ТаңдаулыТүркі жұртында

ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ ТҮРКІСТАННАН ШЫҚҚАН ҚАҚПА ЖАСАУ ШЕБЕРІ

КӘСІБІ-НӘСІБІ

Қазақ қай істі болсын, өз ісінің шебері жасағанын қалайды. «Торғай сойса да, қасап сойсын» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Себебі қай заманда да өз ісінің шеберін табу өте қиын. Өйткені шеберлік қаншама жылдық ізденісті, қаншама машақатты талап етеді. Сондықтан, адамдардың дені ол жолмен емес, оңай жолмен өтіп, тез әрі оңай олжаға кенелгісі келеді. Дегенмен, бір істі бастап, соның соңына дейін жететіндер бар. Соның бірі – Бегман Әбдірашитұлы. Ол – темірден түйін түйгенде, кәдімгі өнер туындысы деңгейіне жеткізе біледі. Сол себепті де бүгінде оның қолынан шыққан темір қақпаны Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Қазалы, тіпті Алматы тұрғындарына дейін арнайы іздеп, тапсырыспен жасатады.  Біз осы бір жас та болса, өз ісін жетік меңгерген Бегманның табыс сырын, жетістікке жету жолын зерттеп көрдік.

Жүк тасудан басталған жарқын жол…

Өз қатары секілді Бегманның да мектепті бітірген соң жоғары білім алып, диплом иесі атанғысы келді. Сол мақсатта 2002 жылы оқуға түскен ол  көп ұзамай, жоқшылықтың зардабын тарта бастады. Өзі ақылы бөлімде оқитын. Оқу ақысын төлеу керек, қала берді күнделікті ішіп-жем, киім-кешек тағы бар. Содан не істемек керек ондайда? Әрине, кез келген намысты жігіт  екі қолға бір күрек іздері анық. Бегман да көп ойланбастан, жүк тасушы қызметіне кіріседі. Түске дейін оқу, түстен кейін жұмыс істеп жүріп жігіт дипломын алады. Және ол жүкті жай тасып қана қойған жоқ, өзінің жақсы мінезінің арқасында жұмыс берушісі әрі өздеріне құда боп келетін кісілерге баласындай болып кеткен еді. Жігіттің бел жазбай еңбек еткен еңбекқорлығына, жауапкершілігіне дән риза болған жұмыс берушілері оны өз қолдарымен аяқтандырады. Әрине, «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» дегендей, ол еңбегімен жақсылықты қайтарды. Солайша, қысқасы не керек, 2002 жылы ақшаның құнды кезінде әлгі кісілер бұған 3 миллион 200 мың теңгеге цех ашып берген еді. Міне, бүгінгі істің басы сол цехтан басталды. Ол темірді шикізаттай сатып алып, одан орындық бар ма, жалпы қандай тапсырыс келсе, ешнәрсені «істей алмаймын» демей, үйреніп, ізденіп, бәрін жасап беріп отырды. Сол бастапқыда алған 3 миллион 200 мың теңгені 8 жыл дегенде қайтарып берген ол  2010 жылы жеке цех ашады. Міне содан бастап, 10 жұмысшыдан тұратын команда жасақтап,соған басшылық ете бастайды.

Тәңірдің тосынсыйы: егіз перзент

Тек жұмысқа басымен кірісіп кетпей, жігіт жеке өмірінде де бақытқа кенеліп, өз ісін ашқанға дейін 4 баланың әкесі атанып үлгерген еді. Ал, 2017 жылдың 15 қазанында Жаратқан осы бір еңбекқор жігітке егіз бала нәсіп етеді. Бүгінде 6 баланың әкесі болып отырған жайы бар.

«Жұбайым күні кеше Күміс алқа алды. Жәрдемақыға 63 мың теңге шығыпты», – дейді риза кейіппен ….ұста жігіт. Ешқашан ешкімге алақан жаймай, өз еңбегімен күн көріп келе жатқан жігіт үшін бұл әрине үлкен қуаныш. Дегенмен, ол сол еңбегінің арқасында үй-жай салып, балаларына сүндет той жасап та үлгерген. Әрине, осы жолда ол өзіне демеу болған, арқадан қаққан, шарапаты тиген жандарға алғысы шексіз.

 

Күріш десе – Сыр өңірі,  қақпа десе – Түркістан

Бегманның мамандығы негізі– тарихшы. Тіпті жергілікті мемлекеттік басқару ісін де бітірген. Дегенмен, Жаратқанның дәм-тұз бен несібе бұйырған саласы осы кәсіп болса керек. Ол дүниені де, абыройды да осы кәсібінің арқасында жинады. Бүгінде Бегманның қолынан шыққан қақпалар Арал, Шиелі, Қазалы тіпті Алматыда да жоғары сұранысқа ие. Бәріне де жігіт өзінің табанақы, маңдай терімен жетті. Алдымен өз өңірінде өнім жасап жүрген жігітке біртіндеп көрші қалалардан да тапсырыстар түсе бастады. Тіпті, біртіндеп жергілікті жерлерден сатушылар пайда болып, бұған көтерме тапсырыс бере бастады.

«Жігіттер менің жасаған қақпамның үстінен 20-30 мың қояды да, сатады.  Біз істеп беріп отырамыз, олар тапсырысты өздері қабылдап, өздері істеп отырады. Тек бағасын біз айтамыз, олар соның үстіне қойып отырады. Шиелі, Қазалы мен Арал негізінен осы үшеуі болатын, биыл Алматыдан да бөлімше аштық. Ашқан Бағдат пен Балзия атты кластастарым», – дейді жігіт бүгінгі ауқымдары жайлы.

