ДенсаулықТаңдаулы

САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ

Қазір не көп, ғаламторда коронавирус туралы ақпарат көп. Соларды саралай келіп түйгенім мынау.

1. Коронавирус дегеніміз кәдімгі тұмау (грипп) екен. Тұмаудың бұл түрі ғылымға 1960 жылдан белгілі көрінеді. Әлеуметтік желілердегі «пәлен жылы шыққан кітапта коронавирус туралы айтылыпты» дегендей ақпараттардың жүргені де сондықтан. Бірақ содан бергі уақытта ол сан рет өзгеріске (мутация) ұшыраған. Сондықтан бүгінде ғылымға коронавирустың отыздан астам түрі белгілі. Кезінде елді шулатқан «құс тұмауы», «шошқа тұмауы» сияқты індеттер осы коронавирустың өзгерген түрлері. Ғалымдардың айтуынша бүгінде адамзатты үрейлендіріп отырған COVID-19 да сол қатардағы вирус.

2. Қарапайым вирус болса, неге әлем дүрлігіп жатыр? Мәселе коронавирустың қатерлілігінде. Кез келген вирустың қатері өсіп жетілу (инкубация) кезеңі, өлім деңгейі, жұқпалылығы, берілу жолдары, тәуекел топтары, т.б. көрсеткіштері бойынша анықталады. Мәселен 2002 жылы Қытайдың Гуандун провинциясында тіркелген, ауа-тамшы жолымен берілген SARS (типті емес пневмония) індетімен әлемнің 29 елінде 8 мыңнан астам адам ауырып, 813 адам өлген. Яғни, өлім деңгейі 9-10 пайызды құраған. Бірақ вирус әлсіз болғандықтан өлгендердің басым бөлігін егде жастағылар құраған. Ғалымдар оның вакцинасын ақыры таба алмады.
2009 жылы Мексика астанасы Мехикода тіркелген шошқа тұмауын H1N1 09 вирусы тудырып, бір жылға созылды. Әлемде жарты миллиондай адамға жұғып, 5 мың адамның өмірін қиып кетті. Сондықтан да ДСҰ оны пандемия деп жариялады. Орташа өлім көрсеткіші 1 пайызды ғана құрағанымен, ажал құшқандардың көбі жастар еді. Бұл індеттің вакцинасын британдық дәрігерлер сегіз айдан кейін ғана тапты.
Әлемді алаңдатқан «құс тұмауы» әлі естеріңізде болар? Оның себепкері H5N1 вирусы бірінші рет 1971 жылы Гонконгта тіркелген көрінеді. 2003-2008 жылдары әлемде құстан тұмау жұқтырудың бар болғаны 361 расталған оқиғасы орын алғанымен ғалымдар оны бүгінгі таңдағы аса қатерлі індет деп бағалап отыр. Неге? Өйткені құс тұмауын жұқтырғандардың 60 пайызы көз жұмған. Ғалымдардың пайымдауынша адамзатты қырылып кетуден індеттің адамнан адамға емес, құстан адамға берілуі ғана құтқарып қалыпты. Індет миллиондаған құсты қырып тастау арқылы ауыздықталды.
Өздеріңіз көріп отырсыздар SARS індетінде өлім деңгейі жоғары болғанымен, вирус әлсіз болып, үлкен зардап әкеле алмаған. Шошқа тұмауы жастарға қатер төндіргенімен өлім көрсеткіші төмен болған. Құс тұмауының құрбаны болғандардың саны қорқыныш ұялатқанымен, жаппай тарала алмаған.
Ал COVID-19 вирусында осы қатердің бәрі жинақталған деуге болады. Оны жұқтырғандардың арасында қайтыс болып жатқандардың қатары күн өткен сайын көбеюде. Соңғы деректерге қарағанда 100 мыңға жетіп қалған. Өйткені адамдарда жаңа вирусқа иммунитет жоқ. Вакцинасы әлі табылмауда.
Маусымдық тұмауда сырқаттардың екі-ақ пайызы ауруханаға жатқызылатын болса, коронавируста 20 пайызы ауруханаға, оның ішінде 5 пайызы жансақтау бөліміне жатқызуды қажет етеді. Көптеген елдерде ауруханаларда орын жетпей жатуының себебі сонда.
Жаңа вирустың жұқпалылығы да жоғары. Орташа есеппен тұмау тиген адам 1-2 адамға жұқтырса, коронавируспен ауыратын адам 3-5 адамға дейін жұқтыруы мүмкін.
Дегенмен жаңа вирустың басты қатері – инкубациялық кезеңі екен. «Адамды бір күнде өлтіретін вирус қауіпті ма, жоқ 15-20 күннен кейін барып өлтіретін вирус қауіпті ма?» деп сұрасаң, кез келген адамның «әрине бір күнде өлтіретін вирус қауіпті» деп жауап беретіні анық. Вирусологтардың айтуынша шын мәнінде араға уақыт салып барып сұлататын індет қауіпті екен. Себебі белгілері тез білінетін вирусты жылдам анықтап, таралуының алдын алу оңай, ал өсіп жетілу (инкубация) кезеңі талай күнге созылатын вирусты арнайы тестсіз анықтау мүмкін емес. Мамандар COVID-19 вирусының өсіп-жетілу кезеңі 14 күнге дейін баратынын айтады. Бұл – адам осынша уақыт өзінің қатерлі індетті жұқтырып алғанын білмей жүре беруі мүмкін деген сөз. Ал ол жай жүрмейтіні, індетті өзгелерге тарататыны белгілі. Міне, сондықтан да оны жұқтырғандар қатары әлемде 1,5 миллионнан асып кетіп отыр.

