Қоғам және біз

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: «Үлкен істер үнсіз тындырылады»

Мұхамеджан ТАЗАБЕК:

 «Үлкен істер үнсіз тындырылады»

 

 Ауылдан шықпаған қазақ аз. Бүгінде ресми мәліметтер мен биліктің маңайындағылар «халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы» деген пікірде болса, еркінірек ойлы, желкендірек әрекетті қайым қазақ ауылдардың мүшкіл халіне қайғырып, қынжылады… Өзіңіз туып-өскен өңірдің тынысы қандай?

 

Халықтың хал-ахуалына байланысты жағдай салыстырмалы дүние ғой. Дамыған Еуропа елдері және әлемнің алдыңғы қатарлы Жапония, Германия, АҚШ сияқты елдерімен салыстырғанда әлі реттелмеген, әлеуметтік- тұрмыстық шешілмеген, қордаланған мәселелеріміз көп болуы мүмкін. Өзіміз қатарлы елдермен салыстырғанда ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Көп жағдайда қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді өзіміздің ойымызбен емес, сырттан естіген, сырттан таңылған ақпараттармен қорытып жатамыз. Мысалы, біреу бізге «жақсы» десе, жақсы дейміз, «жаман» десе, жаман дейміз. Ал, бірақ жақсы болуға «мен не істеп жатырмын», жаман болса «соны түзетуге менің қандай ықпалым болуы керек» деген ойды таба алмай жатамыз.

Көңілге алаң салатын  жағдай көпшілікке ортақ жалқаулық, еңбектен қашу, оңай жолмен табыс табуға ұмтылу, әке-шешеге масылдық сияқты психологиялық қадеттер толық жойылған жоқ. Екінші жағы бар, кейде «кризис» деген нәрсе адамдардың тың қабілетін ашады. Жаңа белестерге шығуына, ышқынып жұмыс жасауына себеп болады.  Сол тұрғыдан алғанда ауылдастарымның дайын асқа тік қасық болмай, еңбекқорлыққа бейімделіп жатқан ауылдастарымды атап өтпесем әділдікке жатпайды. Өзімнің ауылыма себеп болған бір дүнием, ауылдың орталығына мешіт салып, құдайы, ас беретін қажетті жабдықтармен қамтылуына мұрындық болдық. Ауылдан қолынан іс келетін адам болса іліндіріп жіберуге, жақсылықтарының жалғасып кетуіне себеп болып жатамыз. Ол да болса өз ауылымыздың рухани өсіп-өркендеуіне аз да болса қосып жатқан үлесіміз деп ойлаймын. Қасиетті Құранда да айтады: «Өзіңді өзгертпей, жағдай өзгермейді» дейді. Әр адам өзінің ішкі, сыртқы дүниесіне үңіліп: «Мен мына дүниеге жаралғанда бекер жаралған жоқпын, қолымнан бір тірлік келеді, мен де біреулерге қажет боламын ғой, менің де адамдарға шарапатым тиеді ғой» деген ыждаһаттылықпен ізденсе жай қарапайым адамның өзі қаншама адамға пайдасы тиеді.

 

 Марқұм ақын Фариза апамыз:

«Асау ғасыр! Іріні үгіп демің,

бара жатса сөнердей үміттерім,

мен тілеймін күңкіл мен ұсақтықтан –

сақтағай деп қазақтың жігіттерін!» – деген екен. Бүгінгі тіршіліктің қиындығы, күнкөрістің ауырлығы, адамның рухани азуы, құндылықтардың өзгеруі – елдің жігіттерін ұсақтатып жіберген жоқ па?

 

