын Германияның Байрейт фестивальіне дүниядан турист ретінде мыңдаған адам келетінін, алты ай бұрын билет сатылып кететінін айтып еді. Тарихына қарасаң жүз жылдан асып кеткен. Олар сол кезде өркениеттің өзегіне жалғанып алған боп тұр ғой. Ал біз балет пен операны әлі күнге ( жоғарыда мен айтқан аңыз тұлғаларды танымай жатып) сырттан келген өнер деп жатсына қарайтынымыз жасырын емес. Мұндай сөйлемімді бәлки Күләш Байсейітова апамыз оқыса ренжитін бе еді…

Оны қойшы, тура қойылым ортасында жарық өшті. Түк түсінбей қалғаным рас. Театрдың мұндай техникалық қолайсыздыққа дайындығы жоқ па деп іштей қынжылдым. Сыртқа шықсақ, алай-дүлей табиғаттың «тосын сыйы». Сөзімнің басында айтқан сырға толы дүнияның бір құпиясы осында… Әлемді қобыз үнімен әлдилеген  Қорқыт бабамыздың әруағы бір аунап түскен шығар. Неге? Адамды, өнерді табиғаттан бөліп қарай алмаймыз ғой.

Себебі пластикалық спектакль Қорқыттың  жер дүниені дауылдатып, жай ойнатып дүниеге келуімен басталды. Сол сәтте театрда күтпеген жерден жарық та сөнді…

P.S. Театр труппасын жаңа премьерамен құттықтаймыз. Жас театр өз орнын ойып тұрып алатынына еш күмәніміз жоқ. Шығармашылық табыс тілейміз.

 

Айтпақшы ана «Ұлытаудың» Америкадағы, Европа елдеріндегі концертін көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, Гуглдан көріңізші. Аншлаг қой, аншлаг! Домбыра үні дүркіреп, делебесі қозған халық. ‘Біздің менталитетке жат не қылған даңғырлақ?» деп томсырайып отырған ешбірі жоқ. Өйткені  ол – ӨНЕР! Бұған не дейсіз?

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Осы айдарда

Back to top button