ТаңдаулыТүркі жұртында

АЖАЕВТЫҢ ҒАЖАЙЫП ҒҰМЫРЫ

 

Тұңғыш қазақстандық медициналық генетик

АЖАЕВТЫҢ ҒАЖАЙЫП ҒҰМЫРЫ

Аты – Совет, тегі – Ажаев. Сирек кездесетін есім-сой. Белгілі ғалыммен алғаш танысқан адамдардың бәрі міндетті түрде есімін екінші рет қайта сұрайды. «Жарайды Совет – Кеңес үкіметінің ықпалы ғой дейді, ал Ажаев ше, ол не сөз, қандай есім?» деп. Әлде қазақ емес пе екен деген секілді сан-саққа кетіп те қалады. Сөйтсек бұл кәдімгі өзіміздің Ғажайып екен ғой,  туғанда әкесіне үлкендер жағы азан шақырып, Таңғажайып деп ат қойған. Кейін келе ол есімнің бастапқы «Таңы» қысқарып, Ажай болып қалыпты. Міне, бұл есімнің бар сыры осы. Дегенмен аты ғана емес, бұл кісінің өзі де бір ғажайып адам. Онша-мұнша адам бара алмайтын медицинаның ең күрделі – медициналық-генетика саласы бойынша ғылым кандидаты дәрежесіне ие болған тұңғыш қазақстандық ғалым.

 

Трактор болмағанына шүкір

 

– Аты-жөнім – Ажаев Совет Ажайұлы. Қазақта сирек кездесетін есім. Мектепте оқып жүрген кезімде орыстың Василий Ажаев деген жазушысын білетінмін. «Далеко от Москвы» шығармасының авторы. Әрине, мен енді орыс емеспін. Осының сырын мен әжемнен сұраған едім. Сөйтсем, менің әкемнің аты Таңғажайып болған екен. Нағыз қазақы есім ғой. Кейін бара-бара ол есімі қысқарып, Ажай болып қалыпты. Ал атымды Кеңес Үкіметінің құрметіне Совет деп атапты. Қайта, «Трактор» деп қоймағанына шүкір етемін. Ол кездегі идеологияның өзі қызық еді ғой. Октябрь, Ноябрь, Трактор деген есімдер де кездесті емес пе?

Өмір жолын өз есімінің сырынан бастаған дәрігер-генетик ағамыз Аралдың тумасы. Балалық шағы теңіз жағасында өтсе керек. Әлі күнге сол кезді есіне алса, көз алдына бірінші мамыр мерекесі күні шеруге шығып,  қаланың орталық алаңынан үш жүз метр жерде көрініп тұратын теңізге жүгіріп барып қойып кететіні елестейді. «Мамырдың алғашқы күнінде-ақ қаланың ішіне кірген теңіз суы жып-жылы болып тұратын. Түскенде де тағы үстімізде бірде-бір киім қалдырмай тырдай жалаңаш күйде түсуші едік. Себебі киіммен шомылсақ, теңіздің тұзы оған әппақ сор боп сіңіп қалатын. Содан үйге барған соң, шешелерімізден таяқ жейтінбіз. Олар бізге күн әбден ысымай, суға түсуге рұқсат етпейтін», – деді ғалым сол шаққа ойша саяхаттай отырып.

Совет Ажаев Арал қаласындағы Н. Крупская атындағы №14 орыс мектебін бітірген. Үйдің үлкені болған. Алдында бір ағасы, сосын өзінен кейінгі екі інісі  қайтыс болып кетсе керек. Содан кейін бесінші сыныпта оқып жүргенде барып өзінен кейінгі інісі дүниеге келіпті. Үйдің үлкені болған соң, үй шаруасына ерте араласып өседі. Оның үстіне қыз да жоқ, анасы үйдің де, түздің де тірлігіне аямай жұмсаса керек. Тіпті қонақ келсе де, соларға анасы келгенше қызмет етуді бастап кететін. Қонақтарға көрпе төсеп, анасы келгенше самаурынды қайнатып қою бала Советке бұйым құрлы болмапты. Ал есейе келе шешесінің сол тәрбиесіне сан мәрте алғыс айтыпты. Неге? «1971 жылы Мәскеудегі КСРО-ның  Медицина ғылымдар академиясының Медициналық генетика зерттеу институтына асперантураға түстім. Соның Мутагенез лабораториясында ғылыми зерттеу жұмыстарымен 3 жыл бойы айналыстым. Сол жерде ғылыми эксперименттер жасайтынбыз. Адамның қанын алып, өсіріп, өңдеп, хромосомалардың препараттарын жасап,  зерттейтінбіз.  Жасушаларды егіп,  өсіретін лабораториялық ыдыстар химиялық тұрғыдан таза болуы керек. Таза болғанда да, қылау қалмайтындай кіршіксіз таза. Әйтпесе, жасушалар өспей қалады. Міне, сол ыдыстарды жуу кезіндегі икемділік, тазалық, табандылық секілді қасиеттерді бойыма бала кезімнен шешем құйып берген екен. Негізі лабораториялық ыдыстарды орыс әйел жуатын. Мен соның қасында көмектесе жүріп, тағы да біраз нәрсені үйрендім. Ол менің сол қасиеттеріме риза болып, лабораториялық ыдыстарды даярлаудың небір құпияларын қоса үйретті», – дейді ғалым.

