Алаш тағылымыТаңдаулы

ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

 Мұхтар Мағауин «Қос Ағаш»

Тәуелсіздік дәуірінен кейін туған шығармалардың қатарында М.Мағауиннің «Қос Ағаш» туындысы өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Құрылымдық тұрғыдан  көтерген мәселесі мен танымдық тереңдігі тарихты бойлай құрылған. Шығарма идеясы әдебиеттанушы, ғалым Т.Жұртбайдың пікірімен айтқанда бүкіл дала философиясының тамырының үзілуі мен қазақтың тағдыры тұспалданған. Пәниден бақиға дейінгі ұлттың болмысы мен табиғатын Қос Ағаштың тағдырымен байланыстырып, терең философияға жетелейді. Шығармадағы «Мен» концепциясы әңгіменің идеялық сипатын ғана емес, автордың тұлғалық және мінездік қасиетін танытады. Олай дейтініміз автор Қос Ағашқа үш жағдайда кездеседі: сәби, бала, есейген тұста. Осы үш кездесу автор идеясының түйіні деуге болатындай. Оның алғашқысы, шамамен үш жасар сәби шағында қыстауға көшіп бара жатқанда немересін алдына алған атасы зор қуанышпен«Әне… Қос Ағаш!» деп дауыстайды. Әуелі бұлтқа, сосын тұманға, одан кейін бұрын көрмеген зәулім ағашқа ұқсаған құбылыстың жақындаған сайын зорайып, жер бетіндегі тұман осы ағаштың басынан таралып жатқандай боп көрінуі. Алып дараққа бұл өңірде тең келетін ешқандай тіршілік иесі жоқ сияқты. Аспанмен тірескен мұндай алып, киелі ағаш бұрын соңды бұл өңірде болмаған шығар. Мың жылдық Қос Ағаштың қасына келгенде атасының қол жайып, «мына құлыншағыма өзіңе тете ұзақ ғұмыр бере гөр» деп, бата тілеуі бұл ағаштың жай ағаш емес екендігінен.

Екінші көргенде, шамамен тоғыз жаста.Қос Ағаштың бұтақтары айқасып, тұтас бір денеге айналғандай. Қос Ағаш табанынан діңіне дейін аппақ. Кейіпкербұл жолы Қос Ағашты даналықты бойына жиған абызға ұқсатады. Немересі әкесімен әңгімелескенде де біраз тарихи әңгімелерді баяндап, Қос Ағаштың қадір-қасиетіне тоқталады.Бахтин айтқан хронотоптың көркемдік қызметін уақыт пен кеңістікке сыйғызып, Қос Ағаштың философиялық-логикалық моделін бейнелеу арқылы өтпелі дәуір процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. Әр дәуірде өмір сүрген хандардың Қос Ағашты кие тұтуы, сол дәстүрдің бүгінге жетіп, ортақ куәсі болған Қос ағаш уақыт ағымын ортақ кеңістікке ыңғайлап, сыйғыза алған. Автор-кейіпкердің «бір кездері Абылай хан Қос Ағаштың қасына шатыр тігіп, құрбандық шалып, үш күн жанына қонған екен» дейтіні, атасының «Еңсегей бойлы ер Есім қалмаққа қарсы шапқанда Қос Ағаштан аттанады екен», «Шыңғыс ханның өзі Қос Ағаш түбіне дамылдаған» дейтін сюжет-детальдар Қос Ағаштың тарихы тереңде жатқанынан хабардар етеді.

Үшінші рет көргенде автор-кейіпкердің болашақ нұрлы кеңістікке қанат қағуына бір-ақ жыл қалған, қолы жеткен кітаптың бәрін тауысқан, болашақта жазушы не тарихшы болатынын нақты болжап, ауыр болса да әдебиетке баратынын кесіп-пішкен тоғызыншы сынып оқушысы. Кейіпкердің көзқарасы тереңдеп, автор идеясының «мен» концепциясы айқындала түсетін тұс. Өзі тұстас оқушылармен жүгері науқанын орындаймыз деп жүріп Қос Ағаштың түбіне жетіп барғанда автор-кейіпкердің характері ашылады. Алғашқыда Қос Ағашты көріп жүрегі сыздайды. Өйтетіні Қос Ағаштың түбіне өзі-өз болып енді ғана келіп тұр. Осы жолы алдымен біреуін, сосын екіншісін құшақтап «үш жасымда келіп батасын алдым, бұл Дараққа менен жақын кім бар еді!..» деп, өзін өзгелерден өзгешелеп, ерекше жақын екенін ойлайды. Бұл жай ғана жақындық емес, Қос Ағаш маған ғана тән еді, дегенді білдіреді. Биолог болам деп жүрген Бекен екеуінің Қос Ағашты ойша зерттеп, бұл өңірде өспейтін немесе құрып кеткен ағаш болуы мүмкін. Діңнің шеңберіне жеті баланың құшағы әрең жететін жуандығы, биіктігі қазірдің өзінде елу метр, бәлкім, қурамай тұрғанда елу бес, алпыс метрге жеткен шығар. Бұл көріністер кейіпкердің көзқарасы арқылы берілген бейнелі сурет сияқты болғанымен, көп тарихты бойына сыйғызған біздің тарихымыз, һәм дәстүріміз.

