Сахна сөз

Афишада қалған мәңгілік бейне

Біздің студенттік шақ өзге-тін. Жігіттердің де жөні бөлек. Ұлтшыл, ұйымшыл. Бір-біріне деген ықыласы да ерек. КазГУ-дің 5-жатақханасы – өзінше бір мемлекет. Төл заңы, төл қызығы бар. Мұнда курс, топ деген ұғым болмайтын. Аға да, іні де аралас. Әсіресе, өнер мен өлең көпшілігімізді бауырластырып жіберген-ді. Бәлкім, сол жігіттердің ыстық ықыласы болар, бір-бірімізді қимай, ауылды ұмытып, жаз демалысында да елге бармайтынбыз. Алматыда қалып, ала жаздай қызығы мол студенттік кештер жалғасатын.

Сол ортаны сағынамын кейде… Бауыржан Үсеновтің, Бауыржан Жақыповтың, Светқали Нұржановтың, Гүлнар Салықбаеваның, Мұратбек Дүйсенбековтің жатақхана дәлізінің бүйіріндегі қуықтай бөлмедегі әдеби ортада оқыған жырлары әлі есте. Біздің жігіттердің тырнақалды жырларын басқа оқу орындарындағы өлеңқұмар жастар да келіп тыңдайтын. Сол тұстағы жастар қазіргідей сабақтан соң табыс іздеп ала дорба асынбайтын, сауық іздейтін.

Менің де, Табылдың да (Досымов), Нұрымның да (Ерғалиев), Бауыржанның да (Үсенов), Әміржанның да (Қосанов), Бейбіттің де (Құсанбек), Серіктің де (Жанболат) ертелі-кеш ермегіміз – домбыра мен гитара-тын. Қос домбыраны әнге қосып, (кейде үшінші дауысқа гитараны да қосақтайтынбыз), терциямен бірнеше дауыста сүйемел жасауды алғаш енгізгенімізді ол кезде өзіміз де байқамаған екенбіз. Балконда, не болмаса тамақ иісі мүңкіген ас бөлмесінде жаңа туған әндерімізді шырқататынбыз. Әсіресе, дәліздің акустикасы жақсы болатын, ән әдемі естілетін. «Көтеріп ап кетіп ем, бұлқынбадың…» деп Табылдың, «Даусың қандай, дариға-ай, даусың қандай» деп Бейбіттің, «Сені алғаш көргенімде, мен өзіңе ғашық болдым» деп Уәлибектің, «Кеудемде самғайды арман, сен маған өкпелеме» деп Бауыржанның, «Сендерге әрдайым орын бар, ақ отау төріне қоныңдар…» деп менің әндерді шырқағанда, ертеңгі коллоквиумды ұмытқан сауыққой студенттер әжептеуір жиналып-ақ қалатын. Сәлден соң ән бағасын ұғар көпшілік «жаңа әндеріңді айтшы» деп Табылға қолқа салатын.

Ән салғанда Табыл арқаланып кетуші еді. Әнмен қосарлана көмейінен бір әдемі жұмсақ трелл шығатын. Гитараны шертісі де бөлек. Қазір «проигрыш» деп жүргенді Табыл ән басына міндетті түрде қосатын. Ән сонысымен әрленетін. Жаңа әндерін көбіне бізге тыңдататын. Тез жаттап алатынбыз. Әсіресе, Нұрым жаттауға бейіл. «Қане, қайталай қойшы» деп домбырасын сабалай бастағаннан-ақ Табылдың шабыты шалқитын. Мына жақтан Серік екеуміз домбыра қосарлаймыз. Сонымен бір кішігірім ансамбль пайда болатын. Ләйлә, Ләззәт, Нұрсәуле, Зейпін, Мақпал бастаған курстас топ лезде жанымыздан табылады. Әдемі ән кейде қазанына оңайлықпен жақындата қоймайтын кей қыздардың бөлмесінен бір-ақ шығаратын. Сауық-сайран таң атқанша жалғасады. Қараңғылық тыныштығын бұзғандарды сабасына түсіруге келген қатулы Құрманбектің өзі де ән әлдиімен отырып қалатын.

Табылдың студенттер арасында ерекше кең тараған әуендері «Сен де қуан, қуанайын мен-дағы, сені сезім, мені көзің алдады…», «Сен үшін сонау алыстардағы елес ем, осынша мені арман ғып келдің неге сен…», «Ұнатамын мен сені дегенменен, көрмегенді басқадан сенен көрем…», «Мен қазақпын жүре алмайтын шаттанбаса, күлмесе, мен қазақын ішкен асын тастай салар жыр десе…», «Ақ дидарың-ай сенің, ақ дидарың-ай, көңіліңде сенемін от күй барын, еркем-ай…» деп басталатын әндері еді. Бұларды күллі жатақхана жаттап алған. Қосыла шырқайтын. Әсіресе, 5-жатақханадан ұшқан әндерге 8-жатақханадағы филолог қыздар ғашық еді. Соны сезетін болуымыз керек, Табыл, Нұрым үшеуміз балконға қосарлай қонып, тұнық ауамен әнді филфакқа қарай әуелететінбіз. Әнді жақынырақ отырып тыңдағысы келе ме, қыздар қол бұлғап шақыратын. «Бір тойғанымыз – бір байығанымыз» деп есептейтін біздер 8-жатақханадан қалай шыға келгенімізді білмей де қалатынбыз. Көбіне біздер үшін Абира, Бота, Гүлшаттардың есігі айқара ашық тұратын.

