ГүлжазымТаңдаулы

ҚАРЫБЕКТІҢ ҚАРЫМЫ

 

Жақында Гүлжаз Қарыбектің баспадан жаңа ғана шыққан, әлі сиясы кеуіп үлгермеген, көлемі он бес баспа табаққа жуық, 240 беттік «Алдаспан» атты кітабы менің қолыма түс әлетінде тиді. Сол күні күні жатқанша соңғы үтір, нүктесіне дейін түк қалдырмай оқып бітірдім. Мұнымен не айтпақпын? Біріншіден, бұл кітап бүкіл саналы ғұмырын көлікпен жолаушылар тасымалдау ісіне бағыштаған менің досым – Тәңірбергенов Рақым Көлбайұлының өмір жолы туралы жазылғандығы айрықша қызығушылығымды оятса; екіншіден, Түрістандай киелі мекеннің қасиетті азаматы өзінің өнегелі еңбек жолымен, ауыз толтырып айтарлықтай атқарған істерімен автордың назарына іліккендігі; үшіншіден, және негізгі айтпағым: кітап тілінің жатықтығы, көркемдігі әрі тартымдылығы. Бұл – Гүлжаз қарындасымыздың алғашқы туындысы болса да, қарапайым ғана тақырыпты өзінің тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде алымдылық та, қарымдылық та таныта отырып, осындай көркем дүние деңгейіне көтере алған шеберлігіне деген сүйсінісімді бүгіп қалуым мүмкін емес.

Басты кейіпкер Рақым Көлбайұлының жомарт жүрегі елім деп еміреніп тұратындығы кітаптың өн бойында нақты ақпараттарды келісті де көркем кестелеу арқылы айшықты көрініс тауып отырған. Қазақстан бойынша Түркістанда қалааралық және қалаішілік бағыттарда жолаушы тасымалдау құны ең төменгі бағада болуы – осы айтқанымыздың жарқын мысалы емес пе? Түптетіп айта беретін болсақ, кітапта айтылған деректердің біразын қайта тізіп шығуымыз мүмкін. Алайда біздің негізгі мақсатымыз кітаптың құндылығы жайлы сөз қозғау болғандықтан, осы жағына ойысқанымыз жөн болар.

Азаматтың адами тұлғасын кескіндеумен бірге, оның бітімі мен болмысын терең зерттеп, жан дүниесіне шұқшия үңілген автордың жанкешті еңбегі суреттемелер мен байыптауларының тереңдігінен менмұндалап тұр. Ұтықр да ұрымтал сөздер тұп-тура қажетті тұста өз-өзінен құйылып келе салғандай және өмірдің шынайы көріністері ешқандай әсірелеусіз, әспеттеусіз нақтылықпен берілген. Кітапта сипатталатын оқиғалар біз секілді сол сәттерді өз көзімен көріп, басы-қасында жүрген, кейіпкермен аралас-құралас жандардың көз алдына сол бір өткен күнер картинасын қаз-қалпында қайта тірілткендей әсер бергені сөзсіз. Мұнда ширықтырып, құйқаны шымырлатып, енді қайтер екен дейтін шиеленістер мен текетірестер жоқ, себебі бұл ғұмырбаяндық шығарма, алайда автор құрғақ баяндаумен бір сарында сырғытып кете бермей, өзі лайықты деп тапқан тұстарға көрнекті де мәнді детальдар мен мағынасы терең мысалдарды ой жүйесін үзбестен, шебер кіріктіріп, қиюын келтіре үйлестіріп отырған. Бұл әдісі айтулы дизайнердің қолынан шыққан әрі сәнді, әрі қонымды киім секілді шығарманың реңін ашып тұрғаны даусыз.

Табиғаты мен болмысына  ырыс пен құт дарыған, адалдық пен тазалықты жан дүниесінің құбыласындай көретін, кие тұтатын асыл азаматтың өмірдегі темірқазық етіп ұстанғаны да осы қасиеттер екендігі көпке мәлім.

