Қалам-ЖүрекТаңдаулы

КЕРТОЛҒАУ

 

 

«КЕРТОЛҒАУ»

 

(күйші Генерал Асқаров айтқан аңыздың ізімен)

 

 

Қоңыр домбыраның одан да қоңыр үні киіз үйдің керегесін көбелеп сыртқа қашып жатыр. Күйшінің дәл қазіргі көңіл күйіне қосыла билеген саусақтар алғашқы серпінді үш қағыстан соң үстіңгі ішектерді қуалап, төменгі сағаға қарай сырғығанда кез келген кеудеге сыя бермес сыр арқалаған күй сазы көңіл шіркінді көк дөненге мінгізеді. Жаз жайлауға жаңа шыққанда балаша қуанатын қозы-лақ, бота-тайлақтар да құйрығын көкке шанша шапқылауын тоқтатып, тың тыңдауға кіріскен. Үй айнала қазылған індерге қос аяғын кезек тығып, көртышқан аулаудан шаршаған тарғыл төбет те тілі салақтаған күйі табалдырыққа түмсығын сүйей кеп құлапты. Кәріліктің көшпес таңбасындай көзінен аққан сорасына сан шыбын таласа қонып, той жасап жатқанында шаруасы жоқтай, мынау сылқым үнге елтіген күйі демін де енжар алады.

Туу сонау жер түбінен асығып жеткен даланың тентек желі де киіз үйдің туырлығын тартқылап, ішке кіре алмаған соң, айнала орай соғып, «тырнақтарына» ілінген тамаша сазды үнді таласа-тармаса алып қашып жатыр.

…Оттығына отынның төресі — төрт тал сексеуіл тастаған бетте-ақ екі иығынан дем алып, аһілеп-үһілей жөнелген месқарын сары жез самаурынды жерден енді көтере берген Сұлушаш тартылған сайын өзегіне от салатын күйді естіген кезде, етегін басып, самаурынның түбіне жалп етіп отыра кетті. «Тағы да сол күй!». Ұзын кірпіктері сұлу көлдің жиегіндегі сүмбіле қамыстардай теңселіп-теңселіп кетті. Сол-ақ екен, бұл оқыс қимылдан көл шайқалғандай, ірі-ірі тамшылар бірін-бірі қуалап, төмен сорғалады. Сүрткен жоқ. Сүртуге мұршасы да болған жоқ. Бар жан-тәнімен күйшіге жалбарынып, аһ ұра жалынды: «Қойшы енді, құдай үшін, тоқтатшы мына күйіңді!.. Құлың, күңің болайын, қойшы деймін! Неге мені азап отына қақтай бересің?! Қой, қойшы, тоқтат, тоқтатшы… Құдай үшін.. аһа, аһа!».

Мұнан ары өзін-өзі ұстай алмай өксіп-өксіп жылады. Отырған орнына жер бауырлап жата кетті. Бар мұңын жер ананың құлағына сыбырлағысы келгендей, әлгі сөздерді қайталай береді. Шын толқыса шым түгілі тас пен темірден де берік бола алатын адамның кеудесін паршалап кететін мұң-шер мына күй құдіретімен тіптен асқақтап, тағдыр көтерген қамшы Сұлушашқа аянбай сілтеніп жатыр…

Қалай тез құласа орнынан солай тез тұрды. Дереу жасын тыйып алды. Жібек орамалдай желпіп соққан жел айғызданған жүзін ілезде құрғатты. Жаулығын түзеп, жамбасын қаққан соң ашуы сәл басылынқыраған самаурынды сүйрегендей қып үйге беттеді. Мандайшадан жерге дейін салбыраған жаппаны сәл көтергені сол еді, уықтарды шірене керіп тұрған күй үні мұның етегіне соқтыға сыртқа қашты. Бұл жердегі тұп-тұнық тыныштықты қанжармен тілгілегендей боп шоршып шығатын тұма дауыс домбыра шанағына құйылады да ілкі сәттен соң сол түймедей ғана тесіктен тұла бойыңды тітіркентетін саз төгеді. Табалдырықтан аттай берген Сұлушаш бұл үн құлағына емес жүрегіне тигендей, тізесі бүгіліп, тағы да отыра кетті. Самаурыны да, есіктен аттауға ғана батылы жеткен жетім баладай, босағада қалды.

…Кірпіктерінің тағы да жасқа шыланып келе жатқанын сезген Сұлушаш айналасын айқара бір шолып өтті. Екі қызы екі бұрышта бүрсиіп отыр. Дәл осы күй әкелер дауылды сезгендей, үлкенінің көзі боталап барады. Кішкене қызының қызығуы басым: басы бір жағына қисайып, аузы аңқайып, танауы таңқиып қалған.

Күйші төр алдына шалқасынан құлапты. Қолдан шапқан қалақтай ғана домбырасы кеудесінде көлденең жатыр. Көздері жұмулы, тек саусақтары ғана сезім атты құдіреттің арбасына құр аттай жегіліп, бұйрық алған бағытқа қарай тынымсыз сабап бара жатыр. Бір қарағанда, күйші ұйықтап жатқандай. Тек тынымсыз көтеріліп-басылып жатқан кеудесі ғана ұстаның жел көрігіндей желпілдеп, оның тірі екенінен ғана емес, жүз толғаулы жан екенінен де хабар бергендей.

— Сүгір! Саған не болды, тоқтатшы енді?!

Сұлушаш орнынан атып тұрып, күйшінің кеудесіне барып құлады.

— Құдай үшін, тоқтатшы енді! Не жазығым бар еді осынша азаптайтын?! Тоқтатшы, сұлтаным! Құлың, күңің болайын, тоқтатшы, тұлпарым! Құдай үшін!..

Көкірегін қарс айырған қайғы мұнан ары Сұлушаштың сөзіне ерік бермей, тамағына тас боп тығылды. Өксіп жылап, домбыраның мойнына жабысты. Күй осы жерден шорт үзілді.

Күйші орнынан жайлап тұрды. Жолай жүзін жас жуған әйелінің шашынан бір сипады да сыртқа беттеді. Туырлықты көтере бергенде Сұлушаш оның соңынан жан даусы шыға сұңқылдады:

— Сүгір! Жазығым не?! Менде не кінә бар?! Бара ғой, бар, бара бер! Ақ тілегім бұл, сұлтаным! Бара ғой, бар, бар… Алла маңдайға жазған соң менде не шара бар. Менен рұхсат, бара бер, бар! Аман оралсаң болғаны…

Жаңа ғана күйші шынтақтай жатқан жастықты құшақтай құлады. Сонау төбе шашынан табанына дейін өксік жайлап алғаны сонша, сұлу дене төр алдында балықша шоршып жатыр…

Үлкен қызы қосыла жылады…

Кіші қызы бұл жылау-сықтауға таң қалғандай, көздері шарасынан шығып, шешесіне қарайды.

Күйші белдеуге байлаулы тұрған сүліктей сұлу көкқасқа атқа әкесінен қалған ерін салды. Бұл оқиғаның хабарын тентек жел Арқаға қарай ала қашты.

 

                        * * *

— Әй, содыр Әлінің солақай ұлы, үйдемісің, шық далаға!

Бір құлашқа таяу қарағайдан ойып, қынамен бояп қойған қалақтай домбырасын бастан сипағандай жай ғана шертіп жатқан Сүгір сырттан естілген дауыстың осы ауылдағы жалғыз атқамінер Дәркенбайдікі екенін таныды. Жалғыз дейтіні, Дәркенбай жүрген жерде дау да көп, талас-тартыс та табылып жатады, ең аяғы, ол мінген атқа ма, ат үстіндегі өзіне ме, ауыл иті де өш, өлердей үріп, жүрген жолында бір-біріне табыстап әрең тынады.

Сәл кешіксе әкеден сыбайтынын білетін Сүгір домбырасын керегеге сүйей салып, далаға жүгірді. Дәркенбай ат үстінде бір түп томардай боп сіресіп отыр.

— Немене, әкең үйде жоқ па?

— Әкемнің үйде жоқ екенін біліп, мені шақырдыңыз емес пе?

— Ә, жарайды, ділмарсыма… Ауылға губернатор келіп жатыр. Оның тек құлынның етін жейтінін естуің бар шығар?!

— Бұзаудың еті ішіне жақпай ма екен?

— Өй, әкеңнің!.. Жарайды, ауыл маңында өзге жылқы көрінбейді. Мына екі құлынның бірін ұста да, сой!

Дәркенбай қамшысын үйге таяу жайылып жүрген құланды бие жаққа сілтеді. Қимылында өз қорасындағы малына қожалық еткендей еркіндік бар. Кенет мұның нұсқаған қамшысы тигендей, шұбар бие құлынын ертіп, үйден жырақтай бастады.

— Жоқ, аға, әкем ұрсады. Құлын сойғаны несі, обал ғой…

— Сүгір, сен өзің қандай жігітсің? Мен ойланбай бір сөз айтамын ба. Қазір ғой сенің жасың жиырма бестен асты. Қалындығың болса жоқ. Қалыңдық болуы үшін әуелі астыңа бір тәуір ат керек. Көркем ат мініп, көрші ауылға барсаң ғой, ә, шіркін… Өзің домбырашысың. Қыз атаулының сұлуы сенікі емес пе?! Олай болса, сен ана шұбар құлынды соясың, мен саған оның орнына бір жүйрік ат беремін. Әкеңе де дәл осылай деп айтқам…

Аяқ астынан тақымына тәуір ат тиетінін ойлағанда толқып қалды. «Әрі әкесіне айттым деп тұр емес пе?..».

