Қалам-ЖүрекТаңдаулы

ӘКЕ

Роза МҰҚАНОВА.

(Эссе)

Әкемнің  ата қонысқа деген, туған жерге деген ұлы сағынышын жиі еститінмін. Жат­ елдің қолында қалып кеткен ата қонысын өмір бақи  айтып өтті. Әкей туған жерінің әр тасын жатқа білетін. «Жауды жалғыз қалдыру, ру­хани жүдету» сияқты не түрлі зұлым­дық әдістерге жетік қытай саясаты Шыңжаңда бас көтеретін зиялы қауымды, әсіресе қазақ халқының әрқашан рухани көсемі ақын-жазушыларды «жергілікті ұлтшыл» деген желеумен топырлатып түрмеге тығып жатқан кез.

Дүниеден көшкенмен сана­дан өш­пейтін абзал бейне. Әр баланың  жүрек түбінде ата-­ана­ға деген аяулы сезім, ұлы са­ғыныш жатады. Уақыт  өт­кен­мен са­ғы­ныш түбегінен сыз­дықтап мұң шығады. Қолыма қалам алсам  менің балалық ша­ғым­ның белестері көз алдыма қайта оралады. Сол белестің  ұшар шыңынан тек өзіңді ғана кө­ріп, өзіңмен ғана тілдесіп отырамын, ӘКЕ!

Қандай хәлді бастан кешсем де, өз ойым өзіме өгейлік та­­ны­­­тып өзгерген сәтте де, дү­ние ту­лақтай тозып, қаңсыққа ай­нал­ған тұста да мүлтіксіз таза­лы­ғың, кір­пияз ізгілігің  жанымды­ сер­гітіп қапас­тан арылтып шыға­тын алып күшім – ӘКЕМ!

Өзіңнен Отанды сүюді, ел­ді қадір тұтуды, туған жер то­пырағын аялап өтуді, ұлтым­ның киесі барын ұғып өстім.

Ата қоныс Жазушы Қажығылым Қа­жы­­байұлы Мұқановтың  «Ата қонысын» оқып отырып,­ Қазақ елінің ежелгі ата қонысы Іле аймағын мекен еткен ел-жұрт­тың болмысы мен тіршілігі,  ұл­тымыздың қаймағы бұзыл­ма­ған  тұрмысы мен салт-дәстүрі көз алдыма сұлу сурет салады. Тағ­дыры тәлкекке түскен көш­пе­лі жұрттың Қазақстаннан – Қытайға, Қытайдан – Қазақ­ста­нға жөңкіле көшіп, жосылып жүруінің себеп-салдарына үңі­лемін.

«1932 жылғы аштық. Босқан ел Қытай елімен жапсарлас, үр­ген иттің дауы­сы естілетін өз қандас­тарына қа­рай жосылған кезі. Жол жиегінде ісіп-кеуіп өліп жатқан адамдар. Жол-жөнекей өлген адам­дарды жерлеп келе жат­қан, өзегі талған аш жұртқа азық-тү­лік таратып, қараша жұрттың қа­­мын ойлаған Мәмбеттің Иса қа­­жы бастаған қажылары, Басбай бас­­таған байлары, қоржынынан  өл­­гендерді  орайтын ақыреттерін қо­са таратып жүр.

Қытай өкіметі жағынан көмек қарастырылмаса да, аш-жалаңаш тозған елді Қанағат болыстың ауылы қарсы алып, қалың елге пана болды. Қаракерей Қабанбай батырдың шөбере-шөпшегі болып келетін Қанағат болыс аш-жалаңаш елге тайқазан көтеріп, бидай көже жасатып, мыңдаған адамды ажал тырнағынан аман алып қалады. Бірақ 1937 жылы Сталин бастаған совет өкіметі мұн­дай тектінің басқан ізін аңды­тып, қытаймен біріге отырып ұстап жатқан кезі. Алдында Шә­уе­шекке барған жерінен Әлім­­ғазы болыстың, мұнан соң Қа­нағат болыстың басына қара­лы күн туады».

Қанағат болысты тұтқында­ғанда жыламаған ел қалмады, – дейді сол кезде жиырма төрт жас­та болған әкемнің анасы Шәрбан Батталқызы.

