Қоғам және бізТаңдаулы

БЕКЕННІҢ МАҚСАТЫ

Бекен өз кеңсесінің есігін еріне ашты. Асықпай ішке енді де кеңсені жағалай отырған қызметкерлермен жеке-жеке амандасып өтті. Өзі отыратын үстелде Ержан отыр екен. Бекенді көрген Біржан рұқсатсыз отырғанына ыңғайсызданып орнынан тұруға ыңғайлана бергенін көрген Бекен оны иығынан басты да «отыра бер» деген ишара білдірді. Кең бөлменің іші пластикалық қабырғамен екіге бөлінген. Төргі жағында бөлім басшылары отырады. Ішке қарай кірген соң бөлім басшыларымен сыпайы амандасып, төрдегіүстелде отырған Сержанның жанына барып тізе бүкті. Сержан көздерінің асты көлкілдеп тұрған Бекеннің үрпейген түрін көріп оның түнімен дұрыстап ұйықтамағандығын біле қойды.  Бастығы ымдаған соң Сержанның артына ілескен Бекен екеуі қосақтасып сыртқа қарай беттеді. Күнде тәңертеңгісін екеуінің іркес-тіркес далаға шығатын әдеті. Оған көздері үйренген қызметкерлер «қайда барасыңдар?» деп сұраған емес. Сыртқа шыққан соң қоқыс тастайтын жәшіктің қасында барып рахаттана тұрып темегі шегеді. Сырттағы әңгіменің төркіні де бөлек, көбіне өздері баратын қыздар жайын сөз етеді, қала берді бөлімдегі тынымсыз басшының мінезінің келіспей қалғандығын айтып жамандап алады. Әсіресе, бөлімдегі басшылардың өздеріне жақпайтын тұстарын айтқан кезде әңгіме қыза түседі де темекі қайта тұтанады. Ұнамайтын басшыларын  өсектеп сойып салған соң қайтара шеккен темекілері де соңғы атылған оқ сияқты таусылады, сонымен бастары салбырап жұмыс орнына қайта оралады.

Бүгін Бекеннің көңілін алаңдатқан басқа жәйт болатын. Жұрттан бұрын ертелеп жұмысқа келіп алған өзі мастығымнан айығайын деген оймен сөмкесін стол үстіне қалдырды да сыртта жүріп қайтты. Түнімен ішкен Бекен бүгін жұмысқа әзер жетті. Есін жию үшін сыртта серуендеп көп жүрді, буфетке барып шай да ішті, ішім майлансын деп пирожки де жеді. Көбірек сілтегеннен болар басының ауырғаны жазыла қоймады. Сержан екеуі темекі шегуге сыртқа беттеп бара жатқанда үстел үстінде жатқан сөмкесінің аузы ашық тұрғанын көзі шалды. Сөмкеге бір Ержанға бір қараған күйі Сержанмен ілесіп шыртқа шықты. Темекі тартып тұрып өз-өзінен Ержанға кіжінді. Кеңселері жаңадан жасақталып жатқандықтан бөлімдегі бірлі-екілі қызметкерлерге әлі үстел мен жазу құралдары тие қоймағандықтан Ержан мен Руслан уақытша босаған үстелдерде отырып жұмыстарын істеп алатын. Жаңа үстелдер келгенше осылай амалдап жатқандықтан олардың босаған орынға отырғанына ешкім ренжімейтін. Бекеннің ренжігені үстел үстінде тұрған сөмкесінің аузының ашық қалғандығы көңіліне күдік ұялатты. Рұқсатсыз неге менің заттарымды ақтарады деп ашуланып тұр. Ішке енген бойда сөмкесін стол үстінен жұлып алған Бекен Ержанның оқыс бас көтерген таңданысына да қарамай, қабағын ашпаған күйі бөлім басшылары отыратын бөлмеге еніп кетті. Жиналыс өткізетін дөңгелек үстелдің шетіне барып қонжиған күйі сөмкесін ақтара бастады. Ішінен не іздеп жатқанын өзі де білмейді, былғары сөмкесінің ішінде жүретін қағаздары мен қаламдары орнында тұр, ештеңе ұрланбаған сияқты. Сонда Ержан ішінен не алмақшы болды екен деп ойлады. «Мүмкін менің құжаттарым керек болды ма екен?» деген ой келді. Ары қарай ойлауға шамасы жетпеді, кешегі ішкен арақтың уы ішін әлем-жәлем етті. Басы сынып ауырған соң орнынан тұрып сыртқа қарай беттеді. Сатып алған аурумен түске шейін әлектенді. Жүрегі айнып құсқысы келді бірақ, мекеме ішінде біреу-міреу көріп қала ма деп дәретханаға да бармады. Мына күйінде бүгін жұмысқа жарамайтынын сезген соң қипақтап жүріп жұмыстан сұранды. Бастық соңғы кезде жұмысқа салғырт қарайтынын бетіне салық қылды да жақтырмаған күйінде рұқсатын берді.

