ТаңдаулыТүркі жұртында

МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ — ЖЕКЕ СЕКТОРҒА ТАҒЫ БІР ҚОЛДАУЫ

 

Республика көлемінде күн санап демографияның өсіп келе жатқаны әмбеге аян. Бұл өз кезегінде түрлі әлеуметтік жобаларға сұраныс тудырып отыр. Мектеп мекемелерінің жетіспеушілігінен оқушылардың үш ауысымда оқып жүргені, мектептен кейінгі білім беру орындарында жатақхананың тапшылығы секілді біршама қиыншылықтың бары – халық санының өсуінің нәтижесі. Мемлекеттің «Балапан» бағдарламасы арқылы мектепке дейінгі балалардың жағдайы біршама реттелді. Ендігі кезекте мектептің санын көбейту көзделіп отыр. Оқушы орындарының тапшылығын азайту бойынша қалыптасқан проблеманы шешу жеке меншік мектептердің белсенді құрылысы болуы мүмкін.

Жеке секторды тарту үшін жеке меншік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру құқығы заңнамалық деңгейде бекітілген. Бірақ жаңа жеке меншік мектептерді салу кезінде талаптар төмендейді, осыған байланысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл да болса кәсіпкерлерге тиімді ұсыныс.

Ағымдағы жылға жаңадан іске қосылатын жеке мектептер үшін норматив – 478,1 мың теңгені (жұмыс істеп тұрған жеке мектептер үшін операциялық шығыстар нормативі (235,7 мың теңге) + ғимараттардың амортизациясына жұмсалатын шығыстар (242,4 мың теңге) құрайды. Осылайша мемлекет жеке инвесторға жаңа мектеп салу шығындарын өтейді. Және бұл 8 жыл бойы ұдайы жүретін төлемдер.

Бұдан басқа, инвесторда баланың мектепте болуына жақсартылған жағдай жасалғаны үшін ата-аналар ақысын алу құқығы қалады. Бәсекеге қабілетті жеткіншектерді оқытып-тәрбиелеуге ата-ананың да құлықты екендігін ескерген жөн.

Ал студенттік жатақханалардың тапшылығы әсіресе ірі қалалар мен облыс орталықтарында анық байқалуда. Бүгінгі таңда елімізде студенттер үшін 90 мыңнан астам орын-жайды енгізу қажет. Кәсіпкерлер үшін мұнда да қомақты қаржылай жәрдемдер көзделіп отыр. Мұнда да мемлекеттің қаржылық қатысуын атап өткім келеді. Мәселен, нысан пайдалануға енгізілгеннен кейін мемлекет тарапынан 8 жыл бойы мемлекеттік тапсырысты орналасатыру жолымен ақша төлемдері жүргізілетін болады. Төлемдердің мөлшері пайдалануға енгізілген және білім алушы нақты орналасқан орын-жайлар санына байланысты. Жыл сайын әр орын-жай үшін жаңа жатақхана салынған жағдайда – 122 АЕК, ғимаратты (мейрамхана, тойхана, қонақ үй т.т.) жатақхана етіп реконструкциялау жасалған жағдайда 47 АЕК төленеді.

Студент төлейтін ай сайынғы тұру ақысы мемлекет тапсырысының құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхананың меншік иесі реттейді және ол нақты өңірдегі тұрғын үй нарығының шарттарымен анықталады.

Сонымен бірге, тұрмыстық қызметтерді көрсету үшін коммерциялық алаңдар жасау да кәсіпкер пайдасы үшін жасалып отыр (шаштараз, кафетерий, кір жуатын орын т.б.).

Жалпы өңірлердегі жаңашыл кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып, елдің ертеңі үшін де еңбек етуіне жасалған мүмкіндік деп түсінген дұрыс. Шарттың 3 жақты (Білім және ғылым министрлігі, «Қаржы Орталығы» АҚ, және жеке кәсіпкер) жасалуы да күмәнді сейілтері анық. Себебі барлығы да ашықтықты алға тартып отыр.

Халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ директоры Алимжанов Біржан Нұржанұлы бастаған топ Түркістан қаласында арнайы брифинг және кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді. Талалаева Ирина Михайловна («Қаржы орталығы» АҚ директор орынбасары), Әлбиева Балжан Шойынқарақызы, Сатыбалдин Алпамыс Айдарұлы (орталықтың сарапшылары) баяндама жасады.

Ел игілігі үшін ойластырылған осынау тетіктің ертерек іске асуына бұқаралық ақпарат құралдары да оң көзқараста. Істеріңізге сәттілік тілеп, түйткілді мәселелер шешіле берсін дегіміз келеді.

 

 

Түркістан облысының адами әлеуетті

дамыту басқармасының баспасөз

хатшысы А.С.Оспанов.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close