— Өзіңіз ұстап соя беріңіз. Құлынға менің қолым көтерілмейді…

Үйге қайта кірді. Шешесі де жоқ. Әкесімен бірге көрші ауылдағы ағайындарға кеткен. Домбырасын қолына қайта алды. Екі шегін де босатып, мұңлы әуенге лайықтады. Көңіл күйі соны тілегендей. Баяу шертіп, шерлі сазға жол берді. Қарап отырып қайғырған қамкөңіліне таң қалды.

Сырттан дүбірлеген дыбыс шықты. Дәркенбай құлындарды қуып жүр ме, шаң-шұң дыбыстар естілді.

— Ұста-Ұста! Шұбар құлынды ұста, сол тәуірлеу екен. Қоңыр құлынға тиіспе! Шұбарды, шұбарды… Осы жерге жығып, бауыздап алайық, әйтпесе әуре қылады…

Ащы кісінеген дауыс естілді. Тіршілік атаулыдан көмек сұраған әрі жалынышты, әрі наразы үн. Шұбар биенің дауысы. Анасының мұнша шошығанына мұңарлап қана дауыс қосқан шұбар құлынның бейкүнә балалығы Сүгірдің көзіне жас әкелді. Шұбар бие жаңағыдан да ащы кісінеді. Жанұшыра шыңғырғаны естілді. Адам шыдамастай ащы айқай. Сүгір екі қолымен құлағын баса қойды. Домбырасы жерге құлады. Шұбар бие тағы шыңғырды. Ащы үн үйдің қабырғасын ғана емес, Сүгірдің бас сүйегін паршалап кеткендей. Санасында сан ой ойқастады. Өзінің қате жасағанын, тезірек барьш шұбар құлынға ара түсугс тиіс екенін ойлады. Буын-буынынан айрылып, орнынан тұра алсашы…

Шұбар құлынның ащы кісінегені естілді. «Әлгіден бергінің бәрі күндегідей ойын емес екенін төрт аяғын тас қып байлап, жерге алып ұрғанда бір-ақ білген-ау, жануар. Тез бару, тез құтқару керек құлынды…»

— Мә, Дәркенбай, өзің бауызда, жәутеңдеген көзін қия алар емеспін, — деді бір жастау дауыс тұншыға шығып.

— Әкел! Өй, жасық!.. Піссімілла…

Сүгір орнынан атып тұрып, есікке беттегенде Шұбар бие тағы шыңғырды. Өмірі естімеген мынадай зарлы дауыс тура маңдайынан соғып, Сүгірді орнына қайта жалп еткізді. Жас құлын тәніне пышақ тигенде ғана баланың жылағанындай жалынышты бір үн қатты да қорқырап жүре берді.

— Ұста! Ұста деймін, ана шұбар биені ұстаңдар! Қаданы жұлып әкеткен бе, ей, ұста деймін ана биені!

Сүгір орнынан атып тұрды. Осы кез айнала дүбірге толып барады екен; бұл үн — биенің құлынына қарай қаданы сүйрей шапқан үні ме, құлын сойып жатқан Дәркенбай бастаған бес жігіттің биенің қимылынан сескеніп, үйге қашқан аяқ дыбысы ма, өз жүрек дүрсілі ме, білмейді.

— Әй, мынаны істеген қай жауыз?! — деген әкесінің даусын естігенде ғана далаға атып шықты. Есік алдында — қолындағы пышақтан қан сорғалаған Дәркенбай тұр. Шұбар бие әлі де жас жаны шықпай денесі дір-дір еткен құлынының алқымынан аққан қанын жалап тоқтатуға әрекет еткендей, үстіне төніп тұр; көзінен сорғалаған сорасы жаңа ғана қазылған қазан шұңқырға тамшылап жатыр. Әкесі аттан жаңа түскен екен, бөркін жерге бір ұрып, бүйірін таянып отыра кетті.

— Әлеке, біз бұл құлынды сіздің балаңыздан сұрап алдық, — деп арқа сүйер адамы келгендей бар күнәні бұған сүйей салды да Дәркенбай атына беттеді.

— Балам-ай, мұның не? Өз құтыңды өзің қашырғаның не? 0 заман да бұ заман баланы анасының көзінше бауыздаушы ма еді? Ей, Дәркенбай, ақылың жоқ болса да аяушылығың болмаушы ма еді, айуан емессің ғой. Түу, түу…, — деп мұнан ары сөйлеуге шамасы келмей, теңселе басы, киіз үйге беттеді. Жанынан өте бергенде Сүгір өзінің кінәсіздігін айтпақ еді, тіл-аузы байланып қалыпты, ләм дей алмады.

Сол күнгі түн мазасыз болды. Алтындай жарқыраған шартабақ бұл істеген қатігездікке қапаланғандай, түстен кейін қабағын түйді де бесіннен ауа тіптен түнере түсті. Тек ұясына қонардың алдында алба-жұлба бұлттардың ыдыраған бір тесігінен күн көзі жылт етті. Сүгір жанар тастап еді, әдетте сары алтындай еріп бататын күн жарықтық дәл осы сәтте көзі қанталаған жандай, қып-қызыл боп, алаулап барады екен. Шұбар құлынға жылағаны ма, адамзат табиғатына бойлай бастаған қатігездікті ойлап қайғырғаны ма, белгісіз.

Әке де, шеше де ұзақты күн күрсінумен болды. Шешесі «балам-ау, бұның не?» дегеннен аса алмады. Жалғыз бала, жанған шырақ, абайсызда өшіріп алудан қорқады екеуі де. Сүгір де сезеді, көп балалы үйде мұндайда көкбақа етіп сабаса да аз. Өзінің де тек шықпаған жаны жүр кеудесінде. Өкініш шіркін дәл осылай тамақтан алып, тыныс алдырмай буындырады деп ойламаған екен. Оқиға алыстаған сайын жаңғырып, жаны сая таба алар емес.

…Әлдекімдермен жағаласып жүріп, шошып оянды. Даусы қатты шығып кеткен екен, әкесі мен шешесі мұның төсегінің басында отыр. Екеуі де үрейлі.

— Балам-ау, науқастанып қалмадың ба? — дейді анасы жалғызына бір пәле сап ете қалған жоқ па деген қауіппен. — Сен де сол бір құлыны құрғырыңа сонша қайғырып, немене жалғыздан қымбат па еді?!

Онсыз да екі оттың ортасына түсіп, мең-зең боп отырған шалына шабуыл жасайды.

Сүгір үн қатпастан төмен қарайды. Екеуі қосыла күрсініп, мұның көрпесін қымтап, әркім өз төсектеріне тарайды. Мұның зіңгіттей жігіт болғанында шаруалары жок, бесіктегі баладай аялайды…

Түсі болар, тамаша бір леппен домбыра шертіп отыр екен. Бұлқынған сезімді бұғалықтардай бір күй ар жағынан төгіліп келіп жатыр, келіп жатыр. Әшейінде домбыраның мойнында жорға аттай сырғитын саусақтары көңіл күмбезінен құс боп көтерілген бұл әуеннің қанат сусылын өрнектеуге әрең үлгеріп жатыр. Бір кез, иә, бір кез… ту сыртынан келіп бір жылқының жан шошытарлық дауыспен кісінеп қалғаны. Аза бойы қаза болды. Домбырасының қолынан қалай сырғып түскені есінде жоқ, артына жалт қараса, о тоба, шұбар бие! Көзінен жас парлап, бұған қарай шауып келеді. Осы бетінде бұған жетсе, таптап тастардай. Сүгір қатты қорықты. Өзін бір сөтке қорғансыз сезінгені сонша, «Әке!» деп айқалауға ғана шамасы келді. Оянып кетті. Төсегінің басында тағы да әкесі мен шешесі қатар отыр.

— Сүгіржан, неге шошыдың, балам-ау?! — дейді әкесі де не шара жасарын білмей. Анасында не түр жоқ, не тіл жоқ.

Сүгір мең-зең, айналасында не болып жатқанынан бейхабар жандай екеуіне кезек-кезек қарайды. Осы кезде киіз үйдің дәл желкесінен ащы кісінеген жылқының дауысы естілді.

— Міне, мынау ғой, мынау — шұбар бие! — деді Сүгір безгек қысқандай үзіп-үзіп сөйлеп, — оның баласы өлді ғой, баласы… Қоңыр құлынды тел емізу керек, сонда ғана зарлауын қояды, ана ғой, ана…

Шұбар бие тағы бір кісінеп алып, тасырлатып шаба жөнелді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде де тұяқ жетер жердің бәрін тінтіп, құлынын іздеп жүр жануар.

