ТаңдаулыТүркі жұртында

«БАЛМҰЗДАҚ КОРОЛІ» ӨМІРІНІҢ БАЛ МЕН МҰЗЫ

 

Бәріміз балмұздақты жақсы көреміз, бірақ тек жегенді ғана. Ал оны өндіру, сату – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өмірінің кәдімгі біршама жылын осы бір таңсық астың жасалу жолына, оны осыған дейін еш жерде қайталанбайтын дәмін жасап шығаруға арнаған жан бар. Ол – Нұралы  Оспанов.  Бүгінде күллі жұрт «Балмұздақ королі» атап кеткен осы бір азаматтан біз сұхбат алуды жөн көрдік. Ондағы мақсат – жетістікке жеткен азаматтың табысын санау емес, өмір мектебінен сабақ алу. 

 

Бәрі де1992 жылы жылы басталса керек…

Күш-қайрат пен өмірге деген құштарлығы тасып тұрған жігіт Отан алдындағы борышын орындап, әскерден келеді. Кеңес Одағы ыдырап жатқан аласапыран кез.Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы… Зауыт-фабрикалар жабылып, өндіріс тоқтап, жұмыссыз қалған халықтың қатты күйзеліске ұшыраған тұсы. Егер, жалқау, бойкүйез жандардың қатарынан болса, жас жігіт «жұмыс жоқ қой» деп сылтауратып, қолын қусырып отыра берер ме еді… Нұралы өйткен жоқ. Ол қай кезде де тығырықтан шығатын жолдың барын біліп, осы тұста да бір нәрсе істеу керек деген ой түйген болатын.  Сөйтіп жүрген күндердің бірінде қаладағы ең дәмді балмұздақты сататын еврей азаматының еліне қайтпақ болып, құйма балмұздақ аппаратын сататынын естиді. Ел-жұрттың соңғы тиынын берсе де, сол балмұздақты алатынын білетін жігіт дереу сол аппаратты алып қалуды жөн көреді. Айтқан бағасын беріп, сатып алады. Алайда, ең қиыны әлгі аппараттың иесі балмұздақты  неден жасайтынын айтпай, яғни рецептін бермей кеткен еді. Себебін сұрағанда ол «егер оны саған айтсам, бұл кәсіп саған жұқпайды, мұндағы бар табыстың кілті сонда – сен оны өзің табуың керек. Сол кезде ғана бұл істің соңына дейін барасың» дейді.  Ал, содан ізденіс басталады. Шыны керек, істің машақатын Нұралы осы тұста аңғарады. Себебі басында «адамның істегенін адам істейді ғой, тәуекел» деп алғанда ол балмұздақ рецептін, дәмі тіл үйіретін рецептін табу соншалықты қиынға соға қоймас деп ойлаған болатын. Әйтсе де, ол қателесіпті. Себебі жеме-жемге келгенде ойдағыдай рецептіні табуға бір жыл емес, оның бақандай бес жылы кетеді. Бес жылда нені көрмеді десеңші өзі де?! Ананы қосады, болмайды, мынаны қосады болмайды. Кейде тіпті түнімен «тәтті балмұздақты қалай шығарсам болады екен?» деп ойлаумен көз ілмей шыққан кездері де болды.  «Өйткені қарапайым халық дәмі көңілінен шықпаса, бір күн жер, екі күн жер, үшінші күні саған ат ізін салмай кетері даусыз» дейді ол. Дегенмен, «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, ізденістің түбі жақсы нәтижеге алып баратыны сөзсіз еді. Нұралы бес жыл дегенде ақыры нағыз өзі қалаған балмұздаққа қол жеткізген еді. Бұл – жай сатушының емес, бұл кәдімгі біртұтас өндіріс иесіне қойылар ауыр жүк еді. Жігіт жас та болса, өзінің табандылығын, ойын, жастық жігерін осылайша ел игілігіне сарп етті.

 

Сатушыдан – өндірушілікке: бір маусымда 500 тоннаға дейін балмұздақ…

Өмір бір орында тұрмайды… Күндер өтті, жылдар жылжып, халық тауқыметтен аз да болса арылып, жадыраңқы күндер келіп жетті. Енді олардың талабы да өзгеруі заңды еді. Бұрындары қарапайым ғана құйылмалы балмұздақты жей беретін жұрттың талғамы өзгерді. Бұған сырттан кірген тауарлар ағымы да әсер еткен еді. Сол себепті 2000 жылдардың басында жас кәсіпкер фабрикалық  балмұздаққа көшеді. Басында дәстүрлі сауда тәсілі бойынша Бішкек, Алматы, Шымкенттен тасып, сатып жүрген Нұралы осы тұста да ойға қалады. «Адамның істегенін адам істейді.  Ендеше, неге бір жақтан тасымай, осы балмұздақты  өзім өндірмеске?» — дейді бір күні өзіне. Әу бастағы ештеңеден қорықпай, тәуекелге бара алатын қайсар мінезі оның тың жатқан егістік жерді сатып алып, құрылыс салуына ықпал етеді.