Салқын ауада жүріп келе жатқан Бекен кеше кешкісін болған оқиғалардың тізбегін көз алдынан өткізумен болды. Сәуле атты қызбан интернет арқылы танысқанына да үш айдың жүзі болыпты. Танысу парағы арқылы сәлем жолдаған Бекеннің хатына көп ұзамай қыздан жауап келді. Танысуға кетары еместігін сезген Бекен қармақты алыстан тастады. Қыздың желідегі суретін көріп оның өте келбетті екенін айтып қайта-қайта мақтады. Өзінің қиялында жүрген қызына ұқсайтынын да айтуды ұмытпады. Қыздың көздері күлімдеп тұрғандығын, оның мейірімді жан екендігін, ақ көңіл де аңқау екендігін де жазды. Бірде ақын бола қалып оған өлең де құрастырды, өзінің көріпкел екендігін айтып бал да ашты. Оның сандырағы қызықтырған болу керек қыз да оның айтқандарына сене бастады. Ақындығы жайына қалып бейне бір құмалақ ашқан балшының кейпіне еніп оның көзінде мұң бар екендігін, бұрын өзі сүйген жігітінің басқа қызбен қатар жүргендігін, жігітінің опасыздығына күйінгендіктен соның салдарынан аздап шарап та ішетіндігін айтып салды. Қыз тартыншақтап «оның бәрін қайдан білесіз?» деген сұрақтарына екілене түсті де қыздың соңғы кезде қаржылық қиындықтарға тап болғандығын, оның жақын арада шешілетіндігін болжап айтып берді.  Көптеген қыздарға дұрыс жол сілтегендігін, өзінің қайырымды жан екен айтуды да ұмытпады. Талай қыздардың өзінің мырзалығын пайдаланып кеткендігін, қыздан жолы болмаған бойдақтығын да сыналай отырып жарнамалауды да ұмытпады. Жігіттің басы бос екендігін білген бойжеткен де Бекенмен танысуға қарсылық білдірмеді. Бұдан осы кезге шейін үйленбей жүруінің себебін сұрады. Сәуленің бұл сұрағына өзімен кездескенде оңаша кафеде отырып айтатынын жазды. Қыздың сеніміне кірген соң одан телефонын сұрады. Күнде кешкісін өзі жалдап тұратын пәтеріне барған соң жатарда қызға телефон арқылы хат жазатынды шығарды. Қыз да Бекеннің хабарын күткендей көп ұзамай жауабын жазатын еді. Бекен қызды сынау үшін Сәулемен күндіз кездесе алмайтындығын, жұмыстан көбіне кеш қайтатындығын, үйге барып киімін ауыстырғанша уақыттың да кеш боп кететіндігін ылғи да айтудан жалықпады. Сәулемен кездесу үшін түнде баруға әзір екендігін айта келіп, кафеден шыққан соң пәтеріне алып баратынын, сосын егер өзі қарсы болмаса түнде пәтерінде кездесіп, таңға шейін сырласуға қарсы еместігін жасқана отырып жеткізді.