Қоңыр құлынды шұбар бие бауырына бірден алды. Қатты ауырған Сүгір де сол күннен бастап қоңыр құлынның екі биені тел еміп, тентек бола бастаған қарекетіне киіз үйдің керегесінен сығалап жатты. Хош көңілмен бірге түнеу күні түсінде тартқан күй сазы санасына қайта оралып, домбыраға қол созғызды. Күй бастан-аяқ домбыра шанағына құйыла кеткен жоқ. Тұла бойды иітетін сұңқыл саз кенет тасқа тірелгендей боп тоқтай қалса-ақ, Сүгір домбыраны алдына көлденең тастай салып, керегеден сыртқа көз жіберетін. Әуелі шұбар биенің бауырына ене түсіп, қос емшегін қақтай еметін қоңыр құлын өз анасының бауырына да нәр татпаған аш баладай түртінектей кіретін. Кішкене қарын тез тоймай ма, ұзамай ойын баласындай айнала құйғыта шауып, шаң атаулыны аяғынан тік тұрғызатын. Қоңыр бие қызғаншақ болмай шықты. Құлыным көз алдымда жүрсе болғаны дегендей, ұзап кетсе осқырынып қойып, жайбарақат тұра беретін. Керісінше, шұбар бие шамшыл. Қоңыр құлын өз анасының маңына көп айналса-ақ қазыққа байланған тізгінін тартқылап, жер тарпып тұратын. Бұл күнде сирек кісінейді. Бірақ бұл кісінеу сол бір күндердегі ащы айғайының жанында ән салғандай  жайлы.

…Екі биені тел еміп, бүйірі бұлтия бастаған қоңыр құлыңды көрген сәтте Сүгір де қуанышын құшағына қыса түсіп, ерекше толғанады. Кеудесін кернеген әлдебір ағын шығар арна іздеп, сезімін буа түседі. Домбырасына қол созады. Сұңқылдаған сылқым үн киіз үйдің керегесінен сыртқа қашып жатады.

Кешкілік әке-шешесі келгенде Сүгір күні бойы кеуде күмбезінен шығып, домбыра шанағына қоныс теуіп үлгерген бұл күйді орындап береді. Әке де, шеше де үнсіз қалады. Айтуға сөз таба алмайды екеуі де.

— Бұл не күй, балам? — дейді сәлден соң әкесі үнсіздікті бұзып.

— Бұл — «Телқоңыр» ғой, әке. Шұбар биенің қайғысы мен қуанышы, екі анасын тел емген қоңыр құлынның бақыты…

Дәл сол күні қойнына мұз жасырып, желмен көшкен қаңбақтай домалап келе қалған Дәркенбай бүл үйге қайта басын сұққан жоқ. Сүгірдің жанын жараламайық деді ме, әкесі де одан шұбар құлынға құн сұрап барған жоқ. Жалғыздарының төсектен тұрғандарына қуанып, сары жапырақтай боп жүрген Сүгірдің көңілін аулады. Әбден жазылған соң көптен көңілдерінде пісіп-жетілген жоспарлары — үйлендіру жайлы сөз қозғады.

Межелі күні жетіп, әкесі мен шешесі құдалыққа кеткен. Үйге құпиясын құшағына қысып жүретін Қыдырбай келді. Жымың-жымың еткеніне қарағанда, бір жаңалығы бар секілді.

— Немене, Сүгір, аяқ тұсалатын боп жатыр деп естідім бе?

— Солай, бауырым, жалғыздың жолы жіңішке болады екен, әке-шешемнің меселдерін қайтарған жоқпын.

— Жөн оның. Той қашан?

— Бүгіндері келісе алса, арғы аптада той өткізбек.

— Ымм, қап-ай, реті келмейтін болды-ау…

Қыдырбай Сүгірдің домбырасын алды да шерте жөнелді. Домбыра шанағынан тәуір бір күй төгілді.

— Қыдыр, нені айтасың? Ненің реті ол келмей тұрған?

— Бәрібір сен бара алмайды екенсің. Сенсіз біз де бармаспыз. Әй, өзі де бір қараторының сұлуы дейді…

— Ол кім? Сұлудың не қатысы бар мұнда? Қайда бару керек? Ретімен түсіндіріп айтсаңшы еңді…

— Арқада Баймырза деген найманның Мафруза деген күйші қызы бар көрінеді. Өзі Арқаның суреттеп болмас сұлуы дейді. Асқан күйші де екен. Онымен домбыра тартысқан да арманда, тартыспаған да арманда. Тобымызбен соған бір барып қайтсақ деп едік…

— Барамыз, дайындалыңдар!

— Сенің тойың ше?!

— Үйлену ешқайда қашпайды. Келген соң-ақ аламын әйелді. «Әйел — жолда, бала — белде» демеуші ме еді аталарымыз. Тек бір-екі күн әке-шешемді күтейік, рұқсаттарын алып шығайын жолға.

Құдалықтан көңілді оралған әке-шешесін Сүгір сөз бұзбай тыңдады. Нұрболсын байдың Сұлушаш атты қызын білетін. Жігіт-желеңмен салтанат кұрып, той-думан қуып жүріп талай жолыққан. Домбыраның екі шегіне екі дүниенің шерін сыйғыза шерткенде ол қыз шаралы көздеріне талай жас та алып қалған. Бірақ тым тәкаппарлау секілді, той-томалақтың аяғына қарай өтетін қызойнаққа қалмай, екі-үш құрбысымен үйіне ерте қайтатын. Өзінің домбыраға қосылып ән айтатыны да бар. Кескіні келіскен, дене бітімі бір жігіттің құшағына олқы соқпастай, егіз бұрымы балтырын соққан, үлде мен бүлдеге оранған, шіріген байдың сылқым қызы еді Сұлушаш.

— Жарайды, — деді соңында, — үйленсем үйленейін. Бірақ маған оншақты күн мұрсат беріңіздер. Арқадан бір күйші қыз шығыпты дейді. Сонымен өнер сайысына бір түсіп оралайын.

— Той енді екі жетіден соң, сәрсенбінің сәтіне белгіленді. Барам десең бар, тоқтатып не қылайық, желігің басылмай қара жерге құйрық баспайтын желтең жігіт болмасаң не етсін…, — деді әкесі мен анасы жақтырмағандарын жасыра алмай.

Бұлар ертеңіне алты жігіт болып атқа қонды. Сүгір кеше ғана болашақ атасы өзіне арнап жетектетіп жіберген көздің жауын алатын көкқасқаға ер салды.

Бір ауылдағы өнерімен аты шыққан алты жігіт аттарын қабырғаластыра тебініп қалғанда, бүкіл ән-күй атаулы солармен бірге көшіп жүре берді. Ал, олардың ат аяғы жетіп қонған ауылдары сәтінде дүрілдеп, думанға айналып отырды. Құс қанатымен хабар жете ме, жол бойындағы келесі ауылдың қыз-бозбалалары жиналып, бұларды күтіп алатын болды. Сүгірдің ойына Сұлушаш қалай тез кірсе, солай тез шықты. Бұлар бір ауылдан қонып, бір ауылдан түстене жүріп найман Баймырзаның ауылына оныншы күні түс әлетінде әрең жетті.

Жұрттың жайлауға көшкен кезі. Жасылы аз болса да жалқындап тұратын Арқаның жері ақ көйлегін көкке жаңа ауыстырғандай көрікті. Қаз- қатар қонған киіз үйлердің сонау шеткісі қазан-ошағын ұшы-қиыры көрінбейтін көлге тіреп барып бір-ақ тоқтаған. Суы да мол, дуы да мол, шуы да мол бір жаз-жайлау.

Бүл ауылда да Сүгірлердің келетінін білетін болып шықты. Ұзынқұлақтан естіген екен. Кімдер, неге келе жатыр, ол жағынан хабарсыз. Тек «Оңтүстіктен алты өнерпаз жігіт шыққан екен, қонған, түстенген жерлерін ән мен күйге бөлеп келеді-мыс» деген сыбыс сол баяғы. Бұлар бірден найман Баймырзаның үйін сұрады. Айран сұрап келіп шелегін жасырғандары жөн бе, не де болса аңсап келе жатқан Мафрузаны қапыда жолықтырып, сынағысы келді.

Кең сарайға бергісіз боз үйдің сырты салтанатты көрінді. Бұлар келіп ат басын тірегенде де іштен ешкім шыға қоймады.

Туырлықтарын тура бүгін басқандай сәнді сарай ішімдегімді тап дегендей тымпиып қана тұр.

— Ассалаумағалейкумдер, құдайы қонақпыз! — деп алтауы сау етіп кіріп барды.

— Қонақ болсаңыздар төрге шығыңыздар. Құдайы қонақ болсаңыздар ат терлетіп алыстан келген болдыңыздар ғой, шөліркеген боларсыздар, мен шәй қояйын, — деген жезқоңырау дауыс шықты. Жігіттердің бәріне бұл періштенің үніндей боп естілді. Үйде ешкім жоқ еді. Тек оң жақта құрулы тұрған көк атлас шымылдық болар-болмас қозғалды да, жігіттер солай қараймын дегенше, сымбатты бойжеткен бүрмелеген етегін еппен көтеріп, жүгіре басқан күйі далаға шығып кетті.

Алтауы да төрге озбай босағадан сол биігірек жантая-жантая кетті. Үй ішінен бойжеткен қыздың қолтаңбасы бояуын қою жаққан суреттей көрініп тұр. Оюлы текеметтің үстіне жайылған құрақ көрпелер қандай. Керегенің ортан белінен төмен жерге салбыратып түскиіз тартылыпты. Түскиіздің етегі мен жағасына жеңіл ғана оюдан өрнек салынған. Желбау, құрбауларының ұшына дейін күлтеленген кестелер көздің жауын алады.

«Өзі іздеген үйімізге адаспай келдік пе?» дегендей бір-біріне көз салған жігіттер өздері жантайған жақтағы керегеде ілулі түрған домбыраны бір мезгілде байқады. Қыдырбай Сүгірге қарады. Сүгір алыңдар деген белгі берді. Жолда уәделесіп келген. Егер атышулы домбырашы болса, оның домбырасы үнемі бабында тұрады. Құлақ күйін келтіріп, анау-мынауды шертіп жатуды ондай жан мін көреді. Бірден алу керек те, бастай беру керек. Қазір де сол қыз қазан-аяқ жақта жорта кешігіп жатқан секілді. Сөзге айналмай, бұлардың шабысып бір көріп алмақ та шығар.

