Түркі жұртында

ЕР МЕН ЕЛДІКТІҢ ҚОС ҚАНАТЫ

 

Адамзат тарихының ерлікке толы бір бөлшегі — Қазақ елінің рухани әлеуетінің өлшемі іспетті. Киелі Түркістан жерінің қасиеті уақыт озған сайын артпаса, кеміген емес.

Құндылығы бүкіл Түрік халықтары руханиятына ортақ бұл мекеннің рух бастауы —  Ясауи ілімімен жалғасуыда сол топырақтың құнарының белгісі. Түркістанды тәу етер жандар бұл күнде киелі елдің атын шартарапқа танытқан тарих жасаушы — хандары мен билері, батыр, сұлтандарымен қатар  өнер, қоғам, мәдениет, әдебиет, спорт саңлақтарымен де қоса еске алады.

Тұран даласын мәңгілікке мекен еткен еліне адал перзенттерінің ғибратын саралап, жалғасын болашаққа нұсқап отыру елдігіміз үшінде маңызды.

Түркістанның тарихи тағдыры мұнарлап артта қалғанымен, бүгінгі тіршілігінің де рухани сипатын  өнегеге айналдыруға үлес қосып кеткен жандардың елеулі істерін болашаққа қалдыруға тиіспіз. Солардың қатарында аз ғұмыр кешсе де, артына із қалдырған Ерқанат Рақымұлының  өнегелі өмірі енді елдің еншісіне айналды.

Көшпелі өмір салт қалыптастырған  ең тамаша қасиетіміз — адамдар арасындағы өзара кісілікті қарым- қатынас қалыптарын отбасы тәрбиесінен сіңіріп өскен Ерқанат арамыздан жыл бұрын мәңгілік мекеніне сапар шеккен еді…

«Жыл болды үлкен жүрек тоқтағалы,

Біз оны көп айтамыз жоқтап әлі»,-

деп  Әбілда ақын Қасымды жоқтағандай Ерқанаттың да үлкен жүрегі  енді болашақтың ізгілік үлгісіне айналып үлгерді. Біз көп ретте, ұлттық аядағы моралдік-этикалық нормаларымыздың өзгеріп бара жатқанына мән бермейміз. Бұрын көпшілікке ұқсас болу, көптің қамын ойлау әрбір қазақтың мұраты болатын. Қазір көпшіліктен даралану ерендігіңмен емес, дүниеңмен, арзан байлықпен де өлшенетін тұстар жоқ емес.

Ерқанат көпшіл еді… Иманы жүзінен нұр боп төгіліп тұратын азамат елдің есінде сол қасиетімен қалды. Әже тәлімін сіңіріп, әке өсиетін бойына жиған Ерқанат құс қанат ғұмырында адамдық қасиеттің жағымды үлгілілерін тастап кетті.

Ер жігіттің азаматтығы елдің сөзін сөйлер деңгейге жетуімен өлшенеді емес пе ?! Тізгін ұстар жасқа келгенде қала көлеміндегі жауапты қызметтерді атқарды. Азаматтың бойында қызмет қуу емес, қызмет істей жүріп жасаған еңбектерінің пайда, зиянын таразылай алар парасатымен ерекшеленгенін баса айтуға болады. Қолдағы мүмкіндігін әділетті шешім қабылдауға жұмсаған ердің ісі өнеге боларлық сипат. Қала мүддесін мәслихат деңгейінде қорғай алған Ерқанаттың спорт саласына кетуі жастайынан қыр – сырын білетін істі қолға алуы ғана емес, азаматтық шешімі деп қабылдауға болады. Ұлтының  мәдениеті мен әлеуметтік-құқықтық негіздерін ғылыми жолмен зерттей жүріп таныған білімін  мінез бен перзенттік ұстанымға ұштастырғанымен есте қалды.

Қазаққа спорт өнері – рух пен намысты жанудың киелі алаңы десе де болады. Нағыз ердің сипаты саналатын ерлік қасиеттер бұл күнде  осы өнерде шыңдалуда. Ерқанат еңбегін сіңірген күрес спорты – өмірмен күрестің баламасы. Өзінің ішкі кедергілерін жеңген адам ғана сол өнердің тарланына айналады. Күреске ол осылай келді. Ащы тер мен тынымсыз еңбек, мұқалмас жігердің арқасында төріне шықты.  Бойындағы намыстың өтеуі — шәкірт тәрбиелеу екенін өзі сезінген, талай додаларда ел мүддесін қорғаған жан ғана терең сезіне алады. Шәкірттерін жетектеп, өзі демеушілік жасап, қанша жеңістің тәтті дәмін татқызды, еліне…  Қазақтың көк туын желбіретер байрақты додаларда жеңістің рухымен оянар кеуделердегі алапатқа, қуаныштан төгілер мөлтіл тамшыға айналып, шәкіртерінің жүрегінде мәңгілікке қалды…