Қыз басында ашуланған кейіп танытып, енді қайтып хабарласпауын өтініп оның хаттарын жауапсыз қалдырып жүрді. Бекен арадан екі-үш күн өткен соң қызға қайта хат жазады, өзінің ғашық боп қалғандығын үсті-үстіне айтудан шаршамайды. Өткендегі әбестігі, көргенсіз сөздері үшін кешірім де сұрайды. Қыз да мұны кешіреді, бір-бірін көрмесе де екеуінің құмарлығы телефон арқылы қайта өршиді. Қыз да хат арқылы кей күндері қолы бос болатындығын емеурінмен танытады. Қыздың көңілі кеткендігін сезген сері жігіт карта ойындағы келесі жүріске көшеді. Жалпы Бекен өзін қыздар майданындағы белді ойыншығатеңейді. Енді қимылға көшпесе бұрынғы айтылған сөздердің бәрі желге ұшарына көзі жетеді де қызбен кездесер сәтті өзі белгілейді. Оңаша кафе мен сол маңайдан оңтайлы пәтерді жалға алып қояды. Бұл жолы да жоспарды осылай құрды. Күн жексенбі болатын, Сәулеге қоңырау шалып кафенің атын айтты да өзі сол маңға жақын бұрыштағы аялдаманың жанында күтетіндігін айтты.

Қыз уәделі уақыттан жарты сағатқа кешікті. «Өзінің беделін арттырмақ қой» деп іштей күлімдеп қояды.  Сәуленің сұлу келбетін ойша елестетеді де оңаша пәтерге апарып тартөсекте аймаласып жатқанын көз алдына қайта-қайта келтірумен болады. Оның негізгі мақсаты да осы еді, жасы қырықтан асса да осы бір құмарлықтан шыға алмай келеді. Үйлену туралы ойлана бастаса болды барлық өзі жүрген қыздарына көз жүгіртіп өтеді де тұла бойы мұздап сала береді. Бұның ойынша елде дұрыс қыз қалмаған, өңкей жүргіш, жеңілтек немесе алданып қалған ашық ауыздар, сосын соңғы кезде ылғи да байдан ажырасқан келіншектер ұшыраса беріпті. Етегіне намаз оқитын, жігіттің желігіне түспеген аруды кездестіру арманға айналғалы қашан. «Шіркін, сондай қыз тап келсе ғой, басқа қыздардың бетіне қарамай өтуге дайынмын» деп өзіне-өзі ант та берді. Бүгін сондай қызбен кездесудің сәтін сала көр деп жаратушыдан іштей тілеп тұрғанда «Сәлем» деген сөз оның ойын бұзды.

Жігіт артына бұрылып қарағанда үстіне ақ куртка киген басында ақ құндыз тымағы бар, ернін шиедей етіп бояған, үлкен көздерінің үстін көкке бояп алған орта бойлы ақсары қыз тұр екен. Бекен аңтарылған күйі қызға тесіле қарады да ойын жинақтай алмай аузы ашылған күйі тұрып қалды. Қыздың бет-әлпеті суреттегі қызға келгенімен көз астына түскен кілегей әжімдерінен оның қиялындағы қыз еместігін түсінді.

− Сәлем, Сәулесіз бе?- деді таңданған кейпі.

Қыз да жігіттің ішкі ойын оқып үлгерді,

− Немене, суреттегі қызға ұқсамаймын ба? — деді салқын ғана.

Жігіт сөзден тосылып қалғанмен бойын тез жиып алды. Ішінен «е, кезекті құрбандығым екенсін ғой» деген ой түйді де өзінің үйреншікті тәсіліне қарай көшті.

− Танысқаныма қуаныштымын, мен өзіңмен кездесуге құмар болып жүрген Бекен боламын, — деп қызға қолын ұсынды.