Жұрттың бәрі өзіне қатысы жоқ әлемдік саясатпен, саяси шешімдермен  бастарын ауыртып жүреді. Бұл отандастарымыздың саяси сауатты болмасын деген сөз емес, саясатпен белсенді болып басыңды ауыртып жүру бір бөлек, сауатты болу бір бөлек. Мәселен, аталарымыз мал бақса, малының қам-қарекетін жасайтын. Отбасында бала тәрбиелеп отырған ана әуелі сол баласының қас-қабағына көп көңіл бөлетін. Ал, қазір біз бала-шағасынан гөрі теледидардағы кейіпкеріне көбірек уайымдайтын әжелерді көріп отырмыз. Отының басындағы әйел бала-шағасының жағдайын жасағаннан гөрі айдаладағы қолынан келмейтін іске күйіп пісіп жүрген ағаларды көреміз. Сол себепті әлеуметтік тұрмыстық жағдай салыстырмалы жағдай. Соғыс кезінен кейінгі апа-әжелерімізді алып қарасақ ең көп бала тапқан аналар екен. Таласпай, тартыспай соғыстан кейін адамдар бір-бірінің, тыныштықтың, тыныш отырып ішкен бір тостаған тамақтың қадірін біліп, бала-шағасын өсіріп, пейілін кеңге салып, еңбекқорлыққа бейім болған екен. Соғыстан кейінгі кезді салыстырғанда адамдардың бала-шағасын асырағаннан бөлек байып кетуге мүмкіндігі мол. Көп жағдайда біз өзіміздің жалқаулығымыздан, кертартпа-қырсықтығымыздан, сөзқұмарлығымыздан көрмейміз, басқаларға жапсыра салғымыз кеп тұрады. Иә, жоғары төменде әртүрлі кемшіліктер бар шығар, бірақ ол қай елде жоқ? Дамыған елдердің өзінде қаншама кемшіліктер мен кедергілер бар шығар. Сондықтан Фариза апамыз айтқандай күңкіл мен ұсақтықтан сақтағай қазақтың жігіттерін деп өте керемет тілеген. Себебі, ер азамат атына сай болу керек.  Не үшін ер жігіттер бір-біріне сөйлегенде «қатынсың ба?» деген сөзді айтады. Ол деген сөз табиғатында әйел  адамның сөзінен айнып кетуі, көңілдің құбылмалы болуы, әсершіл, сезімге жақын болуы ол әйел адамның табиғаты. Ал, еркекке әлгінде айтқан сөзінен тайып кетіп, көңілі көтеріліп тұрып, қайтадан түсіп кетіп, түсіп тұрған көңілі аяқ астынан өзгеруі жараспайтын қылық. Ол әйел адамдарға жарасады. Ал, еркекке мұндай қасиеттер жараспайды. Ер адам бір сөзді, уәдесінде тұруы керек. Еркек адам сезімнен гөрі суық ақылға көбірек салмақ салу керек. Сондықтан шынында Фариза апамыз тілесе тілегендей, қазіргі уақытта осы ер азаматтардың қай салада болмасын «кесектігі» азайып бара жатыр. Тіптен әскер қатарына қабылданған кезде жасөспірімдердің қашқақтап жүруі нені білдіреді? Немесе бір алғашқы отбасылық салмақты көтерген кезде сабыры жетпей жауапкершілікті толық арқалауға тәуекелі жетпей жатады. Бейнеттен, еңбектен қашады. Сол құбылыстың барлығы не нәрседен туындайды? Ондай жігерсіздіктер мен майдалықтар, ол жеген тамақтан, естіген ақпараттан, қабылдаған әртүрлі қоғамдағы руxани азғындықтардан туады. Әрине, ыңырсыған сыбызғыдай созылып ішкі дүниеңді былбыратып, былжырата беретін бір әуезді әндерді тыңдаудан да еркектің қажыр-қайраты, айбыны қайтады немесе еркектік айбарыңды   жаратылыс табиғатың да, атадан жеткен геніңде жоқ, оны тіптен бұзатын ішкілік пен астарды ішіп жеп, содан кейін өзіңе керек емес видеоларды көріп, керексіз ақпараттарды қабылдағаннан кейін ол ер азаматта бір шынайы емес, бұлдыр сипат пайда болады. Сөйтіп ол отбасының егесі, біреудің інісі немесе ағасы болғаннан гөрі, өзіне жараспайтын қылықтардың егесіне айналады. Сол нәрсенің бәрі Фариза апамыз аңсап отырған еркектік кесектіктен, кісіліктен, түсініктен алыстатады. Сондықтан, ер азамат нағыз ер болуы үшін Нұртуған жырау бабамыз айтқандай, «Жігіттің артық, абзалы, бір Аллаға сенеді». Әуелі бір Алласына сеніп, екінші еңбегіне сүйенсе, өмірде көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Жақсы отағасы, жақсы дос, табысты кәсіпкер болуға болады.

 

Жаңа заман, жаңа заңның дәуірі – өз тәртібінің қазығын қағып, дегенін істейді. Сол Фариза ақын тағы бірде: «Қазақ пен қазақтың арасында жазылмаған заң болуы керек» деген еді, шынында, бәрін заңмен шешу мүмкін бе?

