ТаңдаулыТүркі жұртында

АРАЙ ӨТТІ. ТҮЙІН ҚАНДАЙ?

 

Түркістан облысының мәдениет басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдығына арналған «Арай» облыстық ән байқауы өтті. 1995 жылдан бері дәстүрлі түрде дарынды әншілерге сәт сапар тілеп жүрген айтулы ән додасы биыл Абай шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттай отырып, жас талант иелерінің Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқуына ықпал етуді, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап, кәсіби бағдар беруді көздеді. Байқаудың деңгейін көтеру мақсатында қазылық құрамға белгілі актер Әділ Ахметов, танымал әнші Бауыржан Исаев сияқты халықаралық және республикалық өнер фестивальдерінің жүлдегерлері тартылды. «Менің де өнердегі алғашқы қадамым осы фестивальден бастау алған, – деді байқау алдындағы баспасөз мәслихатында сөз алған Бауыржан Исаев ағынан жарыла. – Сондықтан қазылар алқасына мүше болу жөніндегі ұсыныс түскенде ерекше толқығаным рас. Бір жағынан үлкен жауапкершілік жүктелгенін де сездім. Міне, бүгін осы байқаудың қазылар алқасының мүшесі ретінде нағыз талант иесін анықтауға мүмкіндік туып отыр».
Байқау ережесіне сәйкес облыс аумағындағы аудан-қалаларда алдын-ала іріктеу өтіп, 294 үміткерлер арасынан 38 әнші мен мәдени шара жүргізуге талпынушылар таңдап алынды. Байқаудың биылғы жетістігі – сахна қызығы мен шыжығын көре қоймаған балуыз әншілерге қнер өлкесіне жолдама беріп қана қоймай, қағазға қарамай сөйлейтін сауатты мәдени шара жүргізушілерін анықтауға мүмкіндік туды.
9 сағатқа созылған ән додасы ымырт үйіріле қорытындыланып, шыдамын сабырға шақырып соңына дейін отырған көрермендер алдында жеңімпаздар марапатталды. Ән байқауының бас жүлдесін Аплатон Рақымжан, ал мәдени іс-шара жүргізушілері сайысының бас жүлдесін Инабат Абытханқызы иеленді.
Қош! Сонымен бұл байқауды өте жоғары деңгейде өтті деп толық бағалауға болады. Мұнда шараның ойдағыдай өтуіне ерекше үлес қосқан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Гүлнұр Көлбайдың айрықша еңбегінің болғанын айта кеткен орынды.
Не есте қалды? Көрермен нені аманаттады? Енді соған келейік…
Біріншіден, репертуар таңдауда ұйымдастырушылар тарапынан дұрыс бағыт-бағдар берілгені байқалды. «Плагиат», мәтіні мәнсіз, жеңілтек әндер айтылмады. Екіншіден, тәжірибелерін ұштай қоймаса да, әншілердің микрофонмен жұмыс істей алуы қуантты. Құлақ тұндырар айқай, мұрын асты сыбырын естімедік. Үшіншіден, әлдебір «жұлдыз»-төрелерге еліктеу, соларға ұқсауға тырысу «ауруын» көрмедік. Әр әнші өзінің жеке үні мен стилін көрсетуге тырысты. Төртіншіден, мәдени шара жүргізуге ұмтылған жастардың именшіктеп, қағаз шұқып, сөзден сүрінуі байқалмады. Көздері шоқтай жанып, көрерменді баурап алуға талпынды.
Дегенмен, «әттеген-ай» дегізер тұстар да болмай қалған жоқ. Кейбір аудандардың осындай маңызды додаға маңдайалды әншілері мен сөз шеберлерін алып келмегені таңдандырды. «Әйтеуір, біреу барса болды емес пе?» деген енжарлық пен жауапсыздық сезіліп тұрды. Керісінше, сахнада жиі көрініп жүрген «жұлдыз» конкурсанттың жүлде тапсырар мезгіл жеткенде үйіне кетіп қалып, хабарлаған жүргізушіні де, жүлде тапсырушы тұлғаны да, тіпті шапалақ соғып отырған көрерменді де сыйламағаны таңдандырды. Конкурсқа келіп тұрып, «Абай қара сөздерін жаттамап едім…» деп қымсынбай «айтып салған» конкурсанттар да кездесті. Әншілердің басым бөлігінің өз туындысын жаңа қырынан өңдеп ұсынуға талпынбай, негізінен дайын минусовкаға иек артқаны қынжылтты. Алла сыйлаған әдемі қоңыр дауысы бола тұра, жүргізуші-конкурсанттардың жасанды дауысқа көбірек еліктегені аңғарылды.
Мұның барлығын келер жылы осы конкурсқа қатысуды мұрат тұтып жүрген жаңа талапкерлерге ой салатын мәселе болуы тиіс деп айтып отырмыз. Ал, осы байқауда жүлдегер атанған талапкерлердің «жалт етіп, жоқ болып кетпей», киелі сахнадан көбірек көрініп, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығына мәдени іс-шара майданында қолқанат болғандарын қалар едік…

БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close