Сахна сөз

Патриот

Өнерпаз қауымның той іздеп жүретін әдеті. Жуырда Жүсіп Ақшораев, Мақсат Айтжанов, Нұржан Құлшынбаев бар, бір топ өнерпаз Шымкенттің «Қатын көпір» аумағында тұратын «Шаншар» әзіл-сықақ театрының артісі Нұрбақыттың үйіне, ұлы Айсұлтанның шілдеханасына бара қалдық. Көрші-қолаң, ағайын-туыс, бір қауым ел жиналып-ақ қалған екен. Қақпадан үйге кіре берісте күтпеген жағдайға тап болдық. Нұрбақыттың әкесі Әнуарбек Байысбек ағамыз бізді байқап қалып, дәл есік алдында күйойнатқыштың тетігін басып қалғаны. Мемлекетіміздің Әнұраны шырқай жөнелді! Алақанымызды жүрегіміздің тұсына тақап, қаздиып тұра қалдық. Өзі Әнұранды бар дауысымен шырқай айтып тұр. Байқасақ, кіре берісте маңдайда көк Туымыз да желбіреп қалған екен. Оған тағзым етуімізді өтінді. Сосын ғана босағадан үйге аттауымызға рұқсат етті. Міне, патриот! Таң қалдық!

– Әкем де қызық! – дейді сасқалақтаған Нұрбақыт. – Үйге келген әр мейманның осылай Әнұранымызды шырқамай, Туға тағзым етпей төрге озғанын көрген емеспін. Әсіресе, 30 тамыз – Конституция күні және Тәуелсіздік мейрамында әкем бізді таң алакеуімнен ерте тұрғызып, дыбыс күшейткішті ерінбей шатырдың төбесіне шығартып, Әнұранды ойнатады. Бүкіл ауыл қосыла шырқаймыз. Ал көк Ту босағамыздан үзілген емес. Үйден шығарда Туға қарап елімізге тыныштық, кірерде отбасымызға береке тілей өтеміз.

Бүкіл ауылға мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуін дағдыға айналдырған Әнуарбек ағамыздың мамандығы заңгер. Қолынан келмейтіні жоқ, әсіресе мәшине жөндеуге үйір. Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдыаяқовтың көліктерін талай жөндеп, алғыстарын арқалаған сәттері аз болмаған. Іздеп жүріп Алтынбек Қоразбаевтың «Волгасын» да сатып алып мініпті. Өнерге құмар. Барлық әншілердің өмірбаяны мен репертуарын жатқа айтады. Ең бастысы, тіл жанашыры, мемлекеттік рәміздеріміздің насихатшысы.

Түрлі салтанатты жиындарда айбынды Әнұранымызға қосыла шырқауды ар санап, ернін ғана жыбырлатып тұратын ағайынға Әнуарбек ағаның үйіне бір барып қайтуға кеңес берген болар едік. Нағыз патриоттар ел ішінде бар екен, соған риза болдық!

 

Бекжігіт Сердәлі,

композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Түркістан қаласы.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button