Иә, біз Тәуелсіз ел болған жылдары дайын тұрған заң жоқ, көптеген заңдардың негіздері әлемдік өркениеттен, әсіресе, дамыған батыс елдерінен алынды. Соларға қарап біздің заңдарымыз жазылды. Ол өзгерістерге түсіп жатыр. Оның кейде біздің табиғатымызға келетін және келмейтін тұстары да бар. Ақсақалдың ақылы мен ағайын-туыстың кешірімімен шешілетін мәселелер кейде сотқа барған кезде керісінше адамды түзеуге емес,  адамгершілікті күзеуге кетіп қап жатыр. Сондықтан, жалпы қазақтың дала мәдениетінде кешегі отырықшылық пен көшпелі өмірдің заңдылықтарын қабыстыра ұстаған қазақ үшін жазылмаған заңдар көп. Олар сертке беріктік, сөзге тоқтау, кісінің көңіліне қарау, кісілік туыстық байланысты үзбеу. Қандай да бір абыройлы адам болса, соның сөзіне тоқтау, үйге келген қонағыңды «құт» деп қабылдау, бұйымтай сұраған адамның көңілін жықпау деген секілді. Тіптен, «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Ол тек қана қыздарды басып-жаншып, құқығын таптау деген сөз емес, ол бұрындары орташа есеппен бір ауыл қырық үй болып отырған. Яғни бір үйдің қызы бой жетсе, соны қырық үй боп соның арын, абыройын ойлап, жақсы қыз болып бойжетуіне жан-жақтан септігін тигізіп, өз үйінің қызындай қызғанып, жақсысы болса жегізіп, әдемісі болса кигізіп, бөтен сұқ көзбенен сұм ниеттілерден, сұм пиғылдардан сақтау үшін айтылған сөз еді. Осы сияқты жазылмаған заңдар бар. Майқы би айтқандай: «Табалдырықтан асқан тау жоқ, ағайыннан асқан жау жоқ болар қияметтің алдында» деді. Қазір шынында да табалдырықтан асқан тау жоқ, бір подъезде тұрып, бір-бірімен араласпайтын қанша көрші бар. Бірінің үйінде не болып жатқанын білмейсің. Өйткені, әлгіндегі табалдырықтан аттап өте алмайсың. Бір-біріңмен араласудың өзі ерсі болып көрінуі мүмкін. Ағайын ағайынның жағасынан алып жатыр. Сондықтан Фариза апамыз айтқандай, қазақтың арасында жазылмаған заң ол ең бірінші бір-бірімізге деген мейріміміз болу керек. Ол ауызбіршілікке алып барады. Бір-бірімізге егер мейірімді, кешірімді болып, жанымыз ашып, соған тілектес болып, соған «жақсы болса екен» деген ниеттің үстінде болсақ, сол ұрыс-керістен, көп дүниеден араздықтан сақтап, бізді ауызбіршілікке апарады. Ал, ауызбіршілік болған жерде береке де, нәтиже де, жеміс те барлық дүние бар. Сондықтан, қазақ кез-келген уақытта қазаққа бүйрегі бұрып, ет жүрегі елжіреп тұру керек. Батыстың қазағы шығысқа, шығыстың қазағы оңтүстікке, оңтүстіктің қазағы орталық қазақстанға. Өйткені, бір тудың астында, бір шекараның ішінде, бір мүдденің аясында, бір көшбасшының, бір Елбасының саясатының жүйесінде кетіп бара жатқандықтан біздің бөліп жаратын ешнәрсеміз жоқ. Қазақтың бұндай басы бірігіп, көші салтанатты болған кезі кемде-кем. Сондықтан осы бір кезеңге шүкіршілік айта отырып, қазақ ең бірінші жазылмаған заңы қазақ қазаққа әлгі Сабыр ақын ағамыздың айтқан сөзі бар ғой, «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей. Ол әр қазақ менің жалғызым деудің ар жағы не, әр қазаққа мейірімің түсу керек. Әр қазаққа «болса екен» деп тілектес болып тұруың керек. Айтыста айтқан бір өлеңім бар еді:

«Көршіңіз байып жатса қуаныңыз,

Қуанғаннан намысың құламайды.

Себебі сізге бөліп бермесе де,

Қол жайып ештеңкеңді сұрамайды».