Өзі де жақсы көретін ісінің қыр-сырын тезірек үйренуге барын салады. Өйткені  аспирантурасын аяқтап, Ақтөбеге барған кезде осы зерттеулерді жалғастыру үшін ғылыми лаборатория құру басты жоспарларының бірі еді. Мұндай жағдайда жоспарды жүзеге асыруға барлық білім, зерттеу  дағдыларды игеру қажет етеді. Әйтпесе, жас студенттерге және жас ғалымдарға кім үйретеді? Мойнында сондай ұлы аманат тұрған адам қалайша алаңсыз жүре алсын? Бүгінде ғалым өзі беретін гистология пәнінен  кітаптарын  шығарып, оларды сол аяулы ата-анасы мен ұстаздарына арнады.

 

Төрт баладан жалғыз өзім тірі қалдым…

 

«Неге медицина саласын таңдадыңыз?», – көкейде тұрған осы сауалды айтпай-ақ аңғарса керек, Совет Ажайұлы  әрі қарайғы әңгімесін сол төңіректе өрбітті: «Сенесіз бе, мен  есейгенше мүлдем дәрігер көрген емеспін. Отбасымда да ешкім дәрігер емес. Біздің кезімізде бала ауыра қалса, не өледі, не тірі қалатын. Айтып отырмын ғой, біздің отбасымыздың өзінде бір айдың ішінде төрт баланың үшеуі  балалардың инфекциясынан өліп кетті. Мен тірі қалдым».

Міне, Ажаевтай мықты маманның дәрігер болуына ең басты себеп – осы. Бір туған бауырларының қыршын кетуі. Бала да болса көкейінде «неге менің кеше ғана жүрген бауырларым бүгін жоқ?», – деген сұрақ қалған. Тіпті ол кезде есі кірмеген бала болса да, бәрібір кейін есейе келе отбасындағы осы бір трагедия оның өмір жолын айқындап беруге жетерлік темірқазыққа айналған. Үй ішінің де қалауы сол болса керек, туған әкесі балам орыс тілінде білім алсын деп, оны Нұғман деген інісінің тәрбиесіне береді.

– Ол кісі Алматыдағы Заң институтын бітіріп, Қазалыда  халық соты болып қызмет етті. Бірақ, әлі отбасын құрмаған кезі еді. Сондықтан әжем соның қасына барып тұруды жөн көрді және әкем мені ілестіріп жіберді. Кейін үш бауырым бірден қайтыс болған соң, әкем есін жиып, мені қайтадан өз қолына қайтарып алды. Оның үстіне, әкемнің інісі де үйленіп, өз отбасын құрды. Үш сыныпты мен сол Нұғман ағамның қолында оқыдым.  Төртінші сыныптан бастап  оқуды Аралда өз үйімде жалғастырдым. Негізінен мен медицина саласын армандап, таңдаған жоқпын. Бірақ, бар ойым, үйден кетіп, өз өмірімді өзім сүру болды. Апама салсақ, үйдің үлкені болғандықтан, мені алысқа жібергісі келмеді. Ауылда шопыр болсам да, көз алдында жүргенімді қалады. Тіпті менің кімге үйленетімді де шешіп қойыпты. Ауылда нағашысының қызы бар еді, сол қызды  алып бере саламыз деген ғой. Ал мен болсам, темір жол вокзалына барып алып, ары-бері өтіп жатқан пойыздардағы жолаушыларға қызығып қарап тұрып, армандайтынмын. Бар ойым сол пойыздардың біріне отырып, алысқа кету еді.

Содан  мектептің 11 класын «4» пен «5»-ке бітірген соң арманым оқуға түсу болды, қандай мамандық болса да бәрі бір, әйтеуір басқа үлкен қалаға кету.  Орыс, кәріс сыныптастарым күнде-күнде кетіп жатыр… Ақырында тек үш сыныптасым қалды, олар 3-4 күннен кейін  Ақтөбедегі медицина институтына оқуға түсеміз деп шешкен екен. Сонымен, менің бір ғана мүмкіндігім қалды – соларға ілесу, олардан қалсам – қалғаным… Не істеуім керек? Туған әкем үш ағайындының ортаншысы еді, оның есімі – Нәжімедин. Туған анам – Ақкенже босанғаннан кейін екі сағат арасында қайтыс боп кеткен соң әжем мені әкемнің үлкен ағасына бергіздіреді. Солайша мен Ажайұлы боп кеттім. Бауырына басқан Задагүл анамның сол кезде өзінің сегіз айлық баласы болыпты Аты Сайлау. Соған ұйқастырып  менің атымды Совет деп қойыпты.

