ГүлжазымТаңдаулы

ЖҰПАРЫНАН ИІСКЕТКЕН — ГҮЛ ЖИЫРМА БЕС…

Өсер елдің өркені….

«Жұпарынан иіскеткен – гүл жиырма бес…»

Ордалы оңтүстікте айтыскер ақын Біржан Байтуовтың «Бізден де өтер жиырма бес» атты шығармашылық кеші болып өтті. Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың он бесінде бас болғанын ескерсек, Біржанның балбұл жанған жиырма бесі – тұяғы болат тұлпардың бабына келген дер шағы; қанаты қатқан сұңқардың шырқауға ұмтылар ұлыс кезеңі…

ХIХ ғасырдағы қазақтың ән өнерінің саңлағы һәм сөз сезгері Біржан салдың ерек есімін сүткенжесіне берген марқұм әкенің үміті, ақжаулықты асыл ананың ақ сүті ақталды…

Кештің шымылдығын адуынды айтыс ақындары Балғынбек Имаш пен Айбек Қалиевтер арнау жырларымен түрді. Біржан екі жақтан демеп тұрған арда ағаларының ортасына келіп,«пай-пай, жиырма бес»-ті өлеңге қосып, қос ішектен төгілте жөнелді:

 

Сағымдай көз алдымнан сырғиды елес,

Жастықтың ауылынан жылжима, көш.

Қыраубас қартыңды да қызықтырған,

Басымда менің қазір жыл жиырма бес.

 

Серік етіп желпінген қызды ауылды,

Біреулерге шертілген сыр жиырма бес.

Серілікпен өткізген түз дәуірді,

Біреулерге пері мен жын жиырма бес.

 

Жүрекке иман дәнін еккеннен соң,

Мен үшін шұғылалы нұр жиырма бес.

Енді соған сай өнер көрсетпесең,

Кімге керек қауқарсыз құр жиырма бес?!.

 

Бұтағынан жемісін үзіп беріп,

Жұпарынан иіскеткен гүл жиырма бес.

Менің де маңдайымнан көшесің-ау,

Талайды тамсандырған бұл жиырма бес.

 

Кеңтынысты көркем кеш ақынның өлеңіне жазылған сырлы әндермен жалғасты. Елге танымал Гүлнәр Сиқымбаева, Жарылқасын Дәулетов, Бағлан Әбдірәйімов, Айдар Байжанов, Заттыбек Көпбосынұлы, Асқар Жүнісбеков, Ахат Кенжебаев, Наркенже Серікбаева секілді бір шоғыр жұлдызды әншілер ақын Біржан Байтуовтың өлеңіне жазылған есті әндермен тыңдарманының құлақ құрыншын қандырып, сазды әуенмен сусындатты. Біржан Байтуовтың сөзіне жазылған Жарылқасын Дәулеттің «Қартым мешітке кетіп барады» әнінің тұсауы «Заман» тобының орындауында кесілді.

Айтыскер ақындар Сара Тоқтамысова мен Қажымұқан Абзаловтың жарасым тауып,жүректі жылытқан «Қыз бен жігіт айтысы» кештің көрігін қыздыра түсті.

Жиырма бестің жұпарлы жазирасына жайраңдап жеткен айтыскер ақын Біржан Байтуов бір сәт қазақтың марқасқа тұлғалары Әлихан Бөкейханның,Мағжан Жұмабайдың, «Біржан сал» аталып кеткен Біржан Қожағұлұлының, Шоқан Уәлиханның т.б. ардақты аталарынаң өнегелі өмірлері мен мағыналы мұраларын тілге тиектеп, осынау орасан шаруаларға небәрі жиырма бес жастың төңірегінде түрен салғандығын тебірене сөз қылды.

Қоңыр қарапайымдылығы тереңіне тартып, толғамды түйіні жүректі тербеткен біразы маржан жырларымен желпіген жас дарын қазақтың тар жол, тайғақ кешкен тарихын бірнеше киелі көшке теңеп, төл тұжырымымен бөлісті:

«Бірінші көш – мемлекет құру жолында Керей мен Жәнібекті бас қылып Қозыбасқа елдіктің қазығын қағуы. Екінші көш – Ақтабан шұбырынды жылдары Арқадан ауа көшіп, Қаратауды басып өтіп, Сырдың қалың қамысын паналауы.Үшінші көш – «Ата-бабамыз аманаттаған атамекенімді доңыздың табанына таптатпаймын» деп, Кенесарыны хан сайлап, азаттық үшін алысқан баһадүрлердің амалсыз Жетісуға қарай жылысуы.Төртінші көш – қанды көш, қасіретті көш: 1930-1932 жылдары ашаршылыққа ұшыраған қазақтың жат елдің тауы мен тасын паналап, шетелге босуы. Бесінші көш – азаттық көші. Қазақ тәуелсіздік алғаннан кейін қиын-қыстау кезеңдерде шекара асқан қандастарымыздың атажұртына қайта оралуы. Алтыншы көш – рухани бостандық көші. Ғасырларға созылған бодандық қамыты үзілгенімен, санамыз құлдық санадан толық айығып кете алмады. Осы бір құлдық санадан айығу үшін рухани сілкініс жасап, Елбасымыздың ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы–ұлтымызды бостандыққа бастаған ұлы көш, деп білемін .Жетінші көш – бұл әлі болмаған, болары хақ көш. Бұл –адамзатқа ортақ көш. Ақырет күні махшар алаңында есептер алынып, таразылар тартылып біткеннен кейін кәпірлер мен имансыздардың тозаққа тасталуы. Ізгі мұсылмандардың мәңгілік мекен жәннатқа көшірілуі»– деді алаштың ақмаңдай ұлы ағынан жарылып…

Жиырма бесті жырлаған жайсаң кештің әсері зор, рухани құндылығы мол болды. Иманға шөлдеп, иланға ермек мұсылманның мерейі өсіп, мәмлесі бекіген жиынның жылы сәуле, ізгі ықыласы жүректі жұмсартып, жанды бір шайқап-тазалады…

Рас, «Жүрекке иман нұрын сепкенненсоң,

Мен үшін шұғылалы –нұр жиырма бес!» деп, дүркірете жырлап, күркірете қол соққызған айтыскер ақын Біржан Байтуовтың беташар белесі әрі биік, әрі берекелі екендігін көрсетті.

Жырлаған жағың талмасын, басыңнан бағың таймасын, алаштың арқалы ақыны!

 

 

Гүлжазым ТҮРКІСТАНИ,

Шымкент қаласы

2017 жыл.

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close