Ең құрығанда көршің байып жатса, оның саған салмағы түспейді ғой. Сенің дуалыңның бір шетін тұрғызып кетеді,  ең болмағанда сенің дарбазаңның алдына да су сеуіп кетеді ғой. Сол айтқандай көршіңіз байып жатса да қуанған жақсы, ағайынның аты озып жатса, оған шаттанған жақсы.  Қазақ пен қазақ ортасындағы ең бір жазылмаған заң бір-біріне деген мейірім мен жанашырлық. Осы нәрседен айрылмаса ол көп жақсылықтардың бастауы болады.

 

 «Идеологияның жоқтығы да – идеология» дейді. «Ұлттық идеологиямыз қай бағытқа бет алды?» деген сауалға не дер едіңіз?

 

Елбасы бізге өте көптеген негіздерді алдымызға қойып берді ғой. 2030 бен 2050-ге дейінгі дамудың түрлі тетіктерін айтып берді. Біз өкінішке орай мына бір сөзді ұмыта береміз «Ең жаман құл өзінің құл екенін білмейтін құл» деген. Біз ойлаймыз 1991 жылы Тәуелсіздік алумен құлдықтан толық құтылып кеттік деп. Иә, біз Тәуелсіз ел болдық, бірақ ұзақ уақыт құлдықта болған жылдардың зұлматы менен салдары ол біздің сары сүйегімізге сіңіп кеткен. Біз тоқсан бірге дейінгі күндерімізді қасіретті жылдар деп есептейміз, тоқсан бірден кейін жыл қалай өзгерсе, ту қалай өзгерсе, шекара қалай өзгерсе, біздің болмысыз да солай өзгеріп кеткен сияқты сезінеміз кейде. Олай емес қой. «Құлды бәрекелді өлтіреді» деген. Руxымызды көтеріп, еңсемізді тіктеу үшін айтылатын көтермелеу сөздер, «боп қалдық» дегенді білдірмейді ғой. Сол себепті де біз толық жағдайды сезіне алмай, көп нәрсе талап етеміз. Біздің ішкі-сыртқы дүниемізде әлі өзгермеген қаншама қасаң қалдықтар бар, қанша аяғымызға тұсау болып отырған қылықтар мен қасиеттер бар. Қазақтың осы уақыттағы ахуалына сәйкес ұлттық идеология жүріп жатыр. Ол мүлде жоқ деп айта алмаймын. Қазақ «Келісіне қарай келсабы», «Барымен базар» дейді. Біздің қазіргі рухани ахуалымызбен ішкі, сыртқы жағдайымызға сәйкес өзіндік ұлттық идеологиямыз бар, бірақ біз өзімізді әлі де құлдықтан толық құтылмаған тазару үстіндегі ел екенімізді толық мойындамағандықтан шынайы аxуалды ұмытып кетіп, кейде мынау Тәуелсіздіктің таза саф ауасына тұншығып қалып жатамыз. Эйфория болып, мас болып қап артық ауыз сөздер айтып жатамыз. Сондықтан бізге «Шықпа, жаным, шықпа, иә Құдай» деп осы тыныштықты, осы берекені пайдалана отырып, ұлттың сәт сайын мысықтабандап болсын алға жылжығанын біз «жетістік» деп бағалай білуіміз керек. Мысалы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» деген үлкен бағдарламалық мақаласында Елбасымыз бізге көп бағыттарды, негіздерді ашып айтып берді. Ол бағытта да жұмыс жасалынып жатыр.  Әлгі «тілі шықпаған баланың былдыры, саяз судың да сылдыры бар» дейді ғой, сол сияқты әр халықтың өзіне тән ұлттық идеологиясы бар. Қазіргі біздің ұлттық идеологиямыз осындай. Иә, ол идеология мүмкін тасынып тұрған адамның көзқарасымен қарағанда ойдан шықпауы мүмкін бірақ, шынтуайтында идеология бар. Бұл жұмыс жасалынып жатыр. Бұл ұлттық идеология қазіргі қауымды сәт сайын болсын ел болуға, етек-жеңін жинауға жәрдемдесіп жатыр.

