ГүлжазымТаңдаулы

«Руханиятты сүйсең, менше сүй!»

 

Республикалық әдеби-қоғамдық «Сарасөз» журналының құрылтайшысы әрі редакторы Гүлжаз ҚАРЫБЕКПЕН сұхбат

  • Гүлжаз, өзің негізін қалаған «Сарасөз» басылымы жарық көрген бір жарым жылдың ішінде өзіндік оқырманын тауып, олардың көңілінен шығып үлгерді. Сұхбатымызды осы басылым жайлы әңгімеден бастасақ…

–  Жалпы басылымды тәрбие құралы деуге әбден болады. Қазақта «Баланы тәрбиелеп әуре болудың қажеті жоқ, өзіңді тәрбиеле» деген жақсы сөз бар. Мен атам мен әжемнің қызы болдым. Марқұм нағашы атам Әділ өте оқымысты, сауатты кісі болған. Үйімізден үнемі газет-журнал үзілмейтін. Ауылдық жердің бейнетін білесіз, соған қарамастан қолы қалт етсе көзілдірігін қисайта киіп алып әрдайым шұқшиып газет-журнал оқитын да отыратын. Ойын баласы болсам да не оқиды екен деп, дәл сол бетті қайталап оқитынмын. Ағаларым да кітаптан бас алмайтын. Ауылдағы кітапханадан кітап қоймай оқитын. Ол кісілер мал жайғауға тысқа шыққанда ұрланып кітаптарын мен де қалыспай оқып жүрдім. Сөйтіп жүріп сөз өнеріне деген ынтызарлығым оянды. Үздіксіз оқу – өмірімнің бір бөлшегіне айналды.

Тағдырдың жазғаны болар, ата-анам өмірден ерте озды. Бауырым екеуміз нағашыларымыздың қолында тәрбиелендік. Анасының мейірімі жетіспеген бала ерте есейіп кететінін білесіз. Өз қатарымнан ерте есейдім. Үнемі ой үстінде жүремін… Санамда сансыз сұрақтар, соның барлығының жауабын кітаптан ғана таптым, ішкі қажеттілігімді кітап қана өтеді десем артық айтпағаным болар. Әлі де солай!

… Бала кезден-ақ өнерге әуес болдым. Кішкентайымнан қоңыр үн өзіне ғашық етіп, баурай бастады. Құлақ құрышын қандырған сиқыр үн еріксіз баурап, үйдегі қара домбыраны тынымсыз дыңғырлатып, әупірімдеп үйреніп алдым. Қоңыр үнге әуестенгенім сонша, күй қыраны Қазанғаптың, күй дауылпазы Дәулеткерейдің, шертпенің шебері Тәттімбеттің және Құрманғазының күйлерін таңды-таңға ұрып тыңдадым… Күй – адамның өмірін, қуанышы мен мұңын, табиғат көріністерін суреттейтінін түйсіне бастадым. Төкпе күй мен шертпе күйді ажырата алатын деңгейге жеттім. Біздің үйде «Қазақ радиосы» таңнан кешке дейін саңқылдап тұратын. Атай мен әжейдің тыңдайтыны терме мен халық әндері. Терме табиғатын терең сіңіріп, Есенқұл Жақыпбектің «Жан қиссасын» аудандық жарыста құйқылжыта орындап, жүлделі орын да алғаным бар.

  • Жан-жақты болып өскен екенсің ғой…
  • Мен қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыстым, оқуда озат болдым. Айналып келгенде мұның барлығы мені сөз өнеріне жетеледі. Мектебіміздің директоры марқұм Асылбек Жақсыбеков ағайым «Гүлжаз – мектебіміздің шамшырағы» дейтін. «Сен дайын журналистсің» деп менің болашағыма бағдар бергендей болды. «Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды, бір ауыз сөз қасіретті тыяды» деген дана қазағым не деген көреген десеңізші. Көрдіңіз бе? Мені өсірген жақсы сөз, жылы сөз! Журналымды «Сарасөз» атауымның түп-төркіні де осында жатыр…
  • Журнал ашу идеясы қайдан келді?
  • Журнал ашу идеясы осыдан 15 жыл бұрын қылаң берген болатын. Мен 2003-2007

