Назым сөзТаңдаулы

Гауһар Нұрмаханқызы: «Мен де, сен де жолаушымыз өмірде…»

Ойы нұрлы, қаламы қарымды Гауһар Нұрмаханқызының көңіл дәптерінен, өмірінің әр кезеңінде жазылған "Мен де, сен де жолаушымыз өмірде" атты өлеңдер топтамасын жинап, ұсынуды жөн көрдік. Журналымыздың "Назым сөз" айдарында қонақ болғаныңыз үшін көп рақмет! Өлең сүйер қауым өз бағасын беріп, пікір қалдырса деген ұсынысымыз бар. Редакциядан...

 

Елесімсің,

Қиялымсың көңілде…

Таңда оятар шуағымсың төгілген.

Күн шыққанда қуанамын шаттанып,

Сыйым ба деп сұрап алған өмірден…

 

Елесімсің,

Сыр сандықта сақталған,

Жырым болып жүрегімде жатталған.

Күнді сүйсе кең дүние құбылып,

Күндей болу – әр аруға тәтті арман…

 

Бақыттымын,

Ертеңіме асықпын,

Тағдырымның бар сыйына ашықпын,

Қаз-қалпында сүйемін мен өмірді,

Әр гүліне, әр күніме ғашықпын!!!

****

Түске еніп маза бермедің,

Халімді сұрап, тергедің,

Мен үшін неге алаңсың?

Күткенім әлде сен бедің?

 

Ойымнан кеткің келмеді,

Қиялың қайда өрледі?

Ертеңім болып еліткен

Ертегім әлде сен бедің?

 

Көңілдің қайтем сезгенін,

Қайтемін көздің көргенін?

Сен сенген мына жүрекке,

Мен неге, айтшы, сенбедім?..

***

Білмеймін, нені күтемін,

Бір ғажайып болардай,

Уайымым көшіп алшаққа

Шаттыққа күнім толардай,

Есіктен еніп жақсылық,

Басыма бақыт қонардай,

Кететіндей бар мұңым,

Енді қайта оралмай,

Желіп өткен борандай…

Жанымда тек жақсылар,

Демеу болып қалардай…

Көңілім тыншып, жүрегім

Тіріліп әнге салардай…

Білмеймін, бірақ ғайыптан

Жұлдызым менің жанардай.

***

Мен де, сен де жолаушымыз өмірде,

Осыны түй мықтап, досым, көңілге,

Күнәсі көп, сауабы аз қоғамның,

Додасында алға ұмтыл, жеңілме.

Ең бастысы, ерік берме сезімге,

Арқа сүйе таусылмайтын төзімге,

Бақыт кілті ұстатпайды әлсізге,

Бақыт кілті – қуат берер сенімде…

Мен де, сен де жолаушымыз, ұмытпа

Көзіңді аш, жүрегіңді құлыпта.

Бәрі өтеді, қуаныш та, қайғы да,

Тағдыр салса, лайланады тұнық та,

Өмірдің де өтетінін ұмытпа…

***

Ай,

Сұлусың,

Бірақ сен де жалғызсың,

Күнге қолың жетпей жүр-ау, сеземін.

Арқаладың кімнің, неге қарғысын?

Күнді емес, неге түнді жебедің?

 

Күн,

Сұлусың,

Сен де жалғыз жүзесің,

Бақытыңды әлде іздеп жүрсің бе?

Таңды атырып шуақ шашып күлесің,

Кейде сезем салқыныңды күрсінген…

***

Өмір ғой, досым,

Дұшпан да керек, білгенге,

Сырыңды айтпа бетіңе қарап күлгенге,

Жақсы күніңде жаныңда жүрер көп адам,

Кім қалар дейсің қабаған ит кеп үргенде…

 

Өмір ғой, досым,

Тағдырдың тосар сыны көп,

Жанашыр деген жанның да тағар міні көп.

Қиындық керек шыңдалу үшін адамға,

Бақытқа жетер сапардың асу-қыры көп…

 

Өмір ғой, досым,

Өкпелеп қайтем өткенге,

Алғысым шексіз кезіккен әрбір өткелге.

