Түркі жұртында

ХИДЖАМА – ХАЛЫҚТЫҚ ЕМ

 

Хиджама – Пайғамбар заманынан, Гиппократ кезінен келе жатқан белгілі ем-дом түрі. Кейін келе таблеткалы дәрі-дәрмек бизнесінің қарқын алу салдарынан ұмыт қалған-ды. Қазір діни тұрғыдан емдеу жаңғырған соң қайта қолданысқа еніп жатыр. Хиджама – тұз шығару үшін, қан қысымын дұрыстау үшін, тері ауруларынан арылу үшін, сондай-ақ бет терісінің бұзылуын да (безеуден де) емдеу үшін қолданылатын ем түрі..

Бұл ем түріне заң тарапынан нақты тыйым да, нақты рұқсат та жоқ. Халық емі халықпен бірге болғандықтан әлі күнге қолданысқа ие. Қан құрамы бұзылған соң қантамырлар дұрыс тыныстай алмайды. Құрамы бұзылған қанды хирургиялық жолмен ағзадан шығарудың жолы осы. Қылтамырларды босату арқылы нүктелерді босатып, рефлексті жерлер шертіледі де сол жерге банка қойылады. Ұйыған қанды сұйылту процесі арқылы қан айналу жүйесі дұрысталады. Қантамырлар қажетті ауамен толықтырылып, қанның жүру жолы дұрысталады. Бұл– заманауи емдеудің озық тәсілі.

Дәрігерлердің тарапынан «Бұл медициналық емдеу түріне жатпайды. Сондықтан денсаулық сақтау бөлімі бұған қатты алаңдаулы. Қан – адам өмірінің өзегі. Оның ағзадан дұрыс шығуы аса маңызды. Қазір мемлекеттік емес қан алдыру орындары көптеп ашылып кетті. Бұл қауіпті де. Себебі қан алушылар қандай құралдарды пайдаланады, қалай пайдаланады? Ол құралдар дұрыс залалсыздандырыла ма? Хиджама қаншалықты дұрыс? Оны жасайтын мамандардың тиісті білімі бар ма?» деген тәріздес наразылықтар тудырып жатады. Бұл орынды да. Жоғарыда айтқанымыздай хиджама халық емі. Діни тұрғыдан құпталған ем түрі. Ислам дінінде ғылым  мен білім дамымай тұрып айтылған, жазылған адам таңқаларлық дүниелер қаншама?! Ендеше хиджама да бір кездері ұмыт болған, десе де қажеттілігін жоғалтпай халықпен қайта қауышып отырған ем. Мамандардың біліктілігіне келер болсақ әр маман арнайы курстардан өтеді. Сол курстан дұрыс өткен адамға Алматы қаласында сертификат беріледі. Ал біз курс арқылы білікті мамандарымызбен  жас мамандарға арнайы тәжірибелер жасатып, әбден машықтандырамыз. Қан алу үдерісінің маңыздылығы мен қаупін түсінеміз. Сол себепті бұл іске аса жауапкершілікпен қарауға барымызды саламыз. Бұл тек медициналық қана емес, сондай-ақ діни ем түрі болған соң тазалық назардан тыс қалмасы анық.

Сүлікпен де қан алдыруға болады. Бірақ хиджаманың сүлік салудан бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден тиімділігі. Бір сүлік 2 г қан сорады. Демек ағзадан 200 мг қан шығару үшін 100 сүлік салдыру керек. Ал хиджамада 200 г қанды бір хирургиялық банка арқылы алады.

