Гүлжазым

Желілік бизнеске жегілме!

Шариғат тұрғысынан қарап көрелік: Әлемде желілік маркетингтің түр-түрі бар. Әрқайсысының өзінше жұмыс істеу жобасы мен шарттары болады. «Кімде-кім бізді алдаса, ол адам бізден емес» деп саудада алдауды қатал ескертіп, мұсылманға жат әрекет екенін түсіндірген. Бұл исламда – харам. Шариғатта адамға әсер ете отырып, бір нәрсені сатуға тыйым салынады. Адам психологиясына ықпалы бар осындай түрлі тәсілдер мен айлалардың кесірінен үйлеріндегі жалғыз сиырын сатып жібергендер де, несие алып қарызға батқандар да жетерлік. Белгілі бір адамдарды ұтқызып, енді бір адамдарды ұтылдыратын және адамдарды құлшылық пен өмірдегі негізгі істеріне салғырт қарата бастайтын жүйе – Ислам бойынша құмарлыққа жатады. Ал оның харам екені даусыз.

Экономикалық тұрғыдан қарап көрелік: Ел экономикасына да аса зиянды. Нарықтағы шынайы бағасы белгісіз, көбіне сатып алған адамдарға бірінші кезекте қажет емес, тіпті, олардың өмір сүру стандартына сай емес, удай қымбат тауарлардың қарымында ел ақшасын сан түрлі айламен жиып, шет ел асырып жіберудің қаншалықты зиянды екені айтпаса да түсінікті. Бұл компанияларға тіркелген адамдардың саны 5-6 миллионға жеткен кезде ұтылатын адамдар мен шетелге шығарылған ақшаның мөлшері қандай екенін есептеу, әрине, қиын емес. Әсіресе, қазіргі әлемдік дағдарыс кезінде желілік маркетингтің ел экономикасына өте зиянды екенін түсінуіміз қажет. Миллиондаған ақшаның шетел асқанын байқаған Шри-Ланка секілді кейбір мемлекеттерде қума сауданың бұл түріне ресми тыйым салынған көрінеді.

Қоғамға зияны: Бұл желілік маркетингтегі адамдардың саны көбейген сайын қажетті түрлі мамандықтар тапшы бола бастайды. Бара-бара тепе-теңдік жоғалып, еңбек күші қисынсыз пайдаланылғандықтан қоғамда әлсіреу және кері кету көрініс табады. Себебі, адамзатқа бірінші кезекте керек емес, қымбат заттарды сатумен айналысқан мыңдаған адамның қуаты мен білімін, уақытын ел экономикасын көтеретін өндіріске, басқа да пайдалы салаға жұмылдыруға болатын еді. Бұған қоса адамдарға бұл жұмыс түсіндірілген уақытта: «Сен мұғалімсің, яки инженерсің, табысың өте төмен, бұл жұмысқа кірсең арманыңды жүзеге асырып, байлықтың астында қаласың» деп кісіні өзі сүйген мамандығынан, қызметінен, оқуынан суытып, теріс пікір қалыптастырады. Яғни, бұл жұмыстың көп пайда әкелетіндігін, ал басқа жұмыстардың түкке тұрмайтындығын насихаттайды. Көптеген студенттердің осы компанияға тіркелгеннен кейін оқуына бұрынғыдай көңіл аудара алмағандығы, ұйқысының бұзылғандығы, тіпті кейбіреулері оқуларының қажетсіз екенін ойлап, біржолата тастап кетпек болғаны белгілі. Ал, елдің бәрі осы маркетингті қуалап кетсе, халыққа қажетті түрлі мамандықтарды кімдер игермек. Бұл жүйенің ішінде ұлттық әдебиетке орын жоқтың қасы. Желілік маркетинг сарбаздары өздерін “тәуелсіз кәсіпкер” атағанымен, шындығында олар – тәуелді, жай ғана тәуелді емес, қу дүниенінің құлы.