Азаматын жоқтаған елі жылға толмай-ақ ел ағалары, әулеті, достары мен шәкірттері, ақындардың естелік, жоқтауларын жинақтап кітап құрастырып үлгерді. «Ел есінде – Ерқанат» атты көлемді еңбекте    оның адамгершілік қырлары ашылған. Белгілі ғалым Досай Кенжетайдың естелігіннен  елдің діни ахуалына алаңдап, ислам діні мен қазақ мәдениетінің қатынасы жайлы іздене жүріп, отбасы мен ортасына имандық шарттарын, ұлттың ұмытылып бара жатқан дәстүрлерін насихаттағанын ерді  танисың. Ақын Бекарыс Шойбек: «Мен білетін Ерқанат қазақтың қанына сіңген төл өнердің таңбасы болған жылқыға жаны құмар еді.Серкенің семізін бәйгеге тігіп, дүркіретіп көкпар беріп, шаңқаптырар шабандоздардың басын жиі қосатын. Көкпар үшін туып, спорт үшін өскен Ерқанаттың есімін өшірмеу – бүгінгі буын еншісінде…» деп құйрықты жұлдыздай жарқырап жанып, қысқа ғұмырында ел еңсесін тіктеп кеткен ұлдың тектілігі мен мәрттігін үлгі етеді. Жазушы Көпен Әмірбектің әкесі – Рақым Тәңірбергенұлына ғана емес, қалың жұртшылыққа көңіл айтуындағы әлеуметтік астарда: «Шартарапты шарласақ та Ерқанатты енді таба алмаймыз. Тек оның артында ізі қалды, Дариға, Бірғаным, Бөртедей қызы қалды. Әлихан мен Иманәлідей ұлы қалды. Қыпшақ қызы Мира келіннің жүрегінде сырғанақ өмірдің сызы қалды. Сыз да жылынар, сызат та жазылар. Ең бастысы, ел есінде Ерқанат бар. Ясауидің дұшпандары Ибрагим деген баласының басын кетпенмен шауып, әкесінің алдына домалытып тастағанда: «Әңгелекті көктей жұлыпсыңдар» деп сабыр сақтаса керек» деп елге көңіл ғана емес, өмірдің мағынасын жеткізгендей басу айта алған.  Ақын Асқар Дүйсенбінің:

Кіндігін күннің кірпігі кескен,

Ізіне көктің дүркірі ілескен.

Алпамса кеуде, батыр ұл еді-ау!

Бесікке симай бұлқынып өскен.

Сөйледің сөзін ұмтылып көптің,

Тамызбай терді, сілкініп, төктің.

Келмесін қимай, кең дүниеге

Бұлқынып келіп, жұлқынып кеттің, -деп жоқтауында азаматтың дара жолын саралау басым. Отбасында қазақтың әндері мен күйлерін тыңдату, ұл-қызын жылқыдан жатырқамауға баулу, қайырымдылыққа бастау нағыз қазақы жігіттің сипаты деуге болады. Тектіден туған ердің ел аузында қалуы, аза тұтуы, жоқтауы тапсырыспен келер жағдай емес. Қалаға, елге әкесі – Рақым Тәңірбергенұлындай сауапты да сауатты қызмет етіп, елдің әлеуметтік ахуалына алаңдап жүрген жандар жоқтың қасы. Қазақстандағы жол жүру ақысы ең арзан қала – Түркістанымыздың берекелі тірлігінің бір пұшпағында сол кісінің үлкен үлесі тұр. Өзінің барлық ізгі бастамаларына ақылшысы мен қамқоры болған Ерқанатын әке солай еске алады. « …Баламның қазасынан кейін көп өтпей-ақ, мен баламнан басқа тағы бір нәрсемді жоғалтқандай күй кешіп жүрдім. Ол не? Бір нәрсе жетіспейтін сияқты… артық тұрған ақылымнан айрылған екенмін. Ерқанатыма арқа сүйеп кеткен екенмін ғой…» Әке мұңынан ұлы ғана емес, ұлағатына айналып үлгерген азаматтың әкелі-балалы боп елге қызметтің жаршысындай болған бейнелерін көре аламыз. Ерқанаттың жарқын бейнесінің ар жағынан қасиетті әжесі мен анасының мейірімін, аяулы жары Мираның төзімі мен сабырын байқайсың. Тәубеге келген аналар мен жарының артында қалған ұрпақтарына деген үмітіне жылынасың. Қазақтың эпостық жырларында Едіге бейнесін сомдайтын:

Қарағайға қарсы біткен терекпін,

Басымнан дауыл ұрса теңселмен.

Қарағайға қайнап біткен бұтақпын,

Балталасаң  айырылман…

Немесе,

Ұйықтап жатқан еліңді,

Ұйытқытар ол деймін.

Толып жатқан жұртыңды,

Толықсытар ол деймін, — дегендей алтын құрсақ аналарымыз аман тұрса, қазақтың маңдайына әлі талай намысты ұлдар бітер, соларға Ерқанаттың өмір жолы қарағайға қарсы біткен шынардай қасқайып жол көрсетіп мұнарлап тұрары анық.

Өмірден ерте озып, өкіндірсе де,  бір кісіге аздық етпейтін осы биігінің ар жағына жас ұрпақты жігерлендірер  Ерқанат Рақымұлының елеулі мінездері мен қасиетін ұрпаққа толғау ұлт тәрбиесіне тәлім. Жүректеріне намыс құйған шәкірттері, ұрпағы тұрғанда оларды енді ол өз рухымен жебеп, жеңістерге бастап жүрері хақ.

 

Әдемау ТОЛЫСБАЕВА, 

филология ғылымдарының

кандидаты, доцент.

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

Журналистер Одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close