Қоғам және бізТаңдаулы

БАТЫРДЫҢ БЕС ЕРЛІГІ

ЭССЕ

«Вашингтондағы Дүниежүзілік авиация мұражайында әлемдік авиацияға еңбегі сіңген адамзаттың ең таңдаулы он азаматының аты-жөні мәңгілікке алтын әріптер­мен құйылып жазылған. Әлемдік деңгейде әбден сүзгіден өткен бірегей сол тізімде қазақтың батыр тұлғалы баласы Тоқтар Оңғарбайұлы ӘУБӘКІРОВтің есімі ҮШІНШІ болып тұр! Неткен мерейлі мақтаныш!»

…Менің бала кезімде біздің ауылдың шөбі шалғын шығатын. Қалың қамыстың арасынан, шоқ шеңгелдің ортасынан, жуан жыңғылдардың нуынан қырғауыл мен кекілік дүр-дүр көтерілер еді. Мол суы «аузы-мұрнынан» асып, әне-міне тасығалы жататын асау Сырдарияның ен арнасын талай жасанды тоғандар тартқылап, сан-саққа ала қашып жататын. Судағы тарпаң шортандар асыр салып, биікке шолпылдата секіргенде, ат бойындай деңгейге жететін…

…Ғарыш алаңы ашылғалы, Байқоңырдан у шашылғалы әлгі ғажайып байлық пен табиғаттың сансыз тамашасы бірте-бірте азайып, ақыры, ізім-қайым болды. Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылған Байқоңыр алып ұшу алаңы – қанша жерден «елді мекендерден қашық, экватор жазықтығына жақын, зымыранның ұшуына қауіпсіз, қайта қонуына қолайлы» десек те, ең қымбат қазынамыз – туған табиғаттың өзегіне жегіқұрт түсіріп, ширек ғасырдан астам кезең кертіп-кеміріп жатыр…

Жергілікті қоңыр қазақтың тағдыры қыл үстінде қалып, ел естімеген сырқаттарға шалынды. Байқоңыр кешенінен еліміздің аумағына жылына 30-35 мың тонна улы заттар тарайды. Зымыран қалдықтары Қарағанды, Павлодар, Жезқазған, Шығыс Қазақстан облыстарының аумақтарына дүркін-дүркін құлап, мал-жанның тамырына балта шапты. Қызылорда жұрты – Сыр топырағының сырбаз елі жылдар бойы жарымжан туылып, жергөгінде тұншықты…

Мекіренген меңіреу Мәскеу дүниежүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін орбитаға шығарып, 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагаринді қазақтың Байқоңырынан «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттандырды.

Бағы тайып, баяны азайған Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған зымыран тасығыштар тынымсыз ұшырылды.

Мінеки, сол сойқан-сұмдық жалғасқалы 57-шi жылға ілікті…

***   ***   ***

…1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақтың ұлы даласында ақ атанның қарны жарылды: кіндік жері үшін алау қаны – асау Жайықтай жермен-жексен толқи аққан бабаларымыз бен көз жасы көлдерді толтырған аналарымыздың кегі қайтты, арманы орындалып, аңсағаны орнады. Қазақ ұлты еңіреген еркіндікке жетіп, Тәуелсіздігін жариялады!

Тұп-тура екі жарым ай бұрын, яки, 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері, тұңғыш түркінің ұрпағы, тұңғыш мұсылманның баласы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа аттанды…

…Тоқтар ӘУБӘКІРОВ Байқоңыр космос кешенінің ашылуынан 9 жыл бұрын шыңылтыр шілдеде атышулы Қарқаралы топырағында дүние есігін айқара ашыпты. Асқар таудай әкесі Әубәкір мен алақаны аялы анасы Қамия пәниге қуантып келіп, күңірентіп шетінеген 9 ұлдан кейінгі перзенттеріне: «Тоғызын өзі беріп, өзі алған Жаратқан Иеміздің жақсылығы теңіз, рақымы шексіз ғой, енді тоқтасыншы, осы бір күнәсіз шаранамызға ұзақ ғұмырын берсінші!» – деген пәк ниет, таза пейілмен сәбидің есімін «Тоқтар!» деп, азан шақырып қойыпты.

Шынымен, ата-ананың кіршіксіз көңілі, мөлдір пейілі қабыл болды. Мәжнүн жұбайлардың жүректері сабыр тауып, көз жастары құрғады, сәбилері Тоқтар күн санап толықсып, үміт-жалындарын лаулатты. Бірақ, бәлкім, іштегі лықа толы өкініш-қайғысы мен мұң-зары іштей үңгіп, там-тұмдап тауысты ма екен, қайран әкесі дүниеден тым ерте өтті. Шынайы жанашырынан мәңгіге көз жазып, көңілі құлазыған Тоқтар бөлекше бұйығылау, оңаша-оқшау болмыспен өсіп-жетілді…

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «Мен әкемнен ерте жетiм қалдым. Жетi айға толар-толмас шағымда әкей дүниеден өтiп кетiптi. Шешемiздiң қолында үш бала қалдық. Екі әпкем де уақыты келгенде, отау құрды. Әкей дүние салған соң, екi жыл өтпей, бір жездем шешем екеумiздi қолына алды. Ол кезде жездем Темiртау қаласында тұратын.

Маған мақсатқа жетуді анам үйретті. «Айналаңдағы адамдарға жақсылық жаса, жасағаның өзіңе жақсылық боп қайтады. Саған қайтпаса, балаңа қайтады. Әйтеуір, жақсылық ізсіз кетпейді», дейтін…

Тәрбиенi маған өз шешем мен әпкелерім бердi. Қазір анам мен бір әпкем арамызда жоқ. Екінші әпкем бүгінде 71 жаста, Теміртауда тұрады.

Бiр уақыттары, үш жарым жылдай, шешей екеумiз ауылда жеке тұрдық. Өйткенi, Темiртаудың суы ол кiсiге жақпай, қатты ауырды. Ақыры, ауылға қайыра көшуге тура келдi. Ол кiсiні ауыл өмірі ерекше тартып тұратын. «Ауыл» десе, өзегiн жұлып беретiн. Тiптi, ауылды ойлап-уайымдап, қатты сарғайып кеттi.

…Ауылда тұрған күндерiм әлi көз алдымда. Бүгiн шешемнiң берген ақылы, көрсеткен үлгiсi, тәрбиесiн үнемi есiме алып жүремiн. Шешем маған ешқашан ұрыспайтын. Ақырын ғана: «Балам, ешкiмдi ренжiтпе, ешкiмнiң ала жiбiн аттама!» дейтiн, жарықтық! «Түзу жүрсең, ашығын айтсаң, ертең осы мiнез саған жақсылық әкеледi!» деушi едi, үнемi.

«Таза бол!» деген шешемнiң асыл сөзiн мен бүгiн кiм-кiмге де айтамын. Осы сөздердi мен өмiр бойы ұмытқан емеспiн. Сол тазалықпен, Құдайға шүкiр, жақсы өмiр кешiп келе жатырмын…»

…Кеңестің кесапат саясатының кесірінен Тоқтар да титтейінен қазақтың сөзiн аз есітiп, қазақтың мiнезiн кем көрiп өстi. Темiртау қазақтың қаласы болса да, тұрғылықты халықтың 94-96 пайызын орыстар құрады. Көше бойында, жұмыс барысында жастардың ортасында, әсіресе, қазақ пен орыстың арасында жиi қақтығыстар мен төбелестер болып тұратын. Қазақтың намысы сынға түскен сәттерде жас Тоқтар жасындай жарқылдап алға шығушы еді. Оқу барысында да, жұмыста да Тоқтар қазақтардың орыстардан артық болмаса, мысқалдай кем еместігін әрқашан айқын дәлелдеумен болды…

Қалың орыстың ортасында өскен Тоқтар орысша ойлап, орысша сөйледі, орысша өлең айтып, орысша биледі. Орыс тілінде таза орыстың өзінен жақсы сөйледі…

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «Бiр кезде бiздер орыс тіліне бас идiк. «Дүние – кезек» деген, ендiгi кезек біздiкi, олар да енді қазақ тілінде сөйлесін. Осылай болуы керек. Ендi орыстар да: «Мiне, қазақ – қандай қиындықтарды жеңiп ел болды, бұлардың тегi мықты екен!» – дейтін құрметпен қазақтың тілін үйренуі керек…

…Өз басым бойымдағы қуатты намысты тежей алмадым. Әрине, ол алапат күш-жiгердi айқай мен төбелеске емес, iске, бiлiмге салудың дұрыстығын ерте сезiндiм. Намыспен оқыдым. Жақсы оқыдым. Жұмысты да намыспен iстедiм. Жақсы еңбек еттiм. Темiртауда бүкiл зауытта екi-ақ қазақ болдық.

