Қоғам және біз

Түрік дүниесіне танымал Түркістани

(Даңқты режиссер, актер Райымбек Сейтметов - Түркістаниды еске алу)

Түркиеден белгілі қоғам қайраткері, түрік дүниесінің жанашыры Намық Кемал Зейбек келген. Түрік дүниесі десе ішкен асын жерге қоятын фидайы жан. «Түркістан – түрік халықтары рухани астанасы» (Н.Назарбаев )боларына құдайдай сенетінін қайтерсің?!

 Екеуміз Райымбек Сейтметов-Түркістани зиратына келіп зиярат етіп тұрмыз. Досы. Құран оқыды. Бірге бет сипастық. Досы туралы қимас сөздер айтады. Мен үнсіз басымды изеймін. Райымбек ағаны түбі бір  түрік дүниесін өзара ынтымақтастыруға, жаңа уақытта қайтадан жақындастыруға қызмет етіп жүрген аса ірі, өте керек түріктік тұлға еді – дейді Намық. Мен басымды ие түсемін. Түркістанда мәңгілікке дамылдап жатқан Райымбек Түркістани тағдыры жайында толғанамын.

 

Әңгімені Түркия Республикасында жарық көретін  “Ай-хабар” жорналының кезекті санынан бастағым келеді. Жорнал тысында алты алаштың ардағы атанып, жыл бұрын арамыздан  жалған дүниеден бақилыққа жылжып жүріп кете барған өнерпаз – Райымбек Сейтметов-Түркістанидың маңдайы жарқыраған “жансыз” бейнесі (суреті)!

Жорналды парақтадым. “Райымбек Сейтметовтің ардындан” аталатын мүнақып беріліпті. Оған жалғас Мұстафа Везилкүрттың “Өлүрсе тәндер өлүр, жанлар өлми дегил” (Өлсе де тәніңіз, өлмейді жаныңыз) аталатын естелік мақаласы жарық көріпті.

Райымбек Сейтметов сырқат салдарынан ессіз-түссіз жатқан жандандыру палатасына кіріп, қолын сүйіп хоштасқан досы – Түркия Республикасы қоғам және мемлекет қайраткері, күллі түрік дүниесі жанашыры Намық Кемал Зейбек әрекеті болар деп ойладым.

Иә, Қазақстанның өнер жұлдызы, Қазақстан, Қырғызстан Республикаларының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтарының иегері. Өзбекстан, Түркие Республикасы, Татарстан, Башқұртстан барып, спектакль қойған Райымбек Сейтметов түрік дүниесіне кең танылған, күллі түріктік өреге көтерілген кемел тұлға еді.

Сөйте тұра, Рекең әруағына бағыштап жариялаған хоштасу, еске алу материалдарды кім ұйымдастырса да заңдылық, бізге сіңбей келе жатқан түріктік ілкімділік, түріктік патриотизм деп қабылдадық.

Райымбек Сейтметов-Түркістани жайында ойланамын.  Ойлана келе түріктік өреге тартыла тұлғаланған өренжүйрік өнерпаз жайында қалам тартайын деп тәуекел еттім. Тәуекел ететінім — өмірдің соңғы 15-16 жылын Түркістанда қатар жасап,  жақсы қарым-қатынаста өткізіппіз. Жаман сыйласпаппыз. Ең бастысы жалған сыйласпаппыз. Ол нағашы. Мен жиен. “Нағашы-нағыз ағасы”  деп алға ұстап жүріппін. “Жиен” деуден ол да жаңылмапты. Бұл өмірге жүрсе жүретін, өнерге жүрмейтін туыстық!  Алдаспан ақын Махамбет айтқандай “атадан алтау тусаң да” өнерде жалғызсың. Өнер адамын бір әке, бір анадан туған бауыры да ақи-тақи түсіне бермейді. Ол үшін ешкімді кінәлап жатудың да керегі жоқ. Өнерді таңдадың-жалғыздықты таңдадың: жауға-жалғыз шабасың, жау түсірсең – ортақтасар көп, сәтсіздігің — өзіңдікі. Бір сөзбен айтқанда, бақыттылығың–халықтыкі, бақытсыздығың – бір өзіңдікі! Сондықтан елдің Райымбегі атанып кеткен ерен тұлғамен қан туыстығым бар еді деп малданудан аулақпын. Сөздің сірағасы үшін ауызға алып отырғаным.

Райымбек аға -өміріміздің өнегесі еді. Атын анамыздан әудем-бірде еститін Райымбек Сейтметовті жетпісінші жылдары Әл-Фараби атындағы Қаз Му-дың филология факультетіне түсіп, оқып жатқан жылдары көріп жүздестім.