 Қазіргі күні қазақтың жалғызілікті, салт басты, сабау қамшылы қыз-жігіттері көп. Қырықтан асқан, тұрмыс құрмаған қыздар саны артты. Ал, «2025 жылға дейін 20 миллионға жетейік» деген ұраншылдық та белең алды…

Біз санымызды көбейтіп, сапамызды арттырғымыз келеді. Бірақ бұл жердегі мәселе тағы да сол мәселені толықтай мемлекетке арта салуға бейім тұруымызда. Бірақ, үлкен мемлекеттің өзі  кішкентай мемлекеттен құралады. Ол — отбасымыз. Жалпы қыздардың уақытысында тұрмыс құрмауы бірінші кезекте сол қыздың әулетіндегі ер азаматтардың нашарлығы мен әлсіздігінен боп есептелінеді. Себебі, ер азамат мықты болса, отбасын  бүтіндей қадағалап, толық басқарып отыра алады. Ондай еркек кез келген уақытта қыз балаға қандай тәрбие беру керек, қыз бала үшін ең бірінші құндылық не, екінші маңызды не, үшінші маңызсыз не сол нәрселердің барлығын уақытында әйелі арқылы қыздың тәрбиесіне сіңіреді. Сол арқылы ол қыз баланың өмірдегі ең маңызды функциясы, атқарар абыройлы шаруасы «ана болу» екенін қыз балаға кішкентайынан сезіндіріп өсірсе, тұрмысқа шықпаған қыздардың саны дәл қазіргідей болмас еді. Сондықтан бұл отбасында сол қыздың қамын, болашағын ойлайтын, соған шынымен жаны ашитын ағалардың, әкелердің жетіспегендігінен бұл мәселе бірінші кезекте. Екіншіден, қоғамдағы ер азаматтардың жауапкершілікті сезініп, қыз балаларға  уақытысында қанатын жайып, бақытты болып кетуіне бас көз бола алмағандығынан. Ер азаматтар мысалы кешегі Шона Смаханұлы, Темірбек Қожакеев секілді намысты, қамкөңіл болса ғой. Ол ағаларымыздың көптеген әңгімелері әлі есімде. Мысалы «журфакқа» қыздар оқуға келген кезде Қожакеев айтады екен «Ей қыздар, тұрмыс құрыңдар, сендерден журналист шықпайды, бірінші кезекте күйеуге тиіп, бала табыңдар, ар жағында кәсіп керек болып жатса, кейін көресіңдер» деп. Қазір қоғамда сол сөзді айтатын адам қалмады. Қожакеев секілді сол сөзді біреу айтса, естіген адам экстремистік сөз айтып жатқан сияқты, радикалды бір идеологияны жүргізіп жатқан сияқты көрінетін деңгейге жетті. Яғни, менің басында айтып отырған әңгімемнің мазмұны сол. Әуелі әулетте, екіншіден қоғамда сондай тұлғалы, кесек азаматтар болады, олар қызға не керек екенін біледі. «Қыз қызмет етпесін, қыз қоғамға араласпасын» деген нәрсе жоқ. Ол дінімізде де, салт-дәстүрімізде де қамтылған. Қыздар жаугершілікте де жігіттерге көмектескен. Қыздар қаншама тірліктің шырайын кіргізген, қаншама істің көзін тапқан. Кәсіпті де дөңгелеткен. Тіптен рудың атымен аталатын қаншама қастерлі, қасиеті Алашқа ұран болған аналарымыз өмірден өтті. Бірақ, біз маңызды мен маңызсызды ауыстырып алмауымыз керек. Негіз деген нәрсе болады. Кез келген қыз баланың, әйел адамның ең бірінші функциясы ұятты, арлы, абыройлы ару болып, пісіп тұрған кезінде аналық кезеңге өтіп кетуі. Біреудің тағдырына жазылады, біреуге сынақ жазылады. Бірақ, әрбір қыз баланың негізгі ойының ар жағында сол табиғи талаптың сұранысы жату керек қой. Сондықтан да мен осы қоғамдағы тұрмыс құрмаған қыздардың көбеюін сол қыздар үшін жауап беретін жігіттердің жігерсіздігі мен тұғырсыздынан, тұлғасыздығынан деп айтар едім. Үшіншіден, жігіттердің өзі үйленуге асығатын емес. Мысалы қазір «Бас екеу болса, мал екеу болады» деген қағиданы ұмытып, батыстық көзқарастағы «өзім үшін өмір сүрем өзімнен артылса, өзімнің жауапкершілігіме алам» деген түсінік қалыптасты. Ол біздің ойымыз, ниетіміз бұзылды деген сөз. Сондықтан жігіттердің де, қазір отбасын құруға асықпауы, ол жүріп қалған жігіт ертең жағдайы болған кезде де біреу үшін жауапкер болғысы келмейді. Ол да қалай болса солай, қалай алды солай жібере салады. Сондай жағдайлар өте көп кездесіп жатыр.

