Сахна сөз

Кең тынысты, бояуы қанық әнші еді…

Қазақ дәстүрлі ән өнерінің шоқтығы биік бірегей тумаларының бірі – Алла жазса биылғы жылы 100 жылдығы тойланғалы отырғын жез таңдай әншіміз Ғарифолла Құрманғалиев екені даусыз. Жазуы жақсы адамның бәрі жазушы бола бермейтіні сияқты, дауысы жақсы адамның бәрі де әнші бола бермесе керек. Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев те, жай сөйлеген кезде, көптің бірі сияқты сөйлейтін. Ал ән айтқандағы Ғарифолла ол мүлде басқа. Оны бір дүлей дауыл жерден көтеріп әкетіп, ән біткенше аспандата шарықтатып отыратындай еді. Ол әнді айрықша нұрланып айтатын. Оның дауысы біз білетін бұрынғы-соңғы әншілердің бірде-бірінікіне ұқсамайтын. Өнердің ең үлкен ерекшелігі де сол ұқсамауда. Ешкімге ұқсамағандығынан да ел-жұрт Ғарифоллаға дереу көңіл бөлді. Көп әншінің ішінен ол жарқ етіп жаңаша, оқшау көрінді. Содан өнерінің де, өзінің де бағы жанды.

Ғарекеңді есте ұстау, оның мұрасын кеңінен насихаттау бағытында атқарылып жатқан шаруаларға оншалықты көңілі тола қоймайтын шәкірттерінің бірі, Арқа мен батыс әндерін егіз айтып, бүгінде Түркістанға табан тіреген талантты әнші Қажыбек БЕКБОСЫНМЕН арада болған жүрекжарды әңгіме көп жайттың бетін ашқан-тын. Эстраданың экспанциясына елітіп алған жастардың ендігі жерде халықтық музыканың колоритін, оның белгілі тұлғаларын біле қоюы немесе түсіне салуы екіталай шығар деген пікірмен намыс қажай сұхбаттасқан екеуара әңгімені сол қалпында жеткізгенді жөн деп таптық.

Қ.Б.:   Қазақтың халықтық ән дәстүрін, оның ішінде Батыс Қазақстан, турасын айтсақ, Мұхит Мералыұлының әншілік мектебін меңгеруде Ғарифулла Құрманғалиевтің орны бір бөлек. Қазақтың дәстүрлі әндерін орындаушылардың, яғни, бұрынғы өнер саңлақтарының қатары сиреп, өздерінің соңынан енді қандай жастар шығып, орнын басады деген екіұдай пікір туындап тұрған тұста Ғарекеңнің бұл өнерге келуі үлкен бір жетістік болды. Тіпті, сол кезде Ұлттық консерваторияның өзінде қазақтың дәстүрлі әндерін орындайтын мамандар әзірлейтін мамандық жоқ болатын. Міне, осы тұста бүкіл қазақ халқына танымал қоғам қайраткері, Мәдениет министрі Ілияс Омаров астанада Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк өнер студиясын ашты. Ол кезде мұндай студиялар тек қана Мәскеу мен Киевте ғана болатын. Осы студияда Ғарекеңмен қатар қазақтың майталман азаматтары сабақ беріп, шәкірттер дайындады. Айта кетсек, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаныбек Байсейітов, КСРО халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаев,  өнер қайраткері Сергей Рубенцов-Басаян, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, майталман сахна шебері Гүлжаһан Ғалиева, қазақ вокалды ән өнерінің бірінші кәсіпқой маманы, вокал өнерінің профессоры Бекен Жылысбаев, қарасөз шебері Рабиға Қаныбаевалар осы студияда сабақ берді. Осындай қазақтың майталман өнерпаздарынан дәріс алған көптеген шәкірттер арасынан cиқыршы-иллюзиянистер Сұлтанғали Шүкіров пен Сара Қабиғожина, биші Гүлжан Талпақова және мен Қазақстанның халық әртісі атағына ие болдық. Біздер аталмыш студияның алғашқы қарлығаштары едік. Мұнан кейін  Әскербек Еңкебаев, Әлмырза Ноғайбаев сынды қаншама еңбек сіңірген әртістер, өнер қайраткерлері шықты.