Айына 100 қақпа жасайтын Бегманның қолынан бір жылда шамамен 800 қақпа шығады екен. Бұл тек қақпаны айтқанда. Ал одан бөлек тағы да өнімдер бар. Олар темір қоршау, түрлі белгілер, орындықтар, т.б да өнімдер.

«Біздің негізі мақсатымыз – алып сатарларды жарнамалау емес, өндірісті насихаттау. Келешекте көптеген станоктар сатып алу керек. 2020 мен 2021 жылдар станоктар алатын жылымыз. Содан кейін ою-өрнектің түр-түрін өз қолымызбен жасап шығаратын боламыз. Қазір біз оюды сатып алып салып жүрміз. Адам бір орында тоқтап қалмай, дамығысы келеді ғой. Ол бір, екіншіден, жұрт жабыстыра салатын нәрселерді алғысы келмейді, қымбат болса да өнерлі қолдан шыққанын жақсы көреді», – деді Бегман Әбдірашитұлы.

Біз манадан бері айтып отырған темір қақпалардың орташа бағасы 200мың теңге тұрады. Содан бастап, кейбірі 6 миллион теңгеге дейін барады екен. Яғни, жасау материалдары мен жұмыстың күрделілігіне қарай қымбаттай береді дейді. Әйтсе де, тым қымбат қақпа жасатушылар сирек кездессе керек. Қарапайым халықтың көбі 150-200 мың теңгенің ортасындағы қақпаға тапсырыс береді. Біріншіден, осындай бағасының қалтаға тиіміділінің әрі сапасының да жоғарылығына қарай бүгінде бүкіл Қазақстанға қақпа осы Түркістаннан тарайды екен.  Яғни, күріш десе, Сыр өңірі – Қызылорда еске түссе, қазір ел қақпа керек десе, Түркістан қатар жүреді дейді Бегман. Себебі жалғыз Бегман ғана емес, Түркістанда қақпа жасаумен айналысатын 11 цех бар көрінеді.

«Ерінбеген етікші болады…»

Тек етікші ғана емес… Байқап тұрсақ, темірден түйін түйгенде де төзімділік ең бір қажет қасиет секілді. Себебі тұрақты тұтынушылардың көбеюіне жылдар кетеді. Өйтетін жөні де бар, өйткені темір қақпа деген күнделікті дүкеннен сатып алып «жейтұғын» бөлке нан емес. Адам өмірінде бір-ақ рет үй салса, бір рет қана қақпа жасатуы мүмкін. Оның үстіне Түркістан мегаполис емес, онда 250 мың халық бар десек,  оның барлығы бірдей үй соқпайтыны анық. Сондықтан неғұрлым өз ісіңді шебер істеу керек әрі ізденісті, ауқымды кеңейтуге деген талпынысты күшейтпей, бұл істе жеңіске жету мүмкін емес. Бегман ғана емес, онымен қатар бастаған талай жігіттер болса керек. Бірақ көбі жолда кездескен қиындықтарға шыдамай, жарты жолдан тастап кетуге мәжбүр болған.

 

«Басқа жақтан жұмыстар да шықты, мемлекеттік қызметке де шақырды кезінде, бірақ бастаған ісімнен бір нәтиже шығарғым келеді. Бұл бір, екіншіден, мемлекеттік жұмысты істеп жатқан әке-шешемізге қараймыз ғой өзі. Мемлекеттік жұмыс істеді жаманды-жақсылы, совхозда істеді, әкім болды. Шыны керек  айтарлықтай қатты алға жылжу болған жоқ. Ал, саудада, кәсіпте береке бар. Пайғамбарымыз да сауда істеген. Саудада береке барын бекер айтпаған. Біздікі саудадан гөрі ұсталық қой. Ең алғаш істі бастағанда пәтерде тұратынбыз, сонда айына беретін 3 мың теңгені  таба алмай қиналып қалатынбыз. Күнде кешкі асқа жұмыртқа жейміз, тек қонақ келгенде ғана тауық етін сатып алушы едік. Шүкір, осы еңбектің арқасында араға үш жыл салып өзім үй салып алдым, қазір сол шағын үйді үлкейттік. Осы істе маған жаныма жалау боп, бір жағыма шығып, көмектескен жарымның барына шүкір деймін», – дейді Бегманның өзі жүріп өткен жолы мен сүріп жатқан өмірінен ой қорытып.

Осылайша таза өз еңбегімен табыс тауып, дәулетін арттырған Бегман Әбдірашитұлының жас та болса, көргені көп, өмірін ғибратты деп айтуға толық негіз бар. Ол ешкімге алақан жайған жоқ, тіпті «мемлекет мені асырайды» деген пиғыл мүлдем болған емес. Көзін тырнап ашқалы бейнет, екі қолға бір жұмыс. Тек бір білетінін, ешкімнің ала жібін аттамау керек. Себебі ол – әкесінің туғаннан санасына құйып өсірген қағидасы. Жай қағида емес, өзі әкім бола тұра, халқына қиянат жасамаған әкесінің көрсеткен үлгісі. Ал Бегман әкесінің сол қағидасын өз санасына салып, салмақтап, ал қалғанының барлығына өз еңбегімен жеткен еңбекқор жан. Таудай талабына, Алла бармақтай бақ берсін!

М.Матай,

Түркістан қаласы.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close