Табылмен көп жүрдік, көп сырластық. Алып денесі болса да, жаны нәзік-тін. Ешкімнің қолын қаққан емес. Аңғал, жомарт. Дәрісханада Табыл отырған бұрыш көңілді орта болатын. Әйтеуір бір қалжың-қызықты ойлап табатын да тұратын. Ұстаздардың мінез-құлқына қатысты пародиялары өте көп. Кейбірін ұстаздар ұзынқұлақтан естіп те қалатын, бірақ өкпелеген емес. Ұтымды әзіл көңілге қаяу салмаса керек.

Бірде әскерге баратын болып, шашын тақырлап алдырып келіпті. Сабаққа қалай барам деп уайымдап жүр. «Жігіттер, барлығымыз бірдей болсақ, алабөтен көзге түсе қоймаспын, сендер де шаштарыңды алдырып келіңдерші» деп қолқа салды. Дос көңілін жығамыз ба, алдырдық…

Табылға көп арқа сүйейтінбіз. Жоғары курстан әлімжеттікпен біреу ренжіте қойса, Табыл «көкесін» танытатын.

87-ші жылғы түлектер – біздерді ызғарлы Желтоқсан әр түкпірге айдады. Бір-бірімізден көз жазып қалдық. Хат-хабар да, кейінгі ұялы байланыс та сағынышты баса алмады.

Бірде Түркістанда үлкен бір жиын болып, Атыраудан келген мейман қолыма тілдей хат ұстатты. Талай хат алғам, мына хат көңілімді ерекше бір алабұртып, біртүрлі күйге бөледі. Табылдан екен, сағынып жүрген Табылымнан! Арада қаншама уақыт өтсе де, сол хат сарғайып альбомымның ішінде жатыр.

«Атыраудан хат» деп басталады Табылдың хаты: «Беке! Салаумалейкум! Кездеспегелi қанша жыл, қанша заман. Сендердi сағынумен күндер зулап өтуде. Үй-iшi, жеңгей, балдар аман болар. Бiз де аманбыз. Индерде жүрiп жатырмын. Қарттар бар, балалар төртеуге жетті… Аудандық  мәдениет бөлiмiндемiн. Творчество жәйiмен жалғасуда. Реклама жағы кемшiндеу, алыстамыз ғой. Бердiбаймен, Нұрыммен хабарласып тұрамын. Нұрым жақында қонақ болып келiп кеттi. Сенiң баяғы әнiн бұл жақта кең жайылған. Кел, гастролiңдi ұйымдастырамыз. Мынау Сансызбай Базарбаев деген коллега – ағамыз. Журналист, ақын, азамат кiсi.  Саған хабарлас деп отырмын. Амандығыңды айтып жiбер. Үй-iшiңе сәлем айт!

Сәлеммен досың Табыл Досымов. Индер кенті, 30 мамыр 2001 жыл».

Жол түспеді. Өкінішті. Таразда Қуаныш курстас бар (Иембердиев). Екеуміз талай оқталдық. Сәті болмады. Биыл жазда барамыз-ақ дегенбіз, аяғы мынау болды. Бәрібір басына барып Құран бағыштауымыз қажет. Бұл жолы талай аяғымызды тұсаулаған пенделік кедергінің болмайтыны өкінішті-ақ…

Осыдан бірер ай бұрын Табыл телефон арқылы хабарласқан. Жүрегінің сыр беріп жүргенін, келіншегі екеуі Шымкент түбіндегі Манкентте демалып қайтуды жоспарлап отырғандарын айтты. Сосын біз де біраз жоспар сызып, рухани астанада есте қаларлықтай күтіп алуды ойластырғанбыз. Уәделі уақыт өтті, хабар болмады. Индерге өзім хабарластым. Қарлығаш Табылдың науқастанып, сапарды кейінірекке жылжытқандарын жеткізді. Бірақ жағдайы жақсы екен.

Кейін Табылды өзімнің жеке шығармашылық кешіме шақырдым. Қуанды, «бұл жақсы сылтау болды, арқа-жарқа бәріміз бір бас қосайықшы» деп шаттанып кетті.

Кеш қамымен афиша әзірленді. Табылдың гитарасымен түскен суреті де афишадан ойып орын алды. Ел, әсіресе, жастар жағы бард-әншіні асыға күтті. Бірақ…

… бірақ, Табылдың өзінен бұрын Түркістанға қаралы хабары жеткен еді…

Табылдың рухына бағышталған кеш өткен соң да, менің афишам қара күздің қараша желіне діріл қағып, біразға дейін әр тұста жалбырап ілулі тұрды. Мен үшін асыл, Түркістан үшін бейтаныс бейне көпке дейін гитараның азалы реквиемін шертіп тұрғаны ақиқат еді…

 

Бекжігіт Сердәлі, курстас досы.

Түркістан қаласы.

Ілмектер

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close