ТаңдаулыТүркі жұртында

ҚАРТ ҚАРАТАУДЫҢ БҰЛБҰЛЫ

 

Қазақта әнші көп, яғни, «әу» демейтін адам аз. Алайда олардың көбі ауылдың алтауызы деңгейінен аса алмай жүр. Яғни, қара орман қазаққа танылып, талантымен елді мойындатқандар өте сирек. Сол сирек жандардың бірі – Қаратаудың қойнауында жатқан келбетті Кентаудың ән аламанында өзінің атын қалыптастырып, қала берді күллі алашқа өзі туған өлкені танытып жүрген Айжан Әбілханова. Небары 31 жасында бір емес, бірнеше республикалық, тіпті халықаралық байқаулардың көбінде бас жүлде алып үлгерген Айжанның шығармашылық әлемі қандай да бір зерттеуге лайық.

 

Айжан Тұрсынбеқызының өмірлік биографиясы да, географиясы да өте бай. Атап айтқанда, ол қазақтың бір кездері астанасы болған  Ташкент қаласында дүниеге келген. Бірақ бірінші сыныпқа осы Кентау қаласы Хантағы ауылының №5 А. Пушкин атындағы мектебіне барды. Әнге деген қызығушылығы бала кезден бас көтерген Айжан мектепті бітіргенше бір емес, бірнеше қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаты болып үлгереді. Атап айтқанда, облыстық «Кестелі орамал», (2000 жылы 1 орын иегері), қалалық «Наз қоңыр», (2001 жылы) тіпті Қырғызстан республикасында өткен Халықаралық «Жас толқын» (2002 жылы), республикалық «Арай-2007» эстрада әншілерінің байқауынан бас жүлдесін алды.

Сол әнге, өнерге, сахнаға деген құштарлық оны 2007 жылы  Түркістан қаласы Халықаралық қазақ – түрік университетінің «Актерлік өнер» мамандығына  оқуға түсуіне жетеледі. Айжанның бойында ән айтуға деген қабілет тумысынан болғанымен, ол өнерді шыңдаған осы оқу орны болды десек қателеспеспіз. Себебі қандай өнер, қандай қабілет болсын аздық етеді, егерде оны кәсіби жағынан шыңдап отырмаса. Осы университет қабырғасында жүріп сахнаны серік еткен әнші қыз сонымен қатар қазіргі Р. Сейтметов атындағы сазды драма театрында «вокал әртісі» болып істейді. Әдетте, әншілік жолды таңдаған арулар отбасын құруды екінші орынға ысырып қояды ғой, алайда Айжан бұл жағынан да өзге әріптестеріне үлгі бола білді. Студенттік албырт шақта өзінің өмірлік серігін кездестірген ол ақ босаға аттап, тіпті оқу орнын бітіргенше ақ жаулықты ана да атанып үлгерді.

Жоғары оқу орнын бітірген соң Айжанның Алматы не Нұр-Сұлтан секілді қалаларға өнерін шыңдауға кетуіне де болар еді. Алайда ол сол киелі топырақтан алысқа ұзап кетпеуді ұйғарды. Солайша 2014 жылы Айжан өзі бітірген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайына «ұйымдастырушы», «эстрада үйірмесінің жетекшісі» қызметіне кіріседі.

Айта кету керек, көмейіне бұлбұл ұялаған әншінің ән аламанында алған жүлделері осымен тоқталған жоқ. Ол:

2008 жылы республикалық «Вокалист студенттер олимпиадасында» 1-орын;

2009 жылы республикалық «Шабыт» фестивалінен 1-орын;

2010 жылы Талдықорған қаласында өткен республикалық «Талант» байқауында «Қала әкімінің арнайы жүлдесі»;

2011 жылы өткен облыстық «Менің Қазақстаным» фестивалінде 2-орын;

2014 жылы «Дарын» республикалық ән байқауынан Бас жүлдеге ие болады.

 

Сондай-ақ Айжанның алған марапаттарының қатарында:

2016 жылы облыстық «Киелі Қазығұртым» ән байқауында «Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының арнайы жүлдесі»;

2018 жылы облыстық «Шаянға барсаң, әншімін деме» ән байқауында 3-орын дипломанты

Білім және ғылым министрлігі «Атадан-мұра» қоғамдық қорының президентінің атынан «Үздік жетекші» төсбелгісі;

2019 жылы облыстық «Шағалалы Шардара» ән байқауында арнайы «Шардара мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының арнайы жүлдесіне» ие болды.

2018жылы Кентау қаласының Мәдениет сарайына «Музыкалық жетекші» болып қабылданған Айжан бүгінде сол мәдениетке қарасты Байылдыр ауылының клуб меңгерушісі болып қызмет атқарады. Екі баланың анасы. Жас та болса, талай сынды бастан өткеріп, ән өнерінде өзіндік жолын қалыптастырған Айжан енді өз тәжірибесін өзгелермен бөлісіп, ауылдың небір өнерлі жеткіншектерін сахнаға, өнерге тәрбиелеуге тікелей ықпал етіп жүр.

 

Жалпы, басында айтқандай қазақта әнші көп болғанымен, көмейіне бұлбұл ұялаған нағыз хас талант иелері аз. Соның бірі де бірегейі – қазақ өнерінің жұлдыздай жарқырап, нұр сәулесін шашқан, сыңғырлаған әсем де қоңырау үні жүздеген тыңдаушының жүрегіне жол тапқан біртуар дарын иесі, халқымыздың мақтанышы, Кеңестер Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Күләш Байсейітова болса, тағы бірі бүгінде дүйім қазақ жұрты 90 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Бибігүл Төлегенова. Ал, күллі қазақтың атын әлемге әйгілі етіп, абыройын асқақтатып жүрген Димаш Құдайбергеновтің жөні тіпті бөлек. Осы жасында отызға жуық байқауға қатысып, соның ешбірінде жеңбесе, жеңіліп көрмеген Айжан Әбілханованы да осы қатарға жатқызуға әбден болады.

Сөз соңында айта кетейік, 20 желтоқсан күні Кентау қаласында Айжан Әбілханованың «Ерке келін» атты елге есеп беру концерті өтіп, сол жерде оған

Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының атынан «Елеулі еңбегі үшін» МӘДЕНИЕТ медалі берілді. Жаратқан осыншама талант берген әнші қыздың алар асуы әлі алда.

Мәриям ӘБСАТТАР,

Кентау қаласы

Осы айдарда

Back to top button