Түркі жұртында

Жанар Темірбекова: «30 жылдыққа – 30 жоба. Бұған тек біздің университеттің әлеуеті жетеді»

Дәстүрімізде қыз – төркіндеп, күйеу қайындап, жиен нағашылап барады. Сол үрдіспен осы сапарымда өзім білім алған оқу орнына төркіндеп барып қайттым. Қыз тілеулес емес пе?! Қайда жүрсек те, кім болсақ та үлкен өмірге жолдама берген қарашаңыраққа тілеулеспіз. Жылт еткен жақсылығы болса қуанып қаламыз. Бақылаушымыз. Һәм өзіміз де қолымыздан келгенше қолдау көрсеткіміз келіп, елжіреп тұрамыз!

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы басшылыққа келгелі сұқбат алып, дидарлассам деп жүрген едім. Сәті түсті. Екі сағатқа жуық әңгіме-сұқбат құрдық. Күллі түркі әлемінің қарашаңырағына айналып отырған, 30 жылдық тарихы бар оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Қаламгер, журналист ретінде оң жағыма келетіні – сұқбат!  Міне, соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

30 жылдыққа – 30 жоба

Бұған тек біздің университеттің әлеуеті жетеді

Университет тарихының құжаттарын қарасаңыздар, оның 1991 жылы жазда құрылғанын және алғашында  Түркістан мемлекеттік университеті деп аталғанын көрер едіңіздер. Ал, халықаралық қазақ-түрік  университеті мәртебесін  1992 жылдың қазан айында алған. Яғни, 1,5 жыл өткен соң. Сондықтан біз  30 жылдықты 1,5 жыл тойлауымызға болады.  Былтыр, 2021 ж. университет  ұжымымен келісе  отырып, «30 жылдыққа – 30 жоба» деп аталатын іс-шараларды бастадық.  Биылғы қазан айында нүктесін қоямыз, Құдай қаласа. Шыны керек, оқу орнымыздың осынау мерейтойын өзге ешкімге ұқсамайтындай,  қайталамайтындай етіп, ерекше қарсы алғымыз келді. Ол кезде 30 жоба деген тіпті ойымызда да болған жоқ. Әрбір  факультеттегі әріптестер ұсыныс ретінде өз тараптарынан өткізілетін іс-шаралар жобасының жол картасын алып келді, ешқайсысы да көңілге қонбады.

2021 ж. наурыз айында ҚР Президенті Қ.Ж Тоқаев  Халыққа  «Жаңа Қазақстан: жаңарту  және жаңғырту жолы» Жолдауын  жария еткен  еді. Президент жолдауында  қазақстандықтардың  келешекке  ұмтылу  идеясының  10 бастамасын  ұсынды. Осы идеяға  сай  біз  де университеттің  даму  стратегиясын   анықтау керек деп  түйіндедік. Университеттің жаңа стратегиясын жасау керек болды. Ал ол үшін ең алдымен: «жалпы, біздің тап осы Түркістанға қай  жағынан  керегіміз бар,

о баста бұл оқу орны не үшін құрылды?», яғни стратегиялық жоспарлау тілімен айтатын болсақ миссиямыз бен болашақ көзқарасымызды (vision) анықтап алу керек еді.

Қазақ елі Тәуелсіздігін алып жатқан  тұста оқу орнымыз туралы  Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың айтқан бір сөзі бар: «Кейін уақыты келіп, Қожа Ахмет Яссауи университеті күллі түркі әлемі жастарының ортақ шаңырағына айналады». Міне, біз осы сөзді негізге алдық. Бұдан артық қандай келешек келбет керек? Шыны керек, осыдан 30 жыл бұрын, Түркістанды дәл осындай болады дегенге сенетіндер өте аз еді. Тіпті осыдан бес-алты жыл бұрын да: «Өй, мұнысы дұрыс болмады, Қырғызстандағы Манас университеті секілді бұл оқу орнын да Алматыдан ашу керек еді», – деген сөздерде өте жиі айтылып жатты. Қазіргі таңда университетіміздің  қасиетті де, киелі шаһарда құрылғанын қаншалықты дұрыс шешім болғанын көпшілік мойындады. Бүгінде дүниежүзі  бойынша университеттердің үш миссиясы бар ғой:

біріншісі – әрине, білім беру,

екіншісі – ғылыммен айналысу,

үшінші миссиясы – қоғамға пайдалы болу. Алғашқы екі миссия түсінікті, ал үшінші миссияны іске асыру үшін, біз қай қоғамды меңзеп отырғанымызды анықтап алу керек. Бірінші кезекте – Түркістан қаласы мен облысы, екінші деңгейі – күллі Қазақстан, ал одан да ауқымды тұрғыда  – бүкіл түркі әлемі. Біздің халықаралық университет  ретіндегі  мақсатымыз – міне осылар. Ақылдаса  отырып,  біз осындай деңгейдегі пайдалы жобалар жасауымыз керек деп шештік.