Ғарифолланың еңбегі сонда, жоғарыда айтқанымыздай, Мұхиттің қайта тірілуіне,  шығармашылығының бүткіл қазақ еліне жайылуына үлкен үлес қосты. Батыс өңірін айтпағанда, сол тұстағы өнерпаздардың дені Мұхиттың өнеріне еліктеп өсті. Егер Ғарифолла Құрманғалиев Алматыға келіп, Мұхиттың шығармаларын радиоға жазып, бүкіл қазақ жеріне жаймағанда, мүмкін Мұхит сол Орал өңірінің төңірегінен аспай қалған болар ма еді, кім білсін? Мұхиттың диапазонындай кең тынысты, сол Мұхит әндерін орындау үшін керекті әншіні табиғаттың өзі сыйға тартуы тегіннен тегін болмаса керек. Былайша айтқанда, Ғарекеңді Мұхит шығармашылығының ХХ ғасырдағы жалғасы деп айтсақ та болады. Дәстүрлі ән өнерін халқына сіңіріп, мектебін қалыптастырып кеткен Әміре Қашаубаевты айтпағанда, кешегі Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Дәнеш Рақышев, Мәдина Есекеевалар біздің ұлттық өнеріміздің мақтанышы.

Б.С.: Бүгінгі таңда ұлттық өнерімізді сақтап қалу, кемшілігін толтырып, ұлтымыздың мүддесіне жарату қазақ халқының алдында түрған күрделі мәселе екені даусыз. Ана тілімізбен қатар өз үлесін қосатын ұлттық өнер: ән, күй, жыр, терме екенін мойындап, болашақ жас ұрпаққа мағынасын түсіндіру алдымызда түрған үлкен міндет деп білсек, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты ән өнеріндегі ерекше тұлғаларды насихаттау бүгінгі ұрпақ алдындағы парыз іспетті. Енді әңгімемізді Ғарекеңнің туып-өскен ортасы туралы дерекпен сабақтасақ.

Қ.Б.: Ғарекең 1909 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында өте ауқатты, көп балалы отбасында дүниеге келді. 7 жасқа толғанда әкесі Құрманғали оны ауылдағы молдаға мұсылманша хат тануға береді. Ғарекең сол уақыттаи бастап өзінің ерекшелігін, дауысының диапазонының кеңдігін, дауыс тембрінің сұлулығын таныта бастайды. Оқудың екінші жылынан бастап ауыл молдасы таңғы азан шақыру, кешкі бесін оқу сияқты дін жолындағы құран сүрелерін Ғарифоллаға қыраттап айтқызған. Ғарифолланың кең тынысына түскен азан әуенімен сол маңайдағы дауыс жететін жердегі адамдар намаз уақытының болғанын білетін. Мұны диапазоны кең (екі октава), тембрі (дауыс бояуы) сұлу, диафрагмасы мықты шәкірттерінің ғана орындай алатынын молда жақсы білетін. Ғарекең балалық шағын еске алғанда, әншілік жолының бастамасының қалай болғандығын, әншілік өнерге деген икемін танытып берген осы ауыл молдасы еді деп, өне бойы еске алып отыратын.

4 жылдық ауылдағы діни мектепті жақсы бітіріп шығады да, 11 жастан бастап ел аралап, той, шілдеханаларда ән салатын серілердің, әнші-күйшілердің өнерін көріп, балалық сезіммен еліктей бастайды. Оның ең алғаш қасында отырып тыңдаған өнерпазы Батыс Қазақстан әншілік мектебінде дара көрінген әнші-композитор Мұхит Мералыұлының баласы Шайқы сал болды. Баласының діннен гөрі өнерге құмарлығын сезген әкесі Ғарифолланы Шайқы салға ертіп жібереді. Маған айтқан бір естелігінде ол: бұл өзі жаздың жадыраған, жер беті көгеріп, гүлденген, ел жайлауға шығып орныққан мамыр айының іші еді дейді. Шайқының қасына ілесіп, сегіз-тоғыз ән үйреніп, жайлауда болып жатқан қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана тойларына қатыса жүріп 3 ай уақыттың қалай өткенін де білмей қалдым. Сонда Шайқы таң бозарып атқанша әңгіме айтып, ән салып, арасында даусын демалтып алу үшін күй тартып, бір өзі концерт беретін. Маған да арасында 3 әннен айттырып, өзінің демалуына мүмкіншілік алып тұратын. Сол жолы «әнші бала» атанып, елге танылып қайттым. Өнердің қызығына түсіп, көп уақыттың өткенін байқамаппын. Бұл менің топ алдында өнерімді сарапқа салған әншілік жолдағы бірінші қадамым еді, деп еске алатын Ғарекең. «Мұхит Мералыұлын Жымпиты базарында ат үстінде отырғанын бір-ақ рет көрдім дейтін бір сөзінде. Бұл Ғарифолланың Мұхиттан тікелей өнер алмағанын дәлелдеп тұр. Демек, Ғарифолланың осылай кең дауыспен айтуы, біріншіден, табиғаттың өзі берген сыйы болса, екіншіден, оны ары қарай қалыптастыруға ұстазы Шайқы Мұхитұлының әсері болды деп толық айта аламыз. Шайқының қазақ өнеріне ізін қалдыруға мүмкіншілігі болмады. Ол кісі небәрі 32 жасында дүниеден озды. Оның атын шығарып, тарихта қалуына себеп болған, өнерін жалғастырып, халыққа жария еткен Ғарифолла Құрманғалиев деп айта аламыз.

