Назым сөзТаңдаулы

Серік САҒЫНТАЙ: Аты еді бұл жырымның «Жұртжылаған» (Әлеужелідегі псевдопатриоттарға)

Серік САҒЫНТАЙ

 

 

ҚАРА ҚОС

 

Қара қосты сайға тігіп көрмегем,
Арыстандай Айға атылып… өлмегем.
Өмір маған ұсынады əрдайым,
Тағдырымды бəйгі аты ғып – көлденең!

 

Жауыр жапқан көңіл – жүдеу көкдөнен,
Мен шөлдесем – мейірімге шөлдегем.
Арын жоқтап, қанын іштім пасықтың,
Сағынышты кеше түнде жерлегем…

 

Бір биікке тіккен туым желбіреп,
Көкірегім көктем сүйсе, сең күреп –
Көңіл дөнен орына əкеп құлатқан,
Өмір деген – добын атқан зеңбірек.

 

Қара түнге шам жаққанмын – жүрек қып,
Ақ көңілге талай түнек түнеттік.
Айқасынан көктемдердің жалығып,
Сай тасыған күздей…
кенет дүр еттік.

 

Қыр басына қос тіккенмін жап-жалғыз,
Босағадан сығалады лаққан күз.
Ер-тоқымды жастанып кім құлайды, ей,
Қажып-қаусап түскен күні аттан біз?..

 

 

Бір пенде

 

Алдағы өмір артта қалған секілді,
Бала басы қарт боп алған секілді.
Өткен күні болашақтай күтетін,
Шаруасы басталмастан бітетін…
О дүниеден қайтып келген бір ғаріп,
Жастық шаққа бара жатыр сұрланып.
Өлген күні тіршілігі басталған –
Туған күні топырақты жастанған.
Кері айналып бара жатыр Күн, Əлем,
Дұғамен… жоқ… емделетін күнəмен –
Адам көрдім, заман көрдім жаңылған,
Пешенесі өлгеннен соң жазылған.
Кесенесін тірісінде тұрғызып,
Бар тапқанын көр-лақатқа кіргізіп,
Сол бір адам келе жатыр жасарып,
Һас тұлғасы қара тасқа қашалып…
Жас жігіттей желпінеді жал бітіп,
Қартайған көп қатарласын қаңғытып.
Бала болып кетеді ертең… нанасың,
Тек… таба алмай сорлайды ғой анасын.

 

Солай өмір өте шықты оқыстан,
Ал сəбиді тауып алды ел қоқыстан..!

 

 

СҰЛУ ӨЗЕНІ

 

Қырды асып Сұлу өзен сылаң қаққан,
Тұмшалап сай-саланы тұман жапқан.
Жалында қарагердің дəурен өтті,
Бойында қаражолдың шұбалды ақпан.

 

Ақпанның кешіндей-ақ келте дəурен –
Адасқан ақтүтекте селтең-əурең.
Өзеннің мұзын құшып əн созған кім
«Айнада дəнекерсің, еркем-аумен?!»

 

Мұз болып сылқым Сұлу қатып қалған,
Тұсында дамылдап тұр уақыт-жалған.
Өлсе де өңін бермес өзендер-ай,
Құм емес, өзегіне жақұт толған.

 

Көктегі Ай ынтық қылған бозбаладай,
Көктем боп мұзды сүйген боз далам-ай.
Сұлудың сүмбіл шашын созған арай,
Іштегі талай шерді қозғағаны-ай.

 

Қарагер қара жолдан шығып кеткен,
Ақпанда, ақтүтекте ығып кеткен.
Тұлпардың оқыранған үнін аңсар,
Сұлуға сырға салар жігіт-көктем.

 

Ақпанның кеші келте, күн де суық,
Қарагер қырдан асар бір көсіліп.
Өмірді өзіңменен бірге сүріп,
Қара жол шұбалады түнге сіңіп.

Қара жол шұбалады түнге сіңіп…

 

 

Аты еді бұл жырымның «Жұртжылаған»

(Әлеужелідегі псевдопатриоттарға)

 

…Естен танған еркектей аза құшқан,
Еңкілдеп бір жылап тұр Қазақстан.
Тостағаны шайылған дастарқан деп,
«Дос-жараны» дәм алар таза ыдыстан.

 

Көңілін де шаяды көз жасымен,
Өмірін де шаяды көз жасымен.
«Жыламайтын адамдар – тасжүрек» деп,
Және қайғы болады өз басымен.

 

Жылауықтың баласы – сен де, мен де,
Қайтер бізді қайғы-үрей жеңбегенде?!
Кесесіне кемерлеп құйып берер,
Көз жасы да сусын ғой шөлдегенге!