− Ал, қайда барамыз? — деп қарсы сұрақ қойған қыз Бекеннің қолын алып тұрып күлімдеп қойды.

− Бір тамаша кафе бар екен сізді сол жерге шақырсам деп отырмын, әрине қарсы болмасаңыз,-деп қызға сынай қарады.

− Көрейік, көп отырмайтын шығармыз? — деп қыз да сыр бермеуге тырысты.

− Әрине, сіздің көңіліңізге қараймыз ғой, егер қарсы болмасаңыз жолдың арғы бетіндегі саябаққа барып салқын ауада аздап қыдырыстап қайтсақ қайтеді?. Сосын кафеге барып тамақтанармыз,- деді. Мұндағы ойы амалдап уақытты көбірек өткендігін күту еді әрі қыздың тамырын басып көру болатын. Қыз бұл ұсынысқа басын изеп келіскен соң, жолдың қарсы бетіне өтіп, қар жамылып тұрған саябақтың ішіне кеп енді. Қаланың шуынан алыстап өзара оңаша жүріп қыдырыстаған соң өткен-кеткен жайтты айтып біраз жүріп қалды. Қыстың қысқа күні тез батты, Бекен қызды сөзге айналдырып бақтың ішінде екі сағаттай уақытты өткізді. «Жаураған жоқсың ба?» деп қызды баурына тартып қояды. «Нәзік саусақтарың да тоңып қапты ғой» деп сүйріктей саусақтарын алақанына салып ұстап тұрды.

− Алақандарың жып-жылы екен ғой, — деп қыз бұған қарап күлімсіреді. Бекен Сәулені өзіне тартып сүймек болғанда қыз саусақтарын тартып алды. Жігіттің өзімшіл қылығынан бұлқынған қыз:

− Осылай суық жерде мелшиіп тұра береміз бе?- деп жігітке тіке қарады. Бекен өз кінәсін түсінген адамша:

− Бақта серуендеп жүре беріппіз ғой, кафемізге барайық, — деп бойын түзеп қызбен қатарласып жүрді.

Бекен кафеде көңілді отырды. Таныстық үшін деп даяшыға шампанға тапсырыс берді. Тамақ дайын болғанша столға алып жайғасып үлгерген аққайнарды бокалға құйып, таныстығымыздың жалғасы үшін деп алып қоюын өтінді. Ернінің ұшын тигізген Сәулеге «бұлай болмайды, достығымыз енді басталғандай еді, ұзағынан болсын! Сол үшін түбіне дейін алып қойшы» деп жалынумен болды. Орнынан тұрып Сәуленің қасына барған Бекен қыздың алып қоюына көмектесетін адамшажанында сорайып тұрып алды. Сәуле реніш білдіргенде Бекен ерегіскен адамша қызға қарай еңкейіп тұрып алуын өтініп сұраумен болды. Жігіттің әбес қылығына жыны келген Сәуле орнына отыруын өтінді. Бекен ақсия күліп егер түбіне шейін алып қоймаса бүгілген күйі тұра беретіндігін жайлап жеткізді. Қыз қызарақтаған күйі сырт көзден ыңғайсызданып бокалды түбіне шейін көтеріп қойды. Өз ойына оңай қол жеткізген Бекен ризалық танытып орнына кеп жайғасты. Қыз жігіттің ерсі қылығына ашуланам деп бір бокал шампанды алып қойған соң тістеніп сөйлемей біраз отырды. Дегенмен, аш өзекке түскен ащы су қызды демде өзіне бағындыра бастады. Басына тиген ішімдіктің дәмі Сәуленің басына шыққан соң көңілі де масайрай бастады. Бұлар кафеде ұзақ отырды, шампан артынан шарап ішіп көңілді отырыс болды. Көңілді әуен қалықтаған тұста масайраған екеуі ортада билеп жүрген көңілді жастарға барып қосылды. Бекен етжеңді болған денесіне қарамастан жақсы билейді екен. Ортаға шығып шығыс биін билеген кезде бұны ортаға алған жастар ысқырып, шулап кейбірі қол шапалақтаумен болды. Бұлар кафеден шыққан кезде уақыт та түнжарымынан ауа бастаған еді.Сыртқа шыққан соң есік аузында тұрған таксиге Сәулені отырғызған Бекен өзі дайындап қойған бір бөлмелі пәтерге алып келді. Сәуленің «үйге қайтам» дегеніне қарамастан «азғантай отырамыз да шығамыз» деп көндіріп ішке енгізді.Дәлізде қыздың сырт киімін шешіп ілгішке ілді, етігін шешіп аяғының астына сүйреткіні әкеп қойды.