 

Сөйтіп бір емес, бірнеше жобаны таңдап алдық. Басы былтыр,  2021 ж. басталып кетті. Өзіме қатты ұнайтыны – «Анажұрттан – атажұртқа денсаулық көпірі» жобасы. Осы  жоба бойынша бүгінде Түркиядан  ай сайын білікті дәрігерлер келіп жатыр, біз де  Түркістан  облысы әкімшілігінің қолдауымен 108 дәрігерді Түркияға мамандығын тереңдетіп, тәжірибесін  арттыруға жібердік, бұл өте ауқымды жоба.

«Гуманитарлық білімге 100 жаңа оқулық» жобасын алайықшы. Дүниежүзі бойынша ең маңызды терминологиялық база қазақ тілінде қалыптасу үшін үлкен жұмыс атқарылды. Бұл кәдімгідей зияткерлік ойға жетелеп, академиялық ортаға үлкен бір серпін берді. Ойлап қарасақ, бұған дейін дүниежүзілік бестселлерлердің  қазақ тіліне аударылғаны өте кем екен. Мысалға, Түркияның өте мықты университеттері бар,  біз кезінде сол оқулықтармен оқыдық,  ендеше неге соны қазақшаға  аударып, өз елімізге әкелмеске? Университетіміз түркі жұртын біріктіру үшін ашылды емес пе? Әрине, бұл ретте түрік бауырларға рақмет айтамыз, олар ұсынысымызды қуана қабылдап, Анадолы университеті бізге 800 оқулықтың авторлық құқығын тегін берді. Өздері бұл оқулықтарды Түркиядағы ең мықты профессорларға жазғызған екен. Сондықтан дәл сол университеттің оқулықтарын қатты ұнатып,   қазақ  тіліне  аударылуына  қолдау білдірдік. Міне, бауырластық деген осы емес пе, бұл – ортақ миссияны түсінетін, түркі әлемінің бірлігін аңсайтын адамдардың тірлігі, қандай керемет?! Сонымен, біз оларға рақмет айтып, үкіметтен арнайы қаржы бөлінбесе де, алғашқы жылға деп 10-11 кітапты белгіледік.  Айта кету керек, бұл жобалардың бәрі ұзақ мерзімді және тұрақты түрде іске асырылуы керек. Бүгінде аудармалардың бірінші топтамасы бітті, енді редакциядан өтеді, дизайнын жасайды, ал қыркүйекте оқу процесіне енгіземіз деп отырмыз.

Тағы бір жобамыз – университет қабырғасында Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы. Бұл жоба мен үшін үлкен маңызға ие. Бәріңіз білесіздер, 2015 жылы БҰҰ теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы тұруға, кедейлікті жоюға, жер шарын қорғауға және барлық адамдар үшін бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз етуге бағытталған Тұрақты даму мақсаттарын қабылдады. 2030 жылға дейін 17 бағыт таңдалды, олар осы әлемдегі әрбір адамға қатысты жаһандық мәселелерді шешуге жетелейді. Ал біз ашқан орталықтың басты мақсаты – жоғарыда аталған Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі шаралар және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жаңа ізденістер-зерттеулер жүргізу, сонымен бірге олардың нәтижелерін қолданысқа енгізу. Бұл орталық университеттің ғана емес, аймақтың және республиканың ғылыми әлеуетін арттыруға және бәсекеге қабілетті болуына үлес қосады деген сенемін.

Енді айтыңызшы, бұл жобаларды бізден басқа кім істей алады? 108 дәрігерді екі айдың ішінде Түркияның ең маңызды медициналық орталықтарына бізден басқа кім жібере алады? Әрине, ешкім. Сол секілді 100 оқулықты түрік тілінен кім аудара алады? Оны да әзірге өзімізден басқа істейтін ешкімді көріп тұрғаным жоқ. Демек, біздің бағытымыз дұрыс.