Қыдырбай қолын тигізіп көріп еді домбыра шабыс тілеп тұр екен. Мұнан артық дыбыс шығарған жоқ, керім күйлердің бірін бастай жөнелді. Сүгір орнынан аунап түскен болып, керегенің арасынан сығалап еді, самаурынын ошақ басына апарған бойжеткен әлі от тұтатпастан, құлағын үй жаққа тосып, жүрелеп отыр екен. Сүгір Қыдырбайға көзін қысты. Бұл «бойжеткен – Мафрузаның өзі» деген белгі еді.

Қыдырбай өзі күй тартып отырғанда қыздың үйге кірмейтініне көне алмағандай, ұзақ сонар қайталап, домбыраны Құдаймендіге әрең берді. Құдайменді де домбыра қолына тисе аруақтармен тілдесіп кететін арқалы күйші — өз арынымен Қыдырбайды да шаңға көміп кете берді. Жұмабек, Жарқынбай, Мелдестер де нағыз сен тұр, мен атайындар болатын, домбыра қолдарына тиер-тиместен от тиген үпелектей өршітіп әкетті. Бесінші жігіт, Жарқынбай, жан төзгісіз ғажап бір сазды күйді әсем толғап, әшекейлеп бітіре бергенде, қыз үйге қайта кірді.

— Өнерлеріңе нұр жаусын, жігіттер, — деді маржандай ақ тістерін керсете жымиып, — саусақтарыңыздан бал тамған, жүректеріңізден жыр төгілген бір-бір елдің төресі болармысыздар. Келе-сала сапарларыңның мақсатын күймен білдіріп жатырсыздар. Жауабын күймен бермесем болмас.

Сүгір домбыраға ұмсына берген қолын тартып ала қойды. Қыздың сезімталдығында шүбә жоқ. Ат басын бір мезетте тіреген алтаудың ең соңғысы тегін болмасын білгендей, алдыңғы бесеуін бір бұғалықтап алмақ қой…

Жағадағы жас талдың жүз бұтағының ең түзуінен кесіп алғандай сүйрік саусақтар домбыра мойнында көбелек боп ойнап жүре берді. Домбыра да өз иесінің саусақтарын сезгендей арқаланып, кейбір кібіртіктен арылып, арындап-арындап алады. Астыңғы ернін сәл жымқырып алған қыздың жұқа өңіне қызыл бояу жаңа жайылғандай, алаулап барады. Қарлығаштың қанатындай қастары сәл төмен орналасқан шаралы көл-көздерге шатырдай иіліп, жараса қалған. Аршыған жұмыртқадай алқым мен аққу мойын көрмей-ақ ғашық ететін жан сұлулығы мен сәл қимыл сайын дір-дір еткен қос анарлы кеудедегі тән сұлулығының арасындағы алтып көпір секілді. Бірақ мұның бәрі домбыра көмейінен шыққан керемет күй үнімен салыстырғанда әдіре қалғандай. Қыз күйді аяқтар сәтте мұнан бұрын қыз жаққа өңеш созып күй тартқан бес жігітгің бастары да төмен салбырап, жанарлары ғана от шашып отырды.

Күйді аяқтаған бетте қыз домбыраны Сүгірге ұсынып жатып:

— Міне, қонағым, енді сенің кезегің. Өзіміз алтау едік, бірімізді алалады деме, бөле-жарсам әр жаққа ала қашып тұрған сезім-тұлпарымның тізгінін сен ұстай ма деген үкілі үміттен шығар! — деді тіке.

Сүгір сасып қалды. Сұлу қыз жаңағы тартқан күйімен бес жігітті қолдарына домбыра алмастай қылды. Бұл сүрінсе, бәрі келген жолдарымен ауылға қайта берсе де болады. Не тартса екен? Ұзақ ойланып отыруға уақыт жоқ, күйтартыс та бір сөзбен ұстасқандай бәсеке. Кешіктің бе — жеңілдің. Осы сапарға жүрерде етегіне орала берген соң басын бастап қойған бір күйі бар еді. Соны тартса ма екен? Қанша шебер болсаң да бұрын ел арасына танымал күймен бұл қызды таңқалдыра алмайсың. «Түгел тартып шыға алмай қалсам ше?». Қызға қарап еді орнынан тұрып, сыртқа беттеп бара жатыр екен. «Тәуекел!». Домбыраның ішектерін төрт саусағымен екі тиектен бір мезетте ауыстырып жіберді. Домбыра дың етіп, баяу ғана тыныс алды. Ұзап үлгермеген қыз бұл сәл дыбыстың өзін сезе қойып, артына жалт қарады.

— Қарындасым, мен солақай едім, — деді Сүгір ақталғандай. Қыз табалдырықтан аттай бере мырс етті. Күлді ме, мазақ етті ме, ешкім айыра алмады.

Жауырынымен бір аунап түскен балуандай болды. Бірақ қызға ашуланып тұрып кетсе, жігіттігі қайсы. Домбыраның ішегін шертіп көріп еді қаттылау бұралған екен. Сәл босату керек. Сонда ғана күйдің сәні келуге тиіс.

Жігіттер енді не болар екен дегендей, ұнжырғалары түсіңкіреп отыр екен. Тіпті орталарында Сүгірдің өзі бар екендігі де бір сәт естерінен шыққандай. Дәл қазір қызды тізе бүктіретін күй тартылмаса алтауы да бұл үйден шыбыртқымен айдаған тентек баладай шығып кете беретіні сөзсіз.

Сүгір керегеден сығалап еді, қыз үй жаққа құлақ түріп, үнсіз отырғанын байқады. Бастап кетті. Әуелі кең әлемді бір кеудеге сыйғызғысы келетін керемет бір толқыныс домбыра шанағынан ықылық атып, сыртқа қашты. Дереу асқақтаған астыңғы шекке мұңы басым үстіңгі шекті қоса қойды: тата-тата-та, та-та-тата-там, та-та-тата-та, тат-тата-там… Күй баяу ғана, бұйығы, ойлы басталды. Тізгінді тежеп отырған Сүгірдің өзі. Күйдің керемет те келісті тұсын тартып отырып, әзірге беймәлім жалғасын ойлап отыр. Сол тұсқа келгенде қайтер екен?! Саусағының өзі сұңқыл саздың заңды жалғасын тауып кете берсе жөн-ақ. Дәл сол жерде аяғына қан түскен аттай сүрініп кетсе, өлім ғой.

Күйдің басталған тұсындағы толғағы ащы бөлігін тағы бір қайталап алды да орта сағаға түсті. Қағысы сәл ширады. Жаурынының жіпсігенін сезді. Орта сағада ойқастап-ойқастап алып, үш перне жоғары көтерілетін де сол жерде қос ішектің ең бір сазды тұсын тауып басып, құйқылжытып кететін. Тура бір су шайқалмас жорғаның жүрісі дерсіз, тайпалтып жөнелді. Тыңдаған жанның тұла бойы отқа түскен темірдей балқып жүре берер сәті осы.

Жігіттер бұл не керемет күй дегендей, ауыздарын ашып қалған. Далада жел соғуын, құс ұшуын тоқтатқандай. Тек қана тұла бойыңды теңдессіз сұлу сипағандай, ессіз бір сезімнің теңізінде қалқандай қалқып кете барасың.

Даладағы қыздың орнынан қалай тез көтеріліп, үй жаққа жалт қарағанын Сүгір көрген жоқ, бірақ солай боларын күтті. Сағадан сырғып кеп әлгі сылқым жерге түскенде қыздың табалдырықтан аттап үлгергенін де көрген жоқ, сезді. Сезді де, саусақты сәл жоғары алып, сыңқылды одан әрі өрбітетін жерін өрнектеп, ұзақ отырды.

Домбыра үні тіл байлағандай. Тек сол сәтте ғана қыздың шөп басын қимылдатпай кеп оң жағына тізе бүккенін көрді. Күйдің дәл осы жерінде домбыра пернелерінен керек үндерді үзіп алуға бес саусақтың да аздық ететін жері бар болатын. Сүгір сол жерге келгенде ылғи қинала беретін. Қазір де қатты қауіптеніп отыр. Алдыңғы үндерді құбылтып кеп, сәл сол тұсқа түсе бергенде қыздың қолдары қарлығаштың қанатындай боп кеп жанаса кеткені. Сүгір өзінің бес саусағын билетіп-билетіп алып, алтыншы саусақ керек-ау деген жерде қыз сол пернені дәл тауып баса қояды.

Мұнан ары күйдің басын қайталап барып, үлкен сағаға қайта түсу керек. Бірақ Сүгір бұған асыққан жоқ. Дәл осы жерден кетсе қыздың саусақтары да уақытша керек болмай қалады. Айрылғысы келмеді. Сол қолының шынтағын сәл көтерінкіреп еді білегі демімен бетін шарпып отырған қыздың сол анарына барып соқтықты. Топ-толық екен. Тұла-бойына тентек сезім тарап үлгерді. Қыз да кеудесін кері тартқан жоқ. Домбыра болса қос мұңлықтың алты бармағынан төгілген алқалы күйді жан-жаққа көбіктете шашып, ен далаға көсіле шапты.

