Қалам-Жүрек

Рамазан – ӘН, Рамазан – СЫР

Жарты ғасырлық биігіне халқына ән шырқап жүріп шықты

Рамазан – ӘН

…«Шалқар» радиосынан жан жүрегіңді тербеп, сусыныңды қандыра салынған әннің соңғы нотасы үн қатқан кезде, жан-дүниеңде қас-қағым алау шашқан қоңырау дауыстың соңғы сылдыры үздіге шыққанда, дом­быра­ның шанағынан соңғы сыр арқалаған саз тамып түскенде, елсізде отырғандай, қарлыға да елжірей үн қатыппын: «Айналайын, Ра­мазан-ай, алтын дауысың да алтын, басың да аман болса екен!».
УАҚЫТПЕН ОЙ ТАЛАСТЫРЫП ОТЫР­МЫН: кезінде Ақан, Біржан, Әсеттерді, өзге де халқымыздың сал-сері, әнші-күйшілерін қа­зақ мейірі қанғанша тыңдады ма екен? Жа­лықпады ма екен?
ЗАМАНМЕН СӨЗ ЖАРЫСТЫРЫП ОТЫР­МЫН: олардан берідегі қол жетіп, көзін көріп, дауысын естіген Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, өзге де күміс көмей, алтын саусақ аға-апалары­мыздың өнерінен көкірегі ояу, көзі ашық қандаста­рымыз мейірі қанғанша сусындай алды ма екен? Әлде, тиіп-қашып тыңдады ма?
ҒАСЫРМЕН ҚИМАЙ ҚОШТАСЫП ОТЫРМЫН: салмағы ауыр болған ХХ ғасырдың шымылдығы жабылар тұс – қазаққа Жәнібек пен Қайраттай қос әншіні құрдас-замандас етіп беріп, олардың кәусардай әндерін бал орнына жұтып жүріп өткізген қимас кезеңдер екен-ау өзі?! Қайтейін, ол заман да қолын бір-ақ бұлғады. Жәнібек, Қайраттарды күні-түні тыңдасам, жалыққанның орнына жалындап тұрушы едім өмірге деп бүгін кім­дерді сендірейін?! Олардан жалығу – өмірден жеріну мағынасын бермеуші ме еді?..
БҮГІНМЕН СЫРЛАСЫП ОТЫРМЫН: бү­кіл қазақ даласы әнге бөленіп, күймен тер­беліп тұратын ол кезеңдер келмеске кет­ті-ау… Кешелергі Жүсекең, Манекең, Ғаре­кең­дер алшаң басқан кезең түгілі, Жәнібек, Қайраттар тынбай ән салған сол жылдар қазақ қоғамына бүгінде ертегідей көрінбей ме? Ел болса ертеңіне өз ән-күйінсіз жете ал­мас, әйтсе де заманмен ілесе келген шексіз тар­сыл-гүрсіл, жөнді-жөнсіз жаңғырық, ын­да­ны кеуіп ышқыну, қылбұрау салғандай шыңғыру, сілкініп жатқан жер үстінде билегендей жөн-ретсіз аспанға секірулер – қаза­ғымның қазына әндерін естігенде, баяу шоққа ұстаған қорғасындай еріп тұрар жанымызды, астындағы ыдысын аударғандай, төгіп-шашып жатқанын сезіну, сол сезі­нуден шошынуға әкеліп соғып жатқанын кімге айтамыз, кімнен көмек сұраймыз?! Ертеңді білмеймін, бүгін бұл азаптан құт­қарса, соңы­на Еркін, Дәуренбек, Тілеулес, Ерландарды және бір топ шәкірттерін ертіп, ән сала жорт­қан Рамазан ғана құтқарар. Иә, Рамазан, әнші Рамазан, қазына кеуде, қоңырау дауысты Рамазан Стамғазиев!
…Рамазанды атауым мұң екен, сәтінде сағындым. Кезінде қазақ даласын жайлаған ата-бабаларымыз ұлы әншілерін жиі са­ғы­нып, не шақырып келтіріп, не өздері барып тыңдаған шығар-ау. Рамазан Алатаудың баурайында тұрады. Біз болсақ қартайғанда ме­кен ауыстырып, Сарыарқаның төріндегі Астанаға кеттік. Тартып кететін ат та ерт­теулі емес… Келе ғой деуге заманның күйсеуі басқа… Қайран, Ыбырай атам-ай, сол за­ман­да-ақ білген екен ғой, бүгін не болатынын – «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған!» деп жазғанда. Дереу бүгінгінің сен үшін барып, сен үшін сөйлесетін құралын іске қостым да сәлемнен соң сырласуға кіріс­тім. Ал кіммен не жайлы сырласып отырға­ным­ды ұмытпау үшін – әндерін тыңдамай күн өткізбейтін мақсатпен жинаған ала­қан­дай-алақандай ғана ән табақтарын ком­пью­тердің жанына жиып қойдым.
Дереу сыр суыртпақтауымның беташары сым­сыз телефон арқылы бар ғаламды көктей өтіп, Алматыға асықты.
– Рамазанжан, екеуміз қалай танысып едік осы?
– Ой, Несаға, әлгі Сіз «Намыс» ұлттық фут­бол клубын құрып, соның тіршілігімен ел аралап зыр жүгіріп жүргенде Тал­дықор­ға­­нға апарып «Намыстың» балаларын ойнат­пақ болып, әнші-күйші де футбол ойнайтын­дай, бір топ өнерпазды ала кеттіңіз емес пе? Мен, Сәуле Жанпейісова, «Тамаша» ойын-сауық отауының тобындағы Мейірман, Райыс, Тоқсын ағалар…
– Ә, есіме түсті! «Намысқа» қолдау іздеп жүр­ген кез. Менің де шығармайтыным жоқ, ұлт­тық футбол клубына ұлттық өнер егіз деп елге жар салып жүрген жылдар екен ғой. Осы Жәнібек, Қайраттар бұл сапарға өздері бара алмайтын болған соң сені ұсынған. Оларға сол үшін де рахмет!
– … Сол жолы алғаш кездескенде-ақ жол бойы Жәнібек Кәрменов аға жайлы тынбай әңгіме қылдыңыз. Сіздің Жәнібекке деген құрметіңізден алыста тұрып-ақ мен де жылынып жүретінмін. Содан арамыз суыған жоқ. Мен «Жерұйық» мейрамханасында ән­ші боп жүргенде сіз күн құрғатпай келіп, ән тыңдайтынсыз… Сосын, Несаға, Мұстафа Өзтүрік достарымен шаңырағыңызға қонақ­қа келіп, мені шақырып, ән салғызып едіңіз ғой. Мұстафа ағамен тұңғыш таныстығым сіз­дің үйде өтті. Ол кезде Мұстафа ағаның дүріл­деп тұрған кезі. Кеш бойы бірге отырып, ән салдым. Қазақтың халық әндерін есті­генде Мұстафа ағаның, оның достарының солқылдап тұрып жылағаны әлі күнге көз ал­дымда. Туған елін, туған тілін сағынудың ай­ғағы сондай-ақ болар, аға! Сол жолы Жә­нібек Кәрменовтен өзіңіздің қол магни­то­фонға сұрақ қоя отырып, жазып алған небір әндерді тыңдаттыңыз. Қандай ғажап әндер, қандай тұщымды әңгімелер еді! Менің ол жаз­балардан үйрегенім ұшан-теңіз, аға. Кейін­нен сіз сол жазбаларды толықтай «Әкем­нің қамшысы» деген әдеби жина­ғыңыз­да жарияладыңыз.
– Өй, өркенің өссін, Рамазан! Біздің жа­ды­мызда сарғая бастаған оқиғаларды бүгін болғандай баяндап отырғаныңнан садағаң кетейін!.. Жарайды, біз жасы келіп қалған адам­дар кешегімді айта түссе деп отырамыз. Жетер. Енді саған ауысайық. Өзің де дәп осылай Рамазан әнші боп туа салмаған шығарсың: тұқымыңда ата-баба, ата-ана ара­сында әу дейтіндер болған шығар? Со­лардың дәні шығарсың. Ал кейіннен «Осы сары бала ән айтып кетеді-ау» деп алғаш байқағандар кімдер еді?