– Біз тереңірек қозғап жұмыс істеп жатырмыз дейсіз ғой.

Иә, біз ең алдымен өзіміздің негізгі миссиямызды бекіттік,  ол  – «Терең тарихтан – жарқын болашаққа». Қандай керемет миссия?! Мұның ішінде бәрі бар: зияткерлік потенциалымыз да, ғылыми әлеуетіміз де, алға қойған мақсаттарымыз да. Тек Қазақстанның тарихын ғана емес, тұтас түркі әлемінің тарихын да қамтимыз.  Жарқын келешекке ынтымақ пен достық арқылы жетеміз. Біз осының бәрін қысқа да нұсқа етіп, төрт-ақ ауыз сөзге сыйдырып жібердік.

Жалпы, бұл айтып отырғандарым тек басы ғана. Әйтпесе, оқу орнымыздың 30 жылдығына 30 жоба арнап отырмыз. Университетімізге өз мерейтойын осылай атап өту жарасады. Құдай қаласа 40 жылдыққа жаңадан тағы 40 жоба болар. Біз соның алғашқы кірпішін қаладық деп есептеймін. Әрі қарай бұл дәстүрге айналса құба-құп.

 

Жұмыс жынысқа бөлінбейді

– Жанар ханым, университет тарихында ең бірінші әйел басшы өзіңіз болып отырсыз.  Жай оқу орны емес, өзіңіз айтқандай халықаралық деңгейдегі, әлем назарындағы деуге де болады. Қандай да бір шешім қабылдау барысында қиналмайсыз ба? Қанша дегенмен жауапкершілік жүгі жеңіл емес қой?

Бір жағынан нәзік, бірақ біраз мәселені қамтитындай ауыр сұрақ екен. Себебін түсіндіре кетейін. Әдетте біздің қоғамда ер басшы болса мықты болады, әйел әлсіздеу келеді деген стереотип қалыптасқан. Дегенмен бұл қате пікір,  себебі мен байқап жүрген әйел басшылардың барлығы дерлік мықты. Өте салмақты, өз эмоциясын билей алатын және жетістікке жету кезінде жоғары нәтиже көрсетеді. Расында, әйелдер бәсеке бәйгесінде жеңіп шығуы 10 есе қиын. Сол себепті олар өз ісіне қашанда зор жауапкершілікпен қарайды. Негізі қандай жұмыс болса да, жынысқа бөлінбейді. Мұнда сынға түсетін бірден бір нәрсе болса, ол – кәсіби біліктілік. Бірақ өз басыма әйелдермен жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы. Себебі, олардың жауапкершілігі де, ұйымдастырушылық қабілеті де өте жоғары. Ал тарихтан алып қарайтын болсақ, «истеричный» мінез көрсеткен еркектер өте көп. Қазір көптеген зерттеулер іскерлік ортада әйел басшылардың нәтижесі әлдеқайда жоғарырақ екенін меңзейді. Сондықтан жалпы әйел басшыларды қолдау, көшбасшы әйел деген ұғымдардың шығуы да кездейсоқ емес. Бұл әрине күрделі тақырып, сан ғасырлар бойы тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде патриархалды жүйе болды. Неге мұндай жүйе қалыптасты, ол да түсінікті нәрсе. Себебі, әйелдер өмірінің белгілі бір кезеңінде бала туу, балаға қарау сияқты кезеңдер болып тұрады. Ал еркектердің өзін бұл өмірдің қожасы ретінде сезінетіні – оларда бізге жүктелгендей жауапкершілік жоқ, мойындарына мұндай тауқымет артылмаған.

Сондай-ақ, өзі әйел бола тұра әйелдің басқарғанын қаламайтындар да бар.  Неге? Оған түрлі себеп бар. Олардың айтатыны – «әйел кесіп айта алмайды, сондықтан тура шешім қабылдамайды» дейді. Жұмсақ деп отыр ғой, былайша айтқанда.  Бірақ басшы болу деген – міндетті түрде әлсізге күш көрсетіп, езіп-жаншып жұмыс істету емес қой.

– Сөзіңіз аузыңызда, басшы болу деген не?