 

 Сіздің мемлекет басшысымен бірнеше мәрте жолыққаныңызда Елбасымызға тікелей өзіңіздің тарапыңыздан айтқан ұсынысыңыз болды ма?..

 

Менің  Елбасымен қалаған кезде кездесіп тұратындай құзіретім жоқ. Бірақ ақын болғасын, қолыңда қара домбыра болғасын ондай сәттер боп тұрады. Жас кезімнен айтыскер ақын болдым, саxна төрінде ондаған темір көлік міндім, танымал болдым, Президенттік оркестр (ол кездегі «Ұлан» гвардиясының) құрамында 7-8 жыл қызмет еттім. Яғни, кез келген Президент қатысатын іс-шараларда арнау айтатынмын. Кейін де мынау «Рухани жаңғыру» бойынша көптеген телеарна, ақпараттық сала бойынша жұмыстар атқарып жатқан кезде әртүрлі форумдар мен басқосуларда Елбасымен кездесіп қап жаттық. Сол кездерде ол кісінің даналығына, нағыз үлгі алуға тұратын тұлға екендігіне сан мәрте көзімді жеткіздім. Ата дінімізде, ғұлама ғалымдардан қалған бір қағида бар, көңілге берік ұялайтын бір заңдылықтар бар. Ол: біздің қоғамдағы өкінішке орай жоғалып кеткен, қазіргі кезде ел мүлде ұмытып кеткен қағида. Жалпы, бір мемлекетте немесе ел басқарып отырған Елбасының алдына барып, ол кісімен қандай да бір мәселе жөнінде ақылдасқан адам болса, ол оны бұқара халыққа шығып айтуына болмайды. Айту пайда бермейді. Өйткені, дініміз істің ақырына дейін жеткенін, берекелі болғанын қалайды. Оны мақтанып қайтеді? Насиxаты мен ұсынысы қолдау тауып, ел игілігі үшін іске асса болды емес пе? Немесе айтқаным орындалмады, деп, көпке шағымданады ма? Одан не шықпақ, кімге не пайда?  Көп жағдайда Елбасының алдына сондай бір құзырлы, абыройлы адамдардың кіріп жатқанын бәріміз естиміз, олар көптеген елдің жағдайларын жеткізіп жатқанын да, айтып жатқанын да білеміз. Бірақ ол нәрселер сол күйінде жалпы жұртқа жария бола бермейді. Оның қоғамға жетуі де шарт емес. Ең бастысы дұрыс шешімдер қабылданса болды. Себебі ондай кездесудегі әңгімелер ашық баяндалса, ол сан-саққа жүгіртіліп, пайда бермейтін талқылаулар мен түбі жоқ дау-дамайға айналып кетеді. Көбінде үлкен іс тындыратын адамдар үндемей жүріп тындырады. Әйтпесе, «жүк көтермейтін нар бақырауық келеді» дегендей, кейбір айқайшыл адамдардың артында көп шаруа біте бермейді. Аллаға ерекше шүкіршілік ететінім, Алла бізге ерекше Елбасы сыйлаған. Ел мен Елбасының арасына әділдік, мейірім, қанағат пен терең сенім тілеймін.

 

«Адам тастан – берік, гүлден – нәзік» қой, нендей нәрселер түн ұйқыңызды төрт бөледі?..

