ТаңдаулыТүркі жұртында

Түркістан облысына 1 жыл: не бітті, не бітіріп жүрміз, не күтеміз?

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне – 1 жыл. Әркімнің көкейінде түрлі сауал: қала өзгеріп келе ме, түрленіп жатыр ма, ендігі келбеті қандай болмақ? Өйткені бұл қалада исі қазақтың мақтанышы болған 21 хан, 56 батыр, 21 би мен 8 сұлтан және жүздеген игі жақсылар жерленген.
Бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан облыс үшін аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Бұл – тарихта болмаған жағдай. Сол негізде Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді.
Құрылыс жұмыстарынан, жолдардың жөнделуінен шаң борап жатқан айналаңа қарасаң, көңіл қуанады. Бір өзгерістің болып жатқаны анық. Тек соның тездетіп жүзеге асқанын қалайсың. Пендеміз ғой. Дегенмен, мұндай түбегейлі реформаға біраз уақыттың керек екені рас. Бәрі бір сәтте бола салатын дүние емес. Астананың қазіргі келбетіне 25 жылдан кейін ғана көз жеткіздік емес пе? Ал, біз екі-үш жылда жаңа қала салмақпыз! Сондықтан әрбір түркістандық бұған сабырмен, салмақпен, түсіністікпен қарауы тиіс. Қазір құрылыс заттарын тасып жатқан ауыр көліктерге жеңіл мәшинелер ығысып, жол беруге үйренген. Құрылыс жұмыстары тоқтамасын деген ішкі тілек қой…
Әнебір жерде түрлі-түсті сәуелелердің жарқылына шағылыса сазды әуенмен «билейтін» субұрқақ құрылысы жүріп жатыр, мына бір жерде Медиа орталығының қабырғасы бекіп қалған, таза ауада, ашық аспан астында сахна өнерімен сусындатар амфитеатр құрылысы да бітуге тақау, әкімдік ғимараты бой көтеріп келеді, көпқабатты тұрғын үйлердің сұлбасы қалың ормандай қатарласа көрінеді… Бұған қоса халықаралық әуежай, стадион, оқушылар сарайы, мектеп, Ясауи музейі және өзге де нысандардың құрылысы қауырт жүріп жатыр. Мұның барлығы қастерлі қаланы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде бекітілген бас жоспардың тұжырымдамасымен атқарылып жатқан игі істер. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы – сол шаруаның басы ғана.
Үлкен көшелердің бойынан жылғалап су аға бастады. Кейбір көше тұрғындарының таудан тас теріп әкеліп, үй іргесіндегі арықтарына өрнектеп қалай бастағанын байқадым. Су құмға қашпасын, ауызсуды үнемдейік деген ниеттен туған әрекет екені даусыз. Ертеңгі күні осындай игі істер қаланы жасыл қалаға айналдытын ұмытылмас бастама болып қалатыны анық. Қалада сирек кездесетін көлеңкесі мол тал-дарақтар көптеп егіле бастады. Демалыс аймақтары мен саябақтардың қатары көбейген. Енді ел бұрынғыдай қапырық ауадан қорқып, үйде қамалып отырмай, қоларбаларымен бала-шағасын сүйрей, көшеде көбірек сейілдейтін күйге жетті. Бұрынғыдай емес, қоғамдық тәртіп те күшейген. Облыс орталығында көшелер мен алаңдар, базар маңы толық бақылауға алынды. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда қызара бөртіп, ішімдік ішкен, ретсіз сауда-саттықпен айналысқан, кішігірім бұзақылық жасаған 500-ге тарта адамның жауапкершілікке тартылғанын есерсек, қала тұрғындарының алаңсыз-қамсыз жүріп-тұруына толық жағдай жасалды деуге негіз бар.
Рухани салада да ілгерілеу байқалады. Күні кеше ғана облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша төрт бағыт ұсынды: бірінші, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы; төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Бұл қаланың рухани әлеміне жаңа серпін берер жоба болатыны даусыз.
Түркістаннан тағдырын бөліп қарай алмайтын қалталы азаматтардың да ортақ іске үлесі аз болып жатқан жоқ. «Туған жер» жобасы бойынша туып-өскен ауылдарына кө¬мек көрсетіп, құны 3 млрд 386 млн теңгені құрайтын 97 нысанның құрылысына көмек көрсетті. Мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40 жыл толған түлектер де білім алған мектептеріне, туған ауылдарына көңіл бөліп жатыр. Осы жобамен облыста 5 отбасы тегін баспаналы болды. Қазақ мәдениетін, салт-дәстүрі мен туризмін насихаттайтын жобалар жүзеге асуда. Күні кеше белгілі фотосуретші Асылхан Әбдірайым бастаған «Ұлы даланың Түркістаны» фото экспедициясы ел-елді аралап, қала тарихына негіз болар тамаша фотосуреттер галереясын жасап кетті. Енді Жастар орталығында тұсауы кесілген Фотоөнер студиясы жаңа қаланың жаңа келбетін сурет арқылы тарихаттайтын болады.
Естеріңізде ме, осыдан 1 жыл бұрын «Облыс орталығына айналдық, облыс мәртебесін алдық!» деп бір-бірімізді жүрек жарыла құттықтап, қуандық. Тіпті, өзге аймақтағы, шет елдегі достарымыз да тілеулес болып, ақжолтай тілектерін шаттана жолдап жатты. Қуанған жақсы, әрине! Бір есептен мұның бізге, түркістандықтарға, елін, жерін, отанын, туған қаласын сүйетін азамат ретінде үлкен жауапкершіліктер жүктейтінін ұмытпайық. Алдымен әуелден келе жатқан ынтымағымызды, бірлігімізді, татулығымызды ту етіп, жергілікті билікке қала инфрақұрылымын жақсартуда, қала көркін көркейтуде, тіпті кез-келген кішкентай мәселенің өзінде бәріміз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірігіп, қолымыздан келгенше көмектесуді дағдыға айналдырайық. Бұрынғыдай сырттай бақылап, «ана жер андай екен, мына жер мұндай екен» деп кемшілікті ғана тізе бермей, «жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып», сол кемшілікті жоюға әрқайсысымыз не үлес қостық, не қоса аламыз, соны ойланып, ой таразысына салып, атсалысайық. Барлығы бірден бола қоймайды, әрине, бірте-бірте болатын тірлікке ынтымақшыл, сабырлы болайық. Дастархан басындағы әңгіме пыш-пыш сыпсыңнан гөрі ел мүддесіне, ертеңгі облыс орталығының дамуына, қаланың гүлденуіне негізделуі тиіс. Тіпті, бір-бірімізге деген мәдениетіміз бен сыйластығымыздың өзі бізді ерекшелеп тұруы тиіс. Өйткені бұл ұлы Мағжан аңсаған «ер Түрігім туып-өскен Тұран өлкесі»! Жастар бізге қарайды, біз жастарға үміт артамыз! Жас өскіннің де бұл істе белсенді көмегі керек. Жастардың көшедегі жүріс-тұрысы, мәдениеті туристік сапармен, зияратшылықпен келген сырттағы әрбір адамға үлгі-өнеге көрсетуі – жарасымды көрініске айналуы тиіс! Қала өзгерді, енді біз де өзгерейік! Өйткені сіз де, біз де, ол да облыс орталығының тұрғынымыз!
Бір жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын, түркістандықтар!

Бекжігіт СЕРДӘЛІ

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close