Қол астыңдағыларды қорыққаннан емес, сыйлағаннан жұмыс істете білу деген сөз. Ең керемет басшы осы қабілетке ие болуы тиіс. Әсіресе, университетке сондай басшы керек. Өйткені біз қара жұмысшылармен жұмыс істейтін фабрика емес, қоғамның зияткерлігі ең жоғары адамдары шоғырланған білім ордасымыз. Ендеше, оларды не үшін жаншып-езіп, қорқытуымыз керек? Маған әлі де оқтын-оқтын сондай адамдар келіп: «Сіз демократия алып келдіңіз, біздің халық оны түсінбейді», – деп айтады.  Қалай түсінбейді? Адамгершіліктің несі түсініксіз? Тек жастайынан қалған травмалары бар кейбір адамдар ғана оны әлсіздік деп түсінуі мүмкін.  Басынан сипағаныңды қабылдай алмай қалатын  адамдар да бар, өкінішке қарай, өйткені өмірінде еш жылы сөз естіп, алақанның нәзіктігін  сезбеген, көрмеген. Бірақ ондай адамдар көп емес қой. Адамгершілік қарым-қатынасты бәрі түсінуі керек.

Екі әулиенің арасындағы жұрт қиналған жоқ

– Жанар Амангелдіқызы, Cіз басшылыққа тағайындалғанда Яссауидің хикметімен сөз бастадыңыз. Жұртшылық оны жылы қабылдады.  Осыған дейін бұл есіммен таныс па едіңіз? 

Өзімді осы өңірдің қызымын деп санаймын, нағашы жұртым Шәуілдірде.  Бүкіл балалық шағым сонда өткен. Бүгінде мені өсірген әжемнің өте ерекше тұлға екеніне көзім жетіп отыр. Ол кісі – қазір Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қасында жерленген Қанай  датқаның  немересі. Мен сол датқаның шөпшегі боламын. Әжем Яссауи хикметтерін жатқа білетін, бізге де айтып отыратын. Сонымен қатар ХХ ғасырда халқымыз бастан өткерген көптеген нәубеттердің тірі куәсі еді ғой ол кісілер. Кішкентай кезімде Қазақстан тарихына қатты қызығып оқушы едім, сонда ашаршылық жылдары болған сұмдықтарды сұраймын ғой: «Апа, сіздер ол жұттан қалай аман қалдыңыздар?», – деп.  Ол кісінің бір сөзі есімде қалыпты: «Ой, балам, не дейсің?! Екі әулиенің арасындағы халық қиналған жоқ қой», – деген. Таң қаларлық жағдай емес пе, бүкіл ел қырылып жатқанда тап осы екі әулиенің арасын жайлаған ел еш қиналмаған. Бұл қалай өзі деймін, сеніңкіремей. Екі әулие түсінікті, біреуі – Қожа Ахмет Яссауи, біреуі – Арыстан баб. Олардың не пайдасы тиді, әлдеқашан көз жұмған әруақтар емес пе?!. Тамақ көп болды ма? Оларға тамақты кім берді: әулие берді ме? Сол сөздің мәнісін міне бүгінде енді ғана түсініп жатырмын. Жаппай ел қырылып жатқанда, бұл жақтағы жұрт  аш қалмады дейсіз бе, олар да ашықты.  Тек мұндағы жұрттың қарны аш болғанымен, осы екі әулиенің мирасымен, олардың хикметімен, аңызымен адамдар рухтанып отырған екен ғой. Сондықтан бірінің етін бірі жемей, азапқа шыдап, адами қасиеттерін сақтап қалғанын айтса керек, әжем. Бұл – міне осы екі әулиенің шарапаты. Қандай ғажап?!

Мұндай ауыр кезеңдер әр уақытта болып тұрады. Кешегі өткен ХХ ғасырдың 90 жылдары ше, ол да өзінше қиын болды. Қазір көп халық кризис, анау-мынау дейді, бірақ айналып келгенде қазіргі отырысымыз бен 90 жылдарды салыстыруға келе ме? Келмейді. Есімде, 1990 жылдары біз жатақханаға баратынбыз, сонда студенттер қара нанды турап, үстіне пияз салып, қара бұрыш сеуіп жеп отыратын. Бірақ көңілдері жай, бәріне риза еді. Жалпы бізге берілген рух, қиыншылыққа төзу, адами қасиетіңді ұмытпай ары қарай жоспар құру, ағысқа қарсы жүзе білу, осының бәрі –үлкен философия.