Әкем керемет ұста болыпты. Мүмкiн, маған әкемнен жұққан шығар… Әкемнің көзін көргендер: «Қолынан келмейтiнi жоқ» деп отыратын. Ағаштан да, темiрден де түйiн түйiптi. Қысқасы, маған темiр қай жағынан да жақын болды. Төрт жылдың iшiнде кешкiлiк 8-шi, 9-шы, 10-шы, 11-шi кластарды бiтiрдiм. Таңертеңнен кешке дейiн зауытта жұмыс iстеймiн, кешкiсiн мектепте сабақ оқимын. Үш жарым жылдай токарь болып жұмыс iстедiм.

Осы уақыт iшiнде менiң фотосуретiм зауыттағы озат жұмысшылардың «Құрмет тақтасынан» түспей тұрды. Бiр уақыттары кейбiр адамдардың суреттерi түсiп қалады. «Құрмет тақтасы» түрлi адамдар суретiмен толығып отыратын. Ал, менiң фотосуретiм өмiрi тақтадан түскен емес. Үшiншi жылы менiң суретiм облыстық «Құрмет тақтасына»  қойылды. Мәскеуге оқуға кетер алдында жоғары жақтан мынадай бұйрық келдi: «Зауыттың озат жұмысшысы, тәжiрибені көп жинақтаған Тоқтар Әубәкiровтiң аты-жөнi алтын әрiптермен облыстың «Құрмет тақтасына»  жазылсын!».

Басшылар менiң жұмысым үшiн еш алаңдаған емес. «Әубәкiровтi тексерудiң қажетi жоқ» дейтiн. Осы өткен жолдарымның барлығында абыройлы жұмыс iстедiм».

Тәтті қиялдың шырмауынан босай алмайтын өрімдей 18 жасында осыншама тамшылата тер төгіп, осыншама абырой-беделге жеткен жасөспірімді қай кезеңде де жолықтыру оңай емес…

Сұрапыл соғыс дүйім елді әбден титықтатып, әрең тәмәмдалған кезеңде Тоқтардың ерлік пен батырлық рухы – алаулаған жалындай бет қарпып тұр еді. Аяулы анасынан ертерек ажыраған бала Тоқтар, ең алдымен, «Анамның ақ сүтiн ақтаймын!» дейтін дүр ынтамен, «Анамның адал атына титтей кiр жұқтырмаймын!» деген таза пейілмен, «Анашым мен үшiн мұңаймасыншы!» дейтұғын асқақ ой, жасын шабытпен бар жан-тәнін аямай еңбек етті, білім қаузады…

Бірінші ерлік: Тағдырдың хаты

…Жаны да, жалы да сұлу жылқы жануар әу бастан киелі көшпендінің сенімді серігі, сырбаз сырласы, қуатты қанаты болған. «Жылқымінезді» қазақ бабамыздың талайым тағдыры тұяғы болат, шабысы пырақ талғампаз жануармен ғасырлар бойы бiте қайнасқан.

Бала Тоқтардың жас күнiнде үйінде жылқы болмады. Көршi-қолаңның биесiн тұсап, құлынын ұстауды місе тұтты. Зәуде, көңілі алакеуім бала Тоқтар шалғында шалқасынан жатып: «Әттең, әкем тірі болса, бiздiң үйде де жылқы болар едi-ау…» – деп, мұңаятын… Әкесінің қамқор алақанын аңсады ма, әлде, жұтатқан жоқшылық зәрезеп етті ме, Тоқтардың балалық көңіл-қиялы: «Өскенімде менің үйімде, мiндеттi түрде, жылқы болады» – деп, шешетін…

Қазір Арқаның алтын кіндігінде Тоқтар батыр күн сайын Абылайдың атының тұяғы таптаған топырақта тұлпарға мініп, серуен құрады. Астананың iргесiнен орын-жай салған ғарышкер-батыр жануарларға ерекше күтiм қойып, жылқы асырап отыр. Жылқымен шабуға да, жылқыны бағуға да уақытын аямайды. Батырдың жылқылары шетiнен сұңғақ, тегісімен сұлу. Мiнездерi де мығым, кербез, келiстi.

Осқырынған асауын ауыздықтап, Арқаның белінде жүрісінен жаңылмайтын жорғасымен серуендеген Тоқаңның ойы кей-кейде сонау арман-алысты да, заңғар ғарышты да шарлап кетеді…

…Әдетте, ұшқыш болуды аңсамайтын балақай болмайтын сияқты көрінеді. Әйткенмен, мұның өзі тылсым табиғаттың мыңсан құпиясының пенденің болмысына тән ерекшелігі ме деймін. Анасының тәлімін сіңіріп, мейірімді апасы Бикен мен жайдары жездесі Нығметтің тәрбиесін алған жеткіншек Тоқтар кiшкентайынан алдына үлкен мақсаттар қоюға дағдыланды. 3-4 жасында-ақ «Ұшқыш боламын!» деген арман ұялады көкірегіне. Басты мақсат-мүддесі қиял қалпында қалмауы үшін өз-өзін қимыл-әрекетке сүйреді… 

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «…Анамның алдында өзiмнiң ер жiгiт екенiмдi көрсеткiм келдi. Бұл бергі жағы. Ал, арғы жағын айтар болсам, ол – қазақтың намысы. «Бiз де, қазақтар, жұмыс iстей аламыз! Iсiмiз ешкiмнен кем болмайды!» деген намыс болды…»

…Балалық қиялына қанат бітіріп, тар жол, тайғақ кешулерден тайсақтамаған Тоқтар, ақыры, ұшқыштық ұшқыр арманына да қол жеткізді. Әскери училищені тәмамдап, Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметін жалғастырады. Төрт жыл шамасы СУ-15 ұшағында қарымды қабілетін көрсетіп, Қиыр Шығыстың «Ең үздік ұшқышы» атағын иеленеді.

Болашақ бақ-баянына қарай, «МиГ» фирмасының атышулы сынақшы-ұшқышы, Кеңес Одағының Батыры А.Федотовпен кездескен қарадомалақ қазақтың баласы «сынақшы-ұшқыш болуға» беті қайтпастай, бекем бекінді. Табыстары татымды көрінгенімен, қайсар мінезді Тоқтардың ойынан «сынақшы-ұшқыш болу» арманы алыстамай, сынақшы-ұшқыштар мектебіне қайта-қайта сұранды.

Күндердің-күнінде сенімі сетінеп, үміті азайған Тоқтар Қазақстанның жетекшісі Дінмұхаммед ҚОНАЕВҚА мынадай хат жазды: «Мен, Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, аға лейтенантпын. «Сынақшы-ұшқыш» болғым келеді. Оған денсаулығым да, білімім де жетеді. Барлық сынақты ойдағыдай тапсырдым. Бірақ, Қорғаныс министрлігі мені жіберетін емес. Қазақтың бір баласы «сынақшы-ұшқыш» болса, несі жаман? Маған осындай мүмкіндік жасауға қол ұшын беріңіз!..»

Димаш атамыздың дәурені дүркіреген кезең болатын. Димаш Ахметұлы – КОКП Саяси бюросының толық мүшесі, КСРОның басшысы Леонид БРЕЖНЕВТІҢ жақын досы.

Әп сәтте, КСРО Қорғаныс министрі А.Гречконың тікелей тапсырмасымен Тоқтар ӘУБӘКІРОВ Мәскеудегі Авиация өнеркәсібі министрлігіне қарасты «МиГ» авиация фирмасына ауыстырылады. «МиГ-23»-тен бастау алған сынақтар «МиГ-29» ұшағына дейін жалғасын тапты.

1988 жылы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ Кеңес Одағының тарихында тұңғыш рет жерге қонбай, әуе кеңістігінде ұшаққа 2 мәрте жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен іске асырды. Реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрлерін сынақтан сүрінбей өткізді…

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «Ресейдiң маңдайалды әскери мектебiнде оқыдым. Маған Ресей: «Қиыр Шығыстың ең мықты ұшқышы!» деген баға бердi. Мұның түбiнде қазақтың намысы жатты. Менен басқа ол өңiрде бiр қаракөз жоқ.

…Кезiнде бiздi олар қалай мазақ қылғанын сiздер жақсы бiлесiздер. Сол сөздер маған қатты бататын. Үнемi осыны ойлап намыстанып жүрдiм. Тiптi, көбiсi ғарышқа ұшқанымды көре алмай жатты. «Ол қалай бiзден артық ұшады?!.» – деген күңкiл сөздердi де айтумен болды. Аллаға тәуба! Қазақтан тұңғыш шыққан сынақшы-ұшқыш болғаныма мақтанамын. Ендi мұндай, яғни, екiншi қазақтың сынақшы-ұшқышы болуына қанша жыл кетерiн бiр Алла бiледi…

Бiз осы күнге дейiн ұшақ түгiлi, велосипед те iстеген жоқпыз ғой. Асылық айтқаным болмас, ендi ол жақта қазақтың баласы Ресейдiң әскери кемесiн жасауға қатыса алмас. Олардың да намысы оянды, тiптi, алғашқы әскери ұшақты бағындырған орыс емес, қазақ болғанына әлi күнге дейiн өкiнедi, қазiр…».