– Па, шіркін, құрықты құлаштап лақ­тырдыңыз ғой, Несаға! Айтайын. Арғы аталарымызда Бейсенбай деген үлкен қария болған екен. Ауыл еліне сыйлы, әңгімешіл, отыр­ған жерін үйіріп әкететін, білетін жұрты сағына күтіп, қимай қоштасатын ақсақал болса керек. Бейсенбай атамыз мінген атын өзі ерттеп, өзі тарап, өзі мәпелеп күтетін жан екен. Тіпті, салынған төсегін қайта бұзып салғызып, тамағын да талғап ішетін адам болыпты. Домбырасы өле-өлгенше қолынан түспей кетіпті деп отыратын ауылдағы қа­рия­лар. Өз әкем Өмірәлі де бір кісідей домбыра тартып, сауық құрған адам. Мен домбыра тартуды әкемнен үйрендім. Әкеміз ал­бан руының ішінде сары болса, анамыз Ұлдахан албанның алжанынан. Таратып айт­сам, кешегі Мұқағали Мақатаев, бүгінгі Нұрлан Оразалин ағалардың туыстары. Анамыз отырған жерінде өз жанынан сөз құрап, оны кез келген әнге қосып, шырқай беретін-ді. Ауылда шешемді тойға арнайы ша­қыртып, өтініп, той бастатып отырғанын талай көрдім. Өйткені, албанның тойын алжан бастайды емес пе… Әкемнің анасы Әйім­хан әже де әңгімешіл, оң-солын кең та­ныған білгір адам болатын. Шежіре тар­қатып, санамызға талай тарихты құйды-ақ Әйімхан әжеміз. Маған көп нәрсені сол әжем үйретті. Өзі бертінде, мен оныншы класта оқып жүрген 1984 жылы өтті өмірден. Аға, ән­шілік, жалпы өнер атаулы тек тұқым қуа­лайды десек қате де бола ма, маған, менің ән­ші болуыма туған ауыл, қоршаған ортаның еткен әсері де мол болды. Біздің Кеген ау­данындағы кішкене ғана «Көкпияз» атты ауы­лымыздан аудан, облыс көлеміне танымал болған әншілер шықты. Әлі есімде, біз­дің Темірболат Қасымов ағамыз Кәкімбек ата­мыздың «Жез киік» әнін Қазақ радиосы ар­қылы шырқағанда, бүкіл ауылымызбен жалғыз радионың жанынан табылатынбыз. Шешесі сауыншы болатын, елі еркелетіп Бөкеш атап кеткен сол Темірболат ағамыз сүт тиеген арба-шанасымен қырқаны жаңғыртып ән салып, ауыл үстінен үш мезгіл өткенде, үлкендер жағы сағатқа қарамай-ақ «өй, түс мезгілі болды, ойбу, бесін намазы өтіп бара­ды!» деп күн мезгілін біліп отыратын. Те­мірболат ағамыз ауылымыздың жеке дауыстағы әншісі, өз аяғымен жүретін сағат еді. Талай жыл Талдықорғандағы филармонияда ән салып, ауылға келіп дүниеден өтті. Менің ол кісіге қызығуым қандай еді, аға?! Сол филармонияда әнші болған Оразбай Мұхамедиев ағамыз, Әлібек әнші, Нүрәлім күйші ағаларымыз бала күнімізде өз өнер­лерімен көзімізді шарадай жандырды-ақ қой. Тікелей әнші болуға тәрбиелегендер мектептегі ұстазымыз Ермек Құрманғалиев, Ермек аға көп ән үйретті. Аудандық, об­лыс­тық байқауларға тынбай өзі дайындады. Ең алғаш республикалық «Өнерге қанат қақ­қандар!» деген байқауда бас жүлде алға­нымда еңбек осы Ермек ағанікі болатын. Ол кезде мен алтыншы класта ғана оқитынмын. Бүгін өнер өлкесінде тырнақтай табысым болса, оларға қоса, Бексырға Данышпанов пен Аманкелді Бұқабаев ағаларымды риза­лықпен есіме аламын. Өнер байқауларының көбісіне осы ағаларымның қамқорлығымен бардым. Бексырға ағамыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы еді. Жиналыс, жиын-тойларда ән салғанымды көріп қа­лып, ауданға жиі шақыртатын, облыстық концерттерге ұсынатын, ақыры Алматыға оқуға жіберген де сол ағамыз.
– Қапез аталарыңды айтпадың ғой, Рамазанжан?
– О, Қапез Байғабылов атамыз біздің ал­бан-сары руының ғана емес, өткен ғасыр басындағы халқымыздың ұлтжанды, өнерпаз жандарының бірі болған. Ол кісі бұрынғы Кеген ауданының «Тоғызбұлақ» ауылында туып-өскен. Сонау Ыстамбұлда оқыған, одан елге келіп, өз күшімен мектеп соғып, қазақ жас­тарын оқытқан, білімнің білте шамын жақ­қан жан. Өкінішке қарай, 1937 жылы со­лақай саясат салдарынан халық жауы ата­нып, ұсталып, 1939 жылы Коми АССР-інің Ухта қаласында атылған. Ғажап сазгер, керемет әнші болған екен. Ел ішінде біраз әні қалыпты.
– Зерттелді ме, сол Қапез аталарыңыз?
– Иә, 1988-89 жылдары журналист Са­ғатбек Медеубекұлы ағамыз бастаған біраз аза­маттар, ішінде Базарәлі Мүптекеев, Ға­лым­жан Досанұлы бар, ала-жаздай ел-ішін аралап, сұрастырып, тапқандарын таспаға түсіріп, біраз дүние жинап әкелді. Келісімен-ақ Сағатбек ағамыз шаңырағына жинап, тапқан дүниелерін ортаға салды. Шалдыбай, Рыскелді, Көдек, Қапез аталарымызға байланысты көп нәрсе табылыпты. Мен сол жолы Қапез атамыздың ел ішінен табылды де­ген төрт әнін үйреніп, эфирге экранға шы­ғардым. Алғашқы орындаушысы мен болған әндердің бағыты – сол замандағы тұрмыс қасіреті, аш-жалаңаш қалған ел-жұрттың зары, торығу, қоштасу сарындарына толы әндер, өз тағдырының тарау-тарау жолдары. Мысалы… Мынау Қапез атаның «Қоштасу» әні, аға!
…Рамазанның өзі арнайы жазып, жолдаған алақандай шелпек-табақтардың бірін компьютер ұңғысына баяу итердім. Жан-дүниеңді тарыдай қуырған қобыз сарынды қайғылы саз отырған бөлмемді ащы иіс судай жайлап алды да, іле Рамазанның осының бәрін көкірегіне сыйғызған дауысы сорғалай жөнелді:
«Алаш қонған ақ боз үй, бос қалды ма?
Жетім-жесір, қасыңда дос қалды ма-ай?!».
Сұмдық сөз! Ғаламат ой арқалаған өлең жолы! Керемет ән бастауы! Сенің ішкі дүниең төңкеріліп түскенінде шаруасы жоқ, Рамазан одан ары сұңқылдатып кете барды:
«Өкінбейін десем де, өзегім бар-ау,
Өтіп кетті-ау дүние қас-қағымда-ай!».
Осы жерде Рамазан дауысын үзіп, кезекті қолындағы домбыраға берді. Домбыра қандай шешен, оны тартқан қол қандай шебер. Оларға осындай құдірет сыйлаған ән мен сөз қандай қасиетті:
«Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе?!
Халқым деген Қапезді,
Жау деп ұстап бердің бе?! –
Оу-о-оу!
Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің ән еді!
О-оу-оу-о-о…».
Құдай-ау, неткен құдіретті саз, неткен си­қырлы сөз, неткен зарлы тағдыр?! Әрі бұл Қа­пез ата ғана емес, сол кездегі тұтас қазақ қо­ғамының басындағы трагедия еді ғой. Со­ны тар заманның тар жолымен бізге жолдай алған Қапез аталарымыз қандай ғажап тұлға, соны ел арасынан таба алған жоғарыдағы аты аталған азаматтар қандай бағалы, сол әнді пештен жаңа шыққан бөлкедей етіп таратып жатқан Рамазан әнші қандай дархан, дарынды, дара?! Тәубә, тіл көзіміз тасқа!