Задагүл апам мені барынша ұзаққа оқуға жібергісі келмеді. Сосын мен айлаға көшіп, «Апа, егер мені оқуға жібермесеңіз, Нәжімеддин ағама осы өтінішімді айтамын» дедім. Бопсаладым ғой былайша айтқанда. Апамның ең осал жері сол болатын. Амалының жоғынан жіберуге мәжбүр болды, әрине, әкемнің алдынан өтіп. Екі-үш күнде костюм-шалбар, чемодан, сағат алып берді, бір айға жететін ақша ұстатты», – деп түйді. Әрине, ата-анама мұндай шешім оңайға түскен жоқ. Егерде сол сәтте мені қолдамаса, не істеймін, қаламын ғой. Олардың осы даналығына осы күнге дейін ризамын…

 

«Өзімізден он жігіт дайында!»

 

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», – қазақ текке осылай демесе керек. Себебі жақсы маман болу үшін сапалы білім керек, ал оны тек білімді ұстаз ғана бере алады.

-Институтта сабақ берген ұстаздарымыз да мықты болды. Олар Алматының, Мәскеудің, Казанның, Киевтің, Новосибирсктің және басқа да қалалардың жетекші медицина институттарынан келген, жан-жақта білім алған, сол жақтың тәрбиесін көрген, тәжірибелі  30-40 жас арасындағы  ғалым-ұстаздар еді. Өздерін өзі ұстау мәдениеті, өзара және студенттермен қарым-қатынасы, тіпті ақ халатты киіп-шешуінің өзі де жоғары деңгейде еді. Осының барлығы біздер үшін үлгі болды, оларға қарап бой түзедік. Шәкірт тәрбиелеп, білім беретін адамның ішкі мәдениеті де  және сыртқы келбеті де, жұрыс-тұрысы да  жоғары деңгейде болуы өте қажет. Әйгілі ағылшын физигі Исаак Ньютон айтқан екен: «Мен қашықты көре алдым, себебі алыптардың иығында тұрдым». Міне, алып деп ол өз ұстаздарын айтып отыр. Ұстаздарымыздың ішіндегі ең мықтысы сол кездегі Ақтөбе медицина институтының ректоры,  кейін Қазақстан республикасының Денсаулық сақтау министрі, қазіргі кезде әйгілі академик ағамыз  Төрегелді Шарманұлы Шарманов еді. Ол кісі сол кездің өзінде демократияшыл стильде қызмет ететін  және жақсы мағынада ұлтжанды еді. Оған дейінгі 10 жылда үш ректор орыс болған. Бір күні ректорымыз  мені (ол кезде 6-курстың комсомол ұйымының хатшысы едім)  шақырып алып: «Совет, маған дейінгі ректорлардың қандай саясат жүргізгенін, олардың кімдерге бүйрегін бұрғанын сен жақсы білесің. Бізге енді өзіміздің кадрларды дайындау керек. Саған тапсырма беремін. Курсыңдағы өзіміздің жігіттердің арасынан таңдап-таңдап он адамның тізімін бер. «Өзіміздің» дегенді түсіндің ба?» деді. Мен: «Түсіндім!» дедім де, шығып кеттім. «Өзіміздің» дегені қазақтар дегені болар деп ойладым. Өзім  курстың комсомол  хатшысы   болғандықтан, кімнің қандай екенін жақсы білемін ғой. Содан ойлана келе, он жігіттің тізімін жасадым. Алдымен олардың адамгершілік қасиеттеріне мән бердім, әрине, оқу үлгеріміне де қарадым. Содан тізімді алып, ол кісінің кабинетіне бардым. Тізімге қарап тұрды да: «Сенің өзің неге жоқсың мұнда?» деп сұрады. «Төрегелді Шарманович, мені елде әке-шешем күтіп отыр. Кемпір-шалдың үлкен баласы едім. Оның үстіне, мен  кезінде олармен ақылдаспай, үшінші курста  үйленген едім» дедім. Сол кезде Төрегелді Шарманович ашулана: «Бара бер!» деді. Кейін естідім, ол кісі маған ренжіп қалған екен. Себебі6 мені сол Ақтөбедегі институтта алып қалу ойында болған. Ал мен Аралға ата-анамның қасына дәрігер болып баруға міндетті едім.