Қабанбай батырдың көзіндей еліне тұтқа болған панасынан айырылған халық ботадай боздапты. «Ақ боз аттың үстіне мін­­­­­ген сексендегі Қанағат қария ап­­пақ сақалы Барлықтың қоңыр же­лінде желпілдеп тұрып: «қош, қайран ел, жалғыз-ақ арманым, сендерден топырақ бұйырмады. Ата-бабам алысқан дүлейдің қо­лына тоқтыдай өңгеріліп, босқа кеттім.  Жас шағым болып, тым болмаса ата жаумен жағаласып өлмедім. Күнің не болар екен, бодаусыз босқын болған асыл ел» – депті. Бұл жер «Қанағат ұсталған сай» деп аталады екен.

Туған жеріңіз Бөрнекейді жиі еске алатын едіңіз. «Бөрнекей ме­кеніміз, тұрағымыз, келеді жер­ді ойласақ жылағымыз» деген ата­ларыңыздың өлең жолдарын жиі қайталайтынсыз.

«Еміл өзенінің жағасындағы Бөрне­кей – аталарымыздың ата­­­мекен қара қонысы. Мойын­тал­дың күн батысындағы қалың қа­­мыс, мол шабындықты, өрісі кең­ Бөрнекей ата-бабамызға құт болып­ты. Осы өлкені Қараке­рей Қабанбай, Қанжығалы  Бөген­бай, би Боранбай сарбаздары жоң­ғардан азат етіп, иісі  най­­манға оның ішінде мәмбетке қоныс етіп бө­ліп берген екен.

Мәм­бет-Тұ­­ма­тай, Етекбай, Байе­ке, Бәкі, Ұзақ, Мұ­қан, Шөшек, Ақа­­жан ие бол­ған ата қоныс осы. Бұл – атақты Құ­лыстай бойы­ (Қ.Мұ­қанов «Ата қо­ныс», «Қай­нар» бас­пасы, 2008 ж.). Мәмбет – Қабанбай батырдың бесінші атасы (М.Тынышбаев «Мате­риалы к истории киргиз-казакского народа» Ташкент, 1925г.). ­Әкей – найман ішінде мәмбет еді.

Қиын-қыстау заманды бас­тан кешкен әке тағдырына ержетіп, есейіп барып үңілдім. Егер  өмі­рінің баянын өзі жазып кетпегенде, бәлкім өмір тарихын  терең зер­делей де алмаған болар едім.

Білетінім, табиғаттың сұлу көркінен нәр алатын. Тау-тасты көп аралайтын. Әр төбенің басына шығып, ауыл шетіне көз салып, қайран қазақтың жері деп сүйсініп тұрып, көзіне жас алатын.  Әкемнің  ата қонысқа деген, туған жерге деген ұлы сағынышын жиі еститінмін. Жат­ елдің қолында қалып кеткен ата қонысын өмір бақи  айтып өтті. Әкей туған жерінің әр тасын жатқа білетін. Әсіресе ба­ла кезіндегі  етегінде талай мәр­те ойнап, тұмасының суын қанып ішіп, тошаласын жеген  «Шоқпартасын» сағына жазды.

«Шоқпар тас! Бабаларымыз­дың жат жұрттықтармен соғы­сында сілейте соққы берген қа­ра шоқпары шығарсың, тасқа ай­налған. Айналайын, қожыр-қо­жыр Шоқпар тас! Жауыңның жаға­сында қалған шоқпардай жұ­дырығың түйілген қалпы жазылмай, тастай қатып  қалды ма екен… Қызыл-жасыл қына басқан басыңа шығып алып, тауды жаңғырта айғайлаушы едім. Қазір де айғайға бассам ба екен, Шоқпар тас…

Сегіз қанат үйдің орнындай қап-қара болып, тұңғиықтанып жатқан  Қайнардың көзі қандай… Қайнап шыққан су бұлақ болып атқылап өзеншеге айналып жатыр. Кешке дейін бұлақтағы суға емін-еркін түсетін біздердің сирағымыз быт-шыт болып жарылып, қарала-қожалақ, табан тілім-тілім болушы еді.