Бақыт байлықта емес екенін ұғындыру керек

Мен өзім бүгінде қыз тәрбиелеп отырмын. Қазір қоғамда жастардың есіл-дертін әлеуметтік желі, шоу жаулап алды. Басқаны қайтем, өз қызым «әртіс болам» деген кезде, ішім мұп-мұздай болып кетеді. Ана тілінен бөлек ағылшын, түрік, орыс тілдеріне  жүйрік,  полиглот. Содан бөтен елге алып кетіп, әртістіктен де басқа өмірдің барын  көрсетіп жатырмын әдейі. Бір менің қызым емес, бақылап жүрмін ғой, жастардың көбісі әртістіктің айналасынан шыға алмай қалды. Ендеше, осыған біз қалай ықпал ете аламыз? Прагматик басшы ретінде сіз қалай ойлайсыз?

Негізі әр кезеңге сай кумирлер ауысып отырады. Қазір неге жас ұрпақ шетінен блогер, әртіс болғысы келеді? Цифрлік дәуірде кімнің ресурстары бай, яғни, сол жақсы өмір сүреді. Табыстың негізгі көзі – ютуб. Онда қаралымыңыз көбейген сайын ақшаңыз өседі, яғни, біз сияқты жылдап категорияға қызмет етіп, содан  түскен аз-кем ақшаға қуану деген қазіргі ұрпаққа жат. Айналып келгенде, ол балалардың жасап жатқан ісі логикадан алыс емес. Бірақ бұл жерде біз мәселенің екінші жағын да ұмытпауымыз керек. Ол бала не үшін бай болғысы келеді? Көбінен сұрасаңыз, тіпті жауап та бере алмайды. Бай болуы керек, бітті,  талқыланбайды.  Бірақ шындап мәселенің түбіріне жеткіңіз келсе, қазбалап, тереңіне үңілуге болады. Мысалы, баладан: «Саған миллион доллар берсем, не істер едің?», – деп сұрап көріңізші.  Біреуі айтады: «Анама үй алып беретін едім», – деп, екіншісі: «Өзіме машина, киім, анау-мынау алар едім», – дейді. Содан-ақ адамға  не қажет екенін түсінесіз. Әрине, әркімнің мақсаты әр түрлі болуы мүмкін. Алайда бүгінде ең оңай, ең тиімді жол осы – әлеуметтік желіде танымал тұлғаға айналып, ақша табу боп көрінуі мүмкін. Бұл да – бір инструмент, мен солай қараймын.

Енді осы біржақты ғана көзқарасты өзгерту үшін не істеуіміз керек? Ол үшін біз қалайда ғылым жолындағы немесе басқа да кәсіп иелерінің де мағыналы өмір сүре алатынына олардың көзін жеткізуіміз керек. Яғни, «сен ғылыммен айналассаң да, мол ақша тауып, қоғамға пайдалы болып, бақытты бола аласың» дегенді іспен көрсетуіміз керек. Негізінен біздегі ең үлкен проблема – өзімізге және балаларымызға бақытты болудың амалын көрсете алмай жатқанымызда. Бақыт деген не деген қарапайым ғана  сұраққа жауап бере алмай жатырмыз. Әрине, содан соң әлі өмірді көрмеген жас бала, тіпті кейбір үлкендердің өзі қандай жолмен болсын ақшаны күректеп тапсам, бақыт деген сол деп ойлайды. Кейбіреулерінен сұрасаң, өзінің тіпті не үшін өмір сүріп жатқанын да білмейді.

Көптеген зерттеулер ең бақытты адамдар мұғалімдер мен дәрігерлер екенін көрсетіпті. Неге? Себебі олар өз жұмысының нәтижесін өмірде көреді. Мысалы, хирург жасаған операциясы сәтті шықса, бір адамның өмірін құтқарады.  Көп адамдар ойлайды: «Аз ғана айлыққа қалай сондай жұмыс істеуге болады?», – деп. Бұл жерде дәрігерлер үшін құндылық ақшадан да жоғары –  адам өмірі болып тұр ғой. Олар жұмысынан ләззат алады. Жұмысы қанша қиын болса да, тастамайды. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әркім өзінің саласы бойынша еңбек етіп, жақсы нәтижеге жетсе бақытты бола алатынын ұғындыруымыз керек.