Айтатыны жоқ, «Біз кеңес халқы!» дейтін жалған ұранды жалаулатып, шын мәнісінде, орыстың ойына келгенін істеп, оңды-солды үстемдік еткен кезеңі еді. Кеңестер Одағының ақырғы басшысы Михаил Горбачевтің әр сөзі мен әрбір қадамынан шовинизмнің сасық исі есіп тұратын…

Тоқтар ӘУБӘКІРОВке білімі мен білігі, шеберлігі мен кәсіпқойлығы тең келетін бір орыс ұшқышы табылмаған уақыт болатын. КОКПның Саяси бюросының мәжілісінде Бас хатшы М.С.Горбачев бас конструктор Ростислав Беляковқа: «Біз қазір орыс әуе флотының тарихын жазып жатырмыз. Бірақ, ертеңгі әлемдік авиацияда тұңғыш рет әскери кемеге ұшақ қондырып, ұшыруға “МиГ” фирмасы сынақшыларының арасынан қалайша бір орыс фамилиясы табылмады?» – дейді.

Бас хатшыға Р.Беляков қаймықпастан былайша жауап береді: «Егер біз орыстың әуе флотының тарихы қанмен жазылмасын десек, бұл ұшақты крейсерге 1-сыныптағы сынақшы-ұшқыш Тоқтар ӘУБӘКІРОВ қана қондырып көруге тиіс. Менің бұған басқа алып-қосарым жоқ!..»

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ 1989 жылдың 1 қарашасында 1-ші болып авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Т.ӘУБӘКІРОВ «Гиннесстің рекордтар кітабына» енген ерлігін аталмыш ұшақпен жасады.

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «Орысты жамандай беруге де болмайды. Жалпы, орыс: «Дұрысты – дұрыс», дей бiлетiн халық. Әрине, iшiнара керiтартпалары бар ғой. Әрине, етектен тарту саясатын мен де көрдiм.

«КСРО Батыры» атағын маған екi жыл кешiктiрiп бердi. Не үшiн? 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы үшiн. М.Горбачев қазақ болғаным үшiн маған атақты дер кезiнде қиғысы келмедi. Қол қоймай, бұлталақтап жүрiп алды.

Ал, менiң орыс бастығым: «Тоқтар ӘУБӘКІРОВке «КСРО Батыры» атағын бермей, мен ешкiмдi марапаттамаймын!» – деп қасарысып, жатып алды. Мiне, азаматтық! Қандай тазалық! Қандай әдiлеттiк! Осындай таза жандарды өмiрiмде көп кездестiрдiм…»

Жорналшы Нұртөре ЖҮСІП «Қыран қазақ» мақаласында өмір мен өлімнің арпалысымен өткен осынау санаулы секундтарды былайша суреттейді: «…Кейде ғұмыр кірпік ұшында тұрады. Көзіңді ашып-жұмғанша… Мәселені сағаттар емес, минуттар емес, секундтар шешетін уақыт болады. Адамның жаны мұрнының ұшына келетін кез…

Қара теңіз – теңіз біткеннің ішіндегі қанқұйлысы. Алапат теңіз дауылы тұрғанда корабльдер желге қаңбақтай ұйытқып кетер еді. Шторм кезінде жал-жал толқын пайда болады, зардабы зіл-батпан. Бірінің артынан бірі келіп ұрғанда, корабльдің пәрша-пәршасын шығаруға шамасы жетер-ді.

Тоқтар Әубәкіров сондай сұрапыл теңіз дауылы ышқынып тұрған шақта дыбыстан жылдам ұшақты кеме үстіне қондырып үлгерген ғаламат ерлік жасаған. Әдеттегі «сынақ ұшуы» деп есептелгенімен, осындай күрделі жағдайда ұшақты кеме үстіне қондыру таза жүрек жұтқандық!

Судың жал-жал толқындарының салмағына ұшақтың салмағы келіп қосылғанда 80 мың тоннаға тең келерлік жойқын жүктен кеме шайқалғаны сондай: қауырсын секілді шырқ айнала жөнелген ғой. Тоқтардың бойына сонда да үрей ұя салып үлгермеген. Қорқыныш, үрейлену сезімі ұшақ қонған соң барып келсе керек.

«Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті десе де болады. «Совет ұшағы лып етіп көтеріле ала ма, жоқ, бұрқ етіп жоқ бола ма», деп бүкіл дүние жүзінің мамандары демін ішіне тартып, қарап тұрған еді. Тоқтар Әубәкіровке крейсердің қамзолдың етегіндей қып-қысқа ұшаңқайынан МиГ-29 ұшағын лып еткізіп, көкке көтеру міндет болды.

Жаңа әдістің ерекшелігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей, тез көтеріліп кетуі керек. Барлық мәселені секундтар ғана шешеді. Ұшақтың моторына байланысты. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді.

А деп ауыз ашқанша құйрығы қайқаң етіп зеңгір көктен көрінетін дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар ӘУБӘКІРОВ сонда зыр-р еткізіп, көтеріп үлгерді. Асқан дәлдікпен аядай жерге ұшақты қайта қондыру да ғаламат ерлік болатын…»

Мүлдем жаңадан жасалған; дыбыстан да шапшаң ұшатын; қыр-сыры беймәлім; тыңғылықты сынақтан өтпеген «МиГ» ұшақтарымен аса қауіпті де жауапты ұшу сынақтарын сәтті өткізіп, алып кеменің тар палубасына асқан дәлдікпен, шексіз шеберлікпен қолайлы қондырып, сосын лезде, көзді ашып-жұмғанша қайтара ұшып шығуды таңқаларлық асқақ кәсіпқойлықпен мүлтіксіз атқарған нағыз ерлігі үшін Тоқтар ӘУБӘКІРОВке 1988 жылдың 31 қазанында биік мәртебелі, зор құрметті «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросының құжаттарында бұрынғы Кеңестер Одағының аса құпиялы 26 сынақшы-ұшқыштарының тізімі бекітілген. Солардың 9-ы сынақ кезінде апатқа ұшырап, қаза тапқан. Аман қалғандары түгелімен «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған.

Тірі батырлардың арасында жалғыз қазақтың баласы – Тоқтар ӘУБӘКІРОВ бар…

Екінші ерлік: Мәнсапты мансұқтау

Орыстың тілімен, орманның үнімен тәрбиеленсе де, бала Тоқтардың жүрегінің тереңінде туған ұлтына деген шексіз мөлдір сүйіспеншілік сезімі сарқылған емес. «Қазақ деген кім?» – деген сауалға ес жиып, етек жинаған Тоқтар үздіксіз жауап іздеумен болды.

Қазақ деген – тарпаң Азияны құтхана қылып, Бабыл елі (Вавилон) мен Ел атаны (Эллада) билеген жаужүрек жұрт.

Қазақ деген – Византия мен Римнен салық алып, күллі Еуропаны құлдықтан құтқарғаны үшін ерлері етігін сүйіп, сұлулары төсегін қиған Аттила – Еділ батыр…

Қазақ деген – асау Ассирия құрмет тұтқан көшпендінің алтын ұрпағы қайсар Мәді қаған…

Қазақ деген  едірең Еуропаның етегін жасқа толтырып, азулы Азияның тістерін шықырлата сындырған «патшалардың патшасы»; жалғыз ұлын ұлтының жолына құрбан қылып, атажауы Кир патшаның басын кесіп, әкесінің кегін қайтарған Сақ патшайымы Тұмар ханым…

Қазақ деген – ғибратты ғұнның көсемі, жайсаң жұртын айдаһардай қарақұрым қытайдың ажалды ауызынан аман алып өткен парасаты мыңсиқырлы Мөде…

Қазақ деген – Мысырға құлдықпен қадам басып, ақыл-сабырының арқасында елдің сұлтанына айналған, Хақ Тағаланың қасиетті діні мен мәдениетін қызғыштай қорғаған қайтпас қыпшақ Бейбарыс сұлтан…

Қазақ деген – кие қонып, қасиет дарыған салқар жері, шалқар көлін жанындай сүйген кекті Керей хан…

Қазақ деген – әз Жәнібектің, алмас қылыш Әбілқайырдың, ақылы артық Абылайдың, қапыда кеткен Кененің нар намысы мен өр рухы…

Қазақ деген – темір түйіп, жез жонған; алтын үйіп, мыс илеген құрыш білек еңбекқор…

Қазақ деген… Қазақ деген… Қазақ деген…

…Қазақтың мал соңында жүре берсе, өркениеттен кенжелеп қалатынын пайымдаған Тоқтар қазақты аштан өлтірмей, көштен қалдырмайтын тек қана намысы екендігін ерте түйсінді. Қой бағып, мал күткен де; егін салып, жан баққан да аса абыройлы еңбек. Қазақтың жан-жүрегінің – ауыл екендігі де рас. Қазақта ой еңбегiн ұршықша иiретiн қабiлет те жетедi. От жағып, темір балқыту мен қорғасын ерітіп, түйін жасау – кісіге өзгеше ой салып, ақыл артады. Ой-парасаттың жемісінің, бәлкім, өнертапқыш қабiлетке жетелеуі де ғажап емес…

…Ертеректе Дiнмұхаммед Қонаев Тоқтарды арнайы шақырып алып, ғарышқа ұшу туралы ұсыныс жасайды. Ұшқыш мемлекет басшысының ұсынысынан ерікті түрде бас тартады.

