Гүлжазым

Психологияда жазу терапия бола ала ма?

Мен ес білгелі жазуға етене жақынмын. Дос пен қасты қайдам, қағаз бен қаламым қашанда қасымнан табылды. Көз жасымды күнделігіме көлдете отырып, жата-жастана жазумен айналысқан алғашқы кездері оның емдік эффекті бар арнаулы техника екенін, жалпы оның «Жазу терапиясы» деп аталатынын мен білгенім жоқ, сөздің шыны керек.

Сөйтіп өмірдің үлкенді-кішілі барлық сынақтарынан да осы жазу арқылы сүрінбей өттім. Оны қойып, өзге жұрт сол диагнозды естігенде-ақ морт сынатын қатерлі дертпен де қаламымды қару ете жүріп күрестім. Жеңдім. Сену, сенбеу – еркіңіз.

Қалай жазуға отырам – ағыл-тегіл ақтарылмайынша тоқтамаймын. Ал жазып біткенде құдды бір құс қауырсынындай жеп-жеңіл күйге түсем. Тура жүйкеге, жүрекке, жанға һәм тәнге түскен жүкті сілкіп қап жерге тастай салғандай… Не қалам-қандауырыммен жандағы жараны іріңін сорғалата отырып, сылып алып тастағандай жан кіріп, жаңарып қаламын.

Осылайша мен жазу арқылы емделемін һәм ЖАЗЫЛАМ. Қасқыр өз жарасын жалап жазса, мен жазу  арқылы жаздым. Тек сонда ғана әлгі «сам понял, пока объяснил» дегендей мұның мощный терапия екенін түсіндім.

Енді АҚШ-та жүргізілген мына экспериментке қараңызшы

Астма және ревматоидты артрит аруына шалдыққан 100 науқас бір ай бойы күнде жиырма минут жазу терапиясынан өтеді. Яғни бүгінге дейін басынан өткен небір жақсы да жаман, күлкілі де келеңсіз түрлі жайттарды қағазға түсіреді.
Сөйтіп сәл уақыттан кейін әлгі науқастарда сырқаттың симптомдары кілт азайған. Тіпті біразы ауруынан сауығып та кеткен!

Ал тура осы тәжірибе сау адамға жүргізілген кезде олардың иммундық жүйесі одан әрі жақсара түскені анықталған. Қалай, ә?!

ЖАЗУ📝➡️

☑️ агрессиядан арылтады
☑️ гормондарды баланста ұстауға көмектеседі
☑️ эмоционалды тепе-теңдікті сақтайды
☑️ жадыны жақсартады
☑️ сөзді салмақтап, ойды жинақтап, талдап-таразылау қабілеті артады
☑️ өзгенің моральдық көмегіне (қызметіне) тәуелділіктен құтылады.
☑️ жоғары жақпен тікелей байланысқа шығатын мүмкіндікке ие болады.
☑️ айналаға, өзіңе адекватты, сау көзқарас қалыптастырады…

Айта берсек көп…

Біреу иогадан, саяхаттан, құлшылық жасаудан, арттерапиядан, музыкадан, биден, кино көруден, теңізден, ойыннан… т.б.-дан жанына тыныштық табады (не арпалысқа түседі), рахаттанады (не шаршайды), жеңілдейді (не ауырлайды), жалығады (не тоймайды). Десе де ЖАЗУМЕН ЕМДЕУ (ЕМДЕЛУ) – бюджет жағынан ең қолжетімді, уақыт жағынан ең ұтымды, емдік қасиеті жағынан ең нәтижелі психологиялық техника дер ем. Кім не десе о десін, менің әзіргі сәждем – ақ қағаз. Ақ қағазға айтқаным- Аллаға ақтарылғаным!

Осы айдарда

Back to top button