ТаңдаулыТүркі жұртында

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Майталман ұстаз                                                       

Сыр өлкесі – жыр өлкесі, ақындар мен жыраулардың топырағы. Талай дүлдүлдер мен бұлбұлдарды түлеткен өңір. Әсіресе, соңғы екі ғасырда туған Ешнияз жырау, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Шегебай жырау, Жиенбай жырау, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған жырау, Бұдабай ақын, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Таубайдың Жүсібі, Даңмұрын жырау, Сейітжан ақын, Тұрмағамбет секілді шайырлар күллі қазақтың мақтанышы. Қызылорданың бір ғана Қармақшы аймағынан жүзден аса жырау шыққанын тарих растайды. «Сырға барсаң жыршымын деме…» деген халық мақалы осыған меңзейді. Қара домбыраның шанағынан жыр мен күй төгілткен тарпаңдардың тұяғын басқан бүгінгі буын да жоқ емес. Айталық, Сейдахметтің қызы Гүлбахрам. Әңгімеміз де сол туралы өрбімек.

Кейіпкеріміз 1979 жылы қазанда қасиетті де шежірелі топырақтағы Жаңақорған ауданы Бірлік совхозында дүниеге келген екен. Тәй-тәй басып, тұлымшағы желбіреген шағынан ұлттық аспаптың үнін естіп өскен ол өнерге әуестігін ерте-ақ байқатыпты. Енді ше, анасы бесігін әлдиімен тербетті, атасы төрдегі үкілі ескі домбырасын жиі қолына алатын. Салалы саусақтарымен әлдебір қоңыр әуездерге салып, жорта шертетіні әлі есінде.

Сұлтанбек Қожанов атындағы №55орта мектептің қабырғасында жүргенде де білім ошағындағы бірде-бір мәдени кеш Гүлбахрамның қатысуынсыз өтпеген. Ауыл қарияларынан үйренген күйлерді орындағанда тыңдаушысын бейжай қалдырмайтын. Қағысы жинақы, қабілеті зор бұрымды қыздың өнері талайды «әп, бәрекелді!» дегізген, еріксіз таңдай қақтырған. Сондықтан да 1996 жылы орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, құжаттарын бірден Қызылорда қаласында орналасқан музыка колледжіне тапсырды.

Таланттың табаны тайқы кетсін бе, оқу орнының сынақ-емтихандарынан сәтті өтіп, студент атанды. Сол тұстағы уақытша тоқырау жылдары елдің еңсесін біршама езгілегені есімізден шыққан жоқ. Өнер тұрмақ, өз басын күйттеген жұрт «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткендей-тұғын. Алайда, уақыттың бұл сыны Гүлбахрамның да, оның ата-анасының да үмітін үзген жоқ. Болашақ мамандығынан адалдық танытқан бойжеткен ғасырлар тоғысында – 2000 жылы дипломын абыроймен қолына алды.

Оқытушы, оркестр әртісі деген мамандықты еншілеген ол сол жылы-ақ көршілес Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласында орналасқан С.Бәйтереков атындағы балалар саз мектебіне домбыра сыныбының мұғалімі болып жұмысқа орналасады. «Ел енді ғана етек-жеңін жиып, еңсе тіктеген тұс емес пе? Десе де, өнерін ұлықтаған жұрт басына қандай күн туса да құндылығынан баз кешпепті. Бойымен бірдей домбыраларын арқалаған бүлдіршіндердің талайын ата-аналары қолдарынан жетектеп әкеліп, маған сеніп тапсырып жатты. Мен олардың алдындағы жауапкершілігімді анық сезіндім. Көптеген шәкірттерімді тәрбиеледім. Алайда, бір ой үнемі маза бермейтін. Ол – қалай болғанда да білімімді шыңдау», деп ағынан жарылды кейіпкеріміз өткенін есіне алып.

Әлгі ой Гүлбахрамды алға жетеледі, мақсатына ұмтылдырды. Араға алты жыл салып Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетіне түседі. Білдей білім ордасын 2009жылы «Аспаптық орындаушылық» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасын толық меңгереді. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен музыка (Халық аспаптары) бакалавры біліктілігі және БАКАЛАВР академиялық дәрежесі беріледі.