Алдымызда ғана оқу бітірген Сағат Әшімбаевтар (ол курсты ұстаздарымыз солай атайтын. Қ.Е.) бізге бір әуезе етіп айтар әдемі өнеге, жалықпай жалғастырар жақсы дәстүр қалдырып кетіпті. “Әдебиетіңді сүй, өнеріңді өнеге тұт!”  М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестік жас демей, жасамыс демей ақын-жазушы, өнер өрендерін кездесуге шақырады да жатады. Тайлы-таяғымыз қалмай барып, ақшамнан қою қараңғылыққа дейін түн қатып, қалқиып отырып әлгі әдебиет әпендісін, не өнер жұлдызын тамашалаймыз. Өзіміз де жазушы болу арманынан аман емеспіз. Ондай арман бұрын болмаса әлгі кездесулер “ауыртпай” тынбас еді. Талап сондай күшті ме, болмаса бәрімізде бірдей талант ұшқыны бар ма, ол жағын білмеймін. Әйтеуір бір апта кездесусіз өтпейді. Әйтеуір бір кездесуге бармай қалған емеспіз-ау. Ұлы Мұхтар Әуезов бұрынырақ қайтыс болып кеткен. Сөйтіп сорымыз қайнап, данамен дидарласа алмай қалғанбыз ғой. Әйтпесе, Сәбит Мұқанұлынан бастап көзі тірі классиктерді құтқармаймыз, жалынып шақырамыз, қиылып өтінеміз, қинап та келтіреміз. Ал, бес жүз, алты жүз кісілік залға адам сыймайды… Әдебиет пен өнер ақсақалдары жастарға ақылын айтып, кеңесін беріп кетіп жатады. Әдебиет пен өнер жас өркені абайлап келіп, сырласып, сына пікір есітіп кетіп жатады.

Поэзияда Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев  даңқы дүбірлеп өтіп, даңқ жайлауын Мұхтар Шаханов жайлай бастаған шақ. Қыршын талант Саттар Ерубаев поэзиясы романтикалық рухында жазылған “Танакөз”поэмасын жатқа білмейтін жас жоқ. Өлең жаттау өз алдына сахнадан жылап оқып тұрамыз. Мұхтар Шаханов бізді баллада болып та, ән болып та әлдилей бастаған кез. Ол жылдары Мұқаң жастардың жүрегін сарымайдай ерітетін ғажап әндер шығарды.

ҚазМу-да Райымбек Сейтметов пен Мұхтар Шаханов – ел аузында жүрген екі қанатты азаматпен кездесу болады деген әңгіме гу ете түсті. Райымбек “Танакөз”поэмасын радиодан нәшіне келтіре мәнерлеп оқып жүрген кез. Талай мәрте тыңдағанбыз, талай мәрте өлең оқу мәнерін “ұрлағанбыз.” Міне енді жастардың сүйікті ақыны мен сүйкімді актері жастармен кездесуге келе жатыр…

Қарсы алушылардың ішінде болдым. Ресми іс-сапармен келген шет ел мемлекет басшысын қарсы алғандай қарсы алдық. Ақ плащ киген екі қанатты, талантты өнерпазбен алғаш осылай жүзбе-жүз кездестік. Жүздескені үшін жастар өзін бақытты сезінді. Сол жастың бірі- мен едім.

Біздің бір таңқалғанымыз-Мұхтар Шаханов  не өлеңін оқитын емес, не әнін салатын емес, тек сөз сөйледі. Ал жалындаған жас актер-Райымбек Сейтметов Мұқаңның өлеңдерін ой, бір нәшіне келтіре оқыды дейсің. Қыбымыз қанды. Ақырында қолқалап Мұхтар Шахановтың өзіне өлең оқыттық.

“- Өлең жазу бар да, оқу бар. Мен өз өлеңдерімді Райымбек ағадай оқи алмаймын”-деп қысыла сөйлеген Мұқаң қызарақтап барып, ақыры өлең оқыды. Жоқ, Мұқаң да өз өлеңін жаман оқымайды екен… “Бірақ менің мұрныма май құйса да композитор болмаймын. Сондықтан, ән сал деп қинамаңдар!”-деді Мұхтар аға!

Райымбек Сейтметов өлең оқумен бірге ой өрбітуі жөнінде де салиқалылық танытты. Ой тарату, тыңдаушысын үйіре  тарту мәнері бөлек көрінді. Актер емес пе?! Ойпаз сипат танытты.

Есітуім өз алдына, Райымбек Сейтметовті тұңғыш кездесіп, жүздесуім – осы сәт!

Әсершіл жастар емеспіз бе, Райымбектанумен ертеңінен бастап айналыса жөнелдік. Өйткені біз ол жылдары сөз өнерімен ғана емес, өнердің өзге салаларымен де бас ауырта бастап едік.

Профессор Бейсембай Кенжебайұлының шақыруымен бізге Консерватория профессоры Асқар Тоқпанов та сабақ беретін…Ол кісі Мұхтар Әуезовтың “Абай” пьесасы бойынша спектакль қойған режиссер, жас буын өнерпаздарды тәрбиелейтін ұстаз… Мәскеуде оқып білім алғаны бар, сүйегіне сіңген қазақы дәстүр бар – Асекең театр өнері жайында жандыра ой айтып, жалындай сөйлейді. Табиғактында романтик жан қыза-қыза келе Мұхтар Әуезовке «Абай» трагедиясын қайта жаздыруға, о тіпті өзі жазып беруге дейін қоспалап жібереді. Айтып тұрғаны режиссердің сценарийі екенін кейін біліп жүрміз-ау. Елігіп кететініміз сонша біздің кейбіріміз консерваторияға ауысып алуға даяр жүреміз… Ол да бір жайтартқыш өнер иесі еді, жарықтық!

