Сахна сөз

Көкпаршы Қалжан

Көкпар – қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық ойыны. Білектің күші, аттың екпіні – көкпарға тән. «Көкпарды атаңнан болса да тартып шап» деген сөз бар. Бұл көкпар рухының ашық бәсекелестік пен әділдікке негізделгенін білдіреді.

Қауіп-қатері мен жан-дүниеңді билеп алатын әуес-құмарлығы жағынан көкпарды хоккеймен салыстыруға болады. Әрине, шайба орнына мұнда серкенің бассыз денесі, конькидің орнына шабандоз мінген тұлпар болады…

Бала күнімнен білемін, қай ауылда көкпар берілсе, Кентаудан ат арыта Қалжан көкпаршы жететін. Дақпырты елге мәлім, көкпарды ермек үшін емес, әуес үшін шабатын. Шынын айтсам көкпарға сол кісіні көру үшін ғана баратынмын.

Оның қауым ел алдында көкпар малын қалай баптағаны да жадымда қалыпты.

Бірде қызық сыйлар тойлы үй көкпарға атаған ешкіні ортаға алып шықты. Ақсақалдар бата оқып, «ойын сәтті өтсін» деп бет сипасты. Содан бақылдақ ешкі бауыздалды. Көкпарға арналған құрбандықтың аяғы маталмай, төрт жігіт төрт сирағын ұстап тұрды. «Бұл көкпарға қатысатын аттардың аяғы тұсалмасын, шабысы кең, екпіні қатты болсын дегені», деп түсіндірді басы-қасында тұрған кәнігі көкпаршы. Одан әрі ешкіні көкпарқұмар балалардың тақымына қысып, біраз бұлғаңдатты. Мұны «малдың бұлшықеттері сіресіп қалмай, жазылып, босауы керек» деп түсіндірді. Әрі қарай нағыз көкпар басталды. «Ойын үшін ешкі малын таңдау да бекер емес, – деді Қалжан көкпаршы. – Өйткені шекшек ата тұқымы мұндай талас-тартыс ойындар үшін таптырмас құрал. Терісі ұстауға ыңғайлы, берік. Қойдың терісі мұндай қысымға шыдамайды. Көкпарға тасталған лақ-ешкінің еті ем-дом үшін таптырмас дәм. Ойыннан соң көкпаршылардың қаумаласып, көкпар түскен үйге жиналып, қуырдағын жейтіні содан. Тіпті, көкпар еті бедеу әйелге де ем».

Күмiс едiм, құным кетiп тоттандым,

Алтын едiм, жамбы етiп атты әркiм.

Лақ қылып қорласа да көкпар-күн,

Қайта ояндым дүбiрiнен аттардың, деген ақын тәмсілі осы көкпар ешкісіне арналған іспетті.

Қалжан көкпаршыны алыстан талай тамашаладым, додаға дөп кіретін мұндай шабандозды көрген емеспін. Сырттан бақылап, ыңғайлы сәтін аңдып жүрер көкпаршылар болады. Қалжан көкпаршы ол топтан емес, бас-көз демей ат бүйірін тепкілей додаға тіке кіріп кетеді. Жай кірмейді, атты тақымдап, топты алқымдап, борша-боршасын шығарады да, көк серкені жұлып алып шығады. Қолы қарулы. Аттың терi мен серкенiң жыны сiңген кәнiгi көкпаршы Қалжан додаға келді дегенше, анау-мынау көкпаршыларың «әй, бігін бізге нан жоқ-ау» деп топтан сытылып шыға беретін.

Күйбең тірлік, біреу анда, біреу мұнда, қарт көкпаршыны қартайған кезінде тағы бір әдейі іздеп бардым. Төсекте жатыр екен, тұғырынан тайса да, тақымын бермепті. Саусақтары бірінің үстіне бірі мінгескен. Талай додадан қалған саусақтар бұл. Көкпар жайлы қаузасаң, екпіндеп қоя береді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қалың додада ат-матыммен жығылып, әзер аман қалғаным есте. Жылқы малы – асылтекті жануар ғой, адам баласын баспайтұғын қасиеті бар. Үстімнен 20-30 шақты ат ырғып өтті. Бірінің тұяғы тиген жоқ. Не деген керемет! Шаңымды қағып, атыма қарғып міндім де, тартысқа қайта қосылдым.

Жалпы, көкпарға жүректі, білекті жігіттер керек екенін сонда ұқтым. Кез-келген адам көкпар шаба алмайды. Қауіп-қатерін айтпағанда, жарақат алып қалу қаупінің өзі өте жоғары. Осының бәріне шыдаймын, төземін деген жан ғана атқа қонса керек.

Қалжан көкпаршы бар ғұмырын осы бір дала ойынына арнады. Бірақ, оның айтқандарын жинақтап, кітап етіп құрастырар жан болмады. Шалқар шабандоз ат үстінде арындаған күйі дүниеден өтті…

Қазір ағайын-тумалары, Қалжан атамызды құрмет тұтар шабандоз қауым Кентауда көкпар-атаны еске алып, дүрмекті ас бермек.

Қалжан көкпаршының өзі талай асқа барып, көкпар тартып еді. Ал бұл жолғы көкпар Қалжан шабандозсыз өтпек…

 

Бекжігіт Сердәлі.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close