Қайнарға көктеуде қонған біздің ауыл, қозылары аяқтанып, құлындары қара құлақтанып, ойнақ салып, інгендері боталап, өрнектеп, тоқыған желбауына қарлығаш ұя салып, балапанын ұшырып әкеткенге дейін тапжылмай  отыратын. Адам түгіл, құс екеш құстың да көңілін аулайтын қайран қазақ ауылым!»

Ел басына күн туған

«Бала күнгі досым Ерғазы Рахимов, Тұрдыбек Алшынбаев, Қажытай Ілиясов (кейіннен Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері болды) Ерғазы мен Тұрдыбек екеуі Шәуешекке зорға жетіпті. Мен ол кезде «оңшыл, ұлт­шыл» деген атқа ие болып және Ерғазымен жазысқан хаттарым ұс­талып, күдік, күмән көбейген кез.

Ерғазы екеуміз гимназияны бірге бітірген бала күнгі дос едік. Онан жиі хат келетін. Гимна­зияны бірге бітірген менің досым ақын, жазушы бала күннен ір­геміз айырылмаған Ерғазы Аққазыұлы Үрімжіде Шыңжаң институтында студент болып жүрген. Онан жиі хат келетін. Әрине әдебиет туралы ол хаттарда көп айтылатын. «Шұғыла» журналына 1958 жылы менің «Ұлжалғас», «Батыр шопан» деген екі әңгімем жарияланған. Ол кезде «Жергілікті ұлтшыл ата­нып қолға алынып кеткен Қа­­жы­ғұмар Шабданұлы, Омар­ғазы Айтанұлының шығар­ма­лары біздің хаттарымызда айтылады. Құдайберген сақшы мен Жындыкөз Өндірхан екеуі тіміскілеп жүріп маған келген газет-журналдардың арасында Ерғазының жолдаған хаттарын да ұстап, ашып оқып танысады. Мен атамның үйіне, Жалға кеткенде Өндірхан біздің үйге менің отауыма келіп; қандай әдеби кітаптары бар, оқысам деп едім» – деп менің сандықшадағы М.Әуезов, С.Мұқанов роман­дарын, әдеби кітаптарды ақтар­малап, Ерғазының, жазушы Жұ­ма­бай Біләлұлының хаттарын іздейді. Ол хаттар жеке сақталатын. Жұбайым Фарида да Өндірханның жылмаңдаған тақыр тазыдай сұрқынан сезік­тене шошып кетеді. Фари­да­ның  18-дегі, менің 21-дегі кезім.

Сонымен менің жылқы жылым басталды. Қыстың қалың ортасы. Астымда Қыңырбектің қоңыр аты. Меншікке алып қалған құла байталым бар еді. «Өсім малын мініп құлын тастаттың» – деген айып тағып, жиналыс­тарда мазамды алған соң мал шаруашылығы бастығы болып жүрген Нәзірқанға айтып, жегінге жүрмейтін осы қоңыр атқа айырбастап алған едім. Жануар, арқасы ошақтай жауыр болғанымен, қамшы салдырмайды. Менің қолыма тигелі көзі ашылып, күтім көріп, бір қабат ет біткен. Алғашқы күннен «Ашылу, сайрау» басталды. Жан қысыл­ды. Бұрын біреуді жамандап көре алмайтын көп сөзді қазақ баласының оқыған интелли­генциясының өзі ұсақтап, небір марқасқа атан жілік азаматтар көздері бағжаңдап аузына келгенін көйіте бастады. Мынау досым еді, жақын туысым еді – деуден ат-тонын ала қашып, сол жақынының үстінен жаттан бетер жамандайтын. Әйтпесе «жа­­қынына жан басты» – деп, күстәналайды. Жиналыс арасында үзіліс болып, дәлізге шықсам бүкіл қабырғалардың бәрі ілінген газет. Екі газеттің бетіне көк сия­мен мұғалімнің аты жазылып, кінәлі сөздері, істері тізіліп жазылып, жауап беруді талап еткен. Оны қытайша «Дазыбау» деп атайды екен. Менің үстімнен жазылған «Дазыбау» молаңдау. Мұғалімдердің бәрі жапырласып оқып жатыр.