Біз Райымбекті көру үшін театрға баратын болдық. Әубәкір (“Беу, қыздар-ай”), Арыстан, Сұңғат (“Бөлтірік бөрік астында”), Қозы (“Қозы көрпеш-Баян сұлу”), Әбіш (“Абай”), Шоқан (“Шоқан Уәлиханов”), Жайнақ (“Ана-Жер-Ана”) рольдерін ойнайды, Рекең! Ұлы Мұхтар Әуезовтен тартып, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Мұхаметжанов секілді айтулы драматург шығармалары. Әр алуан ой-сезімді меңгерген, әралуан деңгейдегі ғажап жазушылар. Халықтың рухани тарихында өздерінің қайталанбас орны бар қаламгер қауымының  драмалық, трагедиялық, комедиялық пландағы кейіпкерлерін сахнаға алып шығар Райымбек Сейтметов ойнаған рольдер кейіпкержандыланып тұлғаланатыны соншалық спектакльдің  өнерлік өзегіне, шешуші шегесіне айналып кетеді.

Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова секілді аға буын сахналық ойынын тамашалау да бір арман еді ғой. Бағымызға қарай сол сахна алыптарының өнерлерін де тамашаладық. Сонымен қатар Райымбек, Сәбит, Асанәлі, Фарида сахна басымдылығына ие бола бастаған орта буын өкілдері. Жастар жүрегін жаулап көрермен көңілінен берік орын алған орта буын өренжүйрік өнер өкілдері!

Сол жылдары сахна өнерін орасан биікке көтеріп кеткен Гольдблат есімді білімпаз режиссер болыпты. Райымбек Сейтметов консерваторияда сабақты сол Гольдблаттай ұстаздан бастап, Асқар Тоқпанов класында жалғаған екен. Өкініші біз көре алмадық.Кейін Театр өнеріне Станиславскийден кейін орасан жаңалық әкелген ГүК.Тавстоногов алдынан (стажировка) өтіпті. Ол кісіні де көзіміз көрді. Аз-кем сұхбаттастық. («Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді.)

Н.В.Гогольдің “Үйленуінде” Кочкарев, В.Шекспирдің “Асауға-тұсауында” Люченсио мен Кассио, Л.Дюрканың  “Электра, сүйіктім менің де” Эгиста, М.Байджиевтің “Жекпе-жегінде”Әзіз, Ә.Таразидың “Жолы болғыш жігітіндегі” Кірпішбай, Т.Әбдіковтың “Біз үшеу едік” пьесасы бойынша қойылған спектакльде Мұрат рольдерін ойнауы Райымбек Сейтметовті сахнада ойнайтын ғана емес, сахнада ойлайтын актер ретінде танытты. Бұл әрі қарай “Көктөбедегі кездесудегі” Исабекке барып ұласатын. Ал, Исабек ролін ойнаған Райымбектің Шыңғыс Айтматовпен ағалы-інілідей жақын сыйласуына  осы Исабак ролін ойнауы себепкер болды.

Актерлік өнерде Райымбек аға олжалы еді. Қандай роль тапсырылса да оның бойын ғана күйттемей ойына бойлап, психологиялық тұрғыдан зер салып, кейіпкер сөзіне ерекше мән беріп жан-жақты аша тұлғалап Райымбектік шеберлікпен сомдады. Театр сахнасындағы, кино өнеріндегі ол рольдер халық жадында жатталып қалды деп ойлаймын.

Актерлік өнердің өзі бір жігіт басына аз емес. Бірақ, жасай  түсіп – жасамыс тарта келе, интеллектуальдық тұрғыдан толысқан сайын актердің бірәзі режиссураға қол ұруы, бейімін байқап көруі заңдылық. Бірінде талап ақталады, бірінде ақталмайды. Ол актердің рухани жан байлығына, бойындағы дарын бейімділігіне байланысты игерілетін мамандық. Режиссердің көбі өнер жолын актерліктен бастаған. Актерлік мол тәжірибе, Мәскеудегі режиссерлік курстан өтуі, Санкт-Петербургта Г.Тавстоноговтай ғажайып режиссердің қолында стажер-режиссер, ассисент болып істеуі – актерлігімен бірге Райымбек Сейтметовтің режиссерлік  өнерін де кең өріске шығарды. Райымбек Сейтметов – Қазақтың  М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театры сахналарында драматургияның әлемдік, ұлттық класикалық үлгілерін, қазақтың жас драматургтері пьесаларын өзінше ерекшелікпен қойып, үлкен абыройға ие болған қабырғалы  режиссер. Райымбек Сейтметов режиссерлік тағдырында айрықша бөлектеп айтар бір өзіндік жол бар. Ол – Р.Сейтметовтың қазақ сахна өнеріне поэтикалық спектакльдерді қоюы. Яки Рекең режиссер ретінде «поэтикалық театр» жасаған жаңашыл.