Өйткені, адамның тағдыры тарам соқпақтарға ұқсайды. Ең қиыны, дұрыс жолды жаңылмай, дәл таңдай білу. Мәнсап пен абырой де шексіз емес. «Балғаны қызғанда соғу» да маңызды. Жалындаған жас Тоқтарға «Қазақтың тұңғыш ғарышкері» асқақ атағы әбден қажет еді.

Бірақ, бірінші басшыны да таң-тамаша қалдырып, әріптестерінің де ойларын әрі-сәрі етіп, ӘУБӘКІРОВ алдынан күткен соншама атақ пен абыройдан, мәнсап пен байлықтан өз ырқымен бас тартты…

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «Мен сол кезде үлкен жұмыста жүрдiм. Ең қиын жұмысты атқарып жүрдiм. Осыған дейiн ешбiр қаракөз мұндай жұмысты атқармағаны маған әуелден аян-тын. Сондықтан, жан-тәнiммен осы жұмысты атқардым. Тiптi, өзiмдi қазақтан шыққан «бiрiншi сынақшы-ұшқышпын» деп ойлаған да жоқпын.

Ол кезде Микоян бюросына жаңадан келген едім. Өзімді «сынақшы-ұшқыш» ретінде дәлелдей қоймағам. Олай болса, қалай ұшам?.. Оның үстіне, Микоян бюросында бiрнеше әрiптестерiмiз қаза болып кеттi. Аса қиын жұмыстарға қабiлетi жететiн екi-ақ адам қалдық. Өзгелерi жас. Оған олардың қарым-қабiлетi жете қоймайтын. Сондықтан, жастарды үйрету үшiн уақыт керек болды…»

Бұл – кез келген жұмыр бас аламанның айта алатын сөзі емес. Бұл – қатардағы қарабайыр пенденің қабылдай алатын шешімі емес. Өзінің алда асып-төгілер атақ-абыройынан, бас айналар мәнсабы мен байлығынан – адамның өмірін – әріптестерінің тағдырын жоғары қоя білу – тек Тоқтар ӘУБӘКІРОВтей жолбарыс жүректі, арыстан білекті нағыз нар тұлғаның ғана қолынан келеді!..

Толағайдың қалыптасуының шойын жолдың бір-бірінен ажырамас егіз рельсіндей қос шарты болатын сияқты. Біріншісі: болмыстың жаратылысы, тектің түзулігі. Екіншісі: тәрбие-тәлімнің мықтылығы. Қос шарттың бірі кемшін түссе, толыққанды тұлға түзілмейді…

Шынайы талант, шын тұлға уақыт та таңдамайды, саяси ортаның шеңберіне де сыймайды. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестің кезеңінде Қарқаралыдан шыққан қазақтың қара баласы Тоқтардың әскери авиацияда ашқан айрықша жаңалықтары мен қол жеткізген қомақты жетістіктеріне үлкен жұрттың көрнекті өкілдері қызғанышпен қарады.

Авиация және ғарыш – қос қанат, егіз ұғым. Вашингтондағы Дүниежүзілік авиация мұражайында әлемдік авиацияға еңбегі сіңген адамзаттың ең таңдаулы он азаматының аты-жөні мәңгілікке алтын әріптер­мен құйылып жазылған. Әлемдік деңгейде әбден сүзгіден өткен бірегей сол тізімде қазақтың батыр тұлғалы баласы Тоқтар Оңғарбайұлы ӘУБӘКІРОВтің есімі ҮШІНШІ болып тұр! Неткен мерейлі мақтаныш! Қандай көңіл толтырар жұбаныш!..

Озық ойлының пайымы қашанда өркениетке иек артып тұрады…

Үшінші ерлік: Жаһанда жоқ жомарттық

…Дүниежүзін дүр сілкіндірген бұл оқыс оқиға адамзат тарихында 1978 жылы болды. Америкаға әзірейілдей көрінген әйгілі «МиГ» ұшағын, ойламаған жерден, Беленко есімді жансыз тыңшы ұрлап әкетіп, Жапонияға қондырады. Кеңестің ата жауы – американдықтар, әрине, «МиГ» ұтқыр ұшағының бар құпиясы мен күш-қуатын біліп қойды. Айтулы ұшақтың кодын дереу өзгертіп, құпия байланысты жаңарту қажет болды. Өйткені, хас дұшпан АҚШтың әуе күштері басымдығын көрсетіп, қоқан-лоққы жасауы ықтимал еді.

Тез арада су жаңа ұшқыр ұшақты сынақтан өткізу қажеттігі туындады. Уақыт аз, қауіп-қатер көп. Кремльдің қызылжолақ шалбарлы генералдарының ұйқысы қашып, күндіз-түні кеңесумен болды. Қолда бар мүмкіндіктерді саралай келіп, Бас штаб жауапкершілігі аса зор, қауіптілігі шексіз мол міндетті сынақшы-ұшқыш Тоқтар ӘУБӘКІРОВКЕ жүктеуге шешім қабылдады…

Он бес республиканың басын қосып, жершарындағы ұлан-байтақ аймақты алып жатқан, жүз сексен миллион халықтың ішінен қазақтың жалғыз баласы таңдалынды. Бағы ма, соры ма?..

ӘУБӘКІРОВ бір ауыз сөзге келген жоқ. Бас штабтың тапсырмасын бар мүмкіндіктері мен айла-шарғыларын сарқа пайдаланып, мүлтіксіз орындап шықты. Араны аждаһадай Америка мен бүкіл бүлікшіл батыстың ауызына құм құйылып, дағдарып қалды. Кеңес өкіметі, тіпті, сатқындықтың да алып елдің «сағын сындыра алмайтынын» толық дәлелдеді. Әлемнің алдында кеңестің абыройы аспандап шыға келді…

Сосын, Тоқтардың тағдырында кісінің ойына келмейтін тағы бір оқыс жағдай болды. ӘУБӘКІРОВтің ерен ержүректілігі үшін «Кеңестер Одағының Батыры» мәртебелі атағының берілетіндігіне ешкімнің шүбәсі қалмаған. Кенет, Тоқтарға өзі ерекше құрметтейтін ұлағатты ұстазы, үлкен бастығы өтініш айтты…

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «…Менің үлкен ұстазым қасыма келіп айтты. Ана жігіттің жасы келді, кетеді, ең көп болса, бір жыл. «Батыр» атағын бере ме, бермей ме?!. Енді біз адамбыз ғой. Осы кісіні аяйық. Көптен бері сынақшы-ұшқыш болып жүр. Сен өзіңнің «Батыр» атағыңды бересің бе?» – деді. Мен айттым: «Артық әңгіме жоқ, беріңіз!» – дедім»…

Мінеки, әлгі домбыраның қос ішегіндей толық тектіліктің айқын дәлелі. «Кең болсаң – кем болмайсың» дейтін ислами уағыздың ақиқаты. Жасы келіп, зейнеттің алдындағы әріптесіне адамның өмірінде жалғыз рет берілетін «Батыр» атағын өз еркімен қиып, өз қолымен бере салу – пендешілік тұрғыдан алсақ, оңай емес. Мүлдем жеңіл емес. Өте қиын…

Кім-кімге де қиын. Бірақ, Тоқтарға ғана оп-оңай. Біреуге бес сом қарыз бергендей, ойланбастан, мүдірместен: «Артық әңгіме жоқ, беріңіз!» дей салды. Көңілінің осынау телегей кеңдігінен, пейілінің жойқын жомарттығынан Тоқтар кем болып, қалыс қалды ма? Жоқ! Жаһанда жоқ жомарттығының ақысы – ұлтының нағыз шынайы абыройы, халқының нағыз қалтқысыз сүйіспеншілігі болды…

…Араға сегіз жыл салып, әлемнің төрт бұрышын дүр сілкіндіріп, «Кеңестер Одағы» аталатын алып, мемлекеттің күйреуіне себеп болған, ақырында, 15  ұлттық елді тәуелсіздікке жеткізген Алматыдағы 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінен кейін жүні жығылып, еңкейген қазақ еңсесін тіктеп, намысын қайрады.