Сегіз ай тромбофлебитпен ауырып, аяғынан жүре алмай қиналып жүрген жігітті үш күнде отасыз-ақ  қан алу арқылы жазып шыққанымыз бар. 2007 жылы хиджама бүгінгідей кең таралмаған кезде осы емді кішкене қорқынышпен өзім де қабылдадым. Неше жы мазалаған дертімнен осы ем арқылы жазылғандықтан хиджаманы халық арасына таратуды жөн көрдім. Осы кезден бастап аян ала бастадым. 11 жылдан бері құрсақ көтермеген әйелді әуелі түсімде көрдім. «Әйелден, әйелден» деген сөздерді естідім, бірақ түк түсінбедім. Таң ата бала көтере алмай жүрген ерлі-зайыптылар есігімді қаққанда ғана түсімдегі сөздердің не мағына беретінін түсіндім. Экоға барып, неше түрлі ем қабылдап әбден табаны тозған жұпты емдеп көруге бел будым. Әйелін оңаша шақырып алып, арқасына 11 банка қойып әуелі қанын тазалап, ниетін дұрыстап, тілекші болып қала бердім. Жылға жетер жетпес уақыт өткен соң «нәресте сүйдік» деген сүйінші хабар есіттім. Осыдан бастап жұмыс бабымен бірге жүрген әріптестерімнің ішінде де, таныс-тамырларымның ішінде де осындай мәселе толғандырып жүргендердің қаншасының көз қуаныштары дүниеге келгенін көріп жүрміз. Табалдырығымнан аттаған әр әйелге іштей тілектес, ниеттес болып Жаратқаннан демеу сұраймын. Әр адамға жаңаша ықыласпен, ерекше жақындықпен көмектескім келеді. Дерт те, шипасы да Жаратқаннан.

Қан алдыру қазақ медицинасында бұрыннан келе жатыр. Адам денесінде 706 түрлі ине көзі бар. Сол көздердің 64-не ине салуға тыйым салынған. Соның ішінде 34-і аса қатерлі. Қазақ медицинасы қанды науқастың ауыратын, жиі мазалайтын жерлерінен алады. Қол-аяқ буындары ауырғанда да осылай жасайды. Қан қысымы кезінде дәрі-дәрмектер көмектеспеген жағдайда хиджама пайдаланылады. Онда қан бастың екі жақ шекесінен, қарақұстан алынады. Шығыс медицинасында қанды ине салатын нүктелерден алады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша қан алдырып жүрген адамдардың 88 пайызы инсульт пен инфарктқа ұшырамайды. Қазақ медицинасы бойынша көктемде наурыз бен сәуір айларында, күзде қазан мен қараша айларында хиджама алған пайдалы деп есептеледі. Мұның себебі, жазда, күзде адамдарда жеген тамақтар әсерінен адам денесінде шлактар пайда болады. Ислам медицинасында хиджаманың пайдасы туралы айтылған. Соның негізінде, медициналық білімі жоқ молдалардың қан алдырып жүргендері бар. Ең қауіптісі – медициналық білімі жоқ бақсы-емшілердің хиджаманы жасауы. Өйткені абайсызда қауіпті 34 нүктенің біреуіне түссе, адам өліп кетуі мүмкін. Сондықтан хиджаманы медициналық мекемеде жасатқан дұрыс. Мәселен, қажылыққа барған болсаңыз, арнайы хиджама бөлмелерін көрдіңіз. Хиджама жасау Араб елдерінде заңды түрде бекітілген. Ол елдерде аталмыш ем түріне жүгінетіндер қатары көп екенін айта кету керек. Бізде де бұл ем түрін қабылдаушылар қатары күн санап артып келеді. Дін хиджама жасауды құптайды. Бұл – ғибадат һәм сүннет. Бұл ем-домды заңды тұрғыда бекітудің уақыты келген сияқты.

Әрине ХХІ ғасырда діни не халықтық ем түрін пайдаланған дұрыс емес болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ қарапайым қой майының берер әсерін біз кейде бір қорап дәріден де ала алмай жатамыз. Халық емінің жөні бір бөлек те, медициналық емнің жөні тағы бір бөлек. Емнің неше түрін көрген, қабылдаған адамның бірі мен едім. Ине салу арқылы емделіп, болмаған соң шөп медицинасын да қабылдап, оған көнбеген соң осы хиджаманы жасатқан ем. Хиджамадан соң бұрынғы дертімді ұмытып, құлан таза жазылып шыққан соң осы емді халыққа таратуды, халықты инемен не дәрі-дәрмекпен уламай, бұрынғы емдеу тәсілімізбен, таза әрі тиімді тәсілмен емдеуді жөн санадым. Бүгінде өз тәжірибем арқылы 35 шәкіртімді тәрбиелеп, 40 тан аса хаджа-маманымыз біліктілік сертификаттарымен республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Түркістан, Кентау қалаларында өзімнің басшылығымда қан алу орталықтарым бар.

Гүлжан БАЙДАБЕКОВА,

биоэнерготерапевт

Түркістан қаласы

Осы айдарда

Back to top button