«Бір жағы жастық жалын ғой, қаражатымның жеткіліксіздігіне қарамай, банктен 64 миллион теңге алдым. Ол кезде 64 миллион деген аз ақша емес! Тағы бір қызығы,  не салатынымды білмеймін,  дайын жоба да жоқ, жөн сілтейтін адам да жоқ.  Өзіме істеуге тура келді бәрін. Іздену үшін Қытайда үш жыл жүрдім. Соңында өзімнің тұрып жатқан үйімді, жерімді кепілге қойдым да, бастап кеттім. Қазір соны ойласам қорқамын. Бүгінде жасым 50-ге кеп қалды. Адам жасы ұлғайған сайын қорқа береді екен. Жас кезде Алла тағала күш-қуат береді екен өзі.  Таңның атысы, күннің батысы жұмыстың басында болып, ақыры 2011 жылы зауыт салынып бітті. 2013 жылдан бастап, өнім шығара бастадық», — дейді ол.

Осылайша таудай ізденістің нәтижесі расында үлкен жетістікке жетеледі. Бүгінде Нұралы …. басқаратын балмұздақ фабрикасында бір маусымда 500 тоннаға дейін балмұздақ шығады. Түркістан ғана емес, «Тайқазан»,  «Яссы»«Голд» деп аталатын балмұздақтың 60 түрі жалпы облыс, Шымкент,  Қызылорда, қала берді тіпті батыстағы Актөбе мен солтүстіктегі Қостанайға дейін тарайды. Қазірдің өзінде осы бір өндіріс орнынан тапқан табысымен 60-70 адам отбасын асырап отыр. Орташа жалақы 50-60 мың теңге,  ең жоғарғы айлық  300 мың теңгеге дейін барады екен. Жұмыс екі ауысыммен. Тағы бір айтарлығы, бүгінде отандық кәсіпкерлерге шын мәнінде мемлекет қолдау білдіреді. Бұрын күніне 3 сағаттап электр қуаты берілмейтін. Бүгінде күндіз-түні жарық, электр қуатымен мемлекет қамтамасыз еткен. Жергілікті билік жағдай жасаған соң, әрине жұмыстың ілгері басуы анық. Бүгінде Нұралы  Әмірәліұлы 300 милион теңге көлеміндегі ірі жобаны қолға алғысы келіп жүр. Ол жоба мақсаты – қаймақ, айран,  құрт,  ірімшік секілді сүт өнімдерін шығару.

 

«Сапаға мән берген бизнес қана  ұзақ жасайды»

Бұл – қиын-қыстау заманда тек өз ақылы мен күш-жігерінің арқасында бүгінге жеткен кәнігі кәсіпкердің өмірден түйгені. Тез пайда табам деген адам қай салада болсын, көпке бармасы анық дейді ол. Себебі халық сапасы өз көңілінен шықпаған дүниеден бірден теріс айналады. Ал халық тұтынбаған соң, яғни, тауарың өтпегеннен кейін не пайда?!.Және, Нұралы өз бизнесінің тек пайда жағын ғана емес, халық денсаулығына да мән берген.

«Мысалы Ресей бізден суық болмаса, жылы емес. Бірақ олар жыл бойына балмұздақ жей береді.Қалай? Біз күн суықта жесек, тамағымыз ауырып қалады дейміз ғой? Ал олар тамақтарын үйреткен. Біздікі негізі дұрыс емес. Балмұздақ  адамның көңіл-күйін көтереді. Балмұздақ адамның жүйкесін тыныштандырады. Оны мен ойлап тапқан жоқпын, ғалымдар айтады.  Яғни біздің халыққа қыстың күні де балмұздақ жеуді ұсынамыз. Жеу керек. Бірақ жеу керек деп,таңнан қара кешке дейін емес, кешкі астан соң, десерт ретінде», – дейді бүгінде өзі бірнеше бала тәрбиелеп өсірген отағасы ретінде.