Кафеде жігітпен танысып үйге қайтармын деп ойлаған Сәуле бұл кезде жігіттің ырқына көне бастағанын іштей сезген еді. Қанша қарсылық білдірмек болса да жігіттің мысы баса берді. Диванға кеп жайғасқан соң бір сәттік ләззат үшін бәріне де дайын бола қалатын Бекен сияқты жігіттердің қылығын еске алып іштей түңіліп кетті. Жасы отызға шамаласқан Сәуленің осы кезге шейін жігіттен жолы болмай-ақ келеді. Оқу іздеп қалаға келген бойжеткеннің алғашқы жігіті де тұрақсыз болды. Екеуі екі жылдай жүрді, жігіт үйленбекке сөз де берген еді. Қыз жігітке құлай сенді де махаббатқа мас болып жүре берді. Сәуле үшінші курсқа өткенде үйлену туралы ойын шешесіне айтпақ ойы бар екендігін Маратқа айтты. Марат ол кезде университетті бітіріп қалаға жұмысқа тұрмақ болып жүрді. Марат жұмыс шыға қоймаған соң ауылға барып қайтам деп кеткеннен мол кетті. Сәуленің соққан қоңырауына бірде жауап беріп, бірде қашқақтап жүрген Марат өзінің ауылында атастырылған қызы бар екендігін оның аяғы ауыр екендігін айтты. Төбесінен жай түскендей болған қыз бар ашуын ауылға қайтуға деп пойызға алған билеттен алды. Құрбыларының барлығы үйлеріне қайтқанда состиып бөлмеде бір өзі қалды. Үш күн бойы бөлмеден шықпай қайғымен қан жұтқан Сәуле басы ауырып мең-зең күйінде сыртқа шықты. Бұл кезде жатақхананың іші босап қалған еді, көпшілігі үйлеріне қайтып кеткен. Есік алдындағы орындыққа жайғасқан Сәуле ол жерде көп отырды. Тұңғиыққа батқан санасын емдейтін жол таппай қиналды. Ауылға қайтуға да зауқы соқпады. Ақыры орнынан сүйретіліп тұрды да көрші жатақханада тұратын Мариям атты жерлесіне барды. Мариям жұрттың барлығымен тез тіл табысатын пысық қыз, өзі сырттай оқитын студент болғанымен көтерме сауда орнында сатушы болып істейді. Ауылға көп бармайды көбіне осы қалада жүретін. Сәулені жерлесім деп өзі іздеп кеп тұратын еді, әр кеклгенде қиялшыл Сәуленің сенгіштігін бетіне баса беретін. Мәриямның мәдениетсіз сөздері мен еркекшора мінезі оған ұнамайтын. Жүрісі арсың-күрсін Мариям қай ортада отырса да еш қымсынуды білмейтін еді. Отырыстарда жігіттер ұсынған ішімдікті шімірікпей басына бір-ақ көтереді де жақпай қалған адамын боқтай салады, төбелеске де бір иығын беріп тұратын Мәриямнан көп қыздар мен жігіттер қаймығатын. Амалы таусылған Сәуле енді сол құрбысынан демеу іздеп бара жатқанына қиналды. Сол күні құрбысында қонып қалған Сәуле ішкі күйігін ішімдікпен басып, бар сырын Мәриямға ақтарды. Содан бері Сәуленің өмірі басқа арнаға бұрылғандай екен, бұрын өзі жақтырмайтын жерлесі енді сырын ақтаратын жан құрбысына айналды.