 

Генетикадан 30 жыл артта қалғанбыз

 

Кеңес Одағының кезінде 1937 жылы генетикалық зерттеулерге тыйым салынған еді. Бұл жағдай ауыл шаруашылығының, медицинаның дамуына едәуір кері әсер етті. Тек 1969 жылы «СОКП Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің қаулысы» бойынша бұл ғылымды қайтадан қалпына келтіруге әрекеттер жасала бастады. Әрекеттің көрінісінің бірі – генетика жайлы алғашқы кітаптардың жарық көре бастағаны. 1969 жылы 6 курс оқып жүргенімде ағылшын ғалымы Шарлотта Ауэрбахтың «Генетика в атомном веке»  кітабы қолыма түсті. Содан мен осы кітапты қайта-қайта оқыған соң осыған дейін айналысып жүрген хирургияға қызығушылығым төмендеп, бұған дейін бір де сабақ, немесе лекция болмаған жаңа ғылым – генетикаға аңсарым ауа бастады.

Осы кітапты игерген сайын  отыз жылғы «кісен», яғни, генетикаға кірер есікті шойын құлыппен құлыптануы онсызда  жаңа салаға аңсары ауып жүрген студентті одан сайын ынтықтыра түсті. Себебі елде тұқым қуалайтын аурулар туралы зерттеулер жүргізілмеген еді. Ал оларды зерттеуге кезінде тыйым салынып, зерттеп жүргендерді соттап, жер аударып тастаған болатын. Николай Иванович Вавилов деген бүкіл дүниежүзі бойынша нөмірі бірінші генетик болған. Сол кісі  1943 жылы Саратов түрмесінде жатып қайтыс болған. Ағасы Сергей Иванович Вавилов Кеңес Одағы Ғылым Академиясының президенті болғанымен, інісін түрмеден алып қала алмаған. Сталин заманы өте қиын болды емес пе?

Содан Төрегелді Шарманұлы мені екінші рет алдына шақырды. Оған дейін ректорымыздың тапсырмасымен менімен бірнеше рет мен жақсы көретін, сыйлайтын, ұлгіт тұтатын ұстаздарым: патанатом Саламат Ғұмарұлы Ахметкалиев, хирург Намаз Ізімбергенұлы Ізімбергенов әңгімелесті, ақылын айтты, көзімді ашты. Телефон арқылы ақылдасып, 3-4 кластық сауаты бар әкемнің қолдау батасын алдым. Сөйтіп, ректорыммен кездесуге бара жатып,  елге  бармай Ақтөбе медицина институтында  қаламын, бірақ 2 жыл ішінде тек Мәскеуге,  тек генетика бойынша   аспирантураға баруым керек деген шарт қоямын деп шешім қабылдадым. Содан Төрегелді Шарманович мені екінші рет қабылдады. «Өткен жолы Сізге дұрыстап түсіндіре алмадым. Білем, мен елге барсам хирург болып, қыдырып-думандап, карта ойнап жайыма кетуім мүмкін», – дедім. «Ия, мен барлығын да түсінемін. Себебі өзім де кемпір-шалдың баласы болдым. Бірақ кезінде мен де ауылда қала бергенімде, дәл сен айтқан дәрежеде қалар едім. Ал мен ғылыммен айналысып, өзім мен отбасыма ғана емес, еліме, халқыма керек адам болып шықтым», – деді.  Содан мен 1970 жылы оқуымды аяқтап,  медициналық биология және генетика деген кафедраны таңдап, ассистент болдым – деп жалғады әңгімесін Совет Ажайұлы.

Неге бұл кафедра? Себебі 1969 жылдан бастап генетика саласына қайтадан мән беріле бастайды. Осы пәннің оқу бағдарламасына генетика негіздері бойынша сұрақтар еңгізілген болатын. Бұл кафедраның меңгерушісі София Наумовна Гордина деген профессор  болды.  Ол кісі өте талапшыл, беделді, білікті және мәдениеті жоғары маман еді. Бір күні институтта кетіп бара жатсам, «Ажаев!» деген дауыс естідім. Жалт қарасам, София Наумовна екен. «Совет, Вы окончили институт? Какие у вас планы на будущее?» деп сұрады. «Ия, аяқтадым. Төрегелді Шарманович бізді институтта қалдырып жатыр. Мені патофизиология кафедрасына профессор Халида Есенкуловна Маманова, анатомия кафедрасына профессор Эрез Белла Михайловна шақырып отыр» – дедім. «Ал сіз қалай деп шештіңіз?» Мен болашақта генетикамен айналыссам деймін. Сіздің кафедрада генетика мәселелері беріледі емес пе? Мен  болашақта Мәскеуге  генетикадан аспирантураға түскім келеді. Ол үшін сіздің кафедрада жұмыс істеп, генетикадан сабақ беріп жұріп, білімімді нығайтсам жақсы болар еді. «А в чем проблема?» деп сұрады. «Сіз мені кафедраңызға аласыз ба? –дедім. Әрине аламын- деді.  Екі профессормен өзім сөйлесемін, оларды көндіріп, бұл мәселені өзім реттеймін», – деді. Содан мен  медициналық биология және генетика кафедрасында қалдым.