– Рамазан, өзіңнің әнші болуыңда жаз жай­лаудай, Алатаудай тұғыр болған екі ұста­зың жайлы қашан сұрайды деп елеңдеп-ақ отырған боларсың. Олар сенің ұстазың бол­са, менің замандас-достарым. Жәнібек пен Қайратсыз өз басым қазақтың ән өнерін бү­кіл болмыс-тарихымен көз алдыма келтіре ал­маймын. Сен үшін олар кім десем де қа­телесермін, бәлкім?
– Әрине, Несаға, әрине! Қазақтың ән өне­рінің арғы-бергі тарихын кең даламызға жайып тастап, армансыз сусындасақ, құла­шымыз жететін ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ өнерінің ұлы көшінде менің бұл екі ұстазым ұлы шалдардан соң ұлы топтың жуан ортасында келе жатары анық. Жәнібек ағаның ән­дері мен ақылы маған мәңгілік азық бол­ғаны болған. Жәкеңнің дауысы әлі күнге құлағымда. Жәнібек Кәрменов сықиған мұғалімнен гөрі сыршыл аға еді ғой. Мені іш тартып, жиын-тойға ертіп апаратын, ән сал­ғызатын. Өзі кез келген жиын-тойдың алтын моншағы болатын. Жәкемнен «Бет ашардың» небір көкесін естідім кезінде. Әттең, сол кезде талай «Бет ашар» шумақтары шашылып, орындық үстінде қалды-ау! Бәрін өз қо­лымен ақ қағазға жазып келетін. Сөздері бір-біріне ұқсамайды. Әнін де неше түрлі ма­қамға салып сорғалататын Жәнібек аға. Тойдан соң ол қағаздар сол жайылған жерін­де қалады. Жинап алуға қорқамыз. Кейін зар болатынымызды білдік пе?! Атыма екі-үш ауыз жылы сөз айтып, мені шығарады ән айтуға. Кеше ғана өзі мен Қайрат аға үйреткен әндерді саламын мұрным тершіп тұрып. Ән айтылып болған соң, тойда отырмыз демей, дереу түзетулерін айтып тастайтын Жәнібек аға. Мақтау естіген күндер де болды.
– Пау, менің ойыма мың сан тарих түсіп отыр. Біздің үйдегі жеңгеңнің бетін ашқан да сол Жәнібек қой. Жәкеңмен ән туралы, өнер туралы қанша рет сырластық. Кейіннен жылап отырып жаздым да…
– Білемін ғой, аға. Сіздің «Шырқашы, Жә­нібек!» атты толғауыңызды мың қайтара оқы­ған шығармын.
– Ал сол қос сабаздың ұстаздығына көш, Ра­мазанжан!
– Ең әуелі, Жәнібек және Қайрат ағалар­дан шөл қанғанша сабақ алған мына менде арман жоқ! Сол кезде бізді зорлаған да ешкім жоқ, өзіміз Жәкеңнің сабағы біте бере, Қай­рат ағаның класына, ол кісінің сабағы аяқ­тала бере Жәкеңнің аудиториясына жүгі­ре­тінбіз. Өзім солай болдым, әйтеуір. Ол са­­­бақтарға бармай қалу – ас ішіп, ауа жұт­пағанмен пара-пар еді ғой маған.
Қайрат аға әнді жілікше шағып, ішек-қар­нын аршып, жалықпай үйрететін. Ол кісі үшін ұсақ-түйек дейтін болмайтын. Домбырамен қалай бастау, дауысты қай кезде қосу, қай кезде үзіліс алу, қай кезде шырқатып дауысты қияға ұшыру – бәрін-бәрін тәп­тіштеп талдап беретін. Жәнібек аға әнді үйретіп көп отырмайтын. Алдымен әннің тарихын айтып, зердеңді оятып алатын. Ән орындаушылар жайлы да тарихты молынан жеткізетін. Бір кезде шәкірттердің көзі шарадай жанды-ау деген кезде, «Ал, тың­даң­дар!» деп домбыраны қағып-қағып жіберіп, сол әнді өзі орындап беретін. Білмеймін, мұнан соң әр нота, әр қағыс, әр дауыс толқы­нын жеке-жеке түсіндірмесе де үйреткен әні көкірегіме құйылып қалатын. Қайрат аға да әңгімешіл. Ән тарихы, әншілер, әнші-сазгерлер жайлы білмейтіні жоқ. Бірақ әңгі­меге көп уақыт ұттырмай, тікелей ән үй­ретудің классикалық үлгісін танытатын. Қайрат ағаның әнді домбыра тартып бастауы қандай! Домбыра пернелерінде жүгірген саусақтарына біздің көзіміз ілеспейтін. Шіркін, қалай қағып алсақ деп тамсанып біз отыратынбыз. «Әншінің домбыраға қолы жүйрік болуы керек» деген талап қоятын Қайрат аға. Өзі домбырада виртуоз, сиқырлы ойнайтын. Әннің қиын бір жерлеріне дауысын қосып, қайталап үйрететін. Шабытына мінгендегі айқайынан, студияның ескі терезелерінің әйнектері шашылып түсердей, дірілдеп тұратын… Екеуі де адам тану, әнші сұрыптауға келгенде академиктер еді. Әри­не, әркімге ән тапсыру талғамында өзге­шеліктер болды. Ән айтуда академик, ән үй­ретуде профессор, адам тануда ғұлама ұстаз­дарым ғой олар. …Үй тапсырмасын ж­алықпай сұрап, орындамасақ – күні бойы орындататын. Сондай талап пен өз істеріне, өнерге деген құрметтері шығар, екі аға­йы­мыздан екі жылда қоржын толы ән үйреніп, үлкен сахналарға дайын болдық!
– Па, шіркін, ұстаздарыңа құрметің ән айт­қандай биік межелі, құлақ құрышын қандырардай тәтті екен. Ал ұстаздарыңның ұстаздары – Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтер жайлы жан дүниеңе не жинадың, Рамазан? Сол аталарымыздың ән салған жылдары қазақ дәстүрлі ән өнерінің алтын кезеңі болды-ау осы…
– Ой, аға, бұл аталарымыз ән салған кезде бүкіл қазақ даласы ән айтып тұрғандай болған алтын ғасыр ғой! Ол кезде елдің құлағы ұлттық ән өнерінен өзгеге ашылмайтын, дәстүрлі қазақ әнін қанша тыңдаса жалықпайтын, мынау бүгінгі алашапқын музыка дерті ел ішін жайламаған кезең ғой. Шіркін-ай, сол уақыттарға қайта оралар ма еді?!
…Мен ол аталарымның бірін де көрген жоқпын, аға. Бірақ ауыл радиосынан бала кү­німнен сол аталарымызды тыңдап өстім. Кейін­нен қалаға келген кезде телеарна­лар­дағы жазбаларын көрдім: Жүсіпбек атамыз қазақ ән өнерінің хан сарайындай, Манарбек атамыз бас уәзіріндей, ал Ғарифолла ата­мыз бас қолбасшысындай әсер ететін ма­ған. Кейіннен Манарбек атамыздың «Сайра, бұлбұлын!» айтып та жүрмін. Жүсіпбек ата жайлы Жәнібек ағаның, Қайрат ағаның ағынан жарылған қымбатты естеліктері бүгінге дейін құлақта. Кейіннен Хабиба Еле­бекова апамнан көп естелік естідім, жазған кітабын оқыдым. Үнтаспаларын бір сабақ жіп жібермей тыңдадым. Бұл аталарыма баға беруге менің дәрежем жетпес. Ұлы Мұхтар Әуезовтен артық не айтамыз, аға! Ұлы Ахмет Жұбановқа не қосамыз, аға! Жүсекең жайлы «Әншілердің академигі» деген бағаға не қосуға болады, аға! Манарбек ағаның дауысы, ән айту мәнері менің жаныма жақын. Дауысы қан­дай әуезді ол ағаның. Сезімге бай, әнді өмі­рінің туы етіп ұстаған жан ғой ол. Ал Ға­рифолла ағаның ұнайтын жері – ән айт­қанда жалындап, жанып тұратындығы. Дауыс, екпін, құлшыныс қандай?! Дауысында шек жоқ, тура бір шыңыраудан шелек тартып жатқандай! Өле-өлгенше дауысы қайтпаған әнші! Ғарекеңнің сахнадағы актерлігі де керемет. Тіл тазалығы да сұмдық. Жалықпай үй­рене алсаң бұл үш атамыз да мәңгілік сар­қылмайтын оқулық қой. Олар ғасырлар қой­науынан бізге жеткен дәстүрлі ән өнері­нің алтын көпірлері!