Ұлы Абай, сахнадан «қайран елім, қазағым…» деп қамырығып сөйлесе, адуын Махамбет сахнада алдаспандай жарқылдап шамырқанып сөйлесе-Райымбектей  поэзия сүйгіш ақынжанды режиссердің күн, түн қатқан еңбегінің нәтижесі. Ұлттық әдебиетіміздің болмыс-бітімі бөлек екі ақынын сахнаға шығарамын деп әлекке түсіп, әбіржігенін де, отырғанды қойып, иін тіресе тік тұрып, спектакль тамашалаған  «аншлаг» аудиторияны көріп, қанаттанып, наушаланғанына да куә болғанбыз. Т. Бердияров, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Қ.Мырзалиев поэзиясы негізінде поэтикалық театр дәстүр түзілімін жасаған да Райымбек Сейтметов! Егер, Райымбек Сейтметов дос көңілден әлгі аталған ақындар поэзиясын өзара байланыстырушы философиялық өзек тауып, сахналамаса, олардың сахна өнерімен әсте ісі жоқ жандар!

Райымбек Сейтметовты режиссер ретінде Қазақстан Республикасының іші-сыртына еркін танытқан жылдар – оның Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар және жастар театрында көркемдік жетекші болып істеген жылдары!

Ол  сахнада жалындап актер болып ойнады.

Ол  ой кешіп режиссерлік етті театрда. Қазақтың  С.Балғабаев, Н.Оразалин, Б.Мұқай, Ә.Тауасаров секілді өндір жас драматургтерінің пьесасын сахнаға шығарып бағын ашты. Әлемдік классикаға қол ұрды. Тіпті режиссер Райымбектің драматургке ықпалы да молынан тиді. Шерхан Мұртазадай табиғатында прозалық жазушыға  «Пьеса жазыңыз. Мен спектакль қояйын!”-деп жүрген де сол Сейтметов Райымбек. «Сталинге хат» — өмірге осылай келген. Пьеса мәтінімен танысып, спектакльді тамашалап барып «Егемен Қазақстан» газетінде “Шамырқанып оралған шындық” аталатын мақала жазған жанашыр ретінде айтайын –“Сталинге хат”- қазақ руханиятында құбылыс болды уақытында. Спектакль қанша күн қойылса, сонша күн театрға көрермен халық лық толды. Тіпті театрда адамның аузы-мұрнынан шығып кеткені соншалық, есік-терезесі шытынап, ғимарат солқылдап кетті. Адам біткеннің бәрі ызалы, көзінің құйрығы қызарып алған, шетінен  ашулы. Қазақты қынадай қырған И.В.Сталинге, И.Голощекинге  оның көп жылдан кейінгі қазақстандық «мұрагері» Г.В.Колбинге ызалы. И.В.Сталин ролін Райымбектің өзі ойнады.  Спектакльді ұстап тұрған және бір актер болды. Ұмытпасам Т.Пірімжанов болар. Екеуі жарысып ойнап, сахнада жарасым тапты. Пірімжановты театр басшысы Райымбек жеке басындағы кейбір келеңсіздігіне қарамай таланты үшін театрда ардақтап ұстап бақты. «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жазған мақалама Ш.Мұртаза Москвада іс-сапарда жүрген жерінен арнайы телефондап рахмет айтып еді. Спектакль – Р.Сейтметовтің ұлттық болмысын көрсетті. Сол жылдары ұзамай жастар театры бауырлас қырғыз еліне гострольдік сапармен барды. Қырғыз бауырлар менің спектакль жайындағы мақаламды сұратып алып, қырғызша қотарып (аударып) “Кыргызстан маданияты” газетінде жариялады. Ш.Мұртаза алғысын “Мен қарапайым прозаикпын.   Менен драматург жасаған ана Райымбек батыр”-деп жеткізді. Рекең де ризашылығын айтқан.

Жасыратын несі бар, сол жылдары жастар театры аға — әріптесі- М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың алдына түсіп кетті.

Тәуелсіздік алдық.

ЕлбасыН.Ә.Назарбаев Түркістанды көтеруге құмбыл кірісті. Түркістан дегенде не жан қалсын?! Мен де кеттім Түркістанға. Біраз жыл жұмыс істеп 1994-1995 жылдары докторлық қорғау үшін арнайы мерзім алып Алматыға келдім. Жан бағу да оңай емес. Мың болғыр Ахат Жақсыбаев “Қазақ әдебиеті” газетіне сын бөлімі меңгерушісі қызметін қосымша атқаруға қосты.