— Әрине, бірінші  кезекте кез келген саналы адамның уайымы болады. Абай атамыз өзінің қара сөзінде не нәрсеге уайымдайтынын  қазақ үшін бізге бір айқын сызылған карта сияқты тастап кетті. Қазақтың уайымы неде? Қорқамыз өзімізден кейінгі балалардан немесе жаңағы еңбегін сатпай, көзін сатқандардан уайымдайтынын айтты. Ұлдың ұлағатсыздығына, қыздың қылықсыздығына уайымдады. Сол сияқты менің де ең  үлкен уайымым ол бірінші кезекте «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп қазақ айтқандай Құдайдан қорықпайтын адамдар көбейіп бара жатқандығы. Ал, ондайлар көбейсе, Құдай риза болмайтын іс көбейеді. Ал, ондай істер көбейсе, Құдайдың қаһарын шақыруымыз мүмкін. Алланың азабы жаууы мүмкін. Бірінші кезекте содан қорқам. Одан кейін әрине, мынау жаһанданудың жаман үлгілері мен жақсы жақтары да бар. Енді оның жаман үлгілері бізге ғана емес ол бүкіл әлем халықтары мен дүние мемлекеттеріне әсер етіп жатыр. Бізден де алпауыт, ықпалды, қаржысы мен әлеуеті күшті елдерге әсер етіп жатыр. Соның ішінде енді Қазақстанға да әрине қазіргі уақытта интернет шыққалы бері өте көптеген қажетсіз, біздің ұлттық негізімізді бұзатын, ұлттық индивикатциямызды құртатын, бізді ұлт ретінде ұйыстырмайтын көптеген қажетсіз ақпараттар қаптады. Сол себептен де көптеген жастардың бойындағы күнә, әртүрлі келеңсіз әрекеттер де жасарып бара жатыр. Аборт жасату деген бұрын 20-дан асқан қыздарда кездессе, қазір енді бойжеткен қыздардың бойынан көрініс беріп жатыр. Ұлдардың да жігерсіздігі, отбасын ұстап тұра алмауы немесе қоғамда тұлға ретінде танылып, өзінен бөлек көпке шарапатын тигізіп жүретін кесек тұлғалардың азайып бара жатқандығы, қай салада да мәдениет, ғылым, спорт, өнер саласында да тұлғалардың азайып, жәй пайдасы да зияны да жоқ адамдардың көбейіп бара жатқандығы көзімізге көрініп жатқан дүние. Менің уайымдайтын нәрсем, өзі бір қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірінің қадірін білмейтін, біреудің жанын жаралап, жүрегін ауыртса соған уайымдамайтын тасжүрек адамдарға айналып бара жатқандығымыз. Біз өзі түгілі өзінің ұрпағы да жеп тауыса алмайтын дүниені жинап, бірақ соның қызығын не өзі де, не өзге де көрмейтін ит пиғылды адамдарға айналып бара жатқанымыз уайымдатады. Біз сондай қызыл-жасыл, жарқ-жұрқ еткен дүниелермен уақытты өткізіп, ғылым-білімге, ақылды адамдардың сөзі мен Пайғамбарлардың пайымына қажеттілігі туындамайтын, оны сезінбейтін ұрпақты тәрбиелеп жатқандай көреміз. Біз қазір мал екеш малдың өзін таңертең үйден шығарда бір түгендейсің, кешке қораға кіргенде бір түгендейсің. Біз ең құрығанда сол балаларымыз кешке келгенде «Қайдан келді? Қандай халде келді? Не істеп келді? Таңертең қайда бара жатыр?  Кімді жақсы көреді? Кімді жек көреді?» —  деп, оның жан-дүниесіне үңілмейтін ата-анаға айналып бара жатырмыз. Осы нәрселердің барлығы уайымдатпай қоймайды. Бүкіл қоғамдағы жемқор жегіш немесе көпке пайдасы тиетін көсем де сол отбасынан негіз алады. Отының басынан негізі қаланбаған адам ол қанша жылтырап көрінсе де ертең оның арты ашылып жатады. Отбасынан жаман тәрбие алған адам, ол бәрібір негізіне тартпай қоймайды. Атам қазақ айтады ғой «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай бір қоймас негізге» дейді. Ол негіз тек әулет, отбасының тәрбиесі. Сол негізде берілген нәрсе ол бәрібір оның алдынан шықпай қоймайды. Иә ол абыройға жолықтырады, иә болмаса пендені  қор қылады. Сондықтан қазақ баласына Алаш ұрпағына әуелі имандылық, екінші мейірім, үшінші ауызбіршілік, төртінші еңбекқорлық, бесінші білім-ғылым, алтыншы осының барлығын басын біріктіріп ұстап тұратындай ақыл парасат тілеймін.