Кесіп сөйлейтін, кесек турайтын мінезін, жан баласының алдында мәймөңкелеп, кішірейіп көрмеген қайтпас қайсарлығы мен қолға алған ісін аяқсыз қалдырмайтын қажырлылығын, бұрынғы өткен батыр бабалардың көзіндей көрінетін құрыштан құйылғандай кескін-келбетін кітаптың атын «Алдаспан» деп атауының өзімен-ақ автор наркескен тұлғаның пішінін дәл тұжырымдап, дөп басып тұрғандығын танытқандай.

Бұл шығарма кеудесінде титімдей түйсігі бар пенде титтей де болса түйін түйіп алардай тартымды да тағылымды дүние деп білемін.

Өнегелі істерімен көпке үлгі болып, елді аузына қаратып, айта да білетін, айтқанын бұлжытпай орындай да білетін іскер азамат жайлы осындай тұшымды дүние жазылуы бір жағынан дос көңілімді қуантса, екінші жағынан бұл – жазылуы тиіс, заңды нәрсе ретінде қабылданады.

Облыстық мәслихаттың депутаттығына қатарынан 5 рет сайлану – нағыз халық қалаулысына ғана лайық кәде екендігі кімге де болса ұғынықты мәселе. Атымтай жомарттығының арқасында қаншама да тарыққандар мен торыққандарға қол ұшын созып, алғысқа кенеліп жүргені өз алдына бір төбе. Осы жасаған игі істерінің сауабын Алла өзіне нәсәп қылғай деп тілеймін.

Дара бітімді Рақым Көлбайұлының өмір жолын арқау еткен «Алдаспан» кітабының таным мен талғам тұрғысынан оқырманға берері өте көп. Автордың өресі биік, үлкен интеллектуал зерделі сөз шебері екендігіне шығарманы оқи отырып көз жеткізу әсте қиындық тудырмайды.

Әлем әдебиетінің алыптары мен жарық жұлдыздарының айтқан данышпандық сөздерінен келтірілген цитаттар мен ұлтымыздың ұлыларының қанатты қағидаларын, далалық ой сілемдерін асыл бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманатындай етіп аялап жеткізуі – авторды көз алдымызда биіктетіп жібергенін сезіндік. Ұлттық салт-дәстүріміздің керемет үлгілерін кейіпкерінің іс-әрекетімен ұштастыра баяндпуының өзі не тұрады?!

Іні-қарындастарын, ұл-қыздарын, түгел қанатының астына алып, бауырмалдық танытып отырған; ата-анасының алдын көлденең кесіп өтіп көрмеген, сөздерін сындырмаған басты кейіпкердің ізеттілігіне қалай сүйсінбессің? Ынтымақ пен бірлікті дәріптеп, әулеттің ғана емес, әлеуметтің қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бірнеше қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген аптал азаматтың атқарып жатқан шаруалары шаш етектен.

Елбасымыз үндеп отырған рухани жаңғырудың да басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жарыққа шығару, қазақ деген халықтың жандүниесінің байлығын жалпақ әлемге таныту болса керек. Мәдениетіміз бен әдебиетімізді өркендету де осы үрдістің, үдерістің құрамдас бөлігінің бірі.

Олай болса, бойынан қазаққа тән барлық асыл қасиеттердің жұрнақтары молынан табылатын, рухани тұрғыдан бай, бүгінгі заман тынысын тап басып, тани білген кәсіпкер азамат жайлы кітап жазу да уақыт талабына өзіндік үн қосудың белгісіндей. Әрбір ісімен ұрпаққа үлгі боларлықтай жарқын жол көрсетіп, соны соқпақ салып отырған азаматтың ғұмырын өз шығармасына өзек етіп алып, танымдық, тағылымдық тұрғыдан өнегелі іс тындырған, «Алдаспан» кітабының авторы Гүлжаз Қарыбек қарындасымызға «Бәрекелді», – деп қол соға отырып: қаламың жүйріктігінен танбасын, табыс биігінен көріне бер! – деген тілек білдіргім келеді.

                                                        Зейнолла ЕРКЕБАЛАЕВ, ақын,

                                                 Түркістан қаласының құрметті азаматы

2018 жыл

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button