Сахна сөзТаңдаулы

Айтыс өнерінің «Аңыз адамы»

        Қоңыр домбыраның күмбірі мен сөздің сыңғырын түсінгендіктен шығар, әйтеуір алаш жұрты, азуын айға білеген ақыннан кенде емес. Кешегі өткен заманда сол ақындар «сөз сөйлемен сыйынбай» деп пір тұтқан – Сүйінбай, Жыр алыбы Жамбылдардан бастау алатын айтыс өнері күні бүгінге дейін сол биік тұғырдан тайған жоқ. Керісінше баяғысынан да тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей жұмырланып, өткірлене түскен. Десек те, сол іші алтын, сырты күміс сөз сарасын қиыннан қиыстырып жүрген айтыскерлер арасында Айнұр Тұрсынбаеваның шоқтығы биік.

Сөз барымтасында «алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп», шашасына шаң жуытпайтын шын жүйріктігенен де шығар, «бір өзі 35 көлік мініпті деген» аңыз атқа ие болып жүргені. Тамыз айының соңғы он күндігінде Түркістан жұрты дүр сілкінді. Себебі екімыңжылдық тарихы бар шежірелі қалаға сонау арқадан арнайы ат арытып атышулы ақын Айнұр Тұрсынбаева келді.

Сүр ет, сары самаурын…

Жалпы, Айнұр турасында оның айтыскерлігінен де бөлек айтарлық нәрсе өте көп. Себебі ол – жарық жұлдыз, жан-жақты тұлға. Кезінде көрермен көгілдір экран арқылы «Айнұр Балғынбекке былай жауап берді, Жандарбекті былай тұқыртты» деп, айтысты қалт жібермей көріп, оның әр сөзін жаттап алатын. Содан кейін заман дамып, әлеуметтік желі алға шыққан тұста қарасақ, Айнұр онда да топты жарып алға шықты. Бірде қарасаң, қазы мен қарта, жал-жаясы жайнаған, астау толы сүр етті ортаға алып Астанаға көшіп келген әлдебіреуге ерулік беріп жатады. Енді бірде өрік-мейіз, тәтті бәліш дейсіз бе барлығын самсатып, сары самаурынды сақылдатып қойып құрбыларымен шай ішіп отырады. Сонда, «шіркін-ай, Айнұрдың асханасынан» дәм татар ма едім?!» деп еріксіз тамсанасың әрі Арқаға барған жұрттың Айнұрға соқпай шығатыны кемде-кем бе деп қаласың. Яғни, әлеуметтік желі бізге Айнұр Тұрсынбаеваның ақындығынан да бөлек саусағынан бал таматын аспаздығын, қазақтың қонақжайлығын бойына сіңірген керемет жан екендігін ашып берді. Жалпы, Айнұр Тұрсынбаева осындай іс-әрекеттерімен қысы қытымыр Солтүстікте тұрып та Оңтүстіктің ашық-жарқын жаймашуақ мінезін жоғалтпай, қарапайым үйді қара шаңыраққа айналдыруға болатынын дәлеледі.

 

Айна алдында…

Бұл бірақ сөйтсек, Айнұр ханымның кезекті бір қыры ғана екен. Ол кісінің біз білмейтін қыр-сыры әлі алда ма деп қалдық. Себебі Айнұр біртіндеп қыз-келіншектерге сұлулықтың құпиясы жайлы сыр шерте бастады. Қандай сықпамайды қалай жағу керек, нені жақсы беттің әрі кіреді, тіпті қымбат крем болмаса да асүйде бармен қалай маска әзірлеуге болады деген сұрақтарға жауап алу үшін қыз-келіншек біткен Айдың нұрының әр постын жібермей оқып, тікелей эфирін тағатсыздана күтетін болды. Мұны екі деп қойыңыз.

Адам өміріне араша…

Содан күндердің бір күні әлеуметтік желі шу ете түсті. Кішкентай сәби дертті болып, ата-анасы қаражат таба алмай қиналып кетсе керек. Содан оның дабыры Айнұрға да жетеді ғой.  Айтулы айтыскер ана емес пе, әлгіні естігенде жүрегі елжіреп, өзінде барды беріп қоя салмай, өзінің сан мың оқырманына үндеу тастап, жүрекке жететін сөздерін арнап, содан не керек, ел-жұрт болып әлгі балаға кәдімгідей қомақты қаржы жинады да берді. Міне, сөздің, жанашырлықтың, танымалдылықтың құдіреті?!  Айтпағымыз Айнұр Тұрсынбаева қайырымдылық жасап, сауапты істің басынан да көріне білді. Көрінгенде, көзге түсейін деп істемеген болар, бірақ ел-жұрттан ашық көмек сұрауға арланбай, әлдекімдерге ұқсап жалған намысқа салып, тартынып қалған жоқ. Есесіне бір адамның өмірін құтқаруға мұрындық болды.