 

«Кез келген табысты ер азаматтың артында ақылды әйел тұрады»

Дана халқымыз «ері – түзде, әйел – үйде» деп текке айтпаған ғой. Нұралы Оспанов та  жоғарыда айтқанымыздай бір ғана балмұздақтың төңірегінде қаншама жылын арнап, жылдап түзде жүрген кездері болды. Сондайда әрине, үйдің тыныштығы мен бала-шағаның тәрбиесін үйдегі жеңгейге сеніп тапсырған. Бұл – ол кісінің күйеуін қолдауы емей немене? Дегенмен, ағамыз «Кәсіпке келгенде шешімді өзім шығарамын. Әркез әйелге мойын бұра беретін ерден кәсіпкер шықпайды», – дейді нағыз ерлерше. Онысы рас, жалтақ адамның үлкен істе батылдыққа бара алмасы айдан анық. Ол үшін адамның өзінің  тұлғалық қасиеті болуы керек.

Адам өмірі тақтайдай тегіс жолдан тұрмасы анық. Нұралы Оспановтың да осы жолда көрген қиындықтары көп, бірақ онысы тек өзіне ғана аян. Бір-екі жыл, әсіресе бастапқы кездері пайда түгілі, ісінің кері кеткен сәттері болыпты. Қиналғанда тіпті, «неге осы істі бастадым екен, тып-тыныш дүкен салып, жата бермей?» деген де түрлі ойлар келгенін жасырмайды. Себебі балмұздақты құр сатқан жоқ, жігіт ағасы оны өндірді ғой? Ал ол – расында өте үлкен бастама. «Сондайда түнде  ала тайдай ойым бүлінеді, бірақ таңертең тұрам да, түк болмағандай қайта кірісемін. «Шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу» еді себебі… Мұндайда кімге де болсын оңай тимейді. Тек ішкі сенімі  өте мықты жандар ғана табандылық танытып, соңына дейін жетеді. Ал табаны тайғанақ жандар, морт сынып, мақсатынан айнып кетуі мүмкін. «Бірақ қазір қарап тұрсам, жас та болса, барлығын дұрыс жасаппын. Соның арқасында, мінекей тұрмысымыз жаман емес. Қаншама адамға жұмыс беріп те отырмыз. Шүкір. Өмірім босқа өткен жоқ», – дейді жігіт ағасы.

 

Әкесі баласына «абайлап жүр» десе,

баласы«сіз абайлаңыз, себебі ізіңізден мен келе жатырмын» деген екен…

«Шешем өмірден ерте қайтты. Мен онда 8 сыныпта оқып жүргенмін. Сондықтан әжеміз бауырына басты. Әкеміз момын адам еді. Бізге ешкімнің ала жібін аттамауды үйретті. Бүгінде мен де өз балаларыма соны үйретіп жатырмын. Өзім ешкімді алдамаймын, өтірік  айтқан адамды маңыма жуытқым келмейді. Сондай-ақ екі сөйлеу де жігіттікке жатпайды. Бір сөзді болу керек.  Қысқасы, екі сөйлеме, өтірік айтпа және де ұлтжанды бол. Менің өзімнің де және бала тәрбиесіндегі ұстанымым да осы…», – дейді Нұралы Оспанов.

Қазақ «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Міне, осы сөз Нұралы Әмірәліұлы сияқты адамдарға арналған секілді. Себебі ол жас та болса, өмірдің қиындығын көріп, сол ұрымтал сәттен ұтымды шешім таба біліп, үлкен мақсатқа ұмтыла білді. Иә, ол бүгінгінің жастары секілді шетелде білім алмаған шығар. Бірақ ол нағыз өмірдің мектебінен білім алды. Өмірін өз рахатына емес, халқының игілігіне арнады. Және, әлі де жас. Әлі де талай тың идеяларды жүзеге асыруға шамасы жетеді. Және оның үлкен-үлкен армандары да бар. Бір нәрсе анық, Нұралы бүгінде неге қол жеткізсе де, өз еңбегі мен өз ізденісінің арқасында жетті. «Әкесінен қалған мал» жоқ. Олай деуге ешкімнің батылы да бармайды. Сондықтан қай кезде де, кімнің алдында да осынау жігіт ағасының абыройы биік, жүзі жарқын!Осының бәріне ол ең алдымен табанды мінезінің арқасында қол жеткізді. «Мінезсіз адамнан ештеңе шықпайды», — дейді өзі… Міне, «Балмұздақ королінің» жүріп өткен жолы жайлы қысқаша осылай айтуға болады… Үйренем деген адамға алар сабақ мол.

Мәриям ӘБСАТТАР,

Түркістан қаласы.

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close