Ауыр күндерім өтеді білем бір күні,

Сол күні, сезем, шешілер талай бетперде…

***

Мен түсіндім,

Мазаңды енді алмаймын,

Міндетім де жоқ, өзіңе салмақ салмаймын.

Әдеттегідей, жасырып жанның жарасын,

Қадамды нықтап, жолымды жалғыз жалғаймын…

 

Мен түсіндім,

Көп күтсем,  кінә өзімнен,

Ұқпадым демек, сабақты алған өмірден,

Айыптап қайтем, кінәлі өзім, жаңылған,

Басылар бір күн, адасқан тентек көңіл де…

 

Мен түсіндім,

Тағдырым менің осы екен,

Армансыз ақыл, сезімсіз жүрек бос екен.

Күлгеннің бәрі жанашыр емес, қайтейін,

Ақылың ғана санаңа адал дос екен…

***

Өмірім менің бұралаң,

Ылдилап кейде құлаған,

Өрге де кейде ұмтылып,

Аязға талай шыдаған…

Рас,

Күлдім,

Кейде жылағам,

Ұнаттым,

Кейде ұнағам.

Тағдырдан бірақ үнемі,

Сабыр мен жігер сұрағам.

Өмірім –

Жолым өзімнің,

Серігі болдым төзімнің,

Жақсылық күтіп әр таңнан,

Шүкір деп әр кеш көз ілдім…

***

Ес жиналды,

Енді мен үндемеймін,

Тағдырымды өкпелеп тілдемеймін,

Тұзақ қойған жолыма «достарымды»,

Жек көрмеймін, табалап күндемеймін…

 

Үндемеймін,

Ашу-кек сақтамаймын,

Алға жүрем, бұрылып тоқтамаймын,

Өсек-аяң, қауесет болсам дағы,

Мен ешкімнің алдында ақталмаймын.

 

Ақталмаймын,

Өйткені қаламаймын,

Мен өзімді кінәлі санамаймын,

Түсінгендер түсінер, ал басқасы,

Болсаң дағы періште, қаралайды…

***

Мен кешірім сұраймын, ұнамағаным үшін,

Қиындыққа кезіккен шыдамағаным үшін,

Мен кешірім сұраймын, өкпелеткенің үшін,

Өзгеге бөлген көңілің текке кеткені үшін.

Мен кешірім сұраймын, сырымды ашқаным үшін,

Сырымды ашқан күні менен қашқаның үшін.

Мен кешірім сұраймын, әйел болғаным үшін,

Әлсіздігімнен жанып-тоңғаным үшін.

Мен кешірім сұраймын, түсінбегенің үшін,

Күнәмді менің түсін дегенім үшін.

Мен кешірім сұраймын, бақыт іздегенім үшін,

Жақсыдан үміт үзбегенім үшін…

Кешір мені…

***

Жаман деу оңай жақсыны,

Көңілің қалса болғаны.

Шығасың демде қас біліп,

Ақтауға тіпті зорланып…

 

Әлсізді оңай құлату,

Күшіңе сенсең болғаны.

Ауыры – оны жұбату,

Жығылған қалар қорланып…

 

Бәрі де оңай өмірде,

Қиыны – адам боп қалу.

Түсірсең сызат сенімге,

Дос үшін өзге жоқ қару…

 

Ғайбат та оңай,

Өсек те,

Ақиқат – егер сен сенсең.

Жамандық кетер жетектеп

Арамдықты көрмесең…

***

Білмейді екем…

Адамдардан ізгілік іздейді екем,

Жақсылығын теремін, тізбектеймін,

Адамдықтан үмітті үзбейді екем.

Ал адамның кейде аттап адамдықтан,

Кететінін мен мүлдем білмейді екем…

 

Білмейді екем,

Пайдасызға кейбіреу күлмейді екен,

Қорықпаса жаныңда жүрмейді екен.

Жығылғанда қол созып тұрғызбайды,

Қайта сені мұқатып тілдейді екен,

Жаныңдағы жақынның әп сәтте-ақ

Жатқа айналып кетерін білмейді екем…

***

Менің де анам болған еркелеткен,

Әкем болған өмірімді көркем еткен.