Жігіттерден ұялғанынан ғана Сүгір күйді ары қарай жалғады. Ендігі екпіні шабытқа ерекше толып ақты. Саусақтары домбыра пернелерінде тынымсыз билеген кезде сарқырамадан секіріп аққан тау суындай, құлақтың құрышын армансыз қандырады. Үлкен сағадан қашан шығады дегендей қыз да алабұртып отыр екен: әлгіндегі дірілдетіп әкететін жорға үндерге келгенде қолдары өзі-өзінен домбыра сағағына созылып, керек пернелерді дөп тауып жатыр. Бұл жолғы үн алғашқыдан да анық, алғашқыдан да асқақ, алғашқыдан да мұңлы, алғашқыдан да ғашық естілді. Сүгір күйді қағысын баяулатпай, бірден шорт үзгенде, қыз да тұруға тырыспай, сол орнында жантайып, қимылсыз қала берді. Дем де, үн де жоқ. Сүгір оның жүзіне соңда ғана тіктеп көз салды: толған айдай толықсыған бір сұлу. Үлбіреген тамақтан ақша маңдайға дейін тек табиғат-суретшінің қолынан шыққандай, мінсіз мүсін. Әсіресе, бүкіл сұлу жүзге шұғыла шашып тұрған кездердің шарасында мөлдіреп тұрған қос тамшы қандай жарасымды.

— Жаратқан-ай, не қылған керемет дүние мынау? Мұндай күйді тек Сүгір тартса керек еді! Бірақ әлдеқашан сүйегі қурап қалғал Сүгір мұнда қайдан келсін?! — деді қыз, ішін өртеген жалыннан өзі өртеніп кетпеуге тырысқандай, аһ ұрып.

— Бойжеткен, неге олай дедіңіз, сол сіз арман еткен Сүгір сүйегі қураған жоқ, — міне, алдыңызда отыр! — Алғашқы тілі шешілген Қыдырбай болды.

Қыз әуелі селк етті. Көздері кереметтей үлкейді. Кірпіктерге ғана ілініп тұрған әлгі қос тамшы құзға құлап, жоқ болды. Гүл еріндер еріншектей ашылып, сәл-сәл тұрды да:

— Не дейсіз? Сүгір біздің замандасымыз ба еді?! Күйлерін естіген сайын өзімнен бір ғасыр бұрын өткен ата ғой деп аруағына сыйынып жүруші едім. Үйіме Сүгір келді ме? Әке, әке! — деп ынтыға сыбырлады.

Орнынан еліктің лағындай атып тұрған қыз үйден шыға жөнелді. Сүгір оның қолынан ұстап та үлгермеді. Қыздың даусы үй артында қоңыраудай сыңғырлады:

— Әке! Әке! Үйге Сүгір күйші келді! Үйіңе құт келді, береке келді, әке! Сүгір келді, сұңғыла домбырашы келді, әке!

Желмен хабарланды ма, елден хабарланды ма, ауыл азаматтары түгел осы үйге ағылды. Қой сойылды, қымыз сапырылды, әнші, күйші жиналды, той басталып жүре берді.

«Оңтүстіктен Сүгір деген күйші келіпті!», «Сүгір келіпті!», «Атақты Сүгір келіпті», «Күйші Сүгір деп күйлерін тамсана тартатынымыз кәріқұлақ адам емес, отызға да толмаған жігіт екен, сол Сүгір Баймырза байдың қызы Мафрузамен күй тартысуға арнайы іздеп келген екен. Мафруза жеңіліпті, енді ол Сүгірге күйеуге шығады екен!» деген сөз өрттей қаулап, бұл ауылға тыным болмады. Ат жетер, аяқ жетер жердегі ел түгел жиналды. Ел ішінде бір күндік қызығы үшін ғана мал жиып отырған серілер аз ба, солардың бірінен соң бірі Сүгірлерді тобымен қонаққа шақырып, қолдан қолға тигізбей әкетті.

Арада ай өтті. Арқаның ат жетер жердегі елі Сүгірді түгел тыңдады. Үлкендер батасын берді, балаларының аузына түкіртті. Той-думанмен араға ай салғанын да сезбей қалған алты жігіт бір оңаша қалғанда алыста ел барын еске алды. Дәл осыған дейін сыр шашпай жүрген Сүгір мен Мафруза болса ілкі сәтінде бір-бірінсіз өткізген күннің әдірә екенін түсінді.

— Мен Сүгірге өмірлік жар болуға сөз беріп келдім, — деді Мафруза әкесі мен шешесіне. Олар түк таңданған жоқ. Шешесі көзін жасқа шылай бергенде, әкесі тіл қатты:

— Балам, сен менің ұлым да, қызым да едің! Атастырған жерің бар екенін де білесің. Сөйтсе де Сүгір секілді саңлаққа сені қалай бермеймін дейін. Бір-біріңді ұнатқан екенсіңдер, бақытты болыңдар! Құда жақпен өзім тіл табысамын, мал жалынсын оларға. Бір тілегіміз бар. Сені Сүгірге жетектетіп жібере алмаймын. «Найманның Баймырза байы» деген атым бар, үш жүз түгел білмегенмен Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңыратқа атым мәлім. Сені ұлан-асыр той жасап беремін. Тойға ат аяғы жетер жердің бәрін шақырамын. Өз өңірін Сүгір де түгел шақыра келсін. Бұл менің ендігі көретін соңғы тойым болар, балам. Соны қиыңдар маған! Сүгірге солай деп айт.

Мафруза Сүгірден сүйінші сұрады. Сүгір бес жігіттен сүйінші сұрады. Құйын боп барып, құс боп қайтуға уәде беріп, бәрі жолға шықты.

— Сүгір, сен келесің ғой?! — дейді үзеңгісіне жабысқан Мафруза.

— Неге олай дейсің, жаным?! Сенсіз Сүгірдің таңы атып, күні шыға ма, шырайлым-ау!..

— Аман барып, сау қайт, сұлтаным! Мен жолыңды күтушімін… Ә, әлгі алғаш келген күні тартқан күйіңді не деп атадың?

— «Алтыбармақ» болсын, күйді менің бес саусағым, сенің бір саусағың тартты емес пе?

— Тыңдашы мені, кел, ол күйді «Кертолғау» деп атайық, өзі де бір кербез күй екен, ә?!

— Жарайды, жаным, күй аты «Кертолғау» болсын, тамаша ат екен, сенің де есіңде болсын, бұл саған арнаған күйім.

Аттарын тебініп қалды. Мафруза үзеңгіні үзердей  ілесіп барып, әрең жіберді. Орамалының бір ұшын бұлғап, бір ұшымен көзін сүртіп қала берді қыпша бел.

Жігіттер ауылдан ұзап шыға бере аттың басын жіберді. Бір айдан бері ауыл арасынан ұзап шығып, шабыс көрмеген жылқылардың жотасы тез майланып, жалданып қалған екен. Әйтсе де алғашқы сәтте бір-бірімен құйрық тістесіп, алысқа ұзатпады. Тек құлақ түбінен тер шыға, көкқасқа қара үзе берді. Сүгір ат басын тартып, достарымен қатар аяндады.

— Таңдаған жарыңда кеміс жоқ, көкқасқаң жаратсаң-ақ бәйге аты, біздей серігің бар, Сүгір, Алла қаласа, бақытты жансың-ау, — деді жігіттердің бірі шын көңілден.

— Оның рас, Жарқынбай. Астымдағы атымды, қызын қайтарсам, бай өзі алар, бірақ қасымда сендер болсаңдар, Мафруза жарым болса, одан артық Алладан ештеме сұрамадым!

Бір жанның бақыты бес-он жігітті еркін жылытатын заман емес пе, алтауы да алтын тапқан жолаушыдай желпініп келеді. Арттарынан қуа соққан Арқаның жылы желі бұлардың қуанышын еліне ертерек жеткізіп, сүйінші алуды ойлағаңдай, әр төбенің басын бір шолып, екілене соғады.

Басы мен аяғын ешкім өлшеп көрмеген жер жарықтықтың тіршілік атаулыға қарайтын мөлдір көзіндей бол толқып жатқан көлдің бір шетінен бір шетіне шығу оңай емес. Ал, одан ары ұшы-қиырына көз жетпейтін сары дала.

— Жігіттер, ас-суымыз мол ғой, бүгін осы көлдің жағалауына қонайық, — деді Сүгір. Жігіттер бір ауыздан мақұлдады. Күн ұясына ене қоймаған кез. Кеш түсіп келе жатса да күннің солғын сәулелері жерге көлбей құлап, көлге шағылысып, жан-жағына түрлі моншақ тағып тұрған. Сезімге қозғау салар-ақ шақ. Төрт жігіт ас қамдап жатқан кезде Қыдырбайды ерткен Сүгір көл жағалап кетті. Екеуі қамыс-қоғасы аралас жағалауға тоқтап, аяқтарын суға малып отырды. Сүгір домбырасына қол созды да ерекше шабытпен жаңа бір күйді екшеп тарта жөнелді. Қыдырбай қимылсыз қалды. Күй құдіреті оны да жағалауға желімдеп тастады.