Бір күні редакцияға              замандас актер Байғали келді. Бөлмеде қатар отыратын Иранбек (ол кезде Оразбаев. Қ.Е.) Исрайыл Сапарбаев – қос аға әріптесіммен күбің-күбің сөйлеседі. Түсініңкіремей мен отырдым. Райымбек Сейтметовтың аты аталып-аталып қалады. Әйтеуір сол нөмірге Райымбекті пендешілік   батпағына батыра жамандаған (сынаған дей алмай отырмын. Қ.Е.) мақала шықты… Бірі жазып, екі кісі жетелеген мақала Райымбек ағаға жайлы тимеген болар, асылы! Бірінің пьесасын қабылдамаған шығар, біріне роль бермеген шығар. Кімнің ішіне кіріп шығарсың? Қалай дегенде даңқ тұғырында жүрген көркемдік жетекші — Райымбек Сейтметовке  сол жолы обал жасадық-ау…

Түркістанға барып, қайтып тұрамын. Жолыға қалса Рекең жәдігер қаланың жайын сұрағыштайтын. Не дейін?  Түркістан жөнінде ол кез түгілі бүгін де мақтана алмаймыз. Ол кезде ақшаңдаққа оранып тіпті жербауырлап жатқан адыра қалған қала ғой. Хал-хадариқал көргенімді, білгенімді, көңіліме түйгенімді  барынша айтамын. Елбасының уәдесін алға салып, келешекке сенім артып сөйлеймін.

Бір жолыққанда Түркістаннан музыкалық-драма театрын ашу жөнінде өтініш айтып Президентке хат жазсақ қайтеді  деген ойын білдірді. Екеуміз біздің үйге барып көне жазу машинасын тықылдатып хат жаздық. (Машинка, қолжазба күні бүгін менде сақтаулы.)

Театр бірден қайдан ашылсын?

Алдымен Рекең Түркістанда жаңадан ашылып жатқан Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне қызметке келді. ХҚТУ президенті М.Ж.Жұрынов алдымен кафедра ашты. Рекең профессор болып іс бастады. Шәкірт жинақтады. Таңдады. Талғады. Бастады. Түркістанда көрші тұрдық. Екі қабат үй берілген еді. Бірде Алматыдан келген бетте Рекең үйіне бас сұқтым. От жағамын деп үсті-басының бәрі қара күйе болғанын көрдім. Пысықтау секілді еді нағашым. Олай емес екен. Өмірге икемсіз болып шықты. Суықтан машинасының моторы қатып қалыпты. Үйдің жылу батареялары да қаусап қалыпты.

Екі қабат үйді еркімен тастап Рекең Кентау кетті. Онда тау-кеншілердің әдемі Мәдениет сарайы бар болатын. Сол үйді театр есебінде пайдалана тұрмақ. Студенттер практикалық спектакль қояды.

1999 жылы облысқа басшы болып Б.Сапарбаев келді. Облыс түп-түгел түн-түнекте отырған. Жарық жоқ. Көгілдір от жоқ. Жоқ. Жоқ. Жоқ. Көп қабатты үйдің  әр қабатынан  ханымдар қазан-аяғын қамдап, жерге арқаланып түсіп, құрылған жер ошаққа от жағып, қазанын асып, оның астына бұтақ сындырып от жағып, піскен асты қайта көтеріп, жоғары қабаттағы пәтеріне белі майыса күйелештене көтеріліп бара жатқанын талай көрдік. Әйелдер ыстық қауметін солай  дайындайтын. Бұрынғы әкімдер Шымкенттей қаланы  қап-қараңғы тас қалаға айналдырып қалдырған. Іскер басшы  ілкімді іс-қимылынан, іскер ұйымдастыруынан соң  біртіндеп жоқ нәрселер пайда бола бастады. Өлі қалаларға жан кірді. Жұртшылық жүзіне қан жүгірді. Өнер адамының қадірін білетін Бердібек Сапарбаев облыс театрларының басын қосып көркемдік кеңес құрып, Райымбек Сейтметовты көркемдік кеңес жетекшісі етіп сайлады. Облыстың күллі театры тағдырына араласып, Райымбек аға бағыт-бағдар беріп отыруға тиісті. Бірақ Рекең қиналып зорға келісті. Өйткені оның бар арманы – Түркістаннан театр ашу еді. Облыс орталығына көп келмей, Түркістан – Кентаулатып шәкірттерін тәрбиелеп, кафедра қабырғасын кеңейтуге барын салғанды хош көретін.

1999 жылы Түркістаннан театр ашу туралы Президент жарлығы шықты. Түркістан теміржол мәдениет үйі музыкалық-драма театры болып қайта жасақталды. Қала әкімі Өмірзақ Әметұлы театрға жағдай жасау мақсатында өнер ғимараты іргесінен “Актерлер үйін” салдырды. Театр ісі Түркістанда жүріп берді. (Ол жылдары “Актерлер үйін”салу үлкен ерлікті қажет ететін еді. Қ.Е)

Райымбек Сейтметов Түркістанда ынтымақ тапқан бір азамат, Түркия Республикасы қоғам және мемлекет қайраткері Намық Кемал Зейбек болды. Бауырлас Түркияда Мәдениет министрі болып қызмет атқарған ол Райымбек Сейтметовтің жанын терең түсінді. Ол  күллі түрік жұрағаты ең болмаса рухани бірлікке қашан қол жеткізеді?-деп армандаумен жүрген романтик жан. Ал Райымбек аға ойлап жүрген театр-ол да түрік халықтарына ортақ  өнер ошағы болу үшін ойластырылған. Қанаттас, замандас екі азаматтың өзара достық бейіл табуы арманы-асқарлас, ойы орайлас, кісілік болмысы  қабилас шыққандықтан!