3. Жаңа коронавирус қалай жұғады?
COVID-19 тірі жасушалардың (клеткалардың) ішінде ғана көбейетін вирус. Адам сөйлегенде, түшкіргенде, қол алысқанда, құшақтасқанда, сүйіскенде т.б. берілетін көрінеді. Сөйлегенде, түшкіргенде шығатын вирусты түйіршектер ауадан ауыр болғандықтан алысқа ұзамай әртүрлі заттарға қонады. Сау адамдар ол заттарды ұстаған қолын көз, ауыз, мұрын қуыстарына тигізіп, өзіне инфекция енгізуі мүмкін. Ең қатерлісі коронавирустың тәж тектес өскіндері ағзаға пайдалы заттардың өскіндеріне ұқсайтындықтан адам иммунитеті оны ажырата алмай қалып, рецепторлар өзіне тастай қылып жапсырып алады екен. Осылайша жасушаға оп-оңай еніп кеткен «жау» оған өзін (коронавирусты) көбейту туралы бұйрық береді. Жасуша оны орындайды. Сөйтіп бірнеше күннен кейін адамның өкпесін миллиондаған жаңа вирус жаулап алады.
Бірақ бұл да дерттің соңы емес. Вирус өкпе жасушаларымен қатар бірқатар иммундық жасушаларды да зақымдауы мүмкін. Есі шығып кеткен олар аттандап өзге «қаруластарын» көмекке шақырады. Сөйтіп ағзада алапат шайқас басталады. Жан алып, жан беріскен бұл қырғында иммунитет вирусты жасушаларды ғана емес, пайдалы жасушаларды да өлтіре бастайды. Аурудың бұл сатысында адам қызуы көтеріліп, жөтелуден кейін айығып кетуі де мүмкін, «шайқас» салдарынан өкпе қатты зақымданып, пневмонияға ұласып кетуі де мүмкін. Мұндай қатер төнген жағдайда науқас өліп кетпеуі үшін дәрігерлер өкпені қолдан желдету аппаратына қосады.

4. Соңғы кездері «коронавируспен ауырған адамдар жазылыпты» деген сүйінші хабарлар естіліп қалып жүр. Әрине, қуанышты жайт. Дегенмен ел «жазылыпты» дегенді ауруханада арнаулы дәрі-дәрмектермен емдеп жазып шығарған деп түсінетін сияқты. Бұл – жаңсақ тұжырым. Жоғарыда айтқанымыздай COVID-19 вирусының вакцинасы өкінішке қарай әлі табылған жоқ. Ғалымдар күндіз-түні ізденіп жатқанымен жақын арада табылмайтын сияқты. Бұл орайда «Ал сонда дәрігерлер не істеп жатыр?» деген сұрақ туындайды. Медиктер емі табылмағанына қарамастан вирус жұқтырып, ауыр халде жатқан науқастардың жағдайын жақсарту, өкпелері істемей қалғандарын қолдан желдету аппаратына қосу, індет өршіткен созылмалы дерттерін емдеу, әл беретін терапия жүргізу арқылы өмірлерін сақтап қалу жолында жанталасып еңбектеніп жатыр. Бұл оңай жұмыс емес. Індеттің алдыңғы шебінде, қалың аурулардың ортасында басын бәйгеге тігіп (елімізде 120 дәрігер вирус жұқтырыпты) күндіз-түні жұмыс істеу шын мәнінде нағыз ерлік. Егер ақ халаттылардың жанкешті еңбегі болмаса індеттен қайтыс болғандардың саны бірнеше есе көп болар еді.