Кеңеске күні түскен ұлттардың түп-тұқияны ұйқыдан оянып, рухтарымен қауышты. Алматы оқиғасы – Мәскеудің беделіне қатты соққы болып, нұқсан келтірді. Қазақ пен орыстың арасына суық сызат түсті. 1986 жылғы қарашадағы әскери тапсырманы үздік орындауына байланысты Тоқтар ӘУБӘКІРОВке 1987 жылдың 23 ақпанында «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілуге тиіс еді.

Бірақ, Алматыдағы Желтоқсан қасіретінің басты айыпкері, КСРО басшысы М.Горбачев КСРО-ның ең озық ойлы азаматтары қол қойған «Тоқтар ӘУБӘКІРОВке «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы» ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шығып: «Қазақтың аты жазылған» деп, қабылдамай тастады. Бұл шындықты Тоқаң сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы Ментешашвилидің өз аузынан естіді.

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «Ол кезеңде елден алыстамын ғой. Өте қатты қиналып жүрдім. Іштей жастарымыздың ерлігіне сүйсінетінмін, көзіме жас келетін… Қызметте немесе басқа орындарда маған ешкім «қазақ» деп бөліп, бөтен көзқарас танытқан емес…».

Тоқтар кекшіл емес, көпшіл болды. Саясаттың салқынын – кең жүректілігімен, жойқын жомарттығымен жылытуға тырысты. Осынау орамды қасиеттердің тереңінде Тоқаңның қаршадайынан төл табиғатқа, туған жерге етене жақындығы жасырынып жатқан.

Тоқтардың, әсіресе, жігіттің пырағы – жылқы жануарға деген сүйіспеншілігі алабөтен еді. Тоқаң бүгінде тұлпарларын бәсеке-бәйгеге, ат шабыстарына қоспайды, 30-40 шақырымдық аламанға салып, алқындырмайды.

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «…Жылқы –  қазақтың жаны ғой. Мен сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін, кербез жануарларға қарап сүйсінемін, менің ермегім сол. Жылқылардың өрісте құйрық-жалдарын төгілтіп, шауып жүргенін тамашалауды мен ғана емес, балаларым да ұнатады, бұл дегеніңіз – тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық қой…

…Біз өндірістік ел емеспіз. Біз әлемнің минералды ресурстарды қаншалықты тұтынатынына тәуелдіміз. Егер біздің шикізатымызды пайдалану азайса, сол кезде ғана халық бабаларымыздың: «Қазақтың малдан ажырамауы керек», дегенін ұғынады. Шаруаның жанын мал ғана сақтап қалады…»

…Бір қызығы: бірде елдің орталық облыстарында малға қасқыр қырғидай тиген кезде Тоқаң арнайы шақырумен қарда жүретін көлігімен қарағандылықтарға қасқыр атуға көмекке де барған-ды. Кейінірек, сонау алыстағы Талдықорғаннан да қолғабыс сұрап, қоңырау шалушылар көп болыпты…

Табиғаттың тепе-теңдігі қалыпты деңгейінде сақталуы үшін жыртқыштар мен өзге тіршілік иелерінің қарым-қатынасын реттеп отыру өте маңызды. Айталық, қазақ даласында арқарлар мен ақбөкендер мың-мыңдап мекендеген кезеңде қасқырлардың көбеюі қорқынышты емес.

Әйткенмен, ең ақылды «жыртқыш» – адам арқарлардың тұқымын жойып, бөкендерді бет қаратпай қырып салғанда, қасқырлардың саны азаймады. Яғни, арқар мен бөкеннің қалдығына қасқыр күн бермеуге айналды. Таңқаларлығы да сонда: байғұс бөкендер мен тәкәппар арқарларды құтқаруға қазақтың тұңғыш ғарышкер-батыры келді…

…Ежелден қалған: «Суретшінің тағдырынан – туындысының құны қымбатырақ» дейтін қатал қағида бар. Тұңғиығына үңілсек, Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің тағдыры мен ерлігінің қазақ үшін құны қымбат екен, теңдесі жоқ екен…

Төртінші ерлік: Мүміннің мерейі

…Тоқтар Шымбұлақта шаңғы теуіп жүрген!..

Ел Президентінен шақыру алды. Осыған дейін де Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы кезінде Н.Назарбаевтан ғарышқа ұшу жөнінде екi рет ұсыныс түскен. Келiсiмін бере алмаған…

Міне, үшінші ұсыныста Нұрағаң: «…Зар жылап жүрген қазақпыз. 30 жыл бiздiң жерiмiзден ғарышқа басқалар ұшып жатыр, әлi күнге дейiн бiр қазақ жоқ…» – дедi. “Қоянды қамыс өлтiредi, жiгiттi намыс өлтiредi” деген, мемлекет басшысының жігерлі сөздеріне қарсы айтар уәждің мәнсіздігін түсініп, Тоқтар келісімін бердi…

Мұның өзі кекірігі азып, кеудесін керіп дағдыланған Мәскеудің алдында оңай шаруа болған жоқ. Кеңес Одағындай алып мемлекеттің ыдырауы барысында арадағы өзара келісімдерге қарамастан, кеңестік ғарыш саласының шенеуніктері Байқоңыр атты жердің иесі – қазақ ұлтының ғарышқа талпынысын тыжырына қабылдап, әртүрлі сөзбұйдалыққа салынып, қазақ ғарышкерінің ұшуын кейінге шегере берген…

Бірақ, бірбеткей қазақ басшысы Н.Назарбаевтың ресейліктерді тік тұрғызып: «Енді қазақ ұшады. Қазақ ұшпаса, «Байқоңыр» жабылады!» – дегенін Тоқаң өз құлағымен естіді.

…Нұрекең М.Горбачевке: «Қос азаматымыз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшуға дайын! Тоқтарды өзіңіз білесіз, Одақтың геройы…» – деген соң, мәселе оңды шешімін тапты…

…Бәрі де кешегідей көз алдымызда. 1991 жылдың 2 қазаны. Таңғы сағат  7.00. Мемлекеттік комиссияның төрағасы, генерал Иванов Қазақстанның Президентін алға шығарды. Елбасы өзімен бірге одақтас республикалардың алты президентін ертіп келіпті. Бәрінің жүзі таныс. Қонақтардың қатарында Австрияның федеральді канцлері Франц Враницкий де бар. Халық қарақұрым…

…Қазақтың тұңғыш ғарышкері сапарға аттанып бара жатты…

Екі иығына екі кісі мінгендей алып тұлғалы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ қазақ елінің басшысына қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!» деп, баянат жасады. Бір кезде есеп басталды. Бір сағат, жарты сағат… бес минөт, бір минөт қалды…

Тоқаң зымыранға барып отырғасын люктардың бәрін тастай бекітіп, жауып тастады. Сонда ғана Тоқтар бұл жерден шыға алмайтынын, олай болса, қазақ ұлтының жүгін арқалап, бүкіл міндетін мықты атқару керектігіне тас-түйін бекініп, іштей бекем бекінді. 

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «…«Бір минөт қалды!..» дегенде, жүрегім дүрсілдеп, демігіп кетсем де, жылдам есімді жиып алып, жұмысқа кірістім. Кенет, бүкіл қорқыныш пен үрей – зым-зия болды. Командир: «Кеттік!» дегенде, менің айтқаным: «Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!!!»…

Тоқтардың осы сөздерінің бәрі жазылған таспа мұрағатта жатыр…

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «…Мен ғұмырында сескенбеген бірде-бір адамды білмеймін. Мен де пендемін, менде де үрей болды. Рас, ұшып жатқандар аз емес. Барғандары да бар, бара алмағандары және бар. Барып, оралмағандары да бар. Бірақ, менің бір әдетім, ұшақтың орындығына отырғанда, артық ойдан арыламын. Зымыранның кабинасына кіргенде, қалай болар екен, деп ойладым. Сонда менің жүрегімнің соғысы – 68, қан қысымы – 120/80 болыпты. Басқалардың жүрек қағысы 170-ке жетіп, қан қысымы жоғарылап кетеді екен. Дәрігерлер менің салқынқандылығым мен сабырыма таң қалды…

Еліміз әлі тәуелсіздігін алған да жоқ еді. Бірақ, соған дайындалып жатқан… Бір сөзбен айтқанда, бұл күн – менің бүкіл қазақтың намысы екенімді мықтап ұққан күнім еді!..»

Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің көкке самғауы – қазақ үшін отыз жыл алдыңғы, 1961 жылғы Юрий Гагариннің ғарышқа аттануынан бір мысқал да кем түспеді. Сол бір жүректер толқыған, шаттық шалқыған аса әсерлі сәттерде Н.Назарбаев: «Алғаш рет, өзіміз болып бірінші ғарышкерді сапарға шығарып салдық. Байқоңыр өзінің шын мәніндегі мақсатын бүгін орындады!..» – деді…

Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің ғарышқа сапары – мұқым мұсылман жұртының, бүтіндей түркі әлемінің, әрі қайсар қазақтың тарихындағы толағай оқиға болды. Қазақтың ғарышты бағындыруы – қатардағы сапар болған жоқ.

