Сахна сөз

Бүгінгінің жарапазаны

Бала кезіміз. Жаздың айлы кештерінің бірінде үй сыртынан бір топ бала «Айтамыз жарапазан жар басынан, Пайғамбар қауын артқан арбасынан» деп әндете жөнелетін. Сол-ақ екен, көзі көрмейтін марқұм Қали әжеміз үй ішіндегі балалардың у-шуын тыйып тастап, әлгі ауыл балаларының мазмұнды, қайталанбайтын әуезді шумақтарын қосыла тындайтынбыз. Біраздан соң таяғына сүйене барған әжем балаларға ризашылығын білдіріп, кимешегінің ұшынан бір уыс кәмпит ұстататын.

Ес білгенде өмір толқынына ілесе қалаға келген біз сол жарапазанды аңсайтын болдық. Әрине, қазір де жастар топ-топ болып жарапазан айтады, бірақ бұрынғыдай емес. Ілгергі жарапазанның шумақтары мазмұнды, айтушылар ұлттық киіммен топтаса жүретін. Осындайда Сүйінбай үйінің тұсына келіп жарапазан айтқан, сол арқылы ұлы ұстазбен қауышқан Жамбыл ақын оралады ойға. Негізі жарапазан ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырларының алтын қорын құрайтын шешендігімен, көсемдігімен танылған жыр шумақтары ғой. Діни әдебиеттерде бұл жыр жолдары Рамазан айында имандылықты уағыздай жүріп, Мұхаммедтің үмбеттерін жігерлендіру, көңілін көтеру ниетінен туған десіп жатады.

Қазір ше? Әлі де елеңдеп үй сыртына құлақ түретініміз рас. Екі шумақ жаттап алған екі бала дарбазаңды қаққылап, «айлайын-айлайын, атымды отқа байлайын, не берсең де ақша (!) бер, басқа нәрсе алмаймын!» деп дықақтап тұрып алады. Тәтті-құтты ала шықсаң, «ақшаң жоқ па, не?» деп бұртиыр өкпелей қалатыны бар. Демек, бұл балалардың ниеті басқа…

Пойызда да вагон аралап, жарапазан айтушылар кезігеді. Олардың да діттегені ақша. Үлкендер жағы ауызашарда жастарға үлгі етіп айтып отырмағаннан кейін бүгінгі жарапазанның мәні де, сәні де өзгерген.

Рас, пәтер есігі түгілі сыртқы қорасына дейін құлып сап тастап, қарулы күзетпен ауласына жан жолатпайтын супер-көршілер де бар. Ондайлар, еркіне салсаң, жарапазаншыларды қауіпсіздік саласы қызметкерлерін шақыртып, қуып шығудан да тайынбайды.

Әйтсе де, мен тура бала күнімдегідей жарапазан қашан айтылар екен деп әр кеш сайын үй сыртына құлақ түруден жалыққан емеспін…

 

Бекжігіт Сердәлі.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close