Сахна сөзТаңдаулы

СЕЙТМЕТОВТІҢ ШӘКІРТІ

 

Қазақ драма өнері кеш туып, ерте дамыған синкретті өнер саласы. Бүгінгі қазақ театр өнерінің дамуына зор үлес қосып, шәкірт тәрбиелеп әрі шығармашылық ұжымға жетекшілік етіп жүрген Ержан Исатаев көпке белгілі актер, өнер майталманы. Өнерімен, шығармашылық қызметімен жұртының мақтанына, ұлтының ұлысына айналған көшелі азамат.

Сегіз қырлы Ержан Ибадуллаұлы 1979 жылы маусымның 1 жұлдызында киелі Түркістан жеріндегі Қарашық ауылында дүние есігін ашқан. Бүгін, міне, ел-жұртымен абыройлы қалыпты, парасаттылық биігімен  қырықтың қырқасына шығып отыр. Ол қамал алатын жасқа жүгіріп емес, еңбекпен, еңбектеп емес асқақтап жетті. Ұлы Түркістанның даңқын шығарып, қара қазанды қасиетті шаһардың руханиятына елеулі үлес қосқан ардақты есім.

Жастайынан зерек болып өскен ол 1996 жылы Құмтүйін атындағы орта мектепті тамәмдайды. Өнерге деген құлшынысы жас дарынды биік белестерге жетелейді. Туған ауылдың мектеп бітіре салысымен тұтас түркі халқының алтын бесігі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи атындағы Халықаралық Қазақ – Түрік университетінің «Өнер» факультетінің «Актерлық өнер»  мамандығына оқуға қабылданады. Бұнда Ержан Ибадуллаұлы ҚР Халық әртісі, атақты режиссер, профессор Р.Н.Сейтметовтен сабақ алып, ұлы педагогтың шеберханасынан шыңдалады.  2000 жылы оқуды үздік дипломмен аяқтайды.

Еңбек жолын жас актер Түркістан қаласындағы сазды-драма театрынан бастайды. Қасиетті сахнада актерге сан түрлі рөлдерді сомдау бұйырды. Бірде көрермендерді егілтіп жылатса, бірде езулеріне күлкі үйіртті. Мәселен, М. Әуезов «Еңлік-Кебек» – Кеңгірбай; Б.Вахапзаде «Көктүріктер» – Күршад; Т.Нұрмағанбетов «Көке…көкелер» – Жабағы; Қ.Мырзалиев «Әмір – Темір» – Әмір Темір; В.Шекспир «Асауға тұсау» – Винченцио; Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» – Балта; С.Қасымбек «Жанталас» – Наурызбай; Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітова «Беу, қыздар-ай» – Хасен т.б. бұның сыртындағы эпизодтық бейнелері қаншама десеңізші! Бір рөлінде күлдірсе, бір образымен мұңайтқан талантты өнерпаз. Әрбір рөлді сомдау үшін Райымбек ұстазының өнегесі мен тағылымын есіне түсіріп, зор жауапкершілікпен орындаған. Ұлы өнердің тұнығынан қанып ішкен талантты азамат бұл салада жұлдызы жанып, тасы өрге домалады. Қадамы нық, мақсаты айқын болды.

Актерліктің қыр-сырын меңгерген Ержан Ибадуллаұлы бұл жиған-терген білімімен шектелмей, «Өнер магистрі» атанып, шәкірт тәрбиелеу  жолында игілікті іс тындырды. Ол біліктілігі мен білгірлігі арқасында өмір жолында бірнеше жауапты қызметтерді де атқарып келе жатыр. Атап өтсек, 2004 жылы Қожа Ахмет Йасауи атындағы Халықаралық Қазақ – Түрік университетінің «Өнер» факультетінің Актерлық өнер кафедрасына оқытушылық қызметте; 2005 жылдан бастап «Өнер» факультетінің декан орынбасары; 2007-2011 жылдар аралығында Актерлік өнер кафедрасының меңгерушісі; 2011 жылдан бастап осы аталған кафедрада доцент; Түркістан қаласының сазды – драма театры директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарып, көптің көңілінен орын алды. Бүгінгі күні іскер азамат,  шығармашылық тұлға Түркістан қаласының сазды – драма театры директоры қызметін атқарып келеді.

Өнерге адал қызметі үшін Ержан Ибадуллаұлы 2006 жылы ҚР Мәдениет қайраткері атанды. Көптеген театр фестивалдерінің жүлдегері де болды. Өзі ғана емес, шәкірттері де, театр труппасы да биік өнер мұраты жолында алға озды.

ҚР Халық әртісі Райымбек Сейтметовтің шекпенінен шыққан өнер саңлағы ұлы ұстазының қолтаңбасы қалған ордалы шаһардан бір елі тысқа шықпай, Тұран даласының мәртебесін көтеру, мұқым түркі ұлысының алтын босағасындағы театрдың түтінін түзу, ажарын берекелі қылуға білек сыбана, етек түре қызметке кірісті. «Өсер елдің баласы» деген осы. Туған жұртына қызмет еткен адамның беті жарық, жүзі жылы болмақшы.

Ғылымдағы жолында 1 оқу құралы және 6 ғылыми еңбегі жарыққа шығарды. Өнерде өнегелі қызметімен дараланған актер өмірде де үлгілі азамат. Отбасында екі ұл тәрбиелеп жатқан асқартау әке, иманды жан.

 

Молдабекова Кәмшат Болатқызы,

 Әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button