Қалам-ЖүрекТаңдаулы

ӘБІШ АҒА ОҚУЛАРЫ

 

ДӘЛ ОСЫ КҮНІ МЕНІ ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН АНАМНЫҢ НҰР БЕЙНЕСІНЕ БАС ИІП ОТЫРМЫН!

…Ал осыдан 4 күн бұрын Құдіретті Қаламгер Әбіш аға КЕКІЛБАЕВТІҢ 80-ге толған Мерейтойының Бағдарламасындағы ЕСКЕ АЛУ КЕШІНЕ қатыстым. Жаратқанның өзі кең-мол етіп жаратқан Әбіш ағаның кешіне жиналған жандардың әрбірінен жан-жағына жылу тарап тұрды. Алғаш сөз тізгінін қаққан Төлен Әбдіков ағамыз жүректі тербеп, шынайылықтан шыныдай етіп қиыстырған сөздер айтты. Тәтемізді көріп,тәуба дедік, ағаның балалары мен немерелерінің беттерінен  алыстан сүйіп, сүйікті ағамыздың ұмытылмас бейнесін жадымызда тағы жаңғырттық!                                                                                                       …Әбіш ағаның шығармаларын жасымнан көп оқыдым. Сиқырлы қалам иесінің кейбір жазғандарын дестелеп, жатқа да айтып жүретінмін кезінде. Кешегі кеште де Ағаның ауызды аңқайтатын ақылман жолдарын тағы бір пысықтадым. «Әлемде төрт мұхит бар. Бесінші мұхит – қазақтың күйі!» деген ғой Әбіш аға. Қазақтың ұлылығын танытуға дабырлап көп айтудың қажеті де жоқ мынадай ұлы жолдардан кейін. «Дүниедегі ең өткір,ең қырағы,ең көреген көз – қызғаншақта!» деген екен Әбіш аға. Құдай-ау осыны білсек те айта алмай жүр емеспіз бе?!                                                                                                                                              …Кештен  ғажап бір әсермен келіп, кезінде (ол кез жастық шақтың отқа өртеп тұрған кезі емес пе…) жиын-тойда өзіміз шығарғандай болып жатқа соғатын Әбіш ағаның «Аңыздың ақыры» романындағы тұтасымен  граниттен қалағандай етіп жазған ғұлама жолдарын іздеп,1982 жылы шыққан «Шыңырау» атты кітабын қайта ақтардым. Бүгінде ол жолдар күнделікті күйбің тірліктің тасқынының астында қалып, көмескі тарта бастаған… Ол жолдарға 2007 жылдың 15 ақпанында қайта оралыппын және Абай атам атындағы шокконфетінің тәттісін жеп, қағазына балаларым мен немерелеріме «Кітаптың 41 бетінде» деп, ескертпе жазып, кітап арасына салып қойыппын – сол жолдарды оқыңдар деп.  Міне, сол ғұлама ойларды тағы бір оқып шықпақшымын.

…Анасы қартайғанда Әміршінің қолынан ұстап отырып, былай дейді : «Балам, сен арманыңа жеттің. Ал мен арманда кетіп барамын. Жапан түздегі оқшау әулиенің  ағашындай жалғыз қалпыңда тастап барамын. Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме – одан да сыз өтеді.  Үстіңдегі ақ ордаңды сауытыңнан мықты көрме – одан да оқ өтеді.  Қаптаған қалың әскеріңді қалқаныңнан мықты көрме – оған да көз өтеді.  Жан-жағыңдағы әр қатыннан тараған торпағыңды айбар тұтпа – оларға  да сөз өтеді.  Қайбір ыстық-суығыңды бір көріп, бір көрпеден өретін әйелің бар.  Әр көрпенің астындағы әйел де бір – үйірдегі бие де бір. Сауырындағы сенен гөрі бауырындағы құлыны жақын.  Жылқы баласының еркегі, тісі қатайған соң, үйірден алдымен атасын шайнайтын. Содан сақ бол.  Көп ұлды кім тауып көріпті.  Қартайған шағында апанын бөлтіріктеріне алдырмайын десең, көп баланың бірін баулы.  Көп қатынның бәрінің көңілін табамын деп шөре-шөре болмай, қадіріңді өткізіп, бірін тұтын.  Сенің әкең, ұлы жалғыз болған соң, ертерек аттан түсіп, билікті саған берді.  Ал сенің балаң көп, өз күшіктеріңді өз көзіңше қырылыстырып қоймай, өл-өлгенше ешқайсына тағыңды берме.  Тұғырдан түскен соң балалы қатынды сағалама – балаларына арқа сүйеп, басыңның қадірін кетіреді; баласыз әйелді сағала – балалы әйелдеріңнің алдында баласыздығынан қорғалақтап, өзіңді пана тұтып, өл-өлгенше силап өтеді!» деді.

…Ғажап жолдар, Ғажап ойлар, Ғажап ақыл, Данышпан пікір, Дана тоқтам!!!                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                     …Өстіп, өзімнің туған күнімде ӘБІШ ағаның Туған күнінен алған әсеріме ЖЫЛЫНЫП отырмын.

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері                                                                                                                         

10 желтоқсан, 2019 жыл

Осы айдарда

Back to top button