Р.Сейтметов Шекспирден тартып әлемдік классиканы қазақ драматургтері туындыларына ұштастыра Түркістан тетрында көп спектакль қойды. Еркінше қимылдады. Вахабзаденің “Көк түріктер” пьесасы бойынша қойылған спектакльді Елбасы Н.Ә.Назарбаев та тамашалады. Елбасы көңілінде Түркістан театры ертеңіне деген нық сенім ұялаған шығар. К.Зейбек қазақша ойналымын бір тамашалап, оны түрік тілінде ойнау жөнінде ұсыныс айтты. Рекең ұсынысты көктен сұрағаны жерден табылғандай қуана қабылдады. Спектакль түрікше ойналды. Театр труппасы – халықаралық қазақ-түрік университеті түлектері болғандықтан түрік тілін  жақсы біледі. Өз еліне ықпалды Намық Кемал Зейбек театр труппасын Түркияға гастрольге шақырды. Жас театр жылда жаз айларында Түркия Республикасына гастрольдік сапармен барып, өнер көрсетіп, бауырлас ел ықыласына бөленіп қайтатын. Жалпы, бауырлас елдердің ішінен Қазақстан Республикасының жан-жақты даму үдерісіне қызғанышсыз қарайтын ел – Түркия Республикасы! Сондай ел майталман өнер шебері Райымбек Сейтметов бастаған театрдың түрік тілінде ойналатын спектакльдерін көріп, тіпті риясыз ықылас білдіріп жатар еді. Жас еліміздің даңқын жасамыс режиссер осылай сырт елде асқақтатты. Түркістанда түбі бір түрік халқына ортақ театр жасасам деген арманына жақындап келе жатты. Өзі де Сейтметов екенін ұмытып түбегейлі “Түркістани” болып алды.

Бір шаңырақтың астында қызмет еткен соң әңгімелесіп жүрдік. Кейде ойласар ортақ  мәселелер болады. Сонда байқағаным – Рекең романтикалық рухта қалыптасқан  жаны нәзік, кейде тіпті көңілшек жан екен. Режиссер әдетте диктатор болуға тиісті еді. Райымбек Түркістани кеше алдынан білім алған студент, бүгінгі труппалас-әріптес актерларды жанындай жақсы көреді. Кесіп айтып, айтқанын бұлжытпай орындату орнына, идеямен жұмсайды. Айрықша зер салатыны-тіл. Тілін жұтқан актерді кешіре алмайды. Қазақ тілі қасиеті! Оны дұрыс тұтынбау-қорлау! Райымбек актерлері сахнадан саңқылдағанда орны бөлек. Әрине, жөнді-жөнсіз саңқылдамас. Онда құрғақ айқайға айналып кетеді ғой. Олай емес. Кейіпкер табиғатына, роль жағдайына – жан-дүниесіне қарай құйылтар, құйқылжытар. Бірақ қазақ сөзін қастерлеу – Райымбек Түркістанидың шәкірттері санасына бұлжытпай сіңірген, орындалмай қалса кешпес, кешірмес берік ұстанымы! Сонымен қатар, Райымбек аға – романтик екен. Романтик болғанда да максималист. Бар арманы келешекте – Түркістаннан түрік республикалары режиссерлері келіп, қос қатар спектакль қойып жататын көп профильді театр ашу. Осы идеясын жарғақ құлағы жастыққа тимей айтумен жүрді. Әкімнің бәрі бірдей өнерді түсіне ме, өнерге жағдай жасай ма? Оның үстіне оңтүстікте азаматтар уәде беріп, шығарып салуға шебер-ақ. Өмірінің соңғы сәттерінде қала әкімінен қайран болмасын білді ме, әйтеуір облыстың сол кездегі әкімі – Болат Жылқышиевке осындай түрік халықтарына ортақ театр ашу мәселесімен қайта-қайта барғыштады. Облыс басшысынан «Театр саламыз»- деген уәдесін алған және оған  шүбәсіз сенген Рекең қуанышында шек болмады. Ұзамай Болат Жылқышиевке басқа қызметке ауысып кетті. Райымбек Сейтметов жүдеп жүрді. Арманы аяқсыз қалардай қатты уайым шекті. Енді,  міне Райымбек Сейтметов те бақилық болып кетті. Түркістаннан  түрік дүниесіне ортақ бірорталықты кешенді театр салу идеясы аяқсыз қалып  қоймаса  болғаны!…

Бірде Райымбек ағаға:

-Жорналистика бөлімінің жоғарғы курсы студентінің бірін белгілейін. Ол сұрақ жинақтасын. Сіз баласынбай байсалды жауап беріп отырсаңыз. Ол тәжірибе ұштар еді. Сіз үшін, ең бастысы ертеңге  өнерлік өнегеңіз қалар еді – дедім.

Ол келіскендей болды.

Бірақ, уақыт таппады.

Рекең көңілжықпастау режиссер болды-ау деп ойлаймын кейде. Маған да пьеса жазып көрсең қайтеді? – дегені бар.