Б.С.: Бұдан кейінгі өнер жолынан дерек бере кетсеңіз.

Қ.Б.: 1934 жылы Қазақстайда қазақ өнерінің слеті болып, барлық өнерпаздарды Алматыға жинап, жаңа құрыла бастаған мемлекеттің заманына сай кәсіпқой өнер ордасы – музыкалық драма театры (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы драма театры) ашылды. Қазақ ұлттық саз аспаптар оркестрін құру мақсатында Ахмет Жұбанов әнші, күйші, қобызшы өнерпаздарды таңдап ала бастады. Олардың ішіненде қазақ музыка тарихында аты әйгілі Қазақстанның халық әртістері Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қаныбек Байсейітов, Шара Жандарбекова, Күләш Байсейітова, Әміре Қашаубаевтар болды. Күйшілерден Жапбас Қаламбаев, Қали Жантілеуов, Дәулет Мықтыбаев, Уақап Қабиғожин, Иса Байзақов, Қамбар Медетов, Лұқпан Мұхитов, Дина Нүрпейісоваларды таңдап алып, қазақтың тұңғыш ұлт аспаптар оркестрі құрылды. 1936 жылы екінші өнер слеті байқауы өтіп, Ғарифолла Құрманғалиев келді. Ондағы мақсат қазақтың музыкалы театрын ашу (қазіргі Абай атындағы опера және балет театры). Сондағы сыншылардың сынынан сүрінбей өткен кең тынысты, бояуы сұлу, ұшқыр үнді, шағын бойлы, бұйра шашты, шегір көзді, қызыл шырайлы, шабытты адам, тыңдаушыларын, сынаушыларын таң қалдырған екі адам болды. Бірі – Әміре Қашаубаев, екіншісі – Ғарифолла Қүрманғалиев. Ол Алматыда қалып, опера театрында жұмыс жасады. Опера театрының ең алғашқы кәсіби дәрежеде қойылған спектакльдерінде ойнады. Қазақстанның халық әртісі, әнші, тұңғыш опера режиссеры Құрманбек Жандарбековтың жетекшілігімен шағын-шағын операдан үзінділер көрсетіле бастады.

Б.С.: Ғарифолла Құрманғалиев батыс өңіріне танымал әншілік, жыршылык, термешілік өнерді бір өзі меңгерген өнер адамының ішінде сирек кездесетін құбылыс. Болашақта оны түбегейлі даралап зерттесек, диссертациялық еңбекке сұранып тұрған тақырып екенін мойындауымыз керек. Ғарекеңнің асқан актерлық қимылымен, бет әлпетінің қозғалысымен көрсетіліп, таза тембрлі, ұшқыр дауысымен шырқалған Шегенің ариясы көрерменнің көз алдында. Осындай талант иесінен өзіңіз не білдіңіз, не үйрендіңіз?

Қ.Б.: Ол кісіге шәкірт болып, ән айтудың қыр-сырын үйренгеніме өте қуаныштымын. Ғарекең бүл өмірден өткенше үстаз-шәкірт болып сыйласқаныма өзімді өнер адамының ішіндегі бақытты адамның бірімін деп санаймын. Ғарекеңнің бір әңгімесінде: «Берген рөлдердің образын жасау үшін үйдегі айнаның алдында дайындалып, берілген рөлді образын шығарғанша дене қимылын, бет қимылын қозғап, дайындық үстінде жүріп, таңның қалай атқанын білмей, келіншегім Рабиға «таңғы шайыңды ішпеймісің» деп шақырғанша таң атқанын білмеуші едім» – деп айтып отыратын. Бұл өнерпаздың өнерге берілгендігінің, өз өнерін сүйгендігінің белгісі. Өнерді оп-оңай еңбек деп түсінетіндер де бар. Ол өте қате ұғым. Өнер инемен құдық қазғандай. Еңбекпен келетін табандылықты, еңбекқорлықты, ізденушілікті керек ететін, көзге көрінбейтін, тыңдаушысының құлағына кіріп, бойын билейтін құдіретті де сиқырлы мамандық. Ол мүхиттың тереңдігіндей түпсіз, көк аспандай шексіз, шыңына ешбір адам жетіп көрмеген мамандық деп танимын. Кәсіби көзқараспен қарап, әннің талабын ашып, мақсатына жету жолында істелетін шаралар жолында кететін уақытты күнмен өлшейтін болсақ, бір әнді танып білу үшін 3 ай уақыт кетеді деп есептесек, қып-қыска адамның өмірін салыстыруға болмайтын өлшем екеніне көзіміз жетеді. Ғ.Құрманғалиев 100 әнді радионың алтын қорына, 100 шақты жыр-термені үлкен 4 күйтабаққа жаздырған. Ұзын саны 80-ге тарта өз әні тағы бар.