«Қажығалым жолдас,­ пар­тияға қарсы астыртын ұйы­мың­­ды әшкереле!» – депті «Да­зы­баудың» бірінде. Екін­шісінде: «Коммуналасу кезінде біздің үй­дің алты адамы алты жерде жүр» – дегенің халық коммунасына қарсылығыңды көрсетпей ме?» Оның қайсыбірін тізе бере­сің? Айтқан сөз атылған оқтай. Барлық сөзіңді тізіп, өңін айналдырып, принципке көтеріп кінәласа, сенің қылмысыңның таразысы ауырлай түспек.

«Ашылу-сайрау» саяси науқа­нын жүргізетін активтерден, коммунистерден «ядролық топ» деген құрылған. Барлық қылмысты материал сонда жинақталады. Сонан жоғары жақтағы аудан шужилары, сақшы, сот ауыр қылмысына қарай жаза кесетін. Оның егжей-тегжейін жиырмадан жаңа асқан, әлі оң-солын толық ажыратып үлгермеген, «Со­қыр тұманның» арасында елсіз тауда қалған жалғыз жаяудай қалған маған толық мәлім емес. «Қылмыстыларды оңаша қалдыру, жасыту» сияқты әдістері де бар екен. Күні кеше ғана күліп-ойнап жүретін мұға­лім құрбыларым бәрі де маған жат адамдай жатырқап, маңыма жоламайтын болды. Тіпті туысы жағынан жақындары да бәріміз түскі тамаққа, асханаға барғанда менен ауашаланып қашқақтай берді. Маған төндіре түскен бас­ты кінә: Үрімжіде институтта оқитын Ерғазы Ақ­қазыұлы, Жұмабай Біләлұлы се­кілді бұрын бірге оқыған ақын-жазушы өзім сынды бала жігіттермен жазысқан хаттар. Оның үстіне, олар тап жағынан таза кедей балалары. Ерғазы болса, әкесі Аққазы ерте қайтыс болып, жетім қалған. Шиеттей бауырлары Дөрбілжін ауданы ақ қой шаруашылығында жесір шешесімен бірге тұратын.

Маған «Жаптым жала, жақ­тым күйе» деп сыныққа сылтау таба алмаған белсенділер мен оның басшылары Асқар, Өн­дірхан, Әжібек сияқтылар бастап «Сенің партияға қарсы астыртын ұйымың бар, соны әшкереле!» – деп жабысады.

«Жауды жалғыз қалдыру, ру­хани жүдету» сияқты не түрлі зұлым­дық әдістерге жетік қытай саясаты Шыңжаңда бас көтеретін зиялы қауымды, әсіресе қазақ халқының әрқашан рухани көсемі ақын-жазушыларды «жергілікті ұлтшыл» деген желеумен топырлатып түрмеге тығып жатқан кез.

«Шыңжаң өлкесіне ішкі қы­тай өлкелерінен шекараға кө­мек­ке келгендер» – деген бүр­ке­мемен ағылтып, қалың аш-жалаңаш қытайларды ежел­гі Шығыс Түркістан жеріне үсті-үстіне төге бастады. Әр аудан­ның гүңшелеріне бөлінген қы­тай­­ларды «Қонақтар» деген құр­метті ат беріп, әр отретке (изаға) бөліп беріп, үй-жай та­мақпен қам­­тамасыз етуге иза бас­тық­тар­ға, шужиларға қадаға­лап тапсырып беретін.

Тұнып тұрған қазақы орта, қаймағы бұзылмаған тіліміз, мұсыл­мандық дініміз бар еді. Ком­му­наласу кезінде ішкі өлке­ден жөңкілген бұлттай қалың қы­тай-қонақтар қаптады. Район бастық, аудан, облыс, Шыңжаң ұйғыр автоном районының шужилары (секретарлары) барлығы да қытай ұлтынан шыққандар. Әр сөздерінен өктемдік, баса-көктеп елге, жерге ие болу иісі аңқып тұратын.