Нағашым бірде мені белгілі өнер жебеушісі-меценат Мұхтар Құл-Мұхамедке ертіп барды. “Атамұра” баспасы өнерпаз тағдырынан “Шығармашылық ғұмырбаян” сериясы бойынша кітап шығаруды жоспарлапты. Шамасы орыс тіліндегі “Жизнь в искусстве” сериясының молжалды, кеңейтілген түрі. Серия бойынша Сәбит Оразбаев кітабы өндірісте, кезек Райымбек Сейтметовке жеткен. Жұмысы басынан асып жатқан Рекең ақы-пұлсыз тегін шығарып берейін деген кітап материалдарын әлі жинақтап бермеген. Сол жайларды айтып Мұхтар Райымбек ағаны ұялтады.

-Жақында тапсырамын Мұхтар!- деп Рекең уәдесін беріп шықты.

Кабинет жақтаулары толы – өзімізде туса да өзекке тепкендей етіп сырттатып жіберген қылқалам шебері Орал Таңсықбаевтың бейнелеу өнері саласындағы картиналары. Түпнұсқа. Үшеуара әңгімеде Рекең бейнелеу өнері жайында көсілсін. Мұқтарды білмеймін, өз басым таң қалдым. Шын режиссер солай болса керек-ті-дедім іштей сүйсініп.

Райымбек Сейтметов — өте сауатты азамат еді. Өнер жайлы білімі ересен. Онымен өнер жайында әңгімелесудің өзі бір бақыт еді. Өнерді айтамыз-ау, археологияны жанындай жақсы көруші еді. Онда ғажайып шығыстанушы, археолог В.Бартольд шығармаларының тоғыз томдығы болатын. «Москвада режиссерлік курста оқыған кезде қолыма түсірген едім»- дейтін. Бартольд шығармаларын  кітапқа  айырбастап дегендей ептеп-септеп есебін тауып алу ойымда болды. Өйткені, менде Бартольд томдықтары түгел емес-ті. Нағашым қаттылық жасады.

  • Жиендік жасап ұрлап алсаң амалым жоқ. Әйтпесе, өзіме керек!-деп кесіп айтты.

Кітап ұрлап жаманатқа қайдан қалайын?!

Кітап 2003 жылы жарық көрді. Р.Сейтметов кітабын: “Қадірлі інім, өнер мен әдебиеттің білгірі, жанашыр азамат, Құлбекке!

Ізгі ниетпен ағасы Райымбек Сейтмет Түркістанидан. 13.09.03” – деп қолтаңба жазып сыйлаған еді, жарықтық. Кейін Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов — өнерде де, өмірде де бір-біріне адал болған замандас, қанаттас, өздері өрелес, таланттары өрістес  осы екі дос жайындағы қос кітаптың басын қосып толымды мақала жазып, бір баспасөзге жолдаған едім.

Хабар-ошарсыз кетті. Жол-жөнкей еске түсіп отырған жайлар.

Соңғы жылдары “Актерлер үйінен” жағдай кетті. Қыстың күндері Рекең “тонған торғайдай” бүрсең қағып, мұздыаяқ болып  жүрді. Жағдайын көріп, іштей біліп түсінген университет Президенті Серік Пірәлиев Рекеңді дереу жағдайы бар коттеджге қоныс аудартты. Түркістанда ауыз су да шешімін таппаған мәселе. Соны ойлана келе “ең болмаса таза су ішіп отырмақ” болып университет қалашығы ішінен жер белгілеп үй сала бастады. Обалы не, Қызылорда облысының әкімі (бүгінгі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі) Мұхтар Құл-Мұхамед қадіріне жетіп, кірпіш жеткізіп берді. Алдында “Режиссер, актер Райымбек Сейтметов” (Атамұра 2003) аталатын кітабын да жақсылап баспадан шығарып берген осы Мұхтар Құл-Мұхамед! Бұл Райымбектей өнерпаз тұлғаның жағдайын, біздің қоғамдағы ролін терең түсінгендіктен туған қамқорлық қой. Әйтпесе, өнер жолында жанын пида етіп жүрген Райымбек ағада үй салар не күй бар? Мұхтардың таным-түсінігіне, кісілік пайымына Райымбек Түркістани осы тұрғыдан риза болады! Алдында қала әкімі Әли Бектаев “Сізге қолқабыс жасайық, үй салып берейік”- деп айттымен біраз уақытын алдырды. Рекеңмен бірге жер алып, үй салушылар біраз жерге жетіп қалды. Рекең қимылы баяу. Кісі жағдайын айтпай түсінетін университет басшысы Серік Пірәлиев бірде маған “Сен білсейші Рекең ағамыз қиналып жүр-ау. Университет тарапынан жәрдем берсек қайтеді?”- деп тапсырма берген. Телефонмен хабарласқанмын. Әңгімелесуге арнайы келді.