Сол кезден есімде қалған бір оқиға.  Бір күні мен сабағыма бес минут кешігіп қалдым. Институтқа ентіге кіріп келсем, София Наумовна кабинетінің алдында тұр екен. Мені көре сала кабинетіне шақырып алып: «Совет Ажаевич, сіздің тобыңызда басқа оқытушы сабақ беріп жатыр.  Сіз бұрынғыдай студент емессіз. Сіз қазір – ұстазсыз. Студенттеріңіз сізге қарап бой түзейді.  Сондықтан жұмысқа енді кешікпеңіз.Жинақталыңыз!», – деп ескерту жасады. Міне, біз осындай тәрбиемен өстік. Содан бері мен жұмысқа бір минут та кешіккен емеспін. Әлгі сөздер мен үшін өмірлік сабақ болды және берген тәрбиесіне ұстазыма ризамын», – деді ғалым.

 

Бәрін тастап, бір-ақ күнде көшіп келдім

 

Өмір бойы Мәскеу, Алматы қала берді Ақтөбеде жүрген ғалым қалайша Түркістанға тап болды? Манадан бері бәрімізді мазалап отырған осы сұрақ шығар. Ол жайлы Совет Ажайұлы өзі былай дейді:

– Түркістанға: «Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың рухына тағзым етіп келдім» деп айта алмаймын. Ол кезде Яссауидың кім екенін де білмеймін. Шынымды айтсам, тұрмыс жағдайыма қарай ауыстым. Ақтөбеден кейін Алматыға жұмысқа бардым. Ол жақта  Аналар мен балалардың денсаулығын қорғау Республикалық ғылыми-зерттеу орталығында  медициналық -генетика деген лаборатория бар екен. Сонда аға ғылыми қызметкер болып орналастым. Өкінішке орай,  лабораторияның атына заты сай болмай шықты. Себебі, ешқандай арнайы генетикалық зерттеулер жасайтын лабораториялар жоқ екен. Ғылыми қызметкерлер тек медициналық құжаттарды талдап жұмыс жасайды екен.  Сөйтіп, мен мұнда хромосомдарды  зерттейтін  цитогенетикалық лаборатория құрдым. Бұл лаборатория хромосомдық аурулардың  диагнозын  қою үшін және сыртқы ортаның зиянды факторларының адамның тұқымқуалаушылық аппаратына әсерін  зерттеу үшін қажет. Сөйтіп 1992 жылдың соңында ол кездегі  ҚР-ның Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен құрылған  ғылыми экспедиция құрамында Семей ядролық полигонының маңындағы (Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының) елдімекендердің тұрғындарына генетикалық зерттеу жүргіздім. Айта кету керек 1989 жылы  Кеңес Үкіметі кезінде 200 ғалымдардан тұратын осындай экспедиция Мәскеуде жасақталған еді. Оның құрамында әйгілі генетиктер болды. Бірақ, «Радиациялық медицина» деген журналға жазған есебінде  бұл ғалымдар радиациалық фактордың тұрғындарға әсері жайлы бірді-бір сандық мәлімет көрсетпеген. Бұл мәселені әлі де зерттеу қажет деген. Шамасы, бұл құзыретті органдардың цензурасының салдары. Ал, біздің зерттеулерімізде балабақшаға баратын балалардың өзінде жасушаларындағы хромосомалық аберрациялардың (бұзылулардың) деңгейі қалыпты көрсеткішпен салыстырғанда 3-12 есе  өскен. Бұл өте маңызды мәлімет. Себебі жергілікті дәрігерлердің айтуы бойынша ондағы балалардың арасында лейкоз ауруы жиі кездеседі екен. Бұл екі көрсеткіштің арасында байланыстар бар ма  деген ой туғызады. Бұл өз ретінде жас ғалымдарды немесе дипломдық жұмыс жасап жүрген студенттерді осы мәселемен айналыстыруға болар еді, тіпті зерттеуді нығайтса, докторлық диссертацияға да татитын еді. Бірақ ол кез тоқсаныншы жылдар ғой. Өте қиын кезең болғанымен қызмет жағынан барлығы да ойдағыдай  болды. Бір жылдың ішінде лабораторияның аға ғылыми қызметкері, жетекші ғылыми қызметкері, кейін лаборатория меңгерушісі болдым. Бірақ тұрмыс жағынан қиналып кеттік. Тұратын үйім де жоқ. Әркімнің времянкасында тұрдым. 1991 жылы тұңғышымыз туды. Содан әйеліме: «Біз бұл жерде тұрмаймыз. Түркістанда университет ашылыпты, мамандарға котедждер беріп жатыр. Соған барғым келіп отыр», – дедім. Әйелім Түркістанның қызы болатын. «Ертеңгі күні сен маған төркініңе алып келдің деп айып тақпайсың ба? деп сұрады ол. «Жоға.  Менің арманым сендерге жағдай жасау және кемінде үш балалы болу», – деп жауап бердім. Сонымен  1993 жылдың ақпан айының жетінші жұлдызында біз Түркістанға келдік. Сөйтсем, медицина факультеті Түркістанда емес, одан отыз шақырым жердегі Кентау  қаласында екен.  Және ол жерде тұрғынүй емес бұрынғы техникумның жатақханасынан  терезелері аңғл-саңғал екі бөлме берді. Оған да шүкір дедік. Себебі Алматыда әркімнің қорасында тұрып келдік емес пе?! Ол кезде жылу берілмейтін. Жарық та өшіп қала беретін. Соған қарамастан күндіз сабақ беріп, кешке суық бөлмеге келіп, тамақтанғаннан кейін сыртқы киіммен жата қалатынбыз. Содан екі жылдан кейін университет бізге үш бөлмелі пәтер берді. 1993 жылы екінші ұлым, 1995 жылы үшінші  ұлым дүниеге келді. Оңтүстік мен үшін құтты болды. Әйелім үйде балаларға қарады. Біздің айлығымыз зорға жететін.  Әсіресе, еңбек демалысына алған еңбекақымызды қазан айына дейін жеткізу бір уәйім еді. Ия, осындай  қиыншылытар болды. Бірақ ол кезде мен ғана емес, елдің барлығы қиналды. Сондықтан оның барлығына төздік,еңсердік.