Мысалы, мен қызымды жарыстарға қатыстыра бергім келмейді, себебі ол баланың бойында «жарысып, бірінші болсам ғана бақытты болам» деген ой қалыптастырады. Ол дұрыс емес. Сен қай кезде де бірінші болуға міндетті емессің. Бақытты болу үшін керегі ол емес. Біздің үйде дәл сондай «мен жеңдім, сен жеңдің» деген нәрсе жоқ. Одан да біз оларға «бірігіп бұл өмірді тағы қалай әдемі ете аламыз?» – дегенді үйреткеніміз дұрыс қой. Солай ма? Мұның бәрі – концепция, мұның бәрі – біздің құндылықтарымыз.

Жұмыс орнымда да мен әріптестерімнен: «Қожа Ахмет Яссауи атындағы университет дейміз, ол күллі түркі әлеміне ислам дінімен қатар үлкен мәдениетті, үлкен этиканы, үлкен адамгершілік құндылықтарды алып келген кісі. Ал оның өмірінде қандай құндылықтар болды?», – деп сұрадым.  Ондағы мақсат соны жаңғыртып,  бүгінгі жастарға дәріптеу болатын. Сол Яссауи мирасынан өзімізге қосқан бірден-бір құндылығымыз – еңбекқорлық. Жастар блогер болып шығып, бір-екі рэп айту оңай нәрсе деп ойлайды. Негізінде ол да оңай нәрсе емес. Блогерлердің бір күн эфирге шықпай қалуына болмайды, ол да –  қатаң тәртіп,  жауапкершілікті сезіну. Ол да – еңбек, кәдімгідей. Олардың да  таңдауы, талдауы мен  жоспары бар. Мынаны жазу керек, мынаны шығару керек деп, адамдарды жинап, олардың комментарийін оқу да арнайы уақыт пен күшті қажет етеді. Ал біз ол жағын емес, олардың тек ойнап-күліп жүргенін ғана көреміз. Еңбектің маңызды екенін, кез келген табыстың қажырлы еңбекпен келетінін түсіндіре алсақ, көп нәрседен ұтамыз.

Кеше бір фильм көріп отырып, есіме мына нәрсе түсіп кетті. 10 сыныпта оқып жүрген кезімде бар арманым – мектепті, универді жақсы бітіріп, жақсы жұмысқа тұрып, қызыл кабриолет алу болатын. Қазір ойласам, не деген мағынасыз арман деймін. Бірақ соны не үшін армандадым деп сұрадым, өзімнен. Сөйтсем сол кезде маған кабриолетке мініп жүру – өмірдің ең керемет көрінісі сияқты көрінген екен ғой. Ал қазір керісінше, қызметім жоғарылаған сайын, көзге көп түспей, ел қатарлы жүргім келеді. Себебі, қызмет бабымен онсызда көп адаммен жолығуға тура келеді. Сыртқы атрибутсыз-ақ. Оның зияны неде? Командаңыздың не сезініп, не ойлап жатқанын білмей қаласыз. Ал сіз керісінше осы тұрысыңызбен, киіміңізбен «жоқ, мен ешкімнен артық  емеспін, мен де сендердей қарапайым адаммын» деген месседжді беріп үлгеруіңіз керек. Егер сіз оны беріп үлгермей, жоғарылай берсеңіз, олар сізге ешқашан шындықты айтпайды. Шындықты айтпағаннан кейін, сіз жұмыс барысында болып жатқан минустарды көрмейсіз.  Көпшілік сізден қорқады, сіз олар үшін бір табынатын пұтқа айналасыз. Пұтқа айналған күні – жеңілесіз, өйткені бұл өмірдің мағынасын түсінбей кетесіз.

Әлем классиктерінің қазақшалануы мені қатты қуантады

– Мен бүгінде тәуекел етіп, Түркияға оқуға түскеніме өте қуанамын. Сіз де сонда білім алдыңыз. Білесіз ғой, онда – барлық жерде кітап. Кітаптың көптігінен ләззат алдым. Ең алғаш 2017 жылы Түркістанға көшіп келгенде, бірде-бір кітап дүкенін таба алмай, таң қалғанмын. Кітап алу үшін арнайы Шымкентке баруға тура келді. Жанар ханым, бәлкім тек университет төңірегінде емес, қала жастарын кітап оқытып жарыстырып, интеллектуалды клубтар құрылса, ол жерде әркім өзінің оқыған кітаптарын ортаға салып, талқыласа. Жастар өзара кітап алмасса. Таңнан кешке дейін кофе ішетін, тамақ жейтін жерлерге бара бермей. Әжеңіз айтқандай, адамды қиындықта құлатпай ұстайтын  рухы ғой. Ал оны оны беретін бізге кітап емес пе?