Сүгірдің көзі жұмулы. Саусақтары жан тереңінен сезім талшықтары арқылы берілген бұйрықтарды бұлжытпай орындап, ойнақы билейді. Күй келбеті адам көңілінің шалқыған бір сәтін айнытпай өрнектеп жатыр. Сылқ-сылқ күліп қуанады, сықылықтап еркелейді, бақытын жария етіп, тойға шақырады. Тек күйдің соңына қарай домбырашы үстіңгі ішектерден кейбір сағынышты пернелерді тауып басып, сүйгенінен аз күнге болса да айрылысып бара жатқанын жария қылады. Бірақ көңілдің шалқуына шек бар ма, бұл мұңды ілезде аспанға үрлегендей жоқ етіп, жаңағы жүйрік атқа қайта мінгізеді. Жүйрікке тақымы бір тиген соң белгілі емес пе, белден бел асып кете береді көкдөнен.

Қыдырбай басын күй аяқталғанда барып бір-ақ көтерді. Сүгір де үнсіз, тек кірпік қақпай көлдің қарсы бетінен зіл қара тастай боп түсіп келе жатқан қараңғылықты тілгілей қарап отыр.

Екеуі отырған жағалауға үш аққу жүзіп келіпті. Қыдырбай оларды жаңа байқады. Төртіншісін қанша тесіле қараса да таба алмады. Екеуінің сөз қағысқанын естіп, аққулар қайтадан айдынға қарай ұзай берді. Қос аққу алға озды да сыңар аққу тұмсығымен су сызып, қалып қойды.

— Шабытың қанаттансын, Сүгір. Бір сылқым күйге куә болдым-ау деймін бүгін?

— Рас, достым, бұл бақытымды тауып, шалқыған көңілімнің суреті, аз күнгі айрылысуға орай, көңілдің мұңы да бар…

— Олай болса аты, «Шалқыма» болсын!

— Болса болсын!

…Бұлар ауылға таянғанда алдарынан бір топ жан қарсы алды. Ортасында Сүгірдің әкесі Әлі де бар. Жүзі қату, жалғыз ұлдың амандығын көріп, көңілі орнына түсті демесеңіз, іштегі тоң оңай еритін түрі жоқ. Бірден бөлектеп әкетті. Үйге кірген бетте зілдеп сөз бастады.

— Сүгір, сен екеуміз түнеу күні келіспеп пе едік? Мұның не? Мені екі ауылдың алдында бірдей ақымақ еттің ғой! Тойды белгілеп қойғанымызды өзің де білесің. Немене, Нұрболсын бай менен қорыққанынан қыз бергелі жүр дейсің бе? Сені осы өңірдің ерекше өнерлі азаматтарының бірі деп біледі екен. Саған бас игені. Енді сол азаматының істегені мынау. Өй, қарағым-ау, сендерді күткелі тура бір жарым ай болды ғой! Жұртқа қарауға бет жоқ, үйден шыға алмай қалдық мынау шешең екеуміз…

— Әке, мен өзіме лайық жар тауып келдім. Тек сіздердің баталарыңыз керек. Баймырза деген найманның Мафруза деген қызымен өмірлік серік болуға серт айтысып, уәде байластық. Рұқсат берсеңіз, ертең Мафрузаны алып келуге қайта жүремін.

— Сен не сандалып отырсың?! — Сүгір әкесінің бет-әлпеті адам танымастай өзгеріп кеткенінен шошып, төмен қарады. — Сен не сандалып оттырсың деймін?! Онда мені осында көміп бір-ақ кет! Әй, балам-ау, өзің көрдің, Нұрболсынмен құда түсіп, құйрық-бауыр жесіп қойған жоқпыз ба?! Сені сонау жер түбіне әйел іздетіп жіберіппін бе? Арғынның ағаш атқа мінген бір қызы ма көріп келгенің? Қой, шырағым, «бай болсаң бақырып боласың ба» деген екен, жалғыз бала болсаң да бүгінге дейінгі қылығың бір басыңа жетерлік. Ертең құдаға хабар саламын, арғы күні сәрсенбінің сәтіне келінді түсіреміз! Айттым — бітті, кестім — үзілді!!

Сүгір сұп-сұр боп отырып қалды. Иін ағаштың бір басы ерекше басып кеткені белгілі болды. Тула-тулама, бәрібір. Әкесінің томырық мінезі белгілі. Не айтқанын істейсің, не ат құйрығын кесісіп тынасың.

Сүгір салы суға кетіп, сыртқа шықты. Қыдырбай да үйге кіре алмай, айналсоқтап жүр екен. Болған оқиғаны соған айтты. Ол да оқиғаның шет жағасынан хабардар болғанмен, бұл тығырықтан жол тауып кете алмады.

— Сұлушашқа барайық, — деді  ол бір кезде соңғы «талды қармағандай» үнмен, мүмкін қыздың өзін көндірерміз. Бір байқағанымда ақылды бойжеткен секілді еді.

Сүгірге бұл ақыл ұнады. «Несі бар, екеулеп жеткізсе, қыз да түсінер, мүмкін үлкендерге тоқтау айтар…» Сол кеште екеуі атқа қонды. Ымырт үйіріле қызды ауылға жетіп барды. Қыдырбайдың жақын жиендерінің қызын жіберіп, Сұлушашты шақыртты. Ертең күйеуге бергелі отырған қыздан көз жаза ма, жанына жеңгесін ерткен Сұлушаш сыртта жолықты. Сүгір мен Қыдырбайды таныды.

— Сұлушаш, — деді Сүгір созбалақтауға уақыттың тарын сезіп, — үлкендер бізді атастырып қойған екен. Мен сенің жеке басыңды кемітпеймін. Бірақ өмірлік жар болуға сөз байласқан адамым бар менің. Сенің де жүрегің калаған жанмен бірге болғың келмей ме? Ондай адамың да бар болар?

— Бар! Ол — сен!

Сүгір аузындағы сөзін айта алмай қалды. Сұлушашқа қараған. Көздері жасаурап өзіне тесіліп отыр екен.

— Иә, сен, Сүгір, сен мен үшін жігіттің сұлтанысың! Сенің домбыра көмейінен төгілген күйлерің, ақ жарқын мінез, атпал келбетің жүрегімді жаулап алғалы қашан?!

Сүгір тілін тістеп қалды. Өзінің кешірілмес ағаттық жасағанын да түсінді, қатты өкінді.

Сәрсенбі күні Сұлушаш Әлекеңнің шаңырағына келін боп түсті. Сүгір жағы карысқандай үнсіз жүрді. Той да тарқады. Екеуі оңаша қалды. Сонда ғана көздерімен жер шұқыса отырып тілге келді. Адамның қолымен жасалған тағдырдың ісіне екеуі де мойынұсынды.

Жас келіншектің жұпар аңқыған кеудесі айға таяу Сүгірді алдандырғаны рас. Ұзамай Мафрузаға деген сағыныштан ұйқысынан шошып оянды. Кешкі шақ болатын. Беймезгіл уақытта ұйықтаған екен. Денесі дел-сал, біреу әбден таяқтағандай, бойын жаза алар емес. Басына салған жастықты шынтағына умаждап, жамбастап жатты. Кеудесін кере дем ала алар емес. Ішкі дүниесі іркіттей іріп, қарап отырып құсқысын келтірді. Басы да дың-дың етеді, миларының орнына айран құйғандай, ештеме ойлатар емес.

Сұлушаш оның мына күйін бірден байқады.

— Сүгір, саған не болды? — деді басын ұстап.

— Жәй, Сұлушаш, жәй болар… домбырам қайда, әперіп жіберші.

Түу тереңнен жалынша атқылап жатқан өкініш өрті домбыра ішегіне аумай көшті. Адам көкірегіне ғана тән сүңғылалықпен мынау бір күні бір күніне жеткізбей зулаған заманның той-думанға бергісіз бедерінен тыңдаған адамды қарап отырып запыран құстырғандай зар-қайғыны қалай сүзіп алғаны белгісіз, бір үн сай-сүйегіңді сырқыратып, сорғалап кете берді, кете берді…

Сүгірдің жүзі алаулап, алау лапылға, лапыл өртке айналып бара жатты.

— Тоқтатшы, құдай үшін, бұл не зар заманың тағы туғызып келе жатқан?! — деп Сұлушаш оның тізесіне құлай кетті. Түйдек-түйдек келе жатқан керемет күй сазы дәл осы жерден құмға сіңген судай шорт үзіліп, жоғалды.

— Мұның не, Сүгір, мен саған бақыт сыйламасам да қайғы әкелмесем керек-ті. Мына тартып отырғаның домбыраның шанағына қорғасын құйғызғандай қалың қайғы ғой. Қой, Сүгір, шаңырақты шайқама, қайғы шақырма босағаға! — Сұлушаш пора-пора боп жылап отыр екен.

 

Ләм деген жоқ, домбырасын керегеге сүйеді де далаға шығып кетті. Беті ауған жаққа жүре берді. Бір гүлден бір гүлге секірген көбелекше, қырдан қыр асып, ұзап барады. Ауыл сұлбасын кештің көгілдір пердесі көрсетпей жібергенде ғана тоқтап, жерге сылқ етіп отыра кетті. Көзін жұмды. Сұлушаштың сұлу жүзін көрді, ойлы сөзін естіді. Дұрыстығын мойындады. Ата-ананың қамқор көңілін көрді. Тентек баладай бәріне топырақ шашқан өзін жазғырды. Бұл жөнсіздіктің жақсылыққа апармасын мойындады. Енді-енді қара жер орнына қайта жайғасып, аспан төбеге қайта шығып, жұлдыз жымыңдап, жел шашын жұлмалап ойнай беріп еді, есіне Мафруза түсе қалды. Дүние қайтадан төңкеріліп түсті. Орнынан атып тұрып, үйге қарай жүгірді. Келе белдеудегі көкқасқаның тізгінін шеше бастады. Үйден әкесі шығып, шылбырға жармасты.