Демография тұрғысынан қарап көрелік: Желілік маркетинг – отбасылық бизнес. Бұл істе табысқа толық жету үшін жұбайың да белсене атсалысуы шарт. Яғни, отбасының әр мүшесі – белсенді “бірлік”. Сол себепті, ол “бірліктердің” салғырт болуы құпталынбайды. Мысалы, “тәуелсіз кәсіпкер” әйел адам аяғы ауырлап, бала тапса – бұл оның “кәсібі” – жүйелі маркетинг үшін кәдімгідей қауіп! Иә, ол енді балаға алаңдап, бұрынғыдай іскер бола алмайды. Сондықтан әртүрлі құйтұрқы әдіс-тәсілдің көмегімен бала табуды кейінге қалдыру, санын шектеу – “тәуелсіз кәсіпкерлер” арасында жиі кездесетін құбылыс. Жүйелі маркетинг біздің қоғамда кең жайылып келе жатқандықтан, бұл фактор – мемлекеттің демография саясатына, түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді десем, артық айтқандық болмас.

Желілік сауданы өркендететін кімдер?

Сонымен… Бәріміз не ата-анамыз, не туған туыс, не көрші, таныс, досымыз, группаласымыз әйтеуір біреуі желілік маркетингпен (сетевой маркетинг) айналысты, яғни әйтеуір бір байланысы болды. Солай ғой. Яғни, барлығымыз тікелей немесе жанама түрде желілік маркетингтің әсерін сездік. Желілік маркетингтің соңына түскен “тәуелсіз кәсіпкер” материалдық нәрсені арман қыла алмаса, “желілік маркетингтің үмбеті” саналмайды. Өйткені жүрегіне мықтап орныққан сол арман ғана оны қу дүниенің соңынан тынымсыз сүйремек.
Жалпы желілік маркетинг – бізге сол желілік маркетингті насихаттап үгіт жүргізген адамдар айтқандай табыс әкелетін бизнес көзі ме?Менің жеке көзқарасым бойынша – Жоқ. Неге? Менің туған туысқандарым, достарым, кластастарым, группаластарымның ішінде осы желілік маркетингпен жеткілікті дәрежеде айналысқандар болған. Тіпті өзім де! Қазір тастап кеттік. Желілік маркетинг мамандары үгіт насихат жүргізу жолында, бизнестерін өркендету жолында келесі топтардың көмегіне жүгінеді:
Студенттер. Экономикалық қаржылық сауаты аздар. Бұл топтар әлгі желілік маркетинг мамандары үшін потенциалды үгіт жүргізу объектілері болып табылады.
Студент қоғамның белсенді тұлғаларының бірі болғандықтан желілік маркетинг мамандары үшін нәтижелі жылжушы объект. 1 немесе 2 курс оқитын студент әлдебір танысының арқасында желілік маркетинг насихатшысы болып шыға келді дейік. Ол не істейді? Ертең бәрі жақсы болып кететініне, болашақта өзін бай адам ретінде елестеткендіктен, соған сенгендіктен барын салады. Жатпай тұрмай ары бері жүгіріп жұмыс істейді. Әрине белгілі бір дәрежеде пайда да табады. Бірақ ол пайдасы оның ары бері, қала ішінде жүріп – тұруы үшін жол шығындарымен, қажетсіз, қайталана беретін семинарларға қатысумен, үгіт жүргізу үшін керекті құрал – жабдықтарды сатып алумен кетіп қалады. Яғни не плюс емес, не минус емес. Нөлдік деңгей. Осылайша бұдан пайда жоқ екендігін, жай уақыт өлтіріп жүргенін түсінем дегенше 1-2 жыл уақыт өтіп кетеді. Сөйтіп одан бас тартады. Әлгілердің жоғалтатын ештемесі жоқ, кеткен адамның орнына жаңадан оқуға келіп жатқан 1-2 курс студенттері дайын тұр. Дәл осы құрбандықтың бірі өзім болдым.
Бәрін айтта бірін айт: Жастармен қоса егде тартқан аналарымыз да құр алақан емес. Айтайын дегенім – қай заманда да жасы ұлғайған жан бойына тәжірибе, білім, даналық жинақтап, сол байлығын келесі буынға беретін, бір сөзбен айтқанда тәрбиемен айналысатын еді. Мысалы, әже мен ене жас келінді баулиды, немересін бағады, ертегі айтады, домбыра үйретеді дегендей. Егер қоғамның қазынасы болуы тиіс қарттар өзінің негізгі миссиясын, парызын өтемей, таныс-тамырын аралап, “бизнес-план” оқып жүрсе, бір-екі ұрпақтан кейін мәңгүртке айналып шыға келмейміз бе?
Мені қатты алаңдататын бір нәрсе: осы “бизнестің” соңына біржола түсіп, алғашқы нәтижеге қол жеткізе бастаған жандар – қатардағы қарапайым, тегін адамдар емес! Олар – өте іскер, алғыр, ойы ұшқыр, көпшілікпен тіл табысқыш, ақылды жандар екенінде сөз жоқ! Бұлардың жұрт қызығар мамандығы, қалтасында бірнеше дипломы болуы да мүмкін. Мысалы, өзім білетін бір адам жалақысы өте жоғары мұнай саласында лауазымды қызметте жұмыс істейтін. Маркетингтің дәмін алған соң мемлекет қызметінің бәрін жылы жауып қойды. Енді оның бүкіл қабілет-қарымы жеке басына, сосын түп-тамыры шетелде жатқан маркетингтік жүйеге қызмет етуде!