Б.С.: Ғарифолланың әншілік орындаушылық мектебіне үңілсек, Батыс Қазақстан стилі төңірегінде қалыптасқан ән, жыр, терме өнері репертуарында қосарланып жүреді. Бүл өнердің әрқайсысы, әр саласы өз алдына үлкен талап қойған терең талғампаздықты талап етеді. Әншіліктің, вертуоздық шеберліктің ең жоғарғы деңгейдегі талабымен келетінін ойласақ, Ғарифолла Құрманғалиев табиғаттың өзі сыйлаған мол шабыт иесі екендігін көреміз. Оған дәлел дауыс кеңдігі екі октава болатын Мүхит шығармаларының репертуарында жүруі. „Айнамкөз», „Үлкен айдай», „Зәуреш», „Кіші айдай», „Паңкөйлек», „Дүние-ау» әндерін орындағанда оң қолдың саусақтары домбыра шанағын бебеулетіп жібермей ме? Тыңдап отырып, шапқан аттың жүрісін көз алдыңызға елестетесіз. Ал ән шалқып жатқан кең тынысты жан даусы шыққан жоғарғы нота өкпені қабындыратын деммен, үзақ ферматаларды ұстауы әннің лирикалық, трагедиялық тереңдігін көрсететінін сезсек, жаңағы домбыра ойнау оң қолының ерекшелігінің көрінісі тек қана Ғарифоллаға тән стиль деп ұғамыз. Ғарекеңнің тағы қандай қырларын айта аласыз?

Қ.Б.: Ғарекеңнің тағы бір қыры – жинақтаушылық, біздің ұлттық өнер дәстүрі бойьшша атадан балаға жалғасатын ауыз әдебиетін насихаттауы. Ұстаздан шәкірт жалғастыратын әншілік, жыршылық, термешілік өнерлеріміз тек қана естіген құлақпен жатталып, ауызекі айту арқылы тарағанын ескерсек, батыс өңірінің жоғарыда айтылған күллі өнер түрлерін алып келіп, академияға, радионың алтын қорына, күйтабақтарға жазылуы Ғарекеңнің бойындағы зеректігі арқылы жиналып, өшпестей етіп жазылып, болашақ өнер қуған ұрпақтың үйреніп білетін, тәлім алатын өнер жиынтығы болып отыр. Мұның мәңгілік сақталып, талай ұрпақтың пайдасына тиетін үлкен қазына екенін ойласақ, Ғарекеңнің үлкен еңбегін көріп оның үлкен фольклорист екеніне көзіміз жетеді.

Б.С.: Осы Ғарекеңнен бастау алған қазіргі ән өнеріне көңіліңіз тола ма?

Қ.Б.: Қазір ән де көп, әнші де көп. Бірақ басым көпшілігі біздің ұлттық ән емес. Ырғағында да, иірімінде де шығыс пен латынамерикандық бір даңғаза екпін басым. Бұл үлтты жаулаудың «мәдени» түрі. Тілінен, әдет-ғүрпынан, әнінен жаңылған елді билеу оңай. Басқалардың бізге жүргізіп отырған жымысқы саясаты осы. Мұны ұғар әуесқой әншіні де, кәсіпқой музыкантты да әзірге байқай алмай отырмын. Музыкант гитара арқалап сахнаға шыққанына мәз, әнші клип қуалап әуре. Бұған қарсы мемлекетіміздің тарапынан жасалып жатқан нақты іс-шаралар да байқалмайды. Маған дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы ретінде күнделікті күн тәртібінен түспейтін дәстүрлі өнерді дәріптейтін бір орта қажет болды. Менің Түркістанға келуімнің себебі де осы. Мұнда қаймағы бұзылмаған дәстүр бар, тілі таза жастар бар, ең бастысы, өнерді қадірлер орта бар.