Бұл – жалпы адамзат баласының жаңа технологияларды дамытуын бір сатыға көтерген сапар еді. Арнайы «Қазақстан-Ғарыш» бағдарламасы – қолданбалылығы жағынан дүниежүзілік космонавтикадағы ең мықты бағдарлама болып танылды. Қазақстан Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Сұлтанғазин басшылық еткен қазақ оқымыстылары мен Ресейдің 300-ге жуық ғалымдары бірігіп, қоян-қолтық қатысқан ауқымды жұмыс жоғарғы нәтижелерін берді.

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «…Бұл бағдарлама – мен және Талғат Мұсабаев қана емес, барлық орыс, американ ғарышкерлері жұмыс істеген: медицина, биотехнология, геофизика, металлургия, тағы басқа көптеген салаларды қамтыған өте күрделі бағдарлама.

Канадада Георгий Гречка деген ғарышкер бірнеше қабатты пленкамен жердің спектральді анализін арнайы пленкада жасады. Мен Қазақстанның жер қойнауын сол үш пленкаға толтырып түсіріп әкелдім. Алғаш рет Аралдың табанынан ұшқан тұз сонау Қиыр Шығыстағы мұзарттарға түсетінін анықтадық. Теміртаудың түтіні Тынық мұхитқа дейін шұбатылып жететінін білдік…»

Аталған бағдарламаның аясында өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеулердің нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аумақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті…

…7 тәулік, 22 сағат, 12 минут, 40 секунд ғарыш кеңістігінде болған Тоқтар ӘУБӘКІРОВ «Тұңғыш қазақ ғарышкері» атанды. Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің экипажы 1991 жылдың 10 қазанында ғарыштан жерге ауыр оралды. Өйткені, стансадан бөлінетін шар-кабина қалыптағыдай болмай, Жерге төңкеріліп түсті. Шарды арнайы ұстайтын белбеу үзіліп кетіпті. Отыз жылдың ішінде мұндай апатты оқиға небары екі-ақ рет қайталанған екен. ӘУБӘКІРОВтің экипажы адамзат тарихында апатты оқиғаның екіншісі болып құжатқа қатталды.

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «…1986 жылы сынақшы-ұшқыш ретінде әскери ұшақты «Тбилиси» бірегей крейсеріне қондыру сәтінде 250 шақырым жылдамдықпен келе жатқан ұшақтың ілгекке ілініп қалт тұра қалу кезінде желкеме зақым келген болатын. Салмақсыздық жағдайында бұрын сынған, шытынаған сүйектің жарығы босап, ажырап ауырады, дейді дәрігерлер…

Қанша жылдан соң, аса білгір бір қытай дәрігері менің зақымданған мойын омыртқамен ғарышқа барып келгеніме қайран қалып, сенбей қойғаны бар…

Ғарышқа ұшар кездегі командиріміз Сан Саныч Волков та аса тәжірибелі маман еді. Ал, біз Жерге қонған күні біздерді қалаға алып келіп, медициналық комиссия тексеруден өткізгенде, Франстың да, қайтқан кезеңдегі басшымыз Анатолий Павлович Арцебарскийдің де қан қысымдары төмендемей қойды. Бір ғажабы: дәрігерлер менің бірқалыпты жүрек қағысыма «өте жақсы» деген баға қойып, таң-тамаша болды…»

Ұлы далада туып, буыны бекіген; тұлпар мініп, сұңқар ілген, «Әкем – Көк Тәңірі-Тұңғиық Аспан, Анам – алтын құрсақ Ұмай-Ана» деген кешегі көшпендінің кіндігінің – зәулім Көкке, заңғар Әлемге, көрпесі құпия тылсым-түнекке, мүлдем меңіреу тіршілікке қадам басқандығына иланудың өзі қиын…

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің ғарышқа ұшуымен қатар, қазақтың да намысы оянып, еңсесі көтерілді. Тоқтар Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға құлшына кірісті…

…Тұңғыш атану – жұмыр басты пенденің екеуінің біріне бұйырмайтын қымбат тағдыр! Әспеттеуді де, әсірелеуді де қажет етпейтін табиғи талант, таудай бақ!..

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «Батырлық атақты көтеріп жүру үшін де – Батыр болу керек! Барлық «Батыр» атағын алған адамдар да дәл мен секілді жауапкершілікті жүрегімен сезінетініне кәмілмін. Олар да ет пен сүйектен жаратылған ғой. Бірақ, нағыз батыр болғың келсе, халықтың ойынан шығуың керек. «Құдайдың жолы – құлшылықсыз болмайды» дейді, бұл менің Отаным, менің ата-бабамның жері, ол қорғауды қажет етеді…

…Бүгiн көптеген азаматтар ата-бабалары арасынан кiлең батыр iздейтiн болды. Қай жерге бармаңыз, сол өңiрдегi жiгiттердiң аталары батыр болып жатады. Бiз бiлетiн де – батыр, бiлмейтiн де – батыр. Мен «бәлен батырдың, түген батырдың ұрпағымын», дей алмаймын. Тек, қаз дауысты Қазыбек би бабамның ұрпағы екенiмдi айтамын…

Мен өзімді аса бақытты жандардың бірімін, деп есептеймін. Жолым әрдайым ашық болды. Сынақшы-ұшқыш болуыма Дінмұхамед ҚОНАЕВ көмектесті. Ғарышқа ұшуыма Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мүмкіндік жасады…»

Бұл аз ба? Қаз дауысты Қазыбек бидің қай қазақтан тақиясы тар, кемелдігі кем?. Қазыбектің қазіргі қадірменді жалғасы, қазақтың аэроклубтан әрі аспаған асыл арманын айлы аспаннан бір-ақ шығарған Тоқтар ӘУБӘКІРОВ қазақ пен алашты былай қойғанда, Жер-Ананың кіндігінен толық ажырап, мүлдем жат жаратылыс-дүниесіне тіке тартқан тұңғыш қазақ, бірінші мұсылман, ең алғашқы түркінің баласы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы!

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ – жер бетіндегі мұсылман мен түркінің маңдайындағы жарқыраған жарық жұлдыз!!!

Бесінші ерлік: Намыстың тілі…

«Егер менде намыс болмаса өз Ана тiлiм – Қазақ тiлiн үйренбес едiм.      & nbsp;      …Анасынан қашқан адамнан қандай жақсылық күтуге болады?!     &nbs p;      &nbs p;      Өз тiлiнен безген жанды мен адам ретiнде санай алмаймын.»

…Тоқтар дүниеге «екі мәрте келген» азамат. Өзі «екінші туған жерім» дейтін Қызылорда топырағынан Мәжіліс депутаттығына сайланды. Бірақ, сол кезеңде мансап қуып, дүние жиған, кеудесі лас, пейілі тар базбіреулер Тоқтардың басқа облыста туылғанын бетіне таңба қылып басқысы келді…

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «Менің туған жерім, кіндік қаным тамған жер Қарағанды облысы екені рас. Бірақ, мен ғарышқа Байқоңырдан ұштым ғой. Менің жаңа паспортым бар! Менің мекенім – ғарыш, тұрағым – Қазақстан, туған жерім – Байқоңыр.

Мен аспанға ұшып, аман-есен оралғанымда, табаным осы қасиетті жерге тиді. Ана жаққа барып қайтқан адам жаңадан туған сәбидей емес пе?!. Сонда менің бұл жерге жаттығым қайсы? Біле білсек, қазаққа осы қазақтың жерінің бәрі – туған жер емес пе?!.»…

Тоқтардың ғарышкерлігі ұлтымыздың нағыз мақтанышы болды. Қазақтың рухы көтерілді, сана-сезімі марқайды, ұлттық намысы нығайды.

Байқоңырдан екі бірдей қазақ оғыланы ғарыш кемесімен жер шарының шекарасынан асып келді. Тоқтар ағасының ізін басып, арада үш жыл өткенде, Талғат Мұсабаев та ел мерейін үстемеледі.

Әлемнің алдындағы, қазақтың тарихындағы осынау орыны орасан, беделі батпан қос батырымыздың арасына кейбір көркеуде-көреалмастардың пендешілікпен от тастағысы келетіні қынжылтпай қоймайды…

Сөз жоқ, қазақтың тұңғыш ғарышкері – Тоқтар ӘУБӘКІРОВ. Халықты алдай алмайсың, тарихты да, уақытты да кері бұра алмайсың. Ақиқатқа қиянат өтпейді. Сірә, біздің қос қыранымыздың алып айбары – Байқоңырда үрлеп ішіп, шайқап-төгіп отырғандардың, бәлкім, басқа да ғарыш әлеміндегі бәсекелестердің мысын басып, мерейін кеміткен шығар…

Талғат Мұсабаев – ғарышта үш рет болып, жылға жуық Жер шарын айналып ұшқан ерлігі үшін «Гиннестің рекордтар кітабына» енген елеулі батыр. Талғат Мұсабаев – ашық ғарышта ұзақ жүруі жағынан әлемде екінші тұр! Кеменің сыртына шығып, темір жіпке байланған скафандрмен секун­дына 7 км жылдамдықпен ұшу сәтін көз алдыңызға елестете аласыз ба?!. Егер жазатайым иненің жасуындай ғана ғарыштық қоқыс тап келсе, адам айтқысыз апат болады. Мұның өзі қазақ халқының ортақ жетістігі ғана емес, Талғат Мұсабаев сынды нағыз сарбаз саңлақтың ерен ерлігі!!!