 

Өксігіңді баса алмай солқылдап мың,
Жаспен талай кеудеңнің өртін жаптың.
Аққу-қазды көктегі қаңқылдаттың,
Тостақанды төңкеріп тоңқылдаттың.

 

Көз жасымен аспанға бұлт құраған,
Арыла ма үрейшіл ұлт күнәдан?!
Ылғи тартып жүретін той жасаса,
Бір күй керек қазаққа – «Жұртжылаған».

 

Жылай алмай, есінеп, еркін лағып,
Өзегімді сөнбеген өртім қарып.
Қонақасы үстінде күліп қойған
Адам құсап отырмын селкіл қағып.
Ұят-ай!..

 

Құрылыс

 

Қар жамылып қыстап қалған құрылыс,

Саған тұрақ тебе алмады бір ұлыс.

Аңыраған апан болып жатырсың,

Пана көріп ұя салмас тірі құс.

 

Қар боратып ұлығанда ұлы қыс,

Қауқар бар ма жылынарға, құрылыс?

…Пенделердің аяқсыз көп жұмысы –

Құрылыс боп күн кештірген құбылыс.

 

Бұрышыңа жылу берсін бір уыс,

Ұлысыңа бітер сонда ұлы күш…

Мәңгүрттеніп қалған ойдың жемісі –

Қанқұрт болып қаусап тұрған құрылыс!

 

Бір ұлыстың кеппейтұғын аңқасы –

Тірі құстың ұясы жоқ жартасы.

Құрылыс боп көк аспанға қарап тұр,

Арманының қаусамайтын қаңқасы.

 

Жалғыз жазу қар қымтаған төрдегі –

Сауысқанның қанатының өрнегі.

Тоңған адам тұрақ қыла алмаған,

Қар жалаған қанден иттің ермегі.

 

Сексендегі қариядай қалтылдап,

Қатып қалған қан тамырың салқындап.

Екі ғасыр ұшып жүрген қос құзғын,

Жартасыңа ода айтты қарқылдап…

 

Бұжыр тасы саудыраған бөктерше,

(Кейде кенет маужыраған көктемше).

Құрылысқа құбылыс деп қарарсың,

Көкірегіңе көктем иісі жеткенше…

 

 

ЖЕЛТАУ

«Желтаудың қай жағынан көшеміз?!»

Көшкіндер.

 

…Жан-жағынан Желтаудың ел көшеді,

Аты Желтау болған соң, жел де еседі.

 

Сірі тасқа өкшесін қадай қажап,

Адасты ғой тау кезіп талай қазақ.

Желтау жатар жұмбағын жайып тастап,

Бұйра-бұйра бұйратын жел аймалап.

 

Ұзынбұлақ, жылжыған Жіңішке өзен,

Талдыбейіт, қоңыр тау, құныс кезең…

Жыланбауыр жақпары Күн аймалап –

Құранды ердей қапталын күмістеген.

 

Көше алмаса керуені тауды айналып,

Баба-таудың басын мүлт баурайды анық.

Зәу биікте бұлтиған бұлтқа ұмтылар,

Бар ма мына жалғанда таудай ғаріп?!

 

…Қайран, Желтау!

Затың мен атың жұмбақ,

Батыр құндап қорғаған, ақын жырлап.

Таңбалы тас-тәніңді тәрк қылып,

Жалған уақыт басыңнан жатыр зырлап.

 

Уақыт өтер, тағдыр мен таңба қалар,

Саған қазақ бас иіп, сан бағалар!

Желдей жүйрік заманды тауға байлап,

Желмаядай шөктірген нар бабалар.

 

Қалай сенің көтерем тұғырыңды,

Менің де ізім Арқада шұбырынды?!

Қай жағыңнан көшсе де жебей жатшы,

Айдарынан жел ескен бір ұлыңды!

 

 

Ауылда

 

Арнасының құмға айналып сілемі,

Тоқырауын неге жерге сіңеді?

Көз алдында құм жұтқанда өзенін,

Ауылдастың ауырмас па жүрегі?

 

Соны көрмей қашып кеткем ауылдан,

Дауаламай жүрегім.

Ауыл жайын сұрамаймын бауырдан –

Айтпаса да, білемін…

 

Қиялымда – әлі ауылда тұрамын,

Күнде өтемін бұл көшемен, шырағым.

Жұмысыңа сен жүгіріп баратсаң,

Иығыңнан сипап өте шығамын.

 

Қар басқанда Көкөзектің көшесін,

Мен де өтегем Жаяу салдың есесін.

Тоқырауын мұз-айдынға айналып,

Жосалы тау сырғанағын төсесін.

 

Күре жолға түстік содан сырғанап,

Шатырша әлі орнында – «мен-мұндалап».

