Түркі жұртында

КЕНТАУҒА КӘСІБИ ТЕАТР САЛЫНСА…

 

Қарт Қаратаудың жотасынан орын тепкен, кезінде кіші Швейцария, қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов «Қаратау тәжі» деп атаған кенді қала Кентау бүгінде күн санап көркейіп, құлпырып келеді. Әрине, бұған себеп, кезіндегі тоқырау заманнан кейін Елбасының жарлығымен «Моно қала» қатарына еніп, қайта гүлденуі, екінші бір кезеңі Түркістан қаласы облыс орталығы болып, Кентаудың аудан орталығына айналуы.

Әрине, осы уақытқа дейін  Кентау  қаласы  қаншама табыстар мен жетістіктерге жетіп, кезінде кенімен рекорд жасап, әлемге танылған. Десек те Кентау қойнауы кенге ғана емес өнер майталмандарына да бай.

Бұл мекеннен қазақтың дарынды композиторы С.Байтереков, ДосМұқасан ансамблінің мүшесі Д.Сүлей, театр сыншысы Ә.Сығай, ҚР Халық  әртісі, театрдың режиссері әрі көркемдік жетекшісі Р.Сейтметов, ақын Р.Балабиев, композитор Б.Сердәлі т.б. көптеген өнер тұлғалары шықты. Бұл ағаларымыздың ізін жалғап келе жатқан ортаңғы буын аға-әпкелеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай жетерлік. Әуесқой сазгер, ақын Жұпаркүл Бекшораева, әнші-сазгер Шырынбеков Ерғали, ҚР жарық жұлдыздары Еркін Маулен, Ақбота Сейтмаханбет, Қайрат Тунтеков және театр әртістері Нұржан, Ерлан Құлшынбаевтар, Нұржан Ізтаев, Жұлдызай Дуйсенбиева.

Көлемі де, халқының саны да ұлғайған  Кентаудан бұдан кейін де, жас өнерпаздар көптеп шығатынына сенімім мол және олардың  көбі үлкен додаларды бағындырып  сахналарда көрініп те жүр.

Елбасымыз ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында:«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің айрықша көріністерінің бірі» – деген еді. Мен, осынау Елбасының сөздерінен жоғарыда аталған өнер тұлғаларының туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін көрдім. Сонау 70 –жылдары музыка әлеміне жаңа српіліс алып келген Сейдолла ағамыз да өз туған жерінен музыка әлеміне қадам басқан еді. Театр сыншысы Ә.Сығай ағамыздың да туған жерге деген махаббатынан туындаған өлеңін Сейдолла ағамыз тамаша ән етіп қалдырды. Ол   «Кентауым гүл бағым» қазіргі таңда кенді қаланың гимне айналған тамаша ән. Сол секілді Әшірбек ағамыз  бен Райымбек ағамызға тоқталып кеткенімізде  жөн болар…

 

 

 

Бірі театр сыншысы, бірі өңіріміздегі актерлік мамандықтың негізін қалаушы. Бүгінде ағаларымыздың қаншама тәрбиелеген шәкірттері, бір-бір театрдың режиссері мен көркемдік жетекшілері, театр және кино саласының үздік актерлері.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2 қыркүйек күні  алғаш рет Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диолог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында мәдениет саласына және қызметкерлеріне көңіл бөлу керектігін, қолдау қажеттігін айрықша айтып өткен болатын.

Мәдениет – халықтың рухани жан азығы. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екендігі мәлім.

Құлақтан кіріп бойды алған тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлықты сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді.

Мен Ел Президентінің осы жолдауынан мәдениетпен қатар қызметкерлерініңде қолдау тапқанын көріп, өз кезегімде Тәуелсіз елдің азаматы ретінде, мәдениет саласының жас қызметкері ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлың жолдауын қолдайтынымды білдіргім келеді.

Бұл жолдау рухани даму жолында еңбек етуге қанат бітіргендей.

Біз мәдениет саласындағы жас буын Ұлы Қазақ Даласының ұлы мәдениетін ұлықтап сақтауға, оны кейінгі ұрапаққа насихаттауға бар күшімізді саламыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай бағытымыз – айқын, жолымыз ашық.

Күн санап  дамып келе жатқан шаҺар халқының да талғамы арта түсуде.

Жыл сайын көптеген ұлттық құндылықтарымыз бен  мәдениетімізді, салт–дәстүрімізді насихаттау жолында мәдени, саяси, мерекелік іс-шаралар мен қойылымдар, патриоттық бағдарламалар жасауда бір ғана мәдени ошақ жеткілікті деп ойлайсыз ба?! Әрине, жоқ. Көптеген шағын клубтар болғанымен басты ұйымдастырушы мәдени нысан Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайы ғана.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы ретінде қарастырған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында өткенін мақтан тұтып және бүгінді нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы – деген еді. Осы тұрғыда өткенімізді мақтан тұта отырып, ұлы мәдениетіміз бен салт – дәстүрімізді ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жолында өзіндік үлесін қоса алатын кенді қаланың төріне кәсіби театр ашатын және арнайы ғимаратын салатын уақыт келіп жетті. (Сол аталмыш театрға  театр сыншысы, мақтанышымыз Ә.Сығай ағамыздың есімін беруді ұсынамын.)

Адам іс-әрекетке көшу үшін «мақсат» қоюы керек, «мақсат» қою үшін «ой» құру керек. Алысқа арман-мақсатпен қараған «ойды» құп көріп, жолдаумен қатар қолдау табады деп күтемін.

Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Мыңбай Бақыт Өсербайұлы

 

 

.

 

 

Осы айдарда

Back to top button