Қазаққа керегі: жат елдің мамандарына, бөтен жұрттың адамдарына кіріптар болмай, өзіміздің қара көздерімізге ғарышты игеруді үйретіп, жоғарғы кәсіби деңгейлерге жеткізу…

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «Қазақ өкiметiнің ғарышқа қатты көңiл бөлгенi абзал. Әлбетте, қазақ аман болса, ақын да, әншi де шыға бередi. Қазақ табиғатынан ақын әрi әншi халық қой. Сондықтан, бүгiнгi күнi бiзге ғарышқа көбiрек үйiр болғанымыз дұрыс. Ендi бiздiң Ұлттық ғарыш агенттiгi әлгi мектептi қолға алатын шығар деп үмiттенемiн.

Қазақстан ғарыштық мемлекеттер санатына кiрдi. Осы арқылы бiздiң елдi халықаралық қауымдастық технологиялық ел ретiнде қабылдады. Америка мен Еуропаның Қазақстанға деген ескi, тұрпайы көзқарасы өзгердi. Екiншiден, өзiмiз өз бетiмiзбен ғарышты зерттей бастадық. Қашан ғарышта Қазақстанның жақсы жер серiгi болады, сол кезде бiздiң ел биiк технологияға қол жеткiзе алады…» 

…Он бес жыл бұрын Түркияда «Жаңа ғасыр – миллениумға үндеу» науқаны ұйымдастырылды. Науқанға 12 мыңдай хат жолданыпты. Соның ішінде Ататүріктен бастап, түркі әлемінің барлық атақты ұл-қыздарына арналған хаттар бар екен. Ыстамбұлдың 11 жасар тұрғыны Байрам Кая түріктен шыққан болашақ тұңғыш ғарышкер Тоқтар ӘУБӘКІРОВке арнаған хатында: «Сіздің арқаңызда түркі халқының көп жылғы арманы, Түркияның тұңғыш Президенті К.Ататүріктің «Болашақ – авиация мен ғарыштың еншісінде» деген ұлы арманы орындалды» – деп жазыпты..

Науқанның комиссиясы түрік халқының ішінен Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің есімін таңдайды. Анкараға арнайы шақырумен келген үлкен жиында Түркияның Байланыс министрінің орынбасары Тоқтарға Ататүріктің өз қолымен салған үлкен маркасын табыстап тұрып: «Сіз бүгіннен бастап, Түркияның тұңғыш ғарышкерісіз!» – деп, құрмет көрсетеді…

…О баста, осыдан 20 жыл бұрын Тоқтардың: «Байқоңырды өзіміз игеруіміз қажет» дегені – әулиелік өсиеті көрінеді, қазір…

ТОҚТАРДЫҢ ӨЗІ: «…Аса маңызды бір жәйтті мықтап есімізде ұстауымыз керек. Ғарыш дегеніміз, бұл – жаңа технология. Қазір ІТ-ақпараттық технологиялар заманы. Ол күн сайын өсіп, өзгеріп тұрады. Бір орында тоқтап қалмайды. Байқоңырды қазақтар түбі толығымен игеретініне менің еш күмәнім жоқ!»

…Тоқаң кезінде Алматы қаласында мектеп ашып, бiлiктi мамандар тартып, балаларға тәлім беруді бастаған болатын. Сол мектептiң оқушылары әлемдiк деңгейдегi көптеген олимпиадаларда жоғарғы жетістіктерге жетті. Осынау баянды бастамаға үкiмет ықылас танытып, өзiнiң негiзгi басым бағыттарына қосса, қазақтың келешектегі ғарышына жасалған құтты қадам болар еді.

Авиациясыз әскер – қауқарсыз әскер. Ол – қанатсыз құспен тең. Кең-байтақ даласы бар Қазақстан үшін мұның сипаты мен сапасы айрықша…

ТОҚАҢНЫҢ СӨЗІ: «Мойынына жауапкершілікті алу – үлкен кісілік. Өз басым жасымнан еңбекпен өстім. Ал, авиацияда әдеттегі бір жыл – екі жылға есептеледі. Оның үстіне ғарыш саласының өлшемі мүлдем бөлек. Әрқашанда шешімді өзің жеке қабылдауың керек.»

Расында, кәрі тарихтың тарам тармақтарында нағыз қазақ өзінің қырандық қастерлі қасиетін талай дәлелдеген. Мәселен, қадым заманнан бері байдың малын баққан қазақ жалшының өзі баймен бiрге дастарқанда қатар отырған. Малшы болса да, басын байдың алдында имеген. Бұл – қазақи тәлім-тәрбиенің күретамыры еді.

ТОҚАҢНЫҢ ӨЗІ: «…Менің балаларым бар, «Не ексең, соны орасың» дейді ғой, әйелім екеуміз жақсы балалар өсірген шығармыз, қазір жемісін көрудеміз…»

Тоқаңның үлкен ұлы Тимур «әке көрген оқ жонып», ұшқыштықты қалапты. Қай жылы Тимурға Американың атышулы “Боинг” фирмасы қызмет ұсынады. Айлығы мол, болашағы зор лауазым. Екінің бірі шыдас бермейтін ұтымды ұсыныс.

Бірақ, біздің Тимур бауырымыз әкесіне: «Байлық қуып, мәнсап көксеп, әрбіріміз айдалаға кетсек, Қазақстанды кім көтереді?!.» – деп, ұсынысты қабылдамай, қазақ топырағында қалыпты. Ақылы дариядай кең, сөзі семсердей өткір бабаларымыз: «Қыраннан – қыран туар жарқылдаған!» – дегенді, әсте тауып-ақ айтқан ғой…

…Әйткенмен, бүгінгі таңда қарапайым қазақи тәрбиенің де «қабырғасы сөгіліп», қадірі тая бастағанына қынжыласың, кейде. Қазір жап-жас көкөрім жiгiттiң алдында ақсақалдар құрақ ұшып, масқараға ұшырауда. Неге десеңіз, жігіттің ақшасы артық, немесе дөкей тірегі бар, тым болмаса, лауазымды қызметтің иесі.

Бүгін қайсыбір арсыз-ұятсыз мырқымбайлар ақша мен байлық, билік пен мансап үшiн арын сатуға бейім. Олар намыстың табиғатынан бейхабар.

Намысы жоқ, ары лас, рухы сынған сандалбайлар қазақтың тілін қажет көрмесе, қазақтың тұңғыш ғарышкері өзінің аспанмен астасқан атақ-абыройына, бедел-биігіне қарамай, қазағының тілін таза үйреніп шықты… 

ТОҚТАРДЫҢ СӨЗІ: «…Егер менде намыс болмаса өз ана тiлiм – қазақ тiлiн үйренбес едiм. Үйренемiн деп өз-өзiме серт бердiм. Мен қазақпын! Өз ана тiлiмде ойламасам, мен кiм болғаным?! Бұрынғыдай басқа тiлде сөйлеп, сол тiлде ойланып жүре берудi өзiме ар санадым.

Бiреу менiң жеке басымнан сөз асырса, оған намыстанбаймын. Менiң намысым басқа. Өз ана тiлiмде сөйлемегенiме намыстандым! Қазақ та өзгелер сияқты әскери ұшақты, ғарышты игере алатынына намыспен көз жеткiздiм. Қазiр қазақтың намысы осындай болуы керек. «Бiреу менi бiр ұрды, оған намыстанып, оны екi рет ұрдым» деген намыс емес. Адам алдына мақсат қойса, оған жетуге болады. Елге келген соң, қазақша бiлмейтiнiме қатты намыстандым. Күнде өз-өзiмдi тәрбиеледiм.

Құпиямды айтайын: мен қазақ тiлiн өлең арқылы үйрендiм. Кейiнгi жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тiлiн де үйренсiн, бiрақ, ең бiрiншi қазақ тiлiн – өз ана тiлiңдi бiл. Қазақша үйренгiсi келмейтiн қазақтарды өз-өздерiне қарсы адамдар деп санаймын.

