Қоғам және бізТаңдаулы

ҚАУЫШУ

36-шы жыл сүріп келемін. Байсыз, баласыз. Бұған үйреніп кеткелі қашан?! 28-ші автобус. Лық толы. Жұмыс пен бос үй арасында сенделіп. Мақсатсыз. Арман, мұратсыз… Жалған айтамын. Өтірік! Қалаймын, мен де өзгелердей жан-тәніммен қалаймын. Сүйікті болғым келеді. Сүйгім де, сүйіскім де. Әсіресе соңғысын…

Есікке жақын тұрмын. Ішке бойлай алғам жоқ. Мүмкін болмады. Өмір де солай, мені сыйдырмайды. Қапырық. Тер басқандар. Шаршағандар. Шалдыққандар. Өкпелілер, дәл мендей… Теңселіп тұра бердім. Толқынына бағынып. Көніп…

Кейде жәй ғана өзгенің құшағында тұншықсам деймін. Әншейін… рұқсатсыз, менікі болған соң. Қасы-көзін сипап, бетіне бетімді түйістіріп, тамағынан иіскегім келеді. Ұялғым келеді менің одан, кейде ғана. Терең демалып, көзімді ала қашып. Қызарып… Ал ол өйтпеуімді сұраса деймін. Мен шегінген сайын алдыға баса түсіп, арбайтын, табанды болса деймін. Күллі әлем тек мені іздеп, тек мені қаласа деймін…

Қиял ғой, бір де бір рет жүзеге аспаған, қиял ғана. Түсіме жиі кірсе де, өңіме еш баспаған тәтті қиял. Содан сағынамын сені, жаным! Алтыным, ең болмаса, бір белгі берші, сен де сөйтемісің? Олай болса, күтейін, күте берейін…

«Өзің үшін туып ал, ең болмаса» дейді ақылдылар. Кімнен? Баланы да екеу тумай ма? Біріне бірі ынтық боп, сүйкенбей ме? Жүректер жылып, еміреніп, «кел!» демей ме? Өйтпесе әлі күнге маған ешкім, қайтпекпін?

Арт жақтағылар алдыға, алдыдағылар артқа қарай ығыса берді тоқтаусыз. Аяғымды таптайды бірі, бірі жұлқып өзімді, итеріп қап… Ілгекке де бара жатты қолым жетпей. Құлап та міне кетпек ем, сол жағыма, әлдебіреу демеді иығымнан.

  • Рақмет!  деп жатып қарадым мен.

Жымиып қана тұрдың сен. Алтыным, сенбісің? Расында сенбісің? Кетті-ау, тентек жүрек алқынып. Естіп соны қойдың ба? Көзімнен оқып болмаса? Ілгекке қайта қол салып, терезе жаққа сырт қарап тұра қалдым. Сен де тұрсың, төсіңді түйістіріп жотама. Жып-жылысың. Демің де ыстық. Желкеме қарап тұрсың қазір білемін…

Тағы сілкіп кеп қалды мені көлік. Дайын емес пе ем, әлде жәй ғана нәзік болғым келді ме, саған қарай құлай бердім. Сен абдырып қалмадың, белімнен құшақтадың. Сол себепті ғана тұрдым міне екі аяққа. Жотаммен сені құшақтап.

Әлсізбін. Тым әлсізбін. Ілгекке ілінуге де жетпеді күш. Неге екені, оның орынана белімді ораған сенің күшті қолыңды екі қолдап бүркедім. Өзгелер көріп қоймаса екен дедім бе, жоқ, әлде сенің уысыңнан шығыр қаламын-ау дедім бе, сөйттім, бірақ сенің ондай ойың жоқ көрінді, мені өзіңе тарта түстің. Кеудеңе қапсыра құшақтай бердің. Сол кезде мен іштей «Алла» дедім. Бар болсаң, егер сен расында бар болсаң, көріп тұрсаң, бір рет, бір ғана рет… Білемін, ұят екенін де білемін, арсыз екенін де, жұртты да ұмытқам жоқ, кеп қалған жасымды да… Сонда да бір ғана рет, рұқсат етсең… есімнен алжаспақпын, адаспақпын, бүгін… Ойлантпашы. Ес бермеші. Тоқтатпашы. Мені де, көлікті де… Кете бергім келеді, жәл осылай, өзге әлемге. Кете бергім…

28-інші автобус. Лық толы. Біз екеуіміз. Дәл ортада, оңаша, екеуден екеу ғана, теңселеміз. Жалғызбыз. Құлағымның түбіне алқына дем аласың. Мен де сөйтемін. Сөйте бермек ем:

  • Осы жерден түсіп қалайық, – деп сыбырладың.

Сонда ғана қарадым қайта саған. Етене жақыннан. Үреймен. Көзіңе. Тіке. Не барын білгім кеп тұнығында. Жоқ әлде, керісінше, мендегі барды көрсе деп болар. Аяласа деп, аялау қолыңнан келмесе, ең болмаса, аяса деп. Жалғандыққа, жауыздыққа оңай қимаса деп. Өзін осыншалық сағынғаныма опасыздық қылмаса деп.