  • Жігіттер қызық екен ғой –дейді әдеттегідей нанымпаз қалпы. Мұхтаржан (Құл-Мұхамед. Қ.Е.) уәделі кірпішін жеткізді. Қалатып жатырмын. Мына Әли бір әуп деп жіберсе бітіп қалайын деп тұр. Алда жетпіс жас келе жатыр. Ұятты жиып қойып, жақында алдына кіріп,  берген  уәдесін  есіне салдым.
  • Е, е деймін мен де үміттеніп.
  • Қырт екен. “Тегін іс тез болмайды, Реке?”- деп қылжақтайды.
  • Әй, өзі дегенде айтқыш. “Тегін іс тез болмайды”, ә ?
  • Ей, сен де –деді де

Күлдіргіш, күлегештеу, сөзге ұста,

Иттер көп-ақ қой біздің тұста – деп Абайша аңырата жөнелді.

Ызасын Абай, Қадыр өлеңдерін жатқа оқып, сыртқа шығаратын, сөйтіп жаны тыншитын әдеті еді жарықтықтың. Қиналғанда тағы да Абайға сүйенеді.

Мен университет башысы Серік Пірәлиев қамқорлығын жеткіздім.

Балаша қуанды.

Соңғы  кездесуімізді еске аламын.

Балакөңіл өнер адамын қойсайшы, бұл!

  • Жиен! – деп әдетінше аға болып жайраңдай кіріп келді.- Амансың ба?
  • Шүкір нағашы. Кербез келіншек қойнынан шыққандай жып-жинақы болып қайдан жүрсіз?
  • Алматы бардым. Асанәлі достың тойына қатыстым. Ауырып қалдым. Ауруханадан қашып шықтым. Нинель жеңгең ойбайын салып қалды. Шамасы ауруым серьезный-ау. Келмеске болмады, театрдың облыстағы гастролі. Соны ашып, жөнге салып барып емделмесем.
  • Келер жылы жетпіс. Емделіп алу-жөн шығар. «Ремонт» керек қой, нағашы. Шалдықты мойындағыңыз келмейді, ә?
  • Емделмесем болмайды екен.
  • Емделіңіз.

… Соңғы кездесуіміз. Соңғы сұхбатымыз осы.

Бір күн, әлде екі күн өтті ме, інісі Кәрімбектен “Көкем реанимацияға түсіп қалды”- деген суыт хабар естідім.

Жамандық ойламайсың. Сонда да жедел бардық. Білдік. Дәрігерлермен сөйлестік. Жағдайы ауыр екен. Танауында тыныс трубкасы. Ессіз, түссіз. Алматыдан Нинель жеңгей, Азат, Жәннат келді.

Қоңыр күз. Досы-Намық Кемал Зейбек Түркістанда еді. Хабарладым.  Абзал адам, шынайы азамат жедел жетті. Далада жаңбыр сіркіреп тұр. Намық Кемал Зейбек екеуіміз ішке кірдік. Досының қолын сүйіп амандасты. Бірақ, оны Рекең білген жоқ. Бәлкім сезген болуы…

  • Түркияға алып кете аламыз ба?
  • Жоқ. Түркие түгілі Шымкентке апаруға жарамайды-деп отыр дәрігерлер.
  • Күллі түрік дүниесіне керек адам еді-деді Намық Кемал Зейбек ауыр күрсініп.

Рекеңді ең соңғы көруіміз…

Түркістанға Әбіш Кекілбайұлы, Қадыр Мырзәлі, Фариза Оңғарсынқызы, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Әшірбек Сығай Райымбек Сейтметовтің шақырумен келетін. Райымбек досы үшін келетіндей көрінетін олар. Енді, келмес пе екен?

Түркістанды Райымбек Сейтметовтей сүйген кісі болған жоқ шығар деп ойлаймын кейде. Райымбек Сейтметовсыз Түркістан қаңырап босап қалғандай көрінеді кейде.

Қайран  қазақтың өренжүйрік өнерпазы!

Сен жоқ болғаныңмен Түркістанда ізің сайрап жатыр. Іздің үлкені-өзіңіз  ірге тасын қалаған театрыңыз шығар! Теріңіз сіңген театр ертелі кеш атыңызға көшеріне күмәніміз жоқ. “Актерлер үйіндегі” пәтерің – иісің сіңген, тәнің  ақтық сапарға шыққан жер ретінде музейіңе айналар!…

Елміз ғой.

Ел мәдениетсіз бола ма?

P.S. Атақты өнерпаздың 70 жылдық мерейтойы республикада аталмай қалды. Өзі жоқтың – көзі жоқ… Мәдениет министрлігіне не болған? Қаланың пысық жігіттері Райымбек Түркістанидың басын көтерген болды.

…Түркістани ескерткішіне жасқана көз тастаймын. Сахналық форма шешімін тапқан. Тек өнерпаздың өз мүсінін қажет етеді екен. Дұрыс-ау. Егер де жылға жетпей кесенесінен су өтіп, ескерткішінің жұлым-жұлымы шықпаса. Ильһам есімді сәулетші жүзіне сұраулы кейіппен қараймын. «Ескерткіш аяқталған жоқ- дейді ол, — Ортада жүрген жігіттер 350мың теңгемізді бермей кетті. Ол суағардың ақшасы еді. Суағар жасалмаған соң су ескерткішке сіңіп тоздырып тұр…» Мен жағамды ұстаймын.

25.05.2017ж.

Түркістан қаласы, Құлбек Ергөбек

 

Ілмектер
Back to top button
Close
Close