ТаңдаулыТүркі жұртында

КӨРКЕМ МІНЕЗДІ АДАМ

МЕРЕЙ

Бізде, университетте, жүріс-тұрысын, тапсырма-талабын күн тәртібіне икемдеп, қайсыбір шаруасын да заң аясында тап-тұйнақтай етіп атқарып жүретін бір адам бар, ол Қалағаң – профессор Қуандық Оразбекұлы. Қуандық ағамен қызметтес болып жүргеніме, міне, он жылдан асып бара жатса да, осы уақытқа дейін жеке жүктемесіндегі сабағын «срыв» жасағанын көрмеппін. Шымкенттен уақтылы келеді, уақтылы қайтады. Қағаздары тап-тұйнақтай. Иығына асып жүретін қара портфелін бейне мини-кеңсе дерсің, ішінде не жоқ: қағаз-қаламы, степлері, сызғышы, өшіргіші, қайшысы, қағазтескіші… қысқасы, оқытушы үшін не қажет, барлығы жүреді. Кейде үйдегі апам әзірлеп берген бутерброды мен майлы қазыны жұқалай тураған нарынын да ала келеді. Бұл сабақ тым ұзап кеткенде, үзіліс арасында жүрекке талғажу етер жеңіл ас. Кафедрамыздың ақсақалы болған соң, оқу үдерісіне қатысты кейбір мәселелерде ол кісімен жиі ақылдасып тұрамыз.
Бізде тағы бір қария бар, одан бір жас кіші: профессор Сейдулла Садықов. Екеуінің бір-бірімен қалжыңы жарасымды. Сейдулла аға Қалағаңды «кәттә шал» десе, ал ол Сейдулла ағаны «ортаңғы шал» деп еркелетеді. Бұлардың жарасымды әзілдеріне қарай отырып, біз «кафедраның ынтымағы осындай зиялы азаматтарымен түгел екен-ау» деп, сырттарынан сүйсініп отырамыз. Екі қарияның артынан еріп келе жатқан – мен. Екеуі де мені «кіші шал» деп ныспылап алған.
Жоғары оқу орны оқытушыларының арасында Scopus базасына енетін ғылыми журналдарға мақала жариялау дейтін бір «бас ауруы» бар. Бұл індеттен Қуандық ағам ада. Соңғы бірер жылда он шақты мақала жариялап үлгерді. Қай уақытта үлгеріп жүр, қашан жазып тастады, бір Аллаға аян. Ғылым комитеті бекіткен журналдарда да мақалалары ай құрғатпай жарық көріп жатады. Бірнеше монографиялары мен оқу құралдары тағы бар. Еңбекқор. Талапшыл. Жауапты.
Кафедрадағы жас оқытушылар да, сүйікті шәкірттері де Қалағамды өте жақсы көреді. Туған әкелерін көргендей, «ағай» деп, еркелегісі келеді. «Өмір жолыңыз өнеге сіздің, Қуандық ағай! – дейді чатқа жазба қалдырған әріптестерінің бірі доцент Балтагүл Оспанова. – Өзіңіз де, қаламыңыз да шаршамасын! Жазарыңыз да, айтарыңыз да таусылмасын!». «Сан қырлы керемет жансыз!» дейді тағы бір жас әріптесі Әлия.
Жасына қарамастан, компьютерді мұншалықты терең меңгерген жанды бұрын-соңды кездестірмеппін. Бұл оның «Оңтүстік Қазақстан, «Жас Алаш», «Заң», «Айқын» газеттерінде қызмет ете жүріп жинаған дағдысы болса керек. Microsoft Word, Microsoft Excel, PaintPoint, PowerPoint, Audacity, Vegas, Zoom, Webex Meet… қай-қайсысын да жаңғақша шағады. Қашықтықтан білім беруді де үйіндегі жұмыс кабинетінде толықтай «цифрландырып» алған.
Қалағам үлкен демейді, кіші демейді, кез-келген адаммен дос, бауыр, туысқан. Біреудің сыртынан жаман сөз айтатындарға жаны қас. Өзі де ешкімді күстаналаған емес. Реті келсе, жақсы қылықтарын ғана сөз етеді. Осынысымен ол жұртқа сүйкімді, айналасына жайлы. Қолынан келсе, жәрдем беруге асық.
Бірде қызметтес бір әріптесіміз көлік апатына ұшырап, шұғыл ота жасатуға тура келді. Түркістандағы хирургияның жайы белгілі, ондай күрделі отаны жасай алмайды. Жедел Шымкентке алып барған да, тәжірибелі дәрігер-хирургпен сөйлескен де, қашан жазылып шыққанша үзбей хабар алып тұрған да осы Қалағам болды.
Көркем мінезді адам деп осы Қуандық ағадай адамды айтса керек. Абай атам: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, жақсы мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», демеп пе еді. Міне, Қуандық аға осы талапқа – көркем мінезімен, адами асыл қасиетімен, кішіпейіл ағалық болмысымен сыйлы!
70 жасыңыз құтты болсын, Аға!

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

Түркістан қаласы

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close