Сәуле өз ойымен отырғанда Бекен диванның жанына кішкентай дөңгелек үстелді әкеп қойды да бағана пәтерді жалдаған кезде сөмкесіне салып алып келген арақ пен шараптарды үстел үстіне қойып жатты. Ас үйден алып келген бокалдарға қызыл шараптан құя бастады.

− Не үшін үйленбей жүрсін? Өткен жолы сөйлескенімізде оңашада айтам деген едіңіз, құлағым сізде? — деді Сәуле мастығын сездірмеуге тырысып.

Бекен бокалдағы шарапты қолына алды да үнсіз бөтелкеге қарап ойға шомды.

− Мені қызқұмар біреу деп ойласаң қателесесің, — деді басын көтеріп. Маған әр қыздың құшағынан өзімді сүйген жалғыз жардың құшағы мың есе артық, — деп тоқтап қалды.

− Қызыық екен, — деді қыз сөзін созып, — Жігіттердің сөзі бір басқа ал, ісі басқа бағытта жүреді ғой, — деді Сәуле сенбеген кейіп танытып. — Әсіресе, сен сияқты сүрбойдақтар тек төсек қатынасынан басқаны ойламайды ғой, — деп қойып қалды. Ұрлығының үстінен түскендей болған Бекен:

− Өтірік, сен менің жандүниемде не жатқанын білмейсін ғой, — деп орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Қалтасынан темекісін алып тұтатты да терезенің жақтауына барып жоғарғы көзін ашты.

− Өзіңе сенбейсің ғой, үйленетін қыздан да қорқасын. Шыныңды айтшы дәл қазір қанша қыздың басын қатырып жүрсін. Маған ойыңды ашып айта берсең болады, мен сырласқанды ұнататын адаммын, — деді Сәуле диванға шалқая беріп.

− Мен айттым ғой қыздың құшағынан жардың құшағын артық көрем деп. Мен өзіме жар бола алатын жібі түзу, иманы бар қыз іздеп жүрмін. Шанымды айтсам ондай қыздар азайып бара жатыр Сәуле түсінесің бе? — деді де темекісін сыртқа қарай лақтырып жіберіп орнына кеп отырды. Бірдеңеге ашуланған адамдай мазасызданған күйі:

− Кездескен қыздардың бәрі маған дейін талай жігіттермен ойнап қойған, сырлас болып жүріп қимайтынын сыйлап қойған жандар ұшырасады да жүреді, — деп қолына шарапты ұстады да екіншісін Сәулеге ұстатып қағыстырған бойда басына бір-ақ көтеріп қылғыта салды. Бекенге тесіле қарап отырған Сәуле:

− Сен де соның бірісің ғой демекшісін ғой маған, солай емес пе? — деді ашуға булығып.

− Сенде нем бар, мен өз басымнан өткен оқиғаны айтып отыр емеспін бе?-деді.

− Мені де солардың қатарына қосып отырғаның көрініп тұр,-деді Сәуле қуыстанып.

− Жо-жоқ, қайдағыны айтпашы, сен сұраған соң мен өз ойымдағыны, тал бойымдағы мінімді айтып жатқаным ғой, — деді сасқалақтап.

− Дұрыс айтасын, мен де жігіттерге сенбейтін болғанмын, оған жеткізген менің намысымды аяққа таптаған өзім сүйген жігіттің опасыздығы болды. Сүйдім-күйдім деді, үйленем деп туыстарымның алдынан өтуге уәдесін де берді. Мен ақымақ екем сол сөзіне құдайдай сендім. Ешқандай қиыншылықтан қашпаймын тек етегінен ұстайтын еркек болса болды деп те айттым. Оң босағама қондырса жоқты бар қып шаңырақты гүлдендіруге, қаңғыбас болса да жаман байды адам етуге шамам жетеді. — деп сөздің басында өз басынан өткен оқиғадан бастаған қыз соңында іштегі арманын да аңғартып кетті.