Өзіңіз тізгінін ұстаған «Асыл арнаның»  тыныс-тіршілігі туралы бірер сөз…

— «Асыл арна» басында ашылғанда ол діни-ағартушылық арна болып ашылған. Сосын, 4-5 жыл жұмыс жасап қоғамды зерттей келе, мұны рухани-танымдық және отбасылық-ағартушылық арна деп қайтадан концепциясын бөлек қарастырып қазір солай құрдық. Өйткені көптеген жоғарыда айтқан барлық проблемалардың бастауы отбасындағы тәрбиеден шығады. Қоғамдағы көптеген қатыгездіктер мен жантүршігерлік жағдайлардың бастауы ол рухани тазалықтың жоқтығынан болады. Осы нәрселерді қалпына қайтару үшін әрекеттенсек деген жолдағы адамбыз. «Асыл арнаның» ең басты мақсаты — қазақ мұсылман халқының бойында ұйықтап жатқан, бұғып жатқан ұлы қасиеттерін түртіп ояту. Қазаққа сырттан әкеп дін үйретудің, оған тықпалап жанын жаралап немесе оның желкесіне жүк салудың қажеті жоқ, қазір қазақтың қаншама ғасырлар бойы дін мен салт-дәстүр мен ұлттық тәрбие, отбасылық құндылықтармен сіңген қасиеттері бар. Бірақ ұйықтап қалды. Кешегі Кеңестік кезең тіпті кейбір тамырларымызды қиып, өлтіріп жіберді, сол нәрселерді қалпына келтіріп ояту. Ал қазақта сол ұлы қасиеттер оянса, әлемде көптеген жамандыққа төтеп беретін, көптеген жақсылықтың алдында жүретін ұлтқа айналамыз.

«Тәлім тренд» деген бағдарламамызда бұл заманауи тәлім-тәсілдерді қолдана отырып, адам үшін, қазақ үшін ең қажетті болған қарапайым тақырыптарды қамтимыз. Ұлылық қарапайымдылықта деген сияқты ұлттың бойына да қажетті дүниелер сол қарапайым нәрселерде жатыр. Мысалы, қыз балалар кейде ойлайды «тұрмысқа ар-ұятыммен шықпасам да болады ғой, онда тұрған не бар» дейді. Иә, шынында да ол бір тамшы қанда тұрған ешнәрсе болмауы мүмкін, бірақ ол бір тамшы қан сенің өміріңнің бүкіл берекесін ұйытатын қан болуы мүмкін. Ол бір тамшы қан сенің анаңның көз жасына ұласуы, сенің болашақтағы дүниеге әкелетін ұрпағыңның бүкіл тегін, қасиетін өзімен бірге алып кететін қан болуы мүмкін. Сол себептен сол қыздың бойындағы ары, ұяты болған секілді әрбір отбасында, әрбір қазақ баласында сондай бір қарапайым қасиет болады. Әкенің батасы, ананың ақ тілегін алу, ағайынның әрдайым көзінің алдында болып, қиыншылығына болысып, жақсылығына көрісіп жүру деген сияқты қасиеттер  былай қарағанда қарапайым. Ағайынның тойына бара алмай қалу, жақындарының жаназасына қатыса алмай қалудың ар жағында көзге көрінбейтін, нәзік жіптермен байланып тұрған берекенің көздері бар. Содан айрылып қаламыз. Міне осы нәрсенің елге, жұртқа сезіндіру үшін біз осы «Тәлім трендті» ашқанбыз. Халықтың қабылдауы жаман емес, тіптен басқа телеарналардан да сол бағдарламаға сұраныстар түсіп жатыр.

 

Ойлы оқырманға не айтасыз?

Оқырмандарымызға айтарымыз, адам баласы төрт нәрседен сұралмайынша ертең Құдайдың алдына барғанда аяғы алдыға жылжымайды. Ол не? Біріншіден жастық шағын, жастық қуатын, жастық мүмкіншілігін қайда жұмсадың? Содан сұралады. Екінші уақытыңды қандай нәрсеге жұмсадың? Үшінші дүниені қайдан таптың және төртіншісі оны қайда жұмсадың?  Демек, сол төрт нәрсесіне бекем болған адам бұл дүниеде де бақытты, берекелі өмір сүреді. Арғы дүниеде де бақытты берекелі өмір сүру үшін Алланың алдына барғанда сұрағымыз жеңіл болып, мәңгілік жәннатқа жанымыз жарқын жүзбен кіру үшін осы қасиеттерге бекем болып, осы құндылықтардың қадірін білу керек. Ғылым-білім жинауға, еңбек етіп, кәсіп үйренуге, адам болуға, кісі тануға, жұртпен араласуға сол арқылы өзіңе негіз қалауға тырысқан жөн. Ал енді уақытың болса, ол уақытыңды адамдарға жақсылық жасауға, Құдайға құлшылық қылуға, өзіңнің тұлғаңды жетілдіріп, көптеген жақсылықтармен әшекейлеуге тырысу керек. Ал, одан бөлек мал-дүние тағдырымызға жазылып қойған қанша ризығымыз бар. Оны адал жолмен іздеуге тырысу керек және адал жолмен келген дүниені ұялмайтын, сауапты жолға жұмсауымыз керек.

Сұхбаттасқан Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

 қараша, 2017ж

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close