…Қаскең шалдан бір шежіре тыңдаушы ем,

Аскең салған ескі әнді тыңдап ап.

 

Қарға түскен ағалардың іздері,

Жүрген жол ғой – барар бағыт біздегі.

Солар құсап көкте жүрер бақылап,

Тыраулаған тырналардың тізбегі.

 

Тыраулаған тырна күтіп құлшынып,

Қар астында бұлқынады тіршілік.

Терек жағып, терезеден үңілдім,

Көктем келмей көмір бітті – күн суық.

 

Мен еккен тал көктер биыл – көктесе,

Қолын жайып Күнге қарай беттесе…

Әлі ауылда жүрер ме едім қар күреп,

Тоқырауын құмға сіңіп кетпесе?!

 

 

ӘН

 

Ару сыңсыр сым пернені сипалап,

Өмір сыңсыр гитарадан күй тарап,

Көңіл тыншыр жалғыз сәтті аңсарсың,

Аңсарыңа алданыш боп күйтабақ.

 

Үмітіңді үздіккен сәт ұйпалап,

Сұм жалғаннан күтетінің сый-қабақ.

Сейілдеген сезіміңді жұбатар,

Сейіл құсап ән шырқасаң… гитара ап.

 

Жалған тірлік жылатқанда жаныңды,

Ән ғана ғой тулататын қаныңды.

Түсіңде ылғи әуелетіп шырқайсың,

Өңіңде бір айта алмайтын әніңді.

 

Қуаныш, мұң – қоңсы қонған көрші екен,

(Өлең қылып өмірімді өлшетем).

Жалған күннің жанарына тік қарап,

Шырқап салар жалғыз әнің болса екен!

 

Үмітіңе жалғыз әуен – үй-пана,

Жүрегіңді тыншытса егер ми-сана.

Алты атаңның аруағын тербеген,

Жетігеннің жездесіндей гитара.

 

Ән екен ғой дүниенің жарығы –

Сәні екен ғой – сауығы да, сабыры.

Сейіл ағам жүрегінен аңқыған,

Қоңырқаздың, Қосбасардың сарыны.

Қоңырқаздың, Қосбасардың сарыны…

 

 

ҚАСЫМ ЖАЙЛЫ

 

…Тумастан айналып дастанға,

Жөргекте шерлі өлең тербеген.

Шалқалап Ай жүзген аспанда,

Еңбектеп өмірге енді Өлең!

 

Шалқалап жүзеді Ай неден,

Жауынсыз, дауылсыз ғасыр ма ед?!

Қауырсын қанатын жайды Өлең,

Балапан Қасым боп!

 

Қасым боп өмірге келді Жыр,

Келді жыр – шыр-пырлы шер ғұмыр.

Жетімге жақын ба көр-күбір,

Күтті оны алапат зор дүбір.

Молада әке боп сөнді нұр,

Санада өмір боп өнді гүл!

 

Жүдеген…

Молаға түнеген,

Алқымнан жоқшылық кездігін тіреген.

Жетімнің жүрегін жандырған,

Мен сені сүйемін, ұлы Өлең!

 

Демімен, шерімен зілбатпан,

Жырлатқан, жасын боп үн қатқан Күн жақтан.

Мен қалай сүймеймін Өлеңді –

Қасыммен окопта бір жатқан?!

 

Арқаның өзендеріндей,

Кезеңдеріндей,

Асуларындай,

Ғашық жарындай –

Еңірей табысып даламен,

Баламен, анамен, ағамен,

Оқ тескен шинелін сүйретіп,

Майданнан оралды Қараөлең.

 

Қасым боп оралды ол,

Жасын боп оралды!

Лашын боп шүйгендей күйкентай қоғамды.

Қарқ етіп үш жүз жыл жүрмеді,

Жарқ етіп жанды да… жоғалды.

 

Өлең де оқ тескен шинелдей,

Шалғайы сан отқа күйгендей.

Елтірі қаракөл заманнан ертеңге –

Шинелмен өтті ақын именбей.

 

Әтірдің иісі бұрқырап,

Жасанды жырынан

Мың ақын келеді жыр құрап.

Бір Қасым басым ғой мыңынан!

 

Соғыстың алауы…

Шинелдің иісі…

Ескі ауыл… тас қора… қи ысы…

Дос-бауыр… баспана… үш-іші…

Сезім мен төзімнің сүйісі…

 

Қасымның ғаламы – жасынның тұрағы,

Ғасырдың шырағы, ұраны –

Өзі де, жыры да тірі әлі,

Біздерге үлескен мұраны.

Жақсы өлең оқылған кештерде,

Қасым кеп қасқайып  тұрады!..

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button