— Сүгір, балам, тыңда мені! Төрімнен көрім жақын мына менің. Алла мазақ еткізбесін бізді. Білемін, алыс жолға жүргелі тұрсың. Сабыр ет, балам. Анау әйеліңнің ай-күні жетіп отыр. Жаратқанның өзі жар болса, тұңғыш немеремді иіскеп барып өлейін. Әрі сол немерем екі жасқа жеткенше атыңа ер салмай қоя тұр. Одан ары тізгініңе ешкім де жармаспас, балам. Осы тілегімді бер!

Ентігін баса алмай, үйге қайта еніп кетті әкесі. Сүгір белдеуден шешіп алған тізгінді тас қып ұстаған күйі тұрып қалды.

Тұңғыштары қыз болды. Әлі ақсақалдың қуанышы арнадан асып төгілді. Қызы екі жасқа толды, ертеңіне Сүгір де атқа ер салды…

Бұл жолы жалғыз кетті, жанына ешкім ерген жоқ. Жол бойы домбырасын қолына әлденеше алды. Бір күйдің елесі мазалап келе жатқанын сезеді. Басында дыңылдап тұрады да домбыраны қолға алса, әлдеқайда қашып, жоқ болады. Кеудесінде күмбірлеген күй үні таныс: сәл зарлы, сағыныштың сары уайымына белшесінен батқан жанның жүрек сырын жайып салады бебеу үн. Бір сәт есіне түсе кетті. Әлгі ұйқысынан шошып оянатын күні түсінде естіген күйдің кербез сазы екен санасында шыңылдап тұрған. Міне, енді сол сылқым үн домбыра шанағына көшіп жатыр, көшіп жатыр…

Тыныштықтан сілтідей тынып тұрған дала кенет дүр сілкінді. Қанатын үш қағып, шырқау биікке шығып алған көңілдің көк құсы айналасына күй маржанын аямай шашады. Ықылық атқан жанартау сезім арнасына сыймай, лақ-лақ етіп төгіледі. «Шіркін десеңші, адамның кеудесіне сыйған арманның кейде мынау кең дүниеге сыймай кететіні несі екен? Сондай сәтте адам баласы, көзіне көріне қалса, әлемнің әміршісімен де жағаласа түсуге әзір тұрады. Бірақ жаратқан да шебер ғой. Шынжырлаған жолбарыстай бәріне көндіреді. Тек көңіл ғана толқыған теңіз, шалқыған мұхит: сол әуелгі сүйген қалпында, сол баяғы күйген қалпында қала береді…»

Күйдің күмбір үні осы ойларды кеудесінде бесіктей тербетеді. Сүгір өзін-өзі ұмытып, мынау шексіз де шетсіз дүниенің айдынында аққудай боп жүзеді. Жан дүниесінде дауыл тұрып, бұршақ борағандай. Саусақтары сол сезімдерді ауыздықтап әуре. Қолына берсе бүкіл әлемді тарының қауызына сыйғызар бір ғана адамның жан дүниесі көзі мен көңіліндегі бұл дүлей сәттерді қоңыр домбыраның өзінен де қоңыр үніне байлап келеді.

Мафруза ғана емес соншама сағынып, қос ішектен жас ағызғандай зарлы саз төгілтіп келе жатқан, кешегісіне деген сағыныш, өмірге деген қызғаныш, әлі өзі көрмеген, мүмкін көрмейтін де, бірақ көңіл дөнені әлдеқашан басып алған қарасынан ағы басым, көгінен қызылы басым әлдебір сұлу әлемді аңсау, осыны ойлап опық жеу, соны сағынып сыр шашу, жыр төгу, күй шалқыту. Адам баласы сонысымен де құдірет болар-ау, бәлкім?!

Күйші еңсесін көтерді. Күйі де күңіренген кейіптен босанып, ат басын таяу болса да базарлы өмірге бұрды. Өзінің астындағы аяңға ауысқан шұбар бие секілді. Ол бет алған сапарын ойлап, алдан күтетін үміті мен күдігі мол күндерді ойлап, көңіліне үміт құйды. Мафрузаға келе жатқан жоқ па?! Иә, осыдан үш жыл бұрын бір-бірімен серт байласып, сөз алысқан пәк махаббатымен тағы бір тілдесуге келе жатыр ғой. Мейлі, Мафруза да қазір біреудің сол жақтағы сыңары болар, мүмкін балалы-шағалы шығар. Бола берсін, бұған керегі Мафрузаны бір көріп, сол жолы неге келе алмағанын өз аузынан айтып, арыздасу ғана. Сол ғана Сүгірге керегі.

Қай атаның қызы қай елге келін боп түскенін тап басып біліп отыратын қазақы ауыл емес пе, көп аралаған жоқ, Баймырза байдың жалғыз қызы Мафруза ұзатылған ауылды тұспалдап, тап басты. Бірден ол ауылға бармай, оларға бір қыр жетпей қонған қойшының киіз үйіне түсті. Алыстан келген жолаушыны құдайдай күткен үй иелері алдына ас құйып, төріне төсек салды. Сүгір кешкісін әңгіме-дүкен аяқтала бере домбырасын қойнына тығып, шапанын жамылды да далаға шығып кетті.

Киіз үйден тас лақтырым жерде баяу ғана тыныс алып жатқан биіктеу төбенің басына жайғасты. Түн қараңғысына қарамай әлдеқайдан жолаушылап келе жатқан жылы жел мұның да бет-аузынан сипалап, танығандай-ақ, алақайлап озып кетіп жатыр.

Домбырасын ұзақ баптады. Сәлден соң жол бойы жүрегін жүз аунатқан күйді сұңқылдатып тарта жөнелді…

…Мафруза да екі-үш күннен бері елегізіп, мазасызданып алған. Жаман ба, жақсы ма, бір хабардың қайдан келерін жорамалдай алмай әуре. Бүгін тіпті мазасы болған жоқ. Ерте-ақ жатып еді, ұйқысы келер емес. Күйеуі әлдеқашан ертегілер еліне еніп үлгеріпті. Түн пердесі қалың түскен кезде төсекте ұйқысыз жатудан асқан қорлық жоқ. Әбден қалжырады. Еңді-енді көзі іліне бергені сол еді, тым алыстан домбыра үні құлағына талып жетті. Алғаш сенген жоқ. «Жеті түнде далаға шығып, домбыра тартатын есі ауысқан кім бар бұл маңда? Қой, жәй елес болар». Сәлден соң домбыра үні киіз үйге сыналын тағы кірді. Орнынан атып тұрды. Далаға жүгірді. Киіз үйдің есігінен аттап шығуы мұң екен, түнгі ауада қанат байлап ұшқан қоңыр домбыра үні өзін тапты. Күй ерекше мұңлы, адамның жанын суырардай сағынышқа толы екен.

Орнынан қозғала алмады. Күй аяқталғанша демін алуға да қорықты. Соңғы үн кірпіктегі жастай үзілгенде өзінің жылап тұрғанын бір-ақ білді. «Япырау, мынау кім болды? Шынымен-ақ Сүгір ме? Сүгірден басқа дәл осылай егілтіп күй тартатын кім бар бұл маңда? Тіпті бүкіл дүние жалғанда? Бар болар-ау, бірақ… мынау Сүгір ғой!».

Күй қайта тартылды. Сол күй, сол тартыс, сол сағыныш. Арнаған адамы естімей қалды ма дегендей, дәл сол шабытпен қайта сылқылдатты. Араға әлгі әдемі үнді талмап жұтар ғана уақыт қалдырып, тағы да, үшінші рет тартты күйші.

Мафруза түсінді. Бүл келген Сүгір болды. Бүл күй өзімен тілдесуі болды сабаздың. Көп ойланған жоқ, үйге қайта кірді де төрде ілулі тұрған домбырасын алып, далаға қайта шықты. Ауыл іргесіндегі қырдан асып түсіп, мамықтай жасыл шөпке тізе бүкті. Домбырасы бабында екен, екпіндетіп бастап кетті. Не тартып отырғанын өзі де тап басып айта алмас еді…

Сүгір күйді үш рет тартқан соң жаны жай тауып, жамбастап жата кетті. Жұлдыздар жымың-жымың етіп, сәт сайын сәлем беріп тұрған аспанға қарап жатқан. Жүрек дүрсіліндей боп асыққан домбыра үні естілгенде, есінен адасқан адамдай, сол дыбыс шыққан жаққа тұра жүгірді. Жүз жығылып, жүз тұрып жеткен кезде әлгі күй үшінші рет қайта тартылып жатыр еді. Елсізде есі ауысқандай жалғыз отырған Мафруза да, бөрідей жеке жорытқан Сүгір де бір-біріне құшағын аша ұмтылды.

— Келдің бе, күйшім! — деді Мафруза демі жалын атып.

— Келдім, келдім, Күйім! — деді Сүгір ғашығын кеудесіне басып. Екеуі таң сыз бере айрылысты.

— Енді саған келіп тұрамын, — деді Сүгір сағынышпен, — мынау «Жолаушының жолды қоңыры» деген күйім, саған деген, өмірге деген ғашықтық арманымды айтады бұл күй. Осы «жолды қоңырымды» жалау етіп жетемін сағынғанда, өмірімнің сәулесі!