Сонымен 1960 жылдың қы­сында Жаңа қалада аудан мек­тептері мұғалімдерінің бас қосқан жиналысында менің үстімнен пікір айтқандар «атылсыннан» басқаның бәрін айтты. Зор секіріп ілгерілеуге, партияның сара жо­лына, халық коммунасына қар­сы сөздер сөйледің дей келіп, әсі­ресе шүйліккені «Партияға қар­сы астыртын ұйымыңды әш­кереле!». «Қылмысыңды мойныңа ал!» деп тұрғызып қойып жауап алып, тергеумен бол­ды.

«Аққа-құдай жақ» деген рас. Мұғалімдер арасында тұрғызылып сыналғаным бол­маса, сақшылар, сақшы ме­кемесі шақыртып тергеуге алын­ған жоқпын. Бізден бұ­рын­ғы стиль түзеу, қалпақ ки­гізу, төменге түсіру, еңбекпен тү­зеу (түрмеге алу) секілді ша­ралар біздің алдымыздағы жылда өтіп кеткендіктен, сол кезеңдегі партия саясаты менің тұсымда «Жағадан алмау, қал­пақ кигізбеу» деген саясат жүр­гізілген тұсқа кез келіппін. Маған осындай саясат кезінде шара қолданылмай жай сынау, сөгумен тыныш аяқталды. Осы күнге дейін Аллаға сансыз бір тәубе етемін. Сондай сұрқай қиын күн­дерден аман-есен қалғаныма. Менің аман қалуыма әкемнің еңбек озаты болуы, идеясының таза болуы да, шыққан тегімнің еңбекші болуы да үлкен әсер етті деп ойлаймын. «Жаман баланы жақсы әкенің аруағы қырық жыл асырайды» дегендей, әкемнің еңбекші, көп сөзге жоқ, адал мінезі менің болат қалқанымдай болды. Маған қолданған шарасы: менің алатын айлығым басқа мұғалімдердей өспей, төмен қал­­пында қалды. Бұл қазіргі біз­діңше «Аттестациядан өтпеу» се­кілді қолданылған шара.

Сөйтіп, 1959-1960 оқу жылы­ның қысын «Ит көзі түтін танымас» болып өткіздік. Сол жылы қар қалың, қатты жұт болды. Сәуір айының ортасына дейін шана жүрді. Мал ақ сирақ болып қырылды.

1955 жылы Қытай өкіметінің саясаты күшейді, жер реформа­сы жүргізіліп төрт қалталы, көк пешпет шалбар киіп, омырау қалтасына гаңби (қалам) қыс­тырған үгітші, насихатшы кадр­лар көк шегірткедей қаптады. Ай сайын өзгеріп жататын сая­си науқандар, социализмнің қа­ғи­далары халыққа түсінікті тіл­мен егжей-тегжейлі ұғынды­ры­лады. Сол кездерде біреуді біреу «жолдас» деп атау дәстүрге ай­нала бастады.  Тіпті өз әйелін өзі «жолдас» деп айтатын жағ­дайға жетті».

Қайран жұрт

«Елге тамақ норма болған кез. Әр адамға күніне 200 грамм нан ғана береді.  Мал шаруа­шылығындағы қой баққан қой­шылар қой, сиыр сауып, ірімшік құрт алып аққа сүйеніп, жа­нын бағып отырған 1961 жыл­дың ауыр кезеңі. «Халық коммунасы» құрылып, ортақ асхана жасақталып, жұмыс істе­ген­дердің бәрі үш уақыт сол жер­­ден тиесілі тамағын ішеді. Үйге от жағу, үйде тамақ пісіру қал­ған кез. Бүкіл  отбасының сәні қалмай ата-ана, бала-шаға түгел осы «Коммунаның» асханасына телмеңдейді. Наннан аузы кетпейтін кішкентай балалардың қол-аяғына ісік жүрген…

1962 жыл. 24 сәуір. Біздің қазақ тағы жосып көшті. Ақ­шоқыдағы ел түгел көшіп, етекке қарай ағылуда. Бүлінген ел үйдің сыртқы туылдырығын ғана суы­рып алып, жалаңаш күйінде қал­дырып кетіп жатыр. Алыстан мыл­тық дауысы естіледі. Келе жат­қан қалың әскердің аяғының ас­тында қалмауды ойлаған бұқпа есепке жүйрік бейбіт ел асыға көшіп, қан базардай қан жайлауды тастап, туған жердің жықпыл сайына, адам аяқ басуы қиын шатқалдарға қоныс аударды.