– Сіз Түркияға қазір барсаңыз, мен осыдан 30 жыл бұрын барыппын. Ол кезде тура сіз айтқан нәрсені керісінше солар маған айтатын. «Біз Қазақстанға, Ресейге барғанда, барлық жерде адамдар кітап құшақтап отырады, ал бізде ешкім оқымайды» дегенді қанша адамнан естідім. Алма-кезек дүние. Оларда алдымен зиялы қауым байқады, артынша олар мемлекеттен талап етті, мемлекет дереу түрлі бағдарламаларды қолға алды. Міне – нәтижесі, өзіңіз айтып отырсыз, барлық жерде жұрт кітап оқиды. Бұндай нәрсені осы аймақта мейлі сіз бен біз жасармыз. Бірақ тұтас республикада жаппай халыққа ықпал ететін үлкен жобалар мемлекеттің қолдауынсыз болмайды.

Біз әбден жаман хабарға үйреніп қалғанбыз, ал жақсылықты айтпаймыз. Негізінен бүгінде өте жақсы үрдістер де жүріп жатыр. Солардың бірі –ЖОО-дағы білім беру сапасының жоғарылауы. Әсіресе алдыңғы қатарлы университеттерде, сонымен қатар орта білім беруде де, жалпы білім беруде де жақсы, оң өзгерістер бар. Мысалы, әліппенің оралуы. Және сіз айтпақшы, адамдардың бойында әлі де болса советтік дәуірден қалған ең жақсы әдеттер бар, оның бірі –  кітапқұмарлық. Тек «Сананы тұрмыс билейді» деген бар ғой, Тәуелсіздігімізді енді алған жылдары экономикамыз әлсіреп,  содан қатты есеңгіреп қалдық. Қазір біртіндеп ес жиып келеміз. Жақсы жобалар қайтадан келіп жатыр. Менің де кітап оқуға  құмарлық пен ынтызарлыққа деген үмітім үзілген жоқ. Әлі де қоғам сондай болады деп сенемін. Болып та жатыр  –  әлем классиктері қайтадан қазақ тіліне аударыла бастады, мені осы нәрсе қатты қуантады.

 

Біз нағыз түркі жастарының қара шаңырағына айналдық

Соңғы сұрағым, әңгімеміздің кіріспесінде сіз «Яссауи университеті түркі әлемінің қара шаңырағына айналады», – деген бұрынғы президентіміздің сөзін алға тарттыңыз. Одан бері міне 30 жыл өтті. Сол межеге университет жете алды ма, жетпесе, 30 жылда сол меженің қаншасын бағындыра алды?

Меніңше, дәл осы бағытта университетте бұған дейін де өте үлкен жұмыстар атқарылды. Расында да біз қазір түркі жастарының басын біріктіретін қара шаңыраққа айналдық. Былтырғы жылы Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы деп аталды. Бұған біздің университеттің де қосқан үлесіміз бар деп айта аламын.  Бізде Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың осыдан 1000 жыл бұрын салып кеткен жолы сақталып қалған. Яссауи хикметтерінен ешкім алыстаған жоқ. Тіпті Кеңес үкіметінің өзі халықты одан алыстата алған жоқ. Әрине, Қазақстанның басқа қалаларында бұл тұлғаны танымайтын адамдар бар ғой. Дегенмен дәл осы Түркістан десе, Түркиядағы бауырлардың жаны қалмайды. Нанбасаңыз, күні ертең өзіңіз барғанда «Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесінің қасынан келдім», деп көріңізші,  сізге үйінің төрінен орын береді. Өзіңіз көрген де шығарсыз. Неге? Себебі, бір кездері Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың білімін алған шәкірттері осы жақтан алған білімін, адамгершілік пен еңбексүйгіштік қағидаларын сол Балқан, Анадолы топырағына барып үйреткен. Міне сол нәрсе біртіндеп бұтақ жайып, тұтас бір мектепке айналып, қазір ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қанша су ішсең де, таусылмайтын бұлақ сияқты. Олар осыны ұмытқан жоқ. Өйткені оларда біздегідей кеңестік идеология болған жоқ. Бабамыздан тәлім-тәрбие алған шәкірттерінің есімі мен рухы әр елді мекенде сақталып қалды.