«Маған қазақ тiлiнің керегі жоқ, орысша сөйлей беремiн» деген адамдарды көп кездестiрдiм. Жарайды, өздерi солай iстесiн. Бiрақ, олар ата-бабаларын өзгерте алмайды ғой. Айналайын, сендер ата-бабаларыңды, аналарыңды өзгерте алмайсыңдар. Ал, анасынан қашқан адамнан қандай жақсылық күтуге болады?! Өз тiлiнен безген жанды мен адам ретiнде санай алмаймын. Бұл намыстың арқасы. Біле-білген жанға тіл дегеніміз – намыс. Мен – намысты бірінші орынға қоятын жанмын…»

Бұл – нағыз намысшылдықтың өнегесі, ұлтшылдықтың үлгісі. Жаратқан Иеміз пендесіне талант пен бақ бұйыртса, телегей-теңіз молынан нәсіп қылады екен. Ғарыштың заңғар шегіне жетпей-ақ, қара топырақтан табаны ажырамаған әрбір өзекті пенде, қоңыр қазақ алатұғын ғибрат!

Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің ғарышқа ұшқан күні – 2 қазанды – қазақтың Ғарыш күні, Қазақстан ғарышкерлерінің күні етіп бекіту орынды шешім болар еді…

Астанадағы Ақорда алаңына немесе Бәйтеректің маңайына Тұңғыш қазақ ғарышкерінің бюсті тұрғызылса, елдігіміздің ерен белгісіне, ынтымағымыздың мызғымас ескерткішіне айналар еді… 

ТОҚАҢНЫҢ ӨЗІ: «…Тәуба, халқыма мың рахмет! Қай жерге барайын, құрақ ұшып қарсы алған халық. Айдалада тұрсам да, маған ас әкелiп бередi. «Бiр ауылға барсам, барлық үйге кiрiп шығуым керек» деп жанымдағыларды асықтырып жүремiн. Мұндай құрметке жеткендер аз да, жетпегендер миллион. Тек, «Тәуба!» деймiн. Халқым аман болса, менiң қадiрiм өмiр бойы жойылмайды…

Бүкіл ТМД-да 70 жастағы азамат ғарышқа әлі ұшқан жоқ. Менің бүкіл қазақ халқына өтінішім: Алла қаласа, 70 жасқа келгенімде, күллі қазақ жиналып, мені ғарышқа жіберіңіздерші…»

Жетпісінде мұқалмаған жасын жігер, қайтпас қайрат, қазақы намыс – нағыз нар-намыс болар…

***   ***   ***

Адам ата мен Хауа ана ұрпағының данышпандары пен кемеңгерлері мыңдаған жылдар мәңгілік ғаламның құпиясына құлақ түріп, зейін қойып, шемім-жұмбағын сабыла іздеп келеді…

Сырлы сахарада жалғанның есігін қағып, кітап ашып, жұлдыз санаған; сүйікті пайғамбарымыздың жасына жеткенде, жарық дүниені талақ тастап, қара жердің өзегіне түскен; қазып алған қылует құтханасында жұмақтың сегіз есігіне телміріп-тесіліп, тәспі тасындай тізіп 4 мың 4 жүз хикмет құраған Құдіреттің құлы, Шығыстың шамшырағы, Дін-Исламның ізгі-жарығы Құл Қожа Ахмет: «Тұранның оттай ыстық желі бөтен…» – деп, құйқылжыта жыр төкті. Сол тәкәппар Тұранның текті перзенті Тоқтар ӘУБӘКІРОВ те әсте тегін адам емес. Сырбаз сопының мақамын тың толғам, жаңа кеппен кестелеп: «Тоқтардың оттай ыстық жөні бөлек…» – деген әбден жарасымды-ақ…

 

Жөні бөлек болатыны – біз бен сіз бөтен планетаның, жат дененің, құпия әлемнің топырағын басқамыз жоқ. Жер-Анамыздың кіндігінен қадым ажырамадық. Жалғыз Хақ Тағалымызға аян һәм жақын сыры беймәлім ешбір ғаламды ойша да елестете алмаймыз…

Тоқаңның орны басқа, жөні бөлек болатыны: Тоқтар ӘУБӘКІРОВ қазақтың ішінде немесе күллі түркінің арасында ғана емес, әлемдегі мұқым мұсылман баласының – нұрлы Пайғамбарымыз хазыреті Мұхаммед (с.а.у.) үмбетінің – ең тұңғыш ғарышкері!

Тоқтар – басқа дүние-планетаға табаны тиген тұңғыш мұсылман-мүмін! Тоқтар ӘУБӘКІРОВпен қалың қазақ та, иісі түркі де, дүниежүзінің миллиардттаған мүмін-мұсылман қауымы мақтана алады!

…Кіндік кесіп, кір жуған туған топырағына кезекті бір сапарында әңгіме айтып тұрған Тоқтар, кенет сөзін үзіп, төбеден жыпырлап төнген жұлдыздарға тесіле қарап қалады. Тапжылмай, өте ұзақ қарайды. Маңайындағы адамдардың  мойындары ауырып, көздері талып кетеді. Әудем уақытта ғана Тоқтар: «Қайтқым келеді! – дейді, зәулім көктен жанарын үзбей. – Мұнда не бар? Бәрі лас… Керемет ана жақта ғой!..»

Кім біледі, Тоқтар ағам да әлемнің атақты ғарышкері Армстронг тәрізді тым-тым биіктен, тым-тым зәулімнен тек қана Азанның дауысын естігенін есіне алды ма екен?!.

…Тоқтар ағамыз ғарышқа аттанарда бодан болған қабырғалы қазағы – қайтып оралғанында бостан ел, еркін жұрт атанды. Бұл тылсымға таңданбасқа, бұл ғажайыпқа таңдай қақпасқа болмас…

ТОҚТАРДЫҢ СӨЗІ: «…Алла Тағаланың осындай шешімі шығар. Ұшып кеткенде анандай едік, келгенде, мынадай болдық. Тәубә, өз жерімнен ұшып кеттім, өзімнің жеріме келдім, өз жерімде бірінші болып отырғаныма!..

Ғарыштан қарағанда, жер – ауа мұхитының түбінде жатқан моншақ сияқты, өте сұлу, нұрланып тұрады. Ғарыштан жерді көргенде жүрегім дүрсілдеп, бүкіл жерді құшақтағым келді. «Махаббат» дегеннің не екенін, сонда түсіндім. Біз сол сұлулықты бағаламай, қадірлей алмай жүрміз. Жердің қойнауын қаздық, ағашын отадық, қоқыспен толтырдық… Ғарышкерлер қайтып оралғанда, жерге жата қалып, топырақты сүйеді. Мен де сөйттім. Сондықтан, айтатыным: Жерді сақтаңдар!..»

Үлкен сөз, ірі тұжырым. Ғарышкер ғана жан-тәнімен сезініп, пайымдайтын пікір…

Әркімнің айрықша талғамы, жеке толғамы, өзіндік таңдауы болады. Бұған құрметпен қарауымыз керек. Жалпыға жылыстай бермей, жекенің таңдауын қадірлейтін мәдениеттілік деңгейі қажет. Орасан ойлы Бабыр бабамыз: «Көңілімнен жақын – дос таппадым, Жанымнан жақын – жар таппадым» – деген екен, Тоқаңның ой-орманы таудан асып, парасат-пайымы шыңды басып, зәңгір көкке шарықтаған шығар-ау…

Бір ғана мәселе – Әубәкіров феномены ешқандай партияның деңгейіне сыймайды. Әубәкіровтің бір басы – бір партиямен тең тұлға! Ғарышты бағындырған тұңғыш қазақтың заңғар биігінен төмендеуіне болмайды…

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ – мұсылманның ішінен, түркінің баласынан, қазақтың арасынан Тәңірдің өзі таңдаған тұңғыш ғарышкер пендесі! Хақтың шешіміне, Тәңірдің кесіміне кім қарсы тұра алады!..

Сұңғыла саналы хакім Абай айтыпты:

Абұйыр, атақ сол жанда –

Кімді көп жұрт мақтаса.

Ол мақтаудан не пайда,

Көп мақтауын таппаса?..

ТОҚАҢНЫҢ ӨЗІ: «…Мен емес ғарышқа ұшқан… Мен денемді апардым. Қазақ ұшты. Қазақтың рухы ұшты. Олай болса, мен неге қазаққа қарсы келуім керек?..

Не айтады қазақ – сол болады. «Керексің» десе, керекпін. Қуанамын. «Болды, уақытың бітті…» десе, оны да енді мойындаймын. Қиын болса да, жүрегім жарылса да, көтеремін. Бүгінге дейін өкінбеймін. Бір өкініш жоқ…»

…Шерлі Шәкәрімнің Мәжнүні былай депті: «Әр ақылды адам әлемнің қиын сырын түгел аша алмайды. Әрбір көз шын махаббат нұрын көре алмайды. Ләйлінің анық нұрын көрем десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен ойласаңыз, білер едіңіз…»

Тірінің – қадірін, ірінің – қарымын пайымдай алсақ, бізде де өкініш болмас еді…

 

Мыңжан БАЙЖАНИН,

Алматы қаласы

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button