Ғалымның жетістіктері

 

Совет Ажайұлы  келгелі  медицина факультетнің студенттеріне ұстаздық етумен қатар оларды ғылымға баулыды. Атап айтсақ, ғалымның жетекшілігімен 1993-2016жж. Түркістан аймағының кейбір популяцияларында тұқымқуалаушы-

лық аурулардың түрлерін және жиілігін зерттеу нәтижесінде бірқатар тұқымқуалаушылық тері аурулары (Унна-Тост алақан-табан кератодермиясы, буллезды эпидермолиз), неврологиялық аурулар (Дюшен типті бұлшық ет дистрофиясы) анықталды. Алайда, бұл зерттеулерді қазіргі заманның талаптарына сай жалғастыру үшін қазіргі заманғы құралғылармен жасалатын молекулалық-генетика, молекулалық-биология  әдістерін қолдану қажет еді. Өкінішке орай, бұл мәселе оң шешімін таппай қойды.

2004 ж. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Гистология. І-бөлім: Адам эмбриологиясы жэне цитология» оқулығы жарық көрсе, 2010 ж.  соның екінші бөлімі – «Жалпы гистология» оқулығы оқырманға жол тартты. Бүгінде  Астана, Ақтөбе, Қарағанды,  Семей Медициналық университеттерінің және өзіміздің медицина факультетінің I-, II-курс студенттері 2,5 мың экземпляр тиражымен шыққан осы оқулықтарды жата-жастана оқиды деуге болады. Осы еңбектеріне ҚР-ның ЖОО-дың ректорларының кеңесі С.Ажайұлын А. Байтұрсынов атындағы Күміс медальімен марапаттады.

2011 ж. ҚР  Денсаулық сақтау министрлігі ғалымға дәрігер үшін ең құнды «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласының үздігі»  төсбелгісін табыс етті.

2015 жылдан бері осы күнге дейін Жеке гистология пәні бойынша  келесі болашақ оқулықтың тараулары қазақ және орыс тілінде  8 оқу құралы түрінде Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Сенатында  бекітіліп, жарық көрді және өзіміздің студенттер қолданып жатыр.. Оны даярлауды аяқтауға бір ғана оқу құралы қалды.

2020 жылы басталған пандемияға байланысты оқу процесінің қашықтан өтуін сапалы түрде өткізу мақсатында Жеке гистология пәнінен қазақ (255 бет) және орыс (251 бет) тілдерінде бұл пәннің Практикумы жазылып, Сенатта бекітіліп, студенттер қауымы 100% электрондық нұсқасымен жабдықталды.

 

Өзіміз өсіріп шығармай, кадр мәселесі шешілмейді

 

Совет Ажайұлы  секілді сирек кездесетін маман әрі ғажайып адамның өмірбаянын сағаттап тыңдасаң да жалықпайсың. Онда тұтас дәуірдің картинасы жатыр ғой өйткені. Десе де біз ол дастанды осы жерден үзе тұрып, ендігі әңгімені киелі Түркістан төріндегі клиникаға бұрғымыз келді.

 

   – Жалпы сыртынан алып қарағанда Түркістандағы медицина факультеті дамыған. Заманауи жабдықталған өз клиникасы бар,. Ал болашағы қалай? Немесе тағы да нені дамыту керек?