— Менің де жауабым осы болсын, күйшім! Сенің осы күйіңмен жолдаған арман-тілегіңді мен өзімше ұғып, өзімше ұшырып едім ғой сен жаққа. Бұл сол күйдің қыздың орындауындағы үлгісі болсын. Келген сайын мені сол күйді тартып ізде, сол күйді тартып шақыр, мен осы күймен жауап беремін, Сүгірім, Сұлтаным!

Сүгір қойшының үйіне қарай, Мафруза отауына қарай кетті.

Ертемен жолға шыққан күйші, таныс көлге жетіп түнеді. Таң сыз бере әлдебір үрейлі үннен шошып оянған. Көл беті опыр-топыр. Төрт аққу өз топтарына киліккен сыңар аққуды жолатпай қуып жүр. Онсыз да серігінен айрылған сорлы, жалғыздықтан өлердей қорқа ма, төртеуінің арасына тығылады. Олар қанатымен шапалақтап, тістелеп, жолатар емес. Сыңар аққу, сыңсыта үн қатып, аспанға телміреді. Тұмсығымен су сызып, жан жарасын әйгілейді. Серігі қазір-қазір сол көк күмбезінен шыға келіп, жанына қонатын секілді. Күте-күте шаршаса, әлгі төрт аққуға бет түзейді. Төртеуі тізе қоса ұмтылып, жалғызды түтіп жеуге әзір мінез танытады.

Сүгір бірден сыңар аққудың жағына шықты. Оның басына түскен қайғының салмағын сезгендей, бірге мұңайды. Айдындағы асыр салған төрт аққуға қарап отыр, домбыра шертті. Аққулар жағаға жақындады. Жұптасқан төртеуі тым таяп келді. Мойындарын тәкаппар иіп, су бедерінде баяу тербетіліп қояды. Осы сәт сатыр-сұтыр үн естілді. Астаң-кестең су сабалап қалған бұл дауысқа Сүгір де жалт қарады. Сыңар аққудың серіктерінің бұл бақытты сәттерін бойына сіңіре алмай, төртеуінен бөлек қашқаны екен: жер-көкті тұмшалай басып келе жатқан қою қараңғылықтан да қорықпай аспанға көтеріліп бара жатты. Сүгір де жанарымен сол сыңар аққуға жабысып, бірге кетті. Сыңар аққудың бұл тосын мінезі ауылға жеткенше есінен шықпай қойды. Тіпті сыртқа шығар арна іздеп, көңіл патшалығынан саусақ-тамырлары арқылы домбыра шанағына кұйылып жатты. Атақты «Аққу» күйі осылай туды.

Сұлушаш сабырмен қарсы алды. Әуелі амандығына қуанған болар. Тұлымшағы желбіреген қызы келіп мойнына асылды. Ауыл адамдары сағыныса сәлемдесіп жатты. Бір сәт терезелерін күңгірт перде жапқан көңілдеріне күн түскендей болды. Өмірдің көре білсең қуанышы мен қайғысы қатар қонатыны таң қалдырды. Айналасына қуана қарады. Ай-күні жақындап қалған Сұлушаштан сұлу әйел жоқтай көрінді көзіне. Белінен құшақтап, өзіне тартты. Күн сәулесі жұпыны киіз үйдің есік-тесігінен ішке молынан құйылды. Сүгір домбыра тартты, қызы биледі, Сұлушаш қазан көтерді.

…Қыс қатты болды. Жарлыға да, малдыға да бірдей керін төккен актүтек бірте-бірте жуасып басбілгі аттай болған кезде-ақ қыстан қысылып шыққан Сүгірлер, жайлауға көшкенше асықты. Жер тоңы жұмсарып, жылу жарықтық күн көзінен емес, топырақ қабатынан белгі берді-ау деген кезеңде ел жайлауға жапатармағай көше бастады. Жалғыз ғана боталы інгенінен басқа қарасы жоқ Сүгірлер тұйыққа тірелді. Бірден көшіп кете алмасы белгілі.

— Сүгір, былай етелік. — Сұлушаш сұраулы жүзін Сүгірге бұрды. Сен екі қызыңды, жүктің жартысын алып көш жайлауға. Інгеннің ботасын осында байлап кет. Мен де осында қаламын. Ботасын іздеген інген салып отырып осында келеді. Қалған жүкті мен өзім артып апарармын сонда…

Көнді. Інген ботасыз кетерін білгендей, жүк артқанда-ақ боздай бастады. Қыстаудан ұзап шықпай-ақ жануар жан шыдатпас зар төгуге көшті. Тек жайлауға жеткен соң бұйдасын мойнына байлап жіберген сәтін көрсеңіз, дүр сілкініп алды да ботасы байлаулы қалған қыстауды бетке ұстап, құйын боп ұша жөнелді. Боздап-боздап алып, екпініне екпін қоса шабады.

…Сүгір қос ішекті қосарландыра іш тартқан жерін бозінгеннің қыстауға жетіп, ботасына жанасқан жері деп елестетті. Тұла бойы түгел иіп, сүт бұлағы желініне сыймай саулайды. Қарны тоя бастағанда-ақ бота-бала беталды секіріп жүгірді. Қапелімде қайта айрылып қалармын дегендей інген де ботасының соңынан жүгіреді. Бірі тентектік пен бақыттан, бірі қорқыныш пен қамқорлықтан әбігер болған бота мен іңген тағы да жанаса кетеді. Сүгірдің саусақтары да бұл сәтті сұңқылдата жеткізіп, суреттерін дыбыс құдіретімен айнытпай салады. Егіз ішек қосарлана шертіліп, құпия үн төккенде бұл қуанышты тап басып сезіп, жан біткен егіле жөнеледі.

…Бота тағы да тұра шапты. Ойнағаны, қуанғаны болар. Інген тағы да қуа жөнелді. Қорыққаны, сескенгені болар. Сүгір ана мен баланың бұл көңілді сәттерін де сүзіп алып, күй қабырғасына қалап жатыр. Тек ананың баласын бауырына басқанына, баланың ананың бауырына енгеніне куә болып, бозінген боздауын қойды-ау деген кезінде барып, күй арқауы да босады, күйші де өзінің кеңсарай кеудесін тепкілеген кейбір пенделік қайғысына тоқтау салып, тұлпардай тарпыған тұнық үндердің тізгінін шірене тартып, баяу желіске, одан соң аяңға түсірді де, бір кезде мүлдем тоқтатты.

 

                 * * *

Қыдырбайға барды. Құрдасы емес пе, меселін қайтарған жоқ, арық торы атын берді. Ер-тоқым үйде бар болатын, атын асықпай ерттеді. Үйге кіріп, қыздарының маңдайынан иіскеді, Сұлушаштың шашынан сипады. Сөйтті де домбырасын қанжығаға байлап, атын тебінді де  Арқаны бетке алып жүріп кетті.

Таныс қойшының үйіне келіп түсті. Түн қараңғылана бере үй сыртына шығып, «Жолаушының жолды қоңырын» тартты. Көп күттірген жоқ, Мафруза да өз күйін шертті. Екеуі қыр астында жолығып, мауықтарын басты. Таң сыз бере екеуі қоштаса бастады.

— Сүгір, сол алғаш көргенде тартқан «Кертолғауды» шертші, — деді кенет Мафруза.

Сүгір атынан түскен жоқ, күйді ат үстінен ағылтты. Күй аяқталар-аяқталмастан кездері боталаған Мафруза:

— Бұл «Кертолғау» бұдан былай екеуміздің кертолғауымыз, шертолғауымыз болар, Сүгір! Кеудеме сені ойлап, шер толса, осы күйді тартып, сағынышымды басармын. Сен де солай ет. Бұл екеуміздің соңғы кездесуіміз болсын. Сұрама, сұрама! Мен әйелмін, сондықтан да он жылдан бері сенің осы сапарыңа қан жұтып аттандыратын жарыңа жаным ашиды, жауқазыңдай балаларыңның алдыңда бетімде перде бар. Сондықтан да бар сағынышыңды осы «Кертолғауға» сыйғызып тарт та, маған мәңгіге қалдырып кет. Мен сағынсам сол күйді тартып, сағынышымды басармын, күйдің сұлтаны!

Сүгір енді аттан секіріп түсті. Жасыл желекке жамбастай отырды да «Кертолғауды» қайта бастады. Әуелі кең әлемді бір кеудеге сыйғызғысы келетін керемет бір толқыныс домбыра шанағынан ықылық атып, төгіле бастады. Дереу асқақтаған астыңғы ішекке мұңы басым үстіңгі ішекті қосып жіберді. Тата-тата-та, тата-а тата-тата, там, ат-та-тата-та-тат-тта-тата-там… Тізгінді тартқан жоқ, еркіне жіберді. Үн домбырадан шыққанымен жүректің түбінде мәңгілік сағыныш жатқанын сезінуден бе, күй тұла бойды талдырғандай, аса ащы, зарлы боп естілді. Тек орта сағадан жоғары шығып, қос ішекті қатар басып, дірілдететін жерге келгенде Мафруза да ең алғаш танысқан күндегідей сол жағына келіп тізе бүкті де, «Кертолғауды» екеулеп шертті.

Бұлар орындарынан тұрып, бірі үйге, бірі қырға беттегенде де «Кертолғаудың» керім үні күллі әлемге соққан қоңыраудай ызындап тұр еді айналаға.

                                                                                                                             Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ

 

 

Осы айдарда

Back to top button