– Жүрек лүпіліңнен айналайын! Бұл ба­ға­ларды естіген соң әңгімеміздің құнарына терең барайын, Рамазан. Сенен асып еш­кімнен сұрамаспын: бүгінгі таңда дәстүрлі қа­зақ әндерінің кезіндегі қазақ компо­зи­торларының әндеріндей боп туа бермеуінің себебі неде деп ойлайсың? Қарап отырсақ, Ақселеу Сейдімбек ағаның екі әні, Жәнібек Кәр­меновтің бір-екі толғауы, сосын Тұрсын­жан Шапайдың бір топ ғажап әндері болмаса, Ақан, Біржан, Әсет секілді ән сүлейлері тарихта болмағандай, сол бір ғажап әндерді солар туғызбағандай тосылып қаласың… Ел болса ер ғана емес, елдің келбеті болар ән туғызбай да тұра алмайды емес пе?!
– Мен де осы сұрақтарға малтығып жүре­мін, Несіп аға. Халық композиторларының әндері сол заманғы өмір жолдарына, сол ке­зеңдегі қоғам дамуына кіндіктері байлана туған әндер ғой. Шығу себептері мен айтылу жолдары, айтушысын таңдауы тағы бар. Ол әндердің ескірмей, бояуы оңбай бізге жетуі­нің өзінде ғаламаттай алтын көпір бар: ол – әнші – ұстаз, шәкірт арасындағы кендір ар­қан­дай үзілмеген байланыс, қабырғасы сөгіл­меген сыйластық, әнге деген махаббат, ән­шіге деген құрмет. Құлтума бабамыз Бір­жанға ұстаз болса, Біржан атамыз тікелей де, әнімен де, әншілігімен де қанша талантқа ұстаз болды кезінде?! Әндері де осы сый­ластық, осы құрметтің арқасында жетті бізге. Сол ұлылардың өз әндерін өздері орындап, ел аралап жүріп насихаттауы, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ән өмірін ұзақ қылуларының жемісін жеп отырғандаймыз бүгін. Әңгіме тек жоғарыда аты аталған үш әнші ата туралы ғана емес, бұл әндері бізге жеткен бүкіл халық композиторларына деген бас июдің белгісі деп қабылдаңыз.
– Тағзымыңнан айналайын, Рамазанжан!
– Өкінішім – мына біздің заманда туып жатқан қазақ әндері құрау-құрау: сөзі жақсы бол­са, әні әлсіз, әні тәуір болса, жеткізіп орын­даушысы аз, әйтеуір бір кем дүние. Дәс­түрлі қазақ әндеріне қалам тербейтін, домбырасын қамшылайтын сазгерлер аз десем, қоғамым ренжімесін. Тұрсынжан Шапай секілді аз да болса сазды әнші шығаратын саз­герлер жоқтың қасы. Бір сұмдығы – сол әндерді түсінетін тыңдаушы қатары да сирек боп барады. Әлгі сіз өлердей ғашық болған «Арман» әні бар ғой Тұрсынжан ағаның, сол ән маған да қатты ұнайды. Әнді жақсы көр­генім сонша бір аптада үйреніп, Қазақ ра­дио­­сынан шырқап, пікірлер күте бастадым. Көпке ұнапты. Алғыс айтқандар мол болды. Бірақ әннің сүйемелдеуіне оркестрдің бір аз дыбысы қосылғаны үшін сынап, рай бермей қойғандар да аз болған жоқ. Уақыт өте келе сол жандар кешірім сұрады. Әннің құдіре­тінен ғой. Нағыз ән тыңдаушысын осылай мойындататын болар.
– Аспанында ән қалықтамаған қоғам да, за­ман да болмаған шығар тарихта. Біздің бү­гін­гі кезеңге көз қиығын тасташы…
– Сіз бен біз бесікке бөлеп отырған дәс­түрлі әндер бүгінде шетқақпай болғалы қашан! Көптеген дәстүрлі әншілердің эстрадаға қосылып ән айта бастауы да, домбыраны сахнаға көрсету үшін ғана ала шығуына да түрткі осы. Жақында ғана ел Пре­зиденті жариялаған РУХАНИ ЖАҢ­ҒЫРУ әңгімесі кеткен есені қайтарып бермесе, еңсе түсіп жүргелі қашан, аға! Бүгінде бүкіл экранды, эфирді шексіз айқай мен тау­сылмайтын тарсыл-гүрсіл жаулап алды. Әлі даусымыз қайтпаған әншіміз ғой, білеміз, кейбір концерттерге бізді ел дәстүрлі ән­шілерді де шақырыпты деп айтуы үшін ғана алғызады. Менің білетінім, дәстүрлі ән өнерінен толық айырылып қалмай тұрғанда эфирді тазалау керек, ол жерде де қазақтың дәстүрлі ән өнерінің үлесін үзіліп кетпей­тіндей етіп беру керек! Бұған арнайы заң шығару да қажет болар. Дәстүрлі ән орындаушыларды тұншықтырмай, ел алдына еселеп шығару керек! Ел арасында қаншама талантты әншілер жүр, оларды ешкім біл­мейді. Экранға, эфирге шығуға орын, ке­зек, яғни мүмкіндік жоқ. Ішің ашиды. Зая кеткен қайран еңбек, қолдаушысы жоқ таланттар, бір рет берілетін адам өмірі… Өнер билі­гіне осыларды жанымен түсінетін бір жан келе ме жоқ па?! Білмеймін, аға, Абай атам кезінде «сөз түзелді…» деп еді, бүгінде сөз де тү­зел­меді, іс те түзелмеді ғой, аға. Бізде не шара, домбырамызды қағып-қағып жіберіп, сол үнге өзіміз тұншығып жүріп жатырмыз…
– Қарс айрылған көкірегіңнің мұң там­шылаған тұсын көріп тұрмын, айналайын! Бірақ бізге баяғы күнге қайта оралу жоқ-ау деп күрсінемін мен де бүгін. Әлгіде ғана кө­регендігіне басымды иген Ыбырай атамның болжауындағы көрген-білгеннен ке­лер кесірді айтайын: бәрі – шексіз даму жолына түскен адамзат қоғамының екпіні мен күн санап ел мен жерді жалмап бара жатқан Жа­һан­данудан! Бүгін ғой кез келген бала мен бойжеткен үйден шықпай-ақ құлағына үн­қағарын киіп алып, әлгі Әмрикаң мен Афри­каңның, Еуропаң мен Аустралияңның дәл­дүр-дәлішін таңдай береді емес пе? Ал бұрын ше? Сонау Алматыдан келетін қос сым те­мірге жалғанған жалғыз радиодан қазақ әні сұңқылдап тұрмаушы ма еді? Соны үлкен де, жас та, қаласын қаламасын, күн сайын тың­даған соң бойына сіңіріп жатпаушы ма еді? Төл өнерімізге құрмет осыдан қалып­тасушы еді десем қателесемін бе? Алдымыз тұман… Бәрі Жаратқанның ісі, оған қарсы тұрып, күнәға батқанымыз жараспас. Тек алдының қайырын берсін деп тілейік, Рамазанжан!

 

Рамазан – СЫР

Әнін елі тыңдаған Рамазанның қазақ әнінің бүгіні мен ертеңі туралы ой-толғамдары бәрімізді ортақ ойласуға шақырғандай

– Ән өнері жайлы жоғарыда салмақты ой тастадың-ау, Рамазан. Соны ел болып құлаққа ілсек қандай ғанибет!
– Айтқан әнімнен де бағалы сырым осы, аға!