Автор шығарма барысында Қос Ағаш жақын отырған ауылдың атын Сталин дейді. Бұл ауылды Сталин емес, басқа десе де болар еді, осы тұста автордың психологиялық параллелизммен екі түрлі болжам ұсынғысы келетінін аңғаруға болады. Қос Ағаш – тек табиғаттың сыйы ғана емес, оның артында, астарында қазақтың өзі, тағдыры, тарихы бар. Колхоздың Сталин аталуы, сол ауыл тұрғындарының бір кездегі талай тарих оғландары кие тұтып, тыныстап, рухтанып, қасиет тұтқан ағаштың уақыт өте ауыл тұрғындары үшін жексұрын көрініп, бәрінің де Қос Ағашты қалайда өзіне отын етіп алуды ғана ойлауы. Осыған кінәлі тап Сталин колхозының тұрғындары ғана емес, Сталин идеологиясының қазақ халқына тигізген зобалаңы елестейді. Бұл нағыз Қос Ағаштың тамырына балта шауып, тамырсыздыққа ұрынған қортық қоғамның бүгінгі екі аяқты иелері.

Шығармадағы 3, 5, 7, 9, 1000 сандары жиі кездеседі. Олардан бөлек жасқа байланысты 16 жас, 25 жас, көлемді анықтайтын 4 құлаш деген сынды сандар да шығармада орын алған. Үшжасында Қос Ағаштан бата алып,үшіншісынып оқып жүргенде (шамамен 9 жаста)Қос Ағаштың жанынан өттім, дейді автор-кейіпкер. Қос Ағашқа Абылай хан үш күн аялдап мүнәжат еткен. Қос Ағаш жасын түсіп өртенгенде үш күн, үш түн тоқтамай жаныпты, деп үш санына жиі оралады. Сондай-ақ ағашты балалар қанша құлаш екенін өлшемек болғанда жеті баланың құшағы әрең жетіп, жеті жігіт, жеті құшақ дейтін тұстағы сандардың қасиеті. Сонымен қатар Қос Ағаш мың жыл жасаған шығар, дейтін сөз қолданған. Осындағы 1000 шартты түрде алынып тұрғандай. Ешкім де мың жасамайды. Қазақта «адам ұрпағымен мың жасайды» дейтін тәмсіл бар. Осындағы «Қос Ағаш 1000 жыл жасаған шығар»- дейтін автор-кейіпкердің сөзіне қарап,  ғасырды ғасырға жалғаған Қос Ағаштың тарихы тереңде.

Шығарма әу бастан автордың өзі бас кейіпкерге айнала отырып баяндалатындықтан артық кейіпкер іздеп әуре болмайсыз.  Өзі, атасы, өзімен тұрғылас оқушылар.

Ойымызды қорытар болсақ, психологиялық параллелизммен өрілген қазақтың тарихы, болмысы туралы бірнеше еңбектерден оқып, пікір түйіп жүрсек те жаңа туындыны оқығанда жаңа қыры ашылғандай болады. Өзгелерге ұқсамайтын талантымен танылған жазушы М.Мағауин Қос Ағашты деталь ретінде алып, тұтас ұлттың болмысын, мінезін, табиғатын шебер бейнелеген. Өз заманының заңғар жазушысы А.Сүлейменовтің «Кем талант — мүмкіндігінше, шын талант – қалағанынша жазады» дейтіні, ұлтын сүйген жазушының өз халқы туралы — Қос Ағашы туралы біресе деталь етіп, біресе символ етіп қалағанынша суреттеуінде ашылмаған талай сыр бар. Бұл сырдың құпиясын бәлкім Сіз ашарсыз…

 

Роза Жұмабайкызы Есбалаева

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Түркология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close