 

– Иә, дұрыс айтасыз, сыртынан қарағанда барлығы жақсы. Бірақ клиникада ары кетсе жүз-ақ адам ғана емделе алады. Мен негізі клиникалық маман емеспін. Десе де өз ойымша, клиниканы көп салалы етіп үлкейту керек. Сол кезде біз өзіміздің клиникамыз бар деп ауыз толтырып айта аламыз. Ал даму жағынан барлығы дұрыс. Мысалы, Түркістанда осы университет ашылмаса, медицина факультеті де болмас еді. Мына клиниканың өзіне зар болар едік. Түрік бауырларымызда ең қиын-қыстау заманнан бері үздіксіз көмектесіп жатыр. Жағдайымыз нашар деп айта алмаймыз. Кезінде  Университетіміздің іргесін нық қалаған тұңғыш ректорымыз академик Мұрат Жұрынұлы Жұрынов айтып еді: «Бұл клиниканы біз әлі бетінің туа біткен ақаулары бар балаларға ота жасайтын Республикалық орталыққа айналдырамыз». Сөйтіп, Республиканың денсаулық сақтау және медицина ғылымының саласында ойып алған өз орнымыз болар еді. Шынында, осы мәселе қолға алынып, Түркияда мамандар дайындалды және олар елге қайтып келіп осы жұмысты ойдағыдай жүргізе бастады. Қазір ол мамандар әртұрлі себептермен клиникадан басқа қалалардың медициналық мекемелеріне ауысып кетті. Мұндай оталар жасалмайтын болды. Ал бұл аурулардың саны азайған жоқ, олар арнайланған көмекке әлдеде зәру.

Медицина факультетінің ең өзекті мәселесі – біздің ректорлар, басшылар медицина саласының мамандары емес. Сондықтан олар біздің саламыз бойынша неге мұқтаж екенімізді  біле бермейтін, немесе елемейтін  секілді. Дәрігерлерді дайындау өте қымбат, көп қаражат жұмсауды талап ететін сала.  Мысалы студент кезімде (1964-1970 жж) курсымызда 250 студент болса, солардың барлығы түгел (100%) оқулықпен қамтамасыз етілетін. Қазір де дәл солай басқа медициналық университеттерінің студенттеріне де жағдай жасалған. Мысалы, Қарағанды медицина университеті менің екі кітабымның әрқайсының 900 данасын алды. Ал өзімнің туған университетім 25 данадан бес–алты жылда – 100-150 данасын ғана алды. Сонымен, біздің университеттің медицина факультетінің студенттері оқулықтармен ондай толық жабдықталмайды. Кейбір оқулықтардың 5-10 данасы ғана бар. Телефонға, интернетке сеніп отырады. Ал интернет үнемі бола бермейді. Кітаптың өз киесі, қасиеті бар емес пе? Ұстап, иіскеп көресің, үнемі жаныңда болады. Бұдан ғасырлар бұрын жарық корген кітаптарды не үшін сақтайды, не үшін қадірлейді?

Одан кейінгі мәселенің бірі – бізде өз кадрларымыз аз. Өзімізде оқып, өзімізде қалған жас мамандардың  кейбір пәндер бойынша әрі қарай дамуына толықтай жағдай жасалмаған – ғылыми лабораториялар жоқ. Сонымен қатар,  кейбір қалдырылған түлектеріміздің жақсы маманға айналуына әлеуеті (ағылшын, түрік, орыс тіліе жетік игеру, студенттік кезде алған ғылыми-зерттеу тәжірибесі) жетпейтінін мойындауымыз керек. Мен келгелі отыз жыл болды, әлі осы мәселе шешілмей келе жатыр. Мысалы, мен беретін пәннен жұмыс істеп жүрген 4 ұстаздың ғылым докторы, ғылым кандидаты, магистр секілді  ғылыми дәрежелері бар. Жақсы көрсеткіш. Бірақ, олардың үшеуі 70-тен асқан, немесе оған таяған зейнет жасындағы  мамандар… Біз жақында зейнетке шығып кетсек, орнымызды кім басады? Сабақты сондай деңгейде кім өткізеді? Сондықтан маман даярлау керек.  Егер әр жылы түлектердің арасынан әлеуеті мықты жастарды сұрыптап алып,  мамандарды қажет ететін  пәндер бойынша кафедраларға,  академик Т. Ш. Шарманов ағамызға ұқсап  медицина факультетіндегі  жеті-он түлегімізді оқытушы ретінде алып қалып,  дамыған шет елдерде жақсылап даярласақ біршама мәселердің шешімі табылар еді.

 

– Іріктеп алдыңыздар делік, сосын, олар не істейді?