жылдары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика бөлімінде оқыдым. Өзіңіз білесіз, бізді бірінші курстан бастап оқу орны өндірістік тәжірибеге жібереді. Ауылда өскен, аядай ғана Түркістан қаласында оқитын қыз бала алпауыт Алматыға өндірістік тәжірибеден өту үшін республикалық басылымға топ ете қалды. Бір күні газет-журнал сататын дүңгіршекке мақалам шыққан газетті алуға барсам ана тіліміздегі басылымдар жоқтың қасы. Көбі орыс тілінде. Білесіз, Оңтүстікте орыс тіліне аса қажеттілік жоқ болғандықтан ба, таңданысымды жасыра алмай ойға шомдым. Өз-өзіме сол жерде «Жетіліп, кәсіби маман болғанда, бұл жыртықтың міндетті түрде жамаушы болуға атсалысамын» деп, уәде бердім. Университет қабырғасын да үздік бітірдім, алғашқы курстан-ақ мақалаларым, сұхбаттарым, әңгімелерім республикалық басылымдарға жариялана бастады. Мемлекеттік грантта оқыдым. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың стипендиясын жеңіп алдым.

Одан кейін өмірдегі ең үлкен бағым деп есептеймін, қара шаңырақ «Қазақстан әйелдері» журналына қызметке келдім. Журнал ашар ма едім, ашпас па едім, дәл осы редакцияда Сіздерден журналдың ішкі жұмысына әбден қанық болып, тәжірибе жинаған соң, тәуекелге бел будым. Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін дейтін жасқа келдім! Бұл журналдың артында ата мен әженің, ұстаздың үмітін ақтау һәм перзентіңнің алдында үлгі болу деген секілді  үлкен мән-мағына  жатыр!

  • Ал журналыңның «Сарасөз» деп аталуының себебі неде?
  • Жоғарыда атап өттім, десе де қоса кетейін, қазақта «рухани әке» деген түсініктің бар-жоғын дұрыс білмейді екенмін. Сөз өнерінде «Сын сәйгүлігі» атанған филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Сәрсенұлы Ергөбекті мен солай атар едім. Не себепті бұлай атайтыным түсінікті болу үшін өткен шақтан аз-кем әңгіме қозғасам деймін.