– Жарайды, жарайды… Жаңа ғана сен Абайға жүгіндің ғой. Сөз өнерінің аласармас Алатауының өз әндері де, ақындар атасының сөздерінен жан дүниелері еріксіз тербелген сазгерлердің әндері де баршылық. Сенің орын­дауыңда солардың біразын естідім. Есіңде ме, бір кездескенде: «Рамазан, мына әндер де, оларды сенің орындауың да ғажап екен. Абай әндерінен жеке бір концерт бер­сеңші!» дегенім? Жалпы, Абай әндеріне қалай келдің? Не құдірет сені Абай әлеміне жетелеп апарған?
– Сөз құдіреті, ән құдіреті, аға! Абай ән­де­рін бала кезімізде ауылдағы қара табақ ра­диодан еститінбіз. Мектепте оқығанда да Абай ғұламаға онша орала бермеппіз. Оқу бітіріп, Алматыдағы студияға келдім. Қайрат ағаның сабағынан шыға сала Жәнібек ағаның сабағына жүгіреміз. Екеуінен де ештеме қал­дырмай тыңдағымыз келеді. Бір күні Жәнібек аға бәрімізден «Абай жолы» романы жайлы сұрап қалды. Отырған балалардың бәрі жерге қараймыз. Романды талдап айтып беретін бір бала табылмады. Жәкеңнің өзі шығар­ма­ның тереңіне түсіп айта бастады. Сол ро­ман­дағы Ерболдың тұқымы екенін де айта кетті. Бұл әңгіме бірнеше сабақ бойы жалғасты. Онымен қоймай, Абай әндерін орындап, санамызды шайдай ашты. Абай ата жайлы мек­тепте оқығанымыз жайына қалды. Жәнібек аға бізге Абайды қайтадан, жаңаша ашты. Абай өлеңдерін оқуды, әнін тыңдауды қайта қолға алдық. Солай-солай жақындай бердік Абай әндеріне… Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Есбаев ағалар жазған әндерді іздеп тауып, қайта тыңдадым. Кейіннен Тұрсынжан Шапай аға «Абайды сағыну» атты циклмен тамаша әндер жазды. Соның жетеуін орындап, таспаға жаздырдым. Абай ата өлеңіне жазылған С.Мұхамеджанов пен Ә.Есбаев әндерінде де, бүгінгі Т.Шапай әндерінде де осал тұс жоқ. Өміршең, кез келген әншінің тыңғылықты даярлықпен барып қана орындайтын өресі биік әндер. Көбіміздің Абай әндерін орындауға бара бермейтініміз – ғұлама ойшылды терең білмегендіктен. Абай атамыздың сөзіне жазылған жалаң ән жоқ. Абай әндерін қара өлең секілді сөзін ауыстырып айта алмайсың – буыны келмейді. Демек, ол кісі өз заманынан, өз кезеңінен, өз өмірінен алған өлеңдерінің әр жолын, әр шумағын бо­лашаққа аттандырған ат арбаға шегемен ше­гелеп тастаған!
…Алақандай шелпек табақты компьютер кө­мейіне тағы тоғыттым. Жайлы, мұңлы, жұмсақ саз жан-жағымды қоршап, ауа орнына тәтті мелодия жұта бастадым. Дереу оған Рамазанның дауысы қосылды:
«Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол!».
Ғажап! Абайдың сабыры, Абайдың сал­ма­ғы, Абайдың талғамы, Абайдың толғауы! Саз бен сөз! Екеуі мың градус ыстыққа ұстал­ған ерітінділердей жымдасып, тұтасып, ұлы ға­ламға қанат қақты да кетті. Мені де ала кет­ті… Шумақтың соңғы екі жолын даусына жаңа­ғыдан да қою ынтазарлық қосып қай­талады Рамазан:
«…Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол!».
Қайран, Рамазан! Жоқ, қайран, Абай! Шір­кін, Тұрсынжан! Айналайын, Рамазан! Абай атамыздың өзі Тұрсынжан жазған ән ар­қылы Рамазанға «менің сырымды, мұңым­ды, махаббат мұңын қазаққа осылай жеткіз!» деп батасын беріп тұрғандай, шарасыз тол­ғанасың, ән әсерінен жан дүниең астан-кес­тең болады… Рамазан болса Абай ата өсиетіне берік әнші, келесі шумақты бұрынғыдан да ын­талы жүрекпен жалындата жырлайды:
«Көңілімнің рақаты сен болған соң,..
Жасырынбан нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!».
Ән басталарда ұшып шыққан алғашқы саз-дыбыс домбыра шанағына ентігін басып қай­та оралды. Айтарын айтқан Абай атам да сабырына оралып, шапанына қымтана оранып, орнына отырды. Рамазан ғана аттан түс­­пейді. «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол­ды» оқымаған, тыңдамаған ұрпақ қан­шама қазақта! Жаңа ғана әндерімді соларға жеткіз деп Абай атасы ишарат жасағандай, Рамазан келесі ауылға аттануға дайын тұр.
– Абай әндерін қазақтың қабылдауы қандай, Рамазан?
– Үлкендер жағы ұйып тыңдап қалады. Аға­лардың аузы аңқаяды, жеңгелер жанарларына жас үйіреді. Концертке әжелер келсе, жаулықтары көздерінен кетпейді. Шалдар сол отыр­ған жерлерінде шегеленеді де қалады… Абай ғаламат қой, аға! Тұтас ұлтты қара сөз­бен үшінші ғасыр бойы тапжылтпай тәрбиелеп отыру деген құдірет емей немене?! …Жастар жағы толғандырады. Ілуде біреуі болмаса Абай әндеріне балқыған балғын жүректі көру арман-ақ боп жүр.
– Жарайды, Рамазан! Өкініштен өртене бер­мейік. Абай атамыздың өлеңдеріндегі өкінішінің өзі тұтас қазақты әлі күнге аһ ұрғызып отырған жоқ па. Бала өсіріп, немере бағып отырмыз ғой, олқылықтың орнын Абай өсиеттерін соларға сіңіріп толтырайық. Қазақтың әнші келіні Ұлту екеуің де немере иіскеген шығарсыңдар? Пау, шіркін, 25-тің сол бір жалынды кезеңінде қандай әндерді айтып тұсадың екен сұлуыңды?! Ұлтужанды өнер адамы ретінде аса жоғары бағалаймын. Шаңырақтарыңдағы ұл-қыздарың, неме­ре­ле­рің арасынан «Орындарыңды бізге берің­дер!» деп тұрғандар жоқ па, өзі?
– Сәнге емес сезімге түсіп атын, қалыңсыз қы­зын беретін заман еді ғой ол кез, аға! Әнмен жол­даған сәлеміме әнмен жауап берген осы ке­лініңізге құрығымды құлаштап-ақ лақ­тырдым, аға! Бала-шағалы болған кезде мен сол өнер сапарынан босамадым. Ұлту балаларды өсіріп, арасында оқуын оқып, әнін балаларына айтып, бәріне шыдады. Аналарымыз айтқан өсиетке адал болды, қазақтың дәстүрлі қара жолынан бұрылған емес. Сах­наға шығуды кеш бастады. Бүгін балалар өсті, ел аралап бірге жүрміз, аға!
– Стамғазиевтер, Стамғазиевалар…
– Балам Олжас та, қызым Перизат та өнерден құралақан емес. Екеуі де домбыра тар­тып, өлең айтады. Бірақ өнер жолын қу­мады. Неге деп бір сәт өзімнен өзім де сұрай­мын. Білесіз бе, аға, олар көздерін тырнап аш­қалы «өнер адамдарының» шын өмірін тү­бінен көрді: басымызда үй жоқ, пәтер жалдап, кісі есігінде көп жүрдік. Аядай бір бөл­меде тұрамыз, өнер адамдары жиі бас қосамыз ғой, қонақ келсе тездетіп сабағын оқытып, көр­шілердің біріне апарып тастаймыз. Ән айтылып, күй тартылады, оларға ұйқы бер­мейміз. Таңертең мектебіне барады. Көбінесе апарған үйлерімізде ұйықтап қалатын. Осыны – бірде бар, бірде жоқ дүниенің бәрін көрді бізбен бірге. «Ата-анам басынан кешкен әр­тіс­тің өмірі осы болса, рахмет!» деп өнер жолын қумады ма деп те ойлаймын. Қазіргі ал­ған мамандықтары жаман емес, немерелер өсіп келеді. Бекарысымнан бірдеңе шыға ма дей­мін, өзіме жақын, айналсоқтап қасымнан кетпейді… Маған да әншілік бес-алты атадан соң келіп қонған секілді ғой, байқасам.
