Денсаулық

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА АСЫҚТЫ

АЛМАТЫДАҒЫ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНА ЖАСАНДЫ ТЫНЫС АЛУ ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

«Аяла» қайырымдылық қорының «Өмір сыйла» бағдарламасы аясында «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен Алматы қаласындағы клиникалық инфекциялық балалар ауруханасына жаңа екі жасанды тыныс алу аппараттары табыс етілді.

Жапонияда жасалған HummingVue құрылғыларының жалпы құны 71,8 млн теңгені құрайды. Дүйім дүниеге таралып үлгерген коронавирус инфекциясы Қазақстанға да қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. Аталған аппараттар аурухана мамандары үшін осынау індетке қарсы күресте үлкен көмек болары анық.

Дүние есігін ашқан сәби өмірін сақтап қалуда жасанды тыныс алу аппаратының көмегі орасан.

Былтыр бұл мекеме 100 мыңға тарта бүлдіршінді қабылдаса, солардың біразы ем-дом алу үшін емханаға жатқан.

Өткен жылы аурухананың реанимация бөлімшесіне сырқаты асқынған 500-ге тарта бүлдіршін түсіп, дәрігерлер әрбір 5-ші баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Жан сақтау бөліміне түскен балалардың 60 пайызында пневмония анықталып, тыныс алуы ауырлаған.

«Аялы» қорының президенті Айдан Сүлейменованың негізгі мамандығы дәрігер. Қор басшысы мұндай құрылғылардың адам өмірін аман алып қалудағы маңыздылығын жете түсінеді.

Жапонияда жасалған HummingVue жасанды тыныс алу аппараты мұндай технологияның соңғы буынына жатады, әрі қан қысымын 13 микрон деңгейінде бақылауда ұстайды. Бұл өз кезегінде респираторлық терапияның клиникалық тиімділігін арттырып, баланың ағзасына зақым келтірмейді.

Оларды стерилизациялау (залалсыздандыру) әдісі қарапайым және әуел бастағы көрсеткіштерін қайта қалпына келтіруді қажет етпейді. Бұл өз кезегінде аппаратты кезек күтіп отырған келесі науқасқа уақыт оздырмай қолдануға мүмкіндік береді.

Аталған құрылғының жұмыс өлшемін өзгерту кезінде түрлі тыныс алу контурын ауыстырмай немесе ажыратпай-ақ науқастың тыныс алу жүйесін вентиляциялай алады. Бұл бір ғана контурда орындалып, ол өз кезегінде науқастың ауыр гипоксияға ұшырау тәуекелінің алдын алады.

Әлбетте бала өмірі ертеңін ойлайтын кез-келген мемлекет үшін басты құндылық.

Осынау құрылғы инфекциялық балалар ауруханасының мамандары үшін адам өмірін ажалдан арашалап қалуда үлкен көмек болатын тілге тиек еткен «Шеврон» компаниясы Қоғаммен байланыс бөлімінің үйлестірушісі Жанар Қошпанова жан сақтау бөлімінде әрбір минут алтыннан да қымбат екенін еске салды.

«Қазақстан үкіметі мен елдегі ірі бизнес өкілдері коронавирустың таралуына тосқауыл қойып, инфекция жұқтырған азаматтардың аяғынан тұрып кетуі үшін бір жұдырыққа жұмылуда.

Жаңа, заманауи жасанды тыныс алу аппараттары қазіргідей аласапыран шақта  ғана емес, әдепкі күндері де бала өмірін аман сақтап қалуда аса маңызды. «Шеврон» компаниясының атынан барша қазақстандықтарға қазіргі өткінші қиындыққа қарсы тұрарлық қажыр-қайрат пен мықты денсаулық тілеймін», – деді Жанар Қошпанова.

Ілгеріде осы шараға ұйытқы болған «Аяла» қайырымдылық қоры екен айттық. Қор басшысы Айдан Сүлейменова ақ халатты жандардың жұмысы қаншалықты ауыр екенін бір кісідей біледі.

Оның айтуынша «Шеврон» қордың бала денсаулығын жақсарту мен медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған көшелі жобаларын көп жылдан бері үзбей қолдап келеді.

Осы арада құндылықтар туралы туралы сөз қозғаған ол «Шевронның» аса қажет шақта көмек қолын соза білетін елгезектігін ерекше атап өтті.

«Иә, құндылықтар осылай қалыптасады», – дейді ол. «Шеврон» компаниясының инфекциялық балалар ауруханасына әзір ауадай қажет құрылғыны табыстауы компанияның әлеуметтік жауапкершілікті жете  түсінетінін көрсетіп отыр. Коронавирус инфекциясына байланысты қатаң карантинде отырған Қазақстан азаматтары, оның ішінде Алматы тұрғындары атынан компания басшылығына алғысымды айтамын. Барша алматылық ата-аналар үшін бүлдіршіндерге қажетті аппараттың сыйға тартылуы ізгі амал, бұл ондаған, жүздеген баланың өмірін арашалап қалуда маңызды рөл атқаратыны айтпаса да белгілі».

«Аяла» қоры «Өмір сыйла» жобасы аясында Алматы қалалық клиникалық инфекциялық балалар ауруханасымен көп жылдар бойына серіктесіп жұмыс істеуде. Қордың мұрындық болуымен жасанды тыныс алу аппараттары аталған ауруханаға алғаш рет осыдан 13 жыл бұрын табысталған. Соның нәтижесінде осы емханадағы бала өлімі 4 есе төмендеді.

Осынау жобаның тұсауы кесілген 2007 жылдан бүгінге дейін «Аяла» қоры Қазақстандағы 30 аурухана мен перзентхананы жалпы сомасы 389 млн теңгені құрайтын медициналық құрылғылармен жабдықтады.

Ең бастысы осының арқасында дәрігерлер жүздеген бүлдіршінді ажалдан арашалап қалды.

Думан ТАНАБАСОВ

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button