Алаңдайтын екеуі жоқ бүгінде,

Жетектесіп бақиға ерте кеткен…

 

Қос қанатым осылай қайырылды,

Көңіл де еркеліктен айырылды.

Кейбіреулер келсе де басынғысы,

Алла маған үнемі қайырымды…

 

Бірі айтады төзімнің жарасымын,

Сабыр дейді жинаған бар асылың.

Қимайтындар өз перзентін қиянатқа,

Ұмытпаңдар,

Мен де адамның баласымын…

***

Кімге айтамын,

Сақталған сансыз сырымды,

Таусылмас тағдыр-жырымды,

Күлкісіз өткен күнімді,

Ұйқысыз өткен түнімді?…

Кімге айтамын,

Сыздаған жанның жарасын,

Өмірдің берген жазасын,

Батқанын сезім қазасын,

Кеткенін ойдың адасып?…

Досыма айтсам,

Көңілге қаяу салармын,

Дұшпаным білсе,

Қуантып оны алармын.

Сұраса бауыр,

Тағы да үнсіз қалармын,

Күлкісін жамап

Жүзіме мұңсыз адамның…

***

Мен өмірге жылау үшін келмедім,

Дауылына қарсы тұрдым, сөнбедім.

Сүріндім де, құладым да мен талай,

Ширай түстім, байқадың ба, өлмедім…

 

Мен өмірге жылау үшін келмедім,

Көкке ұмтылып, арманыма өрледім.

Жақсылығын іздеп, теріп адамның,

Жамандығын байқамадым, көрмедім…

 

Мен өмірге жылау үшін келмедім,

Қанатымды сынған қайта сермедім.

Өзгелерге тілеп мұңсыз бақытты,

Сезімімді жүрегіме жерледім…

 

Бәрібір жүрем күліп, білгенің жөн,

Мен өмірге жылау үшін келмедім…

***

Арманы жоқ, мақсатына жетпеген,

Өзін ақтар сылтауы бар көптеген,

Ісі менен сөзі сəйкес келмейтін,

Мен жігерсіз жігіттерді жек көрем.

 

Салғыласа жөнелетін топпенен,

Мəселені шешіп жүрген өкпемен,

Еркекпін деп бос кеудесін қағатын,

Мен намыссыз жігіттерді жек көрем.

 

Өсегі бар ортадан бос кетпеген,

Қаралауды шеберлікпен ептеген,

Орнын білмей, етектіге оралған,

Екіжүзді жігіттерді жек көрем…

***

Ұзақ тұрдым,

Жауынға тосып жүзімді,

Амал таппадым, соңында үміт үзілді.

Кінәлап қайтем, тағдырдан аттап кетпеспін,

Жақсы мен жаман жолыма қатар тізілді.

 

Ұзақ тұрдым,

Жаурасын дедім жүрегім,

Ұмытсын дедім сақтаған арман-тілегін.

Сенім де кетті, сезім де өшті бір сәтте,

Сен мені кешір, мен емес енді тірегің.

 

Ұзақ тұрдым,

Санамда сайрап өткенім,

Сүрінгенімде теріс айналып кеткенің.

Әйтсе де, саған өкпем жоқ артар, білгейсің,

Ренжіме сен де…

Төзетін шамам жоқ менің…

***

Жүрегім менің тірілді,

Сезгендей жаным дірілді,

Шымылдығы түнектің,

Сырғанай шетке түрілді.

 

Тірілді менің жүрегім,

Себепсіз жылап, күлемін…

Сөнбесін жалын кеудеде,

Құдайдан соны тіледім.

 

Жүрегім қайта жұлқынды,

Өзіңе, жаным, ұмтылды.

Мендегі сезім кілт болып,

Ашса ғой, шіркін, құлпыңды…

***

Бағала дейді барыңды,

Бағалайсың,

Кемшілігіне де, еркелігіне де қарамайсың.

Төзесің, сабырыңды сарқып, шыдайсың,

Өзгелер үшін өз жаныңды жаралайсың…

 

Жаралайсың,

Өзіңді еш аямайсың,

Өзіңнің емес өзгенің жанын аялайсың,

Мазаңды алып, жай таппай кетсе жүрегің

Таппайсың адам тыныштық іздеп саялайтын.