– Тілекшіміз, айналайын! Перизатыңның ма­ған сыйлаған ән-табағыңнан «Қос шырақ» деген әнді орынданын естідім. Тамаша! Ұлту­жанның «орынбасары» дайын екен. Ал өзіңе Бекарысың бар, әлі жассың, өзге немерелерің бар «ата, үйде отыр, әнді біз айтамыз!» дейтін күн де келер аманшылық болса. Сол кезде көнбегеніңді көрсе ғой, шіркін!
– Солай да бола ма?! Ой-хой, Арман-ай, он­дай күндерге де жетер ме екенбіз?
– Әлі-ақ, Рамазан! Несіпбек Айт ағаң сөзін жа­зып, әнін Тұрсынжан Шапай шығарған «Арман» әніндегі секілді ол күндер де әлі-ақ жетіп келер… Жазбай ма Несіпбек: «Жастық шақ нөсерлетіп тез басылған…» деп. Ал «Күз келіп, омырауын алтындаған…» дегені қандай ғажап?! Жалпы осы Несіпбек – Тұрсынжан – Рамазан қазақтың ән өнерінің күміс бір ке­зеңі болды-ау осы?! Ат басын осы тақырыпқа бұрсақ қайтеді? Бұл тақырыпты да мен әдейі сыр­ласуымыздың қол бұлғар тұсына қал­ды­рып отырғанмын…
– Бұл мен де күткен тақырып. Сағынып та отырғанмын…
– Ал мен сол сауалдардың жауабын естуге асығып отырмын. Бір кезеңнің төлі болсақ та осы Тұрсынжанның табиғатына таңдануым таусылмайды. Тұрсынжан Шапай ғажап құбылыс-ау өзі?!
– Оныңыз рас, аға! Тұрсынжан ағамызды көп досы Түкем сал деп атайды. Шынымен бойында ана заманның сарқыты бар жан. Сері де­сеңіз, сері, сал десеңіз сал азамат. Өте көп бі­леді, бірақ шешіліп айта бермейді, керісінше, көп тыңдайды. Ал тиегін ағыта алсаңыз ағыл-тегіл төгеді кеп. Жазушылығы, әдеби сын­шылығы қандай! Сазгерлігі ше? Түкем сал­дың Абайтанушылығы мүлдем бөлек! Қо­ғамға көзқарасы, өмірге сүйіспеншілігі таң­ғалтпай қоймайды. Арамызда аман жүрсе екен деп Алладан күніне жүз тілеп қоямын.
– Тұрсынжанның әндеріне келейікші, Ра­мазан. Тұрсынжанды бір адамдай білемін деп жүрген менің өзім оның әндерін естігенде естен танғандай болған күндерім әлі есімде. «Ар­ман», «Дариға-дәурен», «Сәуле-ғұмыр», «Қа­расаз», «Қаз қайтқанда»…
– Түкем салдың осы және өзге де әндері қа­зақ әнінің ХХІ ғасырдағы шыққан бір биігі бол­ды, аға! Әсіресе Ақан, Біржан, Әсеттерден соң, Шәмші ағамыздан кейін сазды әнге шөлдеген қазақ жұрты Тұрсынжан әндерімен шө­лін бір басты-ау деп ойлаймын. Тұрсынжан аға бұларға қоса үлкен өнер жанашыры. Мысалы бүгінде мен айтып жүрген «Қос қоңыр» әнін сол ағамыз тауып әкелді. Сөздерін де қа­дағалап, өзі түзеп берген. Бұл, әрине, халық әні, әлгі «Екі жиреннің» үшінші, төртінші тү­ріне жатады. Енді Тұрсынжан ағаның «Абайды сағыну» атты топтамасының аясында Абай атамыздың сөзіне жазылған әндері бір төбе, ғажап, ғаламат! Жеті әнін орындап, тас­паға жаздым. Бәрін айта алмадым. Тұрсын­жан аға ән жазарда жеткен биікке мен шыға алмадым… Әндерді тыңдаған, Абайды баға­лайтын жұрттың пікірі жоғары, аға! Ішінде сіз де барсыз.
– Рамазан! Тұрсынжан – Несіпбек – Ра­ма­зан үштігі қазаққа тағы қандай ән шашу жа­сар екенсіңдер. Мұны күткен мил­лион­дар­дың бірі менмін!
– Арманыңыз орындалады, аға! Сол өзіңіз құлай сүйген «Арман» секілді ән туып қалар бұйыртса. Жоғарыда есімдері аталған ағалар аман болсын!
– Сен де аман бол, Рамазанжан! Той жасап, төгілте ас берген күндерді былай қой­ған­да, қиындық-қайғысы қатар қабырғаны шы­тынататын жылдар белесінде де әніңді ба­тыл айтып, ел еңсесін түсірмеген сен секілді қоңырау үнді әншісінен айналдық қазақтың! Ата­лардан, ағалардан жалғасқан ән өнерінің дүл­дүлі, алтын дауыс, арлы мінез, тұма тағдыр иесі СЕН аман жүр, айналайын! Арманның аяу­лысы да осы, Рамазанжан!
…Үнтабақты компьютер көмейіне тағы то­ғыттым. Армансыз сырласқан Рамазанның орын­дауындағы «Арман» әнін сағынып қа­лыппын. Сол ән арқылы күллі қазақтың құ­лақ құрышын қандырып, ән-арманын орындап жүрген, елі тыңдаған Рамазанның ән әле­міне шомылып, басынан тағы да бір сипап, маңдайынан бір сүйгім келген. Өзімше ақын болып, тіл ұшына келген мына ұйқастырды қайталап қоямын:
Тұрсынжанның «Арманы-ай», Несіпбек сөзін жазғаны-ай, Рамазан шырқап салғаны-ай!
…Сұңқарша iлген саусақтардан босанған бетте домбыра iшегi дүр сiлкiндi де, ары қарай бiркелкi дiрiлге ұласып, ұзақ тербелiп тұрып алды. Жаныңды мұзға қарып, отқа салған, түнеу көк күмбезiне дейiн көтерiп, одан түпсiз шыңырауға тастап жiберер мұңды да арманды үн осы кезде барып төгiлдi шанақтан: «Та-та-там, та-та-та-та, та-та-тата-та-та-а-а…». Домбыра көкiрегiнен өксiк аралас шығып жатқан өрттей әуенге сахнадағы әншi демiн iшiне тартып қосыламын дегенше, орнымызда отырып-ақ, мен және мендей арманын ая­лаған мың көрермен, қосылып кеп кеттiк:
«…Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды тербетесiң шерге толған,
А-ай, Арман-ай!».
Рамазан әншi содан кейiн барып шарық­тата шырқады:
«Атқан таң, шыққан күндей жайнап алдан,
Дариға, алтын дәурен қайда қалған?!
А-ай, Арман-ай!».
Несiпбек ақын жазған жүрек қанындай сөз­дер ән кiрпiгiне моншақтай тiзiлiп, жан пер­немiздi кезек басып, баяу сырғып барады мәңгiлiкке.
Тұрсынжан сазгер кең ғаламнан тарыдай терiп алып, бiр арнаға басын бiрiктiрген ғала­мат та құпия дыбыстардың ерітіндісін алтын тостағанынан сiмiрiп отыр едiк осы кез ән тың­даған сiз бен бiз.
Әннiң аты – «Арман». Аты да арман, заты да арман, айтпағы да арман, тiлерi де арман. Уай, шiркiн, арман-ай!
…Рамазан даусын көкке ұшырып, өзi со­ның соңынан қараған сайын бiз бұл құдiретке шы­дамай, төмен қараймыз. Әннiң тұла бойын­дағы тербелiсi ғаламат. Әншi даусын ғана айтпаймын. Бұл сәтте даусын бұлтқа жет­кiзген Рамазанның өзi ән әуенiне тiзгін­деулi. Ешқайда кете алмайды, кетпейдi, кет­кiсi де келмейдi. Кең дүниедегi небiр ғажап үн­дердiң ең бiр мұңлыларын гүл етiп буа алған Тұр­сынжан-сазгердiң әр қайырған сайын кө­зiңе жас мөлдiрететiн әуенiне Несiпбек ақын­ның естiген сәтiнде iшек-қарныңды ақ­тарардай ащы ақиқат сөз сыр-арманы қо­сылғанда, iшкi дүниеңде болатын жарылыс кеу­де күмбезiңдi паршалай жаздап, «Мұнда келiп нем бар едi, бұл әндi тыңдап нем бар едi?!» дегiзiп, шоққа шыжғырады. Тiптi шыдау мүмкiн емес. Тек әндi әншiмен, ғаламмен iш­тей бiрге айтып қана сезiмсiз атанудан аман қалуға болады:
«Жастық шақ нөсерлетiп тез басылған,
Өткен соң қайта оралмас өз басыңнан!