Университет табалдырығын алғаш аттаған кезім. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басып, дүниетанымым толық қалыптаспаған шақта осы кісіге шәкірт еткен тағдырыма дән ризамын. Мұндай бақ екінің біріне бұйыра бермесі анық. Жастайымнан өмірдің біраз соқпағын көріп, әке қамқорлығына зәру едім. Ол кезде бұл кісінің шығармашылығымен де толық таныс емеспін. Алғаш рет қалам тербеп, кішігірім әңгіме жазып алдына барғаным әлі есімде. Осы әңгімеме жазған «алғысөзін» жабырқаулы жаныма қанат бітіріп, әрі қарай қалам ұштауыма ықпал етті. «Гүлжаз Қарыбекқызы – талабы бар, соған орай талпынысы бар жас. Өмірден өнер шығарғысы келеді. Шындап ұмтылып, зерделей зерттесе, өмір – өзінің барша драмасымен тұнып тұрған өнер көмбесі. Алайда оны көру, тану үшін, тауып тыңдайтын, ірілетіп өнер пәніне айналдыру үшін көкірек көзі көреген, қаламы епсекті болуға керек. Гүлжаздың бойында жақсы бастама бар. Оның «Сенемін бір бақытқа…» әңгімесі – сөзіміздің жоралғысы». Міне, ұстаздың осындай бағасынан кейін қалай жазбайсың?!Әкелік ақылын айтқанда, ет-жүрегім елжіреп, жанарыммен қосыла жаным да жылап қоя берді. Бұл, әрине – шынайы жанашырлықты сезінген қуаныштың көз жасы еді. Батасын алдым. «Айналайын» деген бірауыз сөзінің өзі шерлі жүрекке қаншама ем десеңші!2004 жылы сүйікті ұлы Сәбиті дүниеден өткенде, ол кісі қатты қайғырып, қабырғасы қайысты. «Жүректің басына шер байланып, өмірдің баянсыздығын, жалғандығын ұқтым» дегенін ұмытқаным жоқ. Қолғабыс етіп, марқұм ұлы Сәбитіне жазған эссе-күнделігін компьютерге тергенім бар. Естеліктің әр беті «Құлыным, сенсіз тағы бір таң атты…» деп басталады. Мен қашан жазып біткенше, көзімнің жасын тыя алмаушы едім. Жазбадағы сағыныш-мұңға шер боп қатқан жүрегімдегі қайғы қосылып, шерменде күй кешетінмін. Қазақтың «атам-айлатсаң да, ботам-айлатпа» дегені осы екен-ау. Перзент қайғысы бәрінен ауыр. Дегенмен, ол кісі басын тік көтеріп, қайғысын жеңіп, шығармашылығын қайта жалғастырды. Сол мезетте жанында жүріп, көп нәрсені ұқтым, көңілге түйдім. Төл әдебиетімізге сіңіріп жатқан ерен еңбегін қалың қазақ біледі. Кейінгі жылдары «Сарасөз», «Өлең сөз», «Қара сөз», «Дара сөз» атты кітаптары жарық көрді. Сол «Сарасөз» кітабы қолыма тиген соң, оқып, кітаптан алған әсерден журналыма әдейілеп сұрап алдым. «Сарасөз»  кітабы туралы көп дүние айтуға болады, ол ұзақ әңгіме. Осылайша «Сарасөз» кітабының екінші ғұмыры басталып кетті. Кітаптың атын алғандықтан ба кейде адамдар «Құлбек Ергөбектің журналы екен» деп сан-саққа жүгіртіп, түрлі сұрақтар қойып суыртпақтап жатады. Ұстаздан «Сарасөз – көне Үйсін мемлекетінің Күнби хандығынан тартып, күллі түрік халқының тарихын, кешегісі ғана емес, бүгінін, ертеңін жырлайтын, шежіредей сөйлететін әділ басылым болсын!» деп батасын алғанда, кітабының атын арнайы сұрап алғанда тұрған не бар?! Шын мәнісінде құрылтайшысы да редакторы да өзіммін!