 

Бағала дейді барыңды,

Бағалай ма?

Жоқ әлде сенің жаныңды келіп жаралай ма?

Бағамды білер, түсінер деген адамың бір күн

Кінәңді тізіп, бетіңе басып табалай ма?..

Бәрі мүмкін…

***

Сен мені аямадың, аямадың,

Керегі жоқ маған да аяғаның.

Әйел болып о баста жаралсам да,

Әйел болып жарқыным, қала алмадым…

 

Сен мені түсінбедің, түсінбедің,

Елеусіз қалып жатты күрсінгенім.

Жасырдым бар ойымды, өкпемді де,

Жүрек қалды құлттанып, құм – жігерім…

 

Аспаннан айды әпер деп сұрамадым,

Асыл таспен апта деп те жыламадым.

Құлазыған кезімде керек еді,

Жай ғана жағдайымды сұрағаның…

***

Қайда кетті тұнық, тыныш түндерім?

Уайымы жоқ қайда кетті күндерім?

Күлкім де жоқ сыңғырлаған баяғы,

Жоғалғанын қай белесте білмедім…

 

Сары уайым, шақырғам жоқ мен сені,

Желкелеп ап көтертпейсің еңсені…

Жанды жеме, басты ауыртпай аулақ жүр,

Сенсіз ғана жарық менің ертеңім…

 

Жүрек, сен де, езілме болмашыға,

Айналмашы мəнсіз сезім ордасына.

Қуануға мұрша бер кедергісіз,

Алланың «өмір» атты олжасына …

***

Қайда едің?

Іздегенде сағынып,

Жүргенімде жабығып,

Жұрт қаралап, кінә артқанда жабылып…

 

Қайда едің?

Керегіңде, жарқыным,

Болғанында тар күнім,

Ауа жетпей қысылғанда алқымым…

 

Қайда едің?

Жанымнан табылмадың,

Расталды жаңылғаным,

Сонда да, сені осылай қабылдадым…

***

Өкінбеймін,

Өкпем жоқ өткеніме,

Үлесі мол өткеннің жеткеніме,

Өмір маған үйретті күресуді,

Қуануды көңілдің көктеміне.

 

Жылауды да үйретті, құлауды да,

Үйретті ол кешірім сұрауды да.

Сенген жанның көрсетіп сатқындығын,

Күдікпенен үйретті сынауды да.

 

Күлуді де үйретті, шаттануды,

Аң емес, адамдардан сақтануды,

Кейде сабағы ауыртса да жүректі,

Өмір маған адамдықты үйретті.

 

Өкінбеймін,

Өкпем жоқ өткеніме…

***

Жалпақтамай, жағынбай өмір сүру айып па?

Бірін бірі жеуге әзір, адамға сол лайық па?

Сен күткендей болмайды, кешіре сал кей ісін.

Сауабы оның – өзіңе, бара білсең байыпқа.

 

Кінә артып өзгеге, мойныңа алма күнәні.

Жақсы адамға жақын жүр, жақсылығы жұғады.

Өсиетін үлкеннің сақтағайсың көңілде,

Аға сөзін сен ұқсаң, балаң да сені ұғады.

 

Алдаймын деп өзің де алданасың бір күні,

Қиянатың өтсе егер, сандаласың біл мұны.

Әділдік пен ақиқат салсын мейлі салмағын,

Сені шыңға жетелер, жаныңда қалған кіл тұнық…

 

***

Түн,

Не жасырдың?

Айлаңды қалай асырдың?

Жарығын Айдың тұмшалап,

Не үшін сонша басындың?

 

Сырыңды сенің біле алмай,

Сыныңа жүрмін көне алмай,

Қиналдым, рас, түнектің

Пердесін биік түре алмай.

 

Түн,

Неге жыладың?

Сабырды көктен сұрадың.