А-ай, Арман-ай!».
Тұрсынжан мен Несiпбек ән мен сөздi сә­тiнде жiбек көйлек кигiзiп мүсiндедi. Ендi оны Рамазан алдымыздан желпiлдете өткiзiп, өзi де үздiгiп, тiптi тұншығып, бiздi де си­қыр­лап, әр жүректен арман iздеп, әр кеудеге арман егiп әуре. Бұл бiз үшiн ғана. Ал үкiлi үш­тiк жан қуаттарын, сезiм арналарын қосып жiберiп, көбiмiзге бас имейтiн, мойын бұр­май­тын нағыз арманмен тiлдесiп жатқан­дай…
Әншi даусы небiр құдiреттi ноталарға қо­нақтап, шырқап бара жатты да кенет сорғалап тө­мен құйылды. Сазгер әннiң бұл тұсын таза алтыннан құйған екен: ерiген алтын не ағуға асық­пайды, не лезде қатпайды, баланың ең­бе­гiндей былқылдап, толықсып тұрып алады емес пе?! Ақынның осы ғаламатты сезiнуi қан­дай – сазгердiң сезiм теңiзiне шомылып шық­қандай ширатады қайырма сөзiн. Оны Рамазан айна-қатесіз жеткізеді:
«А-ай жалған,
Арман-арман,
Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды тербетесiң шерге толған,
А-ай, Арман-ай!».
Сұмдық! Адам баласы көрмеген аққудың көз жасын көрiп тұрған ақын, сол сөздi саз ыдысына төкпей-шашпай сыйғыза алған саз­гер, сол ыдыстан әр арманды жанға дәм та­ты­ра алған әншi – мына миға сыймас құдi­реттi сәт өңiм бе, түсiм бе дегендейсiз сәтiнде Сіз де басыңыз айналып.
Әннiң қайырмасы екiншi қайырылғанша ән-азаппен бiрге теңiздей толқып, қазiр-қазiр үзiлетiн әуенмен бiрге кетердей боп отырған тың­дарман әншi «жанымды тербетесiңдi» ай­тып тыныс үзген сәтте ғана өз әлемiне қай­та оралып, бұл сәттiң тек әнге iлесу, сенi баурап алған әннiң құдiретi ғана екенiн түсiнiп, тәубе дейдi. Бiреу әлгi «алтын дәуреннен» тез шығып қалғанына разы… Ғұмыр аяқталған жоқ, ән аяқталды. Оған да мың тәубе!
Ән аяқталғанмен, сезiм-әуен сенi өз құр­сауынан босатпайды. Құлақ құрышың ар­қылы жүрекке жетiп, қаныңа қосылып кет­кен­дей, тұла бойыңды аралап жүредi де қоя­ды. Ғұлама ми әр жұмсаған сәтiнде ол са­наға соғып, мың сұрақ берiп кетедi, аралап қай­та бiр келгенде жауабын да ала келедi. Мi­не, мiне, сол жауаптарын тағы да сыбырла­ды:
«…Бұл – ХХ ғасырдың соңындағы қазақ арманы. Ұлт арманы. Дархан даладан үдере көшiп, тар көше, тұйық қалаға тығылған, тас қа­бырғаға қамалған, содан қанша тыпырласа да шыға алмаған қала қазағының арман дауысы, арман әнi. Телефонмен жұмысын бiтiрiп, теледидармен тамақтанып, компьютермен бала таба беретiн жартылай адам, жартылай жануар боп бара жатқан адамзат баласының болашағына қазақы көзқарас. Ен даланы, шапқан атты, жайлауды, бесiк пен құрт жай­ған өренi, ақсақал алды мен әже кимешегiн аңсау, оның ендi келмеске кеткенiмен келiсе алмау, сол үшiн ширығу, тас қабырғаны бас­пен соққылау, тас көшенi табанмен тепкiлеу, булығу, еш қайраны жоқ болашақтан жарылардай болған соң, iшкi күшке, iшкi ағынға жол беру… ХХI ғасырдың соңындағы қазақтың арманы қандай боларын бүгiн мен елестете алмаймын. Елестетуге қорқамын да. 2099 жыл­дың күзгi бiр кешiнде Тұрсынжан – Не­сiпбек – Рамазан бас қоса қалса, қазақ аспанына қандай Арман әнi қалықтары ғарыш болашағын болжаудан да қиын. Соңғы
25 жылдағы өзгерiс мынау. Ендi жүз жылдан соң Қазақтың жаны қандай қауызға сыярын ең құдiреттi кибернетика да есептеп бере алмас, берсе оны тек Тұрсынжан – Несiпбек – Рама­зан секiлдi заманынан аса туған ұлда­ры ғана сезiм айнасына терiс түсiрер. Оң етiп оқу ойлы қазақтың өз қолында. Шiркiн, «Ар­ман-ай!». Сол күнге иненiң көзiндей ғана саңы­лаудан жа­нар тастар ма едi?! Е, арман ғой!
Бұл пенделiк арман әнi де. Ана құрсағын жа­рып шыққанда түк ойлатпай, мұңсыз еткен Құ­дiрет бала күндерiңдi бал толы бөшкеде өт­кiзiп, ержеткiзiп, өз тiзгiнiңдi өз қолыңа бер­ген күнi-ақ басыңа ой салып, иығыңа жүк артып, жүрегiңе махаббат ұялатып, осы үш сал­мақты да ғұмырыңның соңғы күнiне дейiн ке­недей жабыстырып, кешегi бал жалаған кү­нiңе де, мәнсiз, бiрақ мұңсыз балдырған дәу­ренiңе де жiбермей, мәңгiлiк тұсағанын сез­генде, астына от жаққан табаға салған ба­лықтай шоршып, ауыздығын қарш-қарш шай­нап, тiзгiнiн жұла қашқан тұлпардай, бi­рақ қара жердiң екiншi қабатына жеткізіп қақ­қан қазыққа байланғандай, тырп ете ал­маған кездегi Арман әнi болар ма? Ол күндердi қара жер басқан әр қазақ бастан кешiрсе, соны бiздiң атымыздан Тұрсынжан – Несiпбек – Рамазан жариялап жатыр екен-ау…».
Бір құдірет құлағыма сыбырлайды… Сыбыр ғана емес, сыр. Сыр емес… сурет. Сүй­кiм­дiлер суретi:
«Тұрсынжан – мол қазыналы, сезiмтал, нәзiк азамат. Тастан тесiп шығып жатқан бұ­лақ суы, суалмайтын ыстық қайнар, тарамайтын бу, үзiлмейтiн ән, қанша саусаң екiншi ұшына жете алмайтын жiбек жiп, күмбiрлеген домбыра, күңiренген қобыз, кең тынысты қа­зақы жан дүние, бояуы зарлы, мазмұны ар­лы, шыңдары қарлы, жаны нұрлы өнерпаз, тот баспас алдаспан, қолына қалам-найза ұстаған жауынгер, үлкенге iнi, кiшiге iлтипат, жi­бектей жұмсақ, сүттей ақ, судай таза, қоңы­раудай сыңғырлы өрен, өзiн осы бiр кезеңде қа­зақ әнiнiң отын маздатсын деп Жарат­қан­ның өзi кекiлiнен сипап аттандырған қос­па­сыз талант!