Бизнес-леди…

Байқап отырған шығарсыздар, Айнұр Тұрсынбаева баяғы айтыскер ақын деңгейінде қалған жоқ. Ол өзі де байқамай, қоғамдық істердің бел ортасына кірісіп кетіп, қайраткерлік деңгейіне көтеріліп келеді. Содан оған телеарналардан да ұсыныс түсе бастаса керек. Қазақстан Ұлттық телеарнасындағы «Бақытты әйел» бағдарламасының бір бұрышынан орын бұйырыпты бір күні. «Айнұрдың асханасы» деген айдар бойынша әр түрлі адамдарды шақырып, олармен бірге қазан көтере жүріп, әңгіме-дүкен құрып үлгеруі тиіс. Өзіне артылған бұл міндетті де Айнұр әжептәуір алып шықты.

Қоғамға қызық тұлға болған соң да шығар, Ләйла Сұлтанқызы оны өзінің жеке авторлық «  The Эфир»бағдарламасына шақырды. Сөйтті де, «Сіз осы кімсіз, Айнұр ханым?» дегенге саятын «Сіз осы өмір сүруге керек ақшаны қайдан аласыз? Тікелей кіріс көзіңіз қандай?» деген сұрақты төтесінен бір-ақ қойды. Сөйтіп еді ақын емес пе, ақын болғанда да суырып салма айтыскер, өзінің қырыққа келсе де, тұрақты жұмыс істеп көрмегенін, табыс көзі анда-санда болатын айтыс пен той екенін жасырмай айтып салды.

– Мен негізінде ақшаның соңына түскен адам емеспін. «Маған осынша ақша төле, әйтпесе жасамаймын»деп әлі күнге ешкіммен саудаласып көрмеппін. Олай айта да алмаймын. Бірақ мені жұрттың көбі бай деп ойлайды. Себебі біздің қоғамның түсінігі сондай – сен танымалсың ба, демек сен байсың дейді. «Неге бөліп бере салмайды, неге қайырымдылыққа жұмсамайды?» деп өкпелейтіндері содан, –  деді ол.

Бірақ негізі Айнұр ақшаға зәру адам емес. Біреудің қалтасын санағанымыз емес, бірақ оның кейінгі кездері желілік бизнеске бел шеше кіріскенін айта кетуіміз керек. Себебі оған көп қыз-келіншектер «Айнұрды көрсек, лебізін естісек» деген арманмен де қосылатын көрінеді. Солайша қазір бір кездегі айтыскер ақын соңынан мың қаралы қыз-келіншекті ерткен «бизнес леди» болып шыға келді. Бұл да болса оның Тәңір берген ризық-несібесінен болар. Және Айдың нұрының қарап жатпай, қарекет жасап, өзін жан-жақты сынап, өмірлік соқпағын іздеген ізденісінен де ғой. Дәл қазір депутаттыққа түссе де, мына қалпымен ол қажет дауысты ойланбай жинағалы тұр. Бірақ, ол өзі жайлы сұхбатында былай дейді:   «Ел-жұрт айтысты менің күнкөріс кәсібім, өнерім деп түсініп қалуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде айтыстың орны мен үшін одан да биік. Айтыс – менің өмірім. Айтыскер ақындардың бәрі  менің отбасым секілді. Және түптеп келгенде менің күн көретін, табыс  табатын көзім сол домбыра мен айтыс, ақындық өнер деп айту керек шығар. Мен айтыссыз өмір сүре алмаймын. » – деді.

Бұл – сірә, Айнұр Тұрсынбаевадай сан қырлы талант иесінің ақындық жүре келе қалыптасқан машығы емес, анадан саф алтындай ақындық өнерімен туғанын айғақтайтын сыры да, шыны да болар…

Мәриям ӘБСАТТАР,

Түркістан қаласы

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button