Төзімді алсаң тізгіндеп,

Тыныштық болар тұрағың…

 

Түн,

Не жасырдың ?…

***

Өмір, сені сүйемін…

Тілеуімді тілеген балам үшін,

Бесігіме сүйенген анам үшін…

 

Өмір, сені сүйемін…

Таңың үшін арайлап атқан күнде,

Қызым үшін, балаймын оны гүлге…

 

Өмір, сені сүйемін…

Тым асқақтап, арманым алдаса да

Естеліктер санамды арбаса да…

Өмір, сені сүйемін…

***

Дана емеспін, даналық қолдан келмес

Жаралымын, айналам толған егес

Әке тұрып ұл ақыл айтқан заман

Қыз ибасы бүгінде болған елес.

 

Тәйт дегенді тентегі түсінбейді

Ақиқат бұл, ашын сен, күрсін мейлі

Бірін бірі аяусыз сойған заман

Әлсіздерді алшақтау жүрсін дейді.

 

Көрсеткенін көрем деп ойлай ма адам?

Ойласа егер баспас ед шалыс қадам

Бүгін бірін кемсітіп мазақ етсең

Ертең бірі дәл солай күлер саған.

 

Ата-ананы ренжітіп, бақ сұрама

Досты сатып, Алладан тақ сұрама

Есте сақта, игі іс, жақсы ниет

Еселеніп оралар жақсыларға.

***

Сабырың сарқылмасын,

Ең жаманы – төзімнің таусылғаны.

Өз-өзіңе жасаған қастандығың –

Кешірімшіл болуды арсынғаның.

 

Күлімсіре, кек қуып алқынбағын,

Қалсын дәйім селт етпей салқын қаның.

Жүрек таза, ар таза қалса егер,

Сол болады жайғасқан алтын тағың.

 

Ашу-ыза, іштарлық ұмыт болсын,

Жүректерге шуақ пен үміт толсын.

Сонда ғана шөлдеген дос-жаранға

Мөлдір суын ұсынған тұнық көлсің.

 

Ұмытқаның жөн дереу өкпені де,

Кесір жақын жүреді өкпеліге.

Алғыс айтып үйренген жөн-ау, досым

Өткеніне өмірдің, кеткеніне.

 

Сабағы мол жақсының, жамандардың,

Берері бар тіпті қисық қадамдардың.

Сатқындыққа ұшырап білер адам,

Құндылығын арлы мен адалдардың.

Қиындау-ау, сонда да қорғап қалу,

Жамандықтан санасын адамдардың.

***

Түнге ақтарып сырымды, барымды айтып жыладым,

Жұбата алмай тосылды, тым көп еді сұрағым

«Сенен өзге түсінер мені жан жоқ» дедім де,

Көрсетуін өтіндім мәңгі бақыт тұрағын.

 

Үнсіз тыңдап түн-құрбым, күрсінді де қарады:

«Сен жоқ іздеп жүргенде, өмір өтіп барады,

Мәңгі бақыт мекені жүрегіңде, соны ұқ,

Одан өзге өзіңе, айтарым жоқ, қарағым».

 

Ойға қалдым, нені іздеп, нені аңсадым өмірде,

Үлкендердің дегенін түйіп келдім көңілге,

Ең бақытты кезімді еске алдым ойланып,

Шақтарымды шаттанған масаттанған сезімге.

 

Не өзгерді? Неге мен сағым қуып келемін?

Ғажайыпты аңсаймын, ертегіге сенемін?

Мүмкін жүрмін сағынып балалықты баяғы?

Тапқандаймын, түн-құрбым, көз жасымның себебін.

Жапырақтай аңсаған өскен алып терегін

Ата-анамды сағынып, аласұрып келемін…..

***

Тұрардай қарсы тағдырға менде күш бар ма,

Қызыға қарап, өтермін биік ұшқанға.

Сүрінсем дағы, жанарым жасқа толса да,

Соңында қалам, жақсылық тілеп дұшпанға.

 

Жылатсын мейлі, құлатсын мейлі аяусыз,

Жүрегім қалар сол күйі ешбір қаяусыз.

Бір күні маған тағдырым айтар әлбетте,

Сабыр етіңіз, бақытты күнге таяусыз.

 

Сенемін досқа жанымнан әркез табылған,

Сенімсіз жүрек қашанда босқа сабылған.

Өмірдің сыйы таусылмас берер адамға,

Үкілеп үміт, тағдырға үнсіз бағынған…

 

Гауһар Нұрмаханқызы,

Түркістан қаласы.

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button