Ресми тарихына -75 жыл

MLM – multi level marketing, яғни, “көпдеңгейлі маркетинг” деген ұғымды білдіретін тікелей сауданың ресми тарихына – 75 жыл. ХХ ғасырдың 30-жылдары АҚШ-та дүниеге келген бұл кәсіптің идеясы да керемет – тауардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын қысқарту. Көп кісілер, бірінші кезекте, басшылықтың бұйрығын орындауды емес, қол астындағыларға үкім жүргізгенді қалайды. Дәл осындай «тәртіппен» жұмыс істейтін желілік маркетингке ұмтылушылардың да көптігі сондықтан. Былай қарасаң, көкейге қонарлық іс: тауарды сат та, сенің капиталыңа қызмет ететін «бағыныштылар тобын» құр. Бұл жағдайда өнім шығарушы компания да тауардың сапалы болуын қамтамасыз ете алады. Осындай тәсілмен, тұтынушы, сатушы және өндіруші, яғни, үш тараптың да мүддесі қанағаттандырылмақ. Қазақшалап айтсақ, «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Шіркін-ай, бәрі осылай жақсы болса ғой…
Өкінішке қарай, адал сауданың атын жамылып, сатушысын да, тұтынушысын да тақырға отырғызып кететін кейбір компаниялар бар біздің елде. «Аздыратын, толдыратын, деніңізді сау ететін, байлығыңызды тау ететін, бәрін қатыратын, ақшаға батыратын» алаяқ фирмалардан аузы күймегендері кемде-кем шығар. Тікелей сауда мемлекет экономикасына тиімді әсер етеді» деп тақылдағанымызбен, осы мәселе іс жүзінде енді ғана қолға алынуда. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі деп былтыр құрылған Тікелей сауда қауымдастығын айтуға болады. Әуелгіде құрамына төрт қана компания («Orіflame», «Mary Kay», «Faberlіc», «Avon») кірген бұл қауымдастық ендігі жерде тұтынушы-сатушы-өндіруші «үштігінің» басын қосып, құқығын қорғайтын бірден-бір ортаға айналатынын айтқан еді ұйым президенті Константин Кулинич. Сенгіміз-ақ келеді…
Хош, не нәрсе болса да, адалынан болсын деп тілейік. Жоғарыдағы ұйымның басты принциптері де сол ғой: адал бәсекелестік жүргізіп, сауда жасауда солақай әдістерге жол бермеу. Ең қуанарлығы, тұтынушыға жететін тауарда Қазақстан тікелей сауда қауымдастығының логотипі көрсетілетін болады. Ал қауымдастыққа тек мемлекеттік стандарттау және сертификаттау комитетінен арнайы лицензия алған компаниялар ғана енетінін ескерсек, бұл – тұтынушының өз алған тауарына сенімі артатын болады деген сөз.