Несіпбек – борандатқан, нөсерлеткен ақын, аласа бойлы, биiк ойлы тұлға, абыз да­ла, қобыз дала шайыр, шапқан аттай, атқан оқ­т­ай құбылыс, Кермиықтың ұланы, Жер­ұйықтың ұлы, көшкен елдей, аққан селдей дүлей, бiр көрсең биiкке шырқап ұшар қыран, ендi бiр сәт қанаты жоқ, қалып бара жатқан мұңлық, ананы хан көтерген, әкенi бас уәзiр ет­кен, бауырды жарыстырып, ағаны табыс­тыр­ған елшi, ғұлама тарих, ғасырында  бiр-ақ рет қайталанатын ақын, адамзат  тағды­рына:
«Кiм жұтпайды алдыңғылар шөлiн мәңгi
қандырған
Сиқыр дүние қолындағы у құйылған құтыдан?!» –
деп баға берген әулие, ол – Несiпбек ақын, қа­­­зақтың Сөзбиiгi!
Рамазан – қазақтың алтын қоңырауы, қа­зақтың ән-дауысы, шыр еткен бейкүнә нә­ресте үнi, жұлқынған жiгiт жiгерiнiң күркiрi, егделiктiң егiлген мұңлы өкiнiшi, адам бiт­кен­нiң арманын талмай жырлайтын аяулы үнi, қазағыма Құдай бере салған ән-тұяқ, Әмi­ресiн, Жүсiпбегiн, Манарбегiн жоқтатпа­сын деп, Жәнiбегiн жоғалтқан қазаққа Қай­рат­пен бiрге қосқанат болсын деп, Еркiн, Нұр­жан, Тiлеулес, Дәуренбек, өзге де қазақ кө­гiне ән болып ұшамын деген бауырларына жы­мыңдаған жұлдыз боп, жер биiгiне ша­қы­рып тұрар асыл-ақық, ән-домбыра!».
Осы үшеуiн бiр кезеңде қазаққа тетелес етiп бере салған Жарат­қанның құдiретiне кү­нiне жүз жығылып, тәу етсек аз болады-ау де­ген ой мазалайды менi…
Тағы да сыбыр. Жоқ, бұл сыбыр емес, ендi саз­ды үн естiледi құлаққа. Тамаша! Рахат! Сол «Ар­манның» домбыра мен Рамазан дауысы ара­ласқан сиқырлы үнi. Сиқырлы дауыс! Си­қырлы ән! Сиқыр ғұмыр! Сиқыр ақын! Си­қыр­лы сазгер! Сиқыр әншi! Сиқыр сөз:
«…Айналған айдынында жалғыз аққу,
Адасқан әнiм бе едiң, қайран арман?!
А-ай, Арман-ай!».
Ән сиқыры! Әншi  сиқыры! Сазгер сиқы­ры! Ақын сиқыры:
«…Армандай ару құсым, айналайын,
Мөлт етiп тұна қалған көз жасыңнан,
А-ай, Арман-ай!».
Сиқырлы әннiң соңғы нотасы ауада ерiп жоғалған сәтте, құлақта және жүректе қалған жаңғырығы өз құдiретiмен тiзеңе тұрғызады. Қара жер басқан жеті миллиард адамның 50-60 жастағылары күн сайын дерлiк бiрауыздан «Шiр­кiн, жастық, өттiң-ау, ой, арман-ай»! деп жа­лын ата күрсiнiп жүрсе, оны сиқырлы үш­тiк – Тұрсынжан, Несiпбек, Рамазан – екi шу­мақ сөзге сыйғызып, бәрiмiз үшiн аққу қа­натындағы әнге байлап жiберiптi-ау! Жан са­райының қақпасын кеңiрек ашып, құлақ күйiн келтiрсең, бұл әндi күн сайын естуге, бiрге қосыла айтуға болады екен-ау. Ол үшiн сөз шығын жасап та керегi жоқ. Әрi осы ән – «Арман» – iшке бiр түскен соң жалыны сөн­бейтiн, бояуы солғын тартпайтын, құдiретi кемiмейтiн ән-арман екен-ау. Тұрсынжан – Несiпбек – Рамазан осы бiр сиқырлы әнмен бәрi­мiздiң бүгiнiмiз бен кешегiмiзге, ғұмы­ры­мыз бен махаббатымызға, жастығымыз бен жа­самыстығымызға, фәниiмiз бен бақилы­ғымызға, ең кереметi, арманымызға сұлу да сыр­лы ескерткiш орнатып берген екен-ау. Ой, ар­ман-ай!
«Арман» – бүгiнде бiз тамсана еске алып, ән­дерiн шырқата салып жүрген халық ком­позиторларының өлмес әндерiмен бiр қатарда тұратын классикалық үлгiдегi қазақ әнi. Егер ХХII ғасырда өз тiлiнде түсiнетiн, ұлттық әуен­дi жүрегiмен сезiне алатын жандар қалса, ол ғасыр қазақтары «Арманға» тура осындай ба­ға берерiне дау жоқ. Өйткенi, әннiң тұла бойынан адамзат баласының бәрiне тән ұлы қа­сиет – арманның буы бұрқырайды. Әсiресе, әнге өзек – қазақы көкiректiң арманшылдығы. Соны Тұрсынжан ән етiп толғап, Несiпбек оған тiл бiтiрiп, Рамазан кең ғаламға шырқата алып шыққандай…

***
УАҚЫТПЕН ОЙ ТАЛАСТЫРЫП
ОТЫРМЫН: кезінде Ақан, Біржан, Әсеттерді, өзге де халқымыздың сал-сері, әнші-күй­ші­ле­рін қазақ мейірі қанғанша тыңдады ма ек­ен? Жалықпады ма екен?
ЗАМАНМЕН СӨЗ ЖАРЫСТЫРЫП
ОТЫРМЫН: олардан берідегі қол жетіп дауысын ес­тіген Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, өзге де күміс көмей, алтын саусақ аға-апаларымыздың өне­­­рінен көкірегі ояу, көзі ашық қандас­тары­мыз мейірі қанғанша сусындай алды ма екен? Әлде, тиіп-қашып тыңдады ма?
ҒАСЫРМЕН ҚИМАЙ ҚОШТАСЫП
ОТЫРМЫН: салмағы ауыр болған ХХ ғасыр­дың шымылдығы жабылар тұс – Жәнібек пен Қай­раттай қос әншіні құрдас-замандас етіп беріп, олардың кәусардай әндерін бал орнына жұ­тып жүріп өткізген қимас кезеңдер екен-ау өзі?! Қайтейін, ол заман да қолын бір-ақ бұл­ғады. Жәнібек, Қайраттарды күні-түні тың­да­сам, жалыққанның орнына жалындап тұру­шы едім өмірге деп бүгін кімдерді сенді­рейін?! Олардан жалығу – өмірден жеріну мағынасын бермеуші ме еді?..
БҮГІНМЕН СЫРЛАСЫП ОТЫРМЫН: бү­кіл қазақ даласы әнге бөленіп, күймен тер­беліп тұратын ол кезеңдер келмеске кетті-ау… Кешелергі Жүсекең, Манекең, Ғарекеңдер ал­шаң басқан кезең түгілі  Жәнібек, Қайраттар тынбай ән салған сол жылдар қазақ қоғамына бү­гін­де ертегідей көрінбей ме? Ел болса ер­теңі­не өз ән-күйінсіз жете алмас, әйтсе де за­ман­мен ілесе келген шексіз тарсыл-гүрсіл, жөн­ді-жөнсіз жаңғырық, ынданы кеуіп ыш­қыну, қылбұрау салғандай шыңғыру, сілкініп жатқан жер үстінде билегендей жөн-ретсіз аспанға секірулер – қазағымның қазына ән­дерін естігенде, баяу шоққа ұстаған қор­ға­сы­н­дай еріп тұрар  жанымызды, астындағы  ыды­сын аударғандай, төгіп-шашып жатқанын сезіну, сол сезінуден шошынуға  әкеліп  соғып жат­қанын кімге айтамыз, кімнен көмек сұ­рай­­мыз?! Ертеңді білмеймін, бүгін бұл азаптан құтқарса, соңына бір топ шәкірттерін ер­тіп, ән сала жортқан Рамазан ғана құтқарар. Иә, Рамазан, әнші Рамазан, қазына кеуде, қоңырау дауыс­ты Рамазан Стамғазиев!
Бұл сырымның басты өзегі де осы ойларға бас ию еді.

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
журналист-жазушы,
Алматы облысының Құрметті азаматы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Осы айдарда

Back to top button