Міне, содан бері де он жеті жыл сырғып өте шықты. Гүлбахрам Әуелбекова қанша дарынды таныды, қанша домбырашыға жөн сілтеді, жол көрсетті. Сондықтан болар, қалалық білім беру бөлімінің 2013 жылғы 19-маусымдағы №461 бұйрығына сәйкес мамандығы бойынша домбыра пәні мұғалімі жоғары біліктілік санаты таңылды. Бес жыл бойы С.Бәйтереков атындағы балалар саз мектебінің Қазақ ұлт аспаптар бөлімі меңгерушісі қызметін атқарды. С.Бәйтереков атындағы мұғалімдер оркестрінде домбыра аспабында және оркестр әншісі болды. Ал бүгінде «Киелі саз» оқушылар фольклорлық ансамблдің жетекшісі және «Көктем» бөбекжай балабақшасында саз жетекшісі. «Фольклорлық ансамбль жетекшісі болу дегеніңіз – жай ғана домбыраның шегін қағып-қағып, соған тоқмейілсу емес. Ол үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді. Мәселен, ел тарихындағы өнер тұлғаларының қазынасынан молынан хабардар болу қажет. Әрбір күйдің, әннің тарихын зерделеп, саралап, таныстыра алу керек. Ұлт мәдениеті мен әдебиетінің қайнарына тереңнен сүңгіп, інжу-маржанын тани алатын қасиет қажет-ақ. Ал бұл бүгін-ертең атқарыла салатын шаруа емес, ұзақ та қиын және қызықты іс», дейді Гүлбахрам.

Өнер өкілінің жетістіктерін тізбектесек те біраз дерекке қанығамыз. Оның шәкірттері мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Өзі «Ақ көгершін» атты үздік педагог дипломымен марапатталған. Жас музыканттардың XXXXVI облыстық байқауының, облыстық «Ұрпақтар сабақтастығы – дәстүр жалғастығы» кешінің Алғыс хаттарын, қалалық білім беру бөлімінің, VII қалалық «Жыл шебері» фестивальінің грамоталарын бірнеше мәрте алғаны бар. «Тұғырың биік болсын, Қазақстаным» атты қалалық терме және қазақтың дәстүрлі халық әндері додасында Кентау қаласы әкімінің қолынан диплом алған.

VII Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарға оқушыны үздік дайындағаны үшін облыстық басқарма басшылығы тарапынан еңбегі ескерілді. «Өнерлі отбасы» сайысында отбасын бірінші орыннан көрсетсе, «Біз естімеген бір ән, бір күй» облыстық байқауында тағы үздік деп танылды. «Елді бір мақсат,бір мүдде, бір болашақ үшін» шарасында «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Гүлбахрамның мәртебесін бір көтерді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы меркесіне орай өткізілген композитор Ә.Қонысбековтың шығармашылығына арналған «Өнерім – өмірім» атты қалалық байқауда кейіпкеріміздің жетекшілігіндегі «Киелі саз» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, екінші орынды еншіледі.

Кентау қаласы мәслихат хатшылығы Г.Әуелбекованы «Майталман ұстаз» деп бағалады. Онымен қоса, көптеген қалалық,облыстық байқауларда ән, жыр, терме жанрлары бойынша бақ сынап, сән мәрте қанжығасы майланған. Қалалық келіндер сайысында «Үлгілі келін» атанып, бас жүлдеге ие болғаны кейіпкеріміздің отбасы, ошақ қасында да өнегелі екенін аңғартады. Үлгілі келін демекші,  ақ босаға аттаған жері «Қонысбековтер» әулеті де өнерден құр алақан емес. Кезінде «Қонысбековтер жанұялық ансабльі» құрылып, шетел асып біраз дүркіреген. Жолдасы Арман сол ансамбльдің белді мүшесі болған азамат. Қыз баласы қанша өнерлі болғанымен жолдасы қолдамаса өнерінің қанат жаюы екіталай дүние… Өзегін жарып шыққан балапандарын да өнерге баулуда. Тұңғышы Нұрислам — баянда, Дәулеті — саксафонда, қызы Аружан – пианинада шебер ойнайды.

«Балаларға қазақ әндерін, билерін үйретуден, халық әндері мен күйлерін дәріптеуден айрықша ләззат аламын. Менің бұл жер бетіндегі миссиям да сол сияқты. Осы қызметім арқылы ұлт құндылықтарын жаңғыртуға тамшыдай болса да үлес қоссам, мәртебемнің өскені деп білемін», дейді Гүлбахрам. Міне, бұл – ұстаз арманы. Оның іркілген тұсы жоқ, ұрпақты өнерге тәрбиелеуде үзіліссіз еңбек етіп келеді. Бағытынан таймаса, бағындырар асуы да мол болмақ.

Асқат РАЙҚҰЛ,

Кентау қаласы

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close