 

– Алғашқы кезде біздегілердің барлығы «варягтар» болды. Варягтар деп отырғаным ылғи сырттан келген мамандар. Бұл жағдай ол кез үшін түсінікті және келісуге болатындай.  Бірақ, кезінде 1996 жылдан бастап болашақты ойлап, әр жылы бітірген студенттердің арасынан мықты дегендерін алып қалуға тырысу керек еді. Олардан медицинаның қай саласын таңдайтынын сұрап, ары қарай оқуға жіберіп алу керек еді. Таңдаған саласы бойынша Түркияға, Ресейге,  Европаға, тіпті Америкаға оқытып (не дегенмен Халықаралық Универсмтетпіз ғой!), оларды қайта елге алдырып, жағдайын жасау керек еді. Жанұялы болғандарды баспанамен қамтамасыз етіп, айлықтарын жақсылап төлеу керек еді. Міне, осының барлығын қадағалау керек еді. Кезінде бізді Ақтөбе медицина институты сондай жағдай жасап алып қалды емес пе? Сол кезде оның да ашылғанына он үш ақ жыл болған. Бірақ соған қарамастан Төрегелді ағамыздың көрегендігі – оқу орнының болашағын ойлап, мықты студенттерді алып қалып, ары қарай оқытып, өздеріне маман ретінде дайындады. Мысалы мені Мәскеуде оқытып, елге келген соң екі айдан кейін баспанамен қамтамасыз етті.

 

– Кадр мәселесін айттыңыз. Басқа не жетіспейді?

 

– Біздегі негізгі мәселе – мамандарды тек ғана ғылыми тұрғыдан ғана бағалайды. Импакт факторы жоғары жорналға ғылыми мақала жазсаң, саған жоғары ұпай береді. Ол енді дұрыс шығар, себебі Университетіміздің рейтингісін өсіреді. Алайда, біздің университет  ғылыми-зерттеу  мекемесі емес, білім беретін, мамандар даярлайтын оқу ордасы. Сондықтан, біздің назарымызда өз саласында студенттерге  білім беру, тәрбилеу бойынша үздік жетістіктерге жеткен ұстаздардың еңбегін де дұрыс бағалау, тәжірбиесін насихаттау болу керек деп есептеймін. Жас оқытушылар педагогикалық, тәрбиелеу мектебінен өту керек.   Сондай-ақ, біздің медицина факультетінде осы уақытқа дейін  ғылыми зерттеулер үшін негізгі ғылыми лабораториялар (морфологиялық, биохимиялық,  медицина-генетикалық, иммунологиялық, т.б.)  жоқ.  Алайда, осыдан шамамен жеті жыл бұрын біздің Адам морфологиясы және физиологиясы кафедрамызға жеті-сегіз миллион теңгеге арнайы жабдықтар алынған. Бірақ, қажетті құралдармен толықтай қамтамасыз етілмеген. Сондықтан оларды зерттеуге пайдалануға болмайды. Өкінішке орай, моральды ескіріп, жәй темір-терсек  түрінде тұр. Әр кафедра үшін лаборатория құрылмайды, факультетке, клиникаға ортақ лабораториялар қажет. Мен ғылымға жауапты бірнеше вице-ректорларға  біздегі және басқа кафедралардағы ғылыми құрал-саймандарды жинап, ортақ лаборатория құру қажет деп ұсынғанмын. Өкінішке орай, қолдау болмады, ондай құралдар  іске қосылмай көнеріп жатыр.

 

– Сонша жылдан бері бірде-бір лаборатория жоқ па? Неге?

 

–  Қуанышты жаңалықтардың бірі университеміздің 30 жылдығына  орай жақында медицина факультетінде микробиологиялық лаборатория деген ашылды. Бұл лаборатория  Түркия Республикасы  Мәдениет және туризм  министрлігі жанындағы  Түрік ынтымақтастық және үйлестіру  агенттігінің (ТІКА)  тарапынан жабдықталды. Бірақ, әзірше ол ғылыми лабораториядан гөрі микробиологиялық пәнінен оқу лабораториясына көбірек ұқсайды. Мүмкін бірте-бірте ол ғылыми зерттеу лабораториясына айналар. Лабораторияны басқарып жүрген біздің түлегіміз – Түркияда магистратура, докторантура бітірген, қазір бірнеше магистр, докторант дайындап жатырған көрінеді. Міне жоғарыда мен айтқан өз мамандарымызды дайындаудың жетік үлгісі деп осыны айтуға болады. Және бұл біздің Университетке қолжетімді іс қой.  Бұл лаборатория медицинаның бір саласы бойынша ғана  ал, біздің ғалымдарға биохимиялық, гистологиялық, молекулалық биологиялық, иммунологиялық және т.б. лабораториялар болуы керек. Қазіргі кезде ғылыми журналдар мақалаларды жариялау үшін  сіздің қандай заманауи әдіс қолданғаныңызға қарайды. Менің зерттеуімде қолданған әдісім баяғы, осыдан отыз жыл бұрынғы әдіс болса, оны еш  жерге мақала ретінде қабылдамайды. Міне, біздегі жағдай осы. Теория мен практика қабыспайды.

Гүлсім ЕЛУБАЙ

Осы айдарда

Back to top button