Мөлдір Сәбитқызы, студент:

–Кезінде желілік маркетингпен айналысатын компаниялардың бірінде жұмыс істегенмін. 150-ден астам адам жинап, жүйелі желі де құрдым. Үлкен баспалдақтардың бірі – директорлыққа да жеттім. Бірақ қазір бәрін тастап, оқуымды жалғастырып жатырмын. Қазірдің өзінде түрлі компанияға шақырушы қыз-жігіттерді көп кездестіремін. Оларға қарап, өзімнің кешегі күнім есіме түседі. Бір күні олардың да мұны қоятынына сенімдімін. Маркетинг мектебінің талайын көрген кәсіби «сетевик» ретінде мұндай жарнамалау мен жиындардың талайын көрдім деп айта аламын. Ол жерге жиналған кезде тек бір ғана мәселе айтылады. Ол – ақша. Әр тауардың бонустық балына байланысты неғұрлым көп балл жинасаң, соғұрлым ақшаң да көбейеді. «Шенің» де өседі. Пайыздан пайызға жеткен сайын келесісіне жетуге ұмтыласың. Ол үшін күн демей, түн демей жұмыс істейсің. Мұндай қиындыққа кез-келген адам психологиялық тұрғыда шыдай алмайды. Себебі, ешқашан миыңа, санаңа тыныштық жоқ. Бір биікті бағындырсаң, келесіге қалай жетем деп тыным таппайсың. Сабақта отырсаң да ойың сол жақта отырады. Мұндағы уақытың текке өтіп жатқандай болады. Тауар алуға қаржыны қайдан алам деп тағы бас қатырасың. Өйтпесең тағы болмайды. Біздің тұтынушылар қолма қол есеп айырысуға дағдыланбаған. Оның үстіне тауар сатушылар өткізу үшін қарызға беріп үйретіп тастаған. Сосын сен де тәуекел етесің. Қазір жұмсаған қаржымды пайызым өссе бірнеше есе етіп қайтарамын ғой деп үміттенесің.Компаниялар сыйақы төлесе, жарнама жасағаның, адам шақырғаның, тауарын өткізгенің үшін төлейді. Ал тауарын тегін беріп, ақшасын оңды-солды тарата беретін олар ақымақ емес қой.
Сондықтан адамдарды жаздыртуға көндіру үшін ай сайын алатын жалақың жайлы өтірік айтуға тура келеді. «Осы айда 100 мың алдым» десең, студенттердің көзі жанып кетеді. Бар күш жігерін компанияның тауарын сатуға жұмсап, арамтер болып жүргені байғұстардың. Бірақ олар тек компанияның игілігіне жұмыс жасап жатқандарын істерінен түк шығара алмағанда ғана түсінеді. Олар мұны түсініп, бәрінен баз кешіп отырғанда, дәл солар сияқты қармаққа іліккендер тағы келеді. «Кеңседегі жұмыс» деген жарнаманың құрығына әлі талай студенттердің түсетіні аян. Олардың бірі шаршағанда, екіншісі орнына дайын тұратыны өмірлік заңдылық. Ал, алпауыт компаниялар мен алаяқ «табыскерлер» өз жұмыстарын осылайша жалғастыра бермек.

Лимана Қойшиева, психолог:

Бұл жеке бір адамдар баратын, өздерінің заңдары бар, белгілі бір иерархияны ұстанатын жабық құрылым. Олардың көкейкесті нәрсесі ол – ақша немесе абсолютты бақыт.
Қызметкерлерді таңдау артық ақпараттар қағидаттары бойынша жүргізіледі. Адамдарды идеологияға толы ақпараттармен санасын улап өлтіру қауіптері тұр. Олар БІЗДІҢ ТАУАР ең күшті, мен оны сатумен айналысамын, сіз осы жұмыстар арқылы көп ақша табу мүмкіндігіне ие боласыз, сөйтіп арманыңызға қол жеткізесіз деп айтады. Идеологиялық факторда құрылымдық ұйымның ажырамас бөлігі болып табылады. Идея ол топтастырудың таптырмас күші. «Бәрінен көңілі қалып» және «бизнестен» кеткісі келген адамдарға олар идеяға деген адалдық туралы ескертеді.
«Желілік компаниялардағы» «кадрлық резервтер» ол – өзінің мүмкіндігін толық аша алмаған немесе амбициясы түкке тұрмайтын, яғни өз-өзіне көңілі толмайтын, қызметтік мансабына, материалдық жағдайына қанағаттанбайтын адамдар. Олардың негізгі кадрларын әлеуметтік жағынан аз қамтылған және әлеуметтік қорғалмаған топтағы адамдар, нақты атап айтсақ үй шаруасындағылар, студенттер, зейнеткерлер құрайды.

Гүлжаз ҚАРЫБЕК

Осы айдарда

Back to top button