− Бірақ ойындағысы жүзеге асқан соң жауапкершіліктен қашатын қазақтың ез болып кеткен жігіттеріне жыным келеді, — деп ызаланып шараптан алып қойды.

− Мен ез емеспін, жауапкершіліктен қашпаймын, — деді Бекен босаған бокалдарға шарап құйып жатып.

− Қойшы-ей, солай ма? — деді Сәуле шалқалай күліп. − Сен де сол ездің бірісін ғой қазір басқаша сайрайсын, таңертең тұрғанда таз қалпыңа түсесің де түнге берген уәдеңнен тайқып шыға келесін, — деді Бекенді оқты көзімен атып.

Бекен не айтарын білмей сасып қалды, «ойымдағыны біліп қойған сияқты, көпті көрген қу қыз екен» деді ішінен.

− Бар ойың менімен таңға дейін уақытты тояттап өткеру ғой солай емес пе? -деп қыз өршелене бастады. Бойын ашу керней бастаған Бекен «Менімен болғың келмесе есік ашық кете беруіңе болады» деп айтқысы кеп оқталды да үндемей тұрып қалды. Қыз мысқылдай күліп:

− Немене, өткенде танысқанда бақсылығым бар сөйлескен адамның тағдырын болжай алатын қасиетімді көресің, деуші едің ғой, енді жынынан айрылған бақсыдай боп отырсын ғой, — деді күліп. − Мен де сенің ойыңды оқып қойдым-ау деймін. Ондай бақсылық бәрімізде де бар.

Не айтарын білмей дағдарған Бекен қыздың ойын басқа жаққа бұруды көздеді.

− Сәуле, сендей намысы бар қазақтың қызы үшін ішемін, — деп орнынан тұрып алып қойды да қыздың алдында тізерлеп тұрып қолынан сүйді. Сәуленің қасына отырып белінен құшақтады да:

− Маған қазіргі кезде қыздың мінезі мен адамгершілігі маңызды. Егер үй болуға дайынмын, күйеуімді өмір бойы сыйлап өтемін, бетіне жел боп тимеймін десең мен саған үйленуге дайынмын,- деп қызға тіке қарады. Сәуле қаперімде не айтарын білмей сасып қалды; қармаққа түскенін сезген Бекен қызды өзіне тартып тамағынан аймалап сүйе бастады.

− Сонда сенің қиялыңдағы қыз қандай? — деді Сәуле жігіттің құшағында отырып.

− Бұрын еркекке жанаспаған қыз болса дейтінмін, ол арманым алыстап бара жатқан сияқты көрінеді. Қалған жағында мінезі сабырлы, менен басқа еркекке көз салмайтын, үйге келгенде қайда жүрсің деп мазамды алмайтын керісінше асты-үстіме түсіп бәйек болатын тәрбиелі қыз болса үйленемін,-деді.

− Ондай қыз таптың ба енді? — деді Сәуле шарапқа қол жалғап жатып.

− Сол қызды енді тапқан сияқтымын, — деді де шарап толы бокалды алып Сәулемен қағыстырды. Бұл жолы екеуі де шарапты соңына дейін алып қойды. Бекен Сәуленің көзінен сүйді де кеудесіне қарай қолын жүгірте бастады. Жігіттің құшағында отырған Сәуленің шараптан басы айналды, Бекеннің иығына басын қойған күйі ештеңені ойламауға тырысты. Талай қызды қармағына іліп үйренген Бекен дер кезінде іске кірісудің сәті келгенін түсінді де қызды шешіндіруге кірісті. Сәуле де ендігі қарсылықтың бос әурешілік екенін сезініп жігіттің ыңғайына көне бастады.