Б.С.: Дәстүрлі өнерді бүгін насихаттамасақ, руханиятты бүгін көтермесек, ертең кеш қалатынымыз ақиқат. Мұны бүгін қоя түрайық, ертең үйретіп аламыз деу үлкен қателік. Кенеуі кеткен экономикамызды қаржының күшімен орнына келтірерміз-ау, бірақ дәстүрлі өнердің арқауы бір үзілгеннен кейін оны қайта қалпына келтіремін деу бекершілік. Қазір бізде сауатты тыңдаушы жоқ. Эстрадалық әнге елітіп алған ел домбыра үні естілісімен залдан шығып кете барады. Бұған бір жағынан олар кінәлі емес те. Концерттік бағдарламаны бір жақты әзірлейтін ұйымдастырушылар оларды осыған үйретіп алған. Тыңдаушыларымызда өре жоқ дейтінім содан. Бұған қалай қарайсыз?

Қ.Б.: Біз бала күнімізден Жүсіпбек Елебековтерді тыңдап өстік. Сарыарқаның саңлақ өнерін сарымайдай сақтап ұрпаққа жеткізіп отырған Жүсекеңдерді сол кездегі ауылдағы қарапайым, бірақ зердесі зерек шалдар сынап отыратын. «Қап әттеген-ай, мына жері былай еді ғой, ана жерін бұзып айтты ғой» деп күйіп-пісетін. Бұл дегеніміз сол кездегі тыңдаушының өнерге деген өресінің биіктігін білдіреді. Қазіргі тыңдаушылар Қайрат пен Қаламқасты былай қойғанда, Ғарифолла мен Жәнібектің кім болғанын жете біле бермейді. Есесіне шетел әншілерінің өмірін, олардың жеке махаббат хикаяларын жаттап алған. Қазақ ән өнерінің тарихын білмейтін адамнан қандай тыңдаушы шығады? Біздің бағамызды ашатын да, абырой мен атақты беретін де өрелі тыңдаушы емес пе? Тек әніміз арқылы ғана халқымызға ардақтымыз. Басқа түгіміз жоқ. Жоғарыда айттық қой, қазір тобырлық санаға қызмет ететін рухсыз, мазмұнсыз даңғаза әуендер етек алды. Күнде де, түнде де солардың билігі жүріп түр. Гитлер соғыс ашардан бүрын он шақты жыл бойы басқыншылық рухтағы марштармен күллі неміс халқын үзбей сусындатып отырған. Музыка арқылы адам санасын жаулаудың үлгісін әйгілі британдық “Битлз” тобы да дәлелдеп кетті. Біздің де бойымыздағы қанымызды қоздырып, рухымызды тік турғызатын осы дәстүрлі өнеріміз. Мен туып-өскен жер Талдықорғандағы Қапал ауданы. Ал рухани ұстазым Ғарекеңнің туып-өскен жері сонау Батыс Қазақстан облысы. Екі ортамыз тура үш мың шақырым. Ән айту мектептеріміз де бөлек. Бірақ екеумізді табыстырған кәдімгі радио. Ол кезде әр ауылдың ортасында бағана басында репродуктор саңқылдап тұратын. Оның үні ауылдың ана басынан мына басына анық естілетін. Радиодан Ғарекең ән салса бітті, менде ес қалмайтын. Ішімнен оның әуенін, үнін қайталауға тырысатынмын. ¤те ұялшақ болдым.   Дауысым   бар екенін білсем де, ел алдына шығып ән салудан қашатынмын. Тауға шөп шабуға барғанда, айдала, аппақ қарда, ешкім жоқ жерде ән саламын. Іштей рахаттанамын. Мұнымды сезіп жүрген шөпшілер: «Әй,  Қажыбек, шөпті қайтесің. Одан да сен бізге өн салып бер. Біз саған шөпті өзіміз-ақ тиеп береміз», — деп қолқалайды. “Шөпті өздері салып берсе несіне қиналайын” деп іркілмей өзім жаттап алған татар әні «Ғалиябануды» әуелете жөнелемін. Менің даусым ауылдағы ағайындарға да естіліп тұрады екен…

Ғарифолла ағаның әншілік мектебі – халықтық өнеріміздің мақта­нышы. Оның ән айту, ән шығару үлгілері үйренуге, насихаттауға шеберлігі жағынан да, тақырып­тық-мағыналық маңыздылығы жағынан да лайық. Қазақстанның халық әртісі марқұм ағамыз Ғарифолла Құрманғалиевтің өнері өлмейтін, өшпейтін, халқымен бірге жасайтын жақсы арнаға сенімді түрде қосылды, тәубе деп, бүгінгі оның туғанына 100 жыл толып отырған тойында сеніммен айта аламыз.

 

 

Әңгімелескен:

Бекжігіт Сердәлі,

Түркістан қаласы.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button