5. Медициналық масканы тағу керек пе, тақпау керек пе? Бұл сауал елді індет басталғалы бері мазалап келеді. Тағу керек дейтіндердің уәжі түсінікті. «Бетперде вирус жұқтырудан сақтайды», дейді олар. Ал тақпайтындар мен оларды қолдайтындарға келсек, бір тобы «бетперде вирустан қорғай алмайды, пайдасы жоқ» десе, енді біреулері «бетпердені жұқтырғандар тақсын, мен саумын» дейді. Бір қарағанда дұрыс сияқты. Мамандар арнаулы қымбат медициналық маска болмаса, дәріханаларда сатылатын масканың COVID-19 вирусынан қорғай алмайтынын жасырмайды. Оның үстіне маска бастапқыда оташы дәрігерлерге арналып жасалған көрінеді, яғни ота кезінде дәрігердің ағзасындағы зиянды бактериялар ауыз арқылы науқасқа берілмеуі үшін пайдаланылады екен.
Дегенмен, бұл жерде мына мәселені ескеру керек. Жаңа вирустың өсіп-жетілу кезеңі 14 күнге дейін баратынын, адам осынша уақыт өзінің қатерлі індетті жұқтырып алғанын білмей, індетті өзгелерге таратып жүре беруі мүмкін екенін жоғарыда айттық. Мұндай жағдайда «бетпердені жұқтырғандар тақсын, мен саумын» деу ақымақшылық. Негізі медициналық масканы вирусты өзіме жұқтырып алмайын деп емес, өзгелерге жұқтырмайын деп тағу керек. Себебі бетперде вирусты жұқтырған, бірақ оны әлі білмейтін адам сөйлегенде, түшкіргенде аузынан түкірік түйіршектермен шыққан вирустарды ұстап қалады. Яғни масканың міндеті таққан адамды емес, оның айналасындағы адамдарды вирустан қорғау. Халық бетпердені 100 пайыз тағып жүретін болса, вирус маска ішінде қалып, ауаға таралмайды. Осылайша бірден бірге беріліп өршіп бара жатқан тажалдың таралу тізбегі үзіледі. Медициналық масканы жаппай тағып жүрудің маңызы, міне, осында!

6. COVID-19 вирусының вакцинасы әлі табылмаса, бетперде одан қорғай алмаса, қатерлі індетті қалай жеңуге болады? Вирусолог мамандардың айтуынша, бұл әлемдік індетті бір ғана медицинаның күшімен еңсеру мүмкін емес. Әлемдік ұйымдар, мемлекет, медицина, бизнес, жалпы қоғам атқаруы тиіс кең ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылуы тиіс. Әлемдік ұйымдар, мемлекет, медицина, т.б., өздеріне жүктелген міндеттерді шама-шарқынша атқарып жатыр. Ал халыққа, тұрғындарға жүктелетін міндеттер мынандай.
Біріншіден жер-жерлерде өмірі бітпейтін той-томалақтарды тыю. Оған дәлел – Италиядағы жағдай. Еуропа елдерінің ішінде Италияда коронавирус індеті бірден әрі күрт өршіп кетті. Неліктен? Бұл елде індетті алғаш жұқтырғандар ақпан айында шыға бастаған. Бірақ ешкім оған мән бермеген. Биліктің ескерткеніне қарамастан ел сайрандауын қоймаған. Тіпті 50 мың адам қатысқан футбол өткізілген. Бүгінде Италия коронавирустен өлген адамдар саны бойынша әлемде бірінші орында тұр.
Дүние жүзіндегі ең құдіретті мемлекет АҚШ-тың өзі немқұрайдылық танытамын деп опық жеп отыр. Бүгінде Құрама Штаттарда вирус жұқтырғандар саны жарты миллионға жетіп қалды. Трамптың өзі кезінде қатерін дұрыс бағаламадық, мән бермедік деп бармағын шайнауда.
Екіншіден, карантиндік режим талаптарын бұлжытпай орындау. Қытай індетті осылай еңсерді. Ә, дегенде жұқтырғандар саны жөнінен көш басына шыққан Жапон елі мен Оңтүстік Корея осындай қатаң шаралардың арқасында бүгінде індеттің таралуы жөнінен тізім соңына қарай сырғыды. Оған медициналық масканы бұрыннан-ақ тұмау кезінде тағып жүретін, «аузыңды шай, қолыңды жу, ұйқыңды қандыр» деген қағиданы қатаң ұстанатын бұл елдер халқының індет тұсында жеке тазалық пен сақтықты тіптен күшейтуі игі ықпал еткен. Қашанда тәртіпке бас июге тәрбиеленген жапондар мен оңтүстіккореялықтар өз үкіметтерінің тиісті режимді қатаң сақтау туралы шақыруы мен денсаулық сақтау министрлерінің тазалық сақтау туралы кеңесін бұлжытпай орындаған. Нәтижесінде Қытаймен іргелес жатқандарына, барыс-келістері көп екендігіне, ә, дегенде коронавирус жұқтырған азаматтары көп болғанына қарамастан індеттің таралу қарқынын тоқтата алды.
Бізге де осындай тәртіп, осындай сана қажет. «Коронавирус деген өтірік», «бізге жетпейді» деп жайбарақат құдалыққа барып, той тойлап, қыдырып жүргенді қою керек. Індет ойыншық емес. Есімізді жияйық, ағайын!

Қуаныш САБЫРҰЛЫ

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button