Ойына алған істі жүзеге асырған Бекен бүгін бар мақсатына жеткен еді. Бұл өмірдегі басты арманы тағы да орындалды. Өзіне риза көңілмен төсегінен тұрды. Осы кезге дейін тек қана қыздармен төсектес болуды ғана армандап келген ләззат құмарлығын есіне алды. «Құдайын да ұмытқан мен сияқты пәтшағардың негізгі көздегені не?Осындай қыздармен танысып төсек ләззатын тату ғана ма?. Онда бұл ойым бүгін тағы да жүзеге асты ғой. Үйленем деп уәде бердім емес пе, енді қалай болады? Қыз орнынан тұрған соң уәдең қайда десе не деп жауап берем» деп қиналды. Төсектен тұрған Бекен түн ортасында темекі тұтатып шекті, сөмкесінде жүрген бір шиша арақ пен екі түйір құртты алыпүстелге қойды. Арақты стаканға толтырып құйып қағып салды да Сәулеге ұзақ қарады. Қазір таң атады қыз орнынан тұрған соң маған жабысады «жаным қашан үйленеміз?» деп сұрайды мен не деп жауап берем деп қиналды да одан шығудың жолын арақтан тапқандай болды. Масайраған түрімді көрсе өзі де безіп кетер деп ойлады.

Таң бозарып атып келе жатқанда төсектен тұрған Сәуле масайрап отырған Бекенді көрді. Көзінің асты қалталанып, әжімдері қалыңдай бастаған Бөкен қыздың көзіне алпысты алқымдаған шал секілді елестеді. Араққа бөккен Бекен жартылай жалаңаш күйі тәлтіректеп келіп орнынан тұрмақ болған Сәулені құшақтап алды. Арақтың күлімсі жағымсыз иісінен жиіркенген қыз бұлқынып қалғанда жігіт сырғып барып еденге гүрс етіп құлады. «Өй, әкеңді… қарашы мынаған» деп тәлтіректеп тұрған Бекен Сәулені қайта құшақтамақ болып құшағын жайған күйі төсекке етпетімен түсті де енді тұра алмасын білген соң «Е, кет-ей, сендейлердің талайын көргенбіз» деуге шамасы келді.

Бекеннің соңғы сөзі Сәуленің өңменінен өтіп кетті, жылдам тұрып киіне бастаған ол:

− Сорлы бишара, қырыққа келгенше көрінгеннің құйрығын иіскеп жүрген сендей бұралқы иттер де өзін жігітпін дейді-ау, жігіт деген аттан садақа кеткірлер. Бар ақылын араққа жұмсаған сендей хайуанмен күнелткенімше бойдақ боп өткенімнің өзі он есе артық екен,-деп есікті тарс жауып шығып кетті.

Қыздың өзін қинамай ашумен шығып кеткеніне Бекен шала мас болса да мәз болып күлді, қыздың соңғы айтып кеткен ауыр сөздерін бұрын да талай қыздан естіген, ондайларға намыстанатын жігітің Бекен емес еді. Ол өзінің тындырған ісіне риза күйінде ұйқыға кетті.

Бекен бұл дүниедегі өзіне тиесілі бар жұмысты бітірген соң енді рахаттанып ұйқыға кеткені сол еді «тұр-тұрлаған» ащы дауыстан оянып кетті. Пәтерді жалға беруші апай екен, тезірек үйді босатуды сұрады. Бір көзін сығырайта ашқан Бекен тәлтіректеп жүріп жуынды, бойын ретке келтірген соң үстелдің жанында тұрған сөмкесін алып шығып кетті. Жұмыс орнына келген соң да есін жия алмай түске шейін басы ауырумен болды. Бастығынан сұранып автобусқа кеп жайғасқан соң ғана сөмкенің аузын түнде өзі ашып арақты алған бойда жабуды ұмытып кеткендігі есіне түсті. «Ержаннан да ұят болды-ау, бәріне өзім кінәлі екенмін ғой» деп ойлады, жалқау оқушы сияқты басы салбырап.

Бақыт ӘБЖЕТ

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close