  • Үлкен бір басылымның жүгін көтеру әйел түгілі ер адамға оңайға соқпайды. Осы басылымның редакторы, әрі құрылтайшысы ретінде журнал шығарудың қиындықтары жайлы сөз етсең? 
  • Мобильді заманда журнал шығару оңай емес. Менің журнал ашуым – үлкен-кіші гаджетке тәуелді уақытқа тура келді. Алайда классикалық басылымдарға сұраныс жоқ емес. Бәсекеге қабілетті етіп жүргізе алсаң болғаны. Қағазды иіскеп оқығанның ләззаты бөлек, миым демалып қалды деген мазмұнда редакцияға алғыс арқалаған хаттар келіп жатады. Адам мамандығын шексіз сүйсе ғана қоғамға пайда әкеліп, мемлекеттің толыққанды мүшесіне айнала алады деп ойлаймын. Олай дейтінім, жақында ғана бір кісі «Журнал шығару өнер ме, кәсіп пе?» деп сұраған еді. Сұрағының жауабын өзі айтып тұр. Яғни журнал шығару өнер де, кәсіп те! Өнер екенін жоғарыда толық тарқаттым.  Кәсіп екеніне мысалдар келтірейін.  Мен материал жазумен, оқылымды материал жинақтаумен ғана шектелмеймін. Жаңа басылым аяқтан тік тұруы үшін оқырман тартумен, таралымымен, келісім-шарттар, келіссөздер,  бухгалтерлік есебі, дизайны, баспахананың шығыныдеген сияқты көптеген шаруалардың барлығымен жанымды салып айналысамын. Оқырмандар арасында түрлі бәйгелер ұйымдастырылып, жүлделі сыйлықтар берілді. Тағы бір айтатыным, өз-өзімді жұмыспен қамтып, қала берді мемлекетке салық төлеп еліме пайдамды тигізіп отырмын. Демек, өнерім арқылы кәсібімді дөңгелетіп отырмын деген сөз. Шаршасам да жұмысымнан ләззат аламын! Күллі түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласынан республикалық деңгейде, бәсекеге қабілетті журнал шығарып жатқанымды мақтан тұтамын!Аракідік «Руханиятты сүйсең менше сүй!» деп достарыма қалжыңдап отыратыным бар.
  • Шынын айтсам, біздің қазіргі қоғамда Кеңес Одағымен салыстырғанда газет-журнал қадірін білудің бір қайнауы жетпей жатқан секілді…
  • Нарықтық заманда материалдық құндылық алға шығып кетті емес пе?! Жалпы отбасынан алған тәрбиеге де көп нәрсе байланысты. Адам негізгі тәрбиені отбасынан алады. Одан кейінгі орта  сол алған тәрбиеңе қарай әрекет еткізеді. Өзіміз телефоннан бас алмай отырып балаға қалай кітап оқы дей аламыз? Бұл менің адамдар гаджет пайдаланбасын деген көзқарасымды білдірмейді. Тек әр нәрседе шекара барын ұмытпайық!
  • Қазақ әйелінің жан-жақтылығы, қолынан бәрі келетіні 90-жылдары еліміз нарықтық экономикаға көшкен кездегі қиын-қыстау шақта тағы бір дәлелдене түскендей. Бүгінде саясатта, өнерде, спортта, бизнесте істері өрге басып, табысты еңбек етіп жүргендері көп. Осыған қарап отырып, қазіргі қазақ әйелдері ер азаматтардан қалыспай еңбек етеміз деп жүріп отбасындағы аналық, әйелдік міндеттерін ұмыт қалдырмаса жарар еді деген ой келеді. Бұған не дейсің?
  • Мен Сізге бір қызық айтайын. Жақында ғана сұхбат алмақ болып абайтанушы Омар Жәлелұлы ағамызға телефон шалғанмын. Осылай да осылай, қоғамға  пайдам тисін деп, руханиятқа жаным ашып журнал шығарып жатырмын, жақсы сөз арқылы айналамды тәрбиелегім келеді деген секілді әңгімені тоқтамай зуылдатып өзімді таныстырып жатқанмын, содан ол кісі «Мұратыңызға жеттіңіз бе?» деп сұрады. Алғашқыда түсінбей тосылыңқырап қалдым…  Дереу есімді жиып, иә, деп жауап қайырдым. «Қазаққа жаныңыз ашыса бала табыңыз!» деген еді. Менің де айтпағым осы! Қазіргі әйелдер ақылды, білімді  болса екен! Данагөй қазағым «Ақылды әйелдің жатырында алтын айдарлы ұл жатады» демеп пе еді! Ақылды әйел аналық міндетін де, әйелдік міндетін де мүлтіксіз орындайды деп ойлаймын.
  • Отбасың туралы сұрақтың реті енді келгендей…
  • Отбасым бар. Алланың берген он балаға татитын тәп-тәтті қызым бар! Есімі – Еңлік. Өлең де жазады, ән де айтады, күй де тартады, би де билейді, сурет те салады. Абайдың 45 сөзін жатқа айтады. Болашағынан үлкен үміт күтемін. Жаратқан, бармақтай бақ, ұзақ ғұмыр берсін, артынан бауырлары ере берсін деген әрдайым дұғадамын!
  • Ашық-жарқын сұхбатыңа рахмет! Қолға алған ісің өрге баса берсін!

Мара КЕЛЕС,

Астана қаласы

«Қазақстан әйелдері» журналы

2018 жыл

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button