Қолына тиген көлігімен түйе­ге, сиырға, жылқыға үйіндегі іске татыр көрпе-жастығын, кейбіреуі киіз үйін, шаңырағын артып алып, Қазақстан шекарасына қарай шұбай жөнелді. Қолына тиегі жоқ домбыра ұстаған ақсақал, баласын арқа­сына салған әйел жаяу­лап, қара жолдың бұрқыраған бор­пық шаңын жұтып барады. Ар­лы-бер­лі сабылыс.

Тарбағатай аймағы, Шаған­тоғай ауданының Жиек аталатын кең жазығын жарып өтетін көш жолы арқылы Сарбұлақты басып, қолсозым жерде тұрған Қазақстан жеріне бет түзеген ел. Бөгеуі алынған тасқындай лап қойған жұрт толастар емес. Жалалы болған бастан, қол­дағы бар малдан айырылып, қу­ғын-сүргіннің тығырығына тірел­генде бас сауғалап қашқан  жұрт, аңырап келіп атамекенге қайта бет түзеді. Үш жүз жылдан астам ба­уыр басқан ата қоныс қыр асып арт­та қалып барады».

Туған жердің қадірін, ел қа­дірін, тіл-дәстүр қадірін әкем­нің жаз­баларын оқыған сайын тынысым кеңейіп, жүрегіме от бітіп, жа­лым күдірейсе, бір сәт жігерім құм болып, қазаққа қайтып орала қой­майтын туған жердің  барқыт белін қимай қиналасың. Әсіресе  Емілді еміреніп жазғаны кейінгі ұр­паққа қазақ жерінің аманат болып қалып бара жатқаны аңға­рылады.

«Қаракерей Қабанбайдың Қу­бас тұлпарының ізі де Еміл бойын­да сайрап жатыр. «Тозған қазды топтанған қарға жеңеді» дегендей, Абылай хан дүниеден өтіп, «Бас-басына би болған өңшең қиқым» әр ел өзінің дүрегейін хан сайлап, ел бірлігі бұзылып, қазақтың біртұтас мемлекеттігі хандық билеуі ыды­рап, туырлықсыз тұл үйге айналғанда, ойда – орыс, қырда – қытай бөлшектеп билеп, ел мен жердің тізгінінен айырылып қызыл қырғын көргенде, Қабанбайдың ақ туын қайта көтерген оның шөбересі Әділбек батыр, Отыншы батыр, қытай, мәнжүр, сібе-солаңды дүбірлете қуып, осы Еміл өзенінің бойын азат етіп, сонау Аспантауға дейін айдап салған. Сол ерлердің ентіге келіп, етпеттей жатып суын ішкен Еміл ғой бұл. Тоқымын суға жүздіріп өткелсіз өткен Емілден, сол ерлердің жосылған сорапты ізі бар Емілдің жағасында. Ақын досым Қажытай Ілиясовтың «Атыңды естігенде Еміл деген, Отыз өлең арнар ем кемінде мен…» деп жазғаны бар еді.

«…Айналайын, туған жер. Тобылғы сайыңда торғайың неге болмадым, Емін-еркін ұшып жүріп құмарым қанғанша қасыңда қонақтайтын тұрымтайың неге болмадым, тасты беткейіңде мынау жарық дүниеде талқаным таусылғанша құзыңда қонақтап өтетін. Тағдырдың тауқыметімен жосыған ел шаңына ілесіп кете бардық».

Әкем менің!

Сіз жеткен  жарыққа мен де жет­тім, сіз сүрген ғұмырды мен де сүрдім, сіз жүріп өткен сүр­­леуде менің де ізім жатыр. Өмір жолымның көшбасшысы, бол­мысымның шебер мүсіншісі – СІЗ!!!

Роза МҰҚАНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

жазушы-драматург

АСТАНА

«Егемен Қазақстан»

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button