Олардың бастауыш мектептерінде «Яссауи жолы» деген сабақ болады. Балаға тәрбиені сол кезден-ақ береді, миына сіңіріп өседі. Біздің университет Түркиядағы кез келген университетке бір мәселемен хабарласқан кезде, жоқ деп айтатын адам әлі кездеспеді. Бәрі «Түркістан қаласынан Яссауи университеті хабарласып жатыр» деген кезде қолындағы барын береді, аямайды. Себебі, олар «бір кездері бізге білім сол жақтан келді» деп, қайтаруды борыш деп біледі. Көрдіңіз бе, бізде қандай рухани дүние бар?! Осыны біз өте жақсы түсінуіміз керек. Түркістан – қай кезде де рухани астана, ал университет сол жастарға рухани тәрбие береді. Қазір Қазақстандағы барлық университеттерде халықаралық деген өлшем бар, сол бойынша бірінші тұрған  біздің университет  – 15%.  Ал оның бәрі қайдан келді? 1700-1800 адам шетелдік емес, олар – біздің бауырлас қырғыз бар, өзбек бар, түркімен, түрік бар, башқұрт, татар, тіпі мына жағы Саха(Якутия), Алтай мен Еуропадағы Мажарстанға (Венгрия) дейінгі жерлерден келген студенттеріміз бар. Ендеше, университетіміз түркіге ортақ шаңырақ емей не? Яғни біз осы миссиямен жүріп келе жатырмыз. Бізге осы жеткілікті ме? Жоқ, жеткіліксіз. Иә, жастардың басын біріктірдік, олар бір жерден нәр алып жатыр. Ендігі кезекте, біздің әртүрлі ғылыми мектептер жағынан ортақтасатын уақытымыз келді. Мысалы, түркология жағынан, яссауитану бойынша жобалар басталып кетті. Миссияларымыздың қатарында – медицина саласы бойынша ғылыми әлеуетті қалыптастыру, жаратылыстану және биология ғылымдары бойынша түркі тілдес елдердің географиясының толық  анталогиясын  жазып  бітіруге  байланысты ғалымдардың басын қосу міндеті де тұр.

 

Осы орайда, қуанышты хабарды айта кеткім келіп отыр. Жуырда ғана біз әлемдегі ең әрі ықпалды әлемдік университет рейтингісі – QS World University Rankings-те  алғаш рет ең үздік 1000 университет қатарына еніп, 714-ші орынды иелендік. Мұны осы жылдың ең үздік жетістігі деуге болады. Бұған дейін бізге бұл көрсеткіш арман еді. Ал бүгінде маңдай теріміз ақталып, жұмысымыздың жемісін көріп, бойымызды мақтаныш пен қуаныш кернеп жүрген жайымыз бар. Осындай жетістіктер бізді бұдан да биік белестерді бағындыруға жетелейді. Бірлігі жарасқан ұжым мен білімді студенттері бар кезде университетіміз даңқы асқақтай бермек.

Ізіңізден еріп келе жатқан сіңлілеріңізге  не айтасыз?

Ең алдымен, өздеріңе деген сенімдерің нық болсын. Себебі біздің қоғам әлі  гендерлік теңдікке жеткен жоқ. Бұл не деген сөз? Бұл қоғамда ерлерге қарағанда қыздардың алдында тосқауылдар жиі кездеседі дегенді білдіреді. Қандай да бір бәсекеге түскенде, қанша жерден мықты болып тұрсаңыз да, кей кезде белгілі-белгісіз себептермен шеттетіліп қалуларыңыз мүмкін. Ондайда еш мұңаймаңыздар, қыздар. Тауларыңыз шағылмасын!  «Бұл қыздың жұмысы емес» дейтін адамдардың ойынан аулақ  болу керек. Әжем: «Еркектің істегенін әйел де істей алады», – деуші еді. Сол рас. Өмірге сеніммен, үмітпен қараңыздар, ешкімнен қорықпаңыздар дегім келеді.

 

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Түркістан-Анкара

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button