Көрдің бе соны, жарығым, жанарымнан? Жоқ, басқа болды ма себебің, бетіме бетіңді тақап, сен мені иіскедің. Үлкен, жұмсақ, жып-жылы алақаныңмен құлақ-шекемнен сипап:

  • Қорықпа! – дедің тек.

Болды. Жетті. Өзгенің керегі болмады. Қолыңнан ұстап, ере бердім соңыңнан.

Кеш. Аялдама. Көлік кетті. Сен және мен. Біз екеуіміз. Тұрмыз міне. Не күтеді біздерді?

Көп ішінде бөлек еді күйіміз. Еріксіз жақын ек. Ал қазір қобалжу бар арада, сенде де, менде көптеу. Көзімді көтеруім тіпті қиын. Ауадағы салқындық та мастығымызды біраз сейілтіп барады, орынсыз. Не істегенімді жәймен ұға бастадым. Мен – философия ғылымының магистрі, Университет мұғалімі, кафедра меңгерушісі атануға үміткер, доктор атануға дәмелі, Қарсақыптар әулетінің бетке ұстар мақтанышы… Қол создың сен бір кезде. Жәй ғана сүйіспеншілікке зәру бойжеткен ем. Мен де ұсындым қолымды. Алдың.

  • Серуендеп қайтайық! – дедің міне.

Көндім. Көліктер өтіп жатты жанымыздан. Адамдар да. Ал біз екеуіміз қол ұстасып келеміз. Сен және мен. Сене алар емеспін… Өзіңді қалай сағынғанымды білсең ғой. Манағы құшағыңды. Дауысыңды. Уысыңды. Қолыңды қаттырақ қысып жібердім-ау. Өзіңсің ашыққанымды біліп қойсаң ше…

  • Жаураған жоқсыз ба? – дедің бір кезде, тоқтай қап.
  • Жаурадым! – дегім келді.

Дей алмадым, бірақ. Басымды шайқадым жай ғана. Жымиясың. Қайта түстік жолға біз. Қайда барамыз? Асығыс емес көріндік. Расында серуендеп келеміз бе?

  • Құрылысшымын, – дедің сен. – Үй саламыз. Жаңа алаңда тұрған қызыл үйді салғандардың бірімін. Негізі жобасын сызушылардың қатарында болсам, арманым жоқ еді…

Құрылысшы екен… Үй салу келеді қолынан. Сызу да. Үні жылы. Алақаны тіпті ыстық. Жақсы адам. Жақсы болуы керек…

  • Ал сіз кімсіз? Дәрігер емессіз бе? Көп оқитын адамға үқсайсыз.
  • Мектеп мұғалімімін, – дедім мен. Үркітіп алудан қорықтым. – Қарапайым, қатардағы мұғаліммін.
  • Көрініп тұр. Балаларды жақсы көретін болдыңыз ғой.
  • Сүйемін оларды.

Тағы үнсіз қалдық. Жалған айтқаным көрініп қалмас па, жөн болды ма, әлде дұрыс қылдым ба.

  • Сізді сүйсем бола ма? – дедің кенет.

Тоқтай қалдық. Көзіміз қайта түйісті. Шалыс естігем жоқ. Солай дедің анық. Міне осымен бүгін нешінші рет, жүрегім, сенің тірі екеніңді сеземін. Бар клеткаммен сеземін.

  • Иә! – дедім бас изеп.

Бос қолыңмен бетімді сипап, сен маған қарай иілдің. Сөйттің де 36-шы жылға сүйіспен жеткен ерінді алғаш сүйген жан болдың. Бөлек сезім, бөлек күй, дәм де бөлек…

  • Жастар арсыз, ұят кетіп барады біразынан. Әсіресе қыздарда қалманы намыс. Біз тіпті қолымыздан алғызбадық… – дегенімнің бәрі қалды ұмытылып, аш балаша тұрғанымда ерніңді еміп.
  • Бақытпын! – дедің сен бір кезде ерінмен еріннің төбелесі арасында.
  • Иә! Бақытсың. Менің бақытымсың. Бақыттымын, – деп жатыр ем мен де алқыныс арасында, иығымнан ұстап, бетіме тіке қарап:
  • Есімім – Бақыт. Сіз кімсіз? – деп сұрадың.

Айгүл ем. Докторлыққа аз қап тұрған. Өз үйім бар. Көп үнемдеп, көпке нені дәлелдемек боп, көлікке де жинап қойған. Жасқа үлгі, ұжымға сыйым бар айтарлықтай. Салмақты, салиқалы, ақыл біткен. Бар жетістікке бұл өмірде өзі жеткен. Ел көрген. Жер шарлаған. Тәуелсіз. Еркін. Аз-маз тәкаппар. Айгүл ем, кеше. Ал бүгін жәй ғана